Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Полиция басылымдарына 90 жыл

1551
Полиция басылымдарына 90 жыл - e-history.kz

Өткен жұмада ҚР Ішкі істер министрлігінің клубында «Сақшы» және «На Страже» республикалық құқықтық, қоғамдық-саяси газеттерінің 90 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған көп жылын осы басылымдарға арнаған ардагер журналистер, Ішкі істер органдары медиа орталығының бұрынғы басшылары, өңірлік полиция мен қылмыстық атқару жүйесі департаменттерінің, ведомстволық оқу орындарының баспасөз хатшылары қатысты. 

Елеулі датаның арнайы аталып отырған себебі – бұл екі газет еліміздің ішкі істер саласы құрылымдарының жаңа заман талабына сай дамып, полиция қызметінің қоғамдағы оң имиджін қалыптасуына ықпал етіп отырған басылымдар.  Сонау 1933 жылдан бері көзі қарақты жұрт ішкі істер органдарының жұмысын осы газеттер арқылы біліп келеді. 

Салтанатты іс-шара арнайы дайындалған видеоролик көрсетуден басталды. Көз алдымызда архив материалдары тізбектеліп беріле бастады. Басылымдар осы тоқсан жыл ішінде қаншама белестен өткен, мысалы, 1933 жылы  «SAQCЬ» – «Страж» деген атпен шыққан өлкелік газет – Өлкелік милиция басқармасы саяси бөлімінің органы болған. 1935 жылға дейін Ішкі істер мининстрлігінің органы ретінде Орынборда шығып тұрған «Сақшы» газеті сонау Ұлы Отан соғысы кезінде де тоқтамаған, халықты жеңіске үндеп отырған. 1957 – 1960 жылдар аралығында «Казахстанская милиция» болып аталып, 1990 жылдан «На страже» деген атпен орыс тілінде шығып, кейін үлкен басылымға айналып отыр. Бүгінгі таңда «Сақшы» газетінің таралымы 15383 данаға жеткені – бұл салада көп еңбек барын көрсетсе керек.

Видеороликтен кейін ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов басылым ардагерлері мен қызметкерлерін құттықтап, « Сіздер арқылы азаматтар елдегі орын алған құқықбұзушылықтың алдын-алу бағытындағы жұмыстардан хабардар болады. Қызметтеріңіз табысты болып, оқырманның ыстық ықыласына бөлене беріңіздер» - деп, журналистердің еңбектеріне ілтипатын білдірді. 

Ардагерлерге Премьер-Министрдің атынан алғысхаттар, «Ақпарат саласының үздігі» марапаттары, ІІМ атынан 13 адамға алғысхаттар мен дипломдар табыс етілді. Ішкі істер органдарының Медиа орталығының директоры Л. Жакупова, Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Ардагер» журналының бас редакторы милиция генерал-майоры Ө.Болсамбеков, Көліктегі полиция департаментінің Консультативтік-кеңесші органының төрағасы, департамент музейінің меңгерушісі, «Сақшы» газетінің жылнамасын жазып филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғаған, отставкадағы полиция полковнигі, Ішкі істер министрлігінің бірінші баспасөз хатшысы Ә.Жарылқағанов, Polisia.kz сайтының шеф редакторы  Ф. Мұхаметқали, телестудия қызметкері Ш. Тұрлыбек сөз сөйледі.

Бұдан кейін Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің және есімі елге танымал өнерпаздардың концерттік бағдарламасына кезек берілді. 

Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері Д.Исаев, А. Кеңес өнер көрсетіп, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Ғайни Жұмашева «Елімай» әнін, «Дәуір» тобы «Туған жер» әнін, халықаралық және респбуликалық ән байқауларының жүлдегері Асхат Әмірғалиев «Мен қазақпын» әнін, Қазақстан Республикасының мәдениет және еңбек сіңірген қайраткері, әнші Құрмаш Маханов «Сарбаздар» әнін, халықаралық және респбуликалық ән байқауларының жүлдегері Фируза Рахметова «Бұлбұл» әнін, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрінің әншісі Әсел Мадекешова «Мәңгілік ел» әнін орындап, көпшілік ықыласына бөленді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?