Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Контр-адмирал Жанзақов Жандарбек Сәдуұлы

2168
Контр-адмирал Жанзақов Жандарбек Сәдуұлы - e-history.kz
Офицерлік қызметін Птропавлоск-Камчатскийде атом сүңгуір қайықтары флотилиясында үлкен сүңгуір қайықтың торпеда тобы командирінен бастаған

Өмірбаян беттерінен

1966-шы жылы Тынық Мұхит жоғары әскери-теңіз училищесін, 2004-ші жылы ҚР ҚК Ұлттық қорғаныс университетін, 2008-ші жылы РФ ҚК Бас штабы әскери академиясын бітірген. Офицерлік қызметін Птропавлоск-Камчатскийде атом сүңгуір қайықтары флотилиясында үлкен сүңгуір қайықтың торпеда тобы командирінен бастаған. Қазақстан әскерінде ҚМ ШБК оперативті жоспарлау Департаментінде бөлім бастығы, «Батыс» өңірлік қолбасшылық әскерлері қолбасшысының орынбасары лауазымдарын атқарған. ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы. 2-ші дәрежелі «Айбын» ордені, бірқатар медальдармен марапатталған. Үш баланың әкесі.

Ресей – алып теңіз державасы. Бұған ешкімнің таласы жоқ. Ең жоғарғы әскери атақ – Флот адмиралы. Дей тұрғанмен бұл атаққа қол жеткізгендердің саны бір қолдың саусақтар санымен шектеледі. Әрине, барлығы да әскер тегінің даңқын арттыруға қомақты үлес қосқандар. Десе де, бұл тізімде адмирал Кузнецовқа ерекше құрметпен қараймын. Ұлы Отан соғысы жылдары Флоттың Бас қолбасшысы болған. Алғашқы күнінен бастап Жеңіс күніне дейін. Бір орында, бір қызметте. Сол бір сұрапыл жылдары лауазымын ауыстырмаған пенде жоқ. Майдан қолбасшысы болсын, дивизия командирі болсын 4 жылда кем дегенде бір рет қызметін ауыстырған. Жоғарыласын, мейлі төмендесін қызметін ауыстырған. Қолынан «іс келмегендермен» Сталиннің әңгімесі қысқа болған. Ал, Бас қолбасшы тапжылмай отырған. Демек, сенімді ақтаған. Алдымен, Отанның сенімін, халықтың сенімін. Алты тіл білгені, музыка мен әдебиеттен хабары болғаны, өнердің басқа да түрлеріне әуестігі жеке әңгіменің арқауы. Ең бастысы, өте қарапайым жан болған. Контр-адмирал Жанзақовпен алғаш танысқанымда (ол уақытта 1-ші рангалы капитан) осы тұлғамен ұқсастықтар байқағандай болдым.

Контр-адмиралдың кеңсесінде қонақтары отыр екен. Ресейлік әріптестері бірге оқыған ескі достары болса керек. Әңгіме арасында Каспийдің Қазақстанға тиесілі акваториясын «шалшық су» деп әзілдеді. Шынында теңіздің Қазақстан жағы таяздау екен, сол жолы білдім. Офицер орнынан тұрып: «Не болса да, ол – біздің теңіз. Біз оны қорғаймыз. Әркезде де», – деді тістене. Намысына тиіп кетсе керек, аса бір зілмен айтты. Жалындаған жүзінен «қазақстандық теңізші» деген анықтамаға лайық әскеридің бейнесін байқағандай болдым.

Досым әрі әріптесім 2-ші рангалы капитан Құдайберген Медиманов бәрімізді таң етіп, теңізші-офицер болып кетті. Жандарбек Сәдуұлын аузынан тастамайды. Жоғары адамгершілік қасиеттерін айтады. Досыма сенемін. Жоғары кәсібилігі мен әділдігіне қатысты мінездемелерді басқа да көптеген офицерлерден естігенмін.

«Қостанайдың жазиралы даласына теңіздің иісі де келмейді, мамандықты қалай таңдап жүрсіз» деп сұрақты төтесінен қойдым. «Арқада жоқ, Қазақстанда бар ғой. Мамандық таңдауда септігін тигізген себептер көп болды. Бастысы сол мамандықты абыроймен атқара білуде емес пе», – деді.

Флот адмиралы Кузнецовпен ұқсастығы белгілі бір шеңберде ғана болса екен деп тілеймін. Николай Герасимович соғыстан кейінгі жылдары солақай саясаттың, қызғаныш пен көреалмаушылықтың құрбаны болған. Билік басындағылар алғыс емес, бір ауыз жылы сөз айтуға жарамаған. Біздің контр-адмиралдың қызметтік жолы тынық күнгі теңіз бетіндей тегіс болады деп үміттенемін.         

Сәндібай КҮМІСБЕКОВ

El.kz

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?