Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Алаштың жолы - менің де жолым...»

1604
«Алаштың жолы - менің де жолым...» - e-history.kz

Хасен Масғұтұлы, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, «Астана ақшам» газетінің құрметті тілшісі. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы №58 мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі.

- Хасен аға, тарихтың ілкі қабаттарына көптен бері қалам тартып жүрсіз ғой. Ең әуелі әңгімеміздің әлхиссасын осыдан бастасақ қайтеді?

- Қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі тарихтың алтын тамыры мыңжылдықтар мен ғасырлар тереңіне кетеді. Қазақ хандығы Түркі қағанаты, Алтын және Ақорда мемлекеттерінің мұрагері саналады. Қазақ хандығы тұсында қазақ тайпалары бір ортаға жиналып, ұлттың ұйысу процесі басталды. Осы кезеңде күшті мемлекет пайда болып, қазақ халқы біртұтас ұлт ретінде қалыптасты. Бірақ, бұл қазақ мемлекеттілігі тура осы жерден басталады деген сөз емес. Оның тамыры ертерек Сақ, Үйсін кезеңдерінде жатыр. Себебі, қазақ хандығына дейін осы тайпалар әртүрлі одаққа бірігіп, әртүрлі атаумен белгілі болып келген еді. Осы тарихи кезеңдерде қазақ тайпалары кейбір соғыстарда жеңіліс тауып, жерінің біраз бөлігінен айырылған немесе сөз жүзінде ғана тәуелді болған кездері бар. Бірақ ешқашан отаршылдыққа түспеді. Өзіндік мәдениеті, салт-дәстүрі ділі мен діні сақталды. Тарихи деректерде қазақ хандарының соғыстан гөрі мәселені дипломатиялық жолмен шешіп отырғанын көрсетеді. Бұл - мемлекеттіліктің ең жоғары дәрежесі.

Қазақ хандарының арасында мемлекетімізді нығайтуға айтарлықтай үлкен үлес қосқан ірі тұлғалар баршылық десек те, олар туралы әңгімелегенде аузымызға ең алғаш түсетіні сөзсіз Керейдің есімі. Өйткені Керей Қазақ хандығы деп аталатын ұлтымыздың атымен тарих сахнасына шыққан алғашқы мемлекеттік жүйенің хан тағына отырған бірінші тұлғасы. Ал тарихта алғашқылардың жолы әрқашан күрделі және ауыр болатыны белгілі ғой.

- Біз көбіне Керей мен Жәнібекті бір есім ретінде атап жатамыз ғой?

- Оныңыз рас. Тұңғыш қазақ ханы Керейдің бірнеше жыл ғана хан тағында отыруы және негізінен алғанда алғашқы Қазақ хандығының шаңырағын көтеруге ғана мүмкіншілігі болғанын ескерер болсақ, ал оның немере туысы Жәнібек шын мәнінде осы мемлекетті аяғынан тұрғызып қана қоймай, оны көрші халықтарға ең алдымен «Керегесі ағаш, ұраны Алаш» болып саналатын қазақтардың өздеріне мойындатып кетті. Керей мен Жәнібек қазақ хандығын Алаштың ұлттық ұраны, көне түрік заманынан келе жатқан бас таңба - «Төре таңбаны» мемлекеттің елтаңбасы, төре таңбалы қызыл туды бас байрағы, астанасын Түркістан қаласы етіп алды. Бұл сөз жоқ қазақтар түркілердің ұрпағы екенін көрсетіп отыр. Демек, қазақтың түп қазығы көне түрік қағанатында жатыр, ал Түрік қағанаты Алтын Ордадан бұрынғы мемлекетіміз. Демек қазақтарда ежелден мемлекет болған. Ең бастысы, Қазақ хандығында Керей мен Жәнібектен беріде, Тәуке хан дүниеден озғанша ұлт мемлекеттілігі мен билік жүйесіне тән ерекшеліктер қалыптасқан еді. Біріншіден, теңіздей тулаған тарих толқынында дүниеге келген Қазақ хандығы мемлекет ретінде алғашқы күннен іштей жетіле түсті, сөйтіп көрші елдермен бәсекеге төтеп берді. Ол экономикалық қуатының артуымен, халық санының ұлғаюымен, аумақтық кеңеюімен көмкерілді. Демек, 15-17 ғасырлар аясындағы қазақ билеушілері халық мүддесінен, уақыт үдесінен шыққаны тарихи ақиқат. Екіншіден, мемлекетті, тәуелсіздікті нығайтуда қазақ халқының бірлігі шешуші рөл атқарды. Тарихи тамыры Сақ дәуірінде жатқан мемлекет құраушы ұлттың тұтастығы, сандық және сапалық өсуімен жоғары қасиеттері қилы тағдырмен қазақтар құрамына кірген түркілік, түркілік емес этностарды моғолдарды, ноғайларды, тегіс қазақтандырып жіберді. Мемлекеттің басқару жүйесі қарымсыз, билеушілері қауқарсыз болса, халықтың тұтасуы, басқалардан даралануы жүзеге аспас еді. Үшіншіден, Қазақ хандығы Еуропа мемлекеттері күрт көтеріліп, күш алған, Америка мен Африка құрлықтарын отарлауға кіріскен, Ұлы Жібек жолы құлдырауға бет алған тұста дүниеге келіп, әлемдік сынаққа бірден тап болды. Бұл да ұлттық мемлекеттігіміздің шыңдала түсуіне тікелей әсер етті.

Төртіншіден, XV-XVII ғасырларда билік жүйесі тармақталып, заң шығару, атқару және сот салалары орнықты. Басқаға ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктері де бар еді. Ол - адам бостандығы мен өмірінің мейлінше жоғары бағалануы. Билік жүйесі бірінші кезекте байлық пен меншікке емес, рулық, қауымдық өмір салтына, жеті ата идеологиясын ұстанған адам мүддесіне қызмет етті, ал әрбір қазақ өзін руынан жоғары да, руынан тыс та қоюдан аулақ тұрды. Әлеуметтік ұйымдасудың таптық негізден гөрі рулық тайпалық қатынастарға құрылуы және тармақталған билік жүйесінің қызметі бір-бірімен үндесіп жатты. Бесіншіден, билік, адам, құқық қарым-қатынасы алғашқыда салт-дәстүрмен реттеліп, кейін «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті жарғысы», ислам дінінің, тәңірлік дүниетанымның қағидалары аясында өрбіп, демократияның ұлттық моделін қалыптастырды. Адамның өмірі, бостандығы мен бас еркі дала демократиясының өзегін құрады. Билер институты шешімінің хан жарлығымен бірдей дәрежеде атқарылғаны, шешендік өнердің биік мәртебесі, сөзге тоқтау осыған айғақ болатын.

Алтыншыдан, билік, құқық және азаматтар арасында орныққан ақниет ізгілік пен дала демократиясы қоғамның тұрақты да күш жинай дамуына септесті. Өйткені, адам еркіндігінің шамадан тыс шектелмеуі, қауымдық жауапкершіліктің жеке адам тағдырын анықтаудағы шешуші рөлі, басқару аппаратының ықшамдығы, жергілікті өзін-өзі басқарудың қауымдық мүддеге жегілуі қайшылықтарды асқындырмай, халықты ашындырмай, мемлекеттің тұрақтылығын арттырды. Қазақ халқының бүгінге дейінгі қат-қабат тарихының басты мазмұны сайып келгенде азаттық үшін күреске тіреледі. Елдік пен бостандық жолындағы күресіміздің байырғы Ғұн, Сақ Үйсін, Қаңлы, Оғыз, Қыпшақ замандарынан кешегі шерлі желтоқсанға дейінгі сан ғасырлық шежіресі бар. Табанды күресінің арқасында ата-бабаларымыз өзінің бірлік- берекесін сақтап қана қоймай, XV ғасырда қуатты Қазақ хандығын құрғаны мәлім. Сол кезеңнің аласапыран әрекетіне сай қазақ хандығы ұзақ уақыт мамыржай өмір сүре алмады. Елмен елдесті, жаумен жауласты, дәуірлеу мен тоқырау, шарықтау мен құлдырау кезеңдерін өз басынан кешірді.

- Қазақ хандығын айтасыз, Абылай мен Кенесарының кезеңі де осындай аласапыран жағдайға толы болды емес пе?

-Әрине, мұндай жағдай Абылай кезеңіне де тұспа-тұс келді. Қазақ халқының тарихында тәуелсіз хандық туын тік ұстаған әйгілі Абылай хан екендігі баршамызға белгілі. Бір жағынан алпауыт Ресей патшалығы омырып, екінші бүйірін ұлы Қытай кеміріп жатса да жалпақ қазақ елін қанжығаға байлатпай, бірде егеулі найза ұшымен, бірде уәлі тілдің уытымен қорғап, жер қайысқан жаудан құтылып кетіп отырды.

Абылай хан парасатын берік ұстанғысы жанның бірі қаһарлы Кенесары хан еді. Кемел ойлы Кенесары хан. Кенесары «Ежелгі тәуелсіздікті қалпына келтіреміз», яғни «тәуелсіз қазақ мемлекетін құрамыз» деген ұранмен күрес жүргізді. Абылай есімі Кенесары әскерінің ұраны болды. Әрісі Керей мен әз Жәнібек, берісі Жәңгір мен Тәуке, Абылайдан қалған ата жолын қуып, қазақ мемлекетінің тәуелсіздігі жолында тәуекелге бел буып, үш жүздің басын қосып, ант бұзып, серттен шыққан солтүстіктегі аузы түкті дұшпандарына қарсы қылыш көтерді. 1837-1847 жылдары бүкіл қазақ даласының жүрегі Отан деп соққан би, батырлары азаттық үшін атқа мінді. Азаттық, теңдік, ар намыс үшін созылған он жылдық айқаста қазақ рухы биік тұрды.

Бұл көтеріліс Ресей патшалығына деген, оның езгісіне қарсы бүкіл ұлттың дауыс көтеруі болып саналады. Тәуелсіздік идеясы қай қоғамда болмасын ең қасиетті орынға қойылатын ұғымдардың бірі. Бұл қазақ халқының қасіреті мен ұлттық бейнесі үшін күресудегі жан-дүниесінің қатпарлы сырларының бірі. Кенесарының мұраты - қазақтың сол кездегі хал-ахуалы үшін құтқарушы мақсат ретінде ұсынылды. Мұны патша үкіметіне бүліншілік емес, ғазауатты соғыс жариялаған деуіміз керек. Көтерілістің мәні де міне, осында жатыр. Кенесары көтерілісі негізінен мынадай мақсаттарды көздеді. Біріншіден, Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігін, екіншіден, Қазақ мемлекетінің тұтастануын, үшіншіден, Қазақ мемлекетінің ұлттық бірлігін, төртіншіден, қазақ халқының тарих сахнасынан жоғалып кетпеуін көздеді. Еңіреген ерлердің халқының теңдігі үшін жасаған ерлігін жат халықтың зиялылары да мойындады. Алайда от қаруы жоқ саны жағынан аз халықтың бұл қозғалысы ақыр соңында жеңіліспен аяқталды. Жерін талатып тақ, елін тонатып бақ тапқан талай ездің тексіздігі Кенесарының көкірегін аяздай қарыды. Кенесары хандығында мемлекет тәуелсіздігінің қазіргі кезеңде негізге алып жүрген барлық белгілері сақталған болатын. Оның негізгі мақсаты - жеке хандық құрып қана қоймай, бүкіл Қазақ хандығын тұтастандырып, дербес мемлекетке айналдыру еді. Хан Кене хандықты қалпына келтіремін деп жүрегі сыздаған хан тұқымы:

Сенгеніміз - жансыз, көсеміміз - қансыз, шешеніміз - мәнсіз, сатқынымыз - сансыз, ұрпағымыз - тұлдыр, болашағымыз - бұлдыр, заманымыз - сұм, жігеріміз құм болды-ау деп күйзеледі. Ақырында отаршылдықтың қамытын киді. Сөйтіп, XVII-XIX ғасырларда халқымыз еркіндігінен, тәуелсіздігінен айырылды. Бұл жағдай жыраулардың өлеңдерінде де айқын көрініс тапқан еді.

Наурызбай төре кеткен соң,

Бастан ауды бағымыз.

Кенесары кеткен соң,

Иесіз қалды тағымыз.

Бұлбұлдай сайрап жүр едік,

Байланды тіл мен жағымыз.

Артында қалған жетім ел

Келіспей кетті сәніміз.

Ақырындап әлеумет

Осындай болды халіміз.

Әр халықтың рухынан от алған, қайсар халықтың намысымен қайралған, сайын даланың сайыпқыран сардары, сұм жаудың екпінін сұсымен су сепкендей баса білген, ақылы мен әдіс айласы тең, жауын жасын түскендей жайратқан, шалқар дала сардары қылышын асыл текті айбынды ер қынабына салмай өмірден өтті. Әділеттің ақ туын берік ұстаған қазақ деген қалың елдің қамын ойлаған, азаттықты аңсап әсіресе елін, жерін жат жұртқа отарлауға бермеймін деген ұранмен қанын да тәнін де пида қылған батыр бабамыздың рухының алдында бәріміз де қарыздармыз деген ойдамын.

- Бұдан кейінгі XX ғасыр басындағы қазақ элтиасының басына орынаған жағдаймен көкжөтел науқанды ойласақ жанымыз тіптен жай таппай кетеді ғой?

- XX ғасыр қазақ тарихының парағындағы ең қанқасап замана болды. Ғасыр аяқтала салысымен қазақ халқының басына қаратүнек күндер орынады. Айталық, Қазақстан территориясындағы орыс отаршылдығын мынандай кезеңдермен ашалап көрсетуге болады.

Бірінші кезең. 1917-1920 жылдар аралығын «Аласапыран» кезеңі деп атауға болады. Бұл уақыт - Ресейде Кеңес өкіметінің орынауына байланысты Қазақ елінде де Кеңес өкіметінің орнау кезеңі. Нағыз аласапыран кезең. Осы уақыттағы Ұлт-азаттық көтерілісі. 1917 жылғы төңкеріс, 1918-1920 жылдар аралығында азамат соғысы мен шетел интервенциясы болды. Бұл «бозторғай басына, тұрымтай тұсына» кеткен, бас амандығын сауғалаған кезең еді.

Екінші кезең. 1920-1933 жылдар аралығы. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын», Қазақтың «Алашорда» атты ұлттық мемлекетінің жойылып, РКФСР құрамындағы Кыргыз Қазақ АКСР-нің құрылған кезеңі. Қазақ елін кеңестендіру, «Кіші Қазан» төңкерісі, индустрияландыру, ұжымдастыру қазақ елінің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі шаруашылығын, салт-дәстүрін, ұлттық болмысын, ұлттық психологиясын елеместен, жоғарыдан төменге қарай басқарылды. Тәркілеу, мал-мүлкінен айыру, жер аудару, соттау, ашаршылық, тағы басқалары.

Үшінші кезең. 1934-1940 жылдар аралығы «Күдік пен үрей» кезеңі. Социализмнің казармалық, тоталитарлық сипат алған кезі. Бюрократиялық орталықтандыру орнығып, кеңестер қызметі әлсіреп, балама пікір қабылданбайтын заман орынады. Білімі мен ақыл-күшін ұлтын қорғауға жұмсағандар «халық жауы» атанып қудаланды. Елде сыбыр мен күбір көбейді. Халықтың көңілінде қорқыныш пен үрей билей бастады. Ерекше режимді лагерьлердің құрылуы, сан мыңдаған репрессия құрбандары тағы басқалары.

Төртінші кезең. 1950-1960 жылдарды қамтыды. «Қазақстан - халықтар достығының лабораториясы». Барлық жетістіктер «көсемнің көрегендігіне» теңелді. Бұл жылдары тың және тыңайған жерлерді игеру басталды, металлургия комбинаты салынды, қазақтың дәстүрлі шаруашылығы бұзылды. Тың игеру сылтауымен 2 миллионға жуық адам, ал Теміртау металлургия комбинатына 300 мың адам келді. Қазақ тілінің қолдану аясы күннен-күнге тарылды. Халықтың өзіндік менталитеті жойылды, демография көрсеткіші өзгерді. 1959 жылғы халық санағы бойынша жергілікті ұлт өкілдері 2 млн 787 мың адамды ғана құрап, халықтың 29 пайызы өз жерінде ұлттық азшылық жағдайына түсті. Сөйтіп 71 пайыз өзге халық болды. Қазақстан «Халықтар достығының лабораториясы» деп үсті-үстіне дәріптелді. Бір ұлттан екінші ұлтты ажыратып тұратын басты белгілері тілі, болмысын, психологиясын, салт-дәстүрін, ұлттық мәдениетін, ерекшеліктерін жоя бастады. Бірақ халық ұлттық болмыстың күн санап жойылып бара жатқанын еш білген жоқ.

Бесінші кезең. 1960-1980 жылдар аралығы. «Тоқырау кезеңі». Әміршіл-әкімшіл жүйенің әбден бекіп, «кемелденген социализмнің» орныққан, әлеуметтік экономикалық даму қарқыны бәсең, бірақ әскери қуаты орасан сол баяғы КСРО-ның қарамағында өмір сүріп жатқан кезең болды. Қазақстанда қазақ ұлтының басқарудан шеттетіліп, құқы аяққа тапталып, ғылыми-техникалық жоғары оқу орындарына казақтарды қабылдауды шектеу, әдебиеттерде көбіне кеңес өкіметін дәріптеу, мектептердің жабылу кезеңі. Отын-энергетика, машина жасау, металлургия, химия, құрылыс тағы басқа өнеркәсіп кешендері бастады. Бірақ мұның бәрі Кеңес өкіметі үшін жұмыс жасады. Алтыншы кезең, 1980-1990 жылдар аралығы. «Тәуелсіздікке ұмтылыс», өзге 15 одақтас республика сияқты Қазақстан да мемлекеттік құрылым ретінде еш құқығы жоқ, Ресейдің бөлінбес бір аймағы болып қалған кезең-тұғын. Ұлттық болмысты сақтайтын қазақтардың үлесі жер-жерде азайған кезең. Мысалға, қазақ зиялыларының көп шоғырланған деп есептелетін Алматы облысының өзінде жергілікті ұлт өкілдерінің үлесі 1979 жылғы санақ бойынша 11 пайыз, солтүстік өнеркәсіпті өкілдерінің жергілікті ұлт өкілдерінің үлесі 3-15 пайыз аралығында болған. Қоғамның әлеуметтік және мәдени салаларындағы өрескел кемшіліктер, мемлекеттің болашағына алаңдай бастаудың кезеңі келді. Жастардың демократия жолындағы күресі, социализмнің шаңырағын шайқалтты. Қазақ елінің Кеңес үкіметінің құрамында болғандығы осы кезеңдер шындығында да ұлттық мемлекетімізді жойды. Ақыры ата-бабаларымыздың аңсап өткен арманы орындалып, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Тәуелсіздіктің табалдырығына сүрініп жетіп жығылған талайлы тағдыры бар ел-жұртқа да Алланың нұры түсіп, сәулесі шағылды.Бүгінде халқаралық қауымдастық қазақ елін орталық Азиядағы өңірлік көшбасшы, тағылымды әріптес ретінде құрметтейді. Одақ ыдырап, дүниенің қайыра бөліске түсіп, саясат қазаны бұрқ-сарқ қайнап жатқан тұста жас мемлекетіміздің өзінің ядролық қару мәселесінен өз еркімен бас тартуы адамзат, жалпы өркениет алдындағы ұлы ерлікпен пара-пар еді. Ол ядролық қару сынағының ошағы Семей полигонын жабуда халықтық қолдауға, шамырқанған шерулерге ұласты.

- Сол теңіздей төгілген тер мен дариядай аққан қанның өтеуі болып, әйтеуір ата-бабаларымыздың арманы орындалды дейсіз ғой?

- Аңсаған азаттығымызға қол жеткізіп соның арқасында БҰҰ-на мүше болдық. Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Ата Заңы қабылданды. Тәуелсіздігіміздің лүп-лүп соққан жүрегіндей Арқа жерінде жаңа Елордамыз өмірге келді. Бәйтерек- бейне бір ұлы мұраттарымыздың тереңге тартқан тамыры, жайқалған жапырағы іспеті. Тағдырымызға мың тәубе деймін. Тәуелсіздіктің арқасында еңсеміз биіктеп, рухымыз шалқи түсті. Еліміз, жеріміз түгенделіп, мемлекетіміз аяғын нық басты. Қазақстанды әлем таныды. Еліміз өсіп-өркендеудің инновациялық-индустриялық дәуіріне қадам басты. Осы отыз жылда толайым табыстарға да қол жеткіздік. Ауызды қу шөппен сүртуге болмайды ғой. Барды бар дегеніміз жөн. Әрине, кемшіліктерде жоқ емес. Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық етіп, дүниежүзінің құрметіне бөленді. Астанада беделді ұйымның мыңжылдықтағы алғашқы басқосуында жаһан тағдыры таразыға түсті. Ілгеріде өткен қысқы Азия ойындарының ғаламаты да Қазақстанды әлемге мәшһүр етіп, зор абыройға бөледі. Елімізде Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммиті өтті. Барша мұсылман елдерінің басын қосатын Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық ету мәртебесі де бар. Осының бәрін тіліне тиек еткен Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бір сөзінде қазақ елінің үш маңызды құндылығына былайша сипат береді: «Бабаларымыз ғасырлар бойы қорғаштап, сақтаған қасиетті туған жеріміз - біздің бірінші құндылығымыз. Бұл жер жүзден астам этностарды құшақ жая қарсы алып, қазір олар тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Екінші құндылық – бұл Тәуелсіздігіміз бен азаттығымыз. Ол өз тағдырымызды өзіміз шешуге және тарих, бүкіл әлем алдында жауапты болуға құқық береді. Үшіншісі - бұл халықтық бірлігі, туған Отанымызды өркендету жолындағы бейбітшілік пен келісім» деді. Қазақстан дамуының, бүгінгі жеткен жетістіктеріміздің ең негізгі кілті еліміздегі тұрақтылық пен татулықта жатқандығы айдан анық қой. Әр азамат қасиетті тәуелсіздікке өз үлесін қосу керек деген ойдамын. Менің де басты сүйенерім ұлттың ұлы құндылықтары. Алаштың жолы - менің де тәу етер жолым. Ұраным осы ғана. Алланың қалауы һәм шаһиттердің қанымен келген азаттығымызды бүгінде кейбір арам ниеттілер шат-шәлекейін шығаруға аса мүдделі секілді. Олар біздің дербес ел болғанымыз үшін үздіксіз көрінбейтін күрес жүргізіп келеді. Ең басты қасіреті мен қайғысы қазақ халқы, және оның тәуелсіздігі. Жан-жағымыздан анталаған осы антұрғандар біздегі байлық пен билікке аса ынтызар. Тіпті жолдары   болып жұлдыздары оңынан туып та жатыр. Тырнағы мен тісін ел байлығына бойлатып алғандығы сондай, енді оның суық қолы «жұлынымыз» үшін жұмыс жасауға көшті. Жұлынымызды үзген соң бәрі де бес саусақтай белгілі ғой. Сал ауруына ұшырап мүгедек әрі кембағал боламыз. Мына бір бұлжымас қағиданы ешқашан да естен шығармағанымыз жөн секілді. Азаттық Алланың бізге тартқан ең үлкен сыйы. Қалай бағаласақ Жаратушы да бізге дәл солай қарымта қатады.

- Хасен аға, тұшымды әңгімеңізге көп-көп рахмет. Тек есендік болсын!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?