Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаштың арда туған бір арысы

2872
Алаштың арда туған бір арысы - e-history.kz

Абдолла Байтасұлы – шоқтығы биік шығармашыл тұлғалардың қатарында аталатын қадірлі есім. Ол – ұлттық ағарту ісінің іргетасын бекіткен көрнекті қайраткер, қазақ баспасөзін көркейткен көшелі көсемсөзші. Сондай-ақ ел руханиятын сындарлы зерттеу, құнды аудармасымен байытқан парасат иесі. Өмірінің өн бойында ұлтшылдық ұранын көтеріп, елшілдік мұратқа өзін арнаған алаштың адал перзенті.

Ақмола губерниясы Петропавл уезі Ортақшылар болысында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсіреп ауданы Шұқыркөл ауылы) дүниеге келген ол Байтас кіндігінен тараған Хамза, Қағыпалакбар, Әбуләйіс, Әуарира атты төрт ұлдан кейінгі кенжесі. Қарапайым шаруа отбасында өмір есігін ашқан оның өзге балалардан еш айырмашылығы болған жоқ. Қазақтың дәстүрлі жолымен ауыл молдасынан қара таныды. Ескі сөзге үйір болып, қисса-жырлар жаттады. Бақытына орай жасөспірім шағы қазақ даласында білім ұшқыны шашылып, жауқазын жастардың оқуға қолы жете бастаған кезімен тұспа-тұс келді. Ауыл оқуын тауысқан Абдолла да Омбыдағы мұғалімдер семинариясына қабылданды.

final.jpeg

1917 жылы семинарияны сәтті бітірген Абдолла қазақ жеріндегі қызып тұрған саяси майданға дөп келді. Алаш баласы болашаққа үмітпен қарап, өз келешегі үшін күреске кірген тұс. Ол да қарап қалмады. Жікке бөлініп, сан бағытқа сарсылған әлеумет ісінде Алаш жолын таңдады. Қазақты көркейтетін ұлт азаттығы деп түсінді. Қазақ комитеттерін құруға қатысып, Әлихан көсемдік еткен Алашордаға бет түзеді.

Абдолла мұғалімдік жолды 1920 жылдан бастады (Көкшетау уезіндегі кейіннен Ш. Құсайынов атымен аталатын мектептің алғашқы ұстаздарының бірі болған). Бұл орында бір жылдай еңбек еткеннен кейін 1921-1923 жылдары Қызылжардағы педагогикалық курста ерікті тыңдаушы әрі лектор болып қызметке кірісті. Осы мерзімде біршама уақыт Мағжан Жұмабаев редакторлық еткен «Бостандық туы» газетінде де еңбек етті.

Байтасұлы өмірінің келесі бір белесі Ташкентпен тығыз қатысты. Бұл қала – Абдолланың көп сырдескі жолдас тапқан, шығармашылықта өнімді еңбектенген ортасы. Ол 1923 жылы қыркүйек айында Ташкентке ауысады. Мұнда Жұмысшы факультетінде қазақ тілі мен география пәнінен, ал Қазақ институтында ана тілі пәнінен оқытушы болып қызметке тұрды. Осы уақыттан бастап «Сана», «Шолпан», «Жас қайрат», «Жас алаш», «Ақ жол» тағы басқа басылымдарда оның мақалалары үзбей жарық көреді. Оқыту методикасы, еңбек мектебін құру, сабақ жоспары сияқты ағарту саласының шетін мәселелерінің шешімін ұсынады.

№2.jpg

Абдолла Ташкентте Қошке Кемеңгерұлы, Есім Байғасқа, Шәкір Баймаханов, Ғаббас Дәулетбеков қатарлы жора-жолдастарымен бір пәтерде тұрды. Олар ұлттың болашақ беталысы, әдебиет-мәдениет мәселелерін жиі талқылайтын. Елге қызмет істеу жайлы ұдайы ақылдасып, бірге жоспарлар құратын. Сыралғы достардың күш қосуымен «Қазақша-орысша тілмаш» жарык көрді. Бұл Қ. Кемеңгеровтың жетекшілігімен құрастырылып, Мәскеуде басылған тұңғыш сөздік болатын.

Үздіксіз ізденіп, білімін шыңдап отыруды әркез жадына түйген қайраткер 1924 жылы Ортаазия мемлекеттік университетіне (САГУ) қабылданады. Бастапқыда қоғамдық ғылымдар факультетіне түсіп, екінші курсынан бастап шығыстану факультетіне ауысады әрі 1927 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Өзін оқуға арнаған осы жылдарда Абдолла мейлінше жазу үстелінен жырақтамады. Ағарту, сауат ашу, әдебиет-мәдениет тақырыбында мақалалар жазып, пән кітаптарын аударумен шұғылданды. Сондай-ақ Казпедтехникум жанындағы қазақ мектептерінің мұғалімдерін даярлауға арналған педкурста сабақ та берді.

1926 жылы Абдолла өмірінің жаңа парағы ашылды. Тәңірінің қалауымен шаңырақ көтеріп, отбасын құрды. Айша Темірбекқызын өзіне жар етті. Ол өзінің досы Жұмағали Тілеулинмен енді бажа еді. Осылайша апалы-сіңілі Райхан мен Айша Темірбековалар екі досты туыстық тұрғыда жақындатты.

01.png

Оқуды аяқтағаннан кейін Абдолла Халық ағарту институтында еңбек жолын жалғастырды. С. Сейфулин басшылық еткен бұл мекемеде Абдолла Ахмет Байтұрсынұлдарымен тізе қосып қызмет атқарған. Бұл жайында Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінде «Институт директоры С. Сейфулиннің Абдоллаға ІІ-ІІІ курс студенттерімен жұмыс істеу керектігі туралы тапсырма жүктегендігі, 02.10.1927 – 08.12.1927 мерзім аралығында Абдолланың институт кеңесі мәжілісіне қатысқаны әрі оқытушылар тізімінде методист ретінде көрсетілгені туралы деректер сақталған.

Абдолла Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлы) мен Жақаңды (Міржақыпты) аға тұтып, өзіне ұстаз санады. Ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісін солардан көрді. Сондықтан алаштың аға буыны жайлы қашанда құрметі айрықша-тын. «Газет ел тілі болсын» жазбасында: «Оқушы жазушының қаламын таңдайды. Сондықтан газетке ие қаламы өткір адам болуы керек. Бұған мысал үшін ерте кездегі «Қазақ» газетін алуға болады. «Қазақ» газетінің жазушылары қазақтың ішіндегі мен деген қаламының желі бар жазушылар болатын. Сондықтан оқушылар «Қазақ» газетінің сөзін құранның аятындай көретін», – деп «Қазақ» газетінің рөлін жоғары бағалайды. Өз дәуірінде тұтас қазақты ұйыстыра білген маңызын ұлықтайды. Абдолла Байтасұлы сондай-ақ 1925 жылғы «Ақ жол» тілшілерінің бірінші конференциясында жасаған баяндамасында мынадай пікір айтады: «Айқаптың» артынан іле-шала Орынборда «Қазақ» газеті шықты. Ол кезде қазақ елін тапқа бөлу ешкімнің де ойында жоқ шығар. «Қазақ» газеті ұлт сезімін оятуды мақсат қылды. Қазақ ұранын көтерді». Міне, осы фактілік айғақтардан-ақ Абдолланың Ахаң, Жақаң шығармашылық тандеміне тәнті пейіл, сүйініш сезімін аңдау қиын емес. 1917 жыл семинарияны бітіргендегі ұлттық ұстанымының ұлғайып, елшілдік мұратқа ұласқаны менмұндалайды. Бұл өткен шақ елесі Гүлнар Міржақыпқызының естеліктерінде де жаңғырады. Қайраткер қызының «Ардақтап өтем әкемді», «Алаштың сөнбес жұлдыздары», «Шындық шырағы» қатарлы еңбектерінің әрбірі алаш арыстары жайлы құнды деректерімен қымбат. Солардың бір парасында Гүлнар Міржақыпқызы Абдолла Байтасұлы туралы да айтады:

«Абдолла ұзын бойлы, талдырмаш келген, бұйра шашты, ылғи күліп, көңілді жүретін әдебиетші жігіт болатын... Ахмет Байтұрсынов ағайдың “Оқу құралы”, “Қырық мысалы”, тәтемнің “Есеп құралы”, “Оқу құралы” (Қирағат) кітаптарынан, Мағжанның өлеңдерінен, М. Әуезовтің “Қарагөз”, Ж. Аймауытовтың “Шернияз” пьесаларынан, И. Байзақовтың “Құралай сұлу” т.б. балаларға арналған ертегілерден Абдолла Байтасов үзінділер оқитын».

№3.jpeg

1928 жылы Абдолла Қызылордада «Ауыл тілі» газетіне жұмысқа шақырылды. Бір мезетте «Еңбекші қазақ» басылымының «ғылым-техника» бөлімінде де істеді. Кейін Ташкентке оралып, «Ақ жол» газеті редакциясының «ғылым-техника» бөліміне жауапты болды. Қазақстан академиясы орталығының жетекшісі қызметін де атқарды. 1928 жылы Абдолла отбасы үшін мамыражай, берекелі жыл болды. Жас жұбайлардың тұла бойы тұңғышы Әзен атты ұл өмірге келді. Бірақ Байтасовтар отбасы бұл қуаныштың дауыл алдындағы тыныштық екенін білмеген еді...

Алаш арыстарын айыптаған атышулы 1929 жыл да келіп жетті. 8 сәуір күні Ташкенттегі үйінде тұтқындалған Абдолла 32 қазақ қайраткерлерімен бірге қамалды. Шілдеде Алматыға жеткізіліп, қыркүйекте одан әрі Мәскеудің Бутырка түрмесіне жөнелтілді. Ақыр соңы жылға созылған айыптау мен тергеуден кейін үкім шықты. «Мағжан Жұмабаевпен бірге ұлтшылдық бағыттағы заңсыз «Алқа» ұйымын құруға қатысқан, М. Дулатов жетекшілік еткен астыртын керітөңкерісшілдік ұйымға мүше болған» деген жалалармен 1930 жылдың 4 сәуірінде ОГПУ «үштігінің» ерекше қаулысымен Архангельскіге жер аударылды.

02.png

Абдолла мен Айша енді ызғар жұтып, мұз бүріккен алыс қиырға қол ұстасып кете барды. Не көрсе де бірге көрмекке бел буған жас жұбайлар ол жердегі өмірінің оңай болмасын білсе де, берілмеуге ант етті. Тарғалаң күндер, мехнатты жылдар өтіп жатты. Сонау алыс қиырда, өздері тарығып жүргеніне қарамастан Ахаңдай ел арысына қол ұшын созды. Кеңес үкіметі олардың өзін соттағанмен, арын, адамшылығын соттай алған жоқ. Әр қиырда айдауда жүрсе де қолындағы барын бөлісіп, хал-жайларын сұрасқан сыр десте хаттары соны айтады.

1933 жылы Абдолла Байтасұлы жаза мерзімі бітіп, Қырғыз Республикасының астанасы – Фрунзеге қоныстанды. Осында өзінің сүйікті ісі ұстаздықпен шұғылданды. 1941 жылы өкпеге шапқан құрт ауруынан дүниеден озды. Артында Әзен, Динара, Фируза атты ұрпақтары қалды. Қаламгер 1988 жылдың 4 қарашасындағы қазақ ССР жоғарғы сотының шешімімен ақталды. Асылдың жан жары Айша күйеуінің ақталғанына куә болып, 1998 жылы бақиға аттанды.

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?