«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Домбыра – қазақтың жаны

2855
Домбыра – қазақтың жаны
Өзін өзі құрметтейтін кез келген халық – сол халықты халық етіп тұрған рухани құндылықтарын қадірелуі керек. Бұл – әлемдегі барлық халыққа тән парыз. 

«Қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр Мырза Әлі айтқанындай, қазақ халқы десе, ең алдымен еске түсетін атрибуттың бірі домбыра екені анық. Қырғыз үшін қомуздың, саха үшін хомустың, башқұрт үшін қурайдың орны қандай болса, қазақ үшін де домбыраның қадір-құрметі дәл сондай.

Домбыра – шекті аспаптардың ішіндегі ең көнелерінің біріне жатады. Домбыра, жалпы шекті аспаптардың жасалуына садақтың құрылымы әсер еткен деген пікірлер бекер емес. Бұл туралы халық аңыздарында да айтылмай ма? Жетіген, арфа, домбыра, қобыз т.б. саз аспаптарының барлығының қазіргі құрылымы, формасы сан алуан болғанымен, түпкі негізі бір. 

Домбыра – қазақ қазақ болғалы бірге жасасып келе жатқан көне саз аспабы. Даламыздағы петроглифтерде домбыра тәрізді музыкалық аспапта ойнап тұрған адамдар – біздің бағзы домбырашы бабаларымыз. Біздің заманымыздан бұрынғы бес жүз жыл бұрын Ұлы Далаға табан тіреген әйгілі грек тарихшы Геродоттың сақтар жайлы сипаттауындағы: «Сақтар хаома атты сусынын ішіп, отты айнала отырып, екі шекті аспаптарында ойнап ән салады», - деген жолдар қазіргі қазақтың қымызы мен домбырасы емес деп кім айтар? Ұлы Далада өмір сүрген бағзы бабаларымыз әр дәуірде әр түрлі атпен үлкенді-кішілі мемлекет құрып, тарих сахнасына бірінің соңынан бірі келіп кетіп жатты. Бірақ олардың аты өзгергенімен, заты өзгерген жоқ деуімізге болады. 

Домбыра – қазақтың қуаныш пен қайғысын бөлісетін, мұңдасар, сырласар жан серігі болып келген және бола да бермек. Әзірге табылған ең көне домбыра – Монғолияның Қобда аймағындағы Қарасу мен Дөргін көлдерінің ортасындағы үлкен аралдағы үңгірде сақталған, көне сына жазулы аспап. Бұл аспап та екі шекті. 

Шек демекші, бұл негізі шек емес, ішек қой. Шек – бірдеңенің шегі, шекарасы. Ал ішек – домбыраның дыбысын шығаратын жіңішке бауы. Домбыраның ішегіне бергі Брусиловскийлер дәуірінде жасанды өнім леска тағыла бастағаны болмаса, арғы дәуірлердің бәрінде ешкінің аш ішегінен ежелгі әдіспен өңделіп, ширатылып әзірленген жіңішке зат қолданылып келген.

Домбырам, екі ішекті қолға алайын,

Қолға алып, біразырақ толғанайын, - деп қара өлеңде айтылатын ішек – осы. Жалпы қазақтың қара өлеңдерінде, жұмбақтарында, жыр-дастандарында домбыра және оның құрылысы туралы өте көп айтылады. Солай болуы тиіс те. Домбыраның бір замандарда жетіген, гитара тәрізді көп ішекті болғанын, бірақ қаһарлы Шыңғыс ханның өз баласының өлімін естірткен адамның өзегіне қорғасын құямын деген сөзінен болып, аталған өлімді күй тілінде естірткен Кетбұғаның домбырасының өзегіне қорғасын құйылғаны, содан домбыраның екі-ақ ішегі қалғаны туралы аңызды бәріміз білеміз. Мұның да өзіндік бір сыры бар шығар? Мүмкін, бұл рас та болар, бәлкім?

ab1f3c6a9363c062f5390aee6480d263.jpg

Домбыраның атауына қатысты талас-тартыс, ұсынатын болжамдар да әр түрлі. Қазақ музыкатануының атасы Ахмет Жұбановтың айтуынша домбыра – арабтың «дүнбаһ» – қозы, «бурра» – құйрық деген сөздерінің бірігуі арқылы жасалған. Мүмкін, солай да шығар. Көне түркі, монғол тілдеріндегі «домбұғыр» – шығыңқы, дөмпиген деген бейнелеу сипатты сөздерді де есте ұстаған дұрыс. Арабтардың Ұлы Далаға келуі тіпті мұнда, Қарлұқ қағанаты дәуірі емес пе?

Тұлпардың дүбір қаққан тұяғы,

Көкірекке сырлы сарын құяды.

Сыңғырлаған сан мың əуен япырмай,

Шанағына қалай ғана сыяды, - деп Көкшеден шыққан танымал ақын Төлеген Қажыбай жырлағанындай, екі-ақ ішекті, тұрқы шағын да қарапайым болса да, домбыраның мүмкіндігі аса жоғары екендігіне әлем жұрты таңғалумен жүрген жоқ па? Ұлттық күйлер мен әуендерін, Огинскийдің «Полонезінен» бастап әлемдік классиканың кез келген әуені қазақ домбырасының шанағына емін-еркін сыйып кетеді. «Made in KZ» тобының, Димаштың т.б. орындауындағы әуендер – сөзіміздің айғағы.

Жоғарыда «Шыңғыс хан ішектерін қорғасынмен қиғызыпты-мыс» дегендей аңыздарға сайсақ, домбыраның басынан қай заман да сипай қоймағанын көреміз. Әсіресе, діни фанатизм күшейген шақта: «Адамның көңіліне түрлі харам ой салатын ширк аспап», - деп қудаланған замандар аз болмаған. Бұл – қазір де айтылып жүрген уағыз. Кешегі құдайсыз коммунистердің заманында «Одна палка, два струна» дегізіп, ескінің сарқыншағы ретінде мансұқталды. Талай ғажап домбырашы Сталиндік зұлматтың құрбаны болды. Қаншама дәулескер домбырашы ақсүйек аштықтың құрбаны болып, ұлтымыздың ғасырлар бойы жинақтаған рухани қазынасын өзімен бірге ала кетті. Осы ретте біз, қазақ халқы қалай болғанда да Александр Затаевичке, осы бір жанкешті музыка жинаушыға қаржылық мүмкіндік тудырып берген Сәкен Сейфуллин сияқты ұлт зиялыларының рухына қарыздармыз. 

Қазақстан тәуелсіздік алуымен бірге домьыраның да күні туғаны анық. Шілде айының алғашқы жексенбісін Домбыра күні деп белгілеп, ел болып кеңбелгілеп, ел болып кең көлемде атап өту – елдігіміздің белгісі. Домбыра бұған әбден лайық. Домбыра, онымен күй тартып, ән салатын адамдарды осы күні төрге шығарайық. Тек осы күні ғана емес, жылдың үш жүз алпыс бес күні домбыра ұлтымыздың жүрегінде болғай.