Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қарқаралы басында  жалғыз  арша

1340
Қарқаралы басында  жалғыз  арша - e-history.kz

Ертеректе «Қарқаралы басында жалғыз арша, хатқа жүйрік сол қалқа мұсылманша» деп басталатын қазақтың классикалық әні бар еді. Қазір де айтылады ғой, бірақ елдің өз ішінен, өзегін жарып шыққан, Сарыарқа қазағының туған жеріне деген махабатын, мұңын қоңыр дауыспен жеткізетін әншілердің орындауы ерекше болатын. Қарқаралының қасиетін түсіну үшін оның тарихын білу керек, ол тарихты білу үшін шежіре қариялар керек. 

Жас кезімізде біз әңгімесін естіген қазына  қариялар қазір жоқ,  қазынадан шала-пұла бірдеме алып  қалған  біз солардан қалған бір жұрнақ. Біз тақырыбымызды халық әнінен алып Қарақаралы тарихына қатысты бірнеше этюд жазуға бел байладық. 

Қарқаралы –Қазылық

Қарқаралы  қазақтың тарихи санасында «Қазылық»  аталатын Сарыарқаның шығыс бөлігіндегі таулар жүйесіне кіреді, сол себепті ертеде «Қарқаралы-Қазылық» аталады.   

Қарқаралы атауы «қарқара»  сөзінен шығады, бұл ерекше, биік, салтанатты деген ұғымдардың баламасы,  яғни маңайындағы өзге таулардан биіктігімен,  көркемдігімен  айрықша бөлектеніп тұратын тау деген мағынада. Алқа-қотан топ  ортасында көзге ерекше көрнекті бойшаң  адамды да «мынау көптің ортасында қарқарадай болып отырған кім?» дейді.

Ертеде ел жайлауға көшкен кезде  көштің алдында жүретін түйені сәндеуге ерекше маңыз беріледі. Біріншіден, көштің алдындағы түйе өзгесінен  бойымен де, сәнімен де асқақ болуы керек. Бұл түйені ауылдың бәйбішесі жорға атпен бұйдасынан жетелейді. Бәйбішенің өзі де аса сәнді киінеді, егер ол келіншек болса мұндай жағдайда сәукелесін киеді, жасы келген әйел болса басына жарқыратып, алтындатып  күндік байлайды.  Бәйбішенің кемер белбеуіне әр түрлі қымбат  маталардан  таспа сияқты  жасалған  ұзын ленталар  бекітіледі. Бір сөзбен айтқанда көш алдындағы  қазақтың бәйбішесі сәні жағынан анау-мынау қырғауылдың әтешінен кем болмайды.

Міне, осы көш басындағы түйеге артылған жүктің үстіне кебеже- әбдірені орнатып, оның төрт құлағына қырғауылдың құйрық қауырсындары мен  тырнаның мойын жүнінен  қарқара шанышады.  Осындай салтанатты көшті қазақ «қарқаралы көш» деп атайды.

Бізге көрші, ертеде қазақ одағында болған қырғыз халқы қарқара (қарқыра) деп  көкқұтан деген құсты (цапля)  және соның қауырсындары бекітілген  қыз баланың   бас киімін атайды. Егер сіз  XVIII ғасырда қазақ өмірінен салынған француздар мен алмандардың суреттерін байыптап қарасаңыз  олардан басына қауырсын бекіткен   бас киімді  әйелдерді көресіз. Бұдан шығатын қорытынды біреу- қарқара  қазақ қыздары мен әйелдернің көкқұтан, не қырғауыл, не тырна қауырсындарын бекіткен биік бас киімі.  Сәукелені елдің кейде  қарқара деп атауы да осыған байланысты. Сонымен Қарақаралы  Сарыарқаның басына түрлі-түсті  қауырсын шаншыған қыз баланың бас киімін елестетін, сұлу  тауы.

Қазылық   адамға-малға жайлы жерлерге қатысты  қолданылатын көне ұғым. «Қазы»   сөзі көптеген  жылқышы халықтарда,  соның ішінде саһа (якут) халқында бар,  яғни қазы сақ-скиф  дәуірінде  қолданыста болған сөз.  Біз қазы сөзінің  саһа тіліндегі нұсққаларын қарастырайық.  Біріншіден, бұл  сөз жылқының  қабырғасына жианалатын іш майына (лошадинный брюшной жир) қатысты қолданылады. Қазақ тілінде де  дәл осы мағынада,  яғни жылқы етінің ең шиманды, қадірлі,  дәмді бөлігі. Қазы сөзінің саһа тіліндегі екінші мағынасы өте күрделі. «Это центр, выпуклость и темя земли (так говорят в сказках и песнях о самой хорошей  для  поселения земле)». Мұны жазып отырған Э.К.Пекарский  патшалық Ресей заманында Сібірге жер аударылып, бар ғұмырын саһа тілін зерттеуге арнаған ғалым (Пекарский Э.К. Словарь якутского языка. Т.3, М.,1959. Ст.3383). Э.К.Пекарскийдің  анықтамасын қазақша «Қазылық – жер шоқтығы» деп аударсақ жарасымды болмақ.

Қазы сөзінің саһа тіліндегі үшінші мағынасы – «сарай при юрте,  хлев, двор для загона табунов, навес для лошадей,  конюшня, хлев для жеребят».  Бұл жерде жылқыға пана, күн қағар болатын үй жанындағы құрылысты айтып отырғаны сөзсіз, яғни қазылық сөзі  жылқы малына қорадай жайлы, пана жер дегенді білдіреді.  Э.К.Пекарскийдің  үшінші анықтамасы  қазақтың ғұлама ғалымы және ХХ ғасыр басындағы көшбасшысы Ә.Бөкейханның «Қазылық- мал кіндігі» деген сөзін еске түсіреді.

Сонымен Қарақаралы-Қазылық атауы сіздерге түсінікті болды деп есептейміз. Бұл атаудың кем дегенде 3 мыңдық жылдық тарихы бар екенін  саһа (скиф, скуз,  ишгуз) заманына  ой жүгіртсеңіз білесіз.

Сарыарқада неше Қазылық бар?         

Қазақ ауызша дәстүрінен хабары бар адам  Қарқаралы –Қазылық атымен қатар, Үш Қазылық, Бес Қазылық, Он екі қазылық атаулары бар екенінен, әрине,  хабардар. 

Егер сіз жазба , не ауызша деректерден   Үш Қазылық атауын кездестірсеңіз- олардың Қаркаралы, Кент, Қу  таулары екеінін білуіңіз  керек. XVIII ғасыр құжаттарының бірінде, Нұралы ханның Воронеж губернаторы атына жазған хатында,  Кіші жүз атынан «Қытай ханына» (Шүршіт еженханына) аттанған елшіліктің Үш Қазылық арқылы  өткені айтылады:  «путь свой имели…через Средней Орды Абулфяиз солтана, кочевавшего при урочище называемом Уч-Казулык» (Международные отношения в Центральной Азии. XVII-XVIII в.в. Документы и материалы, кн.2, М.1989, с.179-180).

XVIII ғасырдың екінші жартысында бүкіл Шығыс аймақты (Алтай, Тарбағатай, Жетісу) билеген  Әбілпейіз сұлтан  Нұралы ханның Патшайым атты қызын алған  күйеу баласы.  Шыңғыстауда Әбілпейіз сұлтанның   Патшайым ханымға арнап салғызған «Ханым патша мешітінің» орны әлі де бар.

«Бес Қазылық» атауы Ә.Бөкейханның Ақайдың Хасенінің былғары зауытын ашамын дегеніне байланысты қазақ шаруашылығын талдаған мақаласында кездеседі. Ғұлама «Қарқаралы, Қара қуыс, Едірей, Қу, Баянауыл тауларын «Бес Қазылық» дейді.  Бұл мал кіндігі.  Қойға бұлардан артық жайлы жер дүнияда жоқ десе болады»  дейді (Бөкейханов Ә. Шығармалар. Алматы,1994, 165 б). Ақайдың Хасені былғары зауытын саламын деген соң  Әлихан бұл жерде қойды ғана айтып отыр. Шын мәнінде Сарыарқаның ұсақ шоқылы аймағы, Бес Қазылық, жылқының да кіндігі үзілмейтін берекелі қоныс.

XVIII ғасыр әдебиетіне «Үш Қазылық», «Бес Қазылықпен» қатар  «Он екі Қазылық»  ұғымы да қолданылады. Мысалы XVII-XVIII ғасырларда  «жеті ханды жебелеген», қазақ мемлекетшілдік идеясының негізін қалаған Бұқар жырау толғауларында:

Он екі Қазылық, ой Түңлік,

Шауып шықтым белеңге,- деген шумақ бар 

(Артықбаев Ж.О. Бұқар жырау: ғұмыр белестері. – Қарағанды: «Мағжан», 2019, 112 б).

Бұл жерде Қызыларай тауларынан басталып, Шығыс Сарыарқаны ортасынан  бөліп  Ертіске қарай ағатын атақты Түндік өзені туралы айтылып отыр.  Қазақ ертеде солтүстікке  қарай ағатын өзендері  «түн жаққа ағатын  өзендер» деп есептейді. Түндік өзені Ертіс жағасындағы Қарасор көліне құяды. Белең Сарыарқадан оңтүстікке қарай Бетпақ даланы кесіп өтіп Сырдарияға құятын жалғыз өзен Сарысудың орта ағысындағы қалалық қоныс.   Сарысу солтүстік пен оңтүстік арасындағы меридиан сауда жолдары жүретін негізгі  өзен. 

Географиялық тұрғыдан «Он екі Қазылық» ұғымы   Қарқаралы, Қу, Кенттен бастап, бір жағы  Баянауыл (Баянаула), екінші жағы Хан Шыңғысқа дейінгі алып аймақты қамтиды.  «Он екі Қазылықтың» негізгі ерекшелігі  бұл таулардың бәрі Түндік өзенінің екі жағында, қапталдаса   жатыр. 

Қазылық туралы қалмақ деректері

«Он екі Қазылық» атауы қазақ ауыз әдебиетіндегі «Қалмақтың жерімен қоштасуы» атты   жырда кездеседі:

Он екi Қазылық, Ой Түндік,

Маңырап жатқан қой түндік,

Жылқы ұстаған құрығым,

Үй тіреген сырығым,

Қайран да, қайран, қайран тау,

Әкем күйеу болған тау,

Анам келін болған тау,

Үш атамыз өткен тау,

Үш мың қара бiткен тау.

Баян бiр аула Қазылық,

Жолың жатыр қазылып

Жазғытұры көшкенде,

Қалушы едiң қара жол,

Қабырғадан қазылып.

Күзгi тұрым қонғанда,

Төрт түлiк мал бауырында,

Жатушы едi жай тауып

Жырдағы «Үш атамыз өткен тау» атты жолдар қалмақтың бұл аймақты жүз жылдай иемденгенін көрсетеді, бұл шамамен 1625-1725 жылдар. 

Біздің ойымызша қалмақтан бұл жерге алғаш қоныс салған атақты дербет көсемі Талай тайшы. 1625 жылғы Тобольск елшілік басқармасының  қағаздарында  моңғолдармен жаугершілік күшейген себепті Талай тайшының  өзінің балаларын және хошоуыт  Байбагиш  /Байбагыс-Ж.А./ тайшыны    ертіп Қазылыққа келгені айтылады: «весною Талай – тайша с детьми прикочевали на урочище Козлык» (Международные отношения в Центральной Азии. XVII-XVIII в.в. Документы и материалы. кн.1, М.1989,  с.64).

Осы тақырыпқа тағы да бір дәлел  ойрат-қалмақтың атақты ағартушысы Зая-пандитаның өмірбаянында Қазылықтың аталуы: «Он /Зая-пандита-Ж.А./ в году овцы /1643/ провел зиму у Кундулунг-убаши в /местности/ Хасулаг.   Совершив в полном виде молитвенные обряды по случаю /праздника/ Цаган Сар (Ұзын сары-Ж.А.) , он /тем самым/ посеял семена добродетели в людях» (Норбо Ш. Зая-пандита /Материалы к биографии/. Элиста, 1999, с.45).

Бұл мәтінде «Хасулаг» деп   Кент-Қазылық аталып отыр, осы Кент-Қазылыққа кіретін ауызда, «Қыз әулие»  аталатын тау қойнауында Күндулунг-убаши салғызған Қызыл кеніш ғибадатханасының орны әлі де бар. Бір жағы Қоңыр, екінші жағы Доңғал аталатын биіктері, Қызыл су (Қызыл кеніш) аталатын өзендері бар, адам баласына да, баққан малына да  өте жайлы қоныс. Күндулунг-убаши жоғарыда аты аталған Байбағыс тайшымен бірге  «табын барыс» аталатын хошоуыттың бес көсемінің бірі. Убаши- дегініңіз будда дініне шын берілген  қызметкерлеріне берілетін атақ.

Бұл тақырыпты қаузаулап жазып жатқан себебіміз- жоғарыда аты аталған жерлерде Талай, Байбағыс заманынан қалған қалмақтың тұқымдары әлі де кездеседі. Студент кезімде Кент-Қазылықта көп жүрдім, қонақжай ел еді, қола дәуірінен бастап бертіңгі заманға дейінгі ескерткіштері тура аспан астындағы мұражай дерсің. Шағын ғана Кент деген ауыл бар еді, Ғабдолла, Төлеген деген әңгімеші қариялары  бар еді. Қызыл кеніштің, Аюке қызы  Етрежектің  (Сетержаб), Сына батырдың  әңгімелерін төгілтіп айтып отырушы еді. Алла риза болсын, жатқан жерлері жарық болсын!       

Қу Қазылықтың бір аты -  Ағыс Қу

Қазылықтың  әңгімесіне әйтеуір кіріскен екенмін  Қу Қазылық туралы айта кетейін.  Бұл жердің әуелгі, атам заманғы  атауы Ағыс Қу. Жоғарыда біз  саһа тілінің біздің тарихымыз үшін керемет дерек көзі екенін жаздық. Расында да сонау сақ- скиф заманында Солтүстік мұзды мұхитқа дейін жайлап,  оқшауланып кеткен сол ағайындарымыз бізде жоғалған көптеген  ұғымдарды сақтап қалған. Соның бірі «ағыс» сөзі, саһа тілінде ағыс сегіз деген сан есімді білдіреді.  Бір, екі, үш т.б. сандары  бізбен бірдей, ал  сегізді ағыс деп атайды.  Ағыс Қу-  , жалпақ тілге салсақ ағашы аз, жалаңаш сегіз шоқы, яғни  Сегіз Қу.

Қазақта «ағыс»  деген рудың да аты бар. Ертеде сегіз атадан тұратын,  саны жойқын, көп ел болған. Көпшілігі Ғұндардың Ұлы жорықтары мен қоныс аударулары кезінде Еуропа мен Азия  халықтарына араласып кетті.  Екі мәрте Кеңес одағының  батыры атағын алған жалғыз қазақ  Талғат Бигелдинов сол ағыс руынан болатын.  Қыстаулары  Астана аэропорты түбіндегі Майбалық деген қазіргі уақытта жоғалған  ауыл.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?