Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Әкемнің ең сүйікті кейіпкері Кенесары Қасымұлы...»

2050
«Әкемнің ең сүйікті кейіпкері  Кенесары Қасымұлы...» - e-history.kz

Аян ҚАЖЫБАЙ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің  оқытушысы,  Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты.  


- Құрметті Айеке, әкеңіз көрнекті ақын ғана емес, тарихи жадысы бай шежірелі қаламгер еді ғой. Осы орайда Төлеген Қажыбайдың ақындық болмысына сәл аялдап өтсеңіз.  Сондай-ақ, ол кісі қандай тарихи тақырыптарға қалам тартты? Мінеки, әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ деймін?

- Поэзия, проза,  тарих, драматургия деп аталатын айтулы өнерлердің ғасырлар бойы шұбала жылжыған көш-керуені бойында қадау-қадау қалған бүгінгі алыптарының ақтық өкілі, «Могиканның соңғы тұяғы» – қайран әкешімнің көз жұмғанына тура бес айдың жүзі болды. Өлеңді өмірім, прозаны тағдырым, драматургияны бақытым деп түсінген ақынның аласұрған сезімтал жүрегі мәңгілікке тыныс тапты. Біз бүгінгі тірілер сол үшін де аза тұтамыз, сол үшін де қара жамылып қайғырамыз.

Темір өзек пенде жоқтығын сезсек те Төлеген ақынның ноқталы басын өлімге, қасиетті рух билеген текті тәнін қара жер құрсағына қиғым келмейді. Бірақ тағдыр тезі, өлім құзыры осынау азалы да қаралы шаққа шөкелете шөктіріп әкеліп, еріксіз мойындатып тұр.

Әлқисса, Төлеген Қажыбайдың өлмес ғасыры, рухани өмірі басталды... Ол – оның қаламынан қалған қасиетті әдебиетіміздің тарихы мен тағдырын толғаған құнарлы туындыларының ендігі жерде ұзақ жылдар қалың елімен, қалың қазақ оқырманымен бірге жасай беретіндігі. Ол оның өлең, жыр-дастандарында, прозалық, драмалық, тарихи публицистикалық бай бағылан әдеби мұраларында, сандаған тәржіманың шаңын сіліккен саңлақ жүйріктігінде, сіздер мен біздердің көңіл төрінде тұрақталып қалған жарқын бейне, жасампаз рухында.

Сонда ғой деймін, бозбала ақын – Төлегеннің, талантты журналис – Төлегеннің, сарабдал да сергек сыншы – Төлегеннің, білік-парасаты мол қаламгер – Төлеген Қажыбайдың жанашырлығы мен қамқорлығы ақтарылған заңғар тұлғаның – Төлеген Қажыбайдың бүкіл жан-дүниесі, аңқылдаған болмысы бір тылсым құдіреттің арқасында «Мен өлмеймін! Мен жасаймын Санада...» Көкшеден ұшқан көк қаршыға Төлеген Қажыбайдың іңкәр жүрегінен алуан-алуан өріс алып, өзіне және өзгелерге шуақ шашып, тіршілік дарытқан артериясына, соның әрі ғаламат, әрі өксігі мол дүрсіліне айналып кеткеніне куә болғанымыз ғана орны толмас өкініш екен...

Қайтейін, күрсініп, күңіреніп зар илесек те, бүкiл шерi мен шеменiн ақтарып, еңкiлдеп жыласақ та, естiген жұрттың төбе құйқасын шымырлатып аңырап отырсақ та Алла-Тағала пендесiнiң шүкiршiлiк етуiн қалайды. Олай болса, шүкiр, ғұмыр бойы сенiң қасың мен қабағыңа қарап, айтқан сөздерiңнiң бәрiн бұйрық пен жарлықтай қабылдап, бұлжытпай орындаған адал да, асыл жарың, анамыз Ярапия, ұл-қыздарың, немерелерiң, аға, iнi, қарындастарың, ағайын-туған, жегжат-жұрағатың қалды. Шүкiр!

Әдебиеттен ойып тұрып алған ерек, ала бөтен орның қалды. Шүкiр!

Жабыққанда жан-жүрегiнiң лебiмен дем берген достарың қалды. Шүкiр!

Дей тұрғанмен, «Сен – көктесің, мен – жердемін». Екеуміздің де жерде жүргеніміз күні кеше ғана еді ғой. Жалған дүние-ай! Сенің бұл беймаза тіршілікпен мәңгі қош айтысып кеткеніңе тура жүз елу күн өтсе де, Әке, сен мен үшін әлбетте тірісің. Затыңа атың сай, мінезің де кең, заманың да кең еді. Поэзия әлеміндегі өз салмағыңды терең түсінгендіктен, өлең оқығанда арқаң қозып, бәйгенің алдын бермейтін асау тұлпардай тықыршып, бір орында тұра алмай, дауысың жаңғырып, дүниенің бәрін ұмытып, кейде дана, кейде бала сияқты мінез көрсетуші ең. Соның бәрі санадан сыпырылып ұмыт бола бастапты-ау. Өйткені, «Сен – періште, мен – пендемін». Себебі, біз сияқты екі аяқты саналы тіршілік иелерінің алдында пендешілік атты тосқауыл тұр.

«Адам өлді, құдай-ау, адам өлді,

О бейшара ажалға қалай көнді?!

Кеудесі алтын сандық асыл жанды,

Пенделер қара жерге қалай көмді?», – дейтін ақын жырындағы жанайқайына ешқандай комментарийдің қажеті жоқ. Осынау шағын да шымыр, шалқар да ширақ, шаңқан да шабытты, шемен де шерлі, шуақты да шырынды, ұлардың шырылындай сирек те таза, ширыққан да шыншыл ақын сөзіне қалайша сүйсінбейсің!

Дүниені айтқанына көндіріп, ығына бейімдеп, тіпті тіршіліктен түңілтіп жіберуге «Замана» атты ұлы күштің қауқары жетеді. Соның кесірінен қысыр қалған биедей тылсым түнекте тыпыршитын адам өмірінің өлшеулі екенін ұғып, көрсоқыр қараңғылықтың құрсауынан құтылуға сан рет оқталанғанымен, өзінің алдында тұрған пендешілік атты тосқауылға төтеп бере алмаса керек. Оны азаматтық борышымыздан да биік санап, жамауы мен көктеуінің жібін түзеп кеткеніміз соншама, перзенттік парыз бен пендешілік тірліктің арасын адам ажаратқысыз етіп жібермедік пе?!

Өмірдің ағысы қайда бұрса, сонымен ілесіп кете беретін біз құрдымға құйсақ та, алды мен артын болжамай, тек бір күнгі жылылыққа жұмсарып, бір күнгі суыққа төтеп бере алмай тісін қайрайтын ит тірлігіміздің кебінін кеудемізден жұлып тастауға амалымыздың да, айламыздың да қолынан түк келмейтінін сезіп, қайта сонымызға да үлкен мән беріп, көңіл жұбатамыз. Біз, Адам – пенде – кешегі Абыл мен Қабылдың кемелденген ұрпақтары әмсе момын жердің үстінде жүріп, маңдайымызға біткен бес елі сорымызды жоқтығымыздан емес, көптігімізден көреміз.

Алайда, дүние жаратылғаннан бері сол екі аяқты тобырдың хайуанға айналып кетуден сақтап қалып отырған бір ұлы Құдірет бар. Ол ұлы құдірет иесінің аты – Сезім. Ньютон мен Галилейді ұлы системалар құруға итермелеген де, Торвальдсенге періштенің суретін салғызған да, Пушкин мен Абайға ұлы өлеңдер жазғызған да сол – ұлы сезім рухы болса керек.

«Жүрегім шырылдаған бозторғай-ды,

Әріден әлсін-әлі сыр қозғайды.

Жырлай бер тірлігімнің титтей құсы,

Өмірге кімдер келіп, кім тозбайды...»

Әдетте, адам баласы дүниедегі бүкіл бітім-болмысытың иесі секілді өмірдің ащысы мен тұщысын бірден емес, бірте-бірте ұғынатыны рас. Дей тұрғанмен, Ақын адам баласының жан дүниесінің шексіз галактикасындағы жатқан құбылыстың бәрін іштей сезіп туатын сыңайлы.

Орыстың белгілі ақыны Андрей Вознесенский бір сөзінде: «Адамның жетпіс проценті өтіріктен, отыз проценті судан, тек бір-ақ проценті Микеланджелодан тұрады» деген екен. Бір процент... Ойлап қарасаңыз, жүз проценттің ішіндегі бір проценттің атқаратын рөлі өте төмен. Алайда кешегі тас үңгірдегі Адам – ата мен Һауа – ананың ұрпақтарын бүгінгі кемелденген ұлы ғасырға аман-есен жеткізген де, дүниедегі не бір ғаламатты ойлап тапқан да сол бір процент екенін мойындауымыз керек. Біздіңше, халқының қамын ойлап тер төккен ақынды сол бір процент иелерінің қатарына батыл қосуға болады.

Төлеген туындысында көркем поэзияға қажет компоненттердің баршасы бар. Жіліктеп, қайта мазмұндап жатудың өзі ерсі. Ақын көзінің, ақын сезімінің, ақын ойының, ақын суретінің осындай әрі қарапайым, әрі тосын, әрі шағын, әрі шынайы, әрі шыншыл, әрі қанағатшыл болмысына шын қайран қаласың, шын тәнті боласың.

Жасандылық атаулының жаяу борасынынан шаршаған, сансыраған оқырман қауымның арагідік болса да, әсіресе, әлі де болса ауылда қалған осындай табиғилықпен, қоспасыздықпен, өміршең әрі нақты суретпен, ұтқыр да дәл метафоралармен, теңеулермен ұшырасқанда, ақын Төлегенмен осылай табысып, осылай қауышқан сәтте поэзияның көзге көрінбейтін осындай тылсым жұмбақтарының әсері мол екенін мақтанышпен айтуға тиіспіз.

Бұл – ақынның бүкіл бітім-болмысы. Қорғасындай құйылып қалған жыр жолдарынан бір мін таба алмайсыз.

Сезім мен Сөз. Иә, шындығында, бұл дүниеге деген үлкен махаббат та ұлы Сезім арқылы келетіндігі рас. Соны терең түсінген ақынның нәзік сезімге толы маржандай өлең жолдарын тебіренбей оқуыңыз мүмкін емес.

Пендешілік тоғышарлық пен кеңсешіл тоғышарлықтың, әдебиет пен өнердегі әлеуметтік тапсырыстардың тақырыптық орындалуы жөніндегі жөпелдемелеткен-шоқырақтаған ақпарлардың өте-мөте бел алып, көркем өнерге тән шынайы да биік өлшемдер әлсіреп тұрған шақта; тізгін ұстаған тізелілер мен мансап ұстаған майбасар манапсымақтардың, жымысқылығы мен жырындылықтарны әлеуметтік тапсырыстың жарапазанымен жібектей желбіреткен жембасарлардың, ресми атақтар мен ресми дәріптеулерге жаппай кезекке тұрғандардың тұсында; «сен – маған, мен – саған» дейтін сыбаға асататын беделдостардың тұсында, беделтабақтастардың не өзара жомарт, не өзара сараң бөлісулерінің тұсында; сонымен не керек, суы көп, өлең-очерктердің, репортаж-поэмалардың, суреттеме-әңгімелердің, арнау өлеңдердің, ропорт очерктердің, жалған панегириктердің дүрілдеп тұрған кезінде; көркем сынның көтерем болуына, салбөксе сырқат болуына мылқау ымырашылдықпен саналы түрде жол берілген тұста руханиятқа келу санаулылардың – таланттылардың сорына көрінетіні қаншалықты рас болса, желбуаз шығармалар мен желөкпе-желікпе жырларды қауқарсыз қайта басылым ретінде тоғытушылардың саудасы жүргені де соншалықты шын болғаны қазір ешкімге құпия емес.

Бұл ретте, талантпын деп, әлі танылмадым деп таңды-таңға ұратын, таусылмайтын жылаңқы әләуләйімен өзін де әрі өзгелерді де әрқашан мезі ететін және тіпті кейде еріксіз таскерең болуға мәжбүр ететін әр алуан деңгейдегі ақынсымақтар мен журналистсымақтар ортамызда жетіп артылады.

Бірақ бұлардың қатары түгіл, қапталында да асыл әкешім Төлеген Қажыбай еш уақытта болған емес. Соған кәдімгідей мақтанамын!

Талантпын деп, әуелден танылдым деп таңды-таңға ұратын, алайда атақ-мансап атаулыны тергіштеп жинаудан, тізбелеп түгендеуден әсте жалықпайтын және бұл аз десеңіз жартымсыз жарыстар мен жамыраған мүшәйралардан жартыкеш жүлделерін жырымдап алудың жырындылары да ортамызда жетіп артылады.

Бірақ бұлардың қатары түгіл, қапталында да абыз көкешім Төлеген Қажыбай еш уақытта болған емес. Соған кәдімгідей сүйсінемін!

Суреткерлік өзімшілдік пен суреткерлік астамшылықтың жоғарыдағы вирустық дерттері қаншама жұқпалы, қаншама қатерлі болғанымен, алайда соған мейлінше төтеп беретін, дарын-талантымен уызынан жарыған санаулы суреткерлердің қайсар да күрескер иммунитетінің өзі-ақ әдебиеттің, тәрбиенің, көркем ортаның, эстетикалық атмосфераның шынайы тазалығын, айқын жолы мен биік нысанасын, адамзаттық озық мұраттарын кіршіксіз сақтауға, әдебиет атты жанды да тірі организмнің ми мен қан айналысындағы сезім болмыстарын, парасат бітімдерін табиғи өміршең қалпында сақтауға шексіз мүмкіндіктер береді. Міне, осындай санаулы суреткерлердің сирек қатарында әкемнің тегеурінді ізі мен турашыл мінезі, руханият көшін бастаған сара даңғыл жолы қаланғандығы даусыз шындық, талассыз ақиқат...

Нағыз ақындар провинцияда – ауылда туып, орталықта – астанада өмірден өтеді дейтін әрі бір орайда өміршеңдігі дүдәмал осынау тәмсіл бұл арада ақын Төлеген Қажыбай үшін кәдеге жүрмейді, дәйек-дәлел бола алмайды. Бұл орайда, бар ғұмырын Көкшетауға арнап, өз талшығын тауып келген, сонысын қанағат етіп, сонысына сүйсінген ақын Төлеген шығармашылығы үшін бұл тек қызыл сөзбен қиқулатуға ғана жарайтын, желкемденген қаңбақ нақыл ғана болып қала берді. Иә, «Көкшетауда ТӨЛЕГЕН бар», – деген сөз ақиқатқа айналды. Осы орайда, әлеуметтік-қоғамдық үстемдіктердің әр алуан жүйесі бойынша ет пен сүйекке сіңіп кеткен небір кіріптарлықтар шорынан, құлақкесті мәңгүрттік, дүбәралық психологияның небір инфекциялары мен вирустарынан арыла отырып, бар дауыспен жалпақ жұртқа: «Ағайындар, Көкшетауда ТӨЛЕГЕН бар», оның РУХЫ сірі, тек зәм-зәм суы құйылған құтыдай, өртенген жаныңның бір дертіне дәру боп дарып жатқан қаламгердің сөз құдіретін мансұқ етпесек болғаны...

Жылт еткен талант көзі ашылу үшін де, әрі оның жетіліп, ірі тұлғаға айналуы үшін де қоғамдық-әлеуметтік ортаның тигізер әсері орасан. Орасан ғана емес, тіптен бірден-бір шарты десек те болады. Кез келген қайраткерді өсіретін де, өшіретін де – сол. Бүкіл кемшілігін, ел тіршілігіне тигізген кесапатын тергіштеп, қанша даттап, ғайбаттағанымызбен, кешегі кеңестік дәуірдегі ғылым мен мәдениетке, өнер мен әдебиетке айрықша жасалған қамқорлықты жоққа шығару қиянатпен тең. Қатаң идеологиялық бақылау үстемдік еткені де, ал дарабоз таланттар оны айналып өтудің жолын табуға тырысқаны да рас. Амалсыздың күнінен жасалатын бұл әрекет – шеберлікке жетелейтін жол болғаны да шындық. Соның өзінде, дәл осы кезең қазақ мәдениетінің де, әдебиетінің де күрт дамыған «алтын дәуірі» болды.

Осындай қарама-қайшылығы мол заманда қазақтың әдеби көркем ойының небір айтулы ірі тұлғалары өсіп-жетілді. Біреулер таза шығармашылық жолда еңбек етіп, қазақ көркем ойын жалаулатып көтерсе, енді бірі шығармашылық еңбегін қайраткерлікпен ұштастырып, «дертпен тең сөз өнерінің» даму мүмкіндігін жасап беруге күш-жігерін қоса жұмсады.

-Әкеңіздің әлем, қалаберді қазақ тарихының әйгілі тұлғалары мен өнер адамдары, қазіргі қоғамның құбылыстары мен бағыт-бағдары туралы толып жатқан ой толғаулары да елге белгілі ғой. Осы орайда қайраткерлік қырына да тоқтала кетсек?

-Төлеген Қажыбай туралы сөз айтуға талпынсақ – оның қайраткерлік қызметінің кең ауқымдылығы мен тұтас тұлғасының жан-жақты, көп салалығымен бетпе-бет келетініміз хақ. Біразын айтып көрсек, Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, ақын-жазушы, аудармашы, драматург, журналист, көсемсөзші, қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің майталман маманы... Міне, осы айтылған анықтамалардың әрқайсысын бір-бір зерттеу мақалаға немесе тар қауызға сыймаған таланттың өнегелі жолы, өрісті шығармашылығын кең қамтыған арнайы диссертациялық еңбекке арнаса да болар еді. Яғни, қазақ руханиятының кесек бітімінің бірі Төлеген Қажыбай еңбегінің әр саласы тарау-тарау зерттеулер мен құлаш-құлаш мақалаларға арқау боларлық.

«Мен тіршілігі өзінің туындыларымен сәйкес келмейтін, үндес шықпайтын жандарды жек көремін» – дейтін Роберт Шуманның мейлінше қарапайым пікір-толғанысының терең мәні бар. Өйткені, әдебиет пен өнерде, білім мен ғылымда мұның бірталай шындығы аңғарылады. Әсіресе, бәз-баяғы «шала Шекспирлер мен толмаған Толстойлардың» (М.Әуезов) күнделікті өмірдегі фарисейлік іс-әрекеттері осының айғағы. Неміс халқының ұлы композиторы Шуман пікірінің кереғар полюстегі сипатын, біздімше, сөз жоқ Төлеген Қажыбай өмірі мен қызметі мейлінше әдемі, мейлінше шынайы, мейлінше шыншыл дәлелдейді. Өйткені, заңғар тұлғаның бүкіл тіршілігі, мағыналы ғұмыры өзінің барша еңбектерінде керемет бүртұтастықта, ғажайып үндестікте, теңдесі жоқ дара күйінде көрініс тапқан. Бұған Төкеңнің шығармашылық жолын, көркемдік танымын, эстетикалық-этикалық көзқарастарын және әсіресе ыждаһатты қаламгерлік ізденімпаздық қырларын айтсақ та жеткілікті. Соңғысы, әрине, құнары мол арнайы зерттеудің сүбелі сыбағасы болса керек.

Қажыбаев.jpg

Бұл ретте, шекпен-шапан жоралғысынан дәметкен аузы уәлі беделділердің де кей-кейде қармаққа түсіп қалатыны ешқандай тосын жаңалық емес. Себебі, кешегі тоқырау кезеңінде асқынғандығы сонша аспандап кетіп, жерге түсе алмай кеткен талай алғысөз, талай сәт сапар, жалпылдақ рецензиялар тәрізді баталардың «девальвацияға» ұшырағаны жасырын сыр емес. Мұндайда осындай батагөйлердің «таңертең туып, кешке өлетін өлең» (А.Тоқмағамбетов) жазатын рифмоплёт ақындардың, немесе: «көлемі көш-құлаш болғанымен тобық жасырар тереңі жоқ жайдақ су» (З.Қабдолов) проза жазғыш графомандардың қатарына қосылып кеткеніне кейде еріксіз қынжыласың. Мұны сезінбеуден асқан бишаралық, мұны уәлікке балаудан асқан тасырлық-күпірлік, сірә, жоқ шығар. Дегенмен, мұның бәрі енді бір ретте, шынайы талант,  Төлеген Қажыбай сияқты нағыз суреткер жайында айтылған тұста әрқашан шырқау биіктік, асқақ пафос, ғаламат патетика болып шығатыны заңды әрі дәтке қуат.

Сөйте тұра шынайы талант, ғажайып тұлға Төлеген Қажыбай тұлғасы несімен ерекше? Мейлінше нақтылай түскенге, мейлінше тобықтай түйіп жеткізуге ұмтылғанға не тең келсін? Осы орайда, қайткен күнде де сұхбатымыздың лейтмотивіне, мазмұнына, міндетіне сәйкес құлақ күйін кілтін таптық дейік. Ал соның өзі бәрібір көзі ашық, көкірегі ояу, қиялы қанатты, сезімі сергек, мұраты асқақ қалың оқырманның оябынан табыла қояр ма екен?! Сонымен тәуекел түбі – желқайық дегендей Төлеген Қажыбайдың бүкіл болмысын анық әрі тұтастай жұп-жұмыр қалпында, образды түрде өзімізше жеткізуге, соны өзімізше дәлелдеп шығуға тырысып көргенге, сәті түсіп жатса, оқырман ойынан көрініп, жеңіс ұпайын алғанға не жетсін?

(жалғасы бар...)

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?