Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Шырағың сөнбесін» романындағы дәуір шындығы

743
«Шырағың сөнбесін» романындағы дәуір шындығы - e-history.kz

Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отырған осы бір кезеңде Қазақстаннан майданға аттанған бір миллион екі жүз мыңнан астам жауынгердің тең жартысы оралған жоқ. Майданға 18-50 жас аралығындағы соғысқа жарамды азаматтардың жетпіс пайызы аттанған. Ерлерден өзге, ару қыздарымыз да майданға, негізінен, өзі сұранып барып, олардың арасынан Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспановалар асқан ерліктің үлгісін көрсетті.

Майданға барлық мамандық иелері, соның ішінде жазушылар да көптеп аттанды. Олардың ішінен Мәлік Ғабдуллин Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. Абдолла Жұмағалиев, Баубек Бұлқышев қатарлы қаншама қаламгерлер майдан даласында қаза тапты.

Ал елге аман-есен оралған ақын-жазушылар келгеннен кейін еңбекке араласып, майдан туралы шығармалар жазды. Солардың бірі – Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы иегері, халық жазушысы Тахауи Ахтанов.

Майдангер жазушы Тахауи Ахтанов 1923 жылдың 25 қазанында Ақтөбе облысының Шалқар ауданы, Қарабұтақ аулында дүниеге келген. Ауылдық мектептің орталау мектебінде оқып жүргенде алғаш өлең жаза бастайды. Орта мектепте оқып жүріп 1940 жылы Алматыға келіп Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. Бірақ оқуды алаңсыз аяқтауға мүмкіндік болмайды. Соғыс басталған соң Тахауи Ахтанов өзі сұранып майданға аттанады. Оның алғашқы туындылары өлеңдер, очерктер түрінде майдан газетінде жарық көреді. Осыдан кейін ол шығармашылық жолға біржола бет бұрады. Жазушы Тахауи Ахтанов әдебиеттің негізінен проза мен драматургия салаларында өнімді де жемісті еңбек етті. Оның қаламгер ретіндегі алғашқы туындысы – Күй аңызы» атты әңгімесі. 

Ұлы Отан соғысы кезінде майданда қазақ тілінде газеттер шығып тұрғаны белгілі. Осы басылымдардың белсенді авторларының бірі болады.

Майданда жүргенде төрт рет жараланса да, ол елге аман-есен оралады. Балалық шағы аштық пен кедейшілік, жастық шағы соғысқа тап келген буынның өкілі алдан кезіккен қиындықтарға төзе жүріп, шығармашылықпен құлшына айналысады. Бұл жөнінде жазушының өзі былай деп еске алған екен: 

«Біздің жастығымыз туралы не айтуға болады? Балалығымыз ашаршылықпен тұстас келді. Жастығымыз Отан соғысымен тұстас келді... Соның бәрінен аман қалып, әдебиетке кірген кезде бізде тағы бір майданға енгендей екпін, от бар болатын.

...Жастығымның майданда өткенін айттым. Ал майданның адамды тазалыққа, әділдікке, тәртіпке үйрететіні белгілі. Менің бір іштей шүкіршілік ететінім – осы қасиеттер менің өзімнің де, майдандас тұлғаластарымның да бой-басында қалып қойды ғой деймін».

Тахауи Ахтанов 1948 жылы армия қатарынан босап келгеннен соң шығармашылықпен айналысты. Оның қаламынан «Қаһарлы күндер», «Боран», «Шырағың сөнбесін» атты романдар туып, қазақ әдебиетінің рухани қазынасына қосылды. Тек проза жанрында ғана емес, Тахауи Ахтанов драма жанрында да қалам тербеді. Ол тек прозаик, драматург қана емес, сын жанрында да өнімді еңбек етіп, өзі тұстас қаламгерлердің шығармашылығы туралы сыни мақалалар жазды. Сонымен қатар қазақ тіліне көптеген туындыларды аударды. романдары ұлттық әдебиетімізге қосылды. Драматургия саласында қалам тартып, көптеген сахналық туындыларды жазды. Тахауи Ахтановтың қазақ әдебиетін дамытуға қосқан үлесі туралы жазушы Әбіш Кекілбаевтың былай деп шынайы баға берген екен: «...соғыстан бергі қазақ әдебиетін талантты сыншы, талантты аудармашы, талантты драматург, талантты прозашы Тахауи Ахтановсыз көзге елестету мүмкін емес».

Жазушының соғыс тақырыбында жазылған туындылары өзінің шынайылығымен ерекшеленеді. Соғыс туралы жазылған туындыларының ішінде «Қаһарлы күндер» романының орны ерекше. Жазушының өзі кезінде «Қаһарлы күндер» романының жазылуы жайында былай деген екен: «Бұл романның жазылуы онша көп уақыт алмағанымен, толғағы ұзақ болды. Үш жыл бастан кешкен соғыс туралы роман жазуды көп ойладым. 1949 жылы бас жағын жазып, кірісіп те кеттім. Бірақ жұмысым өнбеді. Шамасы, келер жылы болар, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Курляндия» романы жарық көрді. Соны оқып шығып, ойға қалдым. Шығарма біраз кемшілігі болса да, маған қатты ұнады. Онда сол кездегі қазақ жазушыларының басым бөлігінде жоқ, кәдімгі тірі, жанды сурет, бусанып тұрған өмір бөлшектері бар екен. Ал менің бастап қойғандарымның тұрған дәрежесі одан әлдеқайда төмен болатын. Содан өзімнен-өзім жерідім де, жаза бастағанымды тастап кеттім. Кейде болашақ шығарманы ойлап, толғанып жүрсем де, үш-төрт жылға дейін қайтып оралуға зауқым соқпады. Сын мен көркем аударма саласында жұмыс істей бердім». 

Әбдіжәміл Нұрпейісов те, Тахауи Ахтанов та қан майданға қатысып келген қаламгерлер болатын. Сондықтан олардың жазған шығармалары шынайы болуы қажет еді. Осыны жақсы түсінген жазушы теориялық біліммен қарулану үшін сын жанрына бұрылып, болашақ көркем әдеби еңбегін жазуға батыл кіріседі. Осылайша өзінің атын мәңгілік шығарар туындыларын жазуға кіріседі.

Соғыс тақырыбы – өткен ғасырдың қырқыншы, елуінші жылдарында басты орынға ие болғанын көреміз. Осы кезде қазақ ақын-жазушыларының өмірі мен шығармашылығында артық ойлау, артық жазуға болмайтын шектеу болатын. Дегенмен майдангер қаламгерлеріміз осы кезеңде аса өнімді еңбек еткенін көреміз. Солардың арасында Тахауи Ахтановтың үлкен орны бар және бұл жөнінде ХХ ғасырда қазақтан шыққан көрнекті классик жазушылардың бірі, Социалистік Еңбек ері Ғабит Мүсірепов былай деп қорытынды жасайды: «Ұлы Отан соғысынан кейін әдебиетке келгендердің ішінде мен төрт жігітті, төрт прозаикті бөліп атар едім. Олар: Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Зейнолла Қабдолов, Сафуан Шаймерденов. Бұлардың қай-қайсының да мүшел жастары партия мен үкімет тарапынан еленбей қалған емес. Ал, партия мен үкімет тарапынан олардың еңбегінің еленуі – халықтың бағалауынан туып отырады. Майданнан қайтқан Тахауи Ахтанов «Қаһарлы күндер» атты романымен Ұлы Отан соғысы тақырыбын бастады. Дәл осы тақырып – меніңше, Аханов творчествосының негізгі тақырыбы ғой деп ойлаймын. Сол романымен-ақ совет әдебиетіндегі Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазылған шығармалардың ішінде кеуде тұстағы туынды болды. Сол шығармасымен ол соғыстан кейінгі дәуірде әдебиетке келген жастардың алды болса, бүгінде алпысқа келгендердің де алдыңғы сапында.» Осылай деп Ғабит Мүсірепов өзінің қаламдас інісінің соғыс тақырыбын игерудегі жетістіктерін лайықты бағалайды.

Жазушының бұдан кейінгі үлкен туындысы – «Боран» романы. Бұл романның Тахауи Ахтановтың шығармашылығында алатын орны ерекше. «Боран» романын жазуға қаламгер мол тәжірибе жинақтап, үлкен дайындықпен келген болатын. Бұл романды ол алғаш 1963 жылы «Дала сыры» деген атпен хикаят түрінде жарияласа, кейіннен оны «Боран» атты драмаға айналдырды. Осыдан кейін 1966 жылы «Боран» романына айналдырып, кеңейтіп жазды. Бұл романы үшін жазушы 1966 жылы Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты иеленді. «Боран» романы көптеген шетел тіліне аударылды.

Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығы иегері Тахауи Ахтановтың тағы бір көлемді туындысы – «Шырағың сөнбесін» романы да оқырмандар тарапынан жылы қабылданған роман болды.

Жазушының драматургия саласындағы еңбектері де бір төбе. Ахтанов драмалары отандық театрлар сахнасында тұрақты қойылып келді. Атап айтқанда 1968 жылы жазылған «Сәуле» драмасы, одан кейінгі «Боран», «Ант», «Әке мен бала», «Махаббат мұңы», «Күтпеген кездесу драмаларынан өзге, «Арыстанның сыбағасы», «Күшік күйеу» қатарды комедиялары қазақ, орыс және сол кезеңдегі өзге де одақтас республикалар сахналарында қойылды.

Аудармашы Тахауи Ахтановтың тәржімалауымен Лев Толстойдың «Азапты сапарда» трилогиясы, Максим Горькийдің әңгімелері қазақ тілінде сөйлеген болатын.

Өзінің саналы ғұмырында Тахауи Ахтанов тек шығармашылықпен ғана айналысып қойған жоқ. Ол еліміздегі әдебиет пен өнер, кино саласының өркендеуіне үлес қосты. Қазақстанның «Көркем әдебиет баспасында» редактор, бөлім меңгерушісі, «Қазақфильм» киностудиясында сценарий бөлімінің бастығы, «Әдебиет және искусство» және «Жұлдыз» журналдарында редактор болып әр жылдар қызмет етумен қатар, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, көркемөнер бас басқармасының бастығы, республикалық кітап палатасының директоры сияқты жауапты лауазымды қызметтерді де абыроймен атқарды.

Майдандағы және бейбіт күндегі еңбегі бағаланған Тахауи Ахтанов ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, екі рет «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталған. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен бейбіт жылдардағы еңбегі үшін марапатталған болса, жоғарыда атап өткеніміздей, роман жанрындағы көрнекті жетістіктері үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болды және Қазақстанның Халық жазушысы атағына лайық деп танылған.

Қазақтың қабырғалы қаламгері, майдангер жазушы Тахауи Ахтанов 1994 жылы 25 қыркүйекте 71 жасқа қараған шағында дүниеден өткен.

Біз Тахауи Ахтановтың туындыларына шолу жасап көрмекпіз. Жазушының басты әдеби еңбегінің бірі – «Шырағың сөнбесін». Осы роман кезінде оқырмандар тарапынан жақсы бағаға ие болған екен.

Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романының оқиғасына келетін болсақ, Батыс Беларусияда әскери міндетін өтеп жүрген қызыл әскерлер шекарасында басталады. Романның басында жаңа ғана үйленіп, отау құрған жас қазақ жігіті Қасымбек пен оның зайыбы Назираның отбасылық өмірін суреттейді. Туған жерінен алыста, сонау Беларусь жеріне жатырқап жасқанып, үйренісіп кете алмай жүрген жас келіншек Назираның алаңдаулы көңіл-күйі барын көреміз. Және де жақында кішкентайлы боларын сезгеннен бері, әрі қуанып, әрі болашақ сәбиінің өміріне алаңдаулы Қасымбек те ертеңі не боларын білмейді. Себебі, шекарадағы өмір қауіпті болып бара жатқаны белгілі еді. Ақыры ол зайыбын қауіпсіздік үшін туған жердегі төркініне, яғни Қамқа әжесінің қолына жібермек болып шешім қабылдап жатқан кезде көптен қауіптенген күдігі расқа айналады. «Соғыс басталғалы жатыр» деген суыт хабар да жетеді. Осылайша жас отбасының да, күллі елдің де басына қара бұлт үйіріліп, бұдан кейінгі өмірлері қалай болары белгісіз күйге түскені суреттеледі.

«Шырағың сөнбесін» – ойда жоқта алапат соғыстың ортасында қалған қазақтың жас келіншегі Назираның майдан жылдарында басынан кешкен қанқұйлы, зобалаң оқиғаларды суреттейді. Романның атауы «Шырағың сөнбесін» деп аталуының өзінде өмір мен өлім айқасқан кезеңде адам баласының үзілмес үмітімен өрнектелген тағдырлар жатыр.

Роман оқиғасы – осындағы басты кейіпкер Назира мен Қасымбектің өткен өмірін, алыста қалған ауылдағы күндерін еске алудан басталады.

Романның бұдан ары қарайғы сюжеттік желісі – жас офицер Қасымбек пен  ауыл қызы Назираның кездесуі, көңіл жарастырып үйленуіне ұласады. Бұдан кейін жазушы оқиғаны тартысқа құрады: жас ару  Назираның өлім мен өмір ортасында жүріп, дүние есігін ашқан жас сәбиі Дулатжанның өмірін сақтап қалу жолындағы сан қилы азапты, қиын-қыстау кезеңдерді суреттеп, оқиғаны қоюландырып, оқырманды еріксіз еліктіріп әкетеді.

Романның сюжеттік мазмұнына қысқаша тоқталатын болсақ, былай өрістейді: Назира аман-есен босанып, күтпеген жерден сүйген жары Қасымбекпен қауышып, осы екі қуаныштың әсерімен бастан өткерген уайым-қайғының бәрін ұмытады. Бірақ оқиға одан әрі өрістейді. Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді демекші, Назира жас шарананы көтеріп жүріп, түзде жортқан партизандар өміріне де үйренеді. Кезекті бір тапсырманы орындауға кеткенде Қасымбек Отан алдындағы борышын ойдағыдай өтеп жүріп, ерлікпен қаза табады. Мазасыз қатерлі кезеңде Абан Назираға Қасымбектің жоқтығын білдіртпеуге тырысады. Иесіз қалған шаңыраққа өзі қамқорлық жасап, өзі ие болып, бар ауыртпалығын өзі көтереді. Сөйтіп жүргенде бір күні Абан жас келіншек Назираға сөз салады. Ендігі кезде олар бір үй болып жұптасады. Сөйтіп орман ішінде, партизандар арасында жүргенде Назира сұм соғыстың кесірінен Абаннан да айырылады.

Тар кезеңде жолдас болған, оң-солын айыра алмай адасып қалғанда қолынан жетелеген Света...

Қиын-қыстау күндері арқасына салып алып шыққан азаматы Қасымбегі. Өздері жоқ болғанмен Назира олардан қалған шырақты сөндірмеуді өзіне парыз санап, олардың ұрпақтарын сақтау жолында қандай қиындықтар болса да төзуге бекініп келе жатыр.

Ең бастысы – адамзат баласының басты арманы – артында ұрпақ қалдыру екендігін романды оқып отырғанда еркісіз сезініп отырасыз: «Абан да үйлі-күйлі болмаған, жиырма беске биыл шыққан қыршын жас еді ғой. Ол да із-түссіз кетпейтін болды, амандық болса артында тұяғы қалады.» Оқырман автормен бірге қуанады. 

«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деп қазақ бекер айтпаған ғой. Оқ пен оттың ортасында жүрсе де, өшіп кете жаздап өлеусіреп жанған шырақты желдің үрлеп сөндіруінен қорғағандай қалқалап, қорғағаны іспетті, шиеттей балаларды аман сақтау үшін арпалысқан Назира образы сәтті ашылған. Роман соңында басты кейіпкер Назира сүйген жары Қасымбектен қалған шырағы Дулатын бір қолтығының астына, қиын-қыстау кезеңде жолдасы болған Светаның өмірінің жалғасы кішкентай Светаны екінші қолтығына қысып, Абандай ер тұлғаның тұяғын жүрегінің астына сақтап, еліне аман – есен оралады.

Жазушы шегініс ретіндегі жас жұбайлардың ескіні еске алу сұхбаты соғыстың әлі басталмай тұрғандағы бейбіт ауылдың беймарал өмірін көз алдымызға әкеледі. Бұл кезең Кеңес өкіметінің қазақ жеріне жаңа ғана орнап жатқан тұс еді. Осы кезеңде біз оқиғаға қазақ ауылының сыйлы адамы, бір кезде айнала ауыл-аймақты билеген тұқымның өкілі Қамқа әже араласады. Қамқа әже өзінің қатты мінезімен, әрі сұңғыла ақыл иесі ретіндегі сыйлығымен ерекшеленген жан. Қамқа әже – Назираға жеті жасында анасынан айырылғанда екінші ана болған, жас қызға пана болған тәрбиеші адамы. Жазушы романның негізгі ойын да осы Қамқа әженің сөзімен айтып, өріп отырады. «Елде менің Қамқа деген әжем бар. Жақсылық пен жамандықты күні ілгері сезетін «көріпкелі» бар адам. Оң көзі тартса, қуанады; сол көзі тартса, ренжиді, болашақ көп нәрсені түсінде көреді де, соларын айнытпай жориды. Үйге ақша түсе қалса: «Е, бәсе, кеше уысым қышып еді», - деп; алыстан сағынған адамы келсе: «Алдыңғы күні түсімде бір табақтан ас ішіп отыр едім-ау», - деп, бәрінің үстінен түсетін. Жасым он тоғызға қараған дырдай келіншек болсам да, Қамқа әжемнің сол «көріпкелі» маған қонбапты», - дейді Назира романда өзінің әжесінің ерекше қалпы туралы. «Қамқа әжем. Мен өз анамнан жеті жасымда жетім қалдым да, есімді білгелі Қамқа әжемнің қолында өстім. Қамқа әжем тура туған анамдай болды, шешемді жоқтатқан жоқ деп айтсам, мүмкін рас та болар. Бірақ ...туған шешенің қандай болатынын көрмеген адам оның орнын басқан адамды кіммен теңейді? Қамқа әжем елпілдеп көрген жоқ, ең ықыласы түсіп кеткенде басымнан сипап, бауырына қысады да, кейде маңдайымнан иіскеп «бара ғой қалқам», деп қоя беретін. Сонда да оның мені жақсы көретінін кішкентайымнан-ақ білуші едім. Бала деген сезімтал ғой, кейде үлкенді алдап кететін жерден баланы алдай алмайсың. Қамқа әжемнің сырты қанша салқын болғанмен оның ішінде термосқа құйған астай суымайтын бір ыстығы барын сәби кезімнен сезсем керек. Әйтеуір осы кемпірді өгейсінген кезім болған жоқ, бірақ әжеме еркінсіп, еркелік жасаған кезім де, әй, болмаған шығар. Қанша жақсы көрсем де өзінен кәдімгідей қаймығатынмын.

Жалғыз мен емес, Қамқа әжемнен біздің үйдің іші түгел қаймығатын. Үйдің іші деймін-ау, бүкіл ауылда ол кісінің бетіне келген адам жоқ.» Қамқа әжесінің адуынды да ақылды мінезінен өзге, оның бет-бейнесін де көзге елестетерліктей суреттейді.

«Шырағың сөнбесін» романындағы тағы бір кейіпкер – Назираның жеңгесі Дариға. Назираның Қасымбекке тұрмысқа шығуына, қалыпты өмірінің мүлде басқа арнаға түсуіне негізгі себепкер болған да – осы Дариға жеңгесі.

«Басқа халықты білмеймін, қазақта қыз баласының сезімін оятатын тек жыр мен кітап қана емес, көбіне жеңгелері. Олар жай адамның қолы жетпейтін алыстағы ғашықтықты айтып әуре қылмайды, жас денедегі оянып келе жатқан сезімге жақын, ұрымтал тұстан дәл басып, нағыз қызықты жерден түртеді. «Күйеу деген жақсы болады. Қу тізеңді құшақтап, дөңбекшігеннен, беу, ойбай-ау, жас жігіттің ыстық құшағына не жетсін», - деп бастап - түк білмейтін шығарсың әбден-ақ. Бой жетіп қалдың, ішің бәрін біледі ғой», - деп онсыз да мазаңды алып, денеңді қыздыра бастаған табиғаттың отына май құяды. Одан әрі тұрмысқа шығудың, бір үйдің қазан-ошағына ие болудың артықшылығын құлағыңа құйып, «о бастан пешенеңе жазылған» болашақ тірлігіңе баулиды. Ай, айналайын қазақтың жеңгелері-ай, табиғат оята бастаған нәпсіні қатал ана қанша тұншықтырып тастаса да, сендер оп-оңай тірілтіп аласыңдар-ау. Кейде қыздың ардақтысын бір көйлекке сатып та жіберетін кездерің болады, бірақ әйтеуір не де болса өмірге бастайсыңдар, өздерің татқан ләззатты аяғы тұсаулы, жолы тар қыз балаға татырғанша, тағат етпеуші едіңдер-ау...» Бұл романда Назираның суреттеуіндегі, үш атадан қосылатын ағасының келіншегі Дариға жеңгесі туралы суреттеу, баяндау кезіндегі кіріспе. Бұл айтылған жағдайлардың өзі бір Назираға емес, барша Дариғаға, қазақ жеңгелеріне тән әдет-қылық десек болатын шығар. Жеңге мен қайын сіңлі арасындағы жазушы суреттеген осы бір әйел затына ғана тән өзара қарым-қатынастың соңы – қыздың тұрмыс құрып, отанасы болуымен аяқталатынына романдағы оқиғалар арқылы көзіңіз анық жетеді.

Романның күллі оқиғалары басты кейіпкер Назираның төңірегінде өрбіп отырады. Назира бейнесі – қазақ әйелінің нағыз қырық жанды дейтін, қайсарлығының символы іспетті.

Жазушы Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романындағы Назира бейнесі – күрделі де, тартымды бейне. Бір жағынан, Назира біздің көз алдымызға Ұлы Отан соғысының қасіретті де сергелдеңге толы жылаулы жылдарында өмір сүрген қарапайым әйелдің азапқа толы ауыр тұрмысы мен көрген қиыншылықтарын әкеледі. Ал, екінші жағынан, бүгінгі от пен оқтың ортасында паналап жүрген Назираның, кеше ғана туған аулында қайғысыз-қамсыз өмір сүріп жүрген бойжеткен қазақ қызының сан қилы қызықтар мен қиыншылықтарға толы жолын, оның басты кейіпкер ретіндегі толысу, қалыптасу жолдарын көреміз. 

Назира – романдағы терең шеберлікпен сомдалған бай натура. Жазушы Назира бейнесін күреске толы өмір сәттері арқылы біртіндеп биіктете түседі. Назираға тән жалпы бір қасиет – ол кішкентайынан ерекше байқағыш, сонымен қатар өзге адамдардың басына түскен қайғы-қасіретке бей-жай қарамайтын адам екендігі. 

Назира бейнесінің сан қыры автордың суреткерлік шеберлігі арқылы өмірінің түрлі сатыларына өрлеп, бірте-бірте айқындалып, ашыла түседі. Назираның шынайы характері, әсіресе, қиын-қыстау кезеңдерде басына күн туған шақта барынша айқын көрініс табады.

Бала шағынан бастап Назира ерекше байқағыштық қасиетімен танылып, өзге адамдардың жан дүниесін барынша түсінуге тырысушылық қабілетімен таныла бастайды. Автор романдағы барлық кейіпкерлердің образдарын Назира көзқарасының призмасы арқылы оқырманға жеткізеді. Осы арқылы Назира бейнесін де жаңа қырынан танытып, биіктетіп отырады. Осы жағынан оны нағыз психолог деуге негіз бар.

Назира тұлғасында қазақтың жалпы сол дәуірдегі кеңес әйелінің мінез-құлқына тән барша қасиеттер шоғырланған. Атап айтсақ – жұмсақтық, жақынға деген сүйіспеншілік, сонымен қатар, төзімділік, иілгіштік, пайда болған жағдайларға үйренушілікті атауға болады.

Назираның бойындағы осы төзімділік, оның шыдамдылық қасиеттері оны алып шығады: соғыстың сан түрлі қиындықтарына төзе жүріп, сындарлы жылдарды артқа тастаған Назира романның соңында үш баласын, үш азаматтың соңында жаққан шырағын сөндірмей, аман-есен жаңа өмірге қадам басады. Міне романның атауының өзі де осы мағынаға сыйып тұрғаны анық. 

Дегенмен Назираның бойында бірыңғай жақсы қасиеттер ғана топталмағанын көреміз. Романның мазмұнына қарасақ, сонау аштық жылдары ол өзінің Жұмаш атты інісінің өліміне себепкер болады. «Аштықтан қиналған Назира әкесінің төсек арасына тыққан талқанын ұрлап жейді де, жасаған ісін мойындаудан бас тартады. Назира талқанды жеп, кейін қапшықты байлап, орынына қояды. Осыдан соң әкесінің жанына оралып інісін өз орынына жібереді. Назира күні бойы әкесінің қасында болады. Осыдан біз оның өте айлакер екенін көруге болады. Әкесі ұрлықты Жұмаштан көріп, оны соққыға жығады. Осы кезде Назира өз ісін мойындап ара түспейді. Сол оқиғадан кейін інісі қатты ауруға шалдығып, көп ұзамай қаза табады.»

Әлем әдебиетінде соғыстың адамзатқа әкелер қайғы – қайшылығын бет. суреттеудің әр алуан амал – тәсілі бар. Кей шығармаларда майдан даласындағы сұрапыл шайқастар тікелей суреттеліп, қаһармандық бірінші кезекке қойылса, кей туындылар соғыс тақырыбына жеке адам тағдыры тұрғысынан келеді. Өзге мысалдарға тоқталмай – ақ, бір ғана Э. Хеменгуэйдің «Қош бол қару» шығармасына зер салсақ, соғыстың қайғы қасіреті Генри мен Кетрин арасындағы жалындаған махаббат оның трагедиялық түйіні соғыспен байланыста алынады. Соғыстың барша ауыртпалығына жазықсыз бала көзімен қарау да – әлем әдебиетінде көп кездесетін көркемдік тәсілдің бірі. Жазушы Т.Ахтанов та «Шырағың сөнбесін» романында оны бар мүмкіндігі мен шебер пайдаланады.

Көкем шығарманың идеялық-эстетикалық қуаты – оқиға желісінің мықты тартысқа құрылып, қарама-қайшылықтың барынша күшейтілуімен байланысты десек, бас кейіпкер Назираның тілі, түсі, әдет-ғұрпы бөлек ортада, жау қоршауында жалғыз қалуы романның оқиғасын ширықтыра түскенімен, оның аяғының ауыр болуы, ұрпақ күтуі ішкі қайшылықты екі есе ұлғайтып жіберген деп тұжырым жасауға болады.

Романның атауына негіз болған ұғымның өзі де Қамқа әженің іс-әрекетіне, туындыдағы сөзіне қатысты екенін көреміз. Жазушы былай деп бейнелей суреттейді: «Қамқа әжем құранды ұзақ оқыды. Қанша айтқанмен бала емеспін бе, мен алаң болып кетіп едім, бір кезде үнсіз етегімнен тартып қалды. Сөйтсем қолын жайып бата қылайын деп жатыр екен, мен де қолымды жайдым. Бата – қасиетті нәрсе. Батада айтылған тілекті құдай береді. Мен де іштей күбірлеп құдайдан апама жақсы тілек тілеп жатырмын. Қамқа әжем бетін сипап, қатты бір күрсініп қойды.

- Анаңа жақсы тілек тіледің бе, қалқам? Сен періштесің ғой. Сенің тілегің қабыл болады, - деді менің маңдайымнан сипап.

Содан соң майға батырған пілтені тұтатып қабірдің басына қойды да:

- Артыңда қалған шырағың сөнбесін, жарқыным, - деді.

Қамқа әжем ұсақ-түйек күйбеңді білмейтін адам, көбіне ірі сөйлейді, мына сөзі де маған аруақты естіліп, төбе құйқам шымырлап кетті. Қараңғы түнде ауылға қайтып келе жатып, артыма қайырылып қарай бергенім де сол. Қамқа әжеме қанша сенсем де, көңілімде бір күдігім бар: әжем «Шырағың сөнбесін» деп еді, біз тұтатып кеткен ана шырақ, майы таусылып, қазір-ақ сөніп қалмай ма? Ақыры шыдай алмай осы күдігімді сүрадым.

- Әй, балам-ай, әлі баласың ғой, - деп, әжем басын шайқады. - Сенсің ғой оның шырағы. Сенің тілеуіңді тілеп кеткен жоқ па. бейшара.

Қамқа әжемнің осы сөзі менің сәби көңіліме өшпестей әсер етті. Сонау қараңғыда жылтыраған кішкентай шырақ... Сол шырақ тура менің сәби көкірегімде жылтырап жанып түрғанын ап-анық көзіммен көргендей болдым...»

Көрнекті қаламгер Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романындағы кейіпкерлердің рухани әлемі» атты еңбегінде ғалым Ғ.Байысбаева былай деп атап көрсетеді: «Қаламгер соғыс тақырыбына арнап төрт роман жазды. Онда қан майдан, бірде жеңіліп, бірде жеңіспен аяқталатын кәдімгі соғыс өміріндегі ащы шындық суреттеледі. Өйткені, Т.Ахтанов соғыс алапатын көзімен көріп басынан кешкен жан. Сондықтан бұл жазушыға таныс, үнемі ойында болған және жүретін тербеген тақырып. Осындай тақырыптарға қалам тарта отырып, әдебиеттің мәнгілік ізденісі адамгершілік, гуманизм мәселелерін, моральдық проблемаларды бүкіл прозасына арқау етті. Сол шығармадардың бірі – «Шырағың сөнбесін» романындағы кейіпкерлердің рухани әлеміне тоқтала кетуді жөн көрдік. Романды талдамас бұрын, жалпы әдебиетте кейіпкердің адамгершілік келбетін ашып көрсететін компоненттер болады. Оларға диалог, монолог, пейзаж, портреттік мінездер жататынын бүкіл жазушылардың білетіні айдан анық. Ал Т.Ахтановтың шығармасында осы компоненттердің барлығы шебер қолданылған. Мәселен «Шырағың сөнбесін» романындағы кейіпкердің рухани өлемін ашуға себеп болатын портреттік суреттеулерге шолу жасап көрелік.

Нәзираның санасында сақталған Қамқа әженің бейне-бітімі «Сырты қанша салқын болғанымен, оның ішінде термосқа құйған астай суымайтын бір ыстығы барын сәби кезінен сезсем керек» деген суреттеуден қазақтың карапайым ортасынан шыққан Қамқа әженің ұлттық болмысын байқауға болады. Автор Қамқа әженің сырты қатал болғанымен, ішінен адамға деген бауырмалдық сезімнің күшті екенін, салыстырулар арқылы сипаттап тұр», - деп орынды талдау жасайды.

Жоғарыда атап өткен зерттеуші ғалым Тахауи Ахтановтың мінездеу мен суреттеуді қатар егіздей отырып, шығарма жазуда сәтті пайдаланатын қасиетіне тоқталады. Осы ретте романдағы кейіпкер Света бейнесін суреттеуді мысалға алады: «Света аппақ, ақ сары келіншек. Шашы ақ селеуден гөрі сарғыштау. Ат жақты, үш жағы өткірлеңкіреп келген жұка танау, қыр мұрынды. Қабағы жұқалаң кішілеу көзі ашық көк пе, әлде жасыл ма ажырата алмаймын. Қызғылт шалған шикіл өңі – ар жағынан күн көрінгендей нәзік, бүкіл талдырмаш тұлғасында балапанның түгіндей есілген нәзіктік бар. Еркек тұрсын әйелдерді тартатыны да осы нәзіктігі болар. Өмірінде түтігіп ашуланып шаптығып біреудің бетінен алып көрмеген шығар деп ойлаймын». 

Біз романдағы Света атты кейіпкердің сыртқы бейнесімен, яғни портретімен таныса отырып, оның ішкі жан дүниесіндегі, жан сұлулығындағы нәзіктікті де көреміз. Осыдан кейін Света тәрізді өзге де кейіпкерлер: Дуня апай, Николай, Қасымбек, Елизавета Сергеевна, Алевитна Павловна, Муся, Усачев тағы басқалардың романдағы бейнесі мен жан дүниесіне барлау жасаймыз. Олардың барлығының портреттік келбетін толықтай суреттеп отырмайды. Дегенмен бейнелеулер арқы ұқсас кейіпкерлер әлемі жасалғанын да көреміз. Олар – Қамқа әжей мен Дуня апай. Назира Дуня апайды да алғаш көргенде, Қамқа әжесі сияқты қатал адам ба екен деп ойлағанымен, шын мәнінде ондай адам болмай шығады. Бұл да тура баяндалмай, романдағы жанама суреттеулер арқылы аңғартылып отырады. Романда кейіпкерлердің нақты динамика барысында танылатындығы – жазушының суреттеу мен бейнелеудегі шеберлігі болып табылады.  Мұны романдағы біршама жинақталған Қасымбек образынан байқаймыз. Романда Қасымбектің сыртқы бейнесі, тұлғасы туралы жан-жақты ашылып айтылмайды. Оның есесіне оқырман Қасымбекті көбінесе алымды-шалымды іс-әрекеті үстінде, айналасындағы сан түрлі адамдармен қарым-қатынас жасау барысында таниды. 

Романда монологтар арқылы кейіпкердің ішкі жан дүниесін ашып көрсетуге көбірек мән берілгенін көруге болады: «Кеудеңнен шыбын жанын, шығып кеткенше, үміт деген ит үзілмейді екен, алдыңғы қатардағыларды қырқып келе жатқан ажал ұстарасы дәл маған тақалғанда тоқтап калар ма екен деген бір есек дәме бар кеудемде». Назира ешқашан өмірден үмітін үзбейді, алдағы күндер үшін арманшыл жанымен ұмтылады. Өзінің жас сәбиі Дулатты аман-есен сақтау үшін ол барлығына да төзуге әзір.

Нәзира – қазақтың қарапайым ортасынан шыққан әйел. Үлкен білім ордасында арнайы оқып, мамандық игермесе де, батыс пен шығыстың классикалық әдебиетін оқып, көркем әдеби көкжиегін кеңейтпесе де, оның бойында қазақы адамгершілік пен білім бар. Ол қашан да болсын, өзінің адамгершілік сезімі мен жауапкершілігін жоғалтпай, әркез қайрат-қажырымен жолында кездескен қиыншылықтарды тәуекелшілдікпен жеңіп отырады. Оған өзінің жастай қамқоры болған қатал да қайырымды әжесі Қамқаның берген жақсы тәрбиессінің де игі ықпалы мол болады. Бұдан біз Назираға, жалпы қазақтың қыз-келіншектеріне тән қайсарлықты, көнпістікті аңғарамыз. Арасында туған ел мен жерін сағынады, сағына жүріп үмітін үзбейді: «Қайран туған жер! Сені де көретін күн болар ма екен? Арамыз бөлініп қалды. Ортамызда өткел бермес дариядай жау бар, дария деймін-ау, маған енді туып өскен ел-жұртым теңіздің ар жағындай елестейді. Кішкентай болса да үміт жетелеп, әйтеуір жақындай берейікші деп шығысқа қарай жетелеп келеміз. Менің үмітім де теңізге салған жел қайық сияқты, жөнді ескек, желкені жоқ, қалт-құлт етіп шексіз теңізден алып шыға ала ма? Ай, қайдам... Тек үмітсіз сайтан демесе.» Үміт алдамайтынына, түбі туған еліне, жеріне жететіндігіне сенеді. Осы сенімі оны үнемі алға жетелегендей еді.

Жаудан жалтара қашып жүріп аязға ұрынса да, ол өзінің сәбиін ойлайды. Ақыры өлім құшар шағында оны өзге партизан отрядының бір адамы тауып алады. Әлгі адамның Назира ес жиған соң оған мән-жайды баяндауы: «Ойпыр-ай, сені көргенде есінен адасып кеткен адам шығар деп едім. Боп-боз болып қатып қалыпсың. Әуелі тіпті қолыңдағының не екенін білмедім. Бір қатып қалған түйіншек. Алайын десем қолың қарысып қалған ба, айрылмайсың, - дейді. - Былай қарасам құндақтаулы бала сияқты. Тіпті шошып кеттім. Мұз болып қатып қалған, қаудыраған бір нәрсе. Шешкен кезде жаялықтарын кәдімгідей сықырлатып аштым. Мұз болып қалған. Ішіндегі бала да мұз боп қатып қалған шығар десем... Кәдімгідей қимылдайды...» Міне осындай қиыншылықты жағдайларды бастан жиі өткеріп жүрсе де, қазақтың жас келіншегі еш мойымайды. Қайта қатып-пісіп, қайраттана түседі.

Шығармада көптеген кейіпкерлердің ішкі сезім әлемі қилы-қилы құбылмалылыққа ие екенін көресіз. Олар сонысымен де қызықты, оқырманның есінде қалады. Сондай кейіпкерлердің бірі – Николай. Николай – ішкі жан дүниесі қатпар-қатпарлы жан. Ол өзінің сүйген адамы Светаны жақсы көреді. Бірақ Светаның басынан өткен қиыншылық жағдайдан кейін одан көңілі қалып, еріксіз мазаң күйге түседі. Ол өзінің еркектік намысын биік ұстаймын деп, кейінгі бақытсыздық жағдайға жол ашып алғанын өзі де байқамайды. Ақыры ол Света өлгеннен соң одан қалған қызға қамқорлық жасай бастайды. Сөйтіп кеш те болса, оның адамгершілік сезімі қайта қалпына келіп оянғандай болады. Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романында заманадан соққан желге қарай алуан түрлі бағыттарға ауысатын жандар бейнесі жақсы суреттелген. Осы арқылы қалың оқырман кешегі кеңестік-социалистік дәуірдің өмірлік көзқарас, ұстанымдарын, қайғысы мен қуанышын аңдайтыны сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда, өз дәуірінің шынайы шежіресін жазып ұсынып қалдырған Тахауи Ахтанов романдары мен драмалары өз заманының анық та айқын шежіресі екені даусыз. Жазушының соңында қалған рухани құнды мұралары туған халқымен бірге жасай бермек. 

Қыран Алтай

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?