Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мехди Санаи: Ұлы Жібек жолындағы Астана

2053
Мехди Санаи: Ұлы Жібек жолындағы Астана - e-history.kz
Оқырмандар назарына, осыдан 20 жыл бұрын, 1997 жылдың сәуірінде, Ақмолада болған ирандық ғалым, дипломат Мехди Санаидың жолжазбаларын ұсынамыз

Бұндай жазбалар оқырман қауымы үшін қызықты. Бұл ресми хроника емес, «сырттан келген кісінің» ойлары мен бақылаулары. Мұндай жазбаларда тиянақты редакцияланған хабарламалардан таба алмайтын ақпаратты кездестіруге болады. Жолжазбалар бастапқыда Қазақстанның өмірі туралы аз білетін ирандық оқырманға арналды. М. Санаи 1995-1998 жылдары Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігі жанындағы Мәдени өкілдікті басқарды.

1997 жылдың 10 сәуірі 12 сағат 30 минутта біз Алматыдан Ақмолаға ұшып келдік. Бұл қалада бұрыннан болғымыз келіп жүрген, бірақ түрлі себептермен сапарымыз кейінге қалдырылып келді. Ақмола – 300 мың тұрғыны бар, Дешті-Қыпшақ даласында (ортағасырдағы парсы әдебиетінде қазіргі Қазақстан аумағын осылай атаған) орналасқан шағын қала.  Алматының қоңыржай климаттық жағдайымен салыстырғанда, бұл жерде үнемі суық жел соғып тұрады. Сондықтан да  Ақмоланың қысы өте қатты, суық желмен және боранмен қатар жүреді. Қазақ даласының үстінен ұшып бара жатып, оның кең жайылымдарының құнарлылығын аңғармау мүмкін емес. Жылдық жауын-шашын мөлшері өте үлкен ұшы-қиыры жоқ далалары дәнді дақылдарды өсіруге өте қолайлы. Әуежайдан бізді әкімдіктің өкілдері, мұсылман әйелдері қоғамының төрағасы, жергілікті ірі банктің басшысы, әдебиет пен мәдениеттің бірнеше қайраткері қарсы алды. Сол жерден тура қаланың орталығында орналасқан «Ақмола» қонақ үйіне жол тарттық. Қонақ үй директоры, ол да мұсылман әйелдері қоғамының белсенді мүшесі, бізді аса қонақжайлықпен қарсы алды. 

Екі жыл бұрын Ақмола ел президентінің бұйрығымен және төменіректе толығырақ тоқталатын себептер бойынша Қазақстанның жаңа астанасы болып жарияланды  (айта кету керек, қазір қаланың аты Астана болып өзгерген – парсы тілінен аударғанда «табалдырық», «босаға» дегенді білдіреді, қазақтарда астана деп түсіндіріледі). «Ақмола» сөзі, беделді бір тұлғаның зиратының жанында қаланың пайда болуы себебінен болуы мүмкін. Тың жерлерді игеру кезінде 60-ыншы жылдары қаланың аты Целиноград болып өзгертілді, ал Қазақстан тәуелсіздік алған соң өзінің ескі атауын қайта алды. Айтқандай, өткен аптада ресми сапармен Ақмолаға келген Қырғызстан президенті Асқар Ақаев Назарбаевпен кездесуі кезінде қаланы «Қазақстан» деп атауды ұсынды. 

Географиялық тұрғыдан алғанда Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы 2,7 млн шаршы шақырымды құрайтын кең-байтақ буферлі аймақ болып табылады. Халқының саны бойынша (17 миллионға жуық) Орта Азияда Өзбекстаннан кейінгі екінші орында тұр. Республика солтүстігінде және солтүстік-батысында Ресей Федерациясымен шекараласады, шекара ұзындығы 6846 шақырымды құрайды, шығысында – Қытаймен, оңтүстігінде – Қырғызстанмен, Өзбекстанмен және Түркіменстанмен шекараласады. Батысында Қазақстан жағалаулары 1900 шақырым ұзындықта Каспий теңізінің суларымен шайылады. Басқа республикалармен салыстырғанда Қазақстан пайдалы қазбаларға бай.

Бірақ республиканың басты жетістіктері ауылшаруашылығы өнімдерін өндірумен байланысты, мысалы 1992 жылы 30 млн тонна бидай алынды. Қазақтар үшін дәстүрлі сала – мал шаруашылығы дамыған. 1992 жылы республикада 35 млн ұсақ мал, 10 млн ірі қара мал, 2 млн жылқы мен 3 млн шошқа болған. Ақмола елдің солтүстік бөлігіне жақынырақ, орталықта орналасқан. Қарлы боран мен бұрқасындарға, онша қолайлы емес ауа райы жағдайына және экономикалық қиындықтарға қарамастан, астананы ауыстыру туралы президенттің сенімі қалтқысыз.  

Астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру көптеген факторларға байланысты. Соның ішінде Алматының жер сілкінісіне қауіптілігі; қаланың елдің көптеген өңірлерінен алшақтығы; оның қытай шекарасына жақындығы; тығыз орналасқан оңтүстік облыстар есебінен орталық және солтүстік өңірлерге тұрғындар қоныстандыру; Алматыда жағымсыз экологиялық салдарға әкеліп соғуы мүмкін өнеркәсіп кәсіпорындарының көп болуы. Соңғы онжылдықтар ішінде Алматыда шын мәнінде бірнеше жер сілкінісі болды, соның бірі елеулі бұзылушылықтарға әкеліп соқты.

1995 жылдың басында бұл мәселе астананы көшіру қажеттілігімен қоса бірге бұқаралық ақпарат құралдарының назарынан түскен жоқ. Бірде үкімет қала бойынша жалпы дайындықты жариялаған болатын. Орын алған жер сілкінісі туралы оқу-жаттығу дабылдары жарияланды. Астананы ауыстырудың пайдасына сөйлеп тұрған факторлардың бірі ретінде Алматының қытай шекарасына жақындығы, оның елге қауіп төндіріп тұрғандығы да айтылды. Бірақ әділдік үшін, жоғарыда келтірілген факторлар астананы ауыстыруға айғақ бола алмайтындығын айта кеткен жөн. Басты себеп, оңтүстік облыстардан республиканың солтүстік және орталық бөліктеріне тұрғындарды, әсіресе қазақтарды қоныстандыру болған сияқты. Тұтастай алғанда астананы көшіру республика президентінің жеке бастамасы мен тырысуының арқасында нақты фактіге айналып, Қазақстанның барлық аумағында мемлекеттік билікті нығайтудағы шешуші қадам болып табылады. Осылайша, Ақмола – елдің төртінші астанасы болды. Алматыға дейін Қазақстанның оңтүстік-батысында орналасқан Қызылорда қаласы республика астанасы болған. Ал 20-ыншы жылдары аз уақытқа республика астанасы Орынбор қаласы болды, ол келесі меже белгілеулер кезінде Ресей аумағының бөлігіне өтіп кетті.

1997 жылы 11 сәуірде бізге Аграрлық университетте кездесу ұйымдастырды. Университет астанада, елдің егін өсіруге қолайлы, құнарлы жер телімдері бар орталық аграрлық бөлігінде орналасқан. Бұл республиканың маңызды ЖОО-ның бірі. Ректормен болған қысқаша кездесу мен сұхбаттан кейін біз мәжіліс-залына бет алдық, ол жерде бізді университеттің 500-ден астам студенті мен оқытушылары күтіп отырған еді. Ректордың қысқаша сөзінен кейін, бізді таныстырған соң, сөз кезегі маған берілді. Менің сөзім Иранның орта және жоғары білім жүйесіне арналды. Қатысып отырғандар үшін бұл Иран өкілімен алғашқы кездесу болғандықтан, мен еліміздің өткені мен қазірі туралы әңгімелеп бердім.

Соңғы екі жыл бойында мен мынадай заңдылықты аңғардым: әркез бастапқы да мен студенттер мен оқытушылар тарапынан немқұрайлылықты байқайтынмын, ал кейін қыза келе ол талқыланып жатқан тақырапқа деген қызығушылыққа айналатын. Бұл кездесуден соң менімен Ақмолада үлкен тиражбен орыс тілінде басылып шығатын «Азамат таймс» газетінің корреспонденті сұхбаттасты. Бүгін бізде тағы бірнеше кездесу болды: оның бірі – облыстық телевизия студиясындағы түрлі қалалық құрылымдардың бірнеше басшыларымен және журналистермен, екіншісі – жаңа компьютерлік технологиямен жабдықталған мемлекеттік емес белгілі бір банктің дирекциясымен. Осындай мемлекеттік емес және де замануи жабдықталған банк Ақмолада болады деп мен бұған дейін тіпті ойлағам да жоқ. Түстен кейін Биотехнологиялардың ғылыми-зерттеу орталығына бардық, онда өсімдіктердің, жануарлар мен құстардың түрлі ауруларын анықтау және алдын алу мақсатындағы ғылыми зерттеулер үшін қажетті барлық жағдайлар жасалған.

Ақмоладан 60 шақырым жерде тағы бір маңызды – Тұқымтану ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді. Мейірбан қожайындармен «Ақ бұлақ» мейрамханасында түскі ас іштік. Етті дайындау ислам талаптарына сай келетін осы ресторанға бізді бірнеше рет шақыратын болып шешілді. Бұл мейрамханада ұсынылатын тағамдар, негізінен, түрлі дәмдеуіштерді қоса отырып, бірнеше тәсілдермен дайындалған ет пен майдан тұрады. Қазақ дастарханында ет және сүт тағамдары басым келеді. Бұған негізінен мал шаруашылығымен айналысуды кәсіп еткен бұрынғы көшпелі өмір салты әсерін тигізген.

Ең басты әрі құнарлы тағам – ет. Қазақтардың басты ұлттық тағамы «бесбармақ» деп аталады, оны қазақтар ең құрметті, ең қымбат қонақтарына ұсынады. Етті дайындау үшін қой етін мүшелеп, оны үлкен қазанда пісіреді. Оған жұқа етіп жайылған, бөлшектеп кесілген қамырды, картоп пен пиязды қосады. Қойдың басы бөлек пісіріледі. Пісірілген қой етін қонақтарға бірнеше табақтармен тартады. Қойдың басын ең жасы үлкен әрі құрметті қонаққа ұсынады. Ал ол өз кезегінде, қазақтар мен қырғыздардың арасында кең таратылған дәстүрге сәйкес қойдың басы бірнеше бөліктерге бөлінеді: құлақты – тыңдасын деп балаларға береді, тілді – ең білімдіге, көзді – «көреген» болсын деген тілекпен қайраткер жігіттерге береді, жақтың етін қонақтарға береді де, епті әрі іскер болуды тілейді, қалған ет отырғандардың арасында бөлінеді, құрметті ақсақалдың қолынан ет алу оның жасы мен мәртебесіне жетуге көмектеседі деп ырымдалады.

Біздің айтқанымыз тарих емес, ол – осы күнге дейін қазақтар мен қырғыздар арасында қолданылатын дәстүрлер. Және, мен өзім де, Алматыда және республиканың басқа өңірлерінде қонақта болған кезде, дәстүрлік қағидатты сақтай отырып, қойдың басын бөліп берген болатынмын. Қазақтарда 50-ден астам ет тағамдары бар. Олардың ішінде, қойдың ішек-қарнынан жасалатын – әсіп, бастырма – қақталған сиыр еті, жая, жал, шұжық, қазы, қимай, қуырдақ, т.б. Қазақтар жылқы етін көп жейді, аса құрметті қонақтарына жылқы сояды. Қазақтардың ең сүйікті сусыны – биенің сүтінен әзірленген «қымыз». Салыстырмалы түрде ұзақ сақтаған кезде алкогольдің аздаған үлесі түзіледі. Қазақтар қонақта отырған кезде әдептілікті қатаң сақтай отырып, асты асықпай ішеді.

Осыған дейін Ақмола туралы естігендеріме қарамастан, бұл қала республиканың жаңа астанасы болуға лайықты сияқты. Қазір барлық көрсеткіштер бойынша Ақмола – Ашхабад деңгейіндегі, тіпті одан да жоғарырақ қала. Ақмоланы астана деп жариялау республиканың барлық өңірлерінің қазақтандырылуын жеделдетуге септігін тигізеді. Қазақтар өз салт-дәстүрін, ғұрыптарын мақтан тұтады, оларға бірнеше мыңжылдық тарих іздеп табуға тырысады. Ақмолаға сапарымыз аяқталды да, біз Алматыға ұшып кеттік.  

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?