Қазақстанның көк туын желбіретіп, тәуелсіз мемлекет болуы шетел қазақтарын үлкен бақытқа бөледі

81
Материалға сурет: Қазақстанның көк туын желбіретіп, тәуелсіз мемлекет болуы шетел қазақтарын үлкен бақытқа бөледі

Осыдан тура 36 жыл бұрын, яғни 1990 жылдың 25 қазаны күні Жоғары Кеңес Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны қабылдады. 

Декларацияда қазақ халқының тілін, салт-дәстүрін және ұлттық намысын қайта жандандыру мен дамыту ең басты міндеттердің бірі ретінде бекітілді. Бұл, расымен де, Қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған алғашқы заңдық құжат еді.

Өкінішке орай, қазақ халқын қызыл жүйенің тырнағынан алып шыққан бұл күн мемлекеттік мереке мәртебесін ала алмады. Тіпті саяси маңызын жоғалтып, ел санасынан өшіп қала жаздады. 

Шын мәнінде бұл құжат қазақ халқының ғасырлар бойы армандаған мақсатының орындалғанын көрсетті. Сондықтан да болар, ел халқы бұл күнді айрықша қуанышпен қарсы алды. Егемендік туралы декларация өз бетінше ел болуға ұмтылған Қазақстанның ішкі құзыретін арттырып, қазақ халқының ұлттық мемлекет құру жөніндегі арманын жүзеге асыруға жол ашып берді. Себебі «Қазақ ССР-інің егемендігі туралы декларацияда» ең алдымен ұлттық мемлекет құру мәселесі тұрған еді. Сондай-ақ құжатта «бұл декларация алдағы уақытта қабылданатын конституцияның негізі болып табылады» деп тайға таңба басқандай жазылған болатын. Яғни бұл құжат «тәуелсіздік туралы заңнан» кем емес еді. Кейін осы құжат елді егемендікке жетелеп, 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақ елі өзінің тәуелсіздігін жариялады. 

Бұл оқиға тек қазақ халқы үшін ғана емес, күллі халық тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі болды. Себебі әлемнің қырықтан астам елінде тұрып жатқан қазақ ұлтының арманы орындалып жатқан еді. 

Алайда бұл тарихи күн біраз уақыт бойы тойланбай қалды. 2009 жылы Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды. Тек 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ұлттық құрылтайда Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылып, еліміздің басты мерекелерінің бірі ретінде қайта жаңғыртылды. 

1991 жылы жарияланған Қазақстанның тәуелсіздігін Түркия бірінші болып мойындады. 

Әбдуақап Қара, тарихшы ғалым, Ыстанбұлдағы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры:

«Қазақ елінің тәуелсіздік алғаны туралы хабарды Германияның Мюнхен қаласында «Азаттық» радиосында жұмыс істеп жүргенде естідім. «Азаттық» радиосы «16 желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздігін жариялады» деп ұзақ уақыт сағынып күткен хабарды әлемге таратты. Күн дүйсенбі болатын, ол күні редакциямыз жұмыс істемейді. Редакцияда Мұқабай Еңгин ағамыз бен Өмірхан Алтын деген әріптесіміз кезекші болды, солар жаңа хабарларын дайындады. Ақпаратты ағылшын тіліне аударды. Тәуелсіздік туралы жаңалықты ағылшын тіліне аударып, Еуропа елдеріне тарату «Азаттық» радиосының еншісіне бұйырды. Бұл біз үшін үлкен абырой, қуаныш болды. Ертеңінде барлығымыз жұмысқа келдік, Хасен Оралтай ағамыз үлкен бас мақала жазып, эфирге берді. «Еліміз егемен болды» деп бәріміз мәре-сәре қуандық. Бұл – тек қана атамекен қазақтары ғана емес, шетел қазақтары да ұзақ уақыт күткен ұлы хабар еді. Тәуелсіздік – алаш қайраткерлерінің арманы еді. 

Расымен де, мұндай жаңалықты 1991 жылдың тамыз айынан бері күткен едік. Бұл оқиға түрік қазақтарының тарихындағы ең маңызды оқиға болып табылады. Ұзақ жылдар кеңестік гегемонияда болған Қазақстанның көк туын желбіретіп, тәуелсіз мемлекет болуы Түркия қазақтарын мәңгілік бақытқа бөледі. Тұрғыт Өзалдың жетекшілігімен Түркияның Қазақстанның тәуелсіздігін бірден мойындауы осы бақытты еселеп өсірді. Содан бері екі бауырлас елдің достық қарым-қатынасы күн санап нығайып келеді. Осылайша түрік қазақтары туған жерімен емін-еркін қарым-қатынасқа түсіп, тіпті визасыз елге бару мүмкіндігіне ие болды. Бұл өз кезегінде ондаған жылдар елсіз, отансыз жетім баланың күйін кешкен түрік қазақтары үшін өлгені тіріліп, өшкені жанғандай үлкен табыс және үлкен бақыт болды. 

Ел тәуелсіз болғаннан кейін Халифа Алтай мен Мұстафа Өзтүрік атамекенге дереу атбасын бұрып, қоныстанды, дін және спорт саласында жанқиярлық істермен айналысты. Екеуі де осы қызметті өмірінің соңына дейін туған жерінде жалғастырды. Атап айтқанда, ол Кеңестік биліктің ұлттық-діни мәдениетінен алшақтатқысы келген қазақ қоғамына діни құндылықтар мен рухани құндылықтарды қайта жаңғырту мақсатында дін саласында өте маңызды қызметтер атқарды.» 

Қазақстанның Тәуелсіздік алуы Қытайдағы қалың қазақ үшін үлкен қуаныш болды

Майра Мұхамедқызы, әнші:

«Әлі есімде, сыныбымызда әлем картасы ілініп тұратын. Картадағы «Қазақстан» деген атауды көріп: «Мына жерде қазақтар тұрады. Қазақтардың Отаны не деген үлкен ел, қыдырып барар ма еді?» деп армандайтын едім. Кейін ес біле келе бұл арман «шіркін-ай, қандастарымызға қашан барар екенмін, қашан құмарымыз қанғанша өз тілімізде сөйлесер екенбіз!» деген аңсауға айналды. Тұратын еліміз өзгенің елі болған соң, айналаның бәрі қытайша сөйлейді. Оның үстіне үлкендер жағы бастары қосылса болды, ол жердегі айрандай ұйыған қазақтар мен олардың берекелі тірлігін жыр қылып айтып, туған жерге деген сағынышымызды одан сайын еселеп тастайды. Негізі, біздің атажұртымыз – Семей өңірі. Бабаларымыз сол өңірден ауған екен. «Ана жерде, мына өңірде туысқандарымыз тұрады, түбінде біріміз қалмай ата-жұртымызға көшеміз» деп жақындарымыз да үнемі айтып жүретін. Уақыт сырғып өте берді. Сағынышымыз да басылмады. Керісінше, атажұртқа деген құмарлық күн санап арта түсті. 

Сөйтіп жүргенде «Қазақстан тәуелсіз ел болды» деген ақжолтай хабар жетті. Кітапханада отырған едім, бір қытай келіп айтты: «Ей, қазақ, елің Тәуелсіздік алыпты. Құттықтаймын!» деп. Қуаныштан жүрегім толқып кетті. Мен ғана емес, бұл жаңалық Қытайдағы күллі қазақ баласы үшін мереке, үлкен қуаныш болды. Үлкендер көздеріне жас алып, жылап, ағайын-жұрт той жасап, бір-бірін құттықтап жатты. Қысқасы, Қазақстанның Тәуелсіздік алуы Қытайдағы қалың қазақ үшін үлкен қуаныш болды. 

Ақжолтай сүйінші хабардан кейін маған «қалай да кету керек!» деген ой келді. Қытайлар да сезді-ау деймін, кетірмеудің бар амалын жасап бақты. Қоймай жүріп, 1994 жылы келіп, қалып қойдым. Қытайдан заңсыз кетіп, қайтып бармай қойдым.» 

Қазақстан Тәуелсіздік алған күні Баян-Өлгейдегі қазақтар алаңға шығып той жасады

Сұраған Рахметұлы, ақын:

«Ол кезде мен Аймақтық радиода редактор болып істедім. Сол уақытта Баян-Өлгейде Қазақстанның жалғыз телеарнасы көрсетіледі. Тәуелсіздік жариялаған күні таңертең теледидардан: «О Құдайым, Түрік мемлекеті Қазақстанның Тәуелсіздігін таныды» деп, Олжас Сүлейменов сөйлеп жатыр екен. Басында үлкен бұлғын тымағы бар. Қасымда ҚазМУ-ды жаңадан бітіріп келген Ербақыт Нүсіпұлы деген жігіт екеуіміз жүгіріп, автобазадан бір машинаның тіркемесін алып келіп, орталық алаңға сахна етіп құрып, сағат 10-да Қазақстанның Тәуелсіздігін қабылдап алатын митинг өткіздік. Сондай-ақ бізбен бір сапта марқұм, белгілі журналист Қуандық Шамақайұлы да тұрды. Алаңдағы жүрген қаншама адамдар біздің қасымызға жиналды. Басында Желтоқсанда шейіт болған батырларға арнап дұға бағыштадық. Кішкене тіркемеге шығып сөйлеген адамдардың барлығы Қазақстан Тәуелсіздігіне арнап, лебіздерін білдіріп жатты. 

Сол жерден Ербақыт екеуіміз тікелей байланыс орнына келіп, Қазақстанға телефон шалдық. Ербақытта Ақселеу Сейдімбектің үйінің телефоны бар екен. Ақселеу ағамен телефон арқылы сөйлесіп, «шет елдегі қазақтар митинг жасадық, шеруді қабылдадық» деп сүйіншіледік. Осы шара туралы шағын ақпарат «Халық кеңесі» газетіне шықты. Мінеки, Баян-Өлгейдегі қазақтар Қазақстан Тәуелсіздігін алаңда осылай қарсы алдық»