Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұшқын Сәйдірахманұлы: «Қазақ» – ұлттық үкімет қызметін атқарған басылым

1486
Ұшқын Сәйдірахманұлы:  «Қазақ» – ұлттық үкімет қызметін атқарған басылым - e-history.kz

«Қазақ» – ұлттық баспасөз тарихындағы тұңғыш басылым емес, әрине. Оған дейін «Түркістан уалаятының газеті», «Дала уалаятының газеті», «Торғай» газеті, «Серке», «Қазақстан», «Айқап» қатарлы басылымдар жарық көрді.

– Ұшқын мырза, елімізде 2 ақпан Ұлттық басылым күні ретінде белгіленгені белгілі. Өйткені дәл осы 2 ақпанда иісі қазақ тарихындағы алғашқы басылымдардың бірі «Қазақ» газетінің жарық көргені белгілі. Әңгімемізді осы екі ұғымның өзара сабақтастығы мен мәні, маңызы тұрғысынан бастасақ...

– «Қазақ» басылымының ел тарихындағы орны айрықша. Алаш автономиясы құрылғанға дейін ұлт партиясы қызметін атқарған, ел үкіметінің рөлінде әрекет еткен газет. Ол рулық танымдағы жалпақ жұртты ұлттық біртұтастыққа жұмылдырды. Мыңғырған малы бар бай-бақуаттылар мен оқу табалдырығын енді аттаған шәкірттер аралығындағы тұтас қауымға елге еңбек, қазаққа қызмет идеясын сіңірді. Соның арқасында қомақты жүлде тігілген тұңғыш роман бәйгесі жарияланды. «Ғалия» шәкірттері оқулық жазды. Бұл – «Қазақтың» ұлтты оятудағы әрекетінің жемісі еді. Осы еңбегін өз заманында оқыған азаматтар да дәл бағалады. Мұхтар Әуезұлы «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына дейін түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын», – десе, Абдолла Байтасұлы «Қазақ» газетінің жазушылары қазақтың ішіндегі мен деген қаламының желі бар жазушылар болатын. Сондықтан оқушылар «Қазақ» газетінің сөзін құранның аятындай көретін», – деп жоғары бағалайды. 

«Қазақ» – ұлттық баспасөз тарихындағы тұңғыш басылым емес, әрине. Оған дейін «Түркістан уалаятының газеті», «Дала уалаятының газеті», «Торғай» газеті, «Серке», «Қазақстан», «Айқап» қатарлы басылымдар жарық көрді. Бірақ мұның алдыңғы үшеуі қазақ даласын билеген үш генерал-губернаторлық шығарған баспасөз болса, кейінгілері – демократиялық бағыттағы ұлттық баспасөздің қанатқақты қарлығаштары. Алайда бүтіндей ұлттың үнжариясына айналған негізгі факторды санамаған күннің өзінде таралу аймағы мен шығу жиілігі және ұзақ өмір сүруімен «Қазақ» газеті озық тұр. 

Осының бәрін саралай, сараптай келе «Ұлттық басылым» күнінің 2 ақпанда белгіленуінің тарихи мәні бар деп санаймыз. 

– Сол кездегі Алаш жұртының нөмір бірінші басылымы болған «Қазақ» газеті қоғам игілігіне толық айналды, жете зерттелді деп санайсыз ба?

– Жете зерттелді деп айта алмаймын. Олай деуге негіз болатын бір себеп айтайын. Газеттің 5 жыл ішінде шыққан 266 нөмірі толық жинақ болып тек былтыр ғана жарық көрді. Демек ондағы мақалалар, өткір көсемсөздер, келелі мәселелер, сүбелі ойлар қоғам назарына енді жетіп жатыр деген сөз. Оған дейін басылымды тек қолы жеткен ғалымдар оқып-біліп, сол тақырыпқа қызыққан зерттеушілер ғана шұғылданған болатын. Дәлірек айтсам, бүгінге дейін басылым негізінен тіл білімі, әдебиеттану, тарих, журналистика бағытында ғана зерттелді.

Алайда «Қазақ» газетін осы мамандықтар аясында ғана зерделеп, тек тілші ғалымдар мен журналистердің, тарихшылар мен филологтардың еншісіне берсек, онда кемшілікке ұрынамыз. «Қазақта» гуманитарлық бағыттан басқа экономика, шаруашылық, құқық, дін, география, әлеуметтік  және басқа да тақырыптар жазылды. Аталған салалардың бастау-тамыры қайдан әрі нақты нендей мәселелер болды дегенді ұғыну үшін «Қазаққа» үңілмей болмайды. 

Сондықтан «Қазақ» – ауқымы кең, арнасы үлкен басылым. Оны зерттейтін ұңғымыз да соған сай болу керек.

– Ұлт-азаттық қозғалысының ұшқыны 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде тұтанғанын білеміз. Сол секілді Семей, Орал қазақ зиялыларының белсенді әрекет еткен нүктелері де болды. Осы орайда «Қазақтың» Орынборда шығуының тарихи себептері қандай деген сұрақ туындайды? 

– Иә, дәл айтып отырсыз. Алаш қозғалысының алғашқы жалауы желбіреген жер – Қоянды жәрмеңкесі. Тарихта «Қарқаралы құзырхаты» (петициясы) деп аталатын арыз хатта еркін баспасөз шығару талабы көрсетілген. Содан бастап, яғни 1905 жылдан бері қарай газет шығаруға талпыныс еш тоқтамады. Арада екі жыл өткенде Санкт-Петербургте «Серке» жарық көргенімен жөргегінде тұншығып, екі нөмірінен кейін жабылып қалды. Осыдан кейінгісі қос газет «Қазақстан» мен «Қазақ» еді. 

«Қазақтың» Орынборда басылым ретінде жарық көруіне екі алғышарт бар. 

Біріншіден, 1909 жылы Әлихан Самараға, 1910 жылы Ахмет Байтұрсынұлы Орынборға жер аударылды. Екеуі де қазақ жерінде тұру құқығынан шектелді. Бұл жағдайда Орынбор ең тиімді таңдау еді. 

Екіншіден, Орынборда сол тұста 3 мұсылман баспаханасы, «Уақыт», «Шора» қатарлы күллі түркі жұртына мәшһүр басылымдар болды. Яғни, мұсылман қаріптерінен таршылық жоқ еді. Бұл, әрине, Орынборда басылым шығаруды сөз жоқ жеңілдетер еді. Әйтпесе, басқа қаладан тасқа басылса мұсылман қарпі жетіспей, жеткен күндеде газетті кешіктірмей уақтысында басып тұру қиын болар еді. 

–  «Қазақ» басылымы жарияланымдарын экономика, құқық, ауылшаруашылығы бағыттарында зерттеу әлі мұрты бұзылмаған тың қалпы екенін білдік. Ал гуманитарлық салада жетістіктер қай деңгейде, жалпы әлі зерттелмеген тақырыптар бар ма?

– Тіл білімі, әдебиеттану, тарих, журналистика бағыттарында Ғарифолла Әнес, Бағдан Момынова, Өмірхан Әбдиман, Светлана Смағұлова, Қайрат Сақ қатарлы ғалымдар «Қазақ» газетін арнайы зерттеу нысаны ретінде қарастырып, тиісті тұжырым, пайым жасады. Алайда өз басым төмендегі екі мәселеде «Қазақтың»  жұмбағы әлі толық шешілмеді деп санаймын. Біріншісі, қаржылану тетігі, екіншісі – бүркеншік есімдер. Бұл екі атаулы мәселені алға шығарған себебім 1913 жылдың желтоқсанында құрылып, содан бастап басылымның құрылтайшылығын міндетіне алған «Азамат» серіктігі туралы тым аз айтылады. Әуелгіде 750 соммен басталған газетті аяғынан тұрғызуда «Азамат» серіктігінің еңбегі орасан. Осы «Азамат» арқылы басқарма кітап саудасын да өрістетті. «Азаматтан» кейін 1917 жылдары «Бірлік туы», «Теңдік», «Алаш»  қатарлы серіктестіктер пайда болды. Олардың барлығы да осы «Азаматтан» үлгі алды. Сондықтан «Азамат» қазақ баспасөзін қаржыландыру тарихындағы ізашар, тұңғыш серіктік ретінде бағалануы тиіс.   

Екіншісі, «Қазақтағы» бірнеше бүркеншік есімге әлі де талас толастамай тұр. Тіпті кейбір өзекті мақалалар Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлының көптомдық жинақтарында қайталанып та жүр. Яғни бір туынды үш авторға да ортақ телініп келеді. Жалпы кем айтқанның өзінде «Қазақ» басылымында 200-ден артық бүркеншік есім бар. Міне, осы сауалдардың дүдәмал жауабы анықталмай жатып, «Қазақты» зерттеуді межесіне жеткіздік деп тоқмейілсуге әлі ерте.  

– Қазір кейбір тұлғаларға қатысты таласты пікір, шытынап тұрған көзқарас бар. Айталық, Тұрар Рысқұлов пен Алаш арыстары қайшылығы соның бір мысалы. Осы қатарда арагідік «Қазақ» пен «Айқап» арасындағы алауыздық та айтылып қалады...

– Ойыңызды аңғардым. Асылында «Қазақ» газетін зерттеу тәуелсіздік алған соң ғана басталды десек, өткенге қиянат болады. Советтік кезеңде де «Қазақтың» құнын біліп, бағасын таныған зерттеушілер болды. Үшкөлтай Сұбханберді апай 1960 жылдардан-ақ «Қазақ» газеті мақалаларының библиографиялық көрсеткішін әзірлей бастады. Оған көп күш жұмсады. Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлының кейбір мақалаларын авторын көрсетпей, дерегін жария етті. Сол еңбектің жемісі ретінде 1998 жылғы «Қазақ энциклопедиясынан» «Қазақ» мақалаларының сұрыпталған топтамасы жарыққа шықты. Бұл тұңғыш жинақ өз кезеңінде көпшіліктің сұранысын қанағаттандырды. Ал Бейсенбай Кенжебайұлы өз заманының тар саңылауынан жол тауып, ымдап, ишаралап жүріп «Қазақтың» атын атады. Сол кездегі цензураға сай «Қазақ» газетін терістеп, байшыл-буржуазияшыл, ұлтшыл газет ретінде айыптай отырып, кесек-кесек цитаталар ұсынды. Бұл ғалымның сұрқылтай заманда ойлап тапқан бір амалы еді. Тым болмаса, «Қазақ» атауы ұмытылмасын, бірер сөзі болса да кейінгіге жетсін деген шарасыздықтан тапқан жолы-тын. Әрине, бұл әдіс өзін-өзі толық ақтады. 

Бүгінгі уақытта зерттеушілер қос ғалымның осы еңбектерін бағалай отырып, зерттеуді байытуы, дамытуы керек. Ол үшін Бейсенбей Кенжебайұлы айтатын «Айқап» пен «Қазақ» бір-біріне жау болды, «Қазақ» буржуазияшыл, байшыл, «Айқап» прогресшіл деген тұжырымның уақыт қажетіне сай жасалған, шарасыздықтан туған пайым екенін ескеру керек. Қос баспасөздің бетіндегі кейбір пікірталас пен көзқарас қайшылығын пайдалана отырып, тым болмаса, бірін құрбанға шалса да, екіншісін аман сақтап қалудың әдісіне барғанын пайымдаған абзал. Иә, осы әдістің арқасында «Қазаққа» тыйым болғанымен, «Айқаптың» жолы ашылды. Ол совет заманында да зерттеу нысанына айналды. 

Ал басқосу, жер нормасын иелену, қаріп турасында сол уақыттағы қазақ зиялылары екі басылымның айналасына шоғырлана отырып, пікір таласына, ой тартысына барды. Бірақ бұл түбегейлі қайшылыққа, қақтығысқа ұласқан жоқ. 1919 жылы Челябі облысы Қостанайды өз территориясына қосып алмақ болғанда «Айқап» пен «Қазақтың» шығарушылары Мұхамеджан Сералин мен Ахмет Байтұрсынұлы тізе қосып күрескен. Сол жылдары Ахмет Байтұрсынұлының Мұхаметжан Сералин үйінде қонақ болып, пікірлесіп, сырласқаны естелік ретінде қалған. 

Сондықтан қос басылым қандай да бір мәселеде пікір алуандылығына барғанмен, ол тұлғаларды жауласты дейтіндей дәрежеде емес.

– Ал алашордашылар үстінен арыз жазды дейтін Тұрар Рысқұлов пен ұлт зиялыларының арасындағы қақтығыс-қайшылықтар туралы не айтасыз?

– Бұл – күрделі мәселе. Көпшілікке көрініп тұрғаны Тұрар, Сәкен болғанымен, Сұлтанбек Қожанұлы мен Смағұл Сәдуақасұлы арасында, Сұлтанбек пен Тұрар қарым-қатынасында да мұндай «бақталастық» жоқ дей алмаймыз. Бұл тек идеологиялық қайшылық қана ма? Әрине, олай емес. Мұнда көзқарас қақтығысы, ұстаным тайталасы, амбиция текетіресі – бәрі бар. Тіпті, керек десеңіз рулық та мүдде болуы мүмкін. Сондықтан «айттым бітті, кестім үзілді» дегендей емес, оқиға мен заманның тынысын аңдай отырып түсінген ләзім. Бірақ ұлт мүддесіне керағар, тіпті қастандық деуге келетіндей әрекетпен көрінген тұлғалар болды. Соның басында Ілияс Қабылұлы тұр. Осы тартысты партиялық номенклатура, қу жақ Голощекин өте шебер пайдаланды. Ұлт трагедиясының өзегі осында. 

– Енді әңгіме ауанын бүгінгімен де байланыстырсақ. Қазіргі қазақ баспасөзінің жай-күйі қалай? Болашақтағы басылым беттеріндегі көкейкесті мәселе не болмақ?

– Қазіргі қазақ баспасөзінің халы тым шіркін-ай емес. Оның басты себебі – оқырман тапшылығы. Жалпы ел, қоғам ретінде оқу мәдениетінен айырылып қалдық. Бұл – тәуелсіздіктен бергі 30 жыл кезеңде нарық қоғамына аяқ басқандағы жоғалтқан құндылығымыздың бірі. Бұны мектептен, балабақшадан қолға алып, қалыптастыру қажет. Оның үстіне қазір адамды ойсыздыққа, қамсыздыққа тәрбиелейтін неше түрлі технологиялық жарақтар пайда болды. Онымен де өнімді күрес оқу мәдениетін қалыптастыру арқылы жүзеге аспақ. 

Қазақ баспасөзінің өзіне қатысты бір жайтты атап өтсем деймін. Ілгерідегі баспасөзде ғылым, білім, денсаулық, т.б. өзекті салалардағы жетістіктер мен мәселелер бұқаралық тілмен, қарапайым түсінікпен баспасөз бетінде жазылып, көпшілік оқырманға ұсынылатын. Қазір ғылым өз алдына ажырап қалған секілденеді. Басылым біткен ақпарат таратудан жарысқа түсіп, соның ырғағында кетті ме деймін. Ғылым адамын, өнертапқыш тұлғаларды көп дәріптеп, қоғамға қажет құндылықты сіңіру қазақ қоғамы үшін баспасөздің маңдайалды міндетінің бірінен болса керек. 

– Әңгімеңізге рақмет. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?