Өткен жолы "Қазақ халқының негізін құрайтын рулар мен тайпалық одақтар" атты мақаламыздың І бөлімінде белгілі этнограф Зейнолла Сәніктің көне шежірелерге сүйене отырып жазған еңбектерін негіз ете отырып жалпы «Қазақ» ұғымы, «Қазақ» сөзінің шығу тегі секілді жайттарға тоқталғамыз.
Бүгін осы еңбектерде кездесетін қазақ рулары мен тайпалық одақтарына қатысты зерттеулерге тоқталайық:
Қазақ халқын құрайтын рулар мен тайпалық одақтар
«Шағын рулардың бірлестігі ірі тайпаларды құрайды. Тайпа дегеніміз - арғын, найман, уақ, керей, қыпшақ сияқты іргелі, ірі рулар тобы болып есептелсе, тайпалық одақтар сол ірі тайпалардың, яғни үйсін, қаңлы, жалайыр, албан, шапырашты, шанышқылы сияқты ірі тайпалардың бірлестігі - жүздер болып саналады. Қазақтың Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз деп аталатын жүздік топтарын «тайпалық одақ» деуге болады», - деп жазады этнограф өз еңбектерінде.
Сонымен қатар ол қазақ құрамына кіретін тайпаларды былайша жіктейді:
Шежіре деректері бойынша, Ақарыс атанған Ұлы жүз құрамына қаңлы, дулат, сары үйсін (түркеш), жалайыр, албан, суан, шапырашты, шанышқылы (қатаған), ысты, ошақты, сіргелі, шақшам, т.б. кіреді. Бұлардың ішінде албан, суан, дулаттарды – «қара үйсін», шапырашты, ысты, ошақты үшеуін «ақ үйсін» деп те атайды.
Қаңлы: ұраны – Бәйтерек, таңбасы – шылбыр, көсеу:
Шанышқылы (қатаған): ұраны – Айырылмас, таңбасы — қолтаңба; Жалайыр: ұраны – Қабылан, Бақтияр, таңбасы – тарақ;
Шақшам: ұраны – Бақтияр, Майемген, таңбасы — жебе;
Сары үйсін: ұраны — Байтоқ, таңбасы — абақ ашамай:
Шапырашты: ұраны — Қарасай, таңбасы – ай, тұмар;
Ошақты: ұраны – Бақтияр, таңбасы – тұмар ;
Ысты: ұраны - Жауатар, таңбасы – шылбыр, көсеу;
Албан: ұраны - Райымбек, таңбасы – дөңгелек;
Суан: ұраны - Байсуан, таңбасы – дөңгелек
Дулат: ұраны - Бақтияр, таңбасы – дөңгелек, абақ.
Ал Жанарыс атанған Орта жүз құрамына арғын, найман, коңырат, қыпшақ, уақ, керей, тарақты тайпалары кіреді.
Шежipe хикаяларында «Найманның бес жасында әкесі өліп, үлкен атасы Сарының тізесіне отырыпты» дейді. Найманның шешесі Күніке деген кісі екен. Ата жолымен қайын інісі Коянбайға тиеді. Қоянбай мен Күнікенің арасынан Керей туған. Осыған байланысты ел аузында «арғын-найман - аталас, найман-керей - енелес» деген сөз бар. Осыдан барып: «Найманкерей – енелес, керейді найман ешкімге теңемес, енелестер еніп сөйлесер, аталастар ат үстінен тілдесер» деген мақал-мәтел тәрізді сөздер қалған. Тарихи деректерде Көшебенің бәйбішесі Абақ екендігі жазылған («Орыс-моңғол тарихи материалдары». 1636-1654). Осыған байланысты «Көшебелі көп керей, көше алмайды сыбансыз» деген сөз қалған (Тарақты Ақселеу, «Бағаналы-балталы ел аман бол». 87-88 бет).
Арғын: ұраны – Ақжол, таңбасы – көз;
Қыпшақ: ұраны — Ойбас, таңбасы – қос әлin;
Найман: ұраны — Қаптағай, таңбасы – бақан;
Қоңырат: ұраны - Алатау, Мұлқаман, таңбасы – босаға;
Керей: ұраны – Ошыбай, таңбасы — абақ, ашамай;
Уақ: ұраны – Жаубасар, таңбасы – бақан, ашамай;
Тарақты: ұраны - Жауқашар, таңбасы — тарақ );
Қазақтың қара шежіресіндегі Кіші жүз елдері үш арыстың кішісі - Бекарыстан тарайды. Шежіреге сүйенсек, Бекарыстан - Ордаш, одан - Мөңке, одан - Шаншар, одан - Тұлпар, одан Тоқпан тарайды. Тоқпаннан - Алау, Арғымақ деген екі бала туады. Алаудан - Алшын, Алшыннан - Қодуар, одан - Каракесек (Әлім, Шөмен, Кете), Он екі ата Байұлы өрбиді Арғымактан Төлеу туады да, оған Рамадан мен Алшыннын еншілестері қосылып, бәрі Жетіруға топтасады.
Сөйтіп, Бекарыстан тараған Кіші жүз құрамына – Байұлы (12 ата - шеркеш, сық, тана, байбақты, масқар, қызылқұрт, алаша, адай, беріш, таз, алтын — жаппас, есентемір), каракесек - байсары, шөмен, әлім (алты ата) - жаманак (шекті). қарамашақ (төртқара), ұланак (қаракесек), айнық (қарасақал), тайкожа, тегiнболат, жетіру – рамадан, төлеу, жағалбайлы, тама, табын, кердері, керейт, т.б. тайпалары кіреді.
Кіші жүзді аталар санына жіктегенде кейде «25 таңбалы кіші жүз» (6 ата Әлім, 12 ата Байұлы, 7 ата Жетіру) десе, оған төрт ата Шөмекейді қосып, «29 таңбалы Кіші жүз» делінеді. Бұл күндері оған және Кетенің екі атасы - Ожырай мен Қаракетені қосып, «31 таңбалы Кіші жүз» десіп жүр.
Тама (жетіру): ұраны – Қарабура, таңбасы – тарақ, көсеу, әлin;
Төлеу: ұраны – Арғымақ, таңбасы – балға;
Рамадан: ұраны - Дулат, таңбасы – шөміш;
Кердері: ұраны – Қожахмет, таңбасы — тостаған;
Керейт: ұраны – Ақсақал, таңбасы – шылбыр;
Жағалбайлы: ұраны — Малатау, таңбасы – балға;
Есентемір: ұраны – Алдоңғар, таңбасы – бақан;
Жаппас: ұраны – Баймұрат, таңбасы — түйемойын;
Алтын: ұраны – Баймұрат,
Адай: ұраны - Бекет, таңбасы – садақ;
Шөмен: ұраны – Дөйт, таңбасы — бақан, ашамай;
Қаракесек: ұраны – Ақбан, таңбасы :
Әлім: ұраны – Айыртау,т.б.
«Қазақтың ата шежіресін жазба деректің орнына қоюға болмайды. Бірақ оның деректік құнын төмен санау да дұрыс емес. Біздің межемізше, қазақ шежіресін, оның ру-тайпалар бойынша жасалған аталар тізбегін есептегенімізде 20-25 ата аралығын меңзейді. Бұл есеп Қазак хандығы дәуіріне, яғни 1450 жылдарға тура келеді», - деп атап өткен ол өз еңбектерінде.
Жүзге кірмейтін қазақ рулары
Әртүрлі тарихи себептерге байланысты казак арасында болып, қазақ ұлтының құрамына кіргенімен казак жүздеріне кірмеген бірқыдыру қазақ рулары бар. Мұның алғашқы шежіре тізбегін жазған адам - (1805 жылы Бухара қаласында дүниеге келген) Сайдаққожа Жүсіпұлы деген ғұлама зерттеуші. Оның руы - қорасан қожа, арғы атасы Бұхараға әмір болған Абдолла хан екен. Сайдаққожаның әпкесі Күлшара Кенесарының әкесі Касымның бәйбішесі болған. Сол себепті ол Бұхарадағы әкімшілік медресені бітірген соң Касым сұлтанға ілесіп, Арқа жеріне келген.
Автордың жазуынша, ол - өте білімдар әрі ақын болған. «Оның «Қазақ тайпаларының тарихы» деген кітабы 1875 жылы аз тиражбен Бұхарада басылған. «Жүзге кірмейтін қазақ тайпалары» сол кітаптың екінші бөлімі екен» деп деп атап өткен зерттеуші осы шежіре негізінде жүзге кірмейтін қазақ руларының біразына тереңірек тоқталған:
Қожалар
Қожа тайпасы - Үш жүзге кірмейтін тайпалардың ішіндегі ең ірі тайпалардың бірі. Ол әртүрлі құрама рулардан біріккен. Қожа - араб тілінде «ағартушы» деген мағынаны білдіреді. Ал парсылар билеуші әмірлерді «қожа» деп атайды. Кезінде қазақ арасында ағартушылық жұмыспен шұғылданып, «моллақожа» атанып жүргендердің кейін сол ру-тайпаның бір ұрпағы ретінде танылып кеткендері де аз емес. Оларға бірікпей жеке ру-тайпа ретінде қалғандары төмендегідей:
1. Сейіт қожа руы (тобы). Сейіттер қожалар ішінде аға буын болып есептеледі. Бұлар арабтың сайд руынан және басқа да арабтық дін уағыздаушыларынан құралған. Саид руынан Мұхаммед пайғамбардың үзеңгілес серігі Омар шыққан. Саид руынан шыққан шайхы Бұзұрық атты адамның ұрпағы, Айып Әминнің ұрпағы Ғимарад Әзиз VIII ғасырдың орта кезінде араб әскерімен бірге Түркістан жеріне келген. Сол беті осы өңірде тұрақтап, мешіт-медресе ашып, ислам дінін уағыздаған. Сол Әзиздің ұрпақтарынан Баба Туклас, Ыскак баб казақ арасында өмір сүрген. Ысқақ баб өте білімдар адам болған. Оның дәуірінде Баба ата каласы үлкен ғылым ордасына айналған. Оның ұрпақтары - Арыстан баб пен Қожа Ахмет Йасауи да – тарихқа белгілі адамдар. Саидқожа тобына - Сейітқожа, Аққожа, Дуанакожа, Кылыштыкожа. Қырықсадақтар кіреді.
2. Қорасан тобы (Шайбанидтер). Бұлар Мұхаммед пайғамбардың әулеті саналады, яғни пайғамбарымыздың немере ағасы Әбутәліптен туған Әли Аббастың (қазақтар Әзірет Әли, Хазіреті Ғали деп атайды) ұрпақтары болып келеді. Сол ұрпақтан тарайтын әлемге әйгілі әмірші Харон-әр-Рашидтің әулеті болып келетін Әзиз Шайбан (шайбанишаһ) Иран-парсы еліне әмір болған. Ол адамның бетіндегі қалың меніне орай парсылар оны Қорасан шайбани (шұбар шайбани) деп атаған. Сол Қорасан шайбанидың ұрпақтары Орта Азияның көп жеріне тараған. Қазақ арасындағылар әз-Тәуке хан дәуірінде қожалар тобына қосылған. Бұл топқа Құрбан, Жақып, Қызылауыз, оған қоса Шайбанид, Әзиз Махмұт, Қылышты рулары кіреді.
3. Бақсайыс немесе төре тобы. Бақсайыс руы қожа тайпасына кірген Шыңғыс ұрпақтарынан құралған. Кейбір қазақ тайпалары оларды «төре» деп те атайды. «Төрелердің «бақсайыс» аталуы олардың шайбани ұрпақтарымен бакталастығынан туған», - деген екен Бұхар жырау. Бұл да XVII ғасырдағы әз-Тәуке кезінде қалыптасқан.
Төре - көне түркі сөзі. Парсылардың «қожа» деген сөзінің мағынасын береді. Шыңғыс ұрпағының қожалар тобына кірмеген бөлігін Орта жүз елі әлі күнге дейін «төре» деп атайды.
4. Жүсіп қожа руы. Бұл ру фарабтык (Отырар) түрік Жүсіп ибн Ысқақ Дамолланың есімімен тығыз байланысты. Ол кісі Шам каласында (Дамашық) оқып білім алған, медреседе негізгі химия пәнінен сабақ берген. Сонымен бірге әдебиет пен тарихты да зерттеген. Жүсіп өзі жергілікті түрік-оғыз тайпасынан шықса да, ұрпақтары келе-келе «Қожа» атанып кеткен екен. XVII ғасырда жаңадан топтаскан кожа тобына енген. Жүсіп кожа руына Ұлан қожа, Касым қожа, Құлтай кожа, Карақан қожа, Көдей қожа топтары кіреді.
5 Турікпен қожа руы. Бұл ру да адам атымен байланысты. Тегі түрiктiн қыпшақ-оғыз тайпасының түркеш (түрікпен) руынан шыққан Әбілмұрат түрікпен сопы Бағдатта окып сеніп, Сығанақтағы үлкен мешітте имамдық қызмет атқарған. Ол жергілікті Қыпшақ-оғыз арасында суниттік суффизмды уағыздаған. Оның ұрпақтары кейін келе сайд тобына, яғни сейіткожа тобына қосылған (XVI ғасыр). Жергілікті халык оларды «түрікпен Қожа» деп атайды.
Сунақ тайпасы
Сунақтар - найман тайпасына жататын дүрмен-барлас руының бір тармағы. Кезінде барлас руы Ұлытау, Кызыларай тауларының бөктерін мекендеген екен. Өйткені сол өңірде Барлас, Дүрмен деген жерлер бар. Дүрмен-барлас руынан атақты әмірші Темірлан көреген, Ұлықбек, Бабырлар шыққан. Өзбектер бұларды әлі күнге дейін өз құрамына кірген «дүрмен наймандар» деп атайды.
XIV ғасырдың бас кезінде шайбани ұрпағынан дүрменбарластың Әбілғазы имам бастаған бір бөлігі Сығанақ қаласына келеді. Әбілғазы (Сунақ ата) бастаған дүрменбарластар сол Сығанаққа қоныстанады. Ол жерге Әбілғазы имам өз қаражатына мешіт-медресе салдырады. Ол әрі емші, балгер болатын. Өзі ашқан медресеге жергілікті тайпалардан балалар қабылдап, емшілік ілімінен тәрбие береді. Жергілікті соғдылар оны «Сунақ әулие» деп атап кетеді. Сунақ соғды тілінде «қарапайым» деген мағынаны білдіреді. Сол Әбілғазы имамның ұрпақтары мен барластар бертін келе «сунақ тайпасы» атала бастады. Сунақ тайпасы тек қазақ халқының құрамында ғана бар. Сунақтар қазіргі Түркістан, Ақмешіт аймақтарын мекендейді.
Төлеңгіт тайпасы
Төлеңгіттер XVIII ғасырда жеке тайпа болып атала бастады. Төлеңгіттер бүкіл қазақ елінің арасына кең жайылған, тек қазақта ғана емес, басқа түркі ұлыстарында да бар. Олар өзбек кұрамында «бұхара руы» деп аталса, қарақалпақ, қырғыздарда «караша руы» деп аталған. «Ұйғырлар арасындағы «доландықтар» сол – «төлеңгіттер», «мәкiт ауданы» «меркіт» деген сөзден өзгеріп қалыптасқан» деген сөз бар, олардың жосыны ұйғырлардан басқаша.
Қараша тайпасы
Караша тайпасы XVIII ғасырдың соңында Манчин хандығы Жоңғар хандығын жойған соң жоңғардың Қараша (Гураншид доржы) батырымен қазақ жеріне бірге келген жұңғолардан құралған. Олар бертін келе қазақ ұлысымен араласып кетті. Жергілікті қазақ тайпалары оларды Қараша батырдың атымен «қарашалар» деп атай бастаған. Қараша тайпасы Ақмешіт, Түркістан, Ташкент өңірлерінде тұрады.
Құрама тайпасы
Құрама тайпасы әртүрлі құрама рулардан құралған. Оның кұрамына қатаған, дүрмен, барлас, баршылық, қоңырат, қыпшақ, тарақты, маңғытай, мұғалтай, ноғайлы, алтай-қарпық рулары кіреді. Енді соларға бірден қысқаша тоқтала кетелік:
1. Қатаған. Қатағандар - ноғайлы тайпасынан тарағандар. Олар XIV ғасырдың соңында Едіге батырмен бірге казак жеріне келген. Алғашында Ұлытау маңында тұрып, кейіннен Ұлы жүзге - Ташкент маңына ауысқан. Кейбір зерттеушілер бұл рудың атын ноғайлы Катаған жыраудан тараған деп те жүр. Бірақ ол жағы әлі толық зерттелмеген. Біздің білетініміз, Катаған - Ноғайлы ұлысына жататын байырғы тайпалардың бірі. Қатағанның «Шанышқылы» деп аталатын тобы Ұлы жүз құрамына жеке тайпа ретінде кірген. Ал жайма тобы Орта жүздің Қоңырат тайпасына кіретін «жетімдер» атты рудың бір урамы болып жүр. Қатағандар Өзбек ұлысының құрамында да бар. Бірақ негізгі бөлігі қазақтың XVIII ғасырда құралған құрама тайпасына енген. Қатағандар өз ішінде жайма, шанышқылы, бөлеген, сары, қатаған болып бөлінеді.
2. Дүрмен-барлас руы. Дүрмен-барласты көп зерттеушілер найман тайпасының бір бөлігі деп жүр. Найманның бағаналы руымен аталас барластар ертеректе Ұлытау, Қызыларай бөктерлерін жайлаған. XIII ғасырдағы моңғол жорығы кезінде олар Сырдарияға қарай жылжыған. Бұл ру - атақты әмірші Темірлан көрегеннің руы. XIV ғасырдың соңында Мауреннахр хандығы ыдыраған соң, дүрмен-барластардың біразы Бабырмен бірге үнді жеріне барып, жаңадан Моғұлстан қағанатын құрысқан. Енді бір бөлігі Ақмешіт уалаятына барған. Қазір олар жеке «сунақ тайпасы» атанып жүр. Қалған бөлігі қазақтың құрама тайпасының құрамына енген. Дүрмен-барластар өзбек ұлысының құрамына да енген, олар өзбек құрамында «дүрмен найман» деп аталады. Олар Ақмешіт, Ташкент, Самарқанд маңын мекендейді.
3. Баршылық руы. Баршылық руы VIII ғасырда Орта Азия жерінен Қорасан шайбани шаһпен еріп келген парсылардан құралған. Олар бертін келе түрік тайпаларымен араласып кетті. Баршылықтарда парсылардың әдет-ғұрыптары, тіл ерекшеліктері аздап сақталған. Олар қазір Сырдария, Ташкент, Жизaқ өңірлерін мекендейді. Баршылық руы кейіннен қазақтың құрама тайпасының құрамына енген.
4. Маңғытай руы. Маңғытай түркітілдес ноғайлы ұлысының маңғыт-қытай руларынан құралған. Маңғыт-қытай рулары XIV ғасырда Едігемен бірге қазақ жеріне келген. Алғашында олар Ұлытау, Кеңгір маңын мекендеп, кейін Ташкент маңына ойысқан. Маңғыт руынан атақты Едіге батыр шыққан. XIV ғасырда Едіге мен Ақсақ Темірдің бір қақтығысында олар көп шығынға ұшырады. Ал қалғандары қытай руының көсемі - Маңғылдың ұйымдастыруымен бірігіп Маңғытай руына айналды. Маңғытайлардың бір бөлігі Қоңыраттың құрамына, қалған бөлігі Құраманың құрамына енді.
5. Моғолстай руы. Моғолтайлар Үндістан жерінде тұрған түрік тайпасы Құндыздан тараған. Олардың қазақ арасына келуі XVII ғасырда атақты Моғолстан қағанатынын калауына байланысты. Кезінде Бабыр құрған бұл қағанат үш ғасырдай өмір сүрді. Моғолстан империясы кұлаған соң, бір топ түрік қазақ арасына келіп қоныстанды. Міне, осы түріктер шыккан жеріне байланысты моғолдыктар бертін келе моғолтайлар» атала бастады. Кейіннен казакпен әдетғұрпынін, тілінің ұқсастығына байланысты олар кұрама тайпасының құрамына енді.
6. Қоңырат (байсын қоңыраттары) руы. Коныраттар монгол жорығынан кейін 1006 жылдары Ферғана, Каршы жерлеріне келіп, сонда қоныстанған. Олар моғолстанда Үлбі өзенінің бойында тұрған. Олар түркітілдес тайпа болған. Қоңыраттар бертін келе Бұхара маңына қоныстана бастады. Қоңыраттан белгілі Алпамыс батыр шыққан. Қоңыраттар Көтенші, Көктің күлі, Көк Тәңірі, Үлбіші (байсын) болып, төрт топқа бөлінген. Алғашқы екі тобы (көтеншi, көктің күлі) Орта жүз құрамына моңғол жорығынан кейін кірген. Ал Жиделібайсын қоңыраттары Орта жүз құрамына кірген жоқ. Олар кейіннен XIII ғасырдың (үлбішілер, Қаршы маңындағылар) соңында жаңадан қайта құрылған Қазақ ұлысының құрама тайпасының құрамына енді. Көк тәңірі тобы өзбек құрамына енген. Қазіргі уақытта құрама құрамындағы қоңыраттар Ферғана, Қаршы (Қашқадария) аймақтарында тұрады. Олар - жартылай көшпелі, әдет-ғұрыптары, тілі қазақтардан еш айырмашылығы жоқ.
7. Қыпшақ руы - құрама тайпаның құрамына енген қыпшақтар Хиуаа, Бұхара жерінде тұрақтап қалған Қобыланды батыр ұрпақтары мен оның қара қыпшак руының бір бөлігі. Бұл қыпшақтар түрлі себептермен Орта жүз қыпшақтарынан бөлініп қалған. Бұған негізгі себеп XIV ғасырдың соңындағы Көк орда қағандығы өзбек және қазақ ұлысы болып екіге бөлінуі көрінеді. Құрама қыпшақтардың өз қандастары Орта жүз қыпшақтарынан еш ерекшелігі жоқ. Тек таңбасында ғана өзгеріс бар. Құрама қыпшақтардың қазіргі жан саны 150 мыңдай. Олар Хиуа, Бұхара, Ташкент және қарақалпак аймағын мекендейді.
8. Тарақты руы.
Олар – Орта жүз арғындарының бір бөлігі. Арғын құрамындағы тарақты руының Ақжол би бастаған бір бөлегі өз ұлыстарынан қалып қойған. Бұл аулыстарынан ертеректе бөлініп, Бұхара төңірегінде койған. Бұл тарактылардың арғы тарақтылардан өзгешелігі таңбасында ғана. Бұқара тарақтылары XV ғасырда азактын кұрама тайпасының құрамына енген.
Тарақтылар елі көшпелі өмір кешеді. Олар қазір Бұхара, Ташкент, Жизак маңын мекендейді.
9. Ноғайлы руы.
Ноғайлылар XVII ғасырда Ноғай ұлысынын сонғы ордасы - Аштархан хандығы құлаған соң, казак жеріне елген. Діні мен тілі ұксас олар қазақ тайпаларымен араласып кетті. Ноғайлылардың «ширбан» деп аталатын тобы – Орта жүздін коңырат тайпасының, мамай-герлип аталатын бөлігі Кіші жүздің Жағалбайлы тайпасының құрамына енген. Олар сол тайпалар құрамында «Ноғай», «Ноғайлы» атымен аталып жур, Ноғайлының Айдархан («аштархан ноғайлы» деген сөзден шыққан) атты бөлігі қазақтың құрама тайпасының құрамына енген. Ешбір тайпа құрамына енбеген ноғайлылар да бар. Олар Аштархан, Бестау маңын мекендейді. Аштархан ноғайлылары қазақ атымен аталады. Қазақ ноғайлыларының жалпы саны 200 мыңға жуық. Ал, жалпы, ноғайлылар соңғы деректер бойынша, бір миллионға жуық. Оның 700 мыңдайы жеке ноғайлы халқы болып есептеледі. Қазақ құрамына – 200 мың, татар-башқұрт құрамына 100 мыңдайы кірген. Біз сөз етіп отырған қазақтың құрама тайпасының ноғайлылары қазіргі уақытта Хиуа, Ташкент маңдарын мекендейді.
10. Алтай-қарпық руы.
Алтай-қарпықтар түріктің Қарлұқ бұтағынан тараған. Құрама тайпаның құрамындағы АлтайҚарпықтар ертеректе Алтай тауының бөктерін мекендеген қарлұқтың алтайдағы бір бөлігі «Алтайлық қарлұқтар» деп аталған. Сол алтайлық қарлұқ тобы, қазақ арасына келген соң, «алтай-қарпық» атала бастады. Олардың бір бөлігі Орта жүздегі арғынның қуандық руының құрамына XVIII ғасырда енген. Қазақ құрамына енбеген алтай-қарлұқтары (қазір Алтай ұлысы аталып жүр) жеке ұлыс есебінде Алтай бөктерін мекендейді. Олардың жалпы саны 600 мыңдай. Құрама Алтай қарпықтары Қаратоқа, Сарытока, Алтай деген таптарға бөлінеді. Бүгінде құрама алтай-қарпықтары Хиуа, Бұхара өңірін мекендейді.
Қалпақ руы
Қалпақ руы XVIII ғасырдың соңында Хиуа жерінен келген қарақалпақтардан тараған. Олар бертін келе қазақ тайпаларымен араласып, қалпақ руы атана бастады. Кейбір зерттеушілер қалпақтарды Кіші жүзге жатқызып жүр. Шындығында, олар жүзге кірмейді. Қалпақ қазір Ырғыз, Шалқар өзендерінің маңын мекендейді. «Қалпақ едік» дейтін халықты Алматы өңірінен де ұшыратуға болады.
Қырғыз әлі
Қазақ-қырғыз Әлілері – қырғыз халқының солты тайпасының бір бөлігі. Олар XVIII ғасырда Жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ жеріне келген. Бертін келе Қырғыз солтылары қазақ тайпаларымен араласып кетті. Қырғыз солты сол кезден бастап қазақтың «қырғыз әлі» руы атала бастады. Қырғыз әлінің бір бөлігі Орта жүздің қоңырат тайпасының құрамына бертін келе енген. Қырғыз әлілердің әдетғұрыптарында, тіл ерекшелігінде аздап қырғыз солтыларына тән ерекшелік сақталған
Пайдаланылған әдебиет:
Зейнолла Сәнік. Көптомдық шығармалар жинағы/ VII том. –Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2017.