«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

2000-ші жылдардың саяси тренді – құқықтық мемлекеттің негізін қалау

778
2000-ші жылдардың саяси тренді – құқықтық мемлекеттің негізін қалау

2000 жылдары Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту бағытында экономикамен қатар ішкі саяси қатынастарды да демократияландыруға үлкен мән берілді. Өйткені, 1995 жылғы Конституция қабылданып, президенттің билігінің 2000 жылға дейін ұзартылуы бұл қадамға баруға жағдай жасады. 

Елімізді саяси және экономикалық тұрғыда либерализациялау мәселесін Елбасы Н.Ә.Назарбаев алғаш рет 1998 жылдың қыркүйегіндегі Президенттің халыққа Жолдауында жария етті. Тұңғыш Президент өзінің экономикада нарықты, саясатта демкратияны таңдаған ұстанымын 1999 жылы халықаралық деңгейдегі бірнеше форумдар мен кездесулерде арнайы көтерді. [1: 2-3]. Қиындықтарға қарамастан Қазақстан өз таңдауынан бас тартпайтындығы енді ішкі, қазақстандық, аудитория үшін Н.Ә.Назарбаев Парламенттің қос Палаталарының бірлескен отрырысында «Демократия – біздің таңдау» екендігін мәлімдеді. [2: 1].

Жолдауда саяси жүйені либерализациялаудың бағдарламасы жария етілді. Оның негізіне сайлау жүйесін реформалау, президенттікке және депутаттыққа кандидаттардың сайлау взносын азайту, Парламенттің статусы мен рөлін көтеру, Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін арттыру, азаматтық қоғам қалыптастыру, сот жүйесі тәуелсіздігін дамытудың кепілдігін арттыру, бұқаралық баспасөз құралдарының тәуелсіздігін дамыту бағытындағы заңдарды мүлтіксіз сақтау алынды. Сонымен қатар Қазақстан әйелдерінің елдің саяси, экономикалық және қоғамдық өміріне белсене араласуын қамтамасыз ету, коррупциямен күресті қатайту мәселесі де ұмыт қалмады. Оның түпкі мақсаты - қадам сайын, бір заңнан екіншісіне, сайлаудан сайлауға Қазақстан топырағын демократия өнетіндей етіп барынша құнарландыру еді. Сонымен бірге Елбасы демократияны тек қана жалынды ұрандардың жиынтығына айналдырып жіберуден сақтандырды. [2: 1, 8-9, 11-15, 21].

Бір ескеретіні, екінші мыңжылдықтың басында демократияландыру үдерісі ортақ мазмұнға ие болып, бүкіл әлем болып демократия мен оның ортақ қағидалары қоғам дамуының үрдісіне айналды. БҰҰ-ның мыңжылдыққа арналған 2000 жылғы 8 қыркүйектегі басқосуында қабылданған Декларациясында: «демократияны көтермелеу мен құқық тәртібін нығайту» үшін күш-жігер жұмсау қажеттігі ерекше атап көрсетілді. [3: 12-13]. Сондықтан Елбасы бұл тақырыптың маңыздылығын ескеру қажеттілігін түсінді.

210604113544630e.jpg

Дегенмен, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Батыста Қазақстандағы демократияландыру үдерісінің қарқынын жылдамдату мәселесінде шыдамсыздық танытатындығына өз көзқарасын білдіріп, батыстық үлгідегі демократия құру үшін Қазақстанға бір жыл, екі жыл емес, ондаған жылдар қажет екендігіне көңіл аударды. [4: 9-10]. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның асықпай, қатеге жол бермей, аяғын нық басуды дұрыс көретіндігін, демократиялық жүйені елдің тарихымен, оның мәдениетімен байланыстыра отырып дамытатындығын үнемі айтумен болды. Себебі Қазақстан экономика, әлеуметтік және саяси салалардағы қиындықтармен бір мезгілде күн сайын ұшырасып отырды. [4: 10-11].

Алайда, демократиялық қоғамға қадам басу үшін бірнеше мәселені шешу керек болды. Біріншісі - нақты құқықтық мемлекет құру. Екіншісі – демократия. Алайда бұл кезеңде демократияны саяси бостандық деп қана түсіну мүлдем жеткіліксіз еді. Өйткені ол сонымен қатар лайықты экономикалық өмір шарты мен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басқа да бірсыпыра іргелі құқықтардың іске асырылуы дегенді білдірді. Дәл осы кезеңдері Қазақстандағы саяси реформаның қарқынының экономикалық өзгерістер ауқымынан біршама кейіндеп қалғанын ескере отырып, Қазақстандағы саяси жүйені демократияландырудың негізгі бағыттары нақтылана түсті: сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту, құқықтық реформа, өкілді өкімет органдарының өкілеттілігі мен сайланбалығын кеңейту және сайлау заңнамасын жетілдіру, сол сияқты азаматтық қоғам институттарын нығайтуға басымдылық беру. Бұлар әлеуметтік қайшылықтарды құқықтық құралдармен шешіп, әлеуметтік шиеленістің саяси арнаға өтіп кетуіне жол бермейудің тетіктерін жасауға бағытталды. [3: 15-17].

2003-2004 жылдары ашық қоғам құру бойынша тиісті қадамдар жасалып, Қазақстанда демократия мен азаматтық қоғамның Омбудсмен, Ұлттық Кеңес, БАҚ бойынша Қоғамдық кеңес сияқты басты институттары қалыптасты. Партиялар туралы жаңа заңның қабылдануымен елдегі партиялық жүйе нығайды, ҮЕҰ белсенділік көрсете бастады. Ең бастысы, қоғамда демократиялық үлгідегі саяси мәдениет те қалыптасу үстінде болды. Үкімет жанынан тұрақты жұмыс істейтін демократияландыру мен азаматтық қоғамды ары қарай дамыту бойынша ұсыныстар жасайтын Кеңес дүниеге келді. Саяси реформалар бағдарламасының басты бағыттары айқындалып, үкіметтік емес ұйымдармен қарым-қатынас та басқаша қаралып, Азаматтық Форумдар өткізіле бастады. [5: 21, 26].

2004 жылдың 2 қарашасында құрылған «Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Демократия және азаматтық қоғам мәселелерi жөнiндегi ұлттық комиссия» саяси жүйені демократияландыруға қатысты өзекті мәселелерді талқылаудағы тиімді үнқатысу алаңшасына айналды. Комиссияның отырыстарында тыйым салынған тақырып болған емес. Онда демократиялық реформаны ары қарай жүргізуге қатысты барлық партиялардың ұсыныстары бір арнаға тоғыстырылып, жинақталды. Ол саяси жүйені жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірлеп, нақты құжаттар дайындай алды. Бұл ұсыныстар Елбасынның бір шешімге келіп, оны Парламенттің кезекті сессиясының ашылуында жариялауына мүмкіндік берді. Комиссия мүшелері еліміздің барлық облыстарында болып, тұрғындармен реформаға қатысты басты көзқарастарды талқылаулары қарапайым қазақстандықтардың қолдауына ие болып, осындай маңызды саяси қайта құруларға баруға жол ашып, қоғамда оның нәтижелі өтетіндігіне деген үміт ұялатты. [6: 2]. Өйткені ол қоғамдық пікірсайысты кеңейтіп, демократиялық реформалардың Жалпыұлттық бағдарламасын нақты мазмұнмен толықтыру қажеттілігін тудырды. Сондықтан Н.Ә.Назарбаев Ұлттық комиссияға сабақтастықты сақтай отырып, өз ұсыныстар топтамасын жаңадан құрылатын Мемлекеттік комиссияға өткізуді тапсырды.

Өйткені, аталмыш жұмысты жаңа, одан да жоғары және нақты деңгейге көтеру мақсатында Тұғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен жұмыс істейтін Демократиялық реформалардың Бағдарламасын әзірлеу мен нақтылау жөніндегі Мемлекеттік комиссия құру керек болды. Ол 2006 жылдың 20 наурызында құрылып, Жалпыұлттық бағдарламаны жетілдіру және дамыту бағытында жұмысты жалғастыратын болды. Оның құрамына партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің және ҮЕҰ көшбасшылары, депутаттар, Президент Әкімшілігінің өкілдері кірді. Мемлекеттік Комиссияның алғашқы отырысында саяси жүйені жаңғыртудың басым бағыттарын талқыланып, Үкімет пен Мемлекеттік комиссияның жұмыс топтары тарапынан қыруар жұмыс жүргізілді. Н.Ә.Назарбаев ендігі жерде пікірталас уақыты аяқталып, нақты істерге көшетін кез келгендігін түсініп, саяси реформаларды іс жүзінде жүргізуге кірісіп, бірқатар маңызды құжаттар қабылдау керектігін алдыға тартты. [7: 12, 4-5].

Елді одан әрі саяси тұрғыда модернизациялау бойынша бүкілхалықтық пікірталастың нәтижелерінің сараптамасы мен бағдарламалық құжаттары негізінде Елбасы әлемді бір ғана (американдық) өлшемімен құруға болмайтынын айта келе, оның дүниежізілік революциялардан айырмашылығы жоқ деген қорытынды жасады. Сондықтан Комиссия жұмысының аясында үлкен заңнамалық, ұйымдастрырушылық, сараптамалық және түсіндірмелік жұмыс жүргізіп, бірқатар сынақтар өткізудің қажеттілігі де ескерілді. [6: 4-5]. Реформаның басты мақсаты Қазақстанды модернизациялау идеясы төңірегінде қоғамды мейлінше топтастыру және оны іске асырудың нақты тетіктерін табу болды. Ендеше оның басты бағыттары бойынша қоғамдық пәтуәға қол жеткізуі түрлі қоғамдық-саяси күштер тарапынан да ой мен пікір бірлігін қалыптастырып отырды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев азаматтық қоғам институтын дамытудың Концепциясын қабылдауды қамтамасыз ету арқылы үшінші сектор қызметінің құқықтық негізін нақты айқындап, оның дамуына жағдай жасап отырды. Мемлекет азаматтық қоғам институттарын жасанды түрде «өсірмей», соған тек жағдай жасау керек болды. Сондықтан азаматтық бастамаларды қолдау мен мемлекеттің іс-әрекеттерінің жүйелілігін қамтамасыз ету мақсатында 2006 жылдың 30 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған Концепциясын іске асырудың Жоспары бекітілді.

2006 жылдан бастап Конституцияға енгізуге байланысты берілген ұсыныстар талқыланып, егер реформаның қисыны Конституцияға өзгеріс енгізуді қажет етсе, онда бұған бару керектігіне басымдық берілді. Сондықтан бұл стратегиялық бағыт жүйелі, теңдестірілген түрде, ешбір жасанды айқай шусыз, асықпай, кезең-кезеңмен, қоғамдық тыныштыққа зиян тигізбестен іске асырылатын болды. Бірақ, олардың жұмыстарының құқықтық негіздерін, әсіресе шет елдік үкіметтік емес ұйымдарының, нақты көрсетуді және үшінші сектордың Батыс елдері «демеушілігіне» тәуелді болмау керектігі ескертілді.[7: 16, 18, 21]. Себебі демократиялық реформалар экономиканы одан әрі жаңғыртуды және саяси жүйені неғұрлым орнықтырақ етіп жетілдіріп, оның тиімді жұмыс істеуі үшін жағдай қалыптастырып, экономиканы, қоғам мен мемлекетті дамытудың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталды. Сондықтан болып жатқан өзгерістер мен даму үдерістерін ескере отырып, Қазақстанның саяси жүйесін жетілдіру, саяси жаңғырту үдерісінің кезеңділігін және реттілігін қамтамасыз етуде Конституцияға тиісті түзетулер енгізу жолымен жетілдірудің маңызы зор болды.

2007 жылдың 19 ақпанында Елбасы Н.Ә.Назарбаев Демократиялық реформалардың бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысында демократияны одан әрі дамыту, саяси жүйені жетілдіру мәселесі сол жылдың алдында тұрған үлкен міндеттердің қатарына жатқызылды. Соңғы жылдары демократизациялау мәселелері бойынша Тұрақты жұмыс істейтін Кеңес, демократияландыру мен азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі Ұлттық комиссия мен Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу мен нақтылау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның жұмыстары шеңберінде қоғамдық қатынастарды одан әрі демократияландыру тұрғысында мұқият, нақты ұсыныстар енгізілді. 2006 жылғы жұмыстардың нәтижесінде еліміздің саяси жүйесін демократияландыру жөніндегі нақты әрекеттер жоспары дүниеге келді. Саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар және кәсіпкерлер Федерациясы ұсыныстарының басым көпшілігі Комиссияның қорытынды құжатына кірді. Сол сияқты «Азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған концепциясы мен оны жүзеге асырудың бағдарламасы» қабылданды. Ал 2007 жылы «Әлеуметтік жұмыс туралы», «Жебеушілік пен демеушілік туралы», сондай-ақ «Қазақстан Республикасының салықтар және басқа міндетті төлемдер туралы» кодексіне қайырымдылық көмек көрсетуде салықтық жеңілдіктер беру және коммерциялық емес секторға салық салуды өзгерту мақсатында өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдар қабылдау және «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» заңды одан әрі жетілдіру қарастырылды. 2008 жылға діни бірлестіктер туралы заңнамаларды жетілдіру жөніндегі ұсыныстар даярлау жоспарланды. Мемкомиссия журналистер құқықтарын, БАҚ-тың редакциялық саясатының тәуелсіздігіне кепілдікті күшейту мақсатында ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңына түзетулер енгізу, [8: 1, 4-5, 9] сондай-ақ мемлекеттік электрондық БАҚ жанынан олардың әділдігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етіп отыратын Қоғамдық кеңестер құру қажет деген қорытынды жасалды.

Демократиялық реформалар жөніндегі Мемлекеттік комиссия көппартиялы жүйені дамытуды, Қазақстанның саяси жүйесінде саяси партиялар рөлін көтеру үшін саяси партияларды тіркеу процедурасын оңайлату, оның ішінде партияны тіркеу үшін қажет қолдар санын 50 мыңнан 25 мыңға дейін қысқартуды ұсынды. Ол саяси партиялар үшін квотаны заң шығару және өкілетті билік органдарына, ҚР Мәжілісіне және мәслихаттарға депутаттардың жалпы санын 50%-ға дейін ұлғайту арқылы сайлаудың аралас пропорционалды-мажоритарлық жүйесін енгізу; ҚР Парламенті Мәжілісіне депутаттардың санын 134 депутатқа дейін ұлғайту және оның 67-і бір мандатты аумақтық-территориялық округтардан сайланса, 67-і партиялық тізіммен теңгермелі өкілдік жүйесімен сайлану тәртібі қарастырылды. Сайлауда белгіленген кедергіні жеңіп шыққан партиялар қызметін республикалық бюджеттен қаржыландыруды енгізу қажеттігі негізделді. [8: 10].

Мемлекеттік комиссияға, оның жұмыс топтарына партиялардан, комиссия мүшелерінен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты келіп түскен ұсыныстар қолданыстағы Конституцияның әлеуетін іске асырудың іс-шаралары, Конституцияны жетілдірудің бірінші кезеңдегі шаралары және Конституциялық дамудың болашағы сияқты үш бағытқа бөлініп, топтастырылды. Бірінші бағыт бойынша тұрғындарға өз күштерімен жергілікті жердің мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңын қабылдау; мәслихаттардың жергілікті атқарушы билік органдарының жұмысына бақылау жасау мүмкіндігін көтеру; Парламент депутаттарының заңнамалық бастамасын кеңейтетін нормаларды күшейту; парламенттік фракциялардың орны мен рөлін заңдық тұрғыда бекіту; бейбіт кезде жасалған барлық қылмыстар үшін өлім жазасын тек адам өміріне қол сұғумен байланысты террористік актілерден басқасын алып тастауға бағытталаған ұсыныстар сарапталды. Оның екіншісі 2007-2008 жылдарға арналған Конституцияны жетілдіру бойынша бірінші кезектегі шаралар саяси жүйені тұрақтырақ етуге, оның тепе-теңдігін қамтамасыз етіп, жетілдіруге бағытталды. Ол күштер теңгерімі мен билік тармақтарының жауапкершілігін, азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруды көздеді. Бұл міндеттер Конституцияға өзгерістер мен қосымшалар енгізу арқылы іске асырылатын болды. Олардың қатарына Парламенттің өкілеттілігін оның Үкіметті, Есеп комитеті, Орталық сайлау комиссиясын құру мен оның қызметіне бақылауды күшейтетіндей бағытта дамыту; жергілікті өкілетті органдардың бақылау құзыретін кеңейту, жергілікті өзін-өзі басқаруды толыққанды енгізуге жағдай жасау; саяси жүйедегі партиялардың рөлін күшейту; адам құқықтарын қорғау институттарын нығайту; сот төрелігі мен құқық қорғау жүйесін жетілдіру жатқызылды. Сонымен қатар адам құқықтары жөніндегі Уәкілетті өкілді - Омбудсменді Президенттің ұсынысымен сайлау; Парламентке заңдарға түсініктеме беру құқығын беру; Парламент пен саяси партиялардың сайлау комиссиясын құру мен сайлау ұдерісіне бақылау жасаудағы құзыретін кеңейту қарастырылды. Конституцияда Үкіметтің есебіне теріс баға берілгендегі құқықтық салдарын айқындау керек болды. Мәслихаттарды жергілікті атқарушы билікпен қатар ауылдар мен селоларда жергілікті өзіy-өзі басқару органдары қатарына енгізу ұсынылды. Сол сияқты Конституциялық бақылау, сот жүйесі мен сот төрелігі саласы бойынша тұтқындауға санкция беруді тек соттың компетенциясына қарату, сот лауазымына мерзімсіз уақытқа сайлануды тек Жоғарғы сот судьяларында қалдыру және т.б. мәселелер көтерілді. [8: 28-30].

20120406180257.jpg

Конституциялық дамудың болашағына келер болсақ, онда саяси жүйені дамыту қазақстандық қоғамды модернизациялау мен елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға әкелетіндігі анық. Оған мемлекеттің жаңа сапалы дамуына кезең-кезеңмен өзгерістер енгізу арқылы ғана қол жеткізуге болады. Мұнда саяси жүйенің дамуы мен конституциялық реформаның негізгі бағыттарының алатын орны бөлек. Біртіндеп азамат пен қоғамның тұрғылықты жерлерде, аймақ пен мемлекетте ортақ істермен айналысудағы рөлін арттыру, құқықтық мемлекет құру, азаматтық қоғам институттарын одан әрі күшейту өзекті проблемалар қатарына жатқызылды. [8: 30]. Экономикалық жетістіктер, әрбір қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын, өмірлік стандарттарын, атаулы әлеуметтік көмек көрсету ашық қоғам құрудың демократиялық дамуының сенімді негізі болып, құқықтық мемлекет қалыптастыруға мүмкіндік туғызады деп күтілді. Өйткені, заңдылық пен конституциялық тәртіп сақталмаған жерде демократияны құру мүмкін болмай, ол экономикалық және әлеуметтік бейберекеттікке әкеліп соғар еді. [9: 68].

Біз қарастырып отырған 2000 жылдары сенімді әлеуметтік-экономикалық серпіліс және қалыптасқан мемлекеттілік, көпэтностық және көпдіндік қоғамда жаңа қазақстандық демократиялық дәстүрдер қалыптаса бастады. Жалпыұлттық диалогтың дамуы және демократиялық реформалардың тиімді жолы айқындалып, күн тәртібіне принципті тұрғыда жоғарырақ міндеттер шықты. Демократиялық реформалардың Жалпыұлттық бағдарламасын іске асырудың бірінші кезеңінің Елбасы жасаған қорытындылары қоғамды одан әрі демократияландыру мәселесі бойынша жалпыхалықтық дискуссияның басталуына жол ашты. Демократиялық реформалардың бағыты туралы қоғамдық дискуссияға атқарушы биліктің тиімділігі, ашықтығы және есеп беруі, жемқорлықпен күрес; мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру; сайлау туралы заңнаманы жетілдіру; Парламенттің жауапкершілігін кеңейту; алдынғы қатарлы әлемдік стандарттарға сәйкес сот жүйесін дамыту, судьялардың тәуелсіздігі; саяси партиялардың елдің саяси өміріне белсенді араласуы; қоғамдық өмірдегі ҮЕҰ рөлін күшейту; азаматтардық құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беру сияқты маңызды сұрақтар шығарылды. Елбасы төрағалық еткен Комиссияның отырыстарында Қазақстанда демократиялық дәстүрлерді дамытуға бағытталаған конституциялық өзгерістер мен құқықтық кеңістікті одан әрі кеңейтудің жолдары да қарастырылды. Мемкомиссияның ұсыныстары қорытылып, оның нәтижесі бойынша «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен қорытындылар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Ол либералдық реформаларға заңдық негіз қалап, қоғамдық және мемлекеттік мүдделердің жаңа тепе-теңдігін орнатуға жағдай жасауға бағытталды. Елді модернизациялау параметрлері анықталған кезде Президент пен Парламент арасында кейбір міндеттер мен жауапкершілікті қайта бөлу мәселесіне оралудың қажеттілігінің туындау мүмкіндігін ескере отырып, Конституцияға республика президенттік болып қала беретін, бірақ Парламенттің құзыретін айтарлықтай кеңейтетіндей өзгерістер енгізу жолы ұсынылды. Бұл республиканың моделін президенттіктен президенттік-парламенттікке айналдыруға бағдарланған ұстаным болатын. [9: 74-81].

Конституциядан Парламент депутатының қандай да бір императивті мандатпен байланысты болған нормасын алып тастау қажеттілігі пісіп жетілгендіктен Мәжіліске сайлау кезінде теңгермелі сайлау жүйесі толықтай тұрақты түрде бекітілді. Парламенттің өкілеттілігі кеңейтіліп, оның депутаттарының саны өсті. Үкіметті құрудың жаңа процедурасы бекітіліп, оның атқарушы билікті бақылау механизмдерінің оңайлатылуының нәтижесінде Парламенттің статусы нығайтылды. Праламент жұмысының тәжірибесіне Үкімет мүшелерінің кандидатураларын профильді комитеттерде талқылау енгізілді. Сенатты заң қабылдау міндетін атқару құзыретін Мәжіліс уақытша жоқ болған немесе мерзімінен бұрын өз өкілеттілігінен бас тартқан кезінде беру арқылы күшейту көзделді. [9: 85].

Жергілікті органдардың құзыретін кеңейтуге, әртүрлі билік деңгейіндегі басқару органдары арасында құзыретін бөлуге көңіл аударыла бастады.   Әкімдердің халық алдындағы есебі, сайлау заңнамасы мен оны өткізудің тәжірибесін жетілдіру бойынша жұмыстар жолға қойылды. Сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді көздейтін терең әкімшілік реформа белсенді түрде жүргізіле бастады. Атқарушы биліктің есеп беруі мен ашықтығын қамтамасыз етуге үлкен мән берілді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының саяси рөлін көтеру және көпұлтты, көпконфессиялы қоғамдағы қоғамдық бірлікті қамтамасыз етудегі оның конституциялық жауапкершілігін күшейту қолға алынды. Этносаралық және дінаралық қатынастардың маңыздылығы ескеріле отырып, Конституцияға ҚХА құрудың конституциялық нормалары енгізіліп, оның Елдің әртүрлі этникалық топтарының қоғамдық-саяси өмірдегі өкілеттілігін кеңейтетін ұйым ретіндегі конституциялық мәртебеге ие болуын қамтамасыз ету бағытында қыруар жұмыстар атқарылып, ол өз өкілдерін Парламентке сайлау құқығына қол жеткізді.

Сот жене құқық қорғау органдары мен жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару органдарының қызметін реттейтін кейбір нормалар өзгертілді. Сондықтан тұтқындау мен қамауға алуды тек сот санкциясымен жүргізу заңдастырылды. Адам құқығы проблемасы демократиялық қауымдастық пен құқықтық мемлекеттердің озық тәжірибесіне сүйене отырып Қазақстан азаматтарының құқығы мен бостандықтарының кепілдіктерін кеңейту негізінде өз шешімін тапты. Омбудсменнің рөлі жаңа деңгейге көтерілді. Өлім жазасын қолдануға шек қойылды. Облыс және қала әкімдері тиісті деңгейлі мәслихаттардың келісімімен сайлануы, олардың әкімге сенімсіздік білдіру рәсімінің жеңілдетілуі жергілікті өкілетті органдардың жұмысын белсендіріп, оның беделін нығайтуға жағдай жасады.

Саяси партиялардың өкілетті органдардың қызметіндегі рөлі көтеріліп, елдегі әртүрлі саяси күштердің қызметіне ашық бұқаралық және жасампаздық сипат беру, партияларды республикалық бюджеттен қаржыландыру, партиялық фракциялардың рөлін көтерудің құқықтық негізін қалау сияқты күрделі саяси қадамдар жасала бастады. [9: 96-97]. Сонымен бірге ҮЕҰ-ң беделін көтеру арқылы мемлекет пен қоғамдық ұйымдар арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеру мүмкіндігі туды. «Мемлекеттік сұраныс туралы» Заң қазақстандық ҮЕҰ әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге қатысатындай етті. Әлеуметтік саладағы қатынастардың жаңа моделі дүниеге келіп, мемлекет пен қоғамдық сектор арасындағы тұрақты және тиімді жүйе қалыптаса бастады. [9: 98].

Бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты Қазақстан кеңістігіндегі жекеменшік баспасөздің басымдылық жағдайын ескере отырып, оның әлемдік стандарттарға сай келетін «ойын тәртібін» бекіту қажеттілігі туындады. БАҚ бостандығының кепілдігін нығайту негізінде олардың халық алдындағы және журналистер қауымдастығының кәсіби этикасына моральдық жауапкершілігін көтеру жолында маңызды қадамдар жасалынды. БАҚ демократияландыру үдерісіндегі өз рөлін сезініп, қоғам алдындағы жауапкершілігін түсініп, оның құқықтық негізде әрекет етуіне назар аударылды. Өйткені, Елбасы саяси модернизациялаудың БАҚ рөлін көтермейінше мүмкін еместігін, БАҚ-тың тәуелсіз редакциялық саясат жүргізуін қамтамасыз ету және журналистердің құқығын қорғаудың өзектілігін жақсы түсінді. Нәтижесінде, баспасөз құралдары туралы заңды жетілдіру қажеттілігі туындады. [9: 99].

Қорыта кедгенде, 2000 жылдардың қауіптері мен қатерлері елдің бүкіл әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жүйесін жеделдетіп модернизациялау міндетін шешуді талап етті. Сондықтан Елбасы қолға алған Қазақстанның демократиялық дамуының жаңа кезеңі дәл сол кезеңнен өз бастауын алып, саяси реформалар жүргізуге жол ашылады. Демократиялық қайта құруларды жүйелі жүргізудің жоспарлары мен саяси реформалардың Жалпыұлттық бағдарламасын орындау барысында іргелі құндылықтар мен кең көлемдегі қоғамдық мәмілеге келуге шешуші қадамдар жасалды.

Реформалардың Жалпыұлттық бағдарламасын одан әрі дамытуға бағытталған тиісті құқықтық негіз қаланып, заңнамаларды нақты іске асырудың мүмкіндігі пайда болды. Мемелекеттік комиссияның жұмысы барысында барлық ұсыныстар, соның ішінде ең радиқалды дегендері де зерделеніп, жан-жақты пысықталды. Бұл саяси партиялар, ғалымдар, сарапшылар және қазақстандықтармен ақылдасудың өзіндік алаңшасына, мінберіне айналды. Нәтижесінде, барлық ұсыныстар баспасөзде егжей-тегжейлі талқыланып, Республика Конституциясына өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы Заңның жобасы пысықталып, ол Конституцияға енгізілетін түзетулер анықталғаннан кейін конституциялық жаңалықтарды іске асыруға бағытталған конституциялық заңдардың топтамасы ретінде қорытындыланып, Парламентке енгізілді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2007 жылғы 16 мамырдағы Парламентің отырысында Қазақстанды демократияландырудың жаңа кезеңі – еркін демократиялық қоғамды тез қарқынмен дамыту және президенттік республикадан президенттік-парламенттік республикаға көшу тақырыбына арнайы тоқталды. Онда ол елді жан-жақты модернизациялаудың барысы мен оған қажетті шарттарға тоқтала келе, саяси реформаны жүргізудің қазақстандық жолына сай келетін және қоғамдық мүдделерді ескеретін Жалпыұлттық саяси реформалар бағдарламасын іске асыру жұмысының заңды жалғасы ретінде «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңның жобасын» депутаттардың қарауына ұсынып, ол сол жылдың 21 мамыры күні қабылданды. [9: 103].

Пайдаланылған дереккөздер:

         1. Архив Библиотеки Первого Президента Республики Казахстан — Елбасы: Ф.1. Оп. 1. Д.1428. Л.2-3

         2. Архив Библиотеки Первого Президента Республики Казахстан — Елбасы: Ф.1. Оп. 1. Д. 1179. Л.1, 8-9, 11-15, 21.

         3. Архив Библиотеки Первого Президента Республики Казахстан — Елбасы: Ф.1. Оп. 1. Д. 1608. ЛЛ.12-13, 15-17.

         4. Архив Библиотеки Первого Президента Республики Казахстан — Елбасы: Ф.1. Оп. 1. Д.1172. Л. 9-11.

         5. Архив Библиотеки Первого Президента Республики Казахстан — Елбасы: Ф.7. Оп. 1. Д. 117. ЛЛ.21, 26.

         6. Архив Библиотеки Первого Президента Республики Казахстан — Елбасы: Ф.7. Оп. 1. Д. 295. ЛЛ.2, 4-5

         7. Архив Библиотеки Первого Президента Республики Казахстан — Елбасы: Ф.7. Оп. 1. Д. 378. ЛЛ.12, 4-5, 16, 18, 21.

         8. Архив Библиотеки Первого Президента Республики Казахстан — Елбасы: Ф.7. Оп. 1. Д. 380. ЛЛ. 1, 4-5, 9, 10, 28-30.

         9. Архив Библиотеки Первого Президента Республики Казахстан — Елбасы: Ф.7. Оп. 1. Д. 210. ЛЛ. 68, 74-81, 85, 96-97, 98, 99, 103.


Жапсарбай Ілиясұлы Қуанышев,

Мемлекет тарихы институтың бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдарының докторы