Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қарамекендегі сайлау - Атажұрттағы ағайынның көзімен

1812
Қарамекендегі сайлау - Атажұрттағы ағайынның көзімен - e-history.kz
Әлемдегі үлкенді-кішілі 200-ден астам мемлекеттің бірі – Монғолия. Тарихы тамырлы, жері кеңбайтақ, халқының саны аз: 3,2 миллион ғана. Мұның 160 мыңдайы қазақ. Монғолия жеріне 19-ғасырдың ортасында келіп мекендеген қазақтардың ұлттық аймағы Баян-Өлгийде 104 мыңның үстінде адам болса, оның 90 пайыздан астамы қазақ, өзгесі – монғол тілді ұраңқай, дөрбеттер мен түркі тілді тувалар.

Үш ғасыр шүршіттің боданы болған Монғолия 1911 жылдың желтоқсанында тәуелсіздігін жариялады. 1912-жылы Қылаң, Қиюбай бастаған бір топ қазақ игі-жақсылары өздерін осы елдің азаматы ретінде тануын өтініп хат жазады. Осы жылдың 17-қарашасында қазақ билеушілерінің өтінішін қабыл алып, арнайы лауазымдық шен тағайындалғаны жөніндегі жарлыққа ел иесі Боғда хан қол қояды. Осылайша Қобда беттегі қазақтар жаңадан тәуелсіздік алған Монғолия мемлекетінің қарамағына өтеді.

 

1921-жылғы халық төңкерісі нәтижесінде Монғолияны 1990-жылға дейін коммунистер билеп келді. 90-жылдардың басында елде демократиялық қозғалыс өріс алып, нәтижесінде көппартиялық жүйе қалыптасты, бұрынғы МХР, ендігі Монғолия парламенттік түзімді мемлекетке айналды. Екі алып көршінің ортасындағы демократия аралында депутаттарды да, президентті де халық төрт жылға сайлайды. Дауыс ұрлау, бұрмалау дегендерге мүлде орын жоқ болғанымен, сайлаушыларға ықпал жасаудың өзге жолдары бар ма, жоқ па, ол туралы сырттай әңгіме айтуға қақымыз жоқ, әрине. Мүмкін, бар да шығар, адамнан айла артылған ба...

 

Жалпы, сырт көз ретінде байқағанымыз – Атажұртқа қоныс аударар алдындағы өзімізге таныс ахуал: әкімгер бастықтар мен ол тұста халыққа ықпалы тым жоғары болмаған депутаттардың бүгінгі буынының халық-бұқара алдында өздерін ұстау мәдениеті мүлде өзгеше екендігі. Расымен де бұл билеуші қауым халық алдында әкіреңдеп, тасыраңдап немесе ызбарлана сыздай алмайтын жағдай толық салтанат құрыпты. Оның себебі, барлық деңгейдегі депутаттық мандатқа ие болу, атқарушы билігіне қол жеткізу үшін халыққа жақсы имиджіге қылау түспеуі керек. Билікке жету тікелей халық пен олар сайлаған уәкілетті өкілдердің қолында болғандықтан, бұл кісілердің жұртқа жағымсыз сипатта көрінуден әрдайым именетіні аңғарылады. Әрі мынау дамыған ақпараттық дәуірде қия басқаныңды қалт жібермей жаһанға жаюға толық мүмкіндік бар, ол да қиын іс. Бірақ, кейде «бояушы бояушы дегенге сақалын бояпты» демекші, мұндағы кейбір ақпараттарға қарап, ашықтық, демократиялық ұстаным дегеннің өзі артық бас мінесуге, шиқанын шығара тырнауға да апара ма қалай деп те қаласың.

 

Қарамекендегі ағайынның қарасынан төресіне дейін, әрдайым өз партиясының мүддесін қорғауға дайындығы соншама, партиялық принципке тірелген жағдайда тіпті туыстық, жолдастық, руластық, жерлестік дейтін ұғымдардың өзі екінші планға ысырылады десек, артық айтқанымыз емес. Тоқсан бес пайыздық моноұлтты Монғолия мен оның ішіндегі қазағының пайыздық үлесі де дәл сондай Баян-Өлгийдің бұл партияшылдық жағдай Үш жүздің қырық шақты руына қоса, «қырық темірдің қылауы» ірілі-ұсақты диаспоралары бар Қазақстанда орнар болса, қандай ырғын боларын бір құдайдың өзі біледі. Әгәрәки, Қазақ елі де осы жолды таңдар күн туса, көп жағдайы аса ұқсас Монғолияның парламенттік басқару арқылы жүріп өткен жолын жіті зерттегені дұрыс шығар. Қырғыз ағайындар бұл жағынан үлкен қызығушылықта көрінеді.

 

2020 жылы 2-маусымда Монғолияда Ұлы Құрылға (парламентке) депутат сайлау науқаны басталды. Мемлекет бойынша 76 депутатты ірі қалалар мен аймақтар өздерінің тұрғындар санына байланысты берілген квота бойынша сайлайды. Осы өлшем бойынша Баян-Өлгий аймағы үш депутат сайлауы тиіс. Биыл елдегі Халық партиясы (ел аузындағы атауы «Қызыл партия») мен Демократиялық партия (ел аузындағы атауы «Ақ партия») және өзге ірілі-ұсақты партиялардың коалициялары он екі бірдей үміткерін үкілеп отыр екен.

 9f4e36a59cf96f23c8f604bd9cbca095_XL.jpg

Биылғы сайлаудың өзі бұрынғыдан ерекше болмақ екен. Бұрынғы сайлауларда Баян-Өлгийді үш аумаққа бөліп, сол аумақтарда ең көп дауыс жинаған үміткер жеңіске жететін болса, осы жолы аумақтар болмайды. Яғни Баян-Өлгийдің барша халқы жалғыз аумақ ретінде қарастырылып, сайлаушы сайлау бюллетенінде аты жазылған оншақты үміткердің арасынан өзі қолай көрген үшеуінің тұсына құсбелгі қояды. Сөйтіп ең көп дауыс жинаған үш үміткер депутат атанбақ. Үміткерлер өздеріне берілген уақыт – маусымның 2-сі мен 21-і арасында үгіт-насихат науқанының көрігін қыздырып, өз платформаларын ұсынып, жағымды уәделер беріп, халықтың ықыласына ие болуға тырысуда. Оны халық жіті бақылауда. Саяси белсенділік - максимум.

 

Қазағы мен ұраңқайы аралас үміткерлердің көбін азды-көпті танысақ та, олардың жеке басы, қызметі, елге сіңірген еңбегі мен беделі туралы жеке-жеке болжам жасап, бал ашу – Қазақстан азаматы біздің құзырымызға жатпайды, әрине. Бірақ біздің ондағы қандастар, қалың сайлаушы бұқара сол азаматтар арасынан елдік сана-сезімі биік, нағыз халықшыл қайраткер тұлғаны тап басып, тани білсе, Ұланбатыр төрінде ұлтымыздың ұпайы қашанда түгел, елдің еңсесі әрдайым биік болар еді деген ойымызды жасырмаймыз.

 

Иә, Монғолиядағы мамыражай демократияның арқасында ондағы ағайындар ешкімнен қағажу көріп, ештеңеден кем-қор болып отырған жоқ. Тоқсаныншы жылдар басында құлдырап, құлазып қалған елді мекендер жасанып, жаңғырып, жолдар төселіп, көпірлер салынып, көркейіп жатқанына сапарлап бару кезінде куә болып жүрміз. Дегенмен: «Нарықтық экономиканың ағысы, сауда-саттық, күнкөрістің қамымен, саясаттың сарынымен жүрген халқымыздың рухани ахуалы қандай деңгейде? Мандатқа ие болатын, барлық билік сатысында мөрге ие болатын азаматтарымыз сайлаудан соң елдің емес, жеке басының, топтың қамын күйттеп, байлық қуып кетпей ме? Тәттіге алданған балаға ұқсап алданып қалып жүрмейміз бе?» - деген сияқты сұрақтар, әсіресе руханият тұрғысында ондағы сайлаушы қауымды ойландырса дейміз.

 

Себебі, бұл елдегі қазақ арасында сонау Дәуітбайлардан бастап, кешегі Құрметбек, Сарайларға, олардан кейінгі буындарға дейін, ұлтының ар-мұңын түйсініп, тілі мен әдебиетін, мәдениеті мен тарихын заманға сай ептестіруге көңіл бөліп келген дәстүр бар еді. Сол алдыңғы буын асыл тұлғалар депутат, басшы, қосшы болып жүріп те осы мәселелерді реті келгенде көтеріп, мақалалар, кітаптар жазып, ел аралағанда тек сан-цифр, жоспар, саясатты ғана желеулемей, ұлағатты ісімен үлгі болған жоқ па? Сол аға буын салған ізгі жолдың арқасында Алтайдың күн бетіндегі аз қазақтың рухы биік, ділі мығым, тілі таза сақталып келген жоқ па?

 

Тіл демекші, осы жолғы сайлауға түсетін қазақ азаматтардың бірталайының монғолша акцентпен сөйлейтінін біраз жұрт кемшілік ретінде көрсетіп жатқанын біліп отырмыз. Әрине, қай тілде болмасын, мүлтіксіз сөйлеген жақсы ғой. Десе де, бойында адами қасиеттері, ел-жұртына, ұлтына, жеріне деген жылылығы бар адам болса, халқы үшін қызмет етпей қоймайды емес пе? Талай-талай ел бастаған әйгілі қазақтар сол қазақша акцентпен-ақ аймақ, министрлік, жоғары оқу орнын басқарып, тамам монғол жұртын бас игізіп өткенін жақсы білеміз емес пе?

 

Қазіргі күні Баян-Өлгийде тіл, діл, руханиятқа қатысты проблемалар жоқ болса, бәрі жолға қойылса, неге монғол тілінің проблемасы көтеріледі? Оқулықтар мәселесі неге қалыс қалған? «Отау тв» көріп отыр деген болмаса, сонау кеңес заманының өзінде үзілмеген қазақстандық газет-журналдарды Қобда бет қазағы мүлде ұмытқаны өтірік пе? Балабақшаларда, мектептерде қазақша кітаптар мен басылымдар неге жоқ? Ішкері өлкелерде жүздеп-мыңдап шоғырланып отырса да, ондағы қазақтар неге жыл өткен сайын мұңғұлданып сіңіп барады? Осы қауымға неге мектеп ашу мәселесін көтермейді? Демек, қазақ ұлтының тілі, ділі, мәдениетіне қатысты осы және басқа проблемалар бұл елде қордаланып қалған болса, ол – осы күнге дейін бұған мән беріп, биік мінберлерде, үлкен есіктерде ұлтының ұпайын түгендеуге құлықсыз болған ат үстіндегі азаматтардың кінәсі. «Жыламаған балға емшек бермейді», - демекші, осы мәселелерді бұрын-соңды көтерген болса, дәл Қазақ елі бас тартпаған болар еді. «Балдырған» немесе «Мөлдір бұлақ» т.б. балалар журналын 45 балабақшаға жаздырып беру, оны уақытында жеткізіп тұруды ұйымдастыру – ешқандай қиын шаруа емес еді. Ал осының ар жағында ұлтымыздың ұлы мұраты жатқан жоқ па? Өзіміз сол қазақша газет-журналдарды оқып, толық қазақ тілді болып өскен жоқпыз ба? «Қазіргі заманда қағаздағы ақпараттың күні кетті емес пе?» - деген уәж айтылар. Бірақ бұл – бекер. Ұлттық тұрғыда ұсақ дүние болмайды. Сондықтан да, осы елдегі сайлаушы, сайланушы бұқара – өмір мандаттың, креслоның төрт жылымен өлшенбейтінін ескер отырып, ұлттық мұрат, елдік санаға салмақ салса дейміз. Үміткерлер де осы үдеден шықса дейміз, туып-өскен топырағымыздың құнары арылмасын деген алаң көңілмен.

 1909191022172943f.jpg

Осы ретте, сайлауға түсіп жатқан үмкітерлер арасында өзім біршама жақсы білетін бір азамат бар екен. Ол – Ғажайып Рахметұлы. Аты алты шерушіге ұран болған Байтайлақ батырдың тікелей ұрпағы Рахмет ақсақалдың үйімен көп жыл көрші отырдық. Ғажайып ағаның анасы Дәрия Ерғарақызы – аса әңгімешіл, қазақ фольклорының қайнары дерлік, рухы биік, зерделі, Баян-Өлгейде орнаған алғашқы әйелдер ұйымын құрып басқарған зиялы адам еді. Мектепті алтын медальмен бітірген Ғажайып аға осындай мәйекті отбасында, Қобда қазағының талай-талай әйгілілері жатқан киелі топырақта туып-өскен азамат. Қарамекеннен алыс жатсақ та, Ғажайып ағаның бизнес саласында биіктерді бағындырып, табысты кәсіпкер атанғанынан және елдегі руханияттық ахуалға үнемі көңіл аударып, мәдениет, әдебиетке, жалпы руахниятқа қатысты іс-шараларды хал-қадерінше қолдап, қаржылай көмек көрсетіп келе жатқандығынан хабардармыз. Бұл да болса, «балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегеннің айғағы болса керек. Мұндай азаматтарды бағалап, қолдау – елдің парызы емес пе?

 

Ұзын постымыздың қысқаша түйіні: «Қайда барсаң онда бар, жақсы бажа тауып кел», - деп әзіл әнде айтылатынындай, Баян-Өлгийдегі электорат ағайын кімді сайласа да, елге инвестиция, қаржыны да әкелетін, оған қоса, ұлтының мүддесін де ойлайтын, кең толғамды жақсы азамат, өресі биік тұлға болуға лайықты депутатын тап басып таңдаса дейміз. Қара мекен Монғолиядағы сайлау туралы жазбамызды осындай ізгі ниетпен аяқтайық. Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?