Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мешітті мектепке айналдырған Мәми бейсі

2694
Мешітті мектепке айналдырған Мәми бейсі - e-history.kz
Мектепке жаңашыл көзқарастағы білімді, оқыған азаматтар жиналған соң, бұрынғыдай діни-догмалық оқу жүйесі ығыстырылды. Фанатизм шырмаған саланы жоққа шығарған прогресс жаңа пәндерді әкелді

Біздің елдің адамдарының санасынан жырақ қалған, онда да отарлаушылықтың ауыр зардабы қалыптасқандықтан, баяғы заман түгілі, қазіргі қазақтың ұғымында Шығыс Түркістан тақырыбы бөлек ел секілденеді. Ортасына ғайыптан шекара сызығы тартылып кеткен өлке бабамыздың бабасынан келе жатқан көне мекені айтпаса да түсінікті, азаттықтың алтын ордасы қайсы деп сұраса, кідірместен «Алтай – азаттық бесігі» деп тіл қататын-ақ еді. Сонау ескі дәуірден, айталық ғұн, түркі кезеңдерінен өшпей жанып келген идея өткен ғасыр және бүгінгі таңда да халықтың бойын кернеп-ақ тұр. Олай болатыны, Азаттыққа жету жолында Шығыс Түркістан барлық күрестерді ғұмыр жүзінде қолданып көрді. ХХ ғасырдың басы – қазақ халқының отарлық езгіден құтылу үшін адамзат өркениеті көрген прогрессивті саяси күрес амалдарын жасап бақты. Ең ақырғы сәт қолға қару алып, жанын құрбан қылудан да тайынбады. Алаш резонанстық кезеңінде жалпақ қазақ баласын бір тудың астына жинауды мақсат тұтып, шекараның арғы-бергі бетіндегі елді бір идеяға бірігуге шақырды. Бұл бірігу жолында батырлар атқа қонып, ақылдылар ағарту жолын ұстанды.

Бергі бет орыс патшалығының астына қарағандықтан, Ресей әкімшілік-басқару жүйесінің тәртібі енгізілсе, арғы Алтай жақта аузына мұқым елді қаратқан дәстүрлі басқару жүйесіне гүң, үкірдай, амбы, тәйжі, бейсі секілді лауазымдарды әкеп қосты. Бұған дейін билік айтқан керейдің төрт биінің орнына жаңа тұлғалар, кейінің орнын ұлы басса, кейбірін өзге тұлғалар басты. Жазушы Ж. Шәкенұлының дерегі бойынша, «Ажы гүңнің мұрагері – Қасымқан Ажыұлы гүң, Көкеннің мұрагері – Жұртбай Көкенұлы би (үкірдай), Топанның мұрагері Бапы Топанұлы би (үкірдай), Бейсенбінің мұрагері – Оспан Бейсенбіұлы би (үкірдай), Құлыбектің мұрагері – Нашын Құлыбекұлы би (үкірдай) болып, алдыңғы төрт бидің билік орнын жалғастырды».

1867 жылы «Қызылаяқтар шапқыншылығы» деп аталған манчжурлар қазақ жеріне басып кірді. Бұл біздің өлкеде Жәнделі батыр қыздың қайғылы тарихымен тұспа-тұс келген кезең болатын. Осы шапқыншылық кезінде Алтай жеріне барып қолға түскен қытай әскерін Көкен бидің ұлы Жұртбай қазіргі Алтай қаласының Тұлты (Қызылтас) деген жерінде егін еккізген деген дерек бар.

ХХ ғасырдың басындағы Шығыс Түркістан

Біз ары қарай мақаламызда әулетінен билік үзілмеген қаракөктің тұқымын негізге ала отырып баяндаймыз. Тарихи баяндарға қарасақ, 1902 жылы орнаған жаңа өкімет Чиң патшалығы әкемшілік басқару жүйесіне өзгерістер әкелді. Бұл екі қанатқа бөліп басқару жүйесі болатын. Сөйтіп арнайы жиын ашып, Алтай, Қобда қазақтарының игі жақсыларын шақырып отырып, «Қобда өңіріндегі қазақтар мен қазіргі Көктоғай, Шіңгілді мекенденіп отырған қазақтарды «оң қанат» етті де, оған Сүгірбай Жылқышыұлын, Алтай өңіріндегі қалған қазақтарды «сол қанат» деп, оған Мәми Жұртбайұлын белгілеп тастады.

Ж. Шәкенұлы «Қытай қазақтары» атты деректі шығармасында дәстүрлі басқару жүйесінің әлсіреп, есесіне бір-біріне ұқсас мансаптардың шыға бастауын, оған ірілі-ұсақты лауазымдар тағайындалып, сатылы рулық билік жүйесі жасалып, нәтижесінде өңірдегі саяси биліктің күшейткенін жазады. Өкіметтен өкімет ауысып, бірі қалып, бірі жеңіп жатқан тұста да мансап ұсыну жолдары тоқтамаған. «Минго үкіметі осы жолы (1913) Алтай еліне бір уаң, екі бейсі, бір фугүңдік лауазымына ие үш дәрежелі мәнсап берді. Әлен Жеңісханұлы – уаң, Мәми Жұртбайұлы мен Закария Оспанұлы – бейсі, Өміртай Нашынұлы – фугогүң болып белгіленді» дейді Ж. Шәкенұлы. Бұл қалыптасқан қат-қабат билік жүйесі Қытай елі азат болғанға дейін жалғасып келген.

Өміртай Нашынұлының кесенесі

Тарих куә, теңдік үшін қайта-қайта бас көтеріп, қарулы қақтығыстарға шығудың соңы жақсылықпен аяқталмайтын болды. Алпауыт Ресей еліне қарсы тұрған Кенесарының басы кесілді, көтерілісшілерді торғайдай тоздырып жібергені бәрімізге мәлім. Не қайтпек керек? Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов халықты оқу-білім мен ағарту ісіне жұмылдыруды атқарған қайраткерлердің прогрессивті әрекетін Прометей алауына теңеді. Басқару жүйесіндегі қысым, алдағы күнге деген белгісіздікте дағдарған қалаң алашты бастап шығатын жалғыз жол – білім ісі болатынын қазақ азаматтары анық түйсінді. Білімді, сауаты артқан қоғам тілі мен дінін, ұлттық болмысын сақтай алатынан көз жеткізді.

Қазақ жастарының болашағы үшін, білімді, саналы азамат болып қалыптасуы үшін білім алуына мүдделі болған қайраткерлердің қатарында Жұртбай бейсі және оның ұлы Мәми де бар. Алтай өңіріндегі алғашқы мектеп, медреселер туралы қызықты деректерге үңіліп көрсек:  «1865 жылы жазда Қыран өзенінің бойындағы Балбағайдан қызыл қарағайдан қиып мешіт салдырып, жанынан медресе ашып, Алтайдағы он екі керей ішіндегі аты бар, ауқаты бар адамдардың балаларынан әр жылы отызға жуық бала оқытқан. Алтай қазақтары бұл мешітті, медресені «Сары мешіт-медресесі», «Атаң ауылының медресесі» деп атап келді». «1890 жылы Зуқа қажы Көктоғай ауданы Дүре ауылының Бітеу деген жерінен медресе ашқан. 1896 жылы Бапы би Ертіс пен Қыранның құйғанынан «Бапы мешітін» салдырып медресе ашқан. 1898 жылы Өміртай гүң Буыршында бір мешіт салдырып, медресе ашып татар Абдолла деген молланы ұсыныс етіп, бала оқыттырған. 1901 жылы Сарсүмбеден «Дөңбазар медресесі», «Ақшорын медресесі» қатарлы медреселер ашылып бала оқыған» (Ж. Шәкенұлы).

Жұртбай би (бейсі) 1880 жылдың күзінде Қыран өзені бойындағы Бітеуіргеден мешіт салып ашқан екен. Оны ел-жұрт «Ақ мешіт» деп атады. Мұның қасында медресесі де жұмыс істеп тұрған. 

Алтайдың барлық ауданында ширек ғасыр уақыт ішінде ашылған 50-дей мешіт пен 25-тей медресенің жұмысының қарқынды жүруіне Зайсан арқылы өткен білімділердің еңбегі зор. Бұлардың көбісі советтік большевиктердің қысымын, теперішін көрген, білімін бағаламақ түгілі, басына қара бұлт үйірген көрінеу жәбір-жападан қашып, Алтайдағы Мәми бейсі ауылын паналаған.

Оқыған азаматтарды қамқорлығына алып, ағарту ісіне жұмылдырған Мәми Жұртбайұлы әкесінен қалған мешіт-медіресені өзгертіп, мектепке айналдырады.  Зерттеушілер жаңа сипаттағы білім ордасын «Абақұя» деп атады» дейді. Кейіннен Зайсан өңіріндегі «Тарақия» мектебінің әсерімен дыбыстық өзгерістерге ұшырап «Абақия» болып аталған екен. Алғашында діни-құлшылық сипатындағы орын болса, кейін мектеп қызметін бастаған «Абақия» Алтайдағы жаңаша оқыту әдісін жолға қойған ағарту саласының алғашқы мектеп деп есептелген.

Мектепке жаңашыл көзқарастағы білімді, оқыған азаматтар жиналған соң, бұрынғыдай діни-догмалық оқу жүйесі ығыстырылды. Фанатизм шырмаған саланы жоққа шығарған прогресс ана тілі, тарих, география секілді сабақтарды алып келді. Ең бастысы, мұнда тәлім-тәрбие мен оқу ісі жүйесінде тың өзгерістер енгізілді, соны бастамалар дүниеге келді. Жаңа сабақтардың оқулықтарын Қазандағы ағайынды Каримовтар баспасынан алдырып, жүйелі ғылыми оқытуды жолға қойған мектеп аз уақыттың ішінде бірегей іргелі ордаға айналып шыға келді. Ең қызығы, бұл мектепте Байтұрсын әліпбиі (төте жазу) қолданылып, оқушылар жаңа әліпби негізінде білім алып жатты. Ал 1927 жылы Абақия мектебінің құрылысы жаңаланып, ортасында залы бар бес бөлмелі оқу үйі салынған.

Мәми бейсі Жұртбайұлының фотосуреті

Абақия мектебінде қаржыландыру мәселесіне байланысты деректерді белгілі журналист Мұрат Алмасбекұлының жариялауымен шыққан Ретбек Мағаздың «Абақия. Алтайдағы алғашқы мектеп» атты мақаласынан білеміз: «Абақия мектебінің оқыту қаражатына келсек, мектеп үшін сол кездегі Қытай үкіметі жағынан арнайы қаржы бөлінбеген. Қаржы жағын Қанапия бейсі бастаған ел басылары өздері шешіп отырған. Мектептің салынуынан бастап, мұғалімдердің айлығы, түрлі жабдықтарға жұмсалатын ақшаның барлығы халықтан діни салық және оқыту қаражаты ретінде жиналып отырды. Мысалы, сол кезде 3000 қой біткен Боқы байдан жылына 30 қой, 5 ірі қара алынған екен. Ал, оқыту қаражаты үшін жылына бір қой төлем алынып отырған деседі. 1927 жылы сол кездегі Бурылтоғай ауданының әкімі болып тұрған Шәріпхан Көгедаев Абақия мектебіне келіп, оқушылармен кездесіп, мектепті жоғары бағалап «қараңғылықтан құтылу үшін білім керек, жүйелі білім алуға дәл осындай өз ана тілімізде ғылыми білім беретін мектеп болу керек. Қазір Алтай көлемінде бір ғана мектеп бар. Болашақта мектеп саны көбейе береді» дегенді айтады».

Ата-тегінен байлық та, билік те кетпеген текті әулеттің бір ұлы Мәми Жұртбай туралы жазсақ артық болмас. 1856 жылы туып, 1920 жылы өмірден өткен аруақты тұлғаның арғы атасы Көкен би болса, әкесі Жұртбай да осал жан болмаған. Бейсі лауазымымен ел басқарған. Жасынан алғыр, іскер Мәмиге аз уақыт орныққан Чиң өкіметі тәйжі мансабын берсе, Минго орталық үкіметі 1913 жылы фугогүң атағын берген. Ал 1915 жылы қарашада Мәмиге бейсі атанып,  1917 жылы тамыздан бастап ел билеуге құқық берілген.  

Мәмидің сөзге шешендігі мен іске бекемдігі оның ел басқарудағы ерекшелігін айқындап тұратын болған. Төрелік айтуда әділдігі, табан астындағы тапқырлығы оның есімін төңірекке, алыс аймақтарға аңыздай таратқан. Халық арасында «Керейден Мәми кетсе ақыл кетеді, Қара Оспан кетсе айбар кетеді» деген сөз текке айтылмаған. Мәми айтыпты делінетін тағы бір сөз: «керей мен найманның арасында дау болса найманға бұрамын, ағайын ара дау болмасын дегенім, қазақ пен моңғолдың арасында дау болса моңғолға бұрамын, жау болмасын дегенім» депті. Мәми тек баба дәстүрін жаңылмай жалғастырған би ғана болса, көп бидің бірі болар еді, бірақ ол заманның алдын болжаған, ойы озық, білімі жарық санаулы ағарту ісінің қайраткері ретінде де бағалануға тиісті.

Мәмидің ұлдары Қанапия (1876-1934), Зия, Мәңкей (1899-1940), Шәмер, Шәмси (1903-1950) барлығы да оқыған, тоқығаны бар көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар болып ер жетті. Олар да әке-ата жолын жалғап, ел басқару ісіне араласты. Елі мен жері үшін ерекше еңбек сіңірген тарихи тұлғалар есептеледі. Мәми Жұртбайұлы 1920 жылы қайтыс болады.

Мәми бейсінің кесенесі

Дүниеден өткенде Ақыт, Әсет ақындар оған күңірене жоқтау айтқан екен. Ал Зайсанға аты шыққан атақты архитектор Баязит Сәтбайұлы қызыл қыштан әсем күмбез соғып қалдырды. Алайда материалдық ескерткіш ретінде қорғалуға тиіс кешенді Қытайдағы мәдениет төңкерісі жылдарында маошылдар тегіс қиратып тынған. Жұрнақ та жоқ. Көзге көрініп тұрған ескерткішті бұзып құртқанымен, ел үшін аянбай қызмет атқарған аяулы азаматтың адамгершілік, гуманистік келбетін тарихтың төрінен ешкім сызып тастай алмасы анық.  

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?