«Құсымның аты – Аққанат, 12 жасымнан құс баптаймын» - бүркітші Айшолпанның сіңілісі Сәйгүлік Нұрғайыпқызы

112
Материалға сурет: «Құсымның аты – Аққанат, 12 жасымнан құс баптаймын» - бүркітші Айшолпанның сіңілісі Сәйгүлік Нұрғайыпқызы

Ақмола облысының Зеренді ауданына қарасты Айдарлы ауылында халықаралық «Қансонар-2026» құсбегілік турнирі болып өтті. 

Мәсіп Батырханұлының есімімен аталатын дәстүрлі додаға қазақ саятшылары ғана емес, әлемнің төрт мемлекетінен құсбегілер келіп қатысты. Нақты айтар болсақ, Түркия, Ресей, Қытай және Моңғолиядан келген құсбегілер бүркіт, қаршыға және ителгі баптаудан бақ сынады. 

Жарыстың алғашқы күні бүркітшілер өзара бақ сынасты. Яғни құсбегілер қыран баптаудағы шеберліктерін көрсетті. «Қолға шақыру» және «Түлкіге салу» секілді бірнеше кезеңнен тұратын сыннан өтті. 

Келесі күні ителгі мен қаршыға бағыттары бойынша жарыстар ұйымдастырылды.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев бұл турнирдің Ақмола өңірі, Зеренді жерінде өткізілуін - абырой әрі мәртебе екенін айтады. 

«Қонақжай жеріміз үшін осындай ірі спорттық доданы өткізу – үлкен абырой әрі мәртебе. Бүгінгі жарыс еліміздің басты ұлттық мерекесі – Республика күні қарсаңында өтіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық спортты дамытуға және халқымыздың дәстүрлі мұрасын сақтауға ерекше мән беріп келеді. Қазақ халқы үшін шеберлік пен шыдамдылықты талап ететін құсбегілік өнерінің орны ерекше, бұл – ұлттық мәдениеттің маңызды бөлігі», – дейді Досұлан Айтбаев.

Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендиннің айтуынша, бұл жарыстың ерекшелігі – Республика күні қарсаңында төрт мемлекеттен спортшылардың келіп қатысуында болып отыр. 

«Халықаралық «Қансонар-2026» турнирі 1998 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді және оның халықаралық дәреже алғанына бес жыл болды. Биылғы сайысқа Ресей, Моңголия, Қытай және Түркиядан спортшылар келіп, барлығы 10 өңірден 80 спортшы бақ сынауда. Олардың арасында халықаралық дәрежедегі спортшылар, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар, деңгейі өте жоғары. Жарыстың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарымызды насихаттау және құсбегілік саятшылықты халықаралық деңгейде әрі қарай дамыту.

Бұл жарыс Ақмола облысының әр өңірінде жыл сайын кезекпен өткізіледі. Мысалы, 2025 жылы Сандықтау ауданында өтсе, биыл Зеренді ауданында өтіп жатыр, ал келесі жылы Бурабай ауданында өтеді. 

Жалпы Ақмола облысы құсбегілердің қара шаңырағы саналады. Себебі, 1998 жылы алғаш рет осы Ақмола өңірінде облыстық деңгейде құсбелгілердің сайысы өткізілді. Облыстық деңгейде басталған құсбегілердің алғашқы сайысы, кейін республикалық, ал бүгінгі күні халықаралық дәрежеге жетті. 

Қазіргі уақытта облысымызда 10 спорт мектебінде ұлттық спорт түрлері бойынша құсбегілік үйірмелері жұмыс істейді. Шетелден келген спортшылардың бұл спорт түріне деген қызығушылығы өте жоғары. Тіпті олар алдағы уақытта біздің спортшылармен бірге ертерек келіп, оқу-жаттығу жиындарын өткізу туралы ұсыныстар айтуда», - дейді Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы.

Ол сондай-ақ аталмыш шараның Ақмола өңірінен шыққан белгілі құсбегі Масұп Басырхановтың рухына арналып отырғанын айта кетті. 

«Ол кісі кезінде Ақмола облысында құсбегілікті дамытып, Мәскеудегі ВДНХ көрмесіне қатысып, бұл өнерді кеңінен насихаттаған еді. Масұп Басырхановты құсбегілік мамандарының көбі таниды және ол осы спорт түрін кең көлемде, соның ішінде шетелге таныстырған алғашқы тұлғалардың бірі болатын.

Сол Мәсіп Батырханұлы салып берген дәстүр үзілген жоқ. Ақмола облысында бұл жарыс жүйелі түрде, жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Былтырғы жылдары бас жүлдеге көлік тігілсе, биыл үш номинация бойынша ақшалай сыйлықтар беріледі. Сонымен қатар қосымша түрлер бойынша да жүлдегерлер марапатталады», - дейді Ардақ Төлендин.

Халықаралық дәрежедегі төреші Марат Қойшиннің айтуынша, биылғы турнирге тәжірибелі құсбегілермен қатар, Азия және әлем чемпиондары, сондай-ақ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері қатысып жатыр. Оның сөзінше, жарыстың халықаралық ауқымы ұлттық құсбегілік өнерге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.

Турнирге қатысушылардың қатарында Алматы қаласынан келген Арман Құшқаров та бар. Ол құсбегілік өнерді бала кезінен әкесіне қарап үйренген. Қазір жарысқа Медеу атты бүркітімен қатысып отыр. Бұл қыран Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан атынан өнер көрсетіп, күміс жүлдеге ие болған екен. 

«Құсбегі үшін ең маңыздысы – қыранның мінезін түсіну. Әр бүркіттің өзіндік ерекшелігі бар, сондықтан олардың бәріне бірдей тәсіл қолдануға болмайды. Құстың мінезіне қарай баптау әдістерін де өзгерту қажет», – дейді Арман Құшқаров.

Айтпақшы, бұл жарыстан әлемге белгілі бүркітші қыз Айшолпанның әкесі Нұрғайып Ыдырысұлын көріп қалдық. Нұрғайып ақсақал бұл жолы да жасына қарамай, жарысқа қатысуға бел буғанын айтады. Ақсақал екі жасар бүркітін алып келген екен. 

Ол құсбегілікпен 46 жылдан бері айналысады және «Қансонар» турниріне төртінші рет қатысып отыр. Айтуынша, оның жеті атасы да бүркітші болған. 

Қызығы, бұл жарысқа Айшолпаннан кейінгі қызы Сәйгүліктің  бақ сынап жатқанын айтып қалды. Айтуынша, Сәйгүлік те ата жолын қуып бүркітші болуға бел буған. Бетінен қақпай, батасын беріп, бар білгенін үйретіп, жарыстарға ертіп шыға бастаған. 

Сәйгүлік Нұрғайыпқызы да болашақта әпкесі Айшолпан тәрізді әлемге танымал бүркітші болғысы келеді. Сәйгүлік қарындасымыз жарысқа өзінің Аққанат атты бүркітін алып келген.

«Қолымдағы құстың аты – Аққанат. Қазір бір жарым жаста. Балапан кезінен баптаған құсым. Осы жарысқа арнайы алып келдім. 12–13 жасымнан бері бүркітшілікпен айналысамын. Жеті атамнан бері бүркітшілікпен айналысамыз. Әпкем, ағам – барлығымыз осы өнермен айналысамыз. Бүркіт – біздің отбасымыздың бір мүшесі. Оған өзіміздің туғанымыздай қараймыз», - дейді ол.

Айтуынша, жас кезінен бүркітпен түлкі алып өскен. Бір рет әкесінің көмегімен қасқыр аулап, арқар салып көрген. Құсбегі Аққанаттың болашағынан үлкен үміт күтетінін айтып, өз баптап өсірген Аққанатын өз бетінше қасқырға салып көрмек. Әзірше Аққанатымен қоян, түлкі аулап жүр. 

Турнирдің тағы бір қатысушысы – Түркиядан келген Мутлу. Ол Қазақстанға алтыншы рет келіп отыр екен. Жарысқа ителгісін алып келген. Айтпақшы жарыстарға қатыса жүріп қазақ тілін үйреніп алған. Құсымен қазақша сөйлеседі екен. 

«Мен Қазақстанды өте жақсы көремін. Қазақ достарыммен бірге болу мен үшін жарысқа қатысудан да маңызды», – дейді ол ағынан жарылып, 

Ол сондай-ақ, құсбегілік өнерді түркі халықтарына ортақ көне дәстүр ретіндетанитынын айтады. Саятшылық өнері қазақтар мен қырғыздар арасында ғана емес, Түркиядағы түркі қауымдастықтары арасында да сақталған.  

Ресейден келген құсбегі Ақжол Қаршығамен де тілдесудің сәті түсті. Ресейдің Таулы Алтайынан келіпті. «Өзіміздің федерациямыз бар. Қаршыға деп аталады. Екінші жылы келіп қатысып жатырмын. Қаршыға саламын. Қазақстан еліне алғыс, Тәуелсіздік қүні құтты болсын», - деп қазақ бауырларына алғыс айта кетті. 

Айтпақшы, турнирдің ең жас қатысушысы – Жансерік Тастанбек. Бар болғаны сегіз жаста екен.  Ақмола өңірінің құсбегісі. Бес жасынан ителгі баптайды.

«Жарыстарда осы өзім баптаған ителгіммен бірінші орын алғым келеді. Атам оны балапан кезінде 80 мың теңгеге сатып алып берген. Өзім баптап, өсірдім. Аты – Бұршақ. Себебі, тұмсығы, тырнағы әдемі күшті. Жақсы көретін тамағы – кептер. Кептер аулап жейді», - дейді Жансерік. 

Екі күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша үш бағытта жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

Бүркіт бағыты:

• І орын – Уәлихан Шыңғыс (Ақмола облысы);

• ІІ орын – Тастанбек Байрақ (Ақтөбе облысы);

• ІІІ орын – Жандарбек Сағидуллаев (Алматы қаласы).

Қаршыға бағыты:

• І орын – Берікболсын Жалғасұлы (Жамбыл облысы);

• ІІ орын – Ерасыл Серкбекұлы (Астана қаласы);

• ІІІ орын – Ақжол Карчиганов (Ресей).

Ителгі бағыты:

• І орын – Теміралі Төлегенұлы (Қарағанды облысы);

• ІІ орын – Ерлан Кенжетаев (Ақмола облысы);

• ІІІ орын – Мутлу Кызылбуга (Түркия).