Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Босқындарды саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде ақтау бойынша ауқымды істер атқарылып жатыр - Шәмек Тілеубаев

2157
Босқындарды саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде ақтау бойынша ауқымды істер атқарылып жатыр - Шәмек Тілеубаев - e-history.kz

Сурет: alashainasy.kz

Тарихыңды танып-түстемей келешегің кемелденбейді. Тарихи дерек-дәйек шындықпен өріліп, ақиқатқа суарылуы тиіс. Онсыз жалған оқиға, жалаң жайттар қаптай бермек. Елдігіміздің іргесі саналатын тарихымызды түгендеу бағытындағы жұмыстар егемендігімізді алған уақыттан кейін қарқын алып, еңсесін тіктеді. 

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні, яғни 31 мамырда халыққа жасаған үндеуінде былай деген болатын: «Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін біз арыстарымызды ақтауға кірістік. Кезінде жазықсыз жазаланған мыңдаған азаматтың есімін ел жадында жаңғырттық.  Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия солақай саясаттан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге тиіс. Бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның шаруасы. Төл шежіреміздегі қайғылы кезеңдерді ұлттық бірегейлігімізден бөле-жара қарау мүмкін емес. Сондықтан біз саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтаймыз».  

Президент пәрменімен құрылған жұмыс тобының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Шәмек Тілеубаевпен әңгімеміз де саяси ақтаңдақтар айналасындағы келелі мәселелер турасында болды. 

–Шәмек мырза, тарихымызды түгендеу жолында мемлекеттік деңгейде ауқымды істі қолға алып отырмыз. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жобасы аясында айқындалуы тиіс көмескі тарихтың бірі – босқыншылық. Сөз ауанын осыдан бастасақ,  соңғы 100 жылдық тарихта қазақ қандай босқыншылықты бастан өткерді? 

– Азамат соғысы кезінде босқыншылық жоғары қарқынмен орын алды. Кеңес одағының орнауы барысындағы түрлі қысымдар да елден үдере көшуге ерекше  қозғау болды. 1920 жылдардың соңы мен 1930 жылдардың басындағы  советтік билік жүргізген әлеуметтік-саяси реформалардың да шалғысы талайды шауып түсірді. Осындай реформаның салдары мен зауалы бейбіт жатқан халықты босқыншылыққа ұшыратты. 

Босқыншылық жалпы үш бағытта өрбіп отырды. Біріншісі – ішкі босқыншылық. «Суға кеткен тал қармайдының» кебін киген бейбіт халық жан сақтау үшін сауға сұрап елімізідң бір өңірінен екінші аймағына босып көшті. Саяси қысымдардың қысуы бір соққы болса, қолдан ұйымдастырған аштық, жоқшылық екінші соққы болып халықтың ішкі босқыншылықты үдетуіне әкеліп соқты. Одан кейін бұрынғы одақтас елдерге де босып кетті. Екіншісі – алыс шетелдерге ауған босқыншылық. Елін тастап ауа көшкен халық  Пәкістан, Иран, Ауғанстан, Түркия, Германия, Қытай сынды мемлекетті паналады. Біз жөнінен босқындардың санын анықтау, олардың қай жерде тұрақ тапқанын әрі саяси қуғын-сүргін зобалаңын тартқанын айғақтап, ақтау мәселесі өзекті болып отыр. 

– Осы комиссия жұмысы аясында архивтен табылған соны деректердің бір парасымен бөліссеңіз. Нендей олжаға кенелдіңіздер? 

– Бір ғана мысал айтайын, мен биыл Панфилов аудандық архивінде болдым. Бірнеше күн тапжылмай отырып жұмыс істеп, тарихи құжаттарды, ақтаңдақ деректерді табандап отырып тексеріп, көп  мәлімет жинап қайттым. 

1916 жылы көтерілістен кейін босып кеткендерге қатысты жеке қор сақталған. 265-қор деп аталатын құжатта 101 іс бар.  Бұрын ешбір зерттеушінің қолы тимеген, ешкімнің назарына ілінбеген іс.  Бұл құжатта қаншама тарихи дерек жазылған десеңізші. Босқыншылық кезінде, үркінде үдере көшушілердің арасынан шекараны неше адам кесіп өтті. Кейін оларды бері қарай қайтару ісіне кімдер атсалысып, күш қосып жол жүрді, қандай қайраткерлер білек сыбана іске кіріскендігі – бәрі-бәрі жазылған. Сонымен қатар қазақ пен қырғыз зиялыларының да босқындар мәселесін оңтайлы шешуге күш қосқандығы жөнінде мәліметтер бар. Босқындар мәселесі бұған дейін ақтауға жатпаған, қаралмай келген еді. Енді сең қозғалды, осы бақытта яғни босқыншылыққа қатысты, босқындардың саяси қуғын-сүргін құрбаны екенін айқындап, ақтау  жөнінде де ауқымды істер атқарылып жатыр. 

– Жан сақтау үшін бас сауғалап шекара асқандардан ұсталып, жазға тартылғандары да жетерлік. Одан бөлек, екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түсіп, ықтиярлы-ықтиярсыз «Түркістан легионына» қосылған жауынгерлер бар. Оларды ақтау реті қалай? 

– Тұтқындарға байланысты түрлі көзқарас, әр алуан пікір бар. Бұл тақырыпта таласты сұрақтар туындағанын да жасырмаймыз. Кейбір зерттеуші мамандар әліге белгілі адамдардың қылмысы ақтауға жатпайды деген тұжырымында нық тұр. Сондай шетін мәселенің бірі – «Түркістан легионы». «Түркістан легионына» қатысқан, басқа да саяси істерге араласып сотты болып тұтқынға түскен адамдарға қатысты іс материалдарын арнайы құрылған зерттеу тобы қарайды, зерттеу жүргізеді. Одан бөлек прокуратура, құқық қорғау органдары  тексеріп, таразылап шешім шығарады. Расымен де ақтауға жататын болса, кінәсі жоқ болса ақтауға ұсынылып, тізім жасалады. Былтырдан бері де бірқатар адамдар ақталды, бұл үдеріс әлі де жүріп жатыр. 

Одан кейінгі бір маңызды жайт зиялыларға қатысты. Олардың арасында ақталғаны, ақталмағандары әлі де бар. Тіпті, бұл қатарда қарапайым адамдардың да тағдыры тәлкекке ұшыраған. Босқыншылық, қуғындау, қудалаудан зардап шеккен. Мысалы, Талдықорған қаласындағы архивте құжаттармен танысқанда мынадай бір жайтқа тап болдым. Сол кездегі қылмыстық кодекстің 84-бабы, яғни «шекараны заңсыз кесіп өту» бабы бойынша айыпталған бір адамның ісі бар. Бұл адам сонымен бірге 59-бапытң 3-тармағы бойынша да жазаға тартылған. Енді қарапайым қисынға салып қараңызшы, адам жаны қысылмаса, өзінің атамекені, кіндік қаны тамған  жұртынан, мамыражай тірлігінен қол үзіп, шекараны «заңсыз кесіп» өте ме? Оны соған итермелеген, мәжбүрлеген себеп бар ғой. 

– «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» дейсіз ғой. 

– Әрине, жанын шүперекке түйіп, бас сауғалағаннан кейін шекарадан өткен жоқ па. 84-баппен  жазасын бір ауырлатса, шекарадан өткенде өзінің табан ақы, маңдай терімен жиған малын, тапқан мүлкін «контрабанда» деп  жазасына тағы да айып жамаған. Бейбақ жандарды шекарадан заңсыз контрабандалық зат алып өткен деген айып тағылған. Талдықорған қаласындағы архивте отырып, жоғарыда сөз еткен кісінің құжатымен танысқанда сол адамның Қытайдан бері өткенде ұсталғаны мәлім де, одан кейінгі дерегі белгісіз. Сотталды ма, ақталды ма еш дәйек жоқ.  Мұндайда не істеу керек? Мұндай адамдар сол кезде сотталмаса, ешқандай қылмыс жасағаны, өкіметке қарсы шапқаны дәлелденбесе ақталуы тиіс. 

- Ал көтеріліске қатысқан, өкіметке қарсылығын танытқандар шы?

- .Көтеріліске қатысқандарды ақтау мәселесі де айрықша маңызды. Бұрын біздер қазақ даласында 350-ден аса көтеріліс болды десек, кейінгі зерттеу тобындағы ғалымдар қазақ даласында 500-ден аса көтеріліс орын алғанын айтады. Осы көтерілістің басым бөлігіне қарапайым шаруалар қатысты.  Өзінің мүлкін, дүниесін, отбасын қорғау үшін көтеріліске шықты.  Көтеріліске сондай-ақ кеңестік биліктің жүргізген саясатына қарсылық көрсетушілер тобына қосылғандар да шықты. Олар өздерінің жандарын қорғау мақсатында қолына қару алып көтеріліске араласты. Сол кезде кеңестік билік үшін айыпкер саналған азаматтар да ақталуы керек. Кеңес өкіметі келмеске кетті. Енді оның зардабы жалғаспауы тиіс. Жазықсыз жапа шеккендердің ұрпақттары тарихи әділеттілікке қол жеткізуі керек. Осы тұрғыдан келгенде де қоғам үшін бұл сұрақтың салмағы орасан. Ең алдымен ақтау ұлттық тарихымыздың бұрмаланбай, ақиқаттан айнымай жазылуы үшін қажет.  Одан бөлек ұлттық сананы дұрыс қалыптастырып, әлеуметтік  әділеттілік орнату үшін де керек. 

– Бейресми деректерге сүйенсек, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия жұмысы жыл соңында аяқталады екен. Одан әрі жалғаспайтын көрінеді. Жалпы мұндай ауқымды, күрделі жұмысты бір жылдың аясына сыйдыру мүмкін бе, алда тағы қандай нақты шешімдер қабылдануы керек деп санайсыз? 

– Тарихи әділеттілік үшін мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған осы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі жұмыс жалғасын табуы тиіс деп санаймын. Бұл шаруаның қолға алынып, тарихшылар, ғалымдар, өлкетанушылар, зерттеушілер жұмыла іске кіріскеніне де көп уақыт болған жоқ. Және бұл үдеріс тек белгілі бір мерзім ішінде аяқталуы тиіс деген түсінік те қате. Өйткені зерттейтін нысан, ақтаратын архивтік материалдар шаш-етектен. 

 Ал алда қандай шешімдер қабылдануы тиіс дегенге айтарым, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға байланысты заңға өзгеріс енгізу керек. Босқындар бағытын зерттеп жүрген топ мүшелерінің де айтар ұсынысы осы. Босқындар мәселесіне қатысты арнайы заң қабылданып, сол заң шеңберінде босқын мәртебесі кімдерге беріледі, басқа да категорияларын анықтап, ғылыми негіздеп заң қабылданғаны – уақыт оздырмайтын шаруа. Босқындар мәселесіне қатысты нақтылайтын, бірізділікке түсіріп, саяси баға беріп, ақиқатын аршитын шаруа өте көп. Босқындардың саны нақты мынадай деп айту мүмкін емес. Өйткені босып бір жерді паналап барғандағы тізім бар, одан кейінгі жөңкіле көшкенде, түрлі қиындықты, аштықты, соғысты, тонауды бастан өткергенде қанша адамның қырылғаны туралы нақты факт жоқ. 

Жаркентте архив материалдарын қарау барысында жергілікті өлкетанушылармен пікірлесіп, дидарласып әңгіме-дүркен құрдық. Сонда өлкетанушылармен әңгімелескенімізде олар осы жерде «Қорғас қырғыны» болған. Шекарадан өтерде 500-ден астам адам қырылған дегенді айтты.  

Кеңес өкіметінің 1920-1930 жылдарда айрықша күш алған саяси қуғын-сүргін саясаты одан беріде 1980 жылдардың соңына  дейін жалғасты. Міне, осының барлығына да саяси баға беріліп, әділ шешім айтылуы тиіс. Мұның бәрі де, тағы да қайталап айтамын, тарихи әділдік үшін, өзінің шынайы бағасын алуы үшін қажет. 

Шынайы баға берілсе тарихта түрлі қауесетке, алып-қашпа әңгімелерге де нүкте қойлар еді. Тарихымыздан біз сабақ алып, ақтаңдақтарды аршып, ақиқатты жарыққа шығаруға тиістіміз. Архивтік деректерді ғылыми айналымға енгізіп, жарыққа шығармасақ, ақтаңдақтарға қатысты гу-гу  қаңқу сөздер де үдей түседі. Қоғамның пісіп-жетіліп, ақ-қараны айыра білуіне тарихымыздың тигізер әсері мол. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?