Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қарлық мемлекетінің көрші елдермен саяси қарым-қатынасы

2241
Қарлық мемлекетінің көрші елдермен саяси қарым-қатынасы  - e-history.kz
Қарлықтардың шығыстағы саясатының өзекті мәселесі Шығыс Түркістан жерлері болды. Оның ішінде ең маңызды стратегиялық орталық Бесбалық қала бекінісі еді

Жетісуға келіп мемлекетін құғаннан кейін, қарлықтар Орта Азиядағы саяси жағдайларға белсене араласа бастады. ІІ Түрік қағанатын құлатуда уақытша одақтас ұйғырлар мен қарлықтар енді өзара шығыс иеліктері үшін бақталаста болды. 

Шығыста қағанаттың мирасқоры болып қалған ұйғырлар Қытай империясымен қарлықтар арасын бөліп тастады. Нәтижесінде қарлықтардың шығыстағы тікелей көршісі ұйғырлар болды. Қарлықтар ендігі жерде империя сарайына бару мүмкіндігінен айырылды.

Қарлықтардың шығыстағы саясатының өзекті мәселесі Шығыс Түркістан жерлері болды. Оның ішінде ең маңызды стратегиялық орталық Бесбалық қала бекінісі еді. Бұл қала сол кездегі Шығыс Түркістанның саяси, мәдени-шаруашылық және сауда өмірінде ерекше рөл атқарды. Кезінде Қытай империясы тарапынан батыстағы ірі-ірі түркі тайпаларьшың барлығы бір ірі саяси орталыққа – Бесбалыққа бағындырылды және «Солтүстік орда» деген ат қойылған болатын. 

VII ғасырдан бері Бесбалық бірде Қытай қорғаныс шебіндегі бекініс, кейде түріктер қолына өтіп отырған. Ғасырдың аяғында түріктер мен тибеттіктердің қол астына көшіп, VIII ғасырдын аяғына дейін ұйғырлар иеленді. 

Бесбалық үшін күресте қарлықтар Ұйғыр қағанатына қарсы күштердің бірі болды. Оның бір себебі қарлықтар Бесбалықты және оның маңайын өздерінің ежелден келе жатқан «Қасиетті жер-суы» ретінде санады. 

Ә. Марғұлан Бесбалыққа таяу жерде, Тәңірі тауының (Тинь-Шань) солтүстік жонында, Бесбалықты билеген түрік қағандарының бірнеше сәулетті жайлаулары болған дейді. Оның шындығын қытай елшісі Ван Янь-денің есебінен де көруге болады. 982 жылғы сапарында ол Бесбалықта Тұрфанды басқарған Арслан қағанның демалыста жатқан жерінде кездеседі. 

Бесбалықтың қарлықтар мен қырғыздар үшін сауда жолында жатқандығы да өте маңызды еді. Манас эпосында Ер Қосайдың ерлігі баяндалғанда: 

Бекіп қалған Бейжіннің 

Бетін ашқан Ер Қошай. 

Тұрып қалған Тұрпанның 

Түсін ашқан Ер Қошай 

Байланып қалған базардың 

Бағын ашқан Ер Қошай, – деген жолдар бар (24, 756). 

Міне, осы ең маңызды екі мекеннің атымен бірге базардың аталуы сауда қатынасының ерекше орын алатынын байқатады. Шынында да Бесбалық орналасқан Тұрфан оазисі арқылы маңызды сауда жолдары өтіп жататын. Қытай деректерінде қырғыздар, тибеттіктер және қарлықтар тығыз сауда қатынасында болғандықтары айтылады. Шығыс Түркістан мен Солтүстік Моңғолияны жалғастыратын ұйғыр жолы Бесбалықтан Баркөлге, одан Ұйғыр қағанатының астанасы Қарабалағасқа, ал оның оңтүстіқ тармағы Бесбалықтан – Эдзин – Хара – Хотоға, одан Ордос және Орталық Қытайға барған. Ол еуропалық және американдық географиялық әдебиеттерде «жел жолы» деп аталған. 

ed5b02d3353de55d11bb144b097d7cb6.jpg

IX ғасырда қырғыз-хакастардың күшеюіне байланысты ежелгі Шығыс Түркістан мен Оңтүстік-Сібір арасын жалғайтын сауда жолы қалпына келді. Кейбір ғалымдардың айтуы бойынша, IX ғасырдағы қырғыз қағанатының Шығыс Түркістанға жасаған жорығы осы жолмен жүзеге асқан. 

«Манастың» сюжеттерінде жиі қатысатын жайт – ол ислам идеологиясының оқиғалар өрбуімен қатар жүруі. Мұның өзі жырда араб шапқыншылығына байланысты Оңтүстік Қазақстан мен Шығыс Түркістанды мекендеген халықтардың біртіндеп исламды қабылдауының көрінісі іспеттес. Бесбалық үшін күресте діни көзқарастардың рөл атқарғаны сөзсіз. Эпопеяның «Алмамбет оқиғасы» тарауында Алмамбеттің Манасты іздеу үстінде Көкшеге кездесіп, мұсылман болуға бекінгені және оның басқа жат діни наным-сенімді жек көруі айтылады.

Бесбалық үшін күресте қарлық, үйғыр және қырғыз қағанаттарының өзара топтасып, екі топқа бөлінулерінде діни наным-сенімнің ерекше маңызы болды, Қарлықтар негізінен мұсылман дінінде болса, ұйғырлар буддизмді қабылдап қана қоймай оны басқа халықтарға таратуды көздеді. Қарлықтар ішінде де арабтар ықпалынан кейін исламды уағыздаушы «ғаззатшылар» аз болған жоқ. Сондықтан көрші тұрған мұсылмандармен буддистер арасында соғыс өртінің тұтануына қолайлы жағдай үнемі болып тұрды.VІІІ ғасырдың аяғында жазылған қытай жылнамаларында тибеттіктердің Бесбалықты басып алуында қарлықтардың басты күш болғаны көрінеді: (20.1. 790-7.11.791) Тибет біздің аймағымызды басып алды. Бейтін (Бесбалық) Аньси (Куча) алғашқыда сарайға мәлімет беру үшін Ұйғыр мемлекеті территориясы арқылы келетін. Сондықтан олар ұйғырларға бағынышты болды. Варварлардың көзі тоймай зығырлары қайнап, өздерінің істеріне ешқандай шек қоюды білмеді. Бейтін варварларға жакын орналасқан; олар тұрғындардың киім-кешек, тамақтарын зорлықпен тартып алды, тіршілікке талғажу етер ештеңе қалдырмады. Сонымен қатар 600 ауыл- шатолықгар Бейтінге жақын тұрды және ұғырларға тәуелді болды. Қарлықтар мен «ақ киімдегі» түріктер ұйғырлармен келісімде тұрды, бірақ олар да ұйғырлар тарапынан болып тұратын қысымшылыққа наразы еді. Тибеттіктер оларға қымбат сыйлықтар беріп, өздеріне тартып, қосып алды. Содан кейін тибеттіктер қарлықтар мен «ақ киімді» түріктердің басқаруымен Бейтінге басып кірді. Ұйғырлардың бас уәзірі Иль Угэси көмекке әскерді бастап шықты. Бірнеше рет жеңіліске ұшырады... Иль Угэси жеңіліске ұшырап (Ұйғыр мемлекеті), қайтып оралды (128,138). Жоғарыда келтірілген үзіндіде қарлықтардың Бесбалық үшін күресте басты күштердің бірі, тіпті, солардың бастауымен деп те келтіріледі. Тибет-қарлық және «ақ киімді» түріктердің оңай жеңіске жетуінде Бесбалықтың жергілікті тұрғындарының рөлін де ескеру қажет. Бұл кезде ұйғырлардан 750-753 жылдары жеңілген басмалдар Бесбалықта және оның маңайында отырықшылықта өмір сүрді. М. Қашғаридың хабарлауынша олар жергілікті тұрғындармен араласқан, көне түркілердің ең алғаш отырықшылыққа көшкен бөлігі болып табылады. Жапон ғалымы Т. Абэ өзінің зерттеуінде ол кезде Бесбалықта ұйғырларға дұшпандықпен қарайтын көп басмалдар тұрғаны жайлы мәліметтер келтірген. 

Ұйғырлардың кейін күш жинап, қайтадан кек алуы іске аспады. Бесбалықты қайтарып алуға келген 50-60 мыңдай әскерге қарлықтар мен тибеттіктер тосыннан шабуыл жасап, ұйғырлардың үлкен бөлігін жойып жіберді. Бұл жеңістен соң қарлықтар ұйғырлардың Ступы өзені маңайындағы жерін тартып алды. Ұйғырлар қағанаттың оңтүстігіне кетуге мәжбүр болды. 

Шығыс Түркістандағы қарлықтардың Ұйғыр қағанаты жеңілгеннен кейін де қалып, жергілікті халықтың біршама бөлігін құрағанын белгісіз автордың шығармасы «Худуд-ал-аламнан» көруге болады. Онда Пенчул (Ақсу, Қашғар) қаласы туралы айта келіп, автор: «мен басшысы тоғыз-оғызға, ал кейін қырғыздарға бағынған қарлықтар елінде болдым», – деп жазады. VIII ғасырдың 50 жылдарында қарлық-ұйғыр одағының ыдырауынан бастап, бұл екі қағанаттың арасында қақтығыстар ғасыр бойы тоқталған жоқ. Белгілі түрколог В. Бартольд бұл елдер арасындағы қатынастар туралы: «Ұйғырлардың қарлық елін жаулап алуы туралы дерек жоқ Алайда қарлықщардың шығыс көршілерімен қақтығысулары болған. Оны тоғыз-оғыздардың он шақтысы қарлықтардың жүзімен тең келеді деген Кудамы сөзінен көруге болады. Бір жағынан қараханидтер елінен ұйғырларды көрмейміз, ал қарлықтар мұнда ғүздардың селжұқтар иелігінде атқарған рөліне жақын болды», – деп жазды. 

Жоғарыда біз ұйғыр- қырғыз-қарлық қатынастарын Түрік қағанаттарының құлауына байланысты сөз еткендіктен қарлық-ұйғыр қатынасына көп тоқталмаймыз. Алайда, қарлықтардың күшейіп, гүлденген шағында, шығыс көршілерінің ішіндегі ең қауіптісі Ұйғыр қағанаты болғаны анық. Сондықтан қарлықтардың тибеттіктермен, ал бірде қырғыздармен одақтаса отырып, жүргізген шығыс бағыттағы бұл қауіпті белігілі бір дәрежеде залалсыздандыра алды. 

Дегенмен, Ұйғыр қағанатының әлсіреуі мен құлауы қарсаңындағы тоғыз-оғыздар мен олардың бір бөлігі болып саналатын яғмалықтардың қарлықтардың шығыстағы иеліктеріне (мысалы Қашғар) орналасуы, кейін қараханидтер әулетінде қарлықтар конфедерациясындағы күштердің бірі ретінде рөл атқаруға мүмкіндік берді. 791-812 жылдар аралығында қарлық-ұйғыр туралы деректер Кара-Балгасун жазуларында кездеседі. Онда қарлықтар мен тибеттіктердің ұйғырларға жорығы және ұйғырлардың оларға қарсы жорықтары туралы сөз болады. Ұйғырлардың соңғы жорығында қарлықтарды Ферғанаға дейін тықсырғаны айтылады. 

be37dfc357cf830462ae6d3c048c6630.jpg

Қарлық мемлекетінің шығыстағы тату көршілерінің бірі тибеттіктер болды. Ұйғыр қағанатының күшеюі және оның Қытайды қолдауына байланысты қарлықтардын шығыс бағыттағы саясатында табиғи одақтасы тибеттіктер еді. VIII ғасырдың 80 жылдарындағы Ұйғырлар (Қытай қол шоқпары) мен тибеттіктер арасындағы қақтығыстарда қарлықтар соңғысына көмектесті. Қарлықтар елшісінің Тибет кінәзінің қабылдауында болғаны (817-836 жж.) бұл екі елдің арасында IX ғасырдың басында да тұрақты, бейбіт байланыстардың болғанын көрсетеді. Ал, арадағы діни немесе шекара мәселелері жөніндегі кейбір локальдық қайшылықтар жалпы қарлық-тибет қатынасына көлеңке түсіре алмады. 

Қарлық мемлекетінің батыстағы үлкен көршілерінің бірі аббасидтер болды. Олармен қарлықтар арасындағы қатынастар, әсіресе, Мауреннахр үшін шиеленісті. 775-785 жылдары халиф Махди таққа отырған сәттен бастап, шығыстағы елдерге өз билігін таныту мақсатында елшілерін жіберді. Махди үкіметін танығандардың ішінде Табаристан, Гохаристан, Ушуршана, Соғды және Қабул билеушілерінің жанында қарлық жабғуы да бар еді. 

Бұған қарамастан, деректерде 772 және 792-793 жылдары қарлықтардың Ферғана өлкесіне жорыққа шығып, оны қол астына енгізгені белгілі. Бұдан қарлықтар мен аббасидтер арасыда Ферғана үшін таластың болғанын көреміз. Шынында да, қарлықтардың соңғы жорығынан кейін Ферғананы қайтарып алу үшін аббасидтердің Хорасанды билеушісі әскерімен жорыққа шыққанымен Фергананы қайтара алмады. Тек оның соңынан жіберілген Яхии ал-Бармаки ғана аббасидтердің бұл мақсатына қол жеткізді. 

Ал Харун Рашидтің кезінде халифатқа қарсы Рафи Лайс көтерілісі бұрқ ете түсті. Көтерілісшілер қолына Шаш, Ферғана, Бұхара, Хорезм және т.б. жерлер көшті. Оларға Соғды, Тохаристан, Балх, Тибет және тоғыз-оғыздар мен қарлықтар да қатынасып, көтеріліс кеңінен жайылды. Алайда, көтерілістің аяғында, яғни басылу кезінде, қарлықтар мен басқа түркілер көтерілісшілерден бөлініп кетті. 

Мұндай жағдайлар халиф Мамун (813-833 жж.) заманында да болып тұрды. Хорасанға бір жорыққа әзірлік үстінде Мамун өзіне қызмет етуге міндетті деп санаған қарлық жабғуының тәуелсіздік танытуы осының дәлелі. Тек кейін жабғудың меншігімен өзін жауынан қорғауға уәде бергеннен соң ғана қарлықтар Мамунға қызмет етуге келісті. 

Алайда қарлықтар мен аббасидтер арасындағы қайшылықтар кейде ірі әскери қақтығыстарға да ұласып отырды. Олардың арасындағы қатынастың Мамун тұсыңда күрт шиеленісуіне 816 жылғы Отырар қаласында болған оқиға әсер етті. 812 жылы қарлықтар ұйғырлардан жеңілген кезде, Фазл ибн Сахл Отырарға басып кіріп, қарлық жабғуының балаларын және әйелін тұтқынға алады. Жабғудың өзі кимек еліне қашуға мәжбүр болды. 

Аббасидтер мен қарлықтар арасындағы қатынастардың соңына жататын бір оқиға 822 жылғы Ферғана үшін болған тартыс еді. Саманидтің немересі Ахмедтен Ферғананы тартып алған қарлықтарға Хорасан наместнигінің бірден кетулерін талап етуі, қарлықтардың батыс шекарасында үнемі аббасидтермен жер үшін таласта болғанын білдіреді. Мамуннан соң қарлық-аббасид қатынасы туралы деректер жоқтың қасы. Өйткені бұл елдердің арасында ендігі жерде саманидтердің құрған үкіметі тұрды. Алайда, 766-822 жылдар арасындағы қатынастар қарлықтардың өздерінен күшті халифат мемлекетімен тең дәрежеде, тәуелсіз көрші ретінде ұстағанын көрсетеді. Тіпті аббасидтердің, шығыс шекарасындағы қауіпті мемлекеттің бірі болды. 

Қарлықтардың Қазақстан мен Орта Азияда өзінің саяси үстемдігін нығайту жолындағы күресте (840-940) кедергі жасаған күш – саманидтер мемлекеті болды. Білге Күл Қадырхан Испиджабта жабғу атағын тастап, өзін қаған деп жариялағаңда Мауреннахрдағы саманидтер билеушісі Нұқ ибн Асад қарлықтарға қарсы қасиетті соғыс жүргізді. 840 жылы ол Испиджабты басып алып, ислам дінін тарататын орталыққа айналдыруды көздеді. Алайда, Испиджаб бұрынғысынша қарлық түркілерінің қаласы болып қала берді. Ал саманидтерге тәуелділігі тек жыл сайын сыйлық пен 4 дөнек және сыпырғыш жіберумен шектелді. Мұның өзі қаланың саманидтерге номинальды ғана тәуелділігін байқатады. 

5a3423fddbaf6e158b99102e1a739cc3.jpg

Саманидтерге қарсы күресті Білге Күл Қадыр ханның екі ұлы Базыр Арслан хан мен Оғылшақ жүргізді. Саманидтер болса қарлықтар еліне исламды орнықтыру мақсатында мемлекеттің басты қалаларын тәуелді етіп, онда керуен-сарайлар мен мешіттер салдыруды көздеді. Осы мақсатпен саманид Исмаил ибн Ахмед (822-907 жж.) 893 жылы наурыз-сәуір айларында Таразға жорық ұйымдастырды. Нәтижесінде 893 жылы Тараз қаласы ислам дінін қабылдап, қаланың басты шіркеуі мешіт болып қайта құрылды. Таразда билік құрушы Оғылшақ уақытша Қашғарға кетуге мәжбүр болды. Ал, 940 жылы Оғылшақ Қашғардан шығып саманидтер жеріне, яғни Мауреннахрға жорық жасады. 

Қарлықтардың саманидтермен саяси қарым-қатынастары туралы жоғарыда айтылған жазба деректерді толықтырып, қуаттайтын Ысқақ баба тарихи аңызы Оңтүстік Қазақстанда кеңінен тараған. Аңызда болған оқиғалар уақыты қарлықтардың исламды қабылдай бастаған кезеңімен сәйкес келеді. Оны Оңтүстік Қазақстанның Баба-ата қаласы жанындағы ІХ-ХІ ғасырлардағы қорым материалдарына талдау жасау дәлелдеп берді. Мұнда көшпелілерге тән обалар астында мұсылмандар моласы үстіндегі сағана тектес құрылысқа еліктеп шикі кірпіштен қаланған жерлеу орындары бар. 1991 жылы Колоссовский Ысқақ баба сағанасына 1025 жыл болғанын жазып қалдырған. Сонда бұл сағана 876 жылы салынған болып шығады. Жергілікті тарихшылар да Д Колбаев пен Ә.Бабақұлов Ысқақ баба сағанасын IX ғасырдың II жартысының орта шенінде 3 метрлік тас-дуалмен қоршалғанын дәлелдейді.  

Осы арада Баба ата тұрғыны, мұнда 24 жыл бойы кітапханашы болып қызмет істеген Бабақұлов Әбдіраш айтып берген Ысқақ баба аңызын келтірейік: «...Ыскақ баба» арабтың билеуші тобының өмірімен қазақ жеріне ислам дінін тарату үшін келіп, соғысып жатқан араб әскерлерін тегіс шақырып алады да, енді соғысу керегі жоқтығын хабарлайды. Сол арада мұсылман болу-болмау әр халықтың өз еркі екенін хабарлап, жазба жарлық береді. Бұл уақыт біздің жыл санауымызша VІІІ-ғасырдың орта шені еді. Ысқақ баба мен оның серіктері араб еліне қайтып барған емес. Олардың өздері де, ұрпақтары да сол кездегі түрік деп аталатын жергілікті халықтармен араласып, қыз алып, қыз берісіп, қазақ жеріне сіңісіп кетеді. Ысқақ бабаның өзі ІХ-ғасырдың басында қайтыс болып, сол кездегі Баладж мекеніне (қазіргі Баба-ата) жерленген ... Ысқақ бабаның баласы Ярдил шейх жігіт кезінде өліп, оның баласы Исмаил баб ислам дінін тарату үшін көп еңбек сіңірген. Ол кісінің сағанасы Қазығұрт ауданының жерінде. Ысқақ баба өлгеннен кейін дін уағыздаушыларының ұйғаруымен әулие деген ат берілді. Қазақ жерінде қожа деп аталатын рулардың көпшілігі осы Ысқақ бабаның ұрпақтары екен» (Бұл Бабақұлов Ә. айтқан аңыз «Тарихи амнийа» шығармасындағы қожалар шежіресінің бір бөлігінің нұсқасы деп айтуға болады. Қараңыз: Материалы по истории казахских ханств XV-VIII веков. – Алма-Ата, 1969. 488-6.) 

Оңтүстік Қазақстанда тараған Ысқақ баба туралы аңыздағы болған тарихи оқиғалар қарлықтардың Таразда ислам дінін қабылдауы туралы жазба деректермен сәйкес келеді. Араб жазба деректерінде 893 жылы — Саманид Исмаил ибн Ахмедтің Таразға исламды қабылдату үшін ауыр соғыстар жүргізгендігі және ақырында Тараз әмірінің тізе бүгіп, исламды қабылдағаны белгілі. Сонымен қатар қаладағы үлкен шіркеуді басты мешітке айналдырылғандығы айтылады. Әл-Масудидің жазба дерегінде Тараз патшасының «Танкас» деп аталатынын және оның қарлық тайпасынан шыққанын хабарлайды. 

Шынында да 766 жылдан бері Тараз қаласы Қарлық мемлекетінің құрамына кіріп, оның басты бір қаласына айналған болатын. Ал, аңызда Ыскақ баба IX ғасырдың басында дүниеден өткені айтылса, жазба деректерде Тараздың күшпен алынып, исламды қабылдауы сол жоғарыда көрсетілгендей, IX ғасырдың аяғына жатады. Ал Ысқақ бабтың немересі аңызда Исмаил исламды таратуда көп еңбек сіңіріп, Қазығүрт ауданына жерленгені айтылады. Бұл аңыздағы аталған мекендер ертедегі Испиджаб пен Тараз маңайындағы қарлықтар тұрған елді мекендер болып табылады. Ол 893 жылы Таразға жорық жасап, онда мешіт ашқан, Исмаил болса жоғарыда жазба деректе көрсетілген саманид Исмаил ибн Ахмед болу керек. Аңызда көрсетілгендей, Ысқақ баба IX ғасырдың басында қайтыс болса, немересі Исмаилдың 893 жылы исламды тарату үшін жорықта қол бастайтын жасқа жеткені анық. Сонымен қатар қазақ шежіресінде қарпық руының «самани» тармағы бар. Бірақ ол әрі қарай таратылмайды. Бұл, сол VIII-IX ғасырларда қарлықтардың саманидтерден ислам қабылдауы мен олардың бір-бірімен араласуының көрсеткіші болса керек. Ысқақ баба ұрпағының аңызда жергілікті түркілермен қыз алысып, берісіп араласып кетуі де осыған дәлел. 

Қысқасы Ысқақ баба туралы аңыздың араб жазба деректерімен сәйкес келгеніне шүбә келтіру қиын. Сондықтанда бұл аңыз IX ғасырдың аяғы мен X ғасырдың басындағы қарлық-саманид саяси қарым-қатынастары мен қарлықтардың исламды қабылдауы туралы құнды тарихи деректер береді. Сонымен Орталық Азиядағы VIII ғасырдың екінші жартысы мен Х ғасырдың бірінші жартысы аралығындағы саяси қарым-қатынастар қарлықтардың сол кездегі ірі саяси мемлекеттік күш екендігін және Орталық Азиядағы саяси хал-ахуалдың белгілі бір дәрежеде қарлықтармен тікелей байланысты болғандығын көрсетеді.

Сатай Сыздықов, тарих ғылымдарының токторы, профессор

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?