Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тәуелсіздік жылнамасы. 1991 жылдың тамызы

2369
Тәуелсіздік жылнамасы. 1991 жылдың тамызы - e-history.kz

Qazaqstan Tarihy порталы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған материалдарды жариялауды жалғастырады. Оқиғалар хроникасы Республикамыздың 1991 жылғы маусымдағы тыныс-тіршілігі туралы баяндайды. Қызықты материалдар «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Казахстанская правда», «Целиноградская правда», «Простор», «Вечерний Целиноград» және республикалық, облыстық және өзге де баспа басылымдарының жарияланымдарынан жиналды.

1 тамызда Алматы қалалық атқару комитеті жанынан қайырымдылық қоры құрылды. Қарттарға, көп балалы отбасыларға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және халықтың басқа да қорғалмаған топтарына белгілі бір материалдық көмек көрсете алатын осындай ұйым құру туралы ұсынысты Қалалық халық депутаттары Кеңесі жасады. 

2 тамызда республика Президенті Н.Ә. Назарбаевтың шақыруы бойынша Алматыға Корея Республикасы  конгрессмендерінің делегациясы келді. Сапар барысында республиканың Жоғарғы Кеңесінде кездесулер болып, тараптар экономикалық және мәдени ынтымақтастықты үйлестіру үшін парламенттік топтар құру туралы уағдаласты. Сондай-ақ, 2 тамызда Алматыда бірнеше қызықты мәдени-спорттық іс-шаралар өтті. Мысалы, велоспорт бойынша бүкілодақтық жарыстарда топтық жарыстың 2 туры өтті, онда Юрий Сурков 2 орын иеленді.  А.С. Пушкин атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік кітапханасында республика мемлекеттік комитетінің қазақстандық баспалар кітаптарының көрмесі өтті, музыкант Эдди Рознерді еске алуға арналып, 3 күнге созылған джаз музыкасының фестивалі басталды.

2-4 тамызда Көкшетау облысында бостандық пен тәуелсіздік үшін күресу жолында қазақ халқын бір тудың астына біріктірген Абылай ханның 280 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар өтті. 

5 тамызда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «Бөлшек сауда бағаларын реформалауға байланысты оқушы жастарды материалдық қамтамасыз ету және мектеп және балалар киімдеріне бөлшек сауда бағаларының өсуіне байланысты халыққа шығындарды өтеу жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қаулысы қабылданды. 

9 тамызда Достық үйінде Қазақ КСР Президенті Н. Назарбаев республикалық газет-журнал, теледидар және радио қызметкерлері үшін баспасөз конференциясын өткізді, онда Президент қатысушылардың жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформалар, Одақ шартының жобасы және т. б. туралы көптеген сұрақтарына жауап берді. 

10 тамызда Алматыда «Сайран» көлінде Дене шынықтырушы күніне арналған бұқаралық іс-шаралар өтті. Елордалық жүздеген қала тұрғыны мен қонақтары спорттық театрландырылған мерекеге қатысып, шомылуға және күнге күюге мүмкіндік алды.

12 тамызда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Қаулыларымен Қазақ КСР Ғылым Академиясының Информатика және басқару проблемалары институты, Қазақ КСР Ғылым Академиясының Ғарыштық зерттеулер институты құрылды. «Халыққа білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және мұрағат мекемелері қызметкерлерінің жалақысы туралы» Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Қаулысы қабылданды. 

14 тамызда Ташкентте Орта Азия Республикалары мен Қазақстан басшыларының кезекті кездесуі аяқталды. Н. Назарбаев (Қазақстан), И. Кәрімов (Өзбекстан), А. Ақаев (Қырғызстан), К. Махкамов (Тәжікстан), С. Ниязов (Түрікменстан) Егеменді мемлекеттер одағы туралы шарт жасасуды жақтап, басқа республикаларды шартқа қосылуға шақырды. Кездесуде қабылданған шешімдер жаңа Одақтық шартты дайындау процесін жеделдетуге ықпал етті. Кездесуде Орта Азия және Қазақстан Республикаларының республикааралық консультативтік кеңесін құру туралы келісімге қол қойылды. Өзара тиімділік, кәсіпкерлік еркіндігі қағидаттарына сүйене отырып, кеңестің қызметі жаңартылған Одақ шеңберінде бес республиканың экономикасын біріктіруге, әлеуметтік және экономикалық реформаларды жүзеге асыруда келісілген саясат жүргізуге және нарықтық қатынастар жағдайында өңірдің мүдделерін қорғауға бағытталды.  

15 тамызда Қазтұтынуодағының сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі «Казкоопвнешторг» республикалық бірлестігі құрылды. 

16 тамызда Ресей президенті Борис Ельцин Алматыда Н.Ә. Назарбаевпен Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды. 

17 тамызда Ұлыбританиядан Алматыға республиканың жас басшысы Н.Ә. Назарбаев және Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар туралы сюжеттерді түсіру үшін британдық «BBC» телерадиокомпаниясының түсірілім тобы келді. 

18-21 тамызда елде төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитеттің (ТЖМК) құрылғаны туралы жарияланды. 20 тамызда КСРО-ны реформалау туралы Новоогарев келісіміне қол қоюды жоспарлаған КСРО президенті М.С. Горбачев міндеттерін орындаудан шеттетілді. 

18 тамызда ТЖМК радиосы арқылы кеңес халқына: «Берілген бостандықтарды пайдаланып, жаңа пайда болған демократия өскіндерін таптап, Кеңес Одағын жоюға, мемлекеттің күйреуіне және кез-келген жағдайда билікті басып алуға бағыт алған экстремистік күштер пайда болды. Отан бірлігі туралы жалпыұлттық референдумның нәтижелері тапталды. Өз халықтарының бүгінгі қиыншылықтары да, олардың ертеңі де саяси авантюристерді мазаламайды. Бүгінде конституциялық құрылысты құлатпақшы болып отырғандар ұлтаралық қақтығыстардың көптеген құрбандарының өлімі үшін аналар мен әкелердің алдында жауап беруі керек... Заңдар соғысы және орталықтан кету тенденцияларын ынталандыру ондаған жылдар бойы қалыптасқан біртұтас ұлттық экономикалық механизмнің бұзылуына әкелді. Нәтижесі - кеңес адамдарының басым көпшілігінің өмір сүру деңгейінің күрт төмендеуі, алыпсатарлық пен көлеңкелі экономиканың гүлденуі болды».

20 тамызда «Қазақ КСР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың мәлімдемесі» жарияланды. Онда: «Біріншіден, мемлекеттің экономикалық, шаруашылық және саяси өмірінің күйреуге жақындағанына күмән жоқ... Осы құжаттың бекітілген мәтініне кез келген өзгерістер осы республикалардың жоғары билік органдарының келісімімен ғана енгізілуі мүмкін. Жоғарғы кеңестің төралқасы, үкімет және Қазақстан халқы ортақ менің ұстанымым осындай. Мен еліміздің барлық республикаларының парламенттері мен халықтарынан өзім айтқан ұсыныстарды қолдауды сұраймын»,-делінген.

20 тамызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының елдегі жағдайды қараған кеңейтілген отырысы өтті.

21 тамызда «Алматы - Хельсинки – Париж» адам құқықтары жөніндегі Халықаралық демократиялық комитеті әскери хунтаның билікті басып алуына байланысты БҰҰ Бас хатшысына, егемен Қазақстанның барлық азаматтарына, ел және бүкіл әлем халықтарына үндеу жасады.

22 тамызда «Қазақ КСР прокуратура, мемлекеттік қауіпсіздік, ішкі істер, әділет, Мемлекеттік арбитраж, соттар мен кеденде саяси партиялардың, басқа да қоғамдық бірлестіктердің ұйымдық құрылымдарының қызметін және бұқаралық қоғамдық қозғалыстарды тоқтату туралы» Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Президентінің Жарлығына қол қойылды. 

23 тамызда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «Белгілі қазақ жазушысы Ілияс Жансүгіровтың есімін Алматы қаласындағы № 130 жалпы орта білім беретін мектепке беру туралы» Қаулысы қабылданды. 

24 тамызда КСРО президенті М. С. Горбачев КОКП ОК Бас хатшысы қызметінен кетті. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс сессиясында «Ағымдағы сәтті бағалау және республиканың егемендігін нығайту жөніндегі шаралар туралы» мәселе көтерілді. Депутаттар Қазақстан Конституциясын өзгертуді, қоғамдық ұйымдардың мемлекеттік билік органдарындағы қызметіне тыйым салуды ұсынды. Сондай-ақ, республиканың алтын қорын құру және бүкілхалықтық Президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс енгізілді.  

26 тамызда белгісіз біреу «02» телефонына қоңырау шалып, Алматы аэровокзалының ғимараты жарылатынын хабарлады. Бомба табылған жоқ.

26 тамызда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен Талдықорған облысы Ақсу ауданы Көкөзек ауылындағы орта мектепке халық ақыны Қуат Терібаевтың есімі берілді.

28 тамызда «Қазақ КСР Ғылым Академиясының археология институтын ұйымдастыру туралы» Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Қаулысы қабылданды.

Қазақстан Компартиясы ОК пленумында Қазақстан Компартиясы ОК қызметін тоқтату туралы шешім қабылданды. 

29 тамызда Қазақ КСР Президентінің «Семей ядролық полигонын жабу туралы» Жарлығына қол қойылды. 1949 жылдың осы күні КСРО-да алғашқы ядролық жер үсті жарылысы жасалған еді. Кейінірек, 1953 жылғы 12 қыркүйекте, полигонда термоядролық сынақ жүзеге асырылды. Барлығы 467 жарылыс жасалды. Олардың жалпы қуаты Хиросимаға тасталған әйгілі бомбаның қуатынан 2,5 мың есе асып түсті.  

30 тамызда Қазақстан Компартиясы Солтүстік Қазақстан обкомының соңғы пленумы өтті, онда облыстың партия ұйымының қызметін тоқтату туралы шешім қабылданды.

Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «Милицияның қатардағы және басшы құрамдағы тұлғаларына заңнамада белгіленген жұмыс уақытынан артық, сондай-ақ апта сайынғы демалыс және мереке күндеріндегі қызметі үшін өтемақы төлеу тәртібі туралы» Қаулысы қабылданды. 

31 тамызда «Одақтық бағыныстағы мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың Қазақ КСР үкіметінің қарамағына өтуі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына қол қойылды.

«Қазақ КСР сыртқы экономикалық қызметінің дербестігін қамтамасыз ету туралы» Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Президентінің Жарлығына қол қойылды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?