Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстандағы поляк ұлтының өкілдері: қалыптасу тарихы мен бүгіні

2392
Қазақстандағы поляк ұлтының өкілдері: қалыптасу тарихы мен бүгіні  - e-history.kz
Аймақтағы саяси тұрғыда айдауда болған поляк ұлты өкілдерінің арасында сауатты азаматтардың саны көп болатын

Қазақстан – жүз отыздан астам ұлт өкілдері береке мен бірлікте өмір сүріп жатқан жас мемлекет. Мемлекетіміздің көпұлтты бейнесінің қалыптасуына өзіндік үлесі қосушы әрбір диаспораның қазақ жеріне түрлі жағдайда, тағдырдың тәлкегімен қадам басқандығы бүгінде баршаға белгілі. 

Қазақстанның көп ұлтты, көп конфессиялы қоғамында өмір сүріп жатқан түрлі халықтың арасында поляк ұлты өкілдерінің де өзіндік орны бар. 

Қысқаша ақпарат беретін болсақ, поляктар – славян текті, оның ішінде батыс славян тіл тармағына жатқызылатын, басым көпшілігі христиан дінінің католик тармағын ұстанатын еуропалық халық. Халықтың негізгі көпшілігі тарихы отаны Польша аумағын мекендейді [23, 382-б.]. 

Бүгінгі күні әлемнің көптеген мемлекеттерінде өмір сүріп жатқан поляк диаспорасы жалпылама «Полония» атауымен белгілі. Қазақстандық поляктардың қалыптасуы – түрлі саяси жағдайда жүзеге асқан, ұзаққа созылған күрделі үдеріс. Аталған тақырып аясын мейлінше аша түсу, мүмкіндігінше кешенді қарастыру мақаланың басты мақсаты болып табылады. Қазақстан мен Польша шалғай орналасқан елдер болғандықтан, поляк халқы өкілдерінің қазақ даласын мекендей бастауы негізінен Ресей отаршылдығы дәуірінде басталып, советтік кезеңде аяқталды. Сондықтан, «поляк иммиграциясын» Польшаның, Ресей мен Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы шеңберінде байланыстыра қарастыру қажет. 

Қазақ даласына поляк ұлты өкілінің алғаш аяқ басуы ХІІІ ғасырда тіркелген. Атап айтқанда, 1245-1247 жылдары Джованни да Пиан дель Карпини елшілігінің құрамында вроцлавтық монах, францискандық Бенедикт Поляк (Бенедиктус Полонус) та өткен болатын. Арал далалары, Сырдария және Іле алқабы, Балқаш көлі арқылы өткен поляк ұлтының өкілі еуропалықтардан алғашқылардың бірі болып, алыстағы көшпенділердің жері, оның ұшы-қиыры жоқ кеңдігі, жат өлкенің табиғаты, көшпенділердің киіз үйі мен тұрмысы хақында қызықты ақпараттар қалдырған [37, 7-8-бб.]. 

ХVI-XVIII ғғ. аралығында Еуропа құрлығының Орталық және Шығыс аймағында, қала берді құрлықтың саяси өмірінде Польша мен Литваның бірлескен Речпосполита мемлекеті маңызы рөлге ие болды. Бірақ, XVIII ғасырдың екінші жартысынан қуатты мемлекеттің әлсіреуі басталып, көшілес орналасқан Австрия, Пруссия және Ресей сынды алпауыт бәсекелес мемлекеттер оның аумағына көз аларта бастады. 

Бір кездегі қуатты мемлекеттің, өз бәсекелесінің әлсіреуіне Ресей мүдделі болды. Петр І билігі тұсында (1689-1725) Ресей Еуропаның перифериясындағы мемлекет деңгейінен күрт күшейіп, маңызды саяси ойындардың тікелей қатысушысына айналды [1, 144-б.]. ХVIII ғасырдың ортасынан көрші орналасқан Ресей, Пруссия мен Австрия сынды мемлекеттер өздерін католик діні басымдыққа ие ел аумағында діни азшылықтың құқығын қорғаушылар ретінде көрсетіп, түрлі сылтаулармен поляк-литов мемлекетінің ішкі істеріне араласуын бастайды. 

Сыртқы күштердің ықпалына уақытылы тойтарыс беру мақсатында елдегі ішкі күштер де белсенділік таныта бастады. 1768 жылы Подолиядағы Бар қаласында (қазіргі Украинаның Винница облысындағы қала) дінді және Речпосполитаның Ресейден тәуелсіздігін қорғау мақсатында конфедерация құрылды. Конфедерация ел тәуелсіздігі жолында бірқатар жетістіктерге қол жеткізгенімен, тұтас алғанда жеңіліске ұшырады [1, 150-151-бб.]. Бар конфедерациясына қатысушылар Ресей тарапынан қатаң жазаланып, бірқатары Сібірге, оның ішінде қазіргі Қазақстан және іргелес аумақтарға жер аударылды. 

Сібір – аймақ ретінде поляк ұлтының санасына берік енген ұғым. Себебі, Сібір 1770 жылдардан бастап тұтқындағы поляктарды айдауға жіберетін орын ретінде орнықты [26, 325-б.]. 

«Поляк мәселесі» Еуропа құрлығының күн тәртібіне шығарылып, Речпосполитаның ішкі саясатына ашық араласа бастаған Ресей, Пруссия мен Австрия уақыт өте өз саясаттарын белсендіре түсті. 

1772 жылы үш мемлекет Речпосполитаны бөліске салу туралы келісімді жасасты. Аталған келісім негізіндегі алғашқы бөлініс барысында Речпосполита, бөліске қатысушы мемлекеттер пайдасына өз аумағының үштен бірінен, халқының 30%-ынан айырылғанымен, мемлекет ретінде өмір сүруін жалғастыра берді [1, 151-б.]. 

1791 жылы 3 мамырда Речпосполитаның мемлекеттік құрылымын ел халқының мүддесіне сай түбегейлі өзгерткен жаңа заң – конституция қабылданды. «Көршілершілер жауабы» да көп күттірмейді. Араға жыл сала поляк оппозициясының сұрауымен орыс әскерлері Украина мен Литва аумақтарына (аталған елдердің аумағы негізінен Речпосполита құрамында болатын) басып кірді, бірақ Речпосполита әскерлері тарапынан табанды қарсылыққа кезікті. Солтүстік пен батыстан енген прусс әскерлері де көп жерлерді басып алды. 

Қалыптасқан жағдай поляк қоғамындағы патриоттық топтың ар-намысын таптады. Көтеріліс ұйымдастарылып, оның басшылығына Рыцар мектебінің өкілі, Америка тәуелсіздігі үшін болған соғыстың батыры Тадеуш Костюшко келді. Бірақ бірқатар жетістіктері мен жеңістеріне қарамастан, көтерілісшілер Ресейдің тұрақты әскерлерінің тегеурініне төтеп бере алмады. Мемлекеттің астанасы беріліп, көтеріліс жеңілді. Офицерлердің бір бөлігі эмиграцияға кетсе, екіншілері қатаң бақылауға алынды. Ал қатардағы көтерілісшілердің едәуір бөлігі Сібірге жер аударылып [1, 157-161-бб.], жекелегендері орыс әскелерінің қатарын толықтырды [2, 325-б.]. 

Речпосполита аумағындағы әскери қимылдар барысында Австрия, Пруссия мен Ресей мүмкіндігінше көп жерлерді басып алуға тырысты. 1795 жылы Речпосполитаны бөліске салудың үшінші келісімі бекітіліп, оның барысында поляк-литов біріккен мемлекеті халықаралық қатынастардың дербес субъектісі ретінде өмір сүруін тоқтатты [1, 162 б.]. Осылайша, поляк халқы ұзақ жылдарға өз тәуелсіздігінен айырылды. 

Үш мемлекет басып алған аумақтарда тиісті мемлекеттік заңдар мен әкімшілік басқару жүйесін орнатып, қолданысқа өз тілдерін енгізе бастады. Он жылдан астам тәуелділікте өмір сүрген поляк халқының тәуелсіздік алуға қатысты үміттерін саяси сахнаға жаңа шыққан Наполеон Бонопарт қайта жаққандай болды. 

Француз армиясы Пруссияға қарсы әскери қимылдарын бастаған тұста поляктардың ерікті әскери бөлімдері құрыла бастады. Қысқа мерзімде поляк әскерлерінің саны 30 мыңнан асып, соғыс тағдырына едәуір ықпал етті. Нәтижесінде, Наполеон уақытша үкімет – Билеуші комиссияны құрды. 1807 жылы Варшава княздығы құрылып, конституциясы бекітілді. Билікке саксон королі Фридрих Август келді. 

1812 жылы Ресейге қарсы соғысты бастаған Наполеон Речпосполитаның бұрынғы барлық аумақтарын қайтаруға уәде етті. Ресейге қарсы соғыста Наполеон әскері сапында 70 мың поляк жауынгерлері соғысты [19, 235-б.]. 

77de58f9b2a12e81e43a533b84294f5a.jpg

Адольф Янушкевич

Алғашқы кезеңдегі жеңістер, Бородино шайқасы, Мәскеуді басып алу жүзеге асқанымен, Наполеон ресей әскерлерін талқандай алмады. Қайта өз әскерімен шегініп, аяздар мен бұрқасындар әскерлердің шегінісін жеңіліске ұластырды. Француздар ізімен ресей әскері еріп отырды. 1813 жылдың қаңтарында орыс әскерлері Варшава княздығының аумағына енді. Үкімет, француз елшілігі және армияның қалдықтары шұғыл түрде Краковқа көшірілді. 

Наполеон жеңіліске ұшырап, соғыстан кейінгі Еуропадағы мемлекеттердің «саяси салмағы» мен құрлықтың тағдыры 1815 жылғы Вена конгрессінде қаралды. Бірақ, «поляк мәселесі» бойынша жағдай өзгеріссіз қалды. 

Бұрынғы Речпосполита аумағының басым бөлігін иемденген Ресей империясы поляк жерлері есебінен Поляк Королдігін құрды. Жаңа конституцияға империя тарапынан сәйкес королдіктің өз үкіметі, сеймі (поляк парламенті), әскерінің болуына кепілдік берілді. Королдік 127 мың шаршы шақырым аумақты қамтып, ел аумағында 2,7 млн халық тұрып жатты [1, 169-72 бб.]. 

Наполеон жорықтарында Ресей империясына қарсы соғысқан поляк жауынгерлері қатаң жазалауға ұшырады. Тұтқынға түскен поляктар империяның ішкі, шалғай аумақтарына жер аударылды. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, 1812 жылдың қарашасы мен 1813 жылдың тамызы аралығында Астрахань губерниясының өзіне 999 наполеондық тұтқындар жер аударылған. Басым көпшілігін (83%) поляктар құраған тұтқындардың 14-і әйел, 5-уі жас балалар болған [40, 306-307-бб.]. Сонымен қатар, поляк тұтқындары Сібірге де жер аударылған. Сібірде тұтқындардың бір бөлігі Қазақстан шекарасына таяу орналасқан Есіл (Ишим) бекінісіне орналастырылған. 1813 жылғы мәліметке сәйкес елді мекенде тұтқындағы 237 поляк офицерлері болған және екі партиямен тағы 469 поляктардың келуі күтілген [26, 328-б.]. 

Аталған мәліметтерге негіздей отыра ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінің өзінде еліміздің бірқатар аймақтарында, атап айтқанда, Астрахан губерниясы арқылы қазіргі Атырау және ішінара Батыс Қазақстан облыстары аумақтарында (1876 жылдан Бөкей ордасы Астрахан губерниясына қарасты болды) аз болса да поляк халқы өкілдерінің қоныстана бастағандығына көз жеткіземіз. 

Тарихи айғақтарға сүйене отырып, Сібірге, Есіл бекінісіне орналастырылған Наполеон сапында болған поляк тұтқындарының қазіргі Солтүстік Қазақстан аумағындағы поляк халқы өкілдерінің негізін қалады деп айтуға толық негіз бар. 

1830 жылы Еуропа құрлығы үшін түрлі саяси оқиғаларға толы болды. Франциядағы революция барысында монархия құлатылса, бельгиялықтар қолына қару алып, Голландиядан бөлінуге күш салды. Вена конгрессіндегі уағдаластыққа сәйкес, еуропадағы монархияларды қорғау мақсатында, Ресей тарапы, бельгиялықтардың тәуелсіздік жолындағы көтерілісін басуға поляк әскерін жіберуге шешім қабылдады. Бұл жағдай, поляк қоғамындағы наразылықты күрт өршітіп, жаңа көтеріліске алғышарт болды. 

Көтеріліс 1830 жылдың 29 қарашасында ұлы княз Константиннің Бельведердегі сарайына (Варшавада орналасқан) жасалған шабуылдан басталып, қысқа уақыт ішінде Польшамен бірге поляк ұлты мекендеген Батыс Украина мен Литва аумақтарын да қамтыды. Он айдан астам уақытқа ұласқан көтеріліс поляк жасақтарының жеңілісімен аяқталды. Көтеріліс империялік тұрақты армияның күшімен басылды [1, 178-180-бб.]. 

Көтерілісті ұйымдастырғандығы үшін поляктар оған дейінгі бірқатар саяси артықшылықтарынан, жеңілдіктерінен айырылды. 1815 жылғы конституция өз күшін жойды. Польшадағы жаңа басқару түрі 1832 жылғы «Шектеулі статут» арқылы айқындалды. Оған сәйкес сейм өз жұмысын тоқтатып, жеке әскер ретінде поляк әскері таратылды. Нәтижесінде, поляктар ресей армиясында қызмет ете бастады. Поляк королдігі таратылып, империяның өзге аймақтарындағы секілді губернияларға бөлінді. 

Ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушы мыңдаған поляктар мен олардың отбасы мүшелерінің дүние-мүліктері тәркіленіп, өздері империяның шалғай аймақтарына жер аударылды [41, 36-37-бб.]. Оның ішінде қазіргі Қазақстан аумағына жіберілгендері де көптеп саналды. Айдаудағы поляктардың үлкен бөлігі Сібір казак әскеріне қатардағы жауынгер ретінде қабылданып, Сібір шебінің бекіністеріне орналастырылды. Осылайша, еліміз аумағындағы поляк халқы өкілдерінің саны өсе түсті. 

ХІХ ғ. 30 жылдарының соңы мен 40 жылдарының басында Батыс Сібір аумақтарына, Алтайға, ұлт-азаттық бағытында жұмыс жасаған жасырын поляк ұйымдарының мүшелерін «еркінен тыс қоныстандыру» жалғасты. 

Тұтқындағы поляктардың жағдайы ауыр болғандықтан әрі сол кезеңде мемлекетті басқаруда сауатты қызметкерлердің аз болуынан, уақыт өте Ресей үкіметі тарапынан түрлі жұмыстарға араласу ұсынысына олардың көпшілігі өз келісімдерін берді. 

Айдаудағы поляктар арасында түрлі жас мөлшеріндегі және түрлі мамандық иелері: ақындар, суретшілер, дәрігерлер, сәулетшілер, заңгерлер және т.б. болды. Сонымен қатар, сібір этапының офицерлері, қолөнершілер мен дүкен сатушылары арасында да поляк ұлтының өкілдері көптеп саналатын. Айдаудағы поляктар тұрған аумақтардағы түрлі этностық орта олардың болашақ тағдырын айқындады. Жекелегендері жергілікті қыздарға үйленсе, ауыр жағдай екіншілерін шаруалардың батырақтарына (жатақтарына) айналдырды. Тек, қолөнердегі кейбірлерінің тауарлары жергілікті нарықта сұранысқа ие болғандықтан өмір сүруі жеңілдеді [36, 385-б.]. 

ХІХ ғасырдың 60 жылдырының алғашқы жартысында поляк халқының тарихи отанында кезекті ұлт-азаттық көтерілісінің алғышарттары пісіп жетілді. 1863 жылдың 22 қаңтарында Уақытша ұлттық үкімет жарияланып, поляк халқы мекендеген аумақтарда (Польша, Литва мен Белоруссияның, Украинаның жекелеген аймақтарында) азаттық жолындағы кезекті күрес басталды. 

Бір жылдан астам уақытқа созылған ұлт-азаттық көтерілісі жеңіліске ұшырады. Ондаған мың адамның өмірі қиылып, мыңдағаны империяның шалғай аумақтарына, басым түрде Сібірге күштеп жер аударылды [1, 191-194-бб.]. Жер аударылғандар қазақ халқы мекендеген Астрахань, Орынбор губерниялары мен Батыс Сібір аумақтарына, Алтайға, кейінірек Сыр бойы мен Жетісуға да көптеп жіберілді. 1865 жылы Орынбор губерниясының өзінде 223 поляк ұлтының өкілі бақылауда болса [11, 14-б.], Семейді 65, Өскеменді 30 поляк ұлтының айдаудағы өкілі мекен еткен [16, 76-б.]. 

ХІХ ғ. екінші жартысында қазақ даласында және іргелес аумақтарда саяси тұтқындардан өзге де түрлі мемлекеттік қызметтерде, әскери және кәсіпкерлік саласында жүрген поляк ұлтының өкілдері көптеп саналатын. Мысалы, 1860 жылдары поляк ұлтының өкілдері Том губерниясы жалпы халқының 1%-ын құраса, Том және Барнаул округтеріндегі поляктардың саны 3 мыңға таяу еді [39]. Және олардың саны ұдайы өсу үстінде болды. 

1884 жылы Қазақстанның қалаларында (Петропавл, Атбасар, Ақмола, Семей, Өскемен, Павлодар, Зайсан) 3-5 жыл мерзімге дейін жер аударылған 20-дан астам поляк азаматтары өз жазаларын өтеумен болды [16, 77-б.]. 

Қазіргі Қазақстан аумағындағы поляк халқы өкілдерінің саны, жыныстық құрамы туралы толымды әрі кешенді ақпаратты тұтас Ресей империясының аумағында 1897 жылы жүргізілген алғашқы халық санағы мәліметтерінен ала аламыз. 

Халық санағына сәйкес, сол кезеңдегі Орта Азияны (қазір Орталық Азия) 11 576 поляк ұлтының өкілі мекендеген. Олардың 10361-і, яғни басым көпшілігі қалаларда шоғырланған. Қалалық поляктардың жыныстық құрамы: 9421 ер азаматтардан және 940 әйел азаматтардан құралған [32]. Мәліметтерді сараптау арқылы поляктардың негізінен жергілікті билік пен әскерилер орналасқан қалаларды (ол кезеңде қалалар шағын) мекендегендігін, сонымен қатар, дені саяси тұтқындар мен әскери, әкімшілік қызметтегілерден құралғандықтан, қатарында ер азаматтардың саны бір жақты басым болғандығына көз жеткіземіз (10 ер азаматқа 1 әйелден келеді). Поляк ұлты арасында қалыптасқан демографиялық, жыныстық диспропорция жағдайында халықтың тілдік, мәдени тұрғыдан жақын орыс халқы тарапынан жоғарғы деңгейде ассимилиацияға ұшырағандығы күмәнсіз. 

Алғашқы халық санағы бойынша Орталық Азия аймағындағы поляктардың ең үлкен бөлігі – 2 206 адам Ташкент қаласын мекендеген [42, 179-б.]. Ақмола облысында – 1142 [27, 19-б.], Закаспий облысында (қазіргі Түркменстан мен Маңғыстау облысының, ішінара Өзбекстан аумағы) – 3632, Семей облысында (Семипалат облысы) – 195 [32], Жетісу облысында – 185, оның ішінде Верныйда (Алматы) – 78 [29, 52-б.], Сырдария облысында – 2825 [28, 18-б.], Торғай облысында – 101 [30, 9.], Орал облысында – 250 [31, 3-б.] поляктар тұрған. 

Ал қазақи қауым жекелеген өңірлерінде басым болып табылатын Астрахань губерниясында – 839, Орынбор губерниясында – 1696, Тобыл губерниясында – 5745, Том губерниясында – 6387, жалпы Сібір аймағында (Орал тауынан Тынық мұхитына дейінгі аумақ) – 29 177 поляктар мекен еткен [32]. Егер халық санағының ана тілі бойынша жүргізілгендігін ескерсек, поляктардың саны ресми мәліметтегіден де көп болуы мүмкін. Себебі, халық түрлі жағдайда топтана қоныстанғандықтан және негізінен қалаларда, орыс тілді ортамен ингеграцияланғандықтан, түрлі әкімшілік әрі әскери лауазымдарда болғандықтан ана тілін ұмыта бастауы заңды да еді. 

Аймақтағы саяси тұрғыда айдауда болған поляк ұлты өкілдерінің арасында сауатты азаматтардың саны көп болатын. Көптеген поляк ұлтының өкілдері қазақ арасында түрлі қызметтер атқарғандықтан, жергілікті ұлтпен тығыз қарым-қатынаста болды, қоян-қолтық араласты. Нәтижесінде, олардың бірқатары қазақ халқының тұрмыс салты, рухани дүниесі, дәстүрі, өнері һақында танымал әрі құнды еңбектерді жазып қалдырды. 

Олардың қатарына Адольф Янушкевичтің «Қазақ даласына саяхаттың күнделіктері мен хаттары», Бронислав Залескийдің «Қазақ сахарасына саяхат», Северин Гросстың «Қырғыздардың (қазақтардың) заң жөніндегі әдет-ғұрпын үйренуге арналған материалдар» және т.б. еңбектерді жатқызуға болады. Аталған еңбектер бүгінгі күні де ғылыми тұрғыда өз маңызын жоймай келеді. 

ХХ ғасырдың саяси тарихы Антанта мен Үштік Одақ блоктарының қарым-қатынасының күрт шиеленісінен басталды. І Дүниежүзілік соғысы басталған тұста үш мемлекет (Австро-Венгрия, Германия, Ресей) қарамағындағы поляк жерлерінде тәуелсіздік алуға деген ұмтылыстар басталды. Саны көп поляк халқының сеніміне ие болу мақсатында империялар соғыстан кейінгі «саяси жеңілдіктерін» жариялап, поляктарды әскер қатарына ала бастады. Нәтижесінде, поляк халқының өкілдері үш империя әскерлерінің сапында да соғысты. 

1918 жылы 11 қарашада батыс майданында бейбіт бітім жасалып, І Дүниежүзілік соғыстағы әскери қимылдар тоқтады. Версаль конференциясының барысында тәуелсіз Польша мемлекеті құрылды [1, 224-225-бб.]. 

b72fca83a0a5765c8621b559f4299d6f.jpg

Сібірге жер аударылған поляктар

Бірақ, әскери тұтқындар мәселесі ашық күйінде қалып қойды. Тек Австро-Венгрия және Германия мемлекеттерінің өзінен 100 мыңнан астам поляк жауынгерлері Ресей әскерінің тұтқынына түскен [24, 19-б.]. Олардың бір бөлігіне елдеріне қайту мүмкіндігі берілсе, екінші бөлігі 1917 жылдан кейін совет азаматтығын қабылдады. 

Ұзақ жылдар Ресей империясының бодандығында болып, тек әкімшілік-аумақтық бірліктерден тұрған Қазақстан 1920 жылы автономды, ал 1936 жылы ССРО құрамындағы одақтық республика ретінде құрылды. 

1926 жылы жүргізілген халық санағы бойынша Қазақстандағы поляк ұлты өкілдерінің саны 3 762 адамды құраған [10] және олар негізінен саяси жер аударылғандардың, Ресей империясында әскери және өзге қызметтерде болғандардың ұрпақтары болатын. 

Өз тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан-ақ Тәуелсіз Польша мен Совет мемлекетінің (ССРО) арасындағы қарым-қатынас жақсы болмады. Польша батыстың капиталистік мемлекеттерінің саяси одақтасы ретінде қарастырылса, ССРО елге қауіп төндіруші мемлекет ретінде бағаланды. Оған өз кезегінде поляктардың ұзақ жылдар Ресей империясынан озбырлық көруі, 1920-21 жылдарғы совет-поляк соғысы теріс ықпалын тигізсе керек. Совет-поляк қарым-қатынастарындағы қиындықтар, жаңа биліктің (ССРО) елдің поляк азаматтарына қатысты сенімсіздігін күшейтті. 

1936 жылы ССРО Халық Комиссарлары Советінің «Украинадан қоныс аударушылар» бойынша қаулысы қабылданып, Украинаны мекендеген поляктар Қазақстанға депортациялана бастады. Халықтың әлеуметтік статусы шекаралық аймақтағы «саяси сенімсіз элементтер» ретінде айқындалды. Арнайы қоныс аударушылар поляк және неміс ұлты өкілдерінен құралып, негізінен, Житомир, Киев, Винница және Кировоград облыстарынан көшірілді [25, 6-б.]. 

1936 жылдың 20 мамыры мен 5 маусымы аралығындағы алғашқы депортация барысында Қазақстанға 5570 отбасы әкелінген. Украина мұрағаттарынан табылған деректерге сәйкес 1936 жылы Украинадан Қазақстанға жалпы саны 14,9 мың отбасы депортацияланып, шамамен, 60 мың поляктар мен 10 мың шамасындағы немістер қоныстандырылған [34]. 

1939 жылдың 23 тамызында Германия мен ССРО арасында «Өзара шабуыл жасаспау туралы» шарт (Риббентроп-Молотов шарты) жасалып, шартқа құпия қосымша хаттама енгізілді. Хаттамаға сәйкес Германия мен ССРО өзара ықпал ету аймақтарын бекітті. Оған сәйкес, Литваның, Латвияның, Эстония мен Финляндияның, Польша мен Бессарабияның (қазір Молдова мен ішінара Украинаның аумағы) ықпал ету аймақтарына бөлінді. 1939 жылдың 1 қыркүйегінде Германия Польша аумағына батыстан шабуыл жасап, ІІ Дүниежүзілік соғысы басталды. Ал 1939 жылдың 17 қыркүйегінде кеңес әскерлері құпия хаттамаға сәйкес Шығыс Польша аумағына енеді [1, 270-271-бб.]. Барысында, совет үкіметі тарапынан «саяси сенімсіз» деп танылған халық өкілдері Сібір, Орталық Азия мен Қазақстан аумақтарына депортацияланады. 1940 жылы Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Талдықорған, Алматы және Жамбыл облыстарының аумақтарына көптеген адамдар — көтерілісші ұйымдар қатысушыларының қуғындалған отбасы мүшелері, бұрынғы Поляк армиясының офицерлері, поляк мемлекетінің полицейлері, түрмедегілері, помещиктері мен шенеуніктері, т.б. күштеп қоныс аударылды. 

1941 жылы Орталық Азияға шамамен 150 мыңдай бұрынғы поляк мемлекетінің азаматтары депортацияланып, олардың 100 мыңдайы Қазақстан аумағына алып келінді. Бірақ, олардың ұлттық құрамы тек поляк халқы өкілдерінен тұрған жоқ [3, 89-б.]. Мұндай көлемдегі поляктардың ел аумағына қоныстандырылуы мемлекеттің (ҚазССР) ұлттық құрамына үлкен өзгерістер енгізді. 

1941 жылдың 22 маусымы күні Германияның ССРО аумағына шабуыл жасауы поляк халқына қатысты ұстанымды түбегейлі өзгертті. 1941 жылдың 30 шілдесінде Лондон қаласында ССРО-ның Ұлыбританиядағы елшісі И. Майский мен поляк премьері В. Сикорский (эмиграциядағы Поляк үкіметі) екі мемлекет арасындағы дипломатиялық байланыстарды қайта орнату және Германияға қарсы соғыста өзара көмек көрсету туралы келісім жасасты [17, 177-б.]. Келісімге сәйкес, ССРО аумағында поляк әскери бөлімдерін құруға уағдаластық жасалды. Келісімге қосымша бекітілген хаттамада «Совет үкіметі, осы уақытта, кеңес аумағында қамауда ұстаудағы немесе әскери тұтқындағы, және өзге де жетімді негіздердегі поляк азаматтарына дипломатиялық байланыстар орнаған сәттен амнистия жариялайды» делінген болатын. 

Келісім негізінде Қазақстан аумағына жер аударылған поляк азаматтарының көпшілігі Андерс армиясы қатарында (генерал Владислав Андерс) ССРО аумағынан шығарылды [3, 89-90-бб.]. 1942 жылы 1 қыркүйекте Андерс армиясының эвакуациясы толықтай аяқталды. Екі эвакуация барысында ССРО аумағын 75 491 әскери қызметкер және 37 756 қатардағы азаматтар тастап шықты [33, 155-156-бб.]. 

Бұрынғы поляк мемлекеті азаматтарының қалған бөлігі 1945 жылғы 6 шілдедегі совет-поляк келісіміне сәйкес ССРО аумағынан өз отандарына қоныс аударды [3, 89-б.]. 1956 жылы Қазақстандағы поляк халқына орнатылған арнайы бақылау тоқталып, еліміздегі поляк ұлтының өкілдері (советтік поляктар үшін) ССРО аумағында еркін қозғалуға мүмкіндік алды. 

Келтірілген мәліметтерді сараптау арқылы совет-поляк келісімдерінің негізінде ел аумағын негізінен ІІ Речпосполита азаматтары (1939 жылғы 17 қыркүйекке дейінгі Польша азаматтары) тастап шыққандығына көз жеткіземіз. Қазақстан аумағында қалған поляк ұлтының өкілдерін империя кезеңінде қоныстанғандардың ұрпақтары мен Риббентроп-Молотов пактіне дейін Украинадан күштеп көшірілген поляктар құрады. Осылайша, түрлі саяси үдерістердің барысында ХХ ғ. 60 жылдары қазақстандық поляк ұлтының өкілдерінің қалыптасуы аяқталды деуге толық негіз бар. 

Қазақстандағы поляктардың саны 1959 жылы 53 102 адамды құраса, 1979 жылы 61 136, 1999 жылы 47 297, ал соңғы 2009 жылғы санақ бойынша 34 057 адамды [6, 21-б.] құраған. Бұл – Республика халқының 0,2%-ы. Қазақстандық поляктардың үлкен бөлігі Солтүстік Қазақстан облысында. Облыстағы поляк ұлты өкілдерінің саны 2009 жылғы халық санағының мәліметтеріне сәйкес 13 976 адамды құраған [38, 4-б.]. Облыстағы поляктар ең көп шоғырланған аумақ — Тайынша ауданы. Аудан халқының 11 467-і поляк халқының өкілдері [38, 27-б.]. Ақмола облысы да қазақстандық поляктардың көп қоныстанған өңірі. Облыстағы поляк халқы өкілдерінің саны 8 292 адамды құрайды [5, 5-б.]. Жекелей алғанда, Көкшетау қаласында 2053 [5, 9-б.], Астрахань ауданында 1 599 [5,18-б.], Шортанды ауданында 1 584 [5, 41-б.] поляк мекендейді. Мемлекеттің бас қаласы Астанада 2179 поляк ұлтының өкілі мекендеген болса [13, 5-б.], Алматыны 807 [12, 5-б.] поляк қоныс еткен. Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарынан кейінгі поляктар көп қоныстанған аумақ – Қарағанды облысы. 2009 жылғы халық санағының мәліметтеріне сәйкес облысты 3 982 поляк [21, 5-б.] мекендесе, Қарағандыда қаласын 2 101 поляк [21, 11-б.] ұлтының өкілі қоныстанған. 

Қазақстандық поляктар — негізінен христиан дінінің католик тармағын ұстанушылар. Ал ана тілдерін пайдалану тұрғысынан келгенде халық орыс тілді ортаның ықпалымен үлкен ассмилиацияға ұшыраған. Мысал ретінде, сұрау бойынша саны қомақты Солтүстік Қазақстан облысы поляктарының небәрі 4,9% ғана поляк тілін ана тілі ретінде көрсеткен, қалған 95,1%-ы ана тілі ретінде өзге халықтың тілін көрсеткен [38, 35-б.]. 

Қазақстан Республикасы тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап елміздегі баршы өзге ұл өкілдеріне тілі мен дәстүрін дамытуға қажетті жағдай жасалып келеді. Ел конституциясы «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып...» [22, 3-б.] деген сөздерден басталады. Тәуелсіз Қазақстанның ұлт саясаты өз дамуында бірнеше кезеңнен өтті. Алғашқы кезеңде тілдік ахуал жақсара түсіп, соңынан ұлттық мәдени орталықтар құрыла бастады. 1992 жылы Қазақстан халықтарының алғашқы форумында Президент Н. Назарбаев республикадағы барлық этностарды консолидациялаушы қоғамдық органды құру идеясын көтерген болатын. Нәтижесінде, Қазақстан Халқы Ассамблеясы негізделді [8, 14-15-бб.]. 

Бүгінгі қазақстандық поляк халқының өкілдері – мемлекет халқының ажырамас бір бөлігі. Қазақстандық поляктар республиканың дамуына өз үлестерін қос отырып, Қазақстан мен Польша республикаларының арасында алтын көпір міндетін атқаруда. 

1992 жылы 6 сәуірінде Қазақстан Республикасы мен Польша арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. Сол кезеңнен бері қос мемлекеттің сенімді әріптестер ретінде тығыз жұмыс жасап келеді. 

1994 жылы 20 наурызда Польша Республикасының Елшілігі ҚР ашылса, 2000 жылдың қазанынан бастап Польшада Қазақстан Республикасының Елшілігі өз жұмысын бастады. 

Қазақстандық поляктардың алғашқы бейресми бірлестіктері 1980 жылдардың соңында пайда болды. Мұндай ұйымдар Қарағандыда, Көкшетауда, Алматыда және т.б. жерлерде құрылды. 1992 жылы тіркелген, аталған жекелеген бірлестіктер негізінде Қазақстан поляктарының одағы құрылды (ҚПО). Құрылымы бойынша одақ 14 облыстқы және қалалық бірлестіктерден құралған. Мемлекет деңгейіндегі ұйымның жұмысы Республикалық үйлестіру кеңесі арқылы жүзеге асырылады. 

8496b54ae5e33a813fe6cf3066abc1bc.jpg

Қазақстанда өз сат-дәстүрін, ана тілі мен әдет-ғұрыптарын сақтап отырған поляк диаспорасының өкілдері

Қазақстан поляктары одағының жұмысы ұлттық салт-дәстүрлерін, ана тілін оқып-үйренуге бағытталған. Бүгінгі күні елімізде ондаған костелдер салынып, діни қызмет жүргізілуде. Қазақстан мен Польшаның құзырлы министрліктері арасында жасалған келісімге сәйкес қалалар мен селолардағы 16 мектепте поляк тілінде сыныптар жұмыс жасаса, балалар мен үлкендерге арналған 22 жексенбілік мектептер жұмыс атқарып, сабақты Польшадан шақыртылған мұғалімдер жүргізуде. Аталған мектептердің қаржылық, материалдық-техникалық және оқу-әдістемелік қамтамасыз етілуі негізінен Қазақстан тарапынан атқарылады, Польша тарапы да едәуір көмек көрсетуде. Жыл сайын Польшаның жоғарғы оқу орындарында тегін білім алуға 90-ға тарта қазақстандық поляктар қабылдануда. Алматыдағы шетел тілдері университетінде «поляк тілі мен әдебиеті» бөлімі ашылған [8, 117-118-бб.]. 

Бүгінгі күні Қазақстан мен Польшаның мемлекетаралық байланыстары өзара сенімділік пен ынтымақтастықта дамуда. Байланыстар барлық салаларды қамтиды. Астана және Алматы қалаларында қазақ халқының тарихы мен мәдениетін зерттеуде өзіндік із қалдырған поляк зиялысы Адольф Янушкевич атында көшелер бар. Польша халқы да ХХ ғ. 30-40 жж. зобалаң уақытында қазақ халқының поляк ұлты өкілдеріне көрсеткен көмегін, мейірімін ұмытпайды. 

Алғыс ретінде ел астанасының ең көрікті жерлерінің бірі – Вилянув ауданындағы көшелердің біріне «Қазақ көшесі» (полякша ulica Kazachska) атауы берілген [9]. Польшадағы Адам Мицкевич университетінде қазақ тілі оқытылады. 

Жандос Қарынбаев, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институты Сыртқы саясат кафедрасының аға оқытушысы 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі 

1. A. Dybowska, J. Zaryn, M. Zaryn. Polskie dzieje od czasow naidawniejszych do wspolczesnosci. Wyd. Naukowe PWN. – Warszawa 1994. – 372 s. 

2. HistoriaPolski 1795-1918. Andrzej Chwalba. – Wyd. Literackie. Krakow 2000. – 600 s. 

3. Studia BAS.№2 (34) 2013. 

4. Z. Jasiewicz. Polacy z Ukrainy w Kazachstanie. Etnicznosc a historia. – Lud, t 75, 1992. – 11−54 s. 

5. Акмолинская область. Итоги Национальной переписи населения Республики Казахстан 2009 года. Том 2. Статистический сборник. Под ред. Смаилова А. А. – Астана, 2011. – С. 150. 

6. Аналитический отчет. «Итоги Национальной переписи населения Республики Казахстан 2009года». Под ред. Смаилова А. А. – Астана, 2011. – С. 65. 

7. Андерса армия. Советская историческая энциклопедия. Ред. колл., гл. ред. Е. М. Жуков. том 1.  – М., Государственное научное издательство «Советская энциклопедия», 1961. – С. 570.

8. Ассамблея народа Казахстана: исторический очерк. Е. Л. Тугжанов, Г. В. Кан, В. С. Коробков, Н. У. Шаяхметов. – Алматы: Раритет, 2010. С. 304. 

9. Варшавадағы «Қазақ» көшесі. Егемен Қазақстан, 2006, 7 шілде. 

10. Всесоюзная перепись населения 1926 г. – Т. VIII. М., 1928. – С. 15-46. 

11. Галиев В. З.. Ссыльные революционеры в Казахстане. Вторая половина ХІХвека. – Алма-Ата: Изд. Казахстан, 1978. – С. 139. 

12. Город Алматы. Итоги Национальной переписи населения Республики Казахстан 2009 года. Том 2. Статистический сборник. Под ред. Смаилова А. А. – Астана, 2011. – С. 118. 

13. Город Астана. Итоги Национальной переписи населения Республики Казахстан 2009 года. Том 2. Статистический сборник. Под ред. Смаилова А. А. – Астана, 2011. – С. 74. 

14. Депортированные в Казахстан народы: время и судьбы. – Алматы: Арыс-Қазақстан, 1998. С. – 428. 

15. Джордж Кеннан. Сибирь и ссылка. – СПб, 1906. 

16. Ж. Қарынбаев. Қазақ-поляк байланыстарына Құнанбай қажы әулетінің негізінде шолу. Қазақстан мұрағаттары. – 2011, № 4. – 72-79 б. 

17. История Второй Мировой войны 1939-1945 (в 12 томах). Ред. колл., гл. ред. А. А. Гречко. том 4.  – М., Воениздат, 1975. 

18. История Казахстана. (с древнейших времен до наших дней). В пяти томах. Том 3. – Алматы: Атамұра, 2000. – С. 768. 

19. История ХІХ века. Т 2. Пер. с фран. 2-ое изд. Под ред. Е. В. Тарле. – М: ОГИЗ, 1938. С. – 580. 

20. История СССР. 1992. №1. 40-50-е годы: последствия депортации народов (свидетельствуют архивы НКВД – МВД СССР). – С. 124. 

21. Карагандинская область. Итоги Национальной переписи населения Республики Казахстан 2009 года. Том 2. Статистический сборник. Под ред. Смаилова А. А. – Астана, 2011. – С. 160. 

22. Қазақстан Республикасының Конституциясы. – Алматы: Юрист, 2006. 

23. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. Бас ред. Б. Аяған. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2005. – 728-б. 

24. Манусевич А. Я. Польские интернационалисты в борьбе за победу советской власти в России. Февраль — октябрь 1917. М., 1965. 

25. Машимбаев С. М., Исова Л. Т. Проблема истории польских переселенцев в Казахстане (1936- 1946 гг.). – Алматы, 2000. 

26. Миловидов Б. П. Военнопленные поляки в Сибири в 1813-1814 гг. Отечественная война 1812 года. Источники. Памятники. Проблемы. – Можайск, 2009. – С. 325-359. 

27. Первая Всеобщая перепись населения Российской Империи 1897 г. Под ред. Н. А. Тройницкого. LXXXI. Акмолинская область. – С.-Петербург, 1905. 

28. Первая Всеобщая перепись населения Российской Империи 1897 г. Под ред. Н. А. Тройницкого. LXXXVI. Сыр-Дарьинская область. – С.-Петербург, 1904. 

29. Первая Всеобщая перепись населения Российской Империи 1897 г. Под ред. Н. А. Тройницкого. LXXXVII. Семиречинская область. – С.-Петербург, 1905. 

30. Первая Всеобщая перепись населения Российской Империи 1897 г. Под ред. Н. А. Тройницкого. LXXXVII. Тургайская область. – С.-Петербург, 1904. 

31. Первая Всеобщая перепись населения Российской Империи 1897 г. Под ред. Н. А. Тройницкого. LXXXVIIІ. Уральская область. С.-Петербург, 1905. 

32. Первая Всеобщая перепись населения Российской Империи 1897 г. Под ред. Н. А. Тройницкого. т. II. Общий свод по Империи результатов разработки данных Первой Всеобщей переписи населения, произведенной 28 января 1897 года. – С.-Петербург, 1905. Таблица XIII. Распределение населения по родному языку. 

 33. Польское рабочее движение в годы войны и гитлеровской оккупации (сентябрь 1939 — январь 1945). М. Малиновский, Е. Павлович, В. Потеранский, А. Пшегонский, М. Вилюш. – М., Политиздат, 1968. 

34. «Прощай Украина!...». «Зеркало недели. Украина». № 36, 7 октября 2011. 

35. Резонтова М. М. История заселения поляков на востоке Казахстана. Журнал «Новая Польша» 2011 г., № 2. 

36. Ручиньский Ю. Конарщик. Воспоминания из Сибири: мемуары, очерки, дневниковые записи польских ссыльных в Восточную Сибирь первой половины ХІХ столетия. – Иркутск: Артиздат, 2009. – С. 325-476. 

37. Рышард Бадовски. Польские певцы Казахстана.  – Алматы: МКА, 2005. 

38. Северо-Казахстанская область. Итоги Национальной переписи населения Республики Казахстан 2009 года. Том 2. Статистический сборник. Под ред. Смаилова А. А. Астана, 2011. – С. 138. 

39. Томская губерния: Список населенных мест по сведениям 1859 г. СПб., 1868. – С. LXXI. 

40. Хомченко С.Х. Военнопленные поляки в Астраханской губернии в 1812-1815 гг. Отечественная война 1812 года. Источники. Памятники. Проблемы. – Можайск, 2009. – С. 306-313. 

41. Цифанова И. В. Польские переселенцы на Северном Кавказе в ХІХвеке: особенности процесса адаптации. – Ставрополь, 2005. С. – 272. 

42. Этнический атлас Узбекистана. Институт «Открытое Общество» – Фонд содействия – Узбекистан, 2002. – С. 452.

«Қоғам және дәуір» журналы, 2015 жыл, №1.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?