Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Б. Заядан: Биотехнология - келешегі кемел ғылым

4832
Б. Заядан: Биотехнология - келешегі кемел ғылым - e-history.kz

Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биология және биотехнология факультетінің деканы, биология ғылымдарының докторы,  профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Заядан Болатхан Қазыханұлымен сұхбатты ұсынып отырмыз.

Сұхбатымызды өмір жолыңыз туралы шағын таныстырудан бастасақ. Болатхан Қазыханұлы, өмір жолыңыз туралы таныстырудан бастасақ:

- Әр адамның өзіне ғана тән өмір жолы, сонымен қатар бір дәуірде, қоғамдық құрылымда ғұмыр кешкен замандастармен ұқсастық, ортақтық болады ғой. Осыған орай менің өмір жолымның балалық, жастық кезеңі де коммунистік дәуірді бастан кешкен өзге балалар мен жастарға ұқсас десек болады. Қалай болғанда да мамыражай, алаңсыз дәуір еді ғой. Мен 1961 жылы 8 ақпанда бұрынғы Монғол Халық Республикасының яғни қазіргі Монғолияның Қобда аймағының Қобда қаласында  ұстаздар  отбасында дүниеге келдім. 1968 жылы әкем Қобда сұмынына (ауданында) мектепке оқу ісі меңгерушісі болып барды. Әкеміз балаларын қазақша оқытуды жоспарлаған болар. Қобда аймағындағы негізінен қазақтар аздап мекен ететін аудан. Мұнда қазақша 8 класқа дейін білім алуға мүмкіндік бар. Қазір де солай. Жалпы Қобда аймағында қазірдің өзінде жиырма мыңға жуық қазақ бар. Қазіргі Баян-Өлгий қазақ аймағының өзі де 1940-жылы Қобда аймағынан бөлініп шыққан тарихы бар. 1969 жылы Қобда сұмынында қазақ мектебінің табалдырығын аттап, 8 класты бітіріп, 9- 10 класты Қобда қаласы 1-ші 10 жылдық мектебін монғолша тамамдадым. 

Биология және биотехнология факультетінің деканы, деканының орынбасарлары, кафедра меңгерушілері мен ҒЗИ-ның директоры (сол жақтан:  А.К.Садвакасова, А.С.Кистаубаева, М.С. Құрманбаева, А.К.Бисенбаев, Б.К.Заядан, З.А.Инелова, А.М.Кустубаева, Ж.К.Жунусбаева), Алматы, 2021 ж.

Осы ретте айт кетерлік бір жағдай: кішкентай кезімнен айнала табиғатқа деген қызығушылығым бар еді. Жердегі жыбырлаған құрт-құмырсқаға, жортқан-ұшқан аң-құстарға мән бере қызықтауды жаным жақсы көретін. Бала кезімде құс балапандарын  қолға үйрету, қоян көжектерін асырау деген сияқты жануарларға табиғи жанашыршылық болды. Сонымен қатар әкемнің мамандығы биолог болғаны да үлкен ықпал етті деп білемін. Қысқасы осы балалық шағымдағы қызығуышылықтарым мен икемділіктерім менің алдағы күнде биология ғылымына бүкіл саналы ғұмырымды арнауыма баспалдақ болған екен-ау деп ойлаймын. 

- Ол заманда талапты оқушылар барлық пәндерді қатар алып жүруге, үйірмелерге молынан қатысуға тырысушы еді ғой...

- Иә, социалистік мемлекеттің жарқын болашағына қызмет ететін азаматтар білім мен еңбек дағдысын қатар игерумен қатар, денсаулығы жақсы да ширақ болу керек деген талап пен ұмтылыс болды. Соған баршаны жұмылдырып, ынталандыратын еді. Осыған орай жан-жақты болуға тырысатынбыз. Мектепте оқып жүргенде домбыра, гитара, баянда ойнаумен қатар шығармашылықпен де шұғылданып, шағын көріністер жазатынмын. Спорттан монғол күресі, жеңіл атлетика мен коньки тебуден мектеп, аудан, обылыста жеңістерге жеттік. Қысқасын айтқанда пионер, комсомол, спортсмен, әнші, күйші, жазушы болып белсенді бір  балалық шағым өткені есімде. Соған қарағанда бойымда әдебиетке, шығармашылық бейімділік те болған болуы керек. Ауылда 8 жылдық мектепті қазақша оқығанның нәтижесінде қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын толық оқып шықтым. Соның ішінде С.Мұқановтың «Өмір мектебі», «Аққан жұлдыз», «Ботакөз», «Мөлдір махаббат», З.Шашкиннің «Доктор Дарханов», Ғ.Мүсіріповтің «Жолдастар», М.Әуезовтің «Абай жолы»,  Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы, Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» және т.б. кітаптарды оқушы кезімде қызыға оқыған едім. Сонымен қатар «Жұлдыз», «Білім және еңбек», «Мәдениет және тұрмыс» журналдары менің адам болып қалыптасуыма үлкен әсерін тигізді. Ол заманда Қазақстанда шығатын оқулықтар, көркем әдеби кітаптар мен газет-журналдар Монғолиядағы қазақтарға бөгетсіз жетіп жататын еді ғой.

Профессор Б.К. Заядан шекірттерімен бірге ЭКСПО 2017 көрмесіне қатысқан сәт

Бірақ кейіннен Қобда қаласындағы монғол мектебіне келіп оқыған кезде шығармашылық жолды ары қарай алып жүріп шыңдауға мүмкіндік болған жоқ. Бұл кезеңде нақты ғылымдық пәндерге баса көңіл бөліп кеттік. Ғылыми, көркем әдеби, публицистикалық стильдер былайынша табиғаты әр түрлі болғанымен, ойды, мағынаны тиянақтап жеткізе білудегі икемділік дағды ортақ қой. Өмір бойы түрлі ғылыммен шұғылданған ғалымдардың өз салалаларына қатыссыз әдеби, тарихи, танымдық тартымды дүниелер жазуын осылай түсіндіруге болар. Алдағы күндері ғылымнан қолымыз қалт етсе, ондай дүние жазуға болатын да шығар, бәлкім. Оны уақыт көрсетеді. Ал жалпы өзім тарихты жақсы көремін, тарихи дүниелерді оқуды ұнатамын, қолым жұмыстан босағанда тауға серуендеуді жақсы көремін. Мамандығыма, ғылыми жұмысымның тақырыбына сайлығы болар: әртүрлі экстремальды табиғи орталардан фототрофты микроорганизмдерді бөліп алып, коллекция жинап, оларды бүгінгі заманның талабын сай практикаға пайдалану менің болашақ арманым, бұл тұрғыда әжептәуір коллекциям бар. Жалпы хобби, қызығушылық тұрғысында айтқанда осындай.

- Студенттік шақ – адам өміріндегі ең бір ұмытылмас қызықты кезең ғой. Орта мектептен кейін қайда оқуға түсіп білім алдыңыз? Осы туралы тарқата айтып берсеңіз?

- 1979 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Ұланбатыр қаласына аттандым. Монғолия мемлекеттік университетінің жаратылыстану факультетіне биофизика және биология мамандығы бойынша оқуға қабылдандым. Болашақ мамандығыма деген қызығушылығым оқытушы ұстаздарымның назарына ілінген болуы керек, үздік деп танылған бірнеше студентпен бірге 1983 жылы ғылыми-өндірістік тәжірибеден өту үшін жолдама алып Кеңес Одағына аттандық. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті мен А.Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетіне тағылымдамадан өттік. Бұл екі білім-ғылым ордасында теориялық-практикалық тұрғыда көп нәрсені оқып біліп, тәжірибе игердік деп айта аламын және осы ғылыми-өндірістік тәжірибе арқылы менің болашақ ғылыми ізденіс бағытым да нақты айқындалған еді. 

«Фотобиотехнология» ғылыми мектебінің ұжымы

Дипломдық жұмысымды да 2 курстен бастап, Монғолия Ғылым Академиясы (МҒА) Физика институтының биофизика лабораториясында профессор Ш. Найданның басқаруымен жасап, Өтежақсы бағамен қорғап көзге түстім. Осы  бір студенттік шақта алған білім мен практикадан өткен тәжірибелерім менің болашақ өмірінің жол азығы болды ау деймін.

- Жоғары оқу орнын тәмамдаған студентті министрлік жолдаманы қолға ұстатып, қажет деп тапқан бағытқа жөнелетін еді ғой. Сіздің қызметтік жолыңыз қалай басталды?

- Бұл тұрғыдан жолым болды деп білемін. Университет бітірген соң бірден ғылым жолына бет бұрудың сәті түсті. 1984 жылдан бастап Монғолия Ғылым Академиясы (МҒА) Жалпы биология институтының микробиология лабораториясында кіші ғылыми қызметкер болып орналасып, зерттеу жұмысына араласа бастадым. 

Жалпы алғанда бұл кезеңде биология ғылымының Монғолия мемлекеті үшін маңызы зор болды. Мал мен егін шаруашылығымен шұғылданушы аграрлық-индустриялық ел ретінде дамып келе жатқан Монғолия өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан биотехнологияға шындап мән бере бастаған болатын. Осы кезеңде, 1986 жылы жаңа құрылған МҒА Биотехнология институтының микробиологиялық синтез лабораториясының аға ғылыми қызметкері болып жұмыс істедім. 1989 жылы Ұланбатырда Биотехнология институтының кешенді ғимараты салынды. Осы жылы МҒА академигі, доктор, профессор Г.Пунцагтің жетекшілігімен аталған институтта бір жасушалы балдырларды, яғни хлорелла микробалдырын зерттеумен шұғылдандым және сол кезеңнен бері қарай менің негізгі ғылыми ізденіс, жұмыстарымның бағыты ретінде осы балдырларды зерттеу, одан халық шаруашылығына қажетті өнімдер шығарып алу технологияларын әзірлеу мәселесімен шұғылданып келе жатырмыз. Мұндағы жұмысымыздың мазмұны – хлорелланы өндірістік тәсілмен жаппай өсіру арқылы өнеркәсіпте пайдалану ғой. Осы арқылы Монғолияның мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы кешендерін ақуыз мөлшері жоғары биологиялық белсенді құрама жеммен қамтамасыз ету болды. Осы тұрғыдағы жұмысымыздың нәтижесі – белокқа бай хлорелланың белсенді штамдары шығарып алынды. Бұл кездегі 20-дай хлорелланың белсенді мутант штамдарын шығарып жариялауым менің шет елге ғылыми жұмыс жасауыма тікелей түрткі болды. Бұл жылдары Кеңес Одағында іс-тәжірибелік тұрғыда біліктілік көтеруге мүмкіндік туған еді. Яғни 1989-1990 жылдары бұрынғы социалистік лагерь елдері арасындағы Экономикалық Өзара Көмек Бағдарламасы бойынша Мәскеу қаласында КСРО Ғылым Академиясының К.А.Тимирязев атындағы Өсімдіктер физиологиясы институтында стажер-зерттеуші ретінде жұмыс істедім. Мұнда өткізген бір жылдық тағлымдама барысында кеңестік белгілі физиолог, биотехнолог, альголог мамандар: б.ғ.д., профессор В.Е.Семененко, б.ғ.д., профессор Л.Н.Цоглин, б.ғ.д., профессор М.Г.Владимировтардың жетекшілігімен зерттеуші-тәжірибе жинақтаушы болып жұмыс істедім. Бұдан соң 1990-1992 жылдары Ленинград мемлекеттік университетінің биотехнологиялық орталығында да екі жылдық тағылымдамадан өттім. Мұнда биология ғылымдарының докторлары, профессорлар: КСРО ҒА академигі, б.ғ.д., профессор С.Г.Инге-Вечтомов, б.ғ.д., профессор К.В.Квитко, б.ғ.д., профессор Б.В.Громов,А.С. б.ғ.д., профессор Чунаев сияқты танымал ресейлік ғалымдардың тәлімін тыңдап, іс-тәжірибелерінен үйренудің сәті түсті. КСРО-дағы жетекші ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту барысында микробалдырларды зерттеудің жаңа әдістері мен тәсілдерін игерумен қатар, ондағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына шамаша белсене араластым. Осы кезеңдегі еңбегімнің нәтижесі – «Хлорелла мутантты штамдарын сипаттау, патенттеу және сертификаттау» тақырыбындағы жұмысым «КСРО-ның микробалдырлар дақылдары коллекцияларының каталогы» жинағына енген болатын. Сол жылдары Spirulina platensis микробалдырларының фоторезистеттік штамын алуға қол жеткізілді. Бұл штамм – ғалымдар тарапынан биологиялық белсенді заттарды өндіруші ретінде маңызды деп бағаланды. 

1993 жылы Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің генетика және селекция кафедрасының аспирантурасына қабылдандым. Мұндағы ғылыми ізденістерімнің нәтижесінде  гербицидке төзімді Chlamydomonas reinhardtii-дің мутантты штамдарын алу, олардың генетикалық, биохимиялық және биофизикалық қасиеттерін зерттеу бойынша диссертациялық жұмыс әзірленді. Сөйтіп 1996 жылы «Норфулорозанға төзімді Chlamydomonas reinhardtii мутантты штамдарының генетикалық талдауы» тақырыбында биология ғылымдарының кандидаты атағын алу үшінгі диссертациясымды ойдағыдай қорғап шықтым.

Лиофилизация зертханасында: оңнан солға қарай Ж.Қ.Түймебаев, А.К.Саданов, И.А. Радникова және Б.К.Заядан

Ғылым кандидаты атағын қорғаннан кейін де Санкт-Петербург мемлекеттік университетімен ғылыми әріптестік байланысым үзілген жоқ. Ғылыми жұмысымды аталған университеттің ҒЗИ-інде аға ғылыми қызметкері ретінде жалғастырдым. МINTAS-94-2594 «Biochemical and genetic characterization of Chlamydomonas reinhardtii mutants» және РФФИ 93-04-6781 «Chlamydomonas reinhardtii бір клеткалы жасыл балдырлар пигменттерінің биосинтезін генетикалық бақылау» тақырыптары бойынша ғылыми жобаларды жүзеге асыруға қатыстым. Бұл жұмыстың нәтижелеріне Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Д.Н.Маторин мен Швейцариялық профессор А.Боскеттилер назарын аударып, олармен ғылыми ынтымақтастықта жұмыс істедім.

- Монғолия және Ресей Федерациясындағы ғылыми ізденіс жолдарыңызға туралы біршама қанықтық. Әлемдегі барша қазақтың қара шаңырағы Қазақстанға қай жылы оралдыңыз? Ғылыми ізденіс жолыңыз мұнда қалай жалғасын тапты? Осы жайында баяндап берсеңіз?

- Иә, барлық шетте жүрген қазақ баласы сияқты менің де жүрегімнің түкпірінде Атажұртқа деген аңсар, сағыныш жүргені анық еді. «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», - дейді халық даналығы. Ұланбатырда да, Мәскеу мен Санкт-Петербургте де ғылыми ізденістерімді жалғастырып, біраз нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар еді. Бірақ мен атамекенге оралып, өз білімімді, қабілеті-қарым, күш-жігерімді қарашаңырақ Қазақстанның болашағына арнауды дұрыс деп шешім қабылдадым. Осылайша, 1997 жылы күзде біржола қоныс аударып келіп Алматы қаласына келіп орын тептім.

Мұнда танымал альголог, биология ғылымдарының докторы, профессор Т.Т.Таубаевпен кездесуім – өзімнің жүзеге асырсам деген ғылыми-практикалық ойларымның нәтижесіне қол жеткіздім десем болады. Профессор Т.Т.Таубаевтың басшылығымен Өзбекстан Республикасында микробалдырларды жаппай өсіру және оның биомассасын ауыл шаруашылығында пайдалану бойынша кешенді ғылыми жұмыстар жүргізген танымал ғалым. Бұдан соң Атажұрттағы ғылыми зерттеу жұмысымыз жалғасын тапты.

Алматы қаласында Қазақ ұлттық аграрлық университетіне экология кафедрасының доценті қызметін атқарара отырып, ғылыммен айналыстым. Бұл университеттің экология кафедрасының меңгерушісі б.ғ.д., профессор, Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, қазіргі уақытта «Микробиология және вирусология» Ғылыми Өндірістік Орталық орталығының бас директоры Саданов Амангелді Құрбанұлы тарапынан үлкен адами қолдау көрсетілді. Бірлескен ғылыми жұмыстарымыздың нәтижесінде микробалдырлардың экологиясы бойынша алғаш Қазақстанда кандидаттық диссертация қорғалды (Шорабаев Е.Ж., 2000 ж.).

- Таза ғылыми зерттеушілік пен студенттерге сабақ беру, педагог-оқытушылық жұмысымен шұғылдану, шәкірт тәрбиелеу – екібасқа ғой. Осы бағыттағы жұмыс барысы мен нәтижелер туралы не айтқан болар едіңіз?

- Иә, ғылыми зерттеу мекемесінде тәжірибемен шұғылдану мен білім беру мекемесінде әрі қызмет істеп, сабақ беру, ғылыммен айналысудың айырмасы зор. Бұл тұрғыда қол жеткізген нәтижелеріміз аз емес деп білемін. 

«БиоҒылым және биотехнология бойынша IV халықаралық конференция (BIOTECH 2019)». Куала-Лумпур, 2019 ж.

2001 жылдан бастап әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің биология факультетінің сол кездегі деканы, б.ғ.д., профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Ажар Ахметқызы Жұбанованың қолдауымен осы оқу орнында педагогикалық, ғылыми зерттеушілік жұмысымды жалғастырдым. Мұнда микробиология кафедрасының доценті ретінде жұмысқа қабылданып, одан әрі докторантура бойынша оқуға, кафедрада жаңа бағыт – фототрофты микроорганизмдердің биотехнологиясын дамытуға мүмкіндігіне ие болдым. 

Ғылыми, педагогикалық тұрғыдағы өрлеу жолымды қысқаша айтатын болсам, 2006 жылы «Су экожүйелерінің мониторингінде, функциялануында және ремедиациялауда фототрофты микроорганизмдердің рөлі» тақырыбында экология – 03.00.16, микробиология – 03.00.07 мамандықтары бойынша биология ғылымдарының докторын алуға арналған диссертация қорғадым. Оқытушылық пен ғылыми зерттеу жұмыстарындағы қол жеткізген нәтижелерім негізінде 2003 жылы доцент, 2007 жылы профессор ғылыми дәрежесіне ие болдым. Ал 2017 жылы ҚР ҰҒА корреспондент-мүшелігіне, 2020 жылы ҚР ҰҒА академигі болып сайландым.

- Қазіргі күні айналысып жатқан ғылыми жұмыстарыңыздың бағыты қандай?Осы тұрғыда қандай нәтижелерге қол жеткіздіңіз? 

- Әбу Насыр әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің сол кездегі микробиология кафедрасында Қазақстанда алғаш рет фотобиотехнология зертханасын құрдық. Бұл зертхананың базасында қазіргі уақытта микробалдырлар мен цианобактериялардың молекулярлық-генетикалық таксономиясы, микробалдырлар биологиясы мен экологиясы, фототрофты микроорганизмдердің физиологиясы, биохимиясы және биотехнологиясы бағыттары бойынша кешенді ғылыми зерттеулер жүргізілуде. «Фототрофты микроорганизмдер, оларды биотехнология мен биоэнергетикада қолдану» бағыты бойынша Қазақстандағы жаңа ғылыми мектепті негіздедік деп айта аламыз. Осы бағытта қазіргі күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институтының биотехнология зертханасы жұмыс істейді. АҚШ, Жапония, ҚХР, Польша, Ресей, Чехия және Ұлыбританияның ірі ғылыми орталықтарымен бірлескен белсенді зерттеулер жүргізудеміз. 

Біздің зертханамыз базасында микробалдырлар мен цианобактериялардың биологиясы мен биотехнологиясына арналған ҚР БҒМ және ҰҒА қаржыландыратын 18 ғылыми-зерттеу жобасына басшылық жасадым. Бұл зертхана базасындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының халық шаруашылығы тұрғысындағы маңызы мынада: биотехнологиялық маңызы бар фототрофты микроорганизмдердің перспективті дақылдарын іздеу мен зерттеу арқылы медицинада биологиялық белсенді заттарды (ББЗ), ауыл шаруашылығына арналған биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) шығарып алуға мүмкіндік туындайды. Сонымен қатар зертханалық жұмыстар бойынша зерттеулер биоотын және биотыңайтқыштар алу, ластанған қоршаған орта объектілеріне биомониторинг және биоремедиация жүргізу бойынша тиімді нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз. 

Қазақстанда алғаш рет әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде микробалдырлар мен цианобактериялар коллекциясы құрастырылды (CCMKazNU-Culture Collection of microalgae, Al-Faraby Kazakh National university).   Бұл коллекцияда өнеркәсіптік биотехнологияда болашағы мол 13 туыс және 25 түрден тұратын микробалдырлардың 90-ға жуық табиғи және мутантты штамдары сақталады.

Қазіргі уақытта отандық және шетелдерде 400-ден астам жарияланымдар, оның ішінде 16 оқулық пен оқу құралдары және 6 монографиям жарық көрді. Сондай-ақ International Journal of Hydrogen Energy, Journal of Biotechnology, Genome Announcements, FEMS Microbiology Letters, Photosynthesis Research, Russian journal of Plant physiology, Microbiology, Applied Microbiology and Biotechnology, Renewable and Sustainable Energy Reviews сияқты халықаралық әрі жоғары рейтингті журналдарда 80-нен астам мақалалам жарияланған екен. Сондай-ақ 26 патентіміз бар. 

Ғылыми еңбектердің жарияланым нәтижесі бойынша отандық, халықаралық марапаттар қысқаша атап өтсем, 2017 жылы Web of Science Core Collection мәліметтері бойынша 2012-2016 жылдар мерзімінде «Жасыл экономика» саласында қазақстандық ғаалымдар арасында ең көп сілтеме жасалынған авторлық үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің дипломымен, 2017 жылы Springer Nature баспасы журналдарындағы жариланым белсенділігіндегі жоғары көрсеткіш үшін  сертификатфен марапатталдым. 2019 жылы «Top Researcher in Engineering and Technology” аталымы бойынша Scopus Award-2019 дипломымен марапатталдым. Осы ретте айта кетерлігі соңғы бес жыл бойынша мақалаларымнан сілтеме алыну көрсеткіші Scopus, h-index-14 бойынша 740-ты құрайды екен. Бұл – мен үшін де, отандық ғылым үшін де мәртебе деп білемін.

Ғылыммен шұғылданатын маман кадрлар дайындау жұмысына да шамамша атсалысып келемін деп білемін. Менің тікелей ғылыми жетекшілігіммен 6 биология ғылымдарының кандидатт, 10 PhD докторлық диссертациялар, 34 магистрлық диссертациялар қорғалғаны осыған дәлел бола алады және бұл цифрларда да біршама жұмсалған күш-жігердің мөлшері жатқаны рас.

- Әрине ізбасар шәкірт тәрбиелеп, олардың ғылымдағы жолын ашу – айтқанға ғана оңай іс екені рас. Ғылым жолындағы ізденістеріңіз де расымен көз көріп, көңіл тоғаятындай екен. Нақты ғылымның ерекшелігі осында – ғылыми ізденістің нәтижесі нақты көрініп тұратындығында ғой. Осы саладағы еңбегіңіздің нәтижесі қалай бағаланып жатыр?

- Иә, нәтиже жаман емес. Ғылым адамы үшін ең маңыздысы – зерттеу жұмысының нәтижесі көрініп, халықтың жапай игілігіне жарауы ғой. Одан асқан бақыт бар ма? Ал еңбегіміздің нәтижесі бағаланбай жатыр деуге болмас. Педагогикалық саладағы жетістіктер жөнінде қысқаша баяндап өтер болсам: 2008, 2018 жылдары «Қазақстан Республикасы жоғары оқу орнының үздік оқытушы» атағына екі мәрте ие болдым. 2016 жылы ҚР БжҒМ-нің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісіне, 2018 жылы «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісіне, 2019 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісіне ие болдым. Осы жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2021 жылы Қазақстан Халқы ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен, «әл-Фараби үлкен күміс медалімен», «Қазақ аграрлық университетінің 90 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталдым.

Ғылыми зертхананың құрылуы ғылымды жоғары мектептегі білім беру үдерісімен біріктірудің айқын мысалы болды. Оның ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Биология және биотехнология факультетінің биотехнология кафедрасына маңызды орын мен ерекше рөл тиесілі. Менің бастамаммен және жеке қосқан үлесім нәтижесінде, жоғары дәрежеде мамандарды дайындау үшін Қазақстанда «Қоршаған орта биотехнологиясы» сияқты өте маңызды ғылыми бағыт ұйымдастырылды. Алғаш рет республикамызда докторантура бойынша «8D051 – Қоршаған орта биотехнологиясы» және магистратура бойынша «7М051 – Қоршаған орта биотехнологиясы» атты жаңа мамандықтар мен білім беру бағдарламалары құрастырылды. ИИДМБ-2 шеңберінде онымен «Индустрияға арналған жасыл энергетика» бағдарламасы бойынша бейімді даярлау үшін «6М071700 – Жылу энергетикасы» мамандығы бойынша білім беру бағдарламасы әзірленді. Сондай-ақ, ағылшын тілінде оқыту үшін баклавриат бойынша «5В070100-Biological engineering» білім беру бағдарламасы әзірленді. 

“Photosynthesis and Hydrogen Energy Research for Sustainability-2019”халықаралық конференцияға қатысып «Perspectives of cyanobacterial strains for biodisiel and biohydrogen production» баяндамасын қойған сәт. Конференцияны ұйымдастырушылар: профессор Томо Т. (Япония), профессор Аллахвердиев С.И. Санкт-Петербург, 2019 ж.

2011 бен 2022 жылдар аралығында университеттерде биология мен биотехнологияны оқытудың заманауи талаптарына жауап беретін, биологиялық ғылымның күрделі мәселелерін баяндаудың нақтылығы мен анықтығымен ерекшеленетін «Биомониторинг водных экосистем на основе микроводорослей», «Фототорфты микроорганизмдер биотехнологиясы», «Экологическая биотехнология фототрофных микроорганизмов» атты монографиялары, «Тағам биотехнологиясы», «Экологиялық биотехнология», «Basics of Biotechnology» оқулықтары, «Environmental biotechnology», «Су тоғандарының микрофлорасы», «Биотехнология негіздері», «Биотехнология фототрофных микроорганизмов», «Микробалдырлардың таза дақылдарын бөліп алу және оларды белесенді өсіру тәсілдері», «Биология талапкерлерге дәнекер», «Фототрофты микроорганизмдердің биотехнологиясы бойынша зертханалық практикум» атты оқу-құралдары, «Каталог коллекции культур микроводорослей и цианобактерий» оқу-әдістемелік құралы жарық көрді. 

- Биология – ең көне әрі заманауи ғылымдардың бірі екендігі белгілі. Жалпы әлемдік және өздеріңіздің ғылыми зерттеу жұмыстарыңыздың нәтижесінде осы тұрғыда адамзат баласы үшін осы немесе таяу кезеңде қандай игіліктер мүмкін болмақ? 

Иә, биология ерте дамыған ғылым. Оның ішінде биотехнология – заманауи сала. Қазіргі әлемде биотехнологиялық сала ерекше мәртебеге ие және экономикалық дамудың жетекші факторларының бірі ретінде бағаланады. Оған инвестицияның өсу динамикасы дәлел. Егер 2002 жылы осы сала өнімдерінің нарығы дүние жүзінде шамамен 80 миллиард долларды құраса, бүгінде биотехнологияға қатысты секторлардың әлемдік нарықтық құны қазірдің өзінде 1,5 триллион долларға бағаланып отыр, 15 жылда шамамен 20 есе өсу бақыланады. 

Басты мақсаты: адамзат қоғамының өмір сүруіне аса маңызды заттарды әзірлеу, шығарып алу ғой. Қазіргі таңда молекулярлық биология, гендік инженерия, т.б. заманауи ғылымдардың бәсі жоғары бола түсуде. Бұл үрдістен біздің мемлекетіміз құр қалмауымыз керек. Аталған ғылымдарды дамытқан елдің келешегі кемел, болашағы жарқын. Биотехнологияның дамуы мен қажеттілігі туралы мысалдар қарастырайық. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары гербицид тыңайтқыштар бойынша ғалымдар Нобель сыйлығына ие болған еді. Ал қазіргі күні сол пестицидтердің пайдасынан зияны көп болып отыр. Оның орнын биологиялық әдіспен алынған тыңайтқыштар, өңдеуші өнімдер басуы керек. Осыған орай дүниежүзінде биотехнология ғылымы алға шығуда. Қазіргі күні биоремедиация саласы күрт дамуда. Бұл – микробтар, бактериялар тәрізді тірі организмдерді пайдалана отырып топырақты, суды және басқа да түрлі орталарды ластаушы заттар мен токсиндерден тазарту үдерісі. Мысал үшін, мұнай өндіру кезінде немесе өзге жағдайлармен мұнай өнімдерімен ластанған топырақты арнайы әзірленген микроорганизм преператтары арқылы тазарту мүмкіндігі бар. Бұл өте тиімді әдіс және оған қолданылатын микроорганизмдерді зертханалық-өндірістік жолмен қажетті мөлшерде көптеп өндіруге болады. Мұндай әдістермен тазарту, қалпына келтіру – ең маңызды мәселе. Шетелдерде микробалдырлардан алынған преператтарды отын ретінде пайдалануда. Мұндай өндірісті бізде де жолға қоюға әбден мүмкіндік бар. Сондықтан бұл ешқашан кенже қалмайтын, өзін өзі қай жағынан болсын ақтайтын сала деп білемін. Жалпы әлем бойынша қазіргі күні жаңартылмайтын энергия көздеріне деген сұраныс жыл сайын төмендеп келеді. Ал керісінше, жаңартылатын энергия көздерін негіздеу бойынша ғылыми-зерттеулерге сұраныс барынша арта түсуде. Осы тұрғыдан алғанда біздің зертханамыздың жұмыс бағыты: фототрофты микроорганизмдер негізінде биологиялық таза отын алуға бағытталған зерттеулердің болашағы зор деуге болады. Бұл өз кезегінде қазбалы көмірсутектерге тиімді балама болады және экологиялық тұрғыдан таза, экономикалық тиімді болып табылады. Микроорганизмдерден биодизель отынын алуға болады және осы бағытта өзінің белсенді өсу қабілетімен және биомассадағы липидтердің жоғары құрамымен сипатталатын Chlorella sp.1, Сhlorella pyrenoidosa C-2m және Cyanobacterium sp. IPPAS В-1200-2 сияқты микробалдырлар мен цианбактериялардың перспективті штамдарын алып отырмыз.

Қазіргі күні «Биоотын өндірісі үшін цианобактериялардың перспективалы штамдары негізінде биосутегі алу технологиясын әзірлеу» ғылыми жоба бойынша зерттеу жұмысын жүргізудеміз. Жалпы отындардың ішінде биологиялық отындардың болашағы зор. Өткен ғасыр химияның ғасыры болса, бұл ғасыр – биологияның ғасыры. Биологиялық отындардың алуан түрлерінің ішінде биосутегі ең таза және бағалысы. Биосутегі болашақтың экологиялық таза және жаңартылатын энергия тасымалдаушысы бола алатын мүмкіндікке ие. Сондықтан оның болашағы өте зор. Биологиялық отындардың ішінде биосутегі ең таза және құнды түрі болып табылады және болашақтың экологиялық таза,  екінші жағынан сарқылмайтын энергия тасымалдаушысы ретінде ең  келешегі мол үміткер бола алады. Цианобактерияларды сутегінің продуценті ретінде пайдалану өте өзекті және пайдалы болып келеді, өйткені олар күн энергиясын конверсиялау арқылы сутегін түзеді және күрделі қымбат қоректік ортаны қажет етпейді. Сонымен қатар, биоотын өндірілгеннен кейін пайдаланылған биомассаны мал азығы ретінде пайдалануға болады. Бұл бағытта Токио ғылым университетінің (Tokyo University of Science, Токио, Жапония) жаратылыстану ғылымдары факультетінің ғалымы профессор Tomo Tatsuya-мен тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Олармен фотосинтетикалық микроорганизмдер негізінде биосутегі алу үшін зерттеулер жүргізілуде. Осы ынтымақтастық аясында олар екі PhD докторлық диссертацияға жетекшілік етеді. 2017 жылы Астанада өткен EXPO халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысқан болатынбыз. Бұл көрменің тақырыбының өзі «Болашақ энергиясы» деп аталған еді ғой. Бұл көрме барысында баламалы энергия көздерін табудың небір шешімдері ұсынылғанын көрдік, тамашаладық. Әлем ғалымдары мұнда энергия үнемдеудің үздік әлемдік технологиялары, қолданыстағы баламалы энергия көздерін пайдаланудың жаңа әзірлемелері мен технологияларын ұсынды. Демек біздің мемлекетіміздің де биотехнология ғылымын дамыту тұрғысындағы мүмкіндігі зор, маман кадрларымыз бар, аз да болса ілгері басу бар деген сөз.

Біздің қазақстандық биолог ғалымдарымыздың болашағы зор. Шетелдерде өзінің білімі мен білігі арқылы танылып, зертхана басқарып жүрген Дос Сарбасов, Мұрат Сапарбаев,  Илья Дигель және т.б. мықты мамандарымыз бар. Қазіргі күні небір мықты жастарымыз бар.

- Қызметтік жолыңызға қарағанда, 2011 жылдан кафедра биотехнология меңгерушісі, 2015 жылдан биология және биотехнология факультетінің деканы қызыметін атқарып келеді екенсіз. Сонымен қоса қоғамдық жұмыстар бойынша да белсенді жұмыстар атқарып жүр екенсіз. Осы әкімшілік және қоғамдық қызметтерің туралы қысқаша айтып өтсеңіз?

- Қызметтегі, жұмыстағы адам мамандығына қатысты іс-әрекетпен ғана шұғылданып қоймайды ғой. 2011 жылы конкурс негізінде биотехнология кафедрасының меңгерушісі болып сайланып, 2011-2015 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің биотехнология кафедрасының меңгерушісі қызыметін атқырдым.

2015 жылдан конкурс негізінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, биология және биотехнология факультетінің деканы болып сайланып, 8 жылдай декандық қызыметін атқарып келемін. Факультеттіміз «Білім-ғылым-инновация» үштігінің бірлігін жүзеге асыру нәтижесінде қарқынды дамып келеді.

Бұл жылдары факультеттің табысты ғылыми-зерттеу қызметін қамтамасыз ету бойынша күш-жігерді жандандыру үшін көп жұмыстар атқарылды. Мәселен, факультетте ғылыми семинарлар, ғылыми кадрлар даярлау, жас ғалымдардың ғылыми жобаларға қатысуы күшейтілді, факультет ғалымдарының Халықаралық ғылыми орталықтармен ынтымақтастық географиясы  және факультеттің Қазақстанның өндірістік ұйымдарымен ынтымақтастығы кеңейтілді. Сонымен қатар шет елдердің биологиялық білімінде де маңызды рөл атқарады. Факультетке ҚХР, Моңғолия, Мысыр, Украина, Өзбекстан, Түркменстан, Пәкістан, Ауғанстан және т.б. елдердің студенттері мен докторанттары оқуға түсіп, магистрлік және докторлық диссертацияларын сәтті қорғап жүр. Осы шаралардың барлығы профессор-оқытушылар құрамының, сондай-ақ жас ғалымдар мен докторанттардың ғылыми жарияланымдық белсенділігінің артуына алып келді. Мәселен, 2021-2022 оқу жылында факультеттің Scopus деректер базасында индекстелетін ғылыми журналдардағы жарияланымдарының саны 126-ға жетті, олардың 50 пайызы шетелдік ғалымдармен бірлесіп жарияланды. Студенттер, магистранттар және докторанттардың Scopusтегі мақалалар саны 52 жарияланымды құрады. 

Осы кезеңде университет рейтингінің индикативтік жоспары бойынша факультет жетекші орындарға ие болды: 32 жаңа білім беру бағдарламасы, 4 қос дипломды білім беру бағдарламасы енгізілді, 4 жаппай онлайн курстар әзірленді. Осы уақыт ішінде факультетте студенттер контингентінің өсуі байқалды. Сонымен қатар, факультет түлектерінің жұмыспен қамтылуы 96 пайызға жеткенін де атап өткен жөн. 

Қазіргі уақытта факультетте білім алушылардың саны 2351 студентті құрап отыр. Оның ішінде шетелдік студенттер – 280-дей. Факультетте биылғы оқу жылында 1052 студент бітіріп, диплом табысталды және 13 докторант диссертациясын қорғап, PhD докторлық дәрежесін алып, биология факультетінің тарихында алғаш рет ең көп бітірушілер санымен тарихта қалды. Сонымен қатар, факультетте жыл сайын шетелдік ғалымдардың қатысуымен жас ғалымдардың дөңгелек үстелдері мен ғылыми конференциялары өткізіледі. Ғылым бойынша индикативтік жоспар көрсеткіштерінің қорытындысы бойынша басқа факультеттер арасында биология және биотехнология факультеті барлық жылдары ішінде жетекші орындарды иеленді (1-3), бұл QS «World University Rankings» халықаралық рейтингінде университетіміздің алға жылжуына үлкен үлес қосты. Бүгінгі таңда биология және биотехнология факультеті елеулі білім беру потенциалы мен үлкен ғылыми мектептері, талантты, білімге құштар студенттері бар университетіміздің ең ірі инновациялық бағыттағы факультеттерінің бірі болып табылады.

Қоғамдық жұмыстарға басқарушылық, ұйымдастырушылық, сарапшылық т.б. тұрғыда  белсенді араласуға тура келеді.. 2008-2011жылдары ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің биологиялық ғылымдар бойынша Сараптамалық кеңесі төрағасының орынбасары қызыметін атқардым.  

2021 жылдан бері Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылыми Кеңесінің (ҰҒК) мүшесі болып сайландым. 

Сондай-ақ, биотехнология, биология және геоботаника мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың мамандандырылған докторлық Кеңесінің мүшесі, ҚазҰУ хабаршысы журналының бас ғылыми редакторы («Экология» сериясы), International Journal Biology and Chemistry және ҚР ҰҒА Хабаршы журналының Биологиялық және медициналық сериясының редакциялық алқасының мүшесімін. 

Қазір Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің биология мамандығы бойынша комиссия төрағасы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетінің Ғылыми кеңесінің төрағасы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кеңесінің мүшесі ретінде қоғамдық қызметпен белсенді айналысамын.

- Болатхан Қазыханұлы, қазіргі жағдайда Қазақстан Республикасында ғылымды өркендетуге тиісті деңгейде көңіл бөлініп отыр ма? Және осыған қатысты сұрақ: ғылым жетістіктері қандай критерийлерімен бағаланады?

- Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасы әлемдік қоғамдастықтың тең құқылы мүшесі болып, жаһандық геосаясат жүйесінде өз орнын тапты. ХХI ғасырда биотехнология ең бiрiншi кезекте азық-түлiк өнiмдерiн, медициналық препараттарды алуда, ауыл шаруашылығында, экология, энергетика салаларында адамзаттың дамуын анықтайтын болды.

Жалпы ғылым білім саласын дамыту және ғылым- технологиялық жетістіктерді адамзатқа қоғамына пайдалану қаржыға тікелей байланысты екені баршамызға мәлім. 

Қазақстан Республикасында 2009 жылдан бері ғылымды дамытуға бөлінген қаржы әжептауір өсіп келеді. Ғылыми жобаларарды бірнеше сатылы сараптамалардан өткізгеннен кейін Ұлттық Ғылыми Кеңестің шешімі негізінде конкурстан өткізіп, ары қарай қаржыландыруға шешім қабылдайды. Бұл ғылыми гранттық жобаларды конкурс негізінде қаржыландыру әділ шешім деп ойлаймын. Мемлекттік мәселелерді шешу мақсатты ғылыми бағдарламалар арқылы іске асады. 

Егер біз ғылымды дамытқымыз келсе, онда дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай қаржыландыру жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) кемінде 1 пайызынқұрауы тиіс. Қазақстанда ҚР БҒМ өткен жылдардағы  ресми деректері бойынша ғылымды қаржыландыру көлемі ЖІӨ-нің 0,13 пайызынан аспайды. 

ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек мырза: «Біз ғылыми гранттарға қаржыландыруды екі есе арттырамыз, ЖІӨ-нің 1 пайызына жақындадық деп айтуға әлі ерте, бірақ алдағы үш жыл ішінде, 2025 жылға дейін базалық ғылымды қаржыландыруды ЖІӨ-нің 1пайызына дейін жеткізу керек», - деп атап өтті. Министріміздің бұл мәлімдемесі келешекте ғылымды өркендетуге үлкен жағдай жасалатыны сөзсіз деп ойлаймын.

Биылғы мақсатты қаржыландыру көлемі бойынша екінші орында биотехнология бағдарламалары тұр. Министрлік жасушалық технологияларды, гендік инженерияны дамыту жөніндегі ғалымдардың жұмысына және импорттық фармацевтикалық өнімдерді алмастыруға болатын отандық дәрі-дәрмектерді жасау жұмысына  ақы төлеуге дайын. 

Жалпы ғылымның жетістіктері әлемдегі фундаментальды және іргелі бағыттағы жаңалықтары мен технологиялары арқылы адамзатқа танымал болады және пайдалануға ұсынылады. 

Қазіргі кезде ғылыми жаңалықтар әлемдегі белгілі ғылыми журналдарға жариялану арқылы Scopus және Web of Science дерек көздері мен оларды ғалымдардың сілтеме жасалу деректері бойынша дүние жүзінде жаңа ғылыми жаңалықтар болып анықталады. Бұл жерде ғалымның ғылыми бағыттары мен ғылыми жаңалықтары әлемдік ғылымда танылады.

Бұл жерде ескеретін мәселе – отандық технология және өнімді де ұмытпаумыз қажет. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында ғылыми зерттеулер және әзірлемелермен 22,4 мың ғалым айналысады. Бұл туралы 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің алқа отырысында баяндалды. Scopus деректер базасында қазақстандық ғалымдардың жарияланымдары 2011 жылмен салыстырғанда 34,5 есе, Web of Science деректер базасында 59 есе өскен. Соңғы бес жыл ішінде қазақстандық ғалымдардың әрбір бесінші жарияланымы әлемнің ғылыми журналдарына енгені айтылды.

Біздің Фотобиотехнология ғылыми мектебі  Scopus деректер базасындағы топ индекс Хирша h-index-102 болды, бұл көрсеткіш жалпы 2012 жылға салыстырғанда 62 есе өскен. Бұл үлкен жетістік.

Ал іргелі ғылымдағы жетістіктер әлемдік жаңа технологияны патенттеу және стандарттарға тіркеу, өнімді  өндірістерге енгізу арқылы коммерцияландыру болып табылады. Елімізде «Микробиология және вирусология» Ғылыми Өндірістік Орталықтың бас директоры Қазақстан академик, биология ғылымдарының докторы, профессор А.Қ. Садановтың тікелей жетекшілігімен ауылшаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, медицина және ветеринария салаларына арналған 8 жаңа отандық биопрепараттардың технологиялары әзірленіп, олардың өндірісі ұйымдастырылуда. 

Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты биологиялық қауіпсіздік, вирусология, микробиология, иммунология саласында үлкен тәжірибе жинақтады. Институт ғалымдары дәрі-дәрмектің 60-тан астам түрін жасап шығарды, оның ішінде 30 вакцина, 16 тест-жүйе және 15-тен астам әртүрлі биологиялық өнімдер. Соңғы 10 жылда институт құс және шошқа тұмауына қарсы отандық вакцина жасау технологияларын жасады. Қазақстанның ғылыми әлеуетінің жемісті дамуының ең жарқын көрсеткіші – өзекті жаһандық проблема – коронавирустық пандемиямен күресте отандық ғалымдардың зор табысының соңғы фактісі. Осылайша, академик, б.ғ.д., профессор К.Д.Закарьяның басшылығы және биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының жұмысының жоғары нәтижелерінің арқасында Қазақстан COVID-19-ға қарсы жеке вакцина жасаған әлемдегі санаулы, бесінші ел болды.

«Спирулина-Life»  препараты

Әбу Насыр әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің басқарма төрағасы, ректоры Ж.Қ.Түймебаев мырза университетімізде Коммерциялық орталықтарды құру, практикалық маңызы зор ғылыми жұмыстарды дамыту, оларды өндіріске еңгізетін инновациялық жобаларды дайындауды университетіміздің жетекші ғалымдарына тапсырды. Ректормыз елімізге, халқымызға пайда беретін ғылыми жобалардың келешегі мол деп санайды.  Қазіргі кезде университетімізде жиырмадан астам инновациялық ғылыми жобалар әзірленіп, оларды ары қарай коммерциялауға  дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Солардың бірі – ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, м.ғ.д., профессор Ю.А.Синявскиймен және б.ғ.д., профессор А.А.Жұбановамен бірлесіп, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және Қазақ тағамтану академиясында тіркелген, тағамдық биологиялық белсенді қоспа «Spirulina Life» № 24807  және СТ53281-1910-ГП-01-2013 мемлекеттік стандартын және № 31116 «Спирулинамен байытылған нан-тоқаш өнімдерін өндіру тәсілі». Мұны менің ғылыми мектебім ғалымдарымен әзірледік. Бұл азықтық өнімдер болашақта еліміздің салауатты өмір сүруіне үлкен септігін тигізеді деп отырмыз. Осындай игілікті іс-әрекеттер үнемі жалғасын таба бермек.

- «Ел мен елді, халық пен халықты теңестіретін – білім», - деп академик жазушы Мұхтар Әуезов айтқанындай, әлемдегі барша ел-жұрттармен иық тірестіріп қатарласып, даму көшінен қалмау үшін әрдайым білім қажеті екені анық ақиқат қой. Осы жолда еңбек етіп келе жатқан өзіңізге зор табыстар тілейміз. Ғылыми зерттеу мен ұстаздық қызметте, жалпы өмір жолында әрдайым биіктерден көріне беріңіз!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?