Дала данышпаны атанған әділдігімен үш жүзге аты жайылған би, шешен - Тоқсан би Жабайұлы. Оның атасы керей тайпасынан шыққан, өр руына ықпал еткен тарихи тұлға Қараби еді. Атасы немересін шешендік өнерге баулып, халықтың фольклорлық мұраларын оқытқызған. Тоқсан би бала кезінен атасымен бірге жүріп, атақты шешендермен, билермен кездесті және ауызша сөз жарыстарға қатысты. Жас кезінен өз тайпасының ақылшысы болып қана қоймай, әділ биі бола білді. 15 жасынан бастап халық оны Төбе би, солтүстік өңір қазақтарының бас биі деп атады. Тоқсан би туралы айтпас бұрын, алдымен «би» деген ұғымға тоқтала кетсек.
Би — дәстүрлі қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік жүйесіндегі демократиялық биліктің иесі.
Зерттеуші ғалымдардың, әсіресе, В.В. Бартольдтың пікірінше, “би” сөзі шамамен 14 — 15 ғасырларда ежелгі түркі тіліндегі “бек” атауының бір нұсқасы ретінде пайда болып, басқарушы, ел билеуші мағынасын білдірген. Кейіннен бастапқы семантикалық-тілдік реңкінен ажырап, көбінесе, дау-жанжалды шешіп, кесімді төрелік айтушы, әділ үкім шығарушы адамды бейнелеу үшін қолданылған.
Қазақтың алғашқы заңгерлерінің бірі Д. Сұлтанғазин “Бұрынғы замандағы қазақтардың билік қылуы” атты мақаласында: “... бағзы билер болыпты, бек білімді, атақты һәм ақылды, әділетті, көпті көрген және іс бітіргенде әдет рәсімдерін тегіс біліп, әр жұмысты қара қылды қақ жарып орнына келтіреді екен..., һәм солардың бітірген жұмыстарын ұлы хандары да әрқашан бұзбайды екен... Сондай билер турасында қазақтың мақалы да бар. Батыр мен биді салыстырғанда, биді қатты артық көретінін білдіретін сол мақалы мынау: “Батыр деген бір барақ ит, екі қатынның бірі табатын, би деген бір ақсарағат, бүтін елден біреуі ғана табатын” дейді (“Дала уәлаятының газеті”, 1888, ғ51).
Билер:
Біріншіден, би мемлекет басқару жүйесінде кейбір айрықша құқылар иеленді: “Жеті Жарғы” қағидаларына сай ол өзіне бағынышты ру-тайпа шегінде сот және әкімшілік билік (ханмен қатар) жүргізді. Яғни, Би – заңгер. Сот төрелігін жүзеге асыратын болғандықтан, “тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” деген құқықтық-гуманистік принциптен айнымауға тиіс еді.
Екіншіден, би ру-тайпаның басшысы ретінде әкімшілік қызметті де қоса атқарып, өз қауымының тұрмыс-тіршілігін қадағалап, тәртіп-талабына жауапты болды. Яғни, Би – көсем. Осылайша олар билеуші хандардың халық арасындағы сенімді тіректеріне айналып, саяси бедел иеленді, сұлтандармен тең құқылы дәрежеде мемлекеттің мәселелерді талқылауға қатысты.
Үшіншіден, ел тағдыры сынға түскен жаугершілік замандарда билер батыр-баһадүрлермен қатар атқа қонып, қарамағындағы тайпаластарынан жасақ құрып, мемлекет тұтастығын, ұрпақтар азаттығын қорғауға ұйытқы болған, қолбасшылық қызмет атқарған. Демек, Би – жүрек жұтқан батыр.
Төртіншіден, би — дипломат, елші. Ел бірлігіне, ұлт тұтастығына нұқсан келтірер ағайын араздығын басып, руаралық дау-жанжалдарды бітістірумен шектелмей, қазақ ұлысының көрші мемлекеттермен қарым-қатынас жасап, әр түрлі байланыс орнату ісінде де ханға көмекші әрі кеңесші қызмет атқарған.
Бесіншіден, Би – ойшыл, ғалым. Ол халық тарихын, әдет-ғұрпын, салт-санасын меңгерген, заңғар ой түйген философ, ғылымның әр саласынан хабары бар білімпаз.
Би – психолог, әртіс. Би адамның жан-дүниесін, мінез-құлқын бір көргеннен-ақ тап баса танитын, кәнігі психолог болуы шарт.
Алтыншыдан, би атағы мұрагерлік заңымен берілетін лауазым емес.
Қазақ еліндегі би институтының алатын орны мен маңызын Шоқан Уәлиханов жан-жақты зерттеген. Ол «Билер сотының ертеден келе жатқан халықтық тілі» деген мақаласында былай деген: «Би атағын беру – қазақта халық тарапынан би сайлау арқылы немесе халықты билеп отырған үкімет тарапынан бекіту арқылы болған емес. Тек сот ғұрыптарын әбден жетік білетін, тілге шешен қазақтар ғана бұл құрметті атаққа өз бетімен ие болып отырған... би болам деген екендігін халық алдында сан рет көрсетуге тиіс болған. Ондай адамдардың атағы жұрттың бәріне мәлім болып отырған».
Билердің кесім-бітімі көпшіліктің көзінше ашық аспан астында айдан анық жария боп отырған. Ешқандай құпия, алдын ала ымыраласу, пәтуаласу деген болмаған. Билер өзінің сөзін, билік шешімін: «Ал, халайық, бұған не дейсіңдер, ризамысыңдар?»-деп көпшілікке салып мақұлдасқан. Осы күнгі айтып жүрген жариялылық, демократия, адамгершілік дегеннің өзі осы емес пе?!
Халық өзінің от ауызды, орақ тілді, әділ билік айтатын шешен билерін ханнан да артық қадірлеп, сыйлап, олардың айтқан кесімді, бітімді сөздерін жадында сақтап келген.
Билер барынша адал, ешкімге бұра тартпайтын, тура сөйлейтін нағыз шешен әрі ақылгөй, халық қамқоры болған.
Осы айтылған қасиеттердің бәрі де Тоқсан би Жабайұлының бойында болған.
Тоқсан би Жабайұлы - Керей руының есімі бүкіл қазақ еліне танымал ірі өкілі. Ол ел билеу істерінде, дау-дамай тартыстарда Керей руының атынан сөйлеп, осы рудың намысын қорғап, жоғын жоқтаған, өз кезінде осы рудың басшысы болған.
Тоқсан 1753 - мешін жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Қарағайлы көл деген қоныста әйгілі Қарабиұлы Жабай батырдың отбасында дүниеге келіп, Уақ елі жайлауымен шектесетін өз жайлауында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты жерде) 1853 – сиыр жылы жаздың аяғында жүз бірге қараған жасында қайтыс болыпты.
Тоқсан Жабайұлы жас бала кезінде ауыл молдасынан оқып, хадимше сауат ашып, діни білім алыпты. Сонан кейін оны әкесі Жабай сол төңіректегі Қожаберген – Асқап медресесіне оқуға беріпті. Аталмыш медресені Тоқсан жақсы оқып, тамам етіп, ондағы өзіне дәріс берген ғұламалардан араб, парсы көне түрік (шағатай) тілдерін тәп – тәуір үйреніп, діни білімі мен сауатын жетілдіріпті. Қожаберген – Асқап медресесін Тоқсанның Ақжан, Бақжан, Мағжан, Тоқжан есімді ағалары да оқып бітірген екен. Ақжан, Бақжан, Мағжан Жабай ұлдары қазақ-қалмақ соғысында қаза тапқан деседі.
Жабай сардар өзінің кенже ұлы Тоқсанды ертіп, өз керуенімен бірге Хиуа хандығындағы Үргеніш шаһарына барып, сондағы медресеге оқуға орналастырып, дос кісілерінің бірінің үйіне қойып оқытыпты. Үргеніштегі өзі оқуға түскен медресені Тоқсан жақсы оқып бітіріп, араб, парсы, көне түрік тілдерін бұрынғысынан да жақсы меңгеріп, сауатын жақсартып, діни терең білім алып шығыпты.
Оқу бітіріп келген Тоқсан ұстаз болмайды. Ол жастай ел билігіне араласып, Сибан-Керей Мама батыр ұлы Бөкенбай биден арнайы барып бата алған екен. Бөкенбай бейбіт кезде алдынан әділдік арылмаған би болыпты да, соғыс кезінде қолбастаған батыр болған. Шүршіттер Аблайдан Әмірсананы тартып аламыз деп қалың қолмен (200 мың делінеді) қазақ жеріне басып кірген қанды айқаста Бөкенбай батыр ерекше ерлік көрсеткені үшін қазіргі Күршім ауданындағы бір тау атын (тау асуы делініп те айтылады) Бөкенбай батырдың атына берген. Сол Бөкең бейбіт кезде би болған, айтысуға алдына келген өзге би оның қаһарынан ығысып, шындықты мойындайды екен. Сондықтан да есесі кеткен жандар Бөкеңнің алдына баруға құмар болған. Тоқсан бидің жас шағында одан бата сұрай келуінің өзі соның айғағы. Ал одан басқа өзінен жасы үлкен Шақшақ, Тіленші, Кикібай сияқты шешендерден үлгі-өнеге алыпты. Осы есімдері аталған үш жас би өздеріне өкшелес інісі Тоқсанды төрелік айтуға баулыған екен. Сол кезден бастап, Тоқсан Жабайұлы дауларда шариғат жолымен билік айта бастайды. Тоқсан өзінің жастығына қарамай, Орта жүз Арғын елінің Бекболат, Едіге сияқты үш жүзге мәлім билеріне арнап барып, сәлем беріп, олардың ақыл-кеңестерін тыңдап, төрелік айтуды үйреніпті.
Тоқсаның өз әкесі Жабай қол бастаған сардарлардың бірі болыпты. Ал, оның әкесі – Қара да, атасы – Алдай да би болыпты. Алдайдың әкесі – Құдияр дәулет иесі адам екен. Құдиярдың әкесі Ырыс би болыпты. Ал, Тоқсанның Ырыс биден арғы бабалары ел қорғаны – батыр, мерген болыпты.
Қазақ халқының академик – ғұлама ғалымы Қ.И.Сәтбаевтың әкесіне ат қойып берген батасында Сегіз серінің: «Тоқсан бидей үш жүздің шешені бол», - дегендегі Тоқсан – осы Тоқсан би екен. Сегіз сері Тоқсан биді көрген, одан бата алған кісі. Оның үстіне, «Қазақтың шежіресін құрастырып Сегіз сері жазсын!» - деп ақыл айтқан ел жақсыларының бірі – Тоқсан би екен.
Би жасынан ел аралап, игі жақсылармен жүздесіп, олардың ғақлия сөздерін тыңдап, өзі де билік айтып, сөз сайыста сынға түсіп, сөз өнеріне ерте тәрбиеленген. Киікбай, Қалқаман билермен, Нұрым төремен кездесіп, солардың үлгі өнегесін, тәлімін алған. Солардың берген батасы дарып, сөз машығының майталман жүйрігіне айналған.
Тоқсан би мен Киікбай шешен
Атақты Киікбай шешен Тоқсанның әділ өткір би-шешен болатынын жас кезінен-ақ болжаған және оған үлкен үміт артқан. Тоқсанның шынында да жас кезінен-ақ билікпен атағы шыға бастайды. Сондықтан ол сонау Семейге үш жүздің тәуірлері бас қосқан жесір дауына шақырылады. Бұндай жиынға алғаш рет қатысайын деп тұрған жас Тоқсан Киікбай шешенге ақыл сұрауға, әрі бата алуға келеді. Тоқсан мен жолдасы Киікбайға сәлем беріп, келген шаруасын айтқанда, Киікбай:
...Ардақты атаң Қара би
Үш жүзге мәлім дара би.
Жабай әкең тағы би
Күміс көмей, жезтаңдай
Қаусырып тұрған жағы би.
Сарабында үш жүздің
Аруағы қонып атаңның Сен болғайсың сана би.
Жолбарысша бақырма,
Бұрқылдама бураша,
Айғырша арқырама,
Қошқарша пысылдама,
Текеше бақылдама.
Айтқан сөзің құрған қақпандай болсын, Суықтығың ақпандай болсын.
Қанды ауызға түскеннің қанын шығар,
Әділетсіздің жанын шығар.
Күле сөйлеп күңіренбе –
Сөзің заяға кетер.
Зейінділікпен айтқан сөзің,
Зерделінің санасына жетер.
Уа, Тоқсанжан, Тоқсанжан,
Осыны бір есіңе ал.
Үш жүздің дауы бар,
Саған деген жауы бар.
Уа, Тоқсанжан, Тоқсанжан,
Мынау тұрған біздің үй.
Айтам саған жай мен күй.
Өзім кәрі, бала жас.
Дәулет біткен болар мас.
Қайтарыңда келе кет,
Атаңа сауға бере кет,- деп батасын беріпті.
Тоқсан би Семейдегі сол ұлы жиыннан олжалы болып, ай жүріп оралып, қайтар жолда Киікбай шешеннің ауылына соғады. Ол жай келмейді, Киікбайға арнап бір бесті ат, бір құнан қой, он бес теңге ақша, бір қырмызы шапан әкеледі.
Бұл оқиға Тоқсан бидің жүрегінің кеңдігін, көңілінің дархандығын, үлкенді сыйлайтындығын көрсетсе керек.
Тоқсан бидің ұрпақтары бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданына қарасты Қараағаш ауылында, Қызылжар, Алматы қалаларында, Түмен облысының Ялутор ауданында тұрып жатыр
Тоқсан бидің зиратының қайда екендігі бертінге дейін белгісіз болып келді. Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов ауданының Западное елді мекені маңынан 2-3 шақырым жерде Тоқсан бидің бейіті табылып, 2001 жылы тамыз айында басына граниттен ескерткіш қойылды. Ал 2006 жылы кесене тұрғызылып, Западное елді мекенінің атауы Тоқсан би ауылы деп өзгертілді. Петропавл қаласының бір көшесіне аты берілді. Деректерге қарағанда, осы өңірді жаз жайлауына, қыс қыстауына айналдырған би "Есілдің арғы бетіндегі Қарауыл төбеге жерлеңдер. Түбінде осы жер тоғыз жолдың торабына айналады. Сонда ұрпақтарым еске алар" деп өсиет қалдырған екен. Шын мәнінде бидің айтқаны келіп, зираттың түбінде Алматы-Екатеринбург, Жезқазған-Қызылжар, Қостанай-Көкшетау тас жолдары тоғысып, жолаушылар ағылған жерге айналды.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. «Тоқсан би» кітабы Құрастырушы: С.Жұмабаев. – Петропавл. – 2013. – 192 бет
2. Жан Пердебек. «Қазақтың Тоқсан билері хақында» мақаласы
3. Уикипедия деректері қолданылды.