Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ТҮРКСОЙ-дың 20 жылдығы атап өтілді

2195
Түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту жөніндегі халықаралық ұйымның - ТҮРКСОЙ-дың құрылғанына биыл - 20 жыл.

Түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту жөніндегі халықаралық ұйымның - ТҮРКСОЙ-дың құрылғанына биыл - 20 жыл. Осынау атаулы күнге орай Ұйымның штаб-пәтері орналасқан Анкарада жоспарланып отырған мерекелік шаралардың қарсаңында Ұйымның Тұрақты кеңесінің XXXI отырысы өтіп, онда атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылды және алдағы жұмыстардың жоспары бекітілді.

Түркі әлемінің мәдениеті мен өнерін дамыту мақсатында түбі бір түркі халықтары 1993 жылы 12 шілдеде Алматыда ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының негізін қалады. Тәуелсіздіктерін жаңадан алған жас мемлекеттер осынау халықаралық ұйым арқылы өздерінің ортақ құндылықтарын бірлесіп насихаттауды мақсат етті.

Түркі академиясының президенті Шәкір Ыбраевтың айтуынша, ТҮРКСОЙ жиырма жылдан бері ежелгі дәуірден бастап бүгінгі күнге дейінгі түркі халықтарының мәдени жетістіктерін насихаттап келді. «ТҮРКСОЙ тек түркі халықтарының арасында ғана емес, дүниежүзіне өзінің қабілеттілігін дәлелдеді. ТҮРКСОЙ түркі халықтарының өз ЮНЕСКО-сы іспетті, ұйым осы бағытта үлкен жұмыстар атқарды», - дейді Ш.Ыбраев.

Әзірбайжанның Ресейдегі елшісі Полад Бюльбюль-оглы: «Өткен 20 жылда ТҮРКСОЙ-дың тек түркі әлемімен шектеліп қоймай, дүниежүзілік деңгейде белсенді жұмыстар атқарғаны қуантады. Жақында Парижде ЮНЕСКО әзірбайжандық тамаша композитор Узеир Гаджибековтің «Аршин мал алан» спектаклін көрсетті. Бұл бүкіл түркі әлемінің мұрасы. Және ұйым аясында жүргізіліп жатқан белсенді жұмыстар халықтарымызды, елдеріміз бен мәдениеттерімізді жақындатуда», деді.

Ұйымның 20 жылдығына орай Анкарада бірқатар іс-шара ұйымдастырылып отыр. Соның бірі - «ТҮРКСОЙ жұлдыздары» кеші. Түркі елдерінің танымал әншілері мен ұлт-аспаптық асамбльдері қонақтарға тамаша кеш тарту етті.

Түркі Кеңесінің бас хатшысы Халил Акынжының айтуынша, мерекелік шара аясында түркі әлемінің өнер кеші және көркемсурет көрмелері өткізілді.

Оған қоса, ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің XXXI отырысында бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Ұйымның бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, келесі жылы Қазан қаласы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесіне ие болатынын хабарлады. Кеңестің алқа отырысында сондай-ақ, 2014 жылы Қырғызстанда «Шыңғыс Айтматов және Ыстықкөл» форумы өтетіні жарияланды.

Дерек көз: ortcom.kz
Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?