Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Архивтегі «Әлкей Марғұланның әлемі»

1563
Архивтегі «Әлкей Марғұланның әлемі» - e-history.kz

Ұлттық архивте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, археолог, тарихшы, этнограф, шығыстанушы, өнертанушы, мәдениеттанушы, тілші, шоқантанушы, эпостанушы Әлкей Марғұланның 120 жылдығына орай «Әлкей Марғұланның әлемі» атты құжаттық көрме ашылды. Көрме архивтік мұраларды жаңғырту, ғалым мұрасын насихаттау, жас ұрпаққа құжаттық көрменің маңыздылығын дәріптеу мақсатында ашылып отыр. 

Көрмеге Әлкей Марғұланның өмірінен сыр шертетін Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде сақталған құнды құжаттар қойылады. Оның ішінде Жошы хан кесенесінің сызбасы, Айша бибі мазарының да сызбасы, Маңғыстау өлкесінің этнографиялық жазбалары,  ру таңбалары, көне дәуірлердегі жебелер, оның түрлері, архитектуралық құрылыс материалдарының сызбалары, суреттері бар.

Көрменің ашылуында алғаш болып сөз алған Ұлттық архив директоры Сағила Нұрланова көрменің маңызы мен мазмұнына тоқталды. Әсіресе көрме өскелең ұрпақ үшін, зерттеушілер үшін дайындалғанын жеткізген ол былай деді: «Ұлттық архивте Әлкей Марғұланның 2012 жылы ашылған жеке тек қорының құжаттары бар. Бұл өте бай қор, құнды жәдігерлер, қолжазбалар. Әрине бұл қор толықтырылуда.  Ол кісінің жеке қорындағы құжаттар өте көп. 182 іс бар. Оның ішінде ең маңызды құжаттары, сызбалары, сонау Күлтегін, Қаған кезіндегі тастарды зерттеулері бар. Ұлытау өңірінің өзінен жүзден аса тасты зерттеген. Қазір соның жартысы жоқ. Бірақ Әлкей Марғұланның зерттеуінің арқасында бізде – Ұлттық архивте сол кездегі жазбалардың, тастардың зерттеу жазбалары бар». 

Ақпарат және мәдениет вице-министрі Ербол Әліқұлов Әлкей Әлкей Марғұланның ұлт руханияты үшін өлшеусіз үлес қосқанын айта келіп, ғалымның еңбектерін зерттеу және оның ізін жалғау қашанда жалғасатынын жеткізді. 

«Әлкей Хақанұлы көп ашыла бермеген көне дәуірлерге саяхат жасап, біздің байырғы мәдениетімізді ақ қағазға алтын әріптермен жазған ғалым. Әлкей Марғұланның 100 жылдығы ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілді. 2003 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің алдында және 2007 жылы Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясының жанында қоладан бюст, ескерткіштер орнатылды. Биыл 120 жылдық мерейтойының аясында еліміздің әр аймағында түрлі мәдени іс-шаралар өтпек. Тектілікке тән жасампаздық туын өмірінің асқақ тұғыры деп білген ұлт зиялылары елге қызмет етуде рухани жарасымдықты көрсете білді. Қазақ руханиятында сондай кемел қасиетке ие дара тұлғалардың бірегейі Әлкей Марғұлан. Ол ешқашан ұлт жадынан өшпейді», - деді вице-министр. 

Ұлттық архивте оның тек қоры бар. Ондағы әрбір құжат ұлт тарихының алтын арқауы болатын маңызды да мәнді материалдар. Аса құнды құжаттардың бірі – Кеңгір өзенінің жағасында орналасқан Жошы хан кесенесінің сызбасы. Сызбада кесененің ауқымы, биіктігі, жалпы құрылымы сипатталған. Ғалым Жошы ханның күмбезінен бөлек, оның ішіндегі қабірді де тереңдей зерттеп, мазарын қазған. Сонымен қатар ғалым XI-XII ғасырлардағы сәулет өнерінің көрнекті ескерткішінің бірі Айша бибі мазарының да сызбасын қағазға түсірген. Бұл ескерткіштің ерекшелігі – қас беті мен екі қапталы бір-біріне ұқсас мәнерлеп қаланған кірпіштен күн тәрізді өрнектеп жасалған. Қорда батыр бабаларымыз қолданған жебе түріндегі суреттер де сақтаулы. Құнды мұралардың қатарында көне заманнан сыр шертетін балбал тастар да бар. Ғалымның зерттеуіне сүйенсек өткен ғасырда Ұлытау даласында 150-ден астам балбал тас болған. Өкінішке қарай қазір жартысынан астамы жоқ. Жалпы ұла дала төсіндегі мүсіндер тас дәуірінен бастап қола, сақ, ғұн, түркі және оғыз, қыпшақ кезеңдеріне тиесілі. Оның Қазан университетінің кітапханасындағы қазақ жазбалары, Орта азиядағы археологиялық зерттеулер, тастардың түрлері, Шоқанның әкесі Шыңғысқа жазған хаттары – көне құжаттар қатарында. Әлкей Шоқан Уәлиханов пен Мұхтар Әуезовтен кейін «Шоқан» және «Манас» атты монографиясын жазды. Қазақ археология ғылымының атасы атанған Әлкей Марғұлан тарих, археология, этнография, әдебиет, өнер және металлургия саласына қатысты 300-ден астам ғылыми зерттеу жұмыстарын, 100-ден астам энциклопедиялық мақалалар жазды. Ғалымның өмірбаяны мен еткенн еңбегі, артына қалдырған мол мұрасы көгілдір экран арқылы осылайша жиналған жұртшылыққа таныстырылды. 

Әлкей Марғұланның құжаттары мен археологиялық зерттеулерін қызы Дәнел Әлкейқызы 2012 жылдың мамыр айында Ұлттық архивке тапсырған екен. Осы жылдың тамыз айында Дәнел Әлкейқызының өтінішімен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіндегі жеке архиві әкелініп, хаттарына ғылыми техникалық өңдеу жүргізіліп, 150 сақтау мәтінін құрайтын құнды құжаттар Ұлттық архивке тұрақты сақтауға қабылданыпты. Оның барлығы қазіргі уақытта №195 қорда сақталуда.  

Көрменің ашылуына арнайы келіп қатысқан алтынның сынығы, ғалымның көзі – Дәнел Әлкейқызы да ағынан жарылып, әкесі жайлы естеліктерді тебірене, толқып әңгімелеп берді. «Әкемнің ұлы ғалым екенін кеш түсіндім. Тірі кезінде ел қатарлы жұмыс істеп жүр деп қана ойладым. Кейіннен том-том кітаптарын шығарған кезімде ол кісінің қалай жұмыс істегенін сезіндім. Оның монографияларын оқып отырып қазақ мәдениетіне қаншалықты үлес қосқанын білдім», - дейді қызы. Әкесінің бүкіл еңбегін жинап, 14 том етіп баспадан шығуына барын салған қызына қандай құрмет көрсетілсе де лайық шығар. Ұлттық архив басшылығы Дәнел Әлкейқызының иығына шапан жауып, сый-сыяпатын аямады. 

Ғалым туралы көптеген зерттеу жұмыстарын жүргізіп, құнды еңбектерін ғылыми айналымға енгізген филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Серік Негимов былай деді: «Әл-Фарабидің әмбебап оқымыстылығын, энциклопедиялық білімін, ұлы дәстүрлерін XX ғасырға жеткізген Әлкей Хақанұлы мың жылдықтарды тарихи, мәдени, әдеби, этнографиялық  деректермен жеткізген сахараның сахабасы. Әлекең сонау біздің заманымызға дейінгі Ғұн өркениетінің майталман маманы, аттилатанушы, қорқыттанушы, жұмбақтанушы, шоқантанушы, манастанушы, жыраулық сал-серілік өнердің зерттеушісі және біздің жазу тарихымыздың білгірі, ғажап әнші. Бір ғана Ғұн өркениетін зерттеу үшін бүкіл дүниежүзі тілдеріндегі тарихи әдебиеттерді қопарып, мыңдаған деректерді тапқан». 

Әлкей Марғұлан мұрасын зерттеу, еңбектерін жалғастыру жалғаса беретінін айтқан алаштанушы, абайтанушы Тұрсын Жұртбай өзін баласындай көрген ғалымды сағынышпен еске алды. 

«80 жылдардан бастап көз жұмғанға дейін айына бір рет екінші жұмыс күні сағат 10-да Әлекеңнің алдында отыратынмын. Сол 5-6 жылдың ішінде 16-17 мақаласын «Жұлдызға», тағы басқаларға шығарттым. Барлық мұрасын жиып-теріп 14 томға кіргізген қызы Дәнел апайдың еңбегі зор. Өйткені Әлкей Марғұлан қазақтың жерінің астындағы және үстіндегі адамдардың жүрегіндегі құпияларды өзінің еңбектеріне кіргізген. Бірде бір түрколог ғалым: «Әлкей Марғұлан – ғалым емес, археологияның ақыны» деп деп баға бергені бар. Қандай көне дүние болсын Әлекең ақындықпен жеткізетін. Өзге ғалымдарға қарағанда Әлекеңнің бір абзацынан бір диссертацияның ойы қопарылып тұрады. Сондықтан қайтадан тексерілетін, зерттелетін дүниелері көп. Әлекең ашқан өркениеттің басы болған бір Беғазының өзі басталып, тасталып келеді. Біз Әлекең арқылы өзіміздің ұлттық руханиятымызды қайтадан ой елегімізден өткізіп бағалаймыз. Әйтпесе ұлы дала болмайды. Әлекең тапқан даладағы ескерткіштерге сиыр сүйкеніп жатса ішіміз ауырушы еді. Қазір соны адамдар шағып жатыр», - деген алаштанушы ғалымның кандидаттық, докторлық диссертациясы да зерттеуді қажет ететінін атап өтті. 

Оның айтуынша, Әлкей Марғұланның кандидаттық диссертациясы Жошы ұлысының ресми үкіметтік хаттарына арналған көрінеді. Сондай-ақ өмірінің соңғы жылдарында Абылай туралы жазбақ болып көптеген материалдарды жинағанын және сол жинағандарының әлі күнге табылмай келе жатқанын айтқан Тұрсын Жұртбай: «Абылай хан жинағы жоғалды. 90-шы жылға дейін бар еді. Көзіммен көрдім», - дейді. 

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Жұмақанұлы Ахмед-Закидің құттықтауын жеткізген Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғарұлы археологтің бүгінгі ізбасарлары жасап жатқан жұмыстардың бірсыпырасына тоқталды. 

«Ғалым ретінде үш ғана нәрсені айтқым келеді. Ғалымның мұрасы мәңгілік. Оның мұрасы әлі де зерттелуде. Ол кісінің айтып кеткен үлкен концепцияларының ішінде, біріншіден – далалық өркениет, далалық архитектура мәселесі. Бұл үлкен тақырып, кезінде тек археология ғана емес барлық ғылымның саласын білгендіктен Әлкей Хақанұлы ғана алып жүре алған жүк болатын. Қазіргі таңда институт жанынан  арнайы этноархеология деген бөлім ашып, этнографиямен, филологиямен, дүниетанымымызбен осы нәрсенің барлығын сабақтастыра зерттеуді қолға алып отырмыз. Біріншісі сол далалық архитектура мәселесі, соның ішінде далалық белдеудегі үлкен архитектуралық кешендерді, мысалы, дыңдарды, домбауылдарды, шығыстағы Қозы көрпеш – Баян сұлудан бастап батыстағы Абат-Байтаққа дейінгі далалық ескерткіштерді этнографиялық ескерткіш ретінде ғана көбісі көз алдына елестетеді. Негізінде олай емес. Екіншісі, Әлкей Хақанұлы – Қазақстан археологиясындағы ең алғаш Алтын Орда археологиясын зерттеуші бірден-бір маман. Осы жұмысты жалғастыру мақсатында қазіргі таңда Орталық Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстанда осы мұраларды зерттеу жұмыстары кешенді түрде жалғасып жатыр. Үшінші – тас мүсіндер мәселесі. Бір ғана Арғанаты тауындағы 40-50 тас мүсін Әлкей Хақанұлы зерттеген кезде болса, оның біреуі де қазіргі күні сақталған жоқ. Біздің қазіргі таңдағы міндетіміз – осы далалық белдеудегі тас мүсіндердің барлығын толық құжаттап, архивтік деректері болсын, далада тұрған қалпында болсын түгендеп мәліметтер қорын жасақтау.  Ежелгі тау-кен ісі бойынша да жұмыстар жалғасып жатыр. Дәл Орталық Қазақстанда, соның ішінде Ұлытау облысында Талдысай сияқты үлкен қоныстарды біз зерттеп жатырмыз. Жаңа пештерді тауып жатырмыз. Тіпті Батыс Қазақстаннан, Мұғалжардан да осындай үлкен  металлургиялық пештерді таптық. Шығыс Қазақстанда да осындай жұмыстар істелуде. Сондықтан ол кісінің мұрасы өлмейді», - деді ол. 

Әлкей Марғұлан 1904 жылы 11 мамырда қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында шаруа отбасында дүниеге келген. 1919 жылдың соңында Павлодар қаласындағы мұғалімдік курста, 1921 жылы Семейдегі педагогикалық техникумында, 1925 жылы Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург қаласы) Шығыс институтының филология факультетінде оқиды. Ол еліміздің көптеген аймақтарында қалаларында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізумен бірге сан алуан көне аңыз-әңгімелер, ертегілер мен эпикалық жырлар нұсқаларын ел арасынан көптеп жинады. Сондықтан Әлкей Марғұлан Қазақстандағы археология ғылымының негізін салушылардың бірі болып саналады.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?