Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ байлары: Қосшығұловтар әулеті

2941
Қазақ байлары: Қосшығұловтар әулеті - e-history.kz

XX ғасыр басындағы қазақ байлары дәстүрлі мал шаруашылығымен ғана жүрудің заманы өте бастағанын түсініп сауда-саттыққа, сонымен қатар өндіріске де ден қоя бастаған болатын. XIX ғасырдың екінші жартысы қазақ даласы ғана емес, бүкіл Ресей көлемінде капиталистік қатынастар жанданып, өндіріс толқыны күшейе бастаған болатын. Бұл өзгерістердің қазақ даласына да әсер етпеуі мүмкін емес еді. Сол кезде қазақ даласында орыс, татар көпестері көбейіп, сауда-саттықпен, өндіріспен айналыса бастады. Сол орыс, татар көпестерімен қатар қазақтан шыққан ірі саудагерлер, өндіріс ашқан байлар да болған. Соның бірі Қараөткел өңірінің аса ірі байы, көпесі болған Баймұхамбет Қосшығұлов пен оның балалары болатын.

Алғашқы автомобиль әлемде XIX ғасырдың басында дүниеге келіп үлгерсе, қазақ даласына алғашқы автомобиль 1900 жылы әкелінген. Ал оны кім әкелген? Советтік тарихта Алашордаға жақтасқан, әрі бай болғаны үшін Қосшығұловтар атын ұмытып кетуге тырысқан. Көбінесе алғашқы автомобильді мінген В.М.Кубрин есімді адамды атап жүрді. Алайда шын мәнінде осы автомобильді қазақ даласына алып келген Құрманғали Қосшығұлов болған.

Әңгімені әріден бастайық. Құрманғалидың әкесі Бай­мұ­хамбет Қосшығұлов 1848 жылы қа­зір­гі Қарағанды облысының Жаңаарқа ауда­ны­ның Келтетал ауылында дүниеге келген. Баймұхамбет ауылға кіре тартып келген татар көпестерімен араласып, оларға жол бастап, сауда-саттығына көмектесіп жанын бағып жүреді. Ақмолаға дейін келіп кіре тартып, атшы-қосшы болып жүріп Мақсұт атты қазаққа сіңген татар көпесінің көзіне түседі. Мақсұт оны бірнеше рет сынап көріп, саудаға ебі бар, іскер жігіт екеніне көзі жетіп: «сен енді еліңе қайтпай-ақ қой, осында қалып сауда жасап еңбек ет», – деп алып қалады. Оған өзінің қызын беріп, басына отау көтеріп, бауырына қазан асып береді. Іскер Баймұхамбет осы мүмкіндікті оңынан пайдаланып, кәсібін дамытып, сол кездегі Ақмоланың ең ауқатты адамдарының қатарына қосылып үлгереді. Баймұхамбеттің алты ұлы және Райхан деген бір қызы болған. Ұлдарының бәрі дерлік әке жолын қуып сауданы кәсіп еткен. Баймұхамедтің байлығы мен қолы ашық мырзалығы оны Байкөп атандырған екен. Қосшығұлов әулеті Ақмолада кірпіш өндіру, тері өңдеу, пәуескі, арба, шана жасау секілді шағын өнеркәсіптен тартып әртүрлі шетел мен ел ішіндегі өнімдерді сатумен айналысқан. Оның сыртында қазіргі Қосшы ауылы мен Қабанбай ауылының орнында Байкөптің жайлауы болыпты. Онда қора-қора қойы, үйір-үйір жылқысы болған. Оны бағатын бағымшылары да сол ауылда отырады екен. Жаз бойы Байкөп өзі сонда болып, бір жағы демалып, бір жағы малшы-қосшыға бас-көз болып жүреді екен.

Кондитер ғимараты.png

1890 жылдары Қараөткелде орыстар «Гостинной двор» немесе «Зеленый ряд» деп атайтып, қазақтар «Ақ жапа» деп атаған сауда үйі өмірге келеді. Осы сауда үйінің ішінде Қосшығұловтардың 16 дүкені болыпты. Маңдайшасында орыс жазуымен «Қосышғұловтар» деп жазылып тұрыпты. Сол «Ақ жапа» деп аталған құрылыс бұрынғы ЦУМ-ның, қазіргі «Сине Темпоре» деген атауы бар сауда үйі. Негізгі тағаны бұзылмай сақталып, бұл күнде неше реткі жөндеуден өтіп бүгінгі кейпіне еніпті. Бір қабатты үлкен сауда үйі – сол кезең үшін аса жоғары маңызы болған. Қазіргі түсінікпен қарасақ «Хан шатыры» немесе «Мега» сауда үйі секілді мәні болды деуге болады. Егер арада алақұйын заман болмай, Алашорданың мақсат-мұраты жүзеге асып, бүгінге дейін бейбіт өмір сүргенде Қосшығұловтардың корпорациясы деген атаумен бүгін де таныс болар ма едік, кім білсін?

Қазіргі Республика көшесінің бойындағы Турист қонақ ұйі мен «Тұрмыс үйі» деп аталып жүрген ғимараттардың орнында сол кезде Қосшығұловтардың кондитерлік фабрикасы болған. 1895 жылы ашылған екі қабатты ғимараттың маңдайшасында «Қосшығұлов пен ұлдары» деп жазылып тұрады екен. Сол кездегі алыс-жақынға, тіпті Ресейдің кейбір көрші облыстарына танымал тәтті тоқаштың түр-түрі, су­харь, зефир, қалуа, шоколад-конфеттер өндірілген. Көнекөз қариялардың кейбірі сол фабриканың өнімдерін бала күнде талай жегенін айтып отыратын дейді тарихшы-ғалым Жамбыл Артықбаев. Осы фабрикаға 1915 жылы «Ресей император мәр­тебесінің сарайына тапсырушы» деген атақ беріледі. Осы фабрика орналасқан аумақта Қосшығұловтардың тері өңдейтін, шана соғатын, т.б. цехтары мен Байкөптің үлкен ұлы Құрманғалидың екі қабатты үйі мен кеңсесі орналасқан екен. Совет кезінде 1973 жылға дейін бұл ғимаратты типография мен облыстық газет редакциялары мекен еткен еді, кейіннен ол да бұзылды.

Байкөп Қосшығұловтың өзінде 1-гильдия көпесі деген атағы болған. Патша үкіметі кезінде сауда-саттықпен айналысатын кәсіпкерлерді басында үш, кейін екі гильдияға бөлген. Ең төменгі 3-гильдиядағы көпес тек бөлшек саудамен айналысатын болған, 2-гильдия көпесі көтерме саудамен айналыса алатын, бірақ өндіріс ашуға рұқсат жоқ еді. Тек 1-гильдия көпесі ғана саудамен де, өндіріспен де айналысуға, алыс-жақын шетелдермен ірі сауда-саттық жасауға құқылы болған. Ал Байкөп 1906 жылы 2-гильдия көпесі атағын алса, 1911 жылы 1-гильдия көпесі деген атқа ие болады.

Баймұхамбет Қосшығұловтың тұтас Ресей империясы көлемінде де белгілі көпестер қатарында болғанын білдіретін бірнеше құжаттар да бар. Санкт-Петербургте жылма-жыл шығарылып тұратын «Сибирский торгово-промышленный ежегодник» атты басылымда 1-гильдия көпесі Баймұхамбет Қосшығұловтың аты мен оның айналысатын кәсібі жөнінде мәліметтер жыл сайын беріліп отырған. Соның бірі ««Сибирский торгово-промышленный ежегодник 1913 года» Спб-1913 год» басылымында Б. Қосшығұловтар жөнінде мәліметтер бере отырып, оның негізгі айналысатын қызметтері көрсетіледі. Онда бакалея тауарлары керосин, мұнай, бояғыш (москательные) тауарлары, ыдыс және шаруашылық заттары, шай мен қант, пряник, кәмпит сияқты т.б. тауарлар мен айналысатын қызметтері көрсетіледі. Сондай-ақ, Б. Қосшығұлов туралы «Торгово-промышленный путеводитель и адрес-календарь Акмолинской области» г. Омск 1911 г.», «Сибирский торгово-промышленный и справочный календарь 1894-1907 гг, г. Томск» атты басылымдарда да жарияланып, сауда-саттық істері мен өндірісі туралы ақпараттар беріліп отырған.

Ахмет Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» кітабында Қосшығұл байдың балаларының шақыртуымен Ақмолаға грамафонға ән жазып жүрген адамдар келген екен дейді. Сонда сол Қосшығұловтардың ұйымдастыруымен ән бәйгесі де болады. Осы бір үзіндіден-ақ Қосшығұловтардың жаңалыққа құмар, өнерге ынталы адамдар екенін де байқауға болады.

middle_627eb4f945b9b4432f2277f96849e9bd.jpg

Байкөп Қосшығұловтың ұлдары ол дүниеге әкелген кәсіпті көркейтпесе құлдыратқан жоқ. Оның үлкен ұлы 1876 жылы (кейбір деректер бойынша 1878 жылы) дүниеге келген Құрманғали Қосшығұлов жоғарыда біз атаған қазақ даласына алғаш рет автомобиль жеткізуші болған. Өзі білімқұмар Құрманғали жергілікті медресе мен семинарияны бітірген соң Санкт-Петербургтегі есеп кооперативтік институтқа түсіп, оны сауда экономисі деген мамандық бойынша бітіріп шыққан. Ол сол кездегі, яғни 1900 жылдардағы жоғары экономикалық білім алған алғашқы қазақтардың бірі болды. Оның алғашқы автомобильді қазақ жеріне әкелу тарихы да осы оқуына байланысты еді. Құрманғали Санкт-Петербургте оқып жүргенде қалада алғашқы автомобильдер де пайда бола бастайды. Жаңалыққа құмар Құрманғали жүргізушілер курсын бітіріп, куәлік алады. Сол жылдары автомобиль жүргізуден алғашқы жарыстар да ұйымдастырылып жатады. Сол жарыстардың бірінен 1-орынды жеңіп алған Құрманғалиға сыйлыққа автомобиль беріледі. Осы автомобильді Құрманғали қазақ даласына алып келеді. Және бұнымен тоқталмай, бірнеше мәрте автомобиль жеткізіп сатқан. Жаңа техника Ақмолалық көпестер арасында қызығушылық тудырып, бірінен кейін бірі Құрманғалидан автомобиль алдырғанға ұқсайды. Тарихшы А.В.Дубинский Ақмолада алғаш автомобиль мінген деп көрсететін К.П.Шахов, қала мэрі көпес М.Кубриндер автомобильді осы Құрманғали Қосшығұловтан сатып алып мінген. Былайша айтқанда, қазақ даласына автокөлік жеткізумен айналысқан алғашқы компания да Қосшығұловтар компаниясы болған.

Құрманғалидың батылдығы, өжеттігі сонша, ол тек автокөлік жеткізумен ғана емес, өндірумен де айналыспақшы болған. 1913 жылы Ақмола қаласында автокөлік өндіретін зауыт салу мақсатында Германияның «Опель» автозауытымен келісшартқа отырып, төрт неміс инженерін Ақмолаға алдырады. Тіпті әуелі автомобиль зауытының құрылысын да бастап кетеді. Құрманғалидың інісі Бекмұхамбет өзінің естелігінде неміс мамандарының өзірмен аса көлемді сызбаларын қоса ала келгенін, ол сызбалардың бертінге дейін Қосшығұловтар қонақ үйінде тұрғанын еске алады. Алайда енді ғана басталған зауыт құрылысы 1914 жылы Дүниежүзілік бірінші соғыс басталуымен тоқтап қалады. Тағы да Бекмұхамбеттің естелігінде айтылады, зауыттың фундаменті құрылып, жұмыс қалыпты жүріп жатқан еді дейді. 1914 жылы күзде Германиядан телеграмма келді, онда неміс инженерлеріне тездетіп еліне қайтуын сұрайды. Егер қайтпай қалған жағдайда Ресей тұтқынына түсу қаупі бар екенін, соғыс жағдайында аман-есен құтқарып алып кетудің қиын болатынын айтады. Неміс инженерлері бастап қойған істерін тастағысы келмей, бірақ амалсыздан соғыс аяқтағанда қайта келіп жалғастырармыз деп қайтып кетеді. Бұл аласапыран сол бетімен тынбай, соңы Ақпан, одан кейін Қазан төңкерісіне ұласып, советтер орнап, ақыры іс аяқсыз қалды.

Бұдан тыс Құрманғали Қосшығұлов теміржол құрылысына да қатты мән берген. 1913 жылы Ресей теміржол қатынасы министрлігі Ақмоланы төрт бағыттан қиып өтетін Түмен-Ақмола-Ташкент, Орск-Ақмола-Семей магистральдары жобасын жасайды. Осы мақсатта құрылған акционерлік қоғамға Қосшығұловтар да өз жарнасын салады. Егер теміржол Ақмоланы кесіп өтер болса сауда-саттықтың аумағын бүкіл Ресей аумағына дейін жеткізуге болатынын Құрманғали Қосшығұлов жақсы білсе керек. Алайда оның арманы дүниежүзілік бірінші соғыс, Ақпан, Қазан төңкерістеріне байланысты жүзеге аспай қалады. Теміржол Ақмолаға тек советтер орнаған соң 1920 жылдары ғана келеді, әрине бұл кезде басқа мақсатта жүзеге асып еді.

Әрбір капиталистік қоғамның қозғаушы күші кәсіпкерлер екені анық. Алашорда үкіметі мен Алаш партиясы да капиталистік, демократиялық қоғамды жақтаған, және жаңашыл, ұлтшыл-демократ зиялылар тобынан құралған болатын. Сондықтан да Құрманғалидың идеясы, ойлары ұнамауы мүмкін емес еді. Билік басындағылар кәсіпкерге ыңғайлы орта жасап береді, ал кәсіпкер есесіне қоғамды алға сүйрейді. Сондықтан тарихтағы Алаш партиясы мен қазақ байлары арасындағы қарым-қатынас тек біржақтылы қамқорлық еді деп өтірік айта алмаймыз. Шын мәнінде Алаш көсемдері капиталистік либералды қоғамның елді ұшпаққа жеткізетін әзірше жалғыз жол екенін түсінді. Саяси тараптағы бұл қолдау кәсіпкерлер үшін де ең маңызды нәрсе болатын. Осы мүдделік қатынас оларды жақын етті. Сондай мақсатта Құрманғали да Алашорданың жеңуін тіледі, көмек берді. Ал ол кейін өз басына бәле болып жабысты. Қазіргі таңда Алашордаға қандай қаржылық көмектер жасағанын ешқандай құжат арқылы дәлелдеп бере алмаймыз, бірақ інісі Бекмұхамбет ағасының Алашорданың есеп-қисабына көмектесіп, көптеген іс-шараларын қаржыландырып, жергілікті алашордашылармен жиі кездесіп тұрғанын естелігенде айтып өтеді. Бір естелігінде ол бір күні кешке қарай бір топ Алаш адамдарының келгенін, олардың елден алаш әскерін жинау мақсатында ел аралап жүргенін айтады. Келген қонақтарға қой сойылып, қымыз құйылып, кең дастархан жайылады. Олар түннің бір уағына дейін әңгімелесіп отырады. Бір кезде Құрманғали Қосшығұлов сейфті ашып, ішінен бір бума ақшаны алып шығып, көмек ретінде келгендердің қолына ұстатты дейді.

Осындай игі істермен айналысқан, арманшыл, іскер Қосшығұловтар әулеті кәмпескенің кесірінен бір жола құрдымға кетеді. Байкөптің өзі советтер келуден бұрын 1915 жылы ел ішіне безгек тарап, осы жылы сол аурудан 68 жасында көз жұмады. Мүрдесі қазіргі жастар ауданындағы зираттықта жатыр.

1918 жылы Ақмолаға алғаш советтер орнағанда Лениннің декретімен байларға кешірім беріліп, олардың тек кәсіпорындары мен дүкендері мемлекетке қарайды да, өздері іс басқарушы, директор ретінде жұмысында қала береді деген бұйрық шығады. Қосшығұловтар тәртіп бойынша фабрика, цехтарын және Ақмола-Сібір сауда банкіндегі 1 миллион сомдық активін мемлекет меншігіне өткізіп береді. Сол кездегі курс бойынша осы соманы есептеп көрейік. Ол кездегі 1 доллардың курсы 2 сомға тең болыпты. Сол есеппен алсақ 1 миллион сом 500 мың доллар боп есептеледі екен. Ал 1900 жылдардағы 1 доллар қазіргі 25 доллармен тең болған. Олай болса сол кездегі 500 мың доллар қазір 12 миллион 500 мың долларға тең болады екен.

Қазақ байларын тәркілеу жұмыстары 1927-28 жылдары басталғаны анық. Бұл туралы да Қосшығұловтарды зерттеуші әрі аталас туысы болып келетін Ерлан Күзекбай қызықты хикая айтады. Бұл естелікті ол өз кезінде Байкөптің ең кенже ұлы Бекмұхамбет Қосшығұловтан естігенін айтқан. Бекмұхамбет өзі де Мәскеуде геология институтында оқып жатқанда Ақпан төңкерісі болып, ол Қазан төңкерісіне ұласып, байларды қудалау басталғанда, амалсыз оқуын тастап, дипломын алмастан елге оралады. Жай келмей орыс, француз, неміс және татар тілдерін жақсы меңгеріп келеді. Сол кісінің жеткізуінше 1918 жылдан 1927 жылдарға дейін әулет өз кәсібін жалғастырып, тыныш өмір сүріп жатады. 1927 жылдардың бір күні кешке қарай, бұрын Қосшығұловтардың жұмысшысы болған, сол кезде қалалық совет мүшесі болып жүргендердің бірі үйлеріне келеді. Ол келеді де: «Сіздерді ертең тәркілейін деп жатыр, бүгін сондай бұйрық шықты. Таңға дейін үйде бар алтын-күміс, ақшаларыңызды жұртқа таратып берсеңіздер де көзін жоғалтыңыздар, тауып алса жаман болады», – деп шығып кетеді. Бұны естіген соң үй ішіндегілер сасып қалады. Алайда елдегі жағдайдың не болып жатқаны мәлім, алдын-ала іштей дайындықтары да бар болса керек, Құрманғали өзі бастап жүріп барлық алтынды жинап, әйелдері мен қыздарының алтын-күмісін қосып, ескі діни кітаптармен бірге майлаған киізге орап, қойманың астына көміп тастайды. Қойманың еденіне ағаш тақтайлар жатқызылған екен, қазынаны көмген соң тақтайларды қайтадан шегелеп, үстіне шөп-шалаң тастап ізін жасырады. Ал неміс инженерлері әкелген алып сызбаларды түнімен балталап, ұсақтап отқа жағады. Таңертең тәркілеуге келген белсенділер басқа ештеңе таппаса да Қосшығұловтар әулетін қудалап, бүкіл үй-мүлкін тартып алып, өздерін қаңғытып жібереді. Құрманғали тәркілеуден кейін кәсібінен айырылып, бас сауғалап Жаңаарқаға, кейін оңтүстік өңірлер жаққа кетеді. Қазақтың алғашқы капиталистерінің бірі Құрманғали Қосшығұлов сол кеткеннен мол кетіп, Қырғыстанға өтіп, онда біраз жыл тұрып, кейін бір баласын сонда тастап, отбасымен Шымкенттегі қарындасы Райханның жанына көшіп келіп, іштегі ұлы армандарын жүзеге асыра алмай, үміт құшағында жүріп, ақыры 1954 жылы Шымкент қаласында елеусіз ғана өмірден өтеді. Ол көзі жұмылғанша өзінің арманының соңында жүрген көрінеді. Үнемі көлік, не басқалай техника көрсе айналып-үйіріліп жанынан шыға алмай қалады екен.

Баймұхамбеттің алты ұлы – Құрманғали, Мұхаметқали (Мүкәм), Уәли, Нұрмұхамбет (Нұркей), Қадыркей, Бекмұхамбет (Бике) екен, қызы Райхан екен. Мұхаметқали, Уәли, Нұркейлердің тағдырлары мен ұрпақтары туралы мәлімет бізде жоқ, бәрі де тәркілеуден кейін қуғынға ұшырап, ауыр тағдыр кешкені ғана анық. Мүмкін ұрпақтары әлдебір жақта өмір сүріп жатқан болуы да мүмкін. Құрманғалидың бір ұрпағы Бішкекте тұрады деген мәлімет бар. Қадыркей Байкөп ұлдарының ішіндегі ең ерке, маш шашқыш мырза, серісі болыпты. Бар кезінде шашып-төгіп, шалқып жүргенге әбден үйренген ерке мінезді Қадыркей жоқтыққа шыдай алмай: «Бүйтіп көрген күнің құрсын!», – деп өзін өзі атып өлтіріпті. Одан ұрпақ та қалмағанға ұқсайды.

Ал ең кішісі, Мәскеуден оқып, жоғары білім алған Бекмұхамбет басында С.Сейфуллин, А.Асылбеков, Ж.Нүркин, Б.Әділов, Б.Серікбаев, Ғ.Әубәкіров, Н.Монин, З.Катченко т.б. сияқтылармен бірге жергілікті советке қызмет етеді де, тәркілеуден кейін «бай, кулак» деп 25 жылға Калымаға айдап жібереді. Ол онда барғанда бірнеше тіл біліп, жазу-сызу қабылетінің арқасында қара жұмысқа жегілмей, сондағы сауаты төмен советтік бастықтардың қолғанаты боп кеңседе отырады. Бірде аудармашы болады, бірде құаж толтырып, есеп-қисап жасап еңбек етеді. Ақыры 18 жылдан кейін бостандық беріп, елге оралады. Жолда ата-анасынан айырылып жалғыз қалған неміс қызын кездестіріп, елге алып келеді де сонымен отау көтеріп, Қарағанды облысындағы Қаражал қаласына келіп тұрады. Сол жерде 1981 жылы өмірден өткенше жары Любамен бірге тұрған екен. Бұл кісілерден де ұрпақ қалмаған. Ал алтын көмілген қойма 1973 жылға дейін аман-сау тұрған. Сол жылы қала құрылысын қайта жобалағанда біраз ғимараттар сүріліп, орнына жаңа нысандар салынғанда, қойманың астындағы алтынды да тауып, ине-сабақ жібіне дейін тізімдеп Мәскеуге алып кетеді. Оның соңынан түсіп, іздеп көрген Ерлан Күзекбай Ақмоланың сол жылдардағы архивінің түгел өртеніп кеткенін, ал Мәскеуге жол түспегенін айтады.

Бүгінгі таңда ел астанасы болып отырған сол кездегі Қараөткелде іскер әулеттің ізі іздеген жанға әлі де бар. Қазіргі Қосшы ауылы Қосшығұловтардың жаздық саяжайы, яғни дачасы болған екен. Осы жерде өнерпаздарды жинап, ән айтылып, күй тартылып жататын болса керек. Ал қазіргі Жастар сарайының маңында, одан жоғары қарай Республика көшесінің сол жақ қапталы түгелдей Қосшығұловтардың үй-жайы, атқорасы, қоймасы болған жер екен. Байкөп пен отау көтерген төрт ұлына арналған 5 коттедж үй 1970 жылдарға дейін қалалық, облыстық обкомның, түрлі басқармалардың үйі болып келіпті. Кейін әрине бәрі де қиратылды, орны да қалған жоқ. Қазіргі күнге Қосшығұловтардың көзіндей жеткен екі ғимараттың бірі қазіргі Жастар сарайының жанындағы, Абай мен Республика даңғылдарының қиылысындағы ескі қабырға там, бұл Қосшығұлов пен Забиров атты татар көпесі бірігіп салған мешіттің қоршау тамы. Кеңес кезінде мешіт сүріліп тастап, орнына обком басшыларына арнап үш қабатты үй тұрғызылған, ал қоршау сол беті сақталып қалған. Енді бірі қазіргі Абай көшесі мен Әуезов көшесінің қиылысындағы «Халық банк» ғимаратының астыңғы қабаты. Ондағы қызыл кірпіш те сол кездегі Қосшығұловтардың кірпіш завытының өнімі болса керек. Ғимарат сол кезде мұсылман жастарына арнап салынған медресе ғимараты екен. Бұл мәліметтердің көбін Қосшығұловтар әулетін зерттеп жүрген, әулеттің аталас туысы Ерлан Күзекбай есімді қаламгер, журналист ағамыздан ауызша және жазбаша негізде алған едік.

Қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында Қосшығұловтардан қалған белгілер осылар. Бұл күнде олардың аты-жөні де, салған ғимараттарының да көбі жойылып кетсе де, орынында өзге құрылыстар бой көтеріп тұр. Қаншама ауқымды територияны қамтып жатқанын аңғарсаңыз, егер бүгінгі нарық көзімен қарасаңыз, шын мәнінде қазіргі олигархтардың қатарында жүрер ме еді, жүргізбес пе еді? Және жүрсе кім болар еді, елге не істеп берер еді деген ойлар мазалай береді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?