Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Ұлытау. Ұлық ұлыс» деректі фильмі шықты

1392
«Ұлытау. Ұлық ұлыс» деректі фильмі шықты - e-history.kz
Алтын Орданың 750 жылдығы қарсаңында «Ұлытау. Ұлық ұлыс» атты деректі фильмі көрерменге жол тарты.

Тарихи-танымдық бағыттағы фильмді «Қазақпарат» ХАА АҚ қарасты «Qazaqstan tarihy» интернет-жобасы түсірген. Деректі фильмнің басты мақсаты Ұлытау өңіріндегі ұлтымызға мұра болып қалған киелі жерлерді дәріптеп, туристердің көптеп келуіне қолдау көрсету. Деректі фильм 2 бөлімнен тұрады.

Аталған фильмде Қарағанды облысы Ұлытау ауданының киелі жерлері мен Едіге есімін алған таудың төбесінде жерленген Едіге, Тоқтамыс, одан бөлек, Жошы хан, Алаша хан және өзге де тарихи тұлғалардың кесенелері, Хан ордасы, Әулиетау (ақмешіт) сынды қасиетті орындар көрініс тапқан. Сондай-ақ Ұлытау ауданының орталығы Ұлытау ауылы да бейнеленген.

ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылы Ұлытау төрінде берген сұхбатында: «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз. Бұл – жаңағы айтқан ғұндардың да, көк түріктердің де, Алтын Орданың да орталығы болған жер. Өзінің тұрған жері – Қазақстанның кіндік ортасы», - деп баға беріп, Ұлытаудың Алтын орданың орталығы екенін айтып өткен болатын. 



Айта кетер болсақ, өткен жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт ұясы Ұлытауға барған сапарында Жошы хан есімін жоғары деңгейде ұлықтау шарасын жеделдету керектігін айта келе, Алтын Орда (Ұлық ұлыс) империясының 750 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы бастама көтерген. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ұлытауды халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризм орталығы ретінде насихаттауды баса айтқан еді.

Соның арқасында Ұлытау ауданындағы Жошы хан кенесесінің іргесінде тарихи-мәдени кешен құрылысын бастады. Жошы және Алаша хан кесенесінде ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілді. «Ұлытау» визит орталығы салынып, пайдалануға жақын қалды.

    

Фильмді түсіру кезінде көмек көрсеткен Қарағанды облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасына алғыс білдіреміз!

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?