Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтың дәстүрлі медицинасындағы дәрілік шөптер

4203
Қазақтың дәстүрлі медицинасындағы дәрілік шөптер - e-history.kz

Сурет: https://egemen.kz/article/52-altaydynh-darilik-shopterin-qalay-kadege-dgaratamyz

Бүгінгі ғылым – адамзаттың өткен қаншама ғасырда басынан кешкен, көрген-білген тәжірибесінің жиынтығынан қалыптасқаны анық. Қазақ халқы да ұлы дала төсінде көшіп-қона жүріп өзіндің тәжірибені мол жинаған. Алайда бүгінгі таңдағы батыстық жаңа ғылымның озықтығы көптеген көне тәжірибелерді ұмыттырды. Осыған байланысты жастар арасында ұлттың өткенін мешеу, қараңғы санайтын түсінік бар. Сол ұмытылған саланың бірі ұлттық медицина болатын. Қазақ халқының медицина саласындағы тәжірибесі – бұл күнде әрі тарих, әрі ұлттық танымның бір бөлігі деп қарауға болады. Бұл жазбамызда қазақ емшілігінің бүгінгі білгірлерінің бірі Толқын Ақанұлының «Емші кәдесі» кітабындағы үнемі қолданылатын шөп дәрілермен таныстырмақпыз.

Толқын Ақанұлының «Емші кәдесі» кітабында қазақ халқы көп қолданатын жүзге тарта дәрі шөптердің аты мен емдік қасиеті, қолдану жолы жазылған. Бұл мәліметтер негізінен Қытай қазақтары ішіндегі халық емшілерінің қолданыс тәжірибелерін негіз етіп құрастырылған кітаптардан алынған екен. Әр шөптің ағылшынша аты қоса беріліп, түрі мен тобына қатысты да мәліметтерді толық беруге тырысқан. Қазақ емшілігінің де аса жоғары практикалық тәжірибесі бар екенін аңғарту мақсатында осы ақпараттарды толығырақ беруге тырыстық. Сол шөп түрлерінің алғашқысы адыраспан.

Адыраспан (Harmal немесе Peganum harmala) – түйетабандар тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдіктер туысы, терең тамырлы улы өсімдік. Сабағы мен гүлінде уы болады. Ерекше күшті сасық иісті, дəрілік өсімдік. Биіктігі 30-80 см аралығында, бірақ көбінде 30 см төңірегінде өседі. Тау беткейлерінде, жол бойында, жазық далаларда көктейді. Жаз-күз мезгілдерінде жемістейді. Қазақстанда оның үш түрі бар. Қазақстанның шөл-шөлейтті, сортаңды жерлерінде, əсіресе Шу, Іле, Сырдария, Сарысу өзендері бойындағы тақырланған жайылымдарда көбірек өседі.

Халық емінде адыраспанды əр түрлі ауруларға ем ретінде қолданған. Қазақтар бұл шөптің қайнатпасымен тері ауруларын да емдеген. Мал дəрігерлік саласында адыраспан тұнбасымен ботаның қотырын емдейді. Бір ескеретін жайт мал артық мөлшерде емделсе немесе адыраспанды жеп қойса улануы ықтимал.

Дəрілік шикізат ретінде шілде айында бұтақшаларын, жапырағы мен гүлін жинап алады. Халық емшілері адыраспанды адамның құяңын, сегізкөздің жүйке ауруын емдеуге пайдаланған. Қайнатылған суын безгекпен ауырған адамға ішкізеді.

Сабағы мен жапырағын қайнатып, мөлшерімен ішсе, талма, сал, ұмытшақтық, суықтан болған ми қабынуы жəне тарамыс ауруларына жақсы ем болады.

Сабағы мен жапырағын 30 грамм алып, жаншып, 120 миллилитр суға қайнатып, шырынын сүзіп алып, 90 грамм бал, 60 грамм күнжұт майымен араластырып ішсе дереу құстырады.

500 грамм шөбін 0,5 литр қызыл араққа қайнатып, күніне 30 грамнан бір ай ішсе, талма, бастың созылмалы ауруынан айықтырады. Белгілі себеппен бала көтеруден тоқтап қалған əйелдер үш күн ішсе жүкті болады. Күніне 4-6 грамнан он бес күн ішсе, реуматизм ауруын басады. Оған жаншылған зығыр тұқымын қосып, жалғастырып ішсе, демікпені жазады. Тісті адыраспан шөбімен ыстаса, қақсап ауырғаны басылады.

Буының жел-құз қоздырған қабынуына қолданылады. Ол үшін жас сабағы мен жапырағын жаншып буынға таңады.

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы:

Жөтелге, демікпеге, несеп бұзылуға: адыраспан тұқымынан 2-4 фынды талқандап, ақ шекер (қант) немесе бал қосып қайнаған сумен ішеді;

Себебі белгісіз ісіктерге: адыраспан лайықты мөлшерде алып суға қайнатып ісікті жуады;

Жедел жел-құз қоздырған буын қабынуға: адыраспаннан лайықты мөлшерде жаншып буынға таңады;

Асқазан рагына, қызыл өңеш рагына (қылтамақ): адыраспан тұқымын талқандап, бір жолда 2 фын, күніне 3 рет қайнаған сумен ішеді. Егер бас айналу, көз қарауыту, жүрегі айнып құсқысы келу секілді кері əсерлер білінсе, дəрі мөлшерін азайту керек.

Қолдану мөлшері: тұқымынан 2-4 фын.

Ақ жусан (Artemisia capillaris Thunb, белая полынь) – күрделі гүлдер тұқымдасының жусан туысына жататын көп жылдық шөп тектес өсімдік.

Ақ жусан гүлінің жер шарында тараған 300-ден астам түрі бар. Олар тау беткейлерінде, тақыр далаларда, егіс маңында, жол жағаларында, құмды, тасты жерлерде өседі. Ақ жусан гүлінің биіктігі 40-50 сантиметр шамасында келеді. Мамыр, маусым айларында гүлдейді.

Жер үсті бөлімі яғни майсасы дəрі. Көктемдегі 5-7 см өскен майсасын жұлып алып, тамырын алып тастап кептіріп алады.

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы:

Сары түріндегі бауыр қабынуға: ақжусан 50 грамм, лұңдан 6 грамм, қас бояу тамыры 4,5 грамм, буплеуір 6 грамм, қызылмия 3 грамм, шыланнан 10 тал суға қайнатып ішеді;

Бауыр қабынуға: ақжусан 50 грамм, шылан 10 тал, тікенқурай 15 грамм, шикі қызылмиядан 6 грамм суға қайнатып ішеді; 2-рецепт: ақжусан мен ірі сары бұр- шақтың əр бірінен 200 грамды қосып қайнатып, бұршақты жейді (бір күндік өлшем);

Өт қалтасының жедел қабынуына, өтке тас байланғанда: қуырылған буплеуір 10 грамм, ақжусан 50 грамм, жинчиян шөбі 50 грамм, қызылмия 3 грамм, тауықтың бөтеге қабығы 10 грамм, жүрек жапырақ 10 грамм, қызыл шұғынықтан 12 грамм суға қайнатып ішеді.

Қолдану мөлшері: 6-12 грамм.

Қайың – ыстықты басып, уытты қайтарады, жөтелді тоқтатады, жел-құзды айдайды, денені қуаттандырады.

Ақ қайың жапырағы (Betula)

Басты ем болатын аурулары:

Ақ қайың жапырағы əбден сарғайып піскеде немесе сарғайған кезде аз мөлшерде қайнатып ішсе несепті айдайды.

Өне бойды жел-құз алып, дене сырқырап ауырғанда шілде-тамыз айларындағы ақ қайың жапырағына бұлауланады, өнімі жақсы, жел-құзды айдайды.

Істету əдісі. Екі қапқа бұтағынан сыдырып ақ қайың жапырағын толтырады. Қаптың аузын тігіп, сыртынан бірнеше рет су шашып, орап, күн нұрына тастап қойса, жапырақ қызып борсиды да, көп мөлшерде жылу шығарады. Науқас адамның төсегінің үстіне бір қабын төгіп жаймалап, үстіне жаялық салады, екінші қабын шүберектен тігілген матрастың ішіне салып, оны науқас адамның үстіне жауып қымтайды. Жарым сағат мөлшерінде ағыл-тегіл тер шығарады. Науқас адам сүйсінсе болғаны емнің қонғаны, осылайша 1-3 сағаттан кейін, суық тигізбей, тазаланып киінеді. Бұл ақ қайың булау деп аталады. Булау артынан сорпалану, қымыз, айран сияқты ақ ішіп күтіну керек.

Ақ қайың сұйықтығы да дəрігерлікте кеңінен қолданылады. Сыртқы жарақаттарды, қан аздықты, сулы ісікті, туберкулез, қышыма, буын қабыну, қуық қабыну, бүйрекке тас байлану, көтеу (геморой), көз ауруларын емдеуге істетіледі.

Ақ кекіре (aster tataricus, астра татарская) – бұл дикотиланымдық өсімдіктердің ең əсерлі отбасыларының бірі Compositae (лат., Compositae) немесе Astro (лат. Asteraceae) құрамына кіретін Astra (lat. Aster) түріндегі көпжылдық шөптесін ризматоздық өсімдіктердің бір түрі.

Су қоймаларында, шалғындарда, орманның шетінде жəне бұталар бойында, аласа таулардың беткейлерінде, жол жағаларында өседі. Көптеген шөптесін өсімдіктер сияқты. Тамыры жəне тамыр сабағы дəрі болады. Шөбі де дəріге істетіледі. Жинап əкеліп, кептіріліп туралады. Денедегі суықты шығарады, өкпені тазалайды, қақырықты түсіріп жөтелді басады, несепті молайтады, туберкулездік жөтелге, балалардың булығып жөтелуіне, кеуде сырылдауына, əйелдердің жүкті кезіндегі жөтелге, іштегі бала тынышсызданғанда, қан құсуға, қан түкіргенге, кеңірдектің созылмалы қабынуына қолданылады.

Ақ шұғынық

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы:

Жоғары қан қысымына: ақ шұғынық 10 грамм, жүйхуа 10 грамм, шикі дихуаң 24 грамм, қарабас шөп 12 грамм, лұңдан 10 грамм жауынқұрттан 10 грамм суға қайнатып ішеді;

Құрсақ еттерінің тартылуына, балтыр етінің тартылуына (балтыр сіңірі тартысқанда): ақ шұғынық 15 грамм, шикі қызылмиядан 10 грамм суға қайнатып ішеді;

Етеккірдің көп мөлшерде келуіне: қуырылған ақ шұғынық 6 грамм, аю балдырған 10 грамм, шикі дихуаң 10 грамм, есек желімі (еріген) 10 грамм, қуырылған жабайы ермен жапырағы 3 грамм, қызылмия 3 грамм суға қайнатып ішеді;

Дизентерияға: ақ шұғынық 10 грамм, қарандыз 3 грамм, сары марал шөп 3 грамм, желайдар 15 грамм, қызылмия 6 грамм суға қайнатып ішеді;

Өздігінен көп терлеуге: ақ шұғынық 15 грамм, сары мия 24 грамм, əйнола 6 грамм суға қайнатып ішеді.

Қолдану мөлшері: 4,5-10 грамм.

Ақнəр

Басты ем болатын аурулары:

Асқазан ауырғанда, ішек қабынуға, дизентериядан іш ауырғанда, етеккір кірнесіне: 6 грамм ақнəрді суға қайнатып ішеді;

Шиқан шыққанда, ешкі қотырға: ақнəрді жаншып жағады;

Сүйелге: ақнəрдің жас сабағы мен жапырағын жаншып жағады немесе қоймалжың дəрі жасап тартады.

Қолдану мөлшері: 1,5-6 грамм.

Арала

Ащы дəмді, қышқылдау райлы, қанды тиып, өкпені қуырады.

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы:

Ішектің, кеңірдекшенің созылмалы қабынуына, демікпеге, жұтқыншақтың созылмалы қабынуына, жалақ жараға, үлкен дəрет қан аралас келуге, көтен ішек айналуға, геморойдан қан шығуға ем болады.

Кеңірдекшелердің созылмалы қабынуына арала мен қызыл мияның əр бірінен 1-5 грамм, сарана 15 грамм, стимона 12 грамм, ұнтақтап 4,5 грамнан үш рет ішеді.

Асқазан-ішек жараларына – арала 3,5 грамм, белетилла 1 грамм, қызыл мия 1 грамм, тырна гүл 1,5 грамм, сасық меңдуана 3 миллиграмм, қосып талқандап, салмағы 6 грамм келетіндей оқ дəрі жасап, əр ретте бір тал оқ дəріден күніне 3 рет ішеді.

Асқазан-ішек жараларына қара жел байланғанда – екі дана араланы ұнтақтап, екі шыны сүт, бір шыны су, бір шыны қойдың ерітілген құйрық майын қосып қайнатады. Суы суалып екі шыныдай қалғанда қайнатуды тоқтатып, бір шынысын бір ретте ішеді. тосапты ішкеннен кейін көңіл айныса артынан қоюлау шыққан қара шай ішеді. Дене қызып барып ағыл-тегіл терлесе дəрінің желді айдағаны есептеледі.

Бір тəулік өткізіп, тосаптың қалғанын жалғасты ішеді. Желді айдап, көк бауырды нəрлендіреді.

Кейбір айтуларда араланың дəнін əр күні бір данадан жеп тұрса шашқа ақ түспейді делінеді.

Арала жемісінен варения қайнатып, əр күні мəлім мөлшерде жесе асқазан-бауырды қуаттандырады. Көру қуатын арттырады. Иіс сезу, есту, дəм сезу сезгірлігін күшейтеді.

Дəнін күйдіріп күлін сепсе, геморойдан шыққан қанды тыяды. Тіс түбі қанағанда істетсе қанды тоқтатады.

Істетілу мөлшері – 6-9 грамм. Балалар мен жасы ұлғайғандарға іс жүзіндік жағыдайға қарай істетіледі.

Ара ұясы

Басты ем болатын аурулары:

Шиқан іріңді ісікке: ара ұясы 15 грамм, рауағаш 50 грамм, биңпиян 2 фын қосып талқандап, лайықты мөлшерде бал қосып араластырып, таза дəкіге жағып жараға тартады;

Емшек безі қабынып қызарып ісе бастағанда: ара ұясы 6 грамм, бақбақ 100 грамм, иісті қоғажай 15 грамм суға қайнатып ішеді немесе ара ұясын отқа қақтап қарайтып, талқандаған соң омырауға тартады;

Ұзақ уақыт жазылмаған қотырға, тері қабынғанда: ара ұясы 10 грамм, ащы мия тұқымы 15 грамм, ашутас 10 грамм суға қайнатып теріні жуады;

Тісті құрт жеп ауырғанда: 15 грамм ара ұясын отқа қақтап, қарайған соң ұнтақтап, ауырған тістің қуысына тығады, жұтуға болмайды;

Көтеудің ісіп ауруына: ара ұясы 10 грамм, қарта жоңышқа 50 грамм, сұлу шаш 50 грамм суға қайнатып, алдымен батырып, артынан жуу керек;

Жел-құз қоздырған буын қабынуға: ара ұясы 10 грамм, қой балдырған 10 грамм, қызыл шұғынық 15 грамм, шерменгүл 10 грамм суға қайнатып ішеді.

Қолдану мөлшері: 3-10 грамм.

Аю балдырған

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы:

Етеккір мерзімінің бұзылуына: аю балдырған 10 грамм, ақ шұғынық 6 грамм, иісті тамыр 4,5 грамм, піскен дихуаң 10 грамм (етеккір ауыртып келсе тырнагүлден 10 грамм қосылады; етеккір тоқтап қалса, шабдалы дəнінен 10 грамм, мақсарыдан 6 грамм қосы- лады) суға қайнатып ішеді;

Қан аздыққа: сары мия 150 грамм, аю балдырған 150 грамм, ақ шұғынық 300 грамм, бұғы мүйіз желімі 50 грамм, өңделген қызылмиядан 100 грамм қосып талқандап, бір жолда 10 грамнан күніне 2 рет ішеді. Босанудан кейінгі қан аздыққа: аю балдырған мен тырнагүлдердің əрқайсысынан 50 грамды қосып талқандап, бір жолда 10 грамнан қайнаған суға қосып қайнатып ішеді;

Жығылып жарақаттануға, кеуденің жарақаттануына: аю балдырған 10 грамм, үш қырлы өлең 10 грамм, шабдалы дəні 10 грамм, мақсары 10 грамм, ақ қышы тұқымы 10 грамм суға қайнатып ішеді;

Бел, аяқ ауырғанда жəне шиқан, сыздауық шыққанда да қолданылады.

Қолдану мөлшері: 6-12 грамм.

Аюбас тікен

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы:

Мұрында қан ағуға, қан түкіруге, қанды үлкен дəрет келуге, қанды несепке: аюбас тікен, тікенқурай, рауағаш, жерқонақ, ойранның əрқайсысынан тең мөлшерде талқандап, су қосып, 2 сағат қайнатқан соң дəрілік самасын сүзіп алып, тағы да əлсіз отта қыздырып құрғатады да қалдығын талқандап, бір жолда 5 фын ішеді;

Өкпе туберкулезінің қан түкіруіне: аюбас тікен мен тікенқурайдан 550 грамм, саранадан 700 грамм, есек желімі 700 грамм. Алдымен алдыңғы 3 дəріні талқандап, онан соң есек желімі жəне өңделген бал қосып, домалақ дəрі (бірінің ауырлығы 10 грамнан) жасап, бір жолда бір талдан күніне 3 рет ішеді (үздіксіз 3 ай ішу керек);

Қанды несеп келгенде: аюбас тікен 50 грамм, тальк 15 грамм, сары ағаш 10 грамм, қызылмиядан 6 грамм суға қайнатып ішеді;

Жатыр қызметі бұзылуынан қан келгенде: аюбас тікен 10 грамм, тікенқурай 10 грамм, ойран 10 грамм, қуырылған уылдырық 10 грамм, есек желімі 10 грамм суға қайнатып ішеді;

Асқынған шиқан, жараға: жаңа күйіндегі аюбас тікеннен лайықты мөлшерде жаншып, шырынын шығарып ішеді, қалғанын ауырған орынға тартады.

Қолдану мөлшері: 10-15 грамм.

Алақат

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы:

Бел мен арқаның сыздап ауруына, қантты несеп ауруына, өкпе туберкулезіне: алақатты көбінесе сиыр сілекеймен қосып қолданады;

Белсіздікке, бел сырқырап, аяқ қақсауға, жүйке (нерв) əлсіздікке жəне шəуһаттың тоқтамауына: алақат 10 грамм, ашытқы шырмауық, сиыр сілекей, лүңгулардың əр бірінен 15 грамнан суға қайнатып ішеді;

Жоғары қан қысым (бас айналып ауру, құлақтың шыңылдауы, ұйқысыздық сияқты белгілері бар) ауруына: алақат жемісі, піскен дихуаң, жүйхуалардың əр бірінен 10 грамнан қайнаған суға салып шай орнында ішеді;

Кеңірдекшелердің жедел қабынуына: алақат тамыр қабығы 10 грамм, тұт тамыр қабығы 10 грамм, биму 10 грамм, қамыс тамыры 50 грамм суға қайнатып ішеді;

Желке шаш қалтасының қабынуына: жаңа күйіндегі алақат тамыр қабығын отқа қақтап сарғайтып, талқандап, күнжіт майын қосып жараға жағады.

Қолдану мөлшері: жемісі 6-10 грамм, тамыр қабығы 6-12 грамм.

Ащы мия

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы:

Асқазан ауырғанда, запыран (сары су) құсқанда: ащы мия тұқымы 5 дана, шикі жаңпизы 3 грамм, бақбақ 6 грамм, алюминий тотығының гидраты 0,6 грамм қосып, талқандап қайнаған сумен ішеді немесе ащы мия тұқымы 5 тал, биму 3 грамм, жаужұмыр 3 грамм, кіш- кене сода 0,6 грамм қосып, талқандап, қайнаған сумен ішеді;

Шиқан, сыздауыққа, сыртқы жарақаттың іріңдеуіне, жараларға: ащы мия тұқымынан лайықты мөлшерде алып жаншып, қайнатып, қайнатпасымен ауырған орынды жуады да, таза дəкімен орайды;

Сулы бөртпеге, жазылмаған қотырға: ащы мия тұқымынан күйдіріп алынған майдан 10% қоймалжың дəрі жасап, ауырған орынға жағады;

Жедел жəне созылмалы дизентерияға, амиобалы дизентерияға: 500 грамм ащы мия шөбіне бір литр су қосып қайнатып, сүзіп, қайта қайнатып, 500 грамдай қалғанда қолданылады. Əр жолы 200 грамм, күніне 3-4 рет ішеді.

Қолдану мөлшері: шөбінен 1,5-3 грамм, тұқымынан 5 тал.

Ащы ермен

Күрделі гүлділер тұқымдасына жататын, жусан туысына жататын көп жылдық тамырсабақты шөптектес өсімдік. Қазақстанда жусан туысының 84 түрі өседі.

Ащы ерменнің биіктігі 50-100-125см. Сабағы тік, көп қырлы, өсімдіктің жерүсті мүшелері бозғылт-сұр түсті, басқа өсімдіктерден оңай ажыратуға болады. Жемісі – тұқымша. Ащы ермен республиканың барлық аймақтарында кең таралған, ерменді білмейтін адам жоқ деуге болады. Хош иісі жақындай бергенде-ақ білінеді, дəмі өте ащы, егер қолға алып саусақпен ұқаласа иісі көбірек сезіледі. Жерүсті мүшесінде эфир майы, глюкозид, абсинтин, ащы зат абзинтин С витамині жəне т.б. бар. Ерменді мал сүйсініп жейді, ермен жеген малдың сүті ащы болады, себебі ерменнің құрамындағы ащы заты қан мен сүтке сіңеді.

Жерүсті мүшесін (шөбін) жазда гүлдеп тұрған кезде 25см етіп кесіп алады, тек жапырақтарын гүлдемей тұрғанда жинайды, көлеңкелі жерде кептіріледі. Жуан сабағы бар жеріндегі шөбін жинамайды. Шөбін сақтау мерзімі 2 жыл.

Ащы ерменді ата-бабамыз ертден-ақ əр түрлі ауруларға қолданған. Бастың сақинасына, аяқ-қол сырқырағанда буланған. Асқазан ауруына тұнбасын ішкен. Халық медицинасында: Тамаққа тəбет ашуға; Асқазан бүріп ауырғанда; Аяқ астынан дене құрысып, қалтырап діріл пайда болғанда (лихорадка); Əсіресе аяқтағы көктамыр бадырайып шығып білініп тұрғанда; 5. Қан жасушалары азайғанда; Бауыр, көкбауыр ауырғанда; Суық тигенде; Ұйқы қашқанда; Іштегі паразит құрттарды түсіруге жəне т.б. Ветеринария саласында қоюлау тұнбасын паразит жəндіктерді құрту үшін жағады. Күйіс қайыратын малдардың күйіс қайыруы бəсеңдесе ұнтағын ұнға, тұзға, суға араластырып береді.

Тұнбасын дайындау үшін – 1 қасық шөбін 5 асқасық спиртке (1/5) салып 7 күнге қояды. Дайын болған тұнбаны астан 30мин бұрын 15 тамшыдан күніне 3 рет ішеді. Судағы ерітіндісін дайындау үшін шөбінің 1 шай қасығына 2 стакан қайнап тұрған ыстық су құйып 20мин тұндырады. Дайын болғанда асқа дейін 30мин бұрын стаканның 1/4 бөлігіндей мөлшерде күніне 3 рет ішеді. Ерменнің дəрісін қабылдауды бір айдан асырмай арасында 1-2 апта үзіліс жасау керек.

Ащы шырмауық

Басты ем болатын аурулары жəне қолданылуы:

Дене сарғаюға (бауыр ауруы, өт ауруы салдарынан болған): ашытқы шырмауық шөбі 50 грамм, ақжусаннан 15 грамм суға қайнатып ішеді;

Күйікке: ашытқы шырмауық шөбін кептіріп талқандап, май қосып күйікке жағады.

Қолдану мөлшері: 10-12 грамм.

Алоэ (Aloe Vera) – шырыштар тұқымдасына жата- тын көп жылдық бұта, қуаңшылыққа төзімді өсімдік.

Алла елшісі алоэны ем үшін пайдалануға кеңес берген. Əсіресе көзге пайдалы. Алоэ препараттарын көз ауруларын, асқазан-ішек ауруларын, гастрит, асқазан жарасын емдеуге пайдаланады. Алоэ шырынын тері ауруларына, ұзақ уақыт жазылмаған жараларды жазуға жəне күйіп қалған кезде пайдаланады.

Биіктігі 10-60см, сабағы жуан, жапырағы шырынды, етті, тікенді, сабағына тығыз жабысып өседі. Қызыл, қызғылт-сары, сары түсті, гүлі түтікше келген қоңырау тəрізді гүлшоғырына топталған. Сирек гүлдейді, негізі- нен құстар арқылы тозаңданады. Үшбұрышты қауашық жемісті, піскенде жарылады.

Сабағы жəне жапырағы дəрі. Көбінесе жаңа күйінде қолданылады.

Алоэның жапырақ құрамында глюкозид, эфир майы т. б. дəрілік заттар бар, сондықтан алоэның шырынын түрлі ауруларды емдеуге қолданады. Іш қатқанға, ересектер жəне балалар талма ауруына, геморрой жарасы сыздап ауырғанда, тісті құрт жеп ауырғанда, кеңірдек- шелер демікпесіне қолданылады.

Бақбақ

Бақбақ шалғынды, көгалды жерлерде, жол жиегінде, тау бөктерлерінде өседі. Биіктігі 4-30 см-дей, сабағы қуыс, жапырақсыз, тықыр, сүтті шырынды болады. Жапырақтарықауырсын пішіндес, жиегі тегіс, тамыр мойнына айнала шоғырланады. Гүлдері қос жынысты, сары түсті, тостағанша дөңгеленіп сабақ ұшында орна- ласады. Сəуір-мамыр айларында гүлдейді, мамыр-маусымда жеміс береді. Жемісі – дəнек, ол желмен тарайды. Бақбақтың тамыры мен сабағы дəрілік мақсатқа қолданылады, сондай-ақ, мал азығына, тағамға пайдаланылады.

Емдік қасиеті:

Кəдімгі бақбақ – көктемнің тұңғышы, халық оны атам заманнан қадіртұтып, сүйіспеншілікпен «жер күні»,«денсаулық эликсирі» деп атаған. Бақбақтың əлі өркендеп жетпеген, француздар «писанли» ( pissentli ) деп атайтын, жас жапырақтары ерте көктемде витамин- ді салат үшін пайдаланады. Бақбақтың жапырақтарында каротиноидтық заттар. С жəне В2 витаминдері бар, ал тез сіңетін кальций, фосфор, темір, магний, марганец тұздарының көптеген жапырықты көкөністердегінен көбіне асып түседі. Жапырақтарынан жəне гүл сабақшаларынан қант – инозит табылған. Тамырлары мен жапырақтарындағы сүтсымақта шырыш жəне ащы зат – гликозид тараксацин бар. Тамырларында крахмалдың орнына, əсіресе күзде, 25% дейін инулин жиналады. Жапырақтарындағы ашқылтым дəмінен құтылу үшін жапырақтарды əбден ағарғанға дейін сабанмен бүркейді, немесе жапырақтың кесінділерін 30 мин тұзды суда ұстайды, ашқылтым дəмі қайтқанда жəне қуырғанда кетеді. Тағамға, əсіресе көктем кезінде, маринадталған гүл сабақшаларын да пайдаланады, ал қуырған тамырларын кофе орнына ішеді. Емдік мақсатқа жапырақтары мен тамырларының сөлін тəбет ашатын,асқортуды жақсартатын жəне қан тазартатын дəрі ретінде пайдаланады. Бақбақтан істелген тағам бауырды жақсартады жəне зат алмасуды дұрыстайды. Тамыр мен құрғақ шөптің қайнатпасын асқазанның əр түрлі ауруларына, өт айдайтын, іш босататын, қақырық түсіретін дəрі ретінде, сондай-ақ май толық сіңбегенде қолданады. Атеросклерозды, анемияны емдеуге де болады. Тамырдан істелген ұнтақтар əр түрлі тері ауруларына жəне пигмент дақтарын кетіруге пайдаланады.

Ем болатын аурулары жəне қолданылуы:

Омырау безінің қабынуына: бақбақтан 50 грамды (жаңа күйіндегісі болса 100 грамм) суға қайнатып ішеді, сонымен бірге жаншып омырауға тартады;

Көз дəнекер қабығының қабынуына жəне теріскенге бақбақтан 50 грамды (немесе жүйхуадан 10 грамм қосылады) суға 2 рет қайнатып алғашқы қайнатпасын ішеді, екінші реткі қайнатпасымен көзді жуады;

Бадамша без жедел қабынғанда: бақбақ 15 грамм, ошаған тұқымы 10 грамм, борпылдақ саңырауқұлақ 3 грамм, қызылмия 3 грамм суға қайнатып ішеді;

Өкпе іріңді ісігіне: бақбақ 50 грамм, сарана 15 грамм, қас бояу тамыры 15 грамм, нəшпұт 1 дана суға қайнатып ішеді;

Өт қалтасының қабынуына: бақбақ 100 грамм, ақжусан 50 грамм, мысық жалбыз 15 грамм, лұңдан 10 грамм суға қайнатып ішеді.

Қолдану мөлшері: 6-10 грамм.

(Жалғасы бар...)

Пайдаланған әдебиет:

Ақанұлы Т. «Емші кәдесі», Алматы: «Palitra Press» баспасы, 2020 ж.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?