Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаш үнін ту еткен жастар: қаламгерлік қуаты мен авторлық қолтаңбасы

1286
Алаш үнін ту еткен жастар: қаламгерлік қуаты мен авторлық қолтаңбасы - e-history.kz
Алдыңғы тарауда атап өткеніміздей, «Садақ» қолжазба журналы, «Балапан» басылымы және «Жас азамат» газеті осы ретімен Алаш жастарының даму деңгейін көрсетті. Алғашқы «Садақ» журналында әдеби бағытты басты ұстанып, «Қазақ» газетін үлгі етсе, «Балапан» журналын шығарушылар оларға қарағанда саяси белсенділігі жетілген, ел ішінің жағдайына қанық болды. Бірақ бұл екі топтағылардың да мақсат, мұраты «қазақты қайтсек ел етер екенбіз?» деген сұрақ төңірегінде болды да, ұлтшылдық жолды тұтынды. Осы жолда қазақ қоғамында тарала бастаған әр түрлі көзқарастың жетегінде кетушілер де, орайдан пайдаланып атағын шығаруға талпынған ойламы төмен, албырт жастар да болды. Және «Жас азамат» ұйымы мен газеті тұсына келгенде тек Алаш идеясын биік ұстаған табанды жастар ғана қалды. Біз төменде осы басылымдарға атсалысқан жастардың журналдағы өзіндік қолтаңбасы мен қаламгерлік қуаты туралы пікірімізді ұсынамыз.

«Садақ» газетін шығаруға атсалысқандар негізінен «Ғалия» медресесінің шәкірттері болды. Ал медреседе кімдер оқығаны туралы деректерге жүгінсек, мынадай мәліметтер аламыз.

«Мәселен, 1913 жылы «Медресе «Ғалияға» 40-тан астам қазақ шәкірті келді. 14-і Семейден, 7-і Ақмоладан, 5-і Торғайдан, 6-ы Астраханнан, 6-ы Жетісудан, 2-і Сырдариядан. Сонымен қатар Кавказдан - 5, Қырымнан - 2, Стамбұлтүркі - 1, Ауған түркімені – 1» деген дерек «Қазақ» газетінің 31 қарашасындағы санында жарияланды. Сонымен қатар «Қазақ», «Вақт», «Тұрмұш» газеттерінде кейде аттары аталып, кейде 17, 34, 40, 38 деп аты-жөні көрсетілмей қол қойған қазақ шәкірттері газетке хабар беріп, мәлімдеме жасағандары да бар. Менің өзіме осылардың 79-ы аты-жөнімен белгілі. [8]», - деген ғалым Т. Кәкішев тағы мынадай бір деректі ортаға тартады: «Өз қолымдағы деректерге сүйенсем, «Ғалия» шәкірттерінің іс-әрекеттері маған 1911 жылдан белгілі. Сол жылы «Айқап» журналы өзінің 4-ші санында: «Медресе «Ғалияда» оқушы қазақ шә­кірттері «Әліппе, яки төте оқу» есімлі қазақ һәм қырғыз балаларына арнап бір кітап басып шығарып, сатыла бастады. Бағасы 17 тиын. Қайырлы сағатта болсын! [8]» дегенінен білеріміз, «Ғалия» шәкірттерінің тек қана қолжазба журнал шығарып қоймай, оқу-ағарту ісімен оқып жүріп-ақ айналысып, қазақ жұртын сауаттандыруға аса қатты ден қойғанын білеміз. «Ғалия» медресесінің ашылуындағы мақсаты да мұғалімдер дайындау болатын. Кәкішев келтірген деректе медресе бітірген шәкірттердің түгелімен дерлік ағарту саласында еңбеке еткенін көрсетеді. Кәкішев медреседен тәмамдаған қазақ шәкірттерінің есімдерін төмендегі деректер бойынша саралайды.

1913 жылы "Қазақ" газетінің, 8 және 15 жел­тоқ­сан­дағы сандарында жарық көрген "Емле ха­қында" деген мақалаға медресенің 17 шәкірті қол қойған. Олар – Әбілғазы Иманбеков, Бекмұхамет Хұ­сайынов, Ахметжан Күзембаев, Ғайса Тоқтарбеков, Шаһмардан Ғұмаров, Нұғыман Манаев, Камалидден Жайсаңов, Ғаббас Қоңқаев, Нұржан Елепов, Хамза Ибрагимов, Мұнарбек Ер­мектасов, Мырзахмет Қожа­қ­ла­нов, Зәкір Ғабдуллин, Маннан Тұрғамбаев, Мол­дах­мет Ержанов, Қапан Ғаб­дыл­кереев, Хұсайын Ажаров болатын. Ал бұдан кейінгі оқиғаның одан әрі шиеленісе түсуіне себеп болған 16 қаңтарда жарияланған жауап мақалаға «Ғалиядан» 38 шәкірт қол қойған. Олардың есімі – Ғабдулжапар Байжұманов, Ғабрахман Мұстафин, Ғұмар Нияз, Нұрахмет Афли­гов, Мұхамедрахым Асылбаев, Нұртаза Нұрпейісов, Мәлік Мұстафин, Ғаббас Қанафин, Бимұхамет Майлин, Төлебай Ержанов, Армия Ешкеев, Хажимолла Басимов, Ғайса Тоқтарбеков, Ешмұхамедов, Сейіт Аманжолов, Хамза Ибрагимов, Досмайыл Есентаев, Нұғыман Манаев, Жиенғали Тілепбергенов, Сұлтан Шоқаев, Әлмұхамет Жандыбаев, Ғабдолла Толбаев, Балақожа Сүлейменов, Қаһан Ережепов, Зейнелғабиден Имажанов, Хайролла Ибрагимов, Садық Қасымов, Ахметнәби Ғалиханов, Дәулетқали Есенгелдин, Келді Мұқаметкелдиев, Меңдіғали Сакипов, Ахмет Егізбаев, Бекмұхамет Олжабаев, Досмұхамет Аманқұлов, Сәрсембі Баубаев, Мұхаметкәрім Оралбаев, Дөненхан Ғұмаров, Кәрім Ешмұхаметов. [8]

Әрине мұнда аты аталған жастардың бәрі бірдей «Садақ» журналын шығаруға атсалыса алған жоқ. Ал қолжазба журналда авторлар түгелдей жасырын атпен берілген. Алғашқы талпыныс болған соң, әр кімнің стилі де бадырайып шығып тұрған жоқ. Дегенмен «Садақ» шығарушыларының кім екенін білетін мүмкіндікті «Садақтың» соңғы саны бізге беріп отыр. "Ғалияда" оқыған қазақ жастарының бір тобы "Садақ­тың" 1918 жылғы 10 ақпанында шыққан соңғы қоштасу санында журнал­дың шығаруына ат са­лыс­қан өлең-жыр, мақала, ел сөзін жинап тап­сырған авторлардың жасырын ат­тарын ашып берген тізім бар. Олардың біразы жоғарыдағы хаттамада кездеседі. Бұлардан сырт «Ғалияны» бітірген басқа да қазақ жастары болған. Ол туралы Тұрсынбек Кәкішев: «Алайда Зияш Алдабергенов, Салахидден Жүсіп­ұлы Сарта­лиев, Мұхамет Сабыр Айтқожин, Мағауия Таңатаров, Хамза Бек­мұхаметов, Әбдірашит Әлімбаев, Әбубәкір Қазақов, Бек­бау Әлиев, Төлеубай Ақылбеков сынды азаматтар да "Ғалияда" оқыған-ды. [8]», - дейді.

unnamed (3).jpg

Алайда біздің мақсат «Ғалияны» бітірген барлық шәкіртті тізіп шығу болмағандықтан, тікелей журналға қатысы бар, материалдары жарияланған авторларды түгендегенді жөн көреміз.

Алғашында Бейімбет Майлин мен Жиенғали Тілепбергенов ұйымдастырған журнал кейін тек Жиенғалидың ғана қолына өтеді. Алайда алғашқы екі санына қатысқан Бейімбеттің де мұнда бірнеше өлеңі жарық көрген. Бұл өлеңдердің өзінен автордың сол кездегі қолтаңбасын аңғаруға болады. ХХ ғасыр басында өлең өнеріне ден қойған жастардың көпшілігі Абайды үлгі тұтқаны мәлім. Бейімбет те осы толқыннан шет қалмаған. Журналда жарық көрген «Мұсылмандық белгісі» деген өлеңінде сыншылдық пен сатира қатар өріліп, Абайдың сауаты төмен молла-қажыны, «Ақшам болса Алланы да паралап алам дейді» делінетін уайымсыз кердең байды, кеселді кедейді сынағанына ұқсайды. «Өлең туралы» атты өлеңі де Абайдың өлең туралы жазған әр түрлі өлеңдерінде кездесетін ойды қаузаған. Бір жері «Өлең, шіркін, өсекші» деп тұрғандай болса, енді бір тармағынан «Қазақтың келістірер қай баласы» деген мән көрініс береді. «Күн шықты» өлеңін табиғат лирикасына жатқызамыз және бұл да «Жазғытұрымен» (Абай) қол ұстаса кететін өлең. «Сүйгеніме айтамын» өлеңі ұйқасы жағынан, құрылысы жағынан Абайдың қолтаңбасындай болып келсе де, мәндік, терең сезімдік жағынан жетістікке жете алмаған өлең болған. Бұл әрине болашақ ұлы жазушының қаламды алғаш қолына алып жүрген тұстағы әр кімге еліктеп, жазу машығын әлі қалыптастыра алмаған сәті екенін көрсетеді. Яғни «Садақ» журналында болашақ классик Бейімбет Майлинның әдебиетке деген алғашқы қадамының ізі қалды. Қолжазба журналда Майлинның әйгілі «Шұғаның белгісі» повесі жарияланған деген сөз бар. Алайда қолымызда бар деректер мен журналдың санаулы сандары мұны растай алмай тұр. Кәкішевтің көрсетуі бойынша журналдың кейбір сандарында жазылған ескертулер, оқырман-жазармандарға арналған бірнше хабарлар Бейімбеттің қаламы арқылы жазылған. Бұған дәлел журналда кезігетін «Бекет», «Қарсақ», «Толстой қазақ» деген бүркеншік аттардың Бейімбет қолданған бүркеншік аттар болуы. 1915 жылғы 20 қарашадағы журналдың үшінші санының «Сөз басын» да Бейімбет жазған. Автор: «ертеректе шыққан «Садақ» журналының шығысымен-ақ бақытсыздыққа ұшырап ағайын-туған, қауым-қабиланы аралай алмай арманда өткендігі оқушыларға мағлұм. Ана тілімізде бұл сықылды журналдың шығып, кенеттен жоқ болып кетуі әр қайсымызға да оңай болмады. Өте-мөте жастарымыздың күйінгендіктері басқармаға жазған хаттарынан мәлім болды. Күйінгенмен кеткен нәрсенің келмейтіндігі белгілі. Алдағысы мұндай болды деп жігері қайтып, жол тоқтау қылатын жастар біз емес. Келешекке кеткенді іздемей келістіріп істейік деп елешекке кеткенді іздемей келістіріп істейік деп 3- сан «Садақты» әлден келгенше қадірлі ажарлап, қауым-қабиланың алдына ұсынып отырмыз», -дейді. Журналдың алдыңғы екі санының қолды болуы – «Садақ» өміріндегі аса маңызды оқиға болғанын да осы арадан аңғарамыз. Һәм автордың қара сөзге жатық, сөз дыбсының үндестігін аңдағыштығын байқаймыз. Бұл әрине Бейімбеттің сол кезде-ақ прозаға ыңғайы болғанын білдіреді. Жазушының одан кейінгі шығармашылығы мен өмір жолына біз тоқталмаймыз, себебі біздің мақсат «Садақ» бетіндегі қолтаңбасын ашып көрсету ғана.

Одан кейінгі «Садақтың» тұрақты шығарушысы болған Жиенғали Тілепбергеновтың біз атап өткен сын мақалаларынан сырт бірнеше өлең-жырлары, ұсақ әңгімелері және әр кезде «Садақ» оқушыларына арнап жазған үндеулері басылған. Бұл үндеулері көбінесе журналдың жарық көруіндегі қиыншылықтар, материал берушілердің қолжазбаларын тездетіп, журнал шықпай ертерек жіберуі керектігі туралы болды. Автордың 1915 жылы 20 қарашадағы 3 санына басылған «Жазғы көш» атты шағын суреттеме-әңгімесі алғашқы қолтаңбалардың бірі болса да, суреткерлік шеберлік байқатады. Мұнда көш үстіндегі бейне, қазақ жұртының көштегі салтанаты, дала төсіндегі барын киіп, дүлдүлін мінген сұлу салдық, жастардың әзіл-қалжыңы, көш басыларының паң бейнесі, жігіт пен қыздың айтысы, жазиралы көркем қазақ даласының дархан көрінісі әдемі және шынайы, жанды суреттеледі. Осыған қарап төрт жыл бойы журналдың басы-қасында болып, оның ыстығына күйіп, суығына тоңған Жиенғалидың шынымен де қолжазба болса да әдеби журналды жүргізе алатын қабылетінің зорлығын аңғартады. «Садақтың» 1917 жылы 19 қазандағы 1- санындағы «Қымбатты бауырлар» деген үндеу сипатты мақаласы Жиенғалидың осы журналды қолжазба деп қана қарамай, аса ыждағатпен, шын махаббатпен, көптің ісі ретінде үлкен жауапкершілікпен атқарғаны байқалады. Мақаланың тілі де, сөз-сөйлемі де өте жатық, шын шеберлікті аңдатып тұр. Сонымен қоса мақаланы публицистика деп қарауға да болады. Мұнда: «Қырдың құланындай әр қайсымыз қазақтың әр бұрышынан келіп, қараңғыда есіксіз, тесіксіз қалған халқымызды мына 20-ғасырда жарысып бара жатқан бәйгеден қалдырмай, қатарға қосу үшін халқымызға құл болып қызмет етуді мойынымызға міндет қылып, туған жер, өскен елден, мейірбанды ата-анадан, бауырдан, әзілдесіп-қалжыңдасқан сөздері жарасып, азғантай жастықтағы қымбатты қызықты бірге қосып, яғни шын жүректен сүйісіп жүрген құрбылардан айналып, мұнда келіп бас қосып отырмыз... Бір жол, бір нысанмен жүрмей, әр қайсымыз әр жолмен жүрсек, алтыбақан алауыз болсақ, мйындағы қызметті, міндетті өтей алмаймыз», - деп басталған үндеудің өзі тұнып тұрған көсемсөз. Бір бағытта болайық, бір бетте жүрейік деп жар салғаны қай бағыт десек, «Ең алдымен журналдың редакторы Жиенғалидың ұстанған бағыты ағартушылық-демократиялық көзқарас екенін бір сәтке ұмытпайық»,[23, 307-б] -деп жауап береді ғалым Тұрсынбек Кәкішев. Одан әрі: «Бізді ізгі жолға салатын нәрсе – басқа өнерлі жұрттарға тұлға болып келе жатқан қалам, яғни жазба, баспа сөздер, бұлар – бізді таныс қылатын арада жүрген құмай. Соның үшін алдарыңызға оғының ұшы мұқалған, тот басқан «Садақ» журналын ұсынып отырмыз», - деп баспасөздің маңыздылығын ортаға тартады. Ал өздері шығарған журналда әдебиетті негіз етіп алуы тағы да Кәкішев айтқандай « «Қазақ» газетінің әдебиетті ұлтты құтқарады деп көтере беретін әдетін» жұқтырғанынан деп білеміз. Автор бұдан әрі «Садақтың» негізгі мақсаттарының бірі болатын жаңа келген шәкірттерді баулып, орталарына қосып тәрбиелеу, оларға қалам ұстауды, сөз жазуды үйрету екенін айта келіп, журналда басылатын негізгі мазмұнмен таныстырады.

« «Садақ» мазмұны бірнеше бөлікке бөлінеді.

1) Жидди һәм бас сөз. Әрине сөз арамызға тиісті болған мәселе.

2) Оқшау сөз. Уақиға. Қиял, роман-хикая.

3) Өлең. Әдеби жидди өлең, халық өлеңі.

4) Халық көркем сөзі. Ертегі, батыр-билер сөзі. Тақпақ, жұмбақ, жаңылтпаштар осыған кіреді.

5) Күлкі. Шәкірттердің келіспеген мінезіне күлу. Халық аңқаулығына күлу. Қызықты күлкі сөздер.

Одан соң сын бөлімі де болады. Бір-біріміздің мінімізді сынап, түзетуге оқа жоқ. Кісі сыналумен түзеледі», - деп көрсеткен. Жиенғалидың мұнан басқа да бірнеше өлеңі мен әңгімелері жарық көрген. Алайда тақырып аясының тарлығы, жұмысымыздың шағындығына байланысты біз жоғарыдағы мысалдарды ғана алға тарта аламыз. Және осы мысалдар арқылы да Жиенғали Тілепбергеновтың «Садақтағы» айқын қолтаңбасын көрсете алдық деп білеміз.

Журналға ертегі, ең әңгімелерін берушілердің бірі Шашты – Әбрахман Мұстафин. Оның берген «Қырық құлақ» атты ертегісі біз естіп-біліп жүрген «Құйыршық бала» ертегісінің жүлгесіне келеді. Ертегіде бір саудагердің әйелі қырық құлақ табады. Мұны күйеуінен жасыру үшін бәрін қырады. Сонда бірі қазанның астына тығылып қалып, өзінің тірілігінен хабар береді. Одан кейін түйенің ішіне, одан қасқырдың ішіне кіріп кететін оқиға желісі сол «Құйыршық баланы» елестетеді. Алайда бұл ертегінің соңы жоқ. Келесі санға қалған да, келесі сан табылмаған.


Жалғасы бар.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?