«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Саятшылық: құс баптау

1622
Саятшылық: құс баптау

Саятшылық әрі өнер, әрі серуен сынды. Алайда саят құстарын баптап-баулып, зәріне келтіріп аңға сала білу – үлкен білім мен тәжірибені қажет етеді. Қаншама ғасырлардан бері құс баптап, саят құрып сайран салған ата-бабамыз өз кезінде осы салада аса мол тәжірибе жинаған. Бұл жазбамызда біз қазақтардың құс баптау тәсілдері мен бүркітті қадір тұту және сыншылық туралы әңгіме етеміз.

Саят құстарын қайырып аң-құсқа салып жүрген кезде әр күні өлшеммен жем беріп, санын, төсін, топшысының, құйрығының түбін ұстап көріп, етін аудармай қыл бабында ұстау керек. Ең абзалы, саят кезінде мүмкіндік бар құс етімен жемдеп отырған жақсы. Себебі құс еті қырандардың денесіне тез сіңіп, шабытын арттырады және әр түрлі ауру-сырқауларға болған қарсылық қуатын арттырады.

Егер құсты қайырып салып жүрген кезде еті көтеріліп, сәл семіргендей болса, аздап ақжем немесе бөртпе беріп, етін теңшеу керек. Жемді өте көп бермей лайығында берген жөн. Құсты саятқа пайдаланып салып жүрген кезде жемді өте тойып жесе, жем құстың бойына сіңбей жемсауында сасып, құстың денсаулығын бұзады. Сондықтан ондай жағдай байқалса, құстың жемсауын ақырын сығып, жемсаудағы бұзылған жемді сыртқа шығарып, жемсауға су құйып шайқап тазалап төгіп, мұз болса мұз, мұз болмаса, суық суға қант қосып жемсауына құйып, сол күні жем бермей аш байлап қою керек.

Қыран құстарды салмаған кезде қора-қопсыдан алыс, көң иісі жоқ, ауасы таза да кең, ыс-түтінсіз, жылы орынға отырғызып бағу керек. Мүмкіндік болса, оңаша жерге киіз үй, шатыр тігіп, үй мен шатырдың іргесін бекітіп, суық жел кірместей етіп бекемдеп, астына қамыс, ірілеу шөп тектес заттарды төсеп, саңғырығын күнбе-күн тазалап тұру керек.

Жем бергенде бұзылмаған жаңа жас еттен беріп, уағында су беріп тұру қажет. Егер сасыған, борсыған, қатқан лас еттерді берсе құстың өміріне қауіп төнеді. Ал, қыс күндері жемдегенде қатқан етті тез жібіту үшін мешке қойып күйдіріп немесе шаң-топыраққа былғап берсе құсты ауру-сырқауға душар етеді. Сондықтан құсты салмайтын кезде әр күні қадағалап, сылап-сипап, уағында астын тазалап, жем-суын уағында беріп, маңайын өте таза ұстау керек.

Қолдағы қыран құстарды бір жылда бір-екі рет түлетіп алу керек. Олай етпегенде қырандардың күйі кетіп, шабыты қайтады, тіпті әр түрлі ауру-сырқауларға душарласады. Сондықтан қолдағы құстарды міндетті түрде түлекке отырғызу керек. Алайда, түлету алдында құсты тым семіртіп, майландырып жібермеген жөн. Себебі, түлекке отыратын құс өте семіз болса, түлектен тоқтап қалады.

Әдетте түз құстары бір жазда үш рет түлейді. Яғни үш рет «ықтын сақтайды». «ықтын» деп жылы, желсіз орынды айтады. Күнгейлі, жылы жердің құсы 15-20 күн ықтын сақтайды әрі 2-3 рет қайталайды. Ал, қолдағы құстарды 1-2 ықтын сақтап түлеткен жөн. Түлетуде құсты жел тимейтін жылы жерге 15 күн отырғызып ықтын сақтатып түлетіп алу қажет және түлету кезінде оған аң етінен гөрі, табылса құс пен қоян етін көбірек беріп, таза топырақ пен қиыршық тас араластырып жегізіп тұрса, құстың денсаулығы жақсарып, олардың әр түрлі ауру-сырқауларға болған қарсылық қуаттарын арттырды әрі жақсы түлетулеріне септігін тигізеді.

Әдетте құс түлегі бапты, жақсы болса, қысқа мерзім ішінде бой жүндері сүзіліп, салаланып құлпырып шыға келеді. Ал, түлегі жақсы болмаса, бабы келмесе, яғни жеген жемі мардымсыз, қуатсыз болса, онда құстың жүндері жымдаспай қобырап, қауырсындары бунақтап дұрыс жетілмейді. Түлекке жақсы отырған құс түлек мерзімі аяқтағанда жүндері таралып, қанат-құйрықтары бекем әрі жинақы болып жетіледі.

Құсты түлекке отырғызуда есте болатын бір жайт: бүркіттерді екі жылда бір рет мамығын, үш жылда бір рет қанат-құйрығын түлетеді. Онда мамығын түлету үшін жай семіртіп түлекке отырғызса; ал қанат-құйрығын түлету үшін жай семіртіп қана қоймай, қанат-құйрығын өткір пышақпен (ірі қауырсындарын) тым түбіне тақамай қырқып тастайды да, қауырсындардың қуыс өзектеріне бөрттірілген бидай немесе күріш тығып, оның ауыз жағына мақта тығып бекітіп тастайды. Сонда 7-8 күннен соң, әлгі қауырсындар түгел түсіп қалады да, оның орнына бұрынғыдан да қайратты жаңа қауырсындар жетіліп шығады.

Қазақ құсбегілері мен саятшылары бүркіттерді үлкен жақтан «батыр құс» және «қу құсы» деп екіге жіктейді. «Батыр құстар» көбіне аңқау, албырт, ерекше қомағай келеді, шеттерінен ұшқыр және әрқандай аңнан қайтпайтын қандыкөз қыран болады. Ұяларын көбінде елсіз, сусыз қиын жерлерге салады. Себебі, олар өз күш-қуаттарына сенетіндіктен ұя салуға «қу құстары» секілді аң мен суға жақын, қолайлы жерлерді қажет етпейді.

Ал, «қу құстары» болса, олар біршама жастау келеді. Бүркіттердің бұл түрінен «мырза құс» көбірек шығады. «Мырза құстар» біршама күйшіл, жүндері жылтыр қара және майдалау келеді. Тұяқтары иір, бастары жыланбас, көздері сулы, жатырқауық болады. Күшті аң-құстарға көп жоламайды және аңмен көп алыспайды. Тек қоян, кекілік тектес ұсақ аң-құстарға ғана әуес болады. Ұяларын биік, салқын таулар мен аң-құсы көп шұрайлы өңірлерге салады. Көбінде қаршыға, сұңқар сияқты құстардың жемін тартып жеп күн көреді. Түзден ұстағандары қашаған, ұядан алынғандары пышақтағыш болады. Осы себепті, оларға ақжем мен бөртпе көбірек беріліп, қоя мен зерде көбірек салынады. Әдетте бұл құстар іштеріне зердені көбірек сақтап қалатындықтан оларға қойдың жас құмалағын салып құстырып ішіндегі зердесін алады. Еркектеріне қарағанда, ұрғашылары денелі, үлкен келеді.

Құстар да басқа жан-жануарлар секілді кірлейді және терлейді. Алайда, олардың кірлеуі мен терлеуі басқа жануарларға мүлде ұқсамайды. Яғни құстардың тері тұмсықтарынан шығады. Кірлесе, басқа жануарлар секілді жуынбайды, керісінше, денелеріндегі шаң-тозаңдарын көк жүзінде еркін самғағанда желге қақтырып тазаласа; ал денесіне жұққан қан дақтары мен кір, майларды құйрық түбінен шыққан бір түрлі маймен жуып тазалап алады. Дәлірек айтқанда, қыран құстар кесек ет және сүйек, тарамыс, сіңірлерді еңкейіп шоқып жеу барысында бүкіл денелері қимылға келіп, қаны емін-еркін ағылып, тұмсықтарынан су сорғалайды. Міне бұл құстардың терлегені болып табылады. Егер қолдағы құстар ұзақ уақыт туралған ет жеп, екі танауынан (тұмсығынан) су ақпаса, ол құс «маңқа» ауруына тап болады. Сондықтан қолдағы саят құстарына ауық-ауық сіңірлі кесек еттермен сүйектерді шұқытып тұру керек.

Қазақ құсбегілері мен саятшылары әр түрлі құстарды салып саят құрумен бірге, саят құстарының түр-түсіне, үлкен-кішілігіне, өскен жерлері мен басты қасиеттеріне қарай олардың барлығына сын қойып, қырандығы мен қыңырлығын, қайсарлығы мен жасықтығын сырттарынан бір қарап-ақ айтып бере алады және олардың қара, сары, қарақоңыр, қарагер, көксұр, құлагер, қызыл жирен болуын туған, өскен жерімен байланысты деп тұжырымдайды. Яғни қызыл қиялар мен қызыл жартастарға ұя салса, олардың тұқымы қызыл жирен; көк қиялар мен көк жартастарға ұя салса, олардың балапандары көксұр; қара жартастардағы ұялардан ұшса, құс қара болады. Т.б. нақтылап айтқанда, қас қырандардың басы үлкен, көздері отты, көз сағымдары, көз оттары, көз жарқылдары ерекше болады, көз сағымы көзінің алдындағы жүніне түсіп тұрады. Бұдан тыс, алтын шегір, қызыл шегір, ақ шегір, көк шегір, сары шегір, құм шегір құстарды біршама қыран болады деп есептейді.

Қазақтың құс сыншылары құстардың көздері мен бастарынан тыс, олардың тілдеріне де ерекше ден қояды. Мысалы, тілдері боз, қызыл және қара болса, бұл құстарды да қыран деп қарайды. Әсіресе, қара тілді құстарды ерекше қыран болады деп есептейді. Бұлапрдан сырт қазақтың құс сыншылары құстардың тұмсығына қарап та баға бере алады. Мысалы, құстардың тұмсығын «көк тұмсық», «қылыш тұмсық», «орақ тұмсық», «кекшіл тұмсық» және «жапсар тұмсық» деп жіктеп, қылыш тұмсықты құстарды «күй талғамас» десе; кекшіл тұмсықты «текті құс» деп қарайды. Ал жапсар тұмсықты, қасқа маңдайлы, кең езулі құстарды «қанды көз қыран» деп есептейді.

Құстардың тұмсық, маңдай, езулерінен тыс, олардың аяғы мен тұяғына қарап та кесім айтуға болады. Мысалы, жіліншікті, баутағары қысқа, сәнді, жүн жапырақшалары ірі, жемсаулы, бақайлары жуан, тұяқтары жазық әрі бұқа мүйізі секілді түбірлі болса, оларды «битті қыран» немесе «құртты қыран» деп бағалайды. Себебі, ондай құстардың кейбіреулері битті, кейбіреулерінің саңғырығы құртты болады. Яғни, саңғырығынан бір түрлі қызыл құрт түседі. Егер кейбір құстардың жүндерінің жебесі әрі қысқа, әрі жазық, ажарлы болса, сыртынан қарағанда тақырлау көрінсе, онда ондай құстарды жақсы қырандар деп бағамдайды. Олардың алқа, қарын сүйектерінің түсі көк келеді, қанаттарының екі топшысында мүйіз сүйегі томпайып білініп тұрады. Кейде сол мүйіз сүйегі арқылы өздері ұнатпаған жан-жануарларды қағып, жасқап қуып жібереді.

Жоғарыдағылардан басқа, кейбір тәжірибелі сыншылар құстардың жалпы тұлғасына қарап та әділ баға бере алады. Мысалы, төс сүйектері қырлы, жұқа; ер сүйектері жалпақ, ұзын жебелі, ашақай сүйектері таға формалы кең; жуан тірсек, бура сан, төрт саусағының арасы кең, саусақ сыртындағы бедер болаттары томпақ, табаны биік, қышырлы, аяғы үлкен, саусақ буындары астындағы безшелері қақты әрі ірі болса; екі топшысы арқасына шығыңқы, қанат шалғылары ұзын әрі жалпақ, түзу келіп, жастығы қайратты болса, мұндай құстарда ерен қыран болады деп тұжырымдайды. Жоғарыдағылардан тыс, Іленің «Қаусырмасы» мен «Қызыл аяғы», Боғданың «Қарагері», Ерентаудың «Кір құйрығы», Алтайдың «Ақиығы» қатарлы құстары біршама қыран болады, әсіресе, Оралдың «Орауызы» ерекше қандыкөз қыран болады деп өте жоғары бағалайды және «Жығалы қыран» деген құсты да ілуде бір кездесетін ерек қыран деп қарап олардың ішінен «Қара қасқа» деген түрін ерекше асылға балайды.

Жығалы қыранның басты бөгенайы: құйрықтарының ортасында екі тал ағы болады және бір жақ қанатының астындағы сербегінде ширатылып шығып тұратын бір тал жүні болады. Ол бүркіт көкте самғағанда ысқырған дауыс шығарады. Бұл құстардың қырандығы сондай, сайдың аяғында тұрып, басында кетіп бара жатқан түлкіні қуып жүріп алады. Денелері біршама кесек, балақ жүндері қызыл әрі шудалы, алқалары зор болады. Міне, осы себепті, қазақ құсбегілері мен саятшылары: «тапсаң орды, таппасаң қара қасқа зорды сал» дейді.

Айтып-айтпай, қазақ халқының көзіқарақты құсбегілері мен тәжірибелі саятшылары әрқандай құстың сыртқы кескін-келбетіне бір қарап-ақ, оның қандай құс екенін дәп басып айтып бере алады. Мысалы, күндердің бірінде Келдібек деген саятшыға қолында қаршығасы, қасында ерткен бір топ нөкері бар Болсанбай деген болыс жолыға кетіп:

– Әй, Келдібек, сені ел атақты құсбегі дейді ғой, егер шын құсбегі болсаң, менің қолымдағы мына қаршығама бір баға берші, – дейді. Оған Келдібек күліп:

– Ой, Бөке, атақты құсбегі болмасақ та, бірер қаршығаға баға берерлік шамамыз бар. Байқауымша, қаршығаңыздың кекіліктік қана күйі бар екен. Дуадақ пен қоян алады деп дәметпей-ақ қойыңыз, – дейді. Оған болыс шамданып:

– «Бояушы, бояушы десе сақалын бояйды» деп, берген бағаңа болайын. Тұра тұр, сенімен қаршығам қоян алған күні сөйлесем, – атын борбайға бір салып жүріп кетеді. Алайда, қаршығасын қанша баптаса да Келдібек айтқандай бірде бір қоян, не дуадақ алдыра алмай дал болып, ақырында Келдібектің өзін бір мұқатпақ болып:

– Ал, білгішім, енді сенің қаршығаңның қоян алғанын көрейін, – деп салмақ салыпты. Келдібек қолына қаршығасын алып:

– Көрсеңіз әбден көріңіз, айтқаныма сеніңіз. Бұл ара өріп жүрген есек құлақ қоян, менің қаршығам іліп түсеріне кепілмін, – деп қаршығасын қоя бере салған екен, қаршығасы заулап барып үлкен бір қоянды іліп түсіпті.

Сол Келдібек деген кісі өте зерделі құс сыншысы болғандықтан, оған Шығай деген құс құмар сұлтан: «Маған құстың қарақасқасын тауып берсін», – деп нөкерінен бір ат, бір шапан жіберген екен дейді. Бірақ Келдібек ондай құсты қолына түсіре алмапты да, амалсыз бір қандыкөз қыранды ұстап, құйрығының ортасындағы екі тал қауырсынын жұлып тастапты, ол екеуі қайта шыққанда оны тағы да жұлып тастапты. Сөйтіп, сол екі тал құйрығын төрт рет жұлыпты. Бесінші ретінде ол әппақ болып шығыпты. Оны «Құстың қара қасқасы» деп Келдіекең Шығай сұлтанға жіберіп беріпті. Шығай құсты көріп қатты риза болыпты, бірақ артынша ауыр бір күрсініп: «Амал қанша, мынау құдай жаратқан қарақасқа емес, адам жасаған қарақасқа екен. Рахмет, Келдібектің өнеріне қол қойдым» деп оған қатты сүйінген екен дейді.

Қазақ халқы бүркітті «Жеті қазынаның бірі, қасиетті, киелі құс; бүркіті бар үйлерге, бүркіт тұрған, бүркіт жүрген жерлерге пәле-қаза, жын-шайтан жоламайды», – деп қадірлеп қастерлейді. Оны ұстап, бағып-баптап, онымен саят құруды ерекше қуаныш, үлкен мерей есептейді. Тіпті өлген бүркіттің дене мүшелерінің өзінен пәле-қаза, жын-шайтан қорқып қашады деп, бүркіт өлсе оның тұяғын, басын, қанатын сәбилердің бесігінің басына, жас отаулардың шымылдығы мен түскиіздеріне қастерлеп іліп қояды. Бұл салт сәбилерге есейгенде бүркіттей алғыр, бүркіттей қайсар болсын; жастар тастан қайтпас тас түлектей батыр, жүректі болсын деген үміт-тілектен келіп шыққан. Міне, қазақ халқының ой-өрісі мен сана-сезімінде бүркітке деген сенім осындай дәрежеде орын алғандықтан, кейбір пәле-қазаға ұшырап, отбасының берекесі қашқан үйлер мен жынданған, құтырған, бұқпа қатарлы әр түрлі рухани аурулар, сондай-ақ толғатып босана алмай қиналып жатқан әйелдерді бүркітпен қағып, бүркітпен ұшықтап пәле-қазадан айықтырып, ауруын жазды. Иектеген жын-шайтанын қағып аман-есен босандырды.

Мысалы, белгілі бір адам бұқпа немесе жынданған болса, онда сол үйге тәжірибелі құсбегілер құсын көтерген күйі барып есіктен кіре бере құдай-аруақты шақырып айқайлап:

– Уа, құдайдың пендесі,

Жаратқаның емдесін!

Пәле-қаза келмесін!

Маңайыңды көрмесін!

Кет, пәле, кет!

Көш, пәле, көш!

Өр жақта да ел бар,

Төмен жақта да ел бар,

Мұнда сенің нең бар?!

Кет, пәле, кет!

Көш, пәле көш! – деп бүркіттің томағасын алып, оған бүркітін төндіре далбырлатып қанатымен желпіп ұшықтайды.

Ал, белгілі бір әйел толғатып, босана алмай қиналып жатса, тәжірибелі құсбегілер дереу құстарын қолға алып жетіп барады да, үйге «бисмиллә» деп кіре бере:

– Әйт, пәле, қайт пәле!

Шыныңды маған айт, пәле!

Қайт дегенде қайтпасаң,

Шыныңды маған айтпасаң,

Қара құсқа ілдірем,

Көк найзамен бүрдірем!

Аш пәле, қаш пәле!

Жоғал дереу, нас пәле! – деген секілді шақыру, шабытты сөздермен құстың томағасын тартып, қиналған ананы қанатымен қақтырып ұшықтайды.

Халқымыздың бүркітті қадір тұтуы, онымен адамша тілдесіп, адамша сезінуі басқа да көптеген аңыз-әңгімелерде бар. Ұлтымыздың табиғатпен етене бола білген, оның тілін өз тіліндей түсінгенін осыдан аңғара аламыз. Сондықтан да құстың бабын тауып, қайыру өзге ұлттармен салыстырғанда әлдеқйда өзгеше.