Ерлан Қарин: Көптомдықты әзірлеу кезінде 5 мыңнан астам архивтік материал пайдаланылды

Автор:
31
Ерлан Қарин: Көптомдықты әзірлеу кезінде 5 мыңнан астам архивтік материал пайдаланылды - e-history.kz

ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин Қазақстан тарихының академиялық басылымын әзірлеу жөніндегі Редакциялық алқаның қорытынды отырысында көптомдықты әзірлеу барысында 5 мыңнан астам архивтік материал пайдаланылғанын атап өтті. 

«Көптомдықты жазуға 350-ден астам ғалым атсалысты. Олардың қатарында шетелдің жетекші мамандары да бар. Атап айтқанда, Ресей, АҚШ, Түркия, Жапония, Польша, Италия, Болгария, Украина, Аустралия, Армения, Өзбекстан, Қырғызстан секілді 12 елдің 56 авторы өз еңбектерін ұсынды. Сондай-ақ, еңбекті әзірлеу барысында 90 архив пен музейдің материалдары пайдаланылды. Оның 35-і – шетелдік архив. Жалпы, 9 мемлекеттен 5 мыңнан астам архивтік құжат әкелінді. Бұрын-соңды беймәлім болған тың деректер ғылыми айналымға енгізілді. Мәселен, Қытай, Ватикан мұрағаттарынан жаңа деректер табылды», – деді Ерлан Қарин Редакциялық алқаның қорытынды 14-ші отырысында.

Еске сала кетейік, Қазақстанның жеті томдық академиялық басылымын әзірлейтін Редакциялық алқа былтыр 15 мамырда құрылған болатын. Ол ғылыми, редакциялық және сараптамалық жұмыстарды үйлестірумен айналысты. 

Редакциялық алқаның барлық отырысы ашық форматта өтті. Әрбір жиын фотоға, бейне таспаға, стенограммаға түсіріліп, аудиолары жазылып алынды. Сондай-ақ, хаттамалары бекітіліп отырды.