Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Абдолланы толық таныдық па?

2462
Абдолланы толық таныдық па? - e-history.kz

Алдыңғы «Алаштың арда туған бір арысы» атты мақаламызда көпшілік оқырманды алаш қайраткері Абдолла Байтасұлының өмірімен қысқаша таныстырып едік. Бүгінгі жазбада сол тақырыпты ішкерлей тереңдетпек ниеттеміз.

Ер есімі ескерусіз қала ма?

Абдолла толыққанды зерттеу нысанына айналған тұлға емес. Ол туралы арнайы ғылыми монография, жеке зерттеу еңбектері жазылған жоқ. Бірді-екілі мақалалар мен анықтамалықтарда, мәтін арасында кездесетін қысқа тұжырымдар ғана бар. Сондықтан абдоллатану – тұлғатану саласының енді басталып келе жатқан жаңа бағыты. Осы арнаның басында алғашқы абдоллатану іргетасын қалаған – Байжан Байтасов. Байжан – Байтастан тараған 5 ұлдың төртіншісі (Абдолладан үлкені) Әуарираның ұлы. Көкшетау сауда-есеп колледжінде еңбек етіп, демалысқа шыққан зейнеткер Абдолланың есімін қайта жаңғырту, насихаттау жолында көп еңбектенді. Көкшетау облысының әкімі Қ.Ы. Жұмабаевқа (1995 ж.), Көкшетау қаласының әкімі А.Ғ. Хасеновқа (1995 ж.), Ақмола облысының әкімі С.В. Кулагинге (2000 ж.) арнайы хат жазып, Абдолланың өмір жолымен таныстырды. Сол арқылы қайраткер атына Көкшетау қаласынан көше алуға ұмтылды. Өкініштісі Байтасұлының 95 және 100 жылдық мерейтойына орай жасалған бұл әрекеттер нәтижесіз аяқталған-ды. 2002 жылы 16 қыркүйекте Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Ғ. Бекмағамбетовтың қолы қойылған жауап хатта өтініштің қала әкімі жанындағы ономостика комиссиясына тапсырылғандығын, алайда Абдолла Байтасұлының атына Көкшетау қаласынан көше берілмейтіндігі айтылған (хаттың 2002 жылы жазылғанына қарағанда Байжан ақсақал тоқтаусыз сұрау салып, мәселені шешуге талпынған). Дегенмен еңбектің бейнеті мүлдем ақталмай да қалған жоқ. Байтас немересінің ізденісі арқасында Көкшетау қаласында іске аспағанмен, ауылдық округ орталығы Шұқыркөлде 1995 жылы Абдолла атына көше берілді. Алғашқы Абдолла насихаты үшін, әрине, бұл да бір көңілге медеу. Бірақ одан бергі 30 жылға таяу уақытта өзге ешқандай әрекеттің болмағаны өкінішті. Ер есімі елеусіз қалып тұрғаны жанға батады.

Абдоллаға арналған алғашқы мақала 2002 жылы жарық көрді. Журналист Сайлау Көшкенұлының саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Елім деп соққан жүрегі» атты материалы «Көкшетау» газетінде жарияланды. Бұл мақала сондай-ақ 2003 жылдың 23 қыркүйегінде «Алаш үні» газетінде (№16 нөмірінде) де басылған. 2008 жылы Байжан ақсақалдың «Елім деп еңіреп өткен азамат» мақаласы «Ақталған есімдер» атты Петропавлдан шыққан саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы деректер мен естеліктер жинағына енеді.

Бұл мақалалар Абдолла атын танытқаны болмаса, Байтасұлының бай мұрасы әлі мұрты бұзылмаған күйі жатыр. Қайраткердің сан алуан қырын ашу, қаламгерлік қуатын таныту игерілмеген тың қалпы тұр. 

Қайраткер қай жылы туды?

Тың қалпында деуіміздің өзіндік себебі де бар. Жалындай жанып өте шыққан талант иесіне тағдыр аз ғұмыр өлшегенімен, тұлғаның жұмбағы толық ашылмаған. Басқасын былай қойғанда туған жері мен дүниеге келген жылына қатысты бірізділік жоқ. Ғ. Әнес, С. Смағұлова құрастырған «Алаш. Алашорда» және Е. Тілешов, Д. Қамзабекұлы құрастырған «Алаш қозғалысы» энциклопедияларында оның 1901 жылы Ақмола губерниясы Петропавл уезі Ортақшылдар болысы (қазіргі Ғ. Мүсірепов ауданы Шұқыркөл ауылында) туғандығы айтылады. Сонымен бірге аталған екі еңбекте де қаламгер 1941 жылы Фрунзе (Бішкек) қаласында дүниеден қайтты деп жазылған. Дәл осындай мәліметті Әлихан Бөкейхан энциклопедиясынан да кездестіреміз. Ал Дүкенбай Досжанның «Абақты» шығармасында Абдолла Байтасұлын 1900 жылы Қостанай округінің Батпаққара ауданында туған деп көрсетеді. Қайролла Мұқановтың «Жумагали Тлеулин – деятель «Алаш-Орды» туындысына сүйенсек, қаламгер 1900 жылы Рузаев ауданы Ортақшылдар болысы Шұқыркөл ауылында туған. Абдолланың туған мерзіміне қатысты елеусіз қалдыра алмайтын маңызды бір дәйеккөз ол – Байжан Әуарираұлынан қалған құжаттар. Ақмола облысының бас прокуроры А. А. Әділханға жолдаған өтінішінде «Әкем Әуарира Байтасұлының айтуы бойынша Абдолла Байтасұлы ХХ ғасырдың басында Рузаев ауданы (қазіргі целинный) Шұқыркөл ауылында 1900 жылы дүниеге келген», – деп жазды. Оған қоса 2000 жылы Ақмола облысының прокуратурасы берген ақтау туралы анықтамада да Абдолланың 1900 жылы туғандығын көрсеткен. Тағы бір қайшылықты тұсы тергеу істері негізінде жазылған «Ұраным – алаш» зерттеу әфсанасында автор Тұрсын Құдакелдіұлы ресми анкеталық анықтамада екі түрлі дерек жазылғанын алға тартады. Бірінде «1900 жылы Ақмола губерниясы Көкшетау уезінің Айыртау болысында туғандығы», екіншісінде «1900 жылы Қостанай округінің Бақбаққара ауданында» дүниеге келгендігі айтылған. Бұлардан бөлек баспасөзде кездескен бір деректе (Абдолла Байтасұлы. Мектеп тілі туралы // «Туған тіл» журналы, №2, 2019 ж.) тұлғаны «1901 жыл Ақмола губерниясы Петропавл уезі Ортақшылдар болысы, қазіргі Амангелді ауданында дүниеге келген», – деп көрсеткен.

№4.jpg

Жоғарыдағы деректерді қорытқанда Абдолланың туған жылы туралы екі дата – 1900 және 1901 жыл аталады. Ал туған жеріне байланысты 3 нұсқа бар:

1.     Ақмола губерниясы Петропавл уезі Ортақшылдар болысы;

2.     Ақмола губерниясы Көкшетау уезінің Айыртау болысы;

3.     Қостанай округінің Батпаққара ауданы.

Міне, осындай маңызды фактіде әртүрлі деректің кездесуі Абдолла тұлғасын ғылыми тұрғыдан ішкерлей зерттеуді талап етіп отыр. Бұл жолда асығыс шешім, атүсті тұжырым жасалмауы тиіс. Мәселенің түйінін тарқату үшін әлі де зерттеушілердің тізе қосып, жан-жақтылы ғылыми пайымдауын қажетсінеді. Дегенмен біз жоғарыдағы тұжырымдарды салыстыра келе және басқа да деректерді қорыта отырып, Абдолла Байтасұлы 1901 жылы Ортақшылдар болысы Шұқыркөл ауылында туған деген пікірді қуаттаймыз. Ол жаза мерзімін өтеп, айдаудан аман келгенімен, Қазақстанға оралмай, Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласына тұрақтайды. Сол қалада өзінің сүйікті кәсібі мұғалімдікпен шұғылданыпты. Алайда өкпеге тиген суықтан құрт ауруына шалдығып, 1941 жылы 40 жасында дүниеден қайтты.   

30-ға толмай ұсталған

Әттең білімі терең берері көп тұлғаның дүр шағы айдауда, тар қапаста өтті. Ғасыр басында туған қайраткердің 1929 жылы айдалғанға дейінгі еркі өзіне болған ғұмырын есептесек, әлі отызға да толмаған, бабын енді тапқан тұсы. Білім алып, танымы бекіген шәкірттік кезеңді тағы шығарғанда ел қызметіне жегіліп, шығармашылыққа мойын бұрғаны 10 жылға жетпес уақыт. Ол осы өлшеулі ғұмырында Ю.Вагнер, Б.Семейкин, А.Гейкин, Г.Иванов, М.Вольфсон қатарлы авторлардан онға тарта оқулық аударып, қазақ баспасөзінде 40-тан артық мақала жариялады. Өзінің тұңғыш төл кітабын да жарыққа шығарды. Қазақтың тұңғыш қазақша-орысша сөздігін құрастыру ісіне де қатысты. Әрине, бұл деректерді біз тек көзіміз көріп, қолжазба қорынан тапқан мұралары негізінде атап отырмыз. Ал, шынтуайтында, қаламгердің қолға түспеген құнды еңбектері мұнан әлдеқайда көп екеніне көзіміз жетеді. Тұлғаның біз ашқан қыры оның тұтас болмысының бір қыры ғана екені анық.

Абдолла жазбаларының соңына аты-жөнін әртүрлі үлгіде көрсеткен. Кейде толық жазып, енді бірде қысқартқан. Инициал мен тегін алма кезек пайдаланған. Сондықтан оның туындылары «Абдолла», «Абдұлла», «А. Б.», «А. Байтас», «А. Байтасұлы», «А. Байтасов», «Абдұлла Байтасұлы», «Абдолла Байтасұлы», «Әбділда», «Б. А.», «Б. Ғ.», «Байтасұлы», «Ғ. Байтас», «Ғ. Байтасов», «Ғабдолла Байтас», «Ғабдолла Байтасов» сияқты сан түрлі құбылып келеді. Осы аталғандардың ішінде «Әбділда» ныспысының өзге қалам аттардан аздап өзгешелігі бар және кейбір жаңсақ ұғым да аталған есімге қатысты. Ең әуелі, Әбділда – Абдолланың қазақша нұсқасы. Қазақ тілінде өзге жұрттан енген сөздердің (есімдер де соның ішінде) үндестік заңына бағынып, тиісті дыбыстардың қазақы әуезге көндігетіні анық жайт. Ғабдурахманның (Абдурахман) Әбдірахман, Ғабдулғазиздың (Абдулғазиз) Әбділәзіз, Сайдрахманның Сәйдірахманға өзгергені секілді Ғабдолланың (Абдолла) да қазақша «бөрік» кигендегі нұсқасы – Әбділда. Сондықтан Байтасұлы өз есімі ретінде Әбділданы да қолданған. Баспасөзде жарияланған көсемсөздерін айтпағанның өзінде «37 мемлекет. Жер жүзінің жағрапиясы», «Күн қотанының құрылысы», «Саяси сауат ашқыш» қатарлы сүйекті шығармасы мен аудармаларында қаламгер кітап мұқабасына тегін көрсетпей-ақ тек есімімен шектеледі. Гәп та осыдан туып отыр. Айталық, Ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар каталогында сақталған «37 мемлекет. Жер жүзінің кейбір мемлекеттері» атты еңбектің түсіндірмесінде туынды Тәжібаевтікі деп көрсетілген. Бұл, әрине, мұқабасында Әбділда аты ғана жазылған кітапты Тәжібаевтың танымалдығы мен сол дәуірдің адамы болғандығын алға тартып (Әбділданы бірден Тәжібаевпен байланыстырған) болжаудан туған жаңсақ тұжырым. Қисынның негізсіздігі мынадан да байқалады. Кітап 1928 жылы «Еңбекші қазақ» кітапханасы сериясымен жарық көрген. Ал 1910 жылы туған Әбділда ақынның 18 жасында бұл жауапты еңбекті жазды дегені күмән тудырады. Оның үстіне 1928 жылы Абдолла Байтасұлы Қызылордада «Ауыл тілі» газетінда еңбек етіп, сонымен бірге «Еңбекші қазақ» газетінің «ғылым-техника» бөлімінде де қосар қызмет істеген. Бұдан тыс Әбділданың Абдолла қолданған қаламаттың бірі екені «Күн қотанының құрылысы» кітабының ішкі мұқабасынан анықталады. Мұнда да   негізгі титул беттерінде жалаң Әбділдадан басқа еш есім кездеспегенімен (фамилия көрсетілмеген) кітапшаның соңындағы кішкене шрифтермен берілген баспалық ақпаратта «перевод Байтасов» деп анық жазылған. Тек жете қарап, жіті тексермеген адамға оның байқалуы да қиын. Оның үстіне сирек қордағы түпнұсқа кітаптың өзін алып, қолға ұстап қарамаған жанға оның біліне қоюы да неғайбыл.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?