Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ақмола облысының топонимдері – тарих іздері 2-бөлім

3508
Ақмола облысының топонимдері – тарих іздері 2-бөлім - e-history.kz

Барлық тау тізбегінің ең биік нүктесі болып саналатын Көкше шыңына мұқият қарайтын болсақ, ол көзге кеметас (пароход) тәрізді көрінуі мүмкін. Төменірек ені 25 м, ұзындығы 60 м болатын алқап жатыр. Бұл жер Тассырғанақ деп аталады. Тас сырғанақтың жандары тік және тегіс. Бұл жұмбақ белгі Көкше баурайында жартастың бір бөлігі найзағай әсерінен құлап, пайда болған-мыс. Таудың шыңында, тегіс алаңда аю мен жабайы қабанға ұқсайтын бір-біріне қиыса біткен екі гранитті үйінді тас бар. Мұнда жартастың шетіне отырып, айналасына көз тастап отырған аю мен оған азулы тұмсығын көтеріп тұрған жабайы қабан бейнеленген. Бұл жер «Аютас жартасы» деп аталады.

Облыстың жер-су атаулары геологиялық зерттеулерде жиі кездеседі. Аумақтан түрлі археологиялық кезеңдерге қатысты қорымдар мен тұрақтардың табылуы аймақта кен-қазба жұмыстарының айрықша дамығандығын көрсетеді. Қазақстанның жер қойнауы пайдалы қазбаларға өте бай екендігі географиялық атаулардан көрінеді. Жердің литологиясын негіздейтін Алтынтау, Алтынды, Борлытау, Борлыкөл, Борлысай, Шойындыкөл атауларынан пайдалы қазба, тау жыныстарының құрамы мен кен орындары жөнінде мол ақпарат алуға болады. Отырықшылық, егіншілік және қолөнердің арқасында адамдар жердің жоғарғы қабатының пайдалы қазбаларын пайдалануды ғана емес, сонымен қатар жер қойнауынан кен байлықтарын алуды, металл балқыту мен өндіріс құралдарын жасауды үйренді. Қaзaқ aтaулaрының бір бөлігі геологиялық құбылыстар әсерінен пайда болған тау жыныстарының тұрпатына сай аталып, тез aрaдa тaбиғaт зерттеушілерінің сөздік құрaмынa еніп кетті. Мысaлы, «қойтaс» жaйылып жүрген қойлaрды елестететін бедер, ол грaниттік aлқaптaрғa тән болса, «жaл» – бұзылуғa берік жыныстaрдың ұзынa бойы көрініп жaтуынa сәйкес келеді.

«Керегетaс» және «қотыртaс» тиісінше эффузивтердің, конгломерaттaрдың және грaнитоидтaрдың үгілу пішіндері болып тaбылaды (Сапаров және т.б.., 2016, 30–31-бб.). Облыс аумағында Қойтас, Одырайтас, Керегетас, Үйтас, Ұлутас, Айғыржал, Сарыжал, Ескенежал т.б. оронимдері таралған. Осылайша, пайдалы қазбалар облыстың топонимдерінде жан-жақты көрініс тауып, әрі қарай ғылыми зерттеу нысаны бола алатынын атап өткен жөн.

Ақмола облысының климаттық ерекшеліктеріне қатысты гидрометерологиялық факторларын сипаттайтын метеонимдер мен анемонимдер жергілікті географиялық атауларда бейнеленіп, аумақтың топонимиялық кеңістігін толықтыра түседі. Қазақтар жайылымдарды пайдалануда көбінесе микроклиматтық факторларды, яғни желдің бағыты, оның жер бетінен қарды үрлеу әрекеттерін ескерді. Осыдан қағыл, бауыр, қоңыр терминдері арқылы жасалған топонимдер қалыптасты (Айқай, Шаңтөбе, Қарабауыр, Қоңыр, Желтау, Бет, Беттібұлақ, Бауыркөл т.б.).

Орографиялық нысандар – бұл таулар, шоқылар, төбелер, сайлар, қыраттар және т.б. Оронимдер жер бедерінің халықтық географиялық тау, төбе, тас, шоқы, адыр, жал, шұңқыр, өзек, қуыс, жар, сай, шат терминдері арқылы жасалады. Тікелей тау рельефін бейнелейтін бұл терминдерден жасалған топонимдерді Қазақтың ұсақ шоқысының аласа таулы жүйелерінде – Көкшетау, Зеренді, Сандықтау, Ерейментау тауларында кездестіруге болады. Олар аумақтың табиғи жағдайының нақты көрінісін көрсетеді. Ең жиі кездесетін термин – тау. Бұл термин қысқармай, атаулар құрамында тұтас сақталады. Тау аттарына жер бедерінің пішіні, биіктігі, оны құрайтын тау жыныстарының түсі, органикалық дүниесі, пайдалы қазбалары, климаттық көрсеткіштері анықтауыш сөздер ретінде терминге қосарланады. Аумақтың жазықтық бетінде дала аймағының табиғат жағдайына тән жер бедерінің көптеген пішіндері кездеседі. Мұнда террасалы өзен аңғарлары, жылғалар мен жыралар,   ойыстар, көл шұңқырлары жақсы дамыған. Олар облыстың географиялық нысандарының номинациясында көрініс тапты. Бұл топтағы оронимдердің қалыптасуында шұңқыр, жыра, оба, сай, қуыс терминдері жиі қолданылады: Мыңшұңқыр, Майшұқыр, Қызылсай, Қатынқуыс, Обалы, Сарыоба, Тасоба т.б. Бұл өлкедегі тау аттары (оронимдер) қойылу, пайда болуы және тілдік тегі жағынан аса құнды материал болып табылады. Өйткені ол атаулардың ішінде көне замандар мен орта ғасырлық және қазіргі дәуірге тән сөздер, лексикалық топтар бар (Мурзаев, 1984, 256-б.).

Қазақстан аумағындағы орографиялық нысандарға ат қоюдың өзіндік ерекшеліктері бар. Ақмола облысының орографиялық жүйесі нысанның географиялық орналасуына (Айыртау, Бөлектау, Жалғызтау, Ортақтөбе, Бестөбе), жер бедерінің табиғи сипатына (Тасқамал, Мыңшұқыр, Тасшоқы, Тастақ, Қосшоқы, Тастөбе), биіктігіне (Ақсеңгір, Биікасыл, Тайтөбе), пішіні мен түсіне (Дөңгелектау, Бұйратау, Жетіқара, Жуантөбе, Қаратұмсық, Сарыадыр, Ақшоқы, Қарашоқы, Қараадыр, Ақдің, Ақтөбе, Ақадыр, Қызылшоқы, Қызылшадыр) байланысты қалыптасқан. Ішінара метафоралық атаулар (Күншалған, Оқжетпес) да кездеседі. Жер бедері мен табиғатының осындай ерекшеліктері аймақ топонимдерінде бейнеленген.

Ақмола облысы жер бедерінің өзіне тән ерекшелігі тұрақты ағын сулы өзендердің гидрографиялық желісінің сиректігі және уақытша ағын сулардың едәуір тығыздығы болып табылады. Облыс аумағындағы ең ірі өзендер – Есіл, Нұра, Сілеті (Джаналиева және т.б., 1998, 266-б.). Есіл – Ертістің сол жақ саласы, ежелгі түркі сөздігінде көгілдір деген мағына береді (Древнетюркский словарь, 1969). Махмуд Қашқаридың сөздігінде «есіл» және «ешіл» сөздері кездеседі. Біріншісі – суы аз, екіншісі – ұзын, созылған деген мағынаны білдіреді. Бұл екі мағынаны да Есіл өзеніне қатысты қолдануға болады, егер бірінші этимологияда өзеннің кейбір тұстарында судың аздығы туралы айтылса, екінші мағына өзеннің ұзындығын білдіреді (Махмуд ал-Кашгари, 2005).

Облыстың топонимикалық жүйесін зерттеу барысында, географиялық атаулардың құрамындағы айтарлықтай ірі топты гидронимдер құрайтыны байқалды.. Гидро- графиялық нысандардың атаулары ежелгі дәуірден бері бар. Ежелгі топонимдердің ішінде өзен атаулары ең тұрақты болып табылатынын белгілі ғалым Э. Мурзаев жазған болатын. Сондықтан өзен-көл атауларын талдауда ежелгі дәуірдің мұрасын кездестіруіміз әбден мүмкін (Ар- шабеков және т.б., 2009, 179-б.).

Географиялық атауларды жүйелі зерттеу қазақ халқының өткен тарихын, тұрмысын, мәдениетін, шаруашылық қызметін тереңірек тануға мүмкіндік береді. Көшпелілер әдетте су көздерінің маңына қоныстанды, бұл су көздері олардың өмірінде басты рөл атқарғандығын білдіреді. Гидрологиялық топонимдер көбінесе жер бедерінің әртүрлі белгілеріне, су көздерінің сипатына, су нысанына жақын өсетін өсімдіктер түріне немесе онда мекендейтін жануарлардың аттарына байланысты, сондай-ақ, этнонимдермен (ру-тайпа аттары), кейде адам аттары бойынша да аталды. Қазақ халқы су нысандарының физикалық-географиялық ерекшеліктеріне (жер бедері, климаты, топырақ, өсімдік жамылғысы) ертеден назар аударып, ат қойып (номинация), шаруашылық үшін қажетті маңызды белгісіне қарап ажырата білген.

Әрбір географиялық нысан тек өзіне тән белгілі бір сипатқа ие, оны көбінесе оның атауынан көруге болады. Көптеген гидрографиялық атаулар қоршаған табиғи ортаның сипатын білдіреді. География ғылымы үшін гидрографиялық терминдердің қатысуымен жасалған топонимдерді зерттеу айтарлықтай қызығушылық тудырады. Оларды көлдер, батпақтар мен сортаңдар, өзен терминдері, бұлақтар мен құдықтар секілді бірнеше топтарға жіктеуге болады. Бұл ретте осы топтардың әрқайсысына топонимдер құруға қатысатын және гидрологиялық нысандардың физикалық-географиялық сипатын білдіретін терминдерді бөліп көрсетуге болады.

Ақмола облысы гидронимдерінің қалыптасу ерекшеліктері әркелкі болып келеді. Жергілікті жердің гидрографиялық сипаты топонимдердің белгілі бір гидрографиялық терминдердің қатысуы арқылы қалыптасқандығын көрсетеді. Термин географиялық нысан туралы толық ақпарат беретін индикатор болып табылады. Құрамында халықтық географиялық терминдері бар гидронимдер – бұл су нысанының негізгі ерекшеліктерін сипаттайтын индикаторлар. Облыс гидронимдері өзендердің белгілі бір сипатын білдіретін су, сай, өзек, еспе, мұқыр, ащы т.б. гидрографиялық терминдердің қатысуымен жасалған.

Облыстың географиялық номенклатурасын топонимикалық зерттеу нәтижесінде өзен терминдерінің (потамоним) қатысуымен жасалған географиялық нысандардың атаулары анықталды, оларда судың ағысы, дәмі, су нысанының өлшемдері (ұзындығы, ені, тереңдігі) және т.б. гидрологиялық нысандардың ерекшеліктері көрсетілген. Потамонимдерді нақтырақ 4 топқа бөліп қарастыруға болады: 1) су нысанының көлемін, тереңдігін және ұзындығын көрсететін, 2) судың дыбысы бойынша аталған, 3) судың түсін көрсететін 4) су нысандарының дәмін, иісін, тазалығын сипаттайтын (Маканова, 2004, 78- б.).

Су термині қазақ топономиясындағы ең көп таралған гидрологиялық термин, одан түс мәнін білдіретін ақсу, қарасу, сарысу, қызылсу және т.б. гидрологиялық терминдері пайда болды. Шартты түрде оларды ағын су деп санауға болады. Қарасу әдетте, жаз айларында ірілі-ұсақты өзен иірімдеріне ыдырап кететін, суы аз дала өзендерінің атауы (Конкашпаев, 1951, 85-б.). Қарасу атты өзендер Ақмола облысының барлық аудандарында кездеседі. Бұл негізінен жер асты суымен қоректенетін шағын өзендердің иірімдері мен бастаулары болып келеді, сондай-ақ атауы өзен аттарынан шыққан қыстақ, жайлау және ауылдар бар. Облыс аумағында ақсу терминінің қатысуымен жасалған топонимдер жиі кездеседі. Ақсу – қар немесе мұздық сулармен қоректенетін ағынды, тез ағатын таза өзен. Географ, гляциолог Н.Н. Пальгов бойынша «қара» сөзі бұл өзеннің грунт суларымен қоректенетінін білдіреді. Олардың басым бөлігі таулы су жинау алаптарындағы қар мен мұздың еруінен пайда болған. Қазақстанда грунт алаптары көне кристалл жыныстар кең тараған Сарыарқа аймағында және құмды өңірлерде кездеседі. Ол бұл туралы «Қазақстанда жазық аймақтарда таралған өзендердің тағы бір түрі бар, бірақ ол режимі бойынша әдеттегі жазық дала өзендерінен ерекшеленеді. Қазақ халқы бұл өзендерді қарасу деп атайды, ал тау өзендерін ақсу деп атайды» деп жазады (Пальгов, 1953, 53-б.). Э.М. Мурзаев та Ақсу атауы «шөлді аймақтағы бастауын таудан алатын өзенді» білдіретінін айтады. Ақмола облысының гидронимдерінің құрамында қара сын есімі негізінен түс мәнін білдірсе (Қарасу, Қарабұлақ, Қараөткел, Қараөзек, Қаракөл т.б), «ақ» сөзі судың тазалығын, мөлдірлігін білдіреді (Ақкөл, Ақбұлақ, Ақсу т.б.).

Өзен атауларында ақ, қара сөздерінен бөлек, су детерминативімен бірге қызыл, сары, жасыл, көк, қоңыр тіркестері де қолданылады. Өзен-көл атауларында бұл түстерді пайдаланудың өзіндік себептері бар, олар жер жыныстарының түсін немесе өзен ағып жатқан жердің түсін білдіруі мүмкін (Қызылсу, Сарыөзек, Қоңыртүбек, Жасыл, Көксай, Көгілдір шығанақ т.б.). Ауыл тұрғындары «Көксу» атты көлдің атауы түбі мен жағасында жасыл шөптердің өсіп тұруына байланысты осылай аталған- дығын, ал, «қоңыр» тіркесі суының түсі лас, бұлыңғыр көл атауына тән екендігін айтады. Сондай-ақ, көлдер уақытша су жетіспеушілігінен сортаңға айналады. Тұзды балшық болып келетін олардың ылғал беттеріне көп мөлшерде тұз жинақталады. Бұл сортаңдардың көп бөлігінде өсімдіктер жойылған, кейде тұздары қызғылт, сары, қоңыр түсті болып келеді. Бұларды сор деп атайды. Осыдан-ақ, Ақсор, Сарысор, Қарасор топонимдеріндегі сын есімдер нысанның түсін білдіретіндігі белгілі (Сультаняев, 1971, 63-б.).

Гидрологиялық нысанның көлемі мен тереңдігін көрсететін терең, сай, өзек потамонимдерінің қатысуымен жасалған географиялық атаулар облыс   аумағында жиі кездеседі. Терең термині су деңгейінің тереңдігін білдірсе, сай термині жылға, жыра, шағын өзеннің құрғақ арнасы, кішігірім тау өзені мағынасында қолданылады. Ақмола өңірінің жер бедері жылдар бойы табиғи және антропогендік күштердің әсерінен түрлі өзгерістерге ұшыраған. Соның нәтижесінде пайда болған жер бедерінің өзіндік ерекшеліктері гидрографиялық атауларда көрініс тапқан. Өзен-көл атауларында орогидрографиялық сай термині жиі кездеседі. Сай термині Орта Азиядағы басқа тілдерде де қолданылып, оларда тау өзені, өзеннің құрғақ арнасы, шатқал, жыра, Кавказ бен Кіші Азияда «чай» сөзі өзен деген мағына береді. Моңғолияда «сайр» термині құрғақ жыра, нөсер немесе қар еріген кезде толатын уақытша өзен арнасы мәнінде қолданылады, бұл термин гидронимдер мен оронимдерді құруда белсенді қатысады, бұлардан шыққан атаулар ойконимдерде кездеседі (Омарбекова, 1999, 28-б.). Е. Керімбаев гидрографиялық сай термині орографиялық негізде қалыптасып, лексеманың ұзақ эволюциялық процеске ұшырап, тасты жазық, арна, өзен, жылға т.б. мағынаны білдіретінін және олардың жер бедерінің төменгі бөлігінен ағып шығып өзара байланыста жатқанын айтады (Сапа- ров, 2007, 92-б.). Сай сөзі көбіне бұрын су болып, кейін құрғап қалған нысандарға қатысты айтылады. Зерттеліп отырған аймақта жеке ерекшеліктеріне қарай Арнасай, Бұлақсай, Қызылсай, Тереңсай, Тереңөзек деп аталатын орогидрографиялық нысандар кездеседі.

Өзек термині – «сай, жыра түріндегі жіңішке, тар ойыс жерлер» (Инструкция.., 2001, 71-б.). Ақмола облысының географиялық атауларының құрамында бұл термин жиі кездеседі, мысалы: Қызылөзек, Тамдыөзек, Қараөзек, Ащылөзек, Сарыөзек және т.б. Гидрографиялық нысанның өлшемдерін (ұзындығын, енін) көрсететін терминдер бар. Мысалы, мұқыр, еспе терминдері қазақтың халықтық географиялық терминологиясында әдетте, суы қандай да бір су қоймасына немесе ірі өзенге сирек жететін, көбінесе жеке иірімдерге ыдырап, далада көзге көрінеркөрінбес болып жататын немесе әбден құрғап кететін шағын, суы аз дала өзендерінің атауларында кездеседі. Мұндай уақытша су ағындары зерттеліп отырған аймақтың гидрографиясына тән. Аталған терминдердің қатысуымен жасалған топонимдерді облыс аумағынан кездестірдік: Мұқыр, Еспесай, Кішкене Мұқыр т.б. Кең лексемасы арқылы жасалған Кеңөткел, Кеңсай, Кеңтүбек және т.б. атаулар кездеседі. Көкше тауларынан Қылшақты өзені өз бастауын алып, Көкшетау қаласы арқылы ағып өтіп, Қопа көліне құяды. Ел арасында бұл туралы «Абылай ханның қылышы өзеннің ағысымен ағып кеткен соң, бұл өзенді халық «Қылыш ақты» деп атап кетті» деген аңыз да бар. Тарихшы Б. Бейсенбайқызының пікірінше, Қылшақты өзенінің атауы ертеде өзен алыстан қыл сияқты жіңішкеріп көрінгендіктен, «Қыл сияқты» аталып, кейін айтылуы өзгеріп, «Қылшақты» аталған. Қазіргі кезде де өзеннің бастауына алыстан қарағанда, Қылшақты нәзік қыл сияқты көрінеді (Бейсенбайқызы, 2014, 5-б.). Филолог А. Абсадық да бұл пікірмен келісіп, «Қылшақты» сөзі «жіңішке» дегенді білдіретінін айтып өтті.

Облыс аумағында су ағысының дыбысын білдіретін терминдер де кездеседі: Сарқырама, Тентек, Тентек Қарасу, Күркіреуік, Қорқылдақ және т.б. Бұл терминдердің қатысуымен жасалған топонимдер тек гидронимдердің атауларында ғана кездесетінін айта кету керек.

Облыс аумағында судың дәмін көрсететін анықтама- терминдердің қатысуымен жасалған географиялық нысандардың атаулары жиі кездеседі. Мысалы, ащы гидрологиялық термині көлдердің атауларында да, өзендердің атауларында да гидронимдерді құруға белсенді қатысады. Ащы термині әдетте дала өзендерінің аңғарлары мен алқаптарында немесе көлдер мен сор ойпаттарында кездесетін сортаңды жерлер. Мұндай жерлерде жақсы мал азығы болып табылатын әртүрлі сортаңсүйгіш және ылғалсүйгіш өсімдіктер өседі. Ащы термині өзендердің, көлдердің, құдықтардың және басқа да су нысандарының тұздылығын білдіре отырып, олардың жеке атауы ретінде жиі қолданылады. Зерттеліп отырған аймақта ащы терминінің қатысуымен жасалған топонимдер жиі кездеседі (Ащыкөл, Ащылы, Ащылыөзек, Ащықұмкөл, Кеңащы, Жаманащы және т.б.).

Топонимикалық зерттеу барысында топырақ жамылғысы мен топырақтың негізгі белгілерін сипаттайтын тас, балшық, саз, құм терминдерінің қатысуымен жасалған гидронимдер анықталды (Тасты- талды, Тассуат, Құмдыкөл, Құмсуат, Тассу және т.б.). Сондай-ақ, кіші, кішкентай, ұлы, үлкен, ұзын апеллятиві бар гидрографиялық нысандардың атаулары да кездеседі (Кішкенекөл, Кіші Ащылы, Ұлыкөл, Үлкенкөл, Ұзынкөл, Ұзыншілік және т.б.).

Ақмола облысы аумағында көлдердің көп болуымен ерекшеленеді. Облыс аумағындағы ірі көлдерге Теңіз және Қорғалжын көлдері жатады. Қорғалжын атауының шығу тегі туралы көптеген болжамдар бар, бірақ дәл этимологиясы жоқ. Ауыл тұрғыны Мағауия Нөғерұлының (1949 ж. т.) айтуы бойынша, моңғол тілінде «Қорғалжын» атауы «сағым» дегенді білдіреді. Бұл жерде өсетін боз шөп алыстан қарағанда су сияқты көрінеді. Сондықтан да бұл жер осылай аталса керек-ті. «Қорғалжын» атауының екінші нұсқасы бойынша атау «қорғал» және «жың» сөздерінен тұрады. «Жың» деп қалың шөп өсетін жерді айтады дейді ауыл үлкендері. Қорғалжын ауылының тұрғыны Құдайберген   Мырзабеделұлының   (1940   ж. т.) мәліметінше, «Бұл жерде өте көп жыңғыл өседі. «Қорғалжын» сөзіндегі сөз тіркесі «жын» емес, «жың». Атауы жыңғыл сөзінен шыққан» (Эксп. материалдары, 2019).

Көкше тауының шығыс баурайында XX ғасырда тек қана орысша «Боровое», «Голубой залив» деп аталған Бурабай көлі бар. Бұл көлге Әулиекөл, Ұлыкөл, Күміскөл, Қарағайлы атаулары бірге қолданылады. Әулиекөл, Ұлыкөл атаулары «қасиетті, киелі» деген мағынада болса, Күміскөл суының мөлдірлігіне, тазалығына қарай, «күмістей таза, әдемі» дегенді білдірсе керек. Көлді айнала қарағайлы орман өскен. Көлдің «Қарағайлы» аталуы да сондықтан. Семенов Тянь-Шаньскийдің «Қырғыз өлкесі» деп аталатын жазбасында Бурабай көлі бұрын «Қарағайлы» деп аталғаны туралы жазылады. Сондай- ақ, 1909 жылғы белгілі геолог А. Краснопольскийдің материалдары бойынша жасалған Көкшетау алтынды аудандарының геологиялық картасында да бұл көл «Қарағайлы» атауымен кездеседі (Қазбеков, 2011, 8-б.). Осы маңдағы Шортанкөл (Щучье) көлі Көкше өңіріндегі ең терең көл саналса, Үлкен Шабақты ең таза, мөлдір көл болып табылады. Көлдің тазалығы соншалық таңертең және кеште белгілі бір уақытта айналаның барлық әдемілігі көлдің бетінде айна тәрізді жалтырап көрінетіндіктен, бұл көлді Айнакөл деп те атаған (Эксп.материалдары.., 2017). Аумақтың көл атаулары да белгілі бір индикатор- терминдердің қатысуымен жасалған. Ең көп кездесетін терминдер көл, теңіз, шалқар, жалтыр, жалпақ лимнонимдері болып табылады. Бұл терминдер облыс аумағындағы көлемі жағынан ауқымды, үлкен көлдерді сипаттауда қолданылады. Келесі топқа батпақты    көлдерге қолданылатын сор, батпақ, балқаш, ми терминдері жатады. Жер асты суларымен қоректенетін көл атауларында көбінесе томар, қопа, саз терминдері қолданылады. Сондай-ақ тұзды немесе ащы-тұзды көлдерді сипаттайтын тұз, ащы терминдерінің қатысуымен жасалған топонимдер кездеседі. Аумақта ойыс жерде орналасқан көлдерді сипаттайтын ой, шұңқыр, шығанақ терминдерінің және суы аз,   құрғап   қалатын көлдерді білдіретін қақ, тақыр терминдерінің қатысуымен жасалған топонимдер аз кездеседі.

Көл термині барлық түркі тілі кеңістігінде кең таралған терминологиялық элемент. Сонымен қатар парсы тілі, кавказ халықтарында кездестіруге болады. Зерттеу барысында аумақта орналасқан көлдердің басым бөлігінің атауы «көл» термині арқылы жасалғаны анықталды: Бескөл, Болғанкөл, Алакөл, Қоскөл, Баскөл т.б.

Облыс аумағында батпақты, сазды жерлерді білдіретін басқа да топонимдер (Батпақкөл, Милысор, Балқаш т.б.) кездеседі. Сондай-ақ, аймақта жер асты суларымен қоректенетін, ми батпақты көлдер бар (Былқылдақ, Қопа, Қосқопа, Қопасор т.б.). В.В. Радлов бойынша қопа термині «қалың қамыс өскен көл» мағынасында (Тюрк. сборник, 1972), ал, Г.К. Конкашпаев бойынша «қалың қамыс пен қоға өскен батпақты жер немесе көл» (Қоңқашпаев, 1951). Бұл термин көлдер мен батпақ атауларының құрамында жиі кездеседі.

Көшпелі шаруашылықты жүргізу кезінде басты факторлардың бірі жайылымдық жерлерді жер асты су ресурстарымен қамтамасыз ету болды. Сондықтан да бұлақтар мен құдықтардың тұщы суы жылдың жаз мезгілінде негізгі су көзі болды. Далалық жазық аймақта жер асты суларын пайдалану жоспарлы әрі тұрақты көшпелі шаруашылықты тиімді жүргізуге мүмкіндік берді.

Жер асты суларымен қоректенетін су көзін білдіретін бұлақ гидрологиялық терминінің қатысуымен жасалған топонимдер түркі және моңғол тілдерінде сөйлейтін халықтардағы ең көп таралған терминдердің бірі. Термин су нысандарының атауларының құрамында жиі кездеседі. Өзеннің ағын суы, еріген қар мен жаңбыр суы үнемі аңғарларда жиналады. Бұл сулар қиыршық- құмды жыныстар мен малтатастар арқылы өтіп сүзіледі, осылайша тұщы жер асты суларының көзі түзіледі. Мұндай сулар бұлақтар болып табылады, олар көбінесе топонимдерде «бұлақ» терминінің қатысуымен кездеседі. Топонимикалық зерттеу нәтижесінде Ақмола облысының аумағында Айнабұлақ, Ақбұлақ, Сарыбұлақ, Тасбұлақ, Беттібұлақ, Жалтырбұлақ, Қарабұлақ, Жаманбұлақ және т.б. топонимдер тіркелді.

«Қайнар» термині судың жердің беткі қабатына шығу сипатын көрсетеді, яғни қатты қысыммен жоғары көтерілетін су көзі. Су жер астынан қатты қысыммен шығып, бұрқылдап қайнайтындықтан бұл су көздері қайнар деп аталады. Термин географиялық атаулардың құрамында сирек кездеседі. Аумақта Қайнар, Қайнарлы гидронимдері кездесті.

«Құдық» терминінің таралу аймағы кең, ол географиялық нысан атауларының жасалуында жиі кездеседі. Жазғы уақытта көптеген шағын өзендер құрғап, малшылар үшін мал суару мәселесі туындайтынын айта кету керек. Мұндай жағдайларда мал суару үшін құдықтарды пайдаланады (Маканова, 2004, 83–84-бб.). Термин Ақмола облысының географиялық атауларының қалыптасуында үлкен   топонимикалық   белсенділікке ие: Аққұдық, Жалғызқұдық, Тасқұдық, Ортақұдық, Құдықтысор және т.б.

Зерттеу нәтижесінде Ақмола облысының гидронимиялық жүйесінің қалыптасу заңдылықтары әр алуан екендігі байқалды. Жергілікті халық су нысандарын номинациялауда түрлі факторларға сүйене отырып, өзен-көлдің жеке ерекшеліктеріне сай атау бергендігіне көз жеткіздік. Облыстың гидрографиялық жүйесі өзен-көлдің орналасқан жерінің ландшафынан ақпарат беретін орографиялық терминдер арқылы (Құмдыкөл, Жарлыкөл, Ақжар, Шұңқыркөл, Тасшалқар), су нысанының пішіні, көлемі, тереңдігіне (Дөңгелеккөл, Шалқар, Шолаққарасу), судың жеке қасиеттеріне, яғни ащы-тұщылығы, түр- түсі, тазалығына (Ащысор, Тұщысу, Жалтыркөл, Ақкөл, Батпақкөл) байланысты қалыптасқан. Сондай- ақ, аумақта ішінара метафоралық (Күміскөл, Айнакөл, Сұлукөл) атаулар да кездеседі.

Облыс топонимдерінің едәуір бөлігін фитотопоним- дер класына жататын өсімдік атауларының қатысуымен жасалған топонимдер құрайды. Мұндай атаулар жергілікті жердің өсімдік жамылғысының құрамын көрсетеді. Бұл адамдардың шаруашылық жүргізу процесінде оң әсерін тигізді. Өсімдік аттары және олардың ақпараттық құндылығы көптеген географиялық атаулардың негізі болды. Фитонимдерді зерттеу барысында қамыс, қоға, шілік, ши, көкпек, бидайық терминдерінің қатысуымен жасалған топонимдердің жиі кездесетіндігі байқалды (Өлеңті, Қарашілік, Сабанды шатқалы, Торышілік шатқалы, Шілікті, Кеңбидайық, Қарабидайық, Бесбидайық, Шөптікөл, Қоғалыкөл).   Бұл   аумақтың көп бөлігі тың және тыңайған жерлерді жаппай игеруге дейін түрлі шөпті-бетегелі дала аймағы шегінде орналасқандығымен түсіндіріледі.

Облыстың солтүстігінде қайыңды және қарағайлы- қайыңды ормандар өседі. Шамадан тыс ылғалдану жағдайында мойыл, арша, жидек, қарақат кездеседі. Жазықтар мен ұсақ шоқылы жерлердің тегістелген аймақтарында қарағай ормандары дамыған (Зеренді, Сандықтау, Бұланды, Бурабай аудандары). Бұған қарағай, қайың, тал, мойыл, арша, өрік лексемалары арқылы жасалған географиялық атаулар мысал бола алады: Жарқайың, Аққайың, Қарағайлы, Шоққарағай, Талқара, Бозтал, Аршалы, Мойылды, Өріктісай, Ақдермене шатқалы, Шиелібет тауы, Балқарағай, Кіндікқарағай, Қарағансай, Қаратал, Терек, Көктерек т.б.). Ал, өсімдік жамылғысы аз таралған жерлерде Жалаңаш, Жалғызқарағай, Қостомар, Біртал т.б. топонимдері кездеседі.

Облыс аумағындағы көптеген топонимдер өзен жаға- лауларында немесе су айдындарының түбінде өсетін ылғал сүйгіш өсімдіктермен, сондай-ақ оларды қоршаған дала шөптерімен байланысты. Оларға астық тұқым- дастардан қамыс, құрақ жатады. Өсімдік жамылғысы атауларының қатысуымен жасалған географиялық атау- лар өз кезегінде көшпелі мал шаруашылығын жүргізу және жайылымдарды ұтымды пайдалану барысында қалыптасты (Ұзынқамыс, Сарықамыс, Жарқияқ, Қамыскөл, Бестоғай және т.б.).

Облыстың топонимиялық жүйесінің келесі бір тобына «жан-жануар» концептісі арқылы номинацияланған атаулар жатады. Облыс топонимиясында жергілікті фаунаның барлық түрлері көрініс тапқан. Орманды дала аймағы үшін орман және дала жануарларының араласа таралуы тән. Бұл топтағы зоонимдер қатарына Құланөтпес, Бұланды, Елікті, Аютөбе, Шошқалы, Қарабөрі төбесі т.б. атаулар жатады. Дала жыртқыштары мен улы жыландар кездесетін дала аймағының оңтүстік бөлігінде Түлкілі, Қоянды, Ақ тиін, Тышқанкөл, Жыландытау т.б. зоонимдері ұшырасады. Аумақтың географиялық атауларының қатарын жергілікті жерді мекендейтін құстар (Бүркітті, Сұңқария, Бөдене тауы, Үкі, Шағалалы, Ұялы, Жапалақ, Балапан) мен балық (Шортанкөл, Шабақты, Балықтыкөл, Майбалық) атауларының қатысуымен жасалған топонимдер тобы толықтырады.

Қорыта келгенде, аймақтың географиялық атаулар жүйесі аумақтың физикалық-географиялық жағдайын (геоморфологиялық құрылысы мен пайдалы қазбалары, климаты, топырақ және ландшафт ерекшеліктері, гидрографиялық желісі, өсімдік жамылғысы, жануарлар әлемі) бейнелейтінін аңғардық. Физикалық-географиялық жағдайларды негіздейтін топонимдерге (ороним, гидроним, гляционим, фитоним, зооним) талдау жасау аумақтың бай табиғи мұрасын және аймақ табиғатының өте ерте кезден-ақ игеріле бастағандығын көрсетті.

(Жалғасы бар)

Пайдаланған әдебиет:

«ДАЛАЛЫҚ ЕУРАЗИЯ ТӨСІНДЕГІ САРЫАРҚА МҰРАСЫ» ұжымдық монографиясы. Нұр-Сұлтан. 2020 ж.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?