Ұлан-ғайыр қазақ жерiндегi тарамданған күре тамырлы тарихы бар, ежелден халқымызға құтты қоныс болған шұрайлы мекендердiң бiрi – Қарқаралы. Оның қарағайлы-шыршалы тау-тастары, айдын-шалқар өзен-көлдерi, қысқасы, адам жанын баурап алатын әсем табиғаты мен қойнауы толған шежiре-сыр тарихы кiмдi болсын қызықтырмай-ынтықтырмай қоймайды.
Бiз жолымыз түсiп, журналистiк сапармен Қарқаралыда екi рет болдық. Табиғатын тамашаладық. Шежiрелi өлкенiң өткен тарихы мен бүгiнгi тыныс-тiршiлiгiне зейiн қойып, зер салдық. Ғасырлардан жеткен жәдiгерлер мен тарихи-мәдени ескерткiштердi аралап көрiп, осындай тiлсiз мұралардың iшiне бүккен өзiндiк жұмбақ әлемдерiне шама-шарқымызша барлау жасауға тырыстық. Сондағы бір байқағанымыз, тамыры тереңге жайылған осынау құнарлы мекенде әлi де болса жұмбақ сырлары ашылмай жатқан тарихи ескерткiштер баршылық екен. Сондай жәдiгерлiктердiң бiрi — ХIХ ғасырдағы Қарқаралы округiнiң аға сұлтаны Құнанбай заманының тiлсiз куәгерi, сыртына «Мұнда 1850 жылы ұлы ақын Абай Құнанбаев болған» деген айшықты жазуы бар ескерткiш-тақта орнатылған еңселi ағаш үй. Осыдан кейiн «Бұл кiмнiң үйi?» деген заңды сауалдың әркiмнiң көкейiнде тұратыны белгiлi. Ол – ХIХ ғасырда өмiр сүрген Халиолла Хамитұлы Бекметовтiң үйi. Ал Халиолла Бекметов деген кiм, нендей iспен айналысқан? Әңгiмемiз көпшiлiкке түсiнiктiрек болу үшiн алдымен осы мәселеге қысқаша тоқталып өтелiк.
Ол кiсiнiң тiкелей ұрпағы, астанамыз Алматыда тұратын көзi ашық, көкiрегi ояу азаматша Жәмила Бекметованың айтуынша, Халиолла Хамитұлы – ХIХ ғасырда ғұмыр кешкен татар көпесi. Ол сауда-саттық және басқа да әр түрлi кәсiпшiлiкпен айналысып, мол дәулет жинаған. Әкесi Хамит Яхияұлы ауқатты, төрт әйел алған адам екен. Бәйбiшесi (қазақ қызы) Сақыпжамалдан осы Халиолла туады. Ал Халиолланың ағасы Хамидолланың немере қызы Дүльнөз Өтепова былай дейді: «Құнанбай мешiтiнiң салынуына өзiнiң үлесiн қосқан адам – Халиолла бай. Ақыл-кеңес берген және қаржылай көмектескен. Мешiттiң жанынан медресе салдырған.
1914 жылы менiң әкем Мұхаммед-Асет Халидоллаұлын Бiрiншi дүниежүзiлiк соғысқа алып кеткенде, бiз бәрiмiз сол медреседе тұрдық. Ол кезде медреседе сабақ жүрмедi.
Менiң әкемнiң әкесi Хамидолла Хамитұлы – Халиолланың ағасы. Әжемiз Дәлилә – Берiкқара болысындағы қаракесек руының қызы. Құнанбай мен Халиолланың достығының арқасында Бекметовтар қазақтан қыз алып, қыз берiскен. Олардың қыр елiмен байланысы ешқашан үзiлген емес. Халиолланың ауласы қырдан келген қазақтардың арбаларына толып тұратын.
Халиолла мен Халидолла екеуi кен қазуда көп еңбек сiңiрген. Балқаш өңiрiнде қорғасын, алтын iздеп тапқан. Және сол кенді жердiң картасын жасаған. Бiр сөзбен тұжырып айтқанда, Бекметовтер өз еңбегiнiң, маңдай терлерiнiң арқасында байыған. Қытай, Үндi, Ресей жұртымен сауда-саттық жасасқан...»
Иә, осындай көнекөз қариялардың айтуынша, Халиолла бай таным-түйсiгi мол, ақылды адам болғанға ұқсайды. Ол өзi көзi тiрiсiнде «Байлық-дәулет ер жiгiтке бiтедi, бiрақ соны ұстап тұруға ақыл, салмақ керек!» деп жиi айтатын көрiнедi. Бұның жайдан-жай айтыла салмай, өмiр тәжiрибесiнен туындаған сөз екенi анық.
Халиолла Бекметов өзi өмiр сүрген кезеңде Қарқаралыдағы белдi-беделдi адамдардың бiрi болған. Ағарту саласы мен дiн мәселелерiне де баса назар аударып, мешiт, медресе үйлерiн салдырып, осы аймақта кен көздерiн ашуға өзiнше үлес қосқан. Қаладағы ағаш үйлердiң көптеп салынуына да осы кiсi себепшi болған көрiнедi. Сөйтiп, Қарқаралының қай жағынан болсын өсiп-өркендеуiне, көркеюiне шама-шарқынша ықпал еткен. Жазушы А. Брагин өзiнiң 1980 жылы жарық көрген «Прадеды и правнуки» деген кiтабында: «В начале ХХ века в городе было семьдесят два купца и почетных гражданина. В это число, естетственно, входили действительно богатые торговцы – такие, как Резанцевы, Бекметовы...» деп жазады.
Х. Бекметов Абайдың әкесi аға сұлтан Құнанбаймен сыйлас болып, жақын араласып тұрған. Құнанбай Қарқаралыдағы мешiттi салдырарда оның жобасы мен тұрғызылатын орнына байланысты Халиолла баймен кеңесiп отырған екен. Мұның себебiн белгiлi ғалым Ақжан Машанов Х. Бекметовтiң iс-шаруашылыққа мығым адам болғандығымен сабақтастырады. Бұл да көңiлге қонымды жайт. Сондай-ақ, ол мешiттi салу құрылысына да қаржылай көмек көрсеткенге ұқсайды. Қарқаралы тұрғындарының айтуынша, ол кезде қалада екi мешiт болыпты. Бiрi – Құнанбай салдыртқан ағаш мешiт, оны жұрт қазақ мешiтi деп атапты. Ал екiншiсi – кейiнiрек қызыл кiрпiштен салынған татар мешiтi.
Халиолла бай 1910 жылы Санкт-Петрбургте салынып, iске қосылған мұсылмандар мешiтiне де қаржылай жәрдемдескен көрiнедi. Сол мешiт әлi бар екен. Ол туралы А. Машанов: «Мен Санкт-Петербургке барғанда, ондағы мұсылман мешiтiнiң қызметшiсi «Осы мешiттi салдырғанда Қарқаралының көпесi Х. Бекметов қаржылай көп көмек көрсеттi» деп айтты», – дейдi.
Халиолла Хамитұлы өте ақылды және қайырымды адам болған екен. Кедейлер мен жоқ-жiтiк, жетiм-жесiрлерге жәрдем берiп, қарайласып тұрған. Қайырымдылық iс-әрекеттерiмен елдiң көңiлiнен шығып, алғысқа бөленген. Сол себептi де жергiлiктi халық Х. Бекметовтi қаланың бiтiмшi биi етiп сайлаған. Бұл қызметте де ол әдiлдiгiмен халық көңiлiнен шыға бiлген. Әр түрлi дау-шарларды, ұсақ қылмыстарды әдiл шешiп отырған. Сонымен бiрге ол Қоянды жәрмеңкелiк комитетiнiң мүшесi әрi Қарқаралыда манфактуралық дүкенi, дирменi болған.
Халиолла байдың Латифа, Хадиша, Фатима, Ғайни деген төрт әйелi болған. Төртiншi тоқалын – Ғайни Шоңбайқызын Құнанбай алып берiптi. Кейiннен Ғайнике аталып кеткен ол кiсiнiң руы тобықты, Құнанбайдың жақын қарындасы болса керек. Сол себептен де аға сұлтан Қарқаралыға барған сапарларында осы Халиолла байдың үйiне ат басын тiрейді екен. Халиолла байдың келiнi Бибiнұр Қасымқызының айтуы бойынша, Ғайни Шоңбайқызы қайратты, ақылына көркi сай, ұзын бойлы, ақсары жүздi кiсi болыпты.
Халиолла Бекметовтiң алғашқы екi әйелiнен ұрпақ жоқ. Үшiншi әйелi Фатимадан – Мәсхуд, Мәжит, Гүльбахар (қазақтан шыққан тұңғыш право магистрi Жақып Ақпаевтың әйелi) есiмдi екi ұл, бiр қыз; Ғайни Шоңбайқызынан – Хакiмжан, Жақыпбек, Махмұт, Мұхаммед-Мұхтар, Мұғин, Мұхсен, Рабиға, Гүльнахар есiмдi алты ұл, екi қызы бар. Бұлардан тараған ұрпақтар да бiршама. Сондай-ақ, олардың iшiнен Омбыдағы почта-телеграф ведомствасында бiлiмдi шенеунік болған, 1905 жылғы төңкерiске белсене қатысқан революционер Мұхаммед-Мақсұт және Омбы кадет корпусын бiтiрiп, штабс-капитан лауазымында қызмет iстеген Абдулғазиз Бекметовтер сияқты өз кезеңiнiң белдi-белгiлi адамдары шыққан.
Халиолла байдың туған және өлген жылдары туралы Ж. Бекметова былайша әңгiмелейдi: «Холиолла Бекметов 1833 жылы туған. Ал осы күнге дейiн бiздiң үйде сақталған, 1901 жылы жарық көрген Құранның iшiнде мынандай жазу бар: «1905. 6 майда, жұма күнi сағат 12. Халиолла Хамитоғлы Бекметов офат. Жаны жәннатта болсын! Амин».
Сонымен, Халиолла байдың мүрдесi Қарқаралыдағы зиратқа қойылыпты. Жалпы Бекметовтер әулетiнiң бейiттерi бiрыңғай орналасқан көрiнедi.
Ал ендi әңгiмемiздiң түп қазығына айналып отырған ұлы Абай болған Х. Бекметовтiң үйiне келетiн болсақ, ол бiрнеше жыл арнайы кептiрiлген үлкен-үлкен ағаш бөренелерден қиюластырылып салынған. Бiр атап айтатын нәрсе, үйдi салу барысында шеге атаулы пайдаланылмаған. Кейiннен бұл үйдi жергiлiктi тұрғындар «Көк үй» атап кетедi. Бұл туралы Жәмила Бекметова былайша сыр шертедi: «Халиолла байдың алғашқы үш әйелiнiң бөлек-бөлек үйлерi болған. Ал «Көк үйде» бабамыз тоқалы Ғайникемен, одан туған балаларымен бiрге тұрған. Бұл үй Халиолла бабамыздың барлық бала-шағасына пана болған. 1922 жылы Жақып мырза Ақпаевты Алаш өкiметiнiң мүшесi болғаны үшiн абақтыға қамағанда өз қаражатына салған үйiн өкiмет заңсыз тартып алып, бала-шағасын далада қалдырған. Баспанасыз қалған Ж. Ақпаевтың жанұясы осы «Көк үйдi» паналаған.
«Көк үйдiң» алдында қонақ қабылдайтын арнайы жай болған екен. Қорасы кең әрi астына үлкен тастар төселiнген. Ал аулада үлкен үш қора орналасқан. Бiрiншiсiнде қонақтардың көлiгi, екiншiсiнде малдың жем-шөбi, үшiншiсiнде сауын сиырлардың жайы мен қасапхана болған. Бiлетiндер Халиолла бабаның қора-жайы қандай үлкен болса, дастарханы да сондай мол, ел-жұртқа сыйлы болғанын айтады.
Аға сұлтан Құнанбайдың тасы өрге домалап, дәуренi тасып тұрған кезiнде Қарақаралыға келiп-кетiп жүргенi тарихтан белгiлi. Ол өзiнiң келетiнiн күнi бұрын кiсi жiберiп бiлдiретiн болған. «Көк үйдiң» алдындағы қонақ қабылдайтын үйде, Құнанбай келедi деген хабар жетiсiмен-ақ, бiрнеше күн дайындық жұмыстары жүргiзiлiп, жуылып-шайылып, iшi-сырты мұнтаздай тазаланып, мал сойылатын болған.
Үйдiң сыртына қойылған ескерткiш-тақтадағы дерекке сенетiн болсақ, Абай бұнда алғаш рет 1850 жылы болған. Өкiнiшке қарай, қанша сұрастырғанымызбен, бұл деректiң кiмнен және қайдан алынғанын бiле алмадық. Қалай дегенмен де, бұл ойдан құралған дерек емес екенi белгiлi. Абайдың 1845 жылы дүниеге келгенi әмбеге аян. Яғни, 1850 жылы 5 жастағы қызыққұмар бала. Дәл осы кезде, дәлiрек айтсақ, 1849-1852 жылдар аралығында Құнанбай аға сұлтан қызметiнде болады. Былайша айтқанда, Қарқаралы округiнiң билеушiсi, дуанбасы. Сондықтан да Құнанбай iрiлi-ұсақты iс-шаруалармен Қарқаралыда жиi болып тұрған. Оның үстiне қаладағы Құнанбай салдырған мешiттiң құрылысы 1850 жылдың қаңтарынан бастап қолға алына бастағанын есепке алатын болсақ, 5 жастағы бала Абайдың әкесiмен бiрге Қарқаралыға ерiп келуi шындыққа бiр табан жанасатын секiлдi. Ал кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы деректер бойынша, алғашқыда жер дауынан басталып, бiрте-бiрте үлкен дау-шарға айналған ағайын араздығынан соң жiгiтек елiнiң азулы байы Бөжей өзiн нөкерлерiмен баса-көктеп келiп, соққыға жықтырған Құнанбайдың үстiнен арыз айта Қарқаралыға барады. Бұл суыт хабар құлағына тиiсiмен Құнанбай да шұғыл түрде жиналып, жолға шығады. Мiне, осы сапарда онымен бiрге Абай да ерiп барады. Ұлы Мұхтар Әуезов осы жайттарды суреттей келiп, мынадай деректi көлденең тартады: «Абай әкесiмен бiрге Қарқаралыда тұрғалы көп күндер болды. Қазiрде қыс әбден түсiп, қар бекiп алған-ды.
Құнанбай кiшкене қаланың тап ортасындағы көк шатырлы, үлкен ағаш үйдi жатақ еткен. Қазағуар, қонақшыл татар саудагерiнiң үйi...» Кемеңгер жазушының мегзеп отырғаны да бiз сөз етiп отырған татар саудагерi Халиолла Бекметовтiң «Көк үйi» екенi айдан анық.
Абай бұл жолы Қарқаралыда айға жуық уақыт болады. Осы сапарында ол Қарқаралыны емiн-еркiн аралап, қаланың небiр жақсы-жайсаңдарын көзiмен көредi. Ақыры қаланың атақты байы Алшынбайдың араласуымен Құнанбай мен Бөжей бiр бәтуаға тоқтасып, мәмiлелесiп, татуласып-табысып қайтады. Дәл осы жолы Абай атақты Шөже мен Балта ақындарды алғаш көрiп, өлең-сөздерiн естидi. Өз әкесi салдыртқан мешiттiң ашылуына куә болады. Әрине, роман-эпопеяда суреттелетiн осы оқиғалардың шынайы өмiрде дәл осылай өрбуi екiұштылау дүние. Өйткенi «Абай жолы» ғылыми-зерттеу еңбек емес, әдеби шығарма да, роман-эпопеядағы Абай – қалай дегенмен де көркем образ. Сондықтан онда суреттелген оқиғалардың кейбiр мезеттерi жазушының ой-қиялының жемiсi екендiгi ақиқат. Бiрақ, өмiр шындығы мен көркем шығармадағы баяндалатын оқиғалардың уақыт жағынан бiршама алшақтығы болғанымен, бала Абайдың Қарқаралыға алғаш рет әкесi Құнанбаймен ерiп келiп, татар саудагерi Халиолла Бекметовтiң үйiн тұрақ еткенi – тарихи шындық. Бiзге керегi де осы дерек. Тағы бiр атап айтатын нәрсе, бiздiңше, Абай алғаш рет Қарқаралыға әкесiмен ерiп роман-эпопеяда суреттелетiнiндей ес жиып, етек жинаған 15-16 жасар бозбала шағында емес, әрi кетсе 7-8 жасар бала кезiнде барған. Өйткенi Абай 8 жасқа толар-толмаста Құнанбай аға сұлтандықтан түскен. Сондай-ақ, ол салдыртқан мешiттiң құрылысы 1850 жылы басталып, 1952 жылы салынып бiткен. Дәл сол кезде Абай 7 жаста. Елдi елең еткiзер бұндай елеулi оқиғаға дана Құнанбай болашағынан зор үмiт күткен баласы Абайды ертiп баруы, қай жағынан алып қарасаңыз да, қисынды нәрсе сияқты. Бұны Мұхтар Әуезов бiлмедi дейсiз бе, бiлдi. Бiрақ сол кездегi тарихи оқиғалардың желiсiн үзбей, сабақтастыра баяндау үшiн Абайдың жасын сәл ұлғайтып суреттеу қажет болуы мүмкiн. Бұны жазушының қателiгi емес, қайта қиыннан қиыстырып жол тапқан шеберлiгi деп ұққан жөн.
Бұл Абайдың Қарқаралыға барған алғашқы сапары болғанымен, соңғысы болмағаны анық. Ол бұдан кейiн де қалаға талай келiп-кетiп жүрген. Ақынның сүйiктi анасы Ұлжан қаракесек руының қызы болса, алған жары Дiлдә әрiде Қаздауысты Қазыбек, берiде Тiленшi бидiң ұрпағы Алшынбайдың нәсiлi екенi белгiлi. Бұл жайдың да болашақ ұлы ақынның қызығы мол қалаға келiп-кетiп жүруiне өзiнше ықпал еткендiгi ақиқат. Сонымен бiрге Абай Қарқаралыны бала кезiнен өте жақсы көрген екен.
Ақжан Машанов ақсақалдың айтуынша, Абай әр келген сайын бiз сөз етiп отырған Халиолла байдың «Көк үйiне» ат басын тiреп, қадiрлi қонақ ретiнде қабылданған. Жиһаз-жабдығы мол, бай кiтапханасы бар осынау еңселi ағаш үйде демалып жатып, өлең жазған. Абайды Қарқаралы жастары қошеметтеп қарсы алып, оның келуiн үлкен өлең-жырдың мерекесiне айналдыратын болған. Оны Бекметовтер әулетi мен қаланың белдi-белдi азаматтары кезек-кезек қонаққа шақырып, құрмет көрсеткен. Ол сонымен бiрге қансонарда аңға шығып, құс салып, тазы қосып, түлкi аулаған.
Абай Қарқаралыға келген әр сапарында тек Халиолла Бекметовтiң үйiне ғана емес, қаланың басқа да белдi азаматтарының үйiне түстенген. Тек бiздiң негiзгi сөз етiп отырғанымыз сыртына Абайдың болғандығын паш ететiн ескерткiш-тақта орнатылған Халиолла байдың «Көк үйi» болғандықтан, оларға тоқталғанымыз жоқ.
Халиолла бай қайтыс болғаннан кейiн бұл үй оның кенже ұлы Мұхаммед-Мұхсеннiң еншiсiне тиген. 1925 жылғы аласапыран кезеңде оған үкiметтiң көзi түсiп, ақыры ешбiр соттың шешiмiнсiз тартып алып, бiр үйлi жанды қуып шығады. Ол кезде Халиолла байдың әйелi Ғайнике Шоңбайқызы тiрi екен. Қарт ана қатты кейiген көрiнедi. Әрине, ол түсiнiктi жайт. Бүкiл саналы ғұмыры мен балаларының жастық шағы өткен осынау құтты шаңырақты тастап шығу көрер жарығы аз қалған ақ басты анаға оңай болды дейсiз бе?!
Бiр жарым ғасырлық тарихы бар «Көк үй» одан кейiн талай бастықтың отбасына жайлы мекен-жай болды. Кейiннен онда бiрнеше мемлекеттiк мекемелер орналасыпты. Қазiргi таңда тарихи ескерткiш ретiнде қамқорлыққа алынған.
Мен Қарқаралыға алғаш барғанымда Х. Бекметовтiң үйi балабақша едi, ал келесi бiр жол түскенде есiгiнде қара құлып тұр екен. Үй әбден тозған. Сұрастырып көрiп едiм, қайта қалпына келтiрiп, жөндеу жұмыстарын жүргiзу үшiн жауып қойған екен. Естуiмше, қазiргi кезде музыка мектебiне басы бүтiн күтiмге берiлiп, жөндеп-өңдеу жұмыстары жүргiзiлiп жатқанға ұқсайды. Бұл – көңiлге қуаныш ұялататын игiлiктi iс. Өйткенi ол үй тарихи һәм мәдени ескерткiш екендiгiмен құнды. Әрi тарихымыздың бiр белесiнiң куәсi ретiнде көздiң қарашығындай сақтайтын мәдени құндылық. Сондай-ақ, ұлы Абайдың өмiрi мен шығармашылығына иненiң жасуындай болса да қатысы бар әрбiр тарихи орын аса қасиеттi саналуға тиiс. Барлық өркениеттi елдерде ұлыларын ардақ тұтар игi дәстүр осылай қалыптасқан.
Думан РАМАЗАН, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері