Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Т. Уяма: Қазан төңкерісі автономия құруға себепші болды

1609
Т. Уяма: Қазан төңкерісі автономия құруға себепші болды - e-history.kz
Томохико Уяма – Алаш партиясы жөніндегі өз зерттеулерімен Қазақстанның ғылыми ортасында танымал тұлға. Жуырда ол 50 жасқа толды, NDH порталы ғалымды туған күнімен шын жүректен құттықтайды

Ірі мерейтойлық оқиға – Қазан социалистік революциясының 100 жылдығы қарсаңында жапонияның Саппоро қаласындағы Хоккайдо университетінің Славяндық-еуразиялық зерттеулер орталығының профессоры  Томохико Уяма NDH порталында қонақ болды.   

- Сіздің Қазақстанға жасаған сапарыңызға өте қуаныштымыз, бірақ бұл сіздің Қазақстанға жасаған алғашқы сапарыңыз емес қой.

- Иә, әлбетте, мен Қазақстанда көп боламын.

- Бұл сапарыңыз Алаш автономиясының 100 жылдығымен байланысты шығар?

- Ия, шынында, бірнеше ғылыми іс-шаралар өтті. Оралда Алаш тарихы бойынша конференция болды, одан соң дөңгелек үстелге қатысуға Орынборға бардық жәнеде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Алаштың 100 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті. 

- Көп елдерден алыс жатқан Қазақстанның тарихына шетелдік ғалымдар онша-мұнша қызығушылық таныта бермейді. Әркім өз жолымен келеді – біреулер тілді ұнатса, енді біреулер мәдениет, өлең-жыр, тарихты ұнатып барып келеді. Ал Қазақстан тарихына Сіз қалай келдіңіз?

- Университетке оқуға түскен кезде мен Еуропаның тарихы мен мәдениетіне, Франция мен Ресейдің әдебиетіне, Ежелгі Римнің тарихына қызығатын едім. Бірақ бір сәтте Азия туралы тым таяз білетінімді түсіндім. Жапония, Қытай, Кореямен көптеген зерттеушілер айналысады, ал мен Еуропадан алыстағым келмегендіктен, Еуропаға да, Азияға да қарауға болатындай орталық нүктені таңдадым. Мен алдымен Орталық Азия өңірін таңдадым, зерделеу барысында Өзбекстанмен бірнеше ғалымның айналысып жатқанын білдім. Батысты зерттеушілер одан да көп, ал Қазақстанмен ол кезде айналысушылар өте аз еді. Орталық Азияға келіп жүрген кезімде Қазақстан маған қатты ұнап қалды, сол себепті де Қазақстанмен айналысуды жөн көрдім.  

- Қазақстанда алғаш рет қай жылы болдыңыз?

- 1990 жылы.

- Бірінші сапарыңыздан алған әсеріңізбен бөліссеңіз.

- Ол кезде Мәскеу мемлекеттік университетінде тағылымдамадан өтіп жүргем, сол жерде Тәжікстан, Өзбекстан мен Қазақстанның студенттерімен таныстым. Қазақтардың кісі жатырқамайтын, көпшіл екендігін түсіндім, Алматыға келген кезде де – адамдар ашық болатын. Ол кез қайта құру кезі болатын, көбі тарихқа қызығушылық танытып, көптеген адамдар сталиндік қуғын-сүргін, репрессияға ұшыраған өздерінің аталары, әжелері туралы айтатын. Советтік кезеңдегі Қазақстан тарихы туралы көп нәрсені танытып-білдім. Сол кезден бастап Қазақстанның тарихымен таныса бастадым.

- Биыл біз Ақпан революциясы, Қазан революциясы, Алаш автономиясының құрылуы сияқты ірі оқиғалардың жүзжылдығын атап өтеміз. Осындай маңызды тарихи оқиғалар ғылыми ортада кеңінен баға беріліп, жаңа еңбектер жарық көруде, әділ тарихи баға беруді қалпына келтіру үрдісі жүріп жатыр.  Осыдан бір ғасыр бұрын болған оқиғаларды бүгінгі күннің ғылыми зерттеулерінің контексінде қалай бағалайсыз?

 - Биыл Жапонияда да ресейлік революцияның жүзжылдығына байланысты конференциялар, семинарлар жиі өтуде, жуырда біз бестомдықты – Ресей революциясы мен Совет Одағының тарихы туралы мақалалар жиынтығын шығардық. Әлі күнге дейін ресейлік революция алдымен – социализм құрудың басы деген пікір басым. Социализмнің мағынасын кішірейтпестен, Февраль революциясы ұлттық, автономиялық мемлекеттердің құрыла басталғандығын көрсеткенін және өз тағдырын өзі шешуіне және өзінің болашақтағы дамуы перспективаларын айқындауға мүмкіндік бергендігін атап өткім келеді. Ресей саясаткерлері алдында Ресейдің ірі мемлекет ретіндегі мәртебесін сақтау сияқты маңызды мәселе тұрды. Державаны сақтау мен ұлттың өзін-өзі айқындауы – ұдайы қарама-қайшы факторлар емес, бірақ осы екі факторды қалай үйлестіруге қатысты бір пікірге келу едәуір қиын болды. Ақыр аяғында революциядан кейін, азамат соғысынан кейін мемлекеттің жаңа  үлгісі – коммунистік партияның орталықтандырылған қатаң билігімен федеративтік құрылыс үлгісіндегі Совет Одағы құрылды. Бүгінгі күні ең маңызды мәселе – бұл осы екі фактор арасындағы теңгерімді анықтау – үлкен мемлекеттің бірігуі және ұлттың өзін-өзі билеуі, және осындай сұрақтарды зерделеу үшін Ресей революциясының тарихы көп нәрсе берді.

- 1917 жылғы Ақпан революциясы демократиялық сипатта болды және азаматтарға ғана емес сонымен қатар халықтарға да көптеген құқықтар мен бостандық берді. Ресей империясының көптеген халықтары осыны пайдаланып қалды. Сіз өзіңіз де білесіз, бұл кезеңде автономилық тенденциялар мықты болды, Алаш автономиясы ғана емес, онымен бірге Сібір, Татар, Башқұрт автономиялары да өздерін толығымен көрсете бастады. Қазақстан ғалымдары Алаш проблемаларын зерделейді, ал Сіз ғалым ретінде, Орталық Азия бойынша маман ретінде, бұл картинаны біршама басқаша көресіз. Сол кездегі ауқымды тенденциялар контексінде Алашты ғана емес, сонымен бірге Сібір, Татар, Башқұрт және басқа да автономиялардың дамуын қалай қарастырасыз?

- Біріншіден, біз автономия туралы айтқан кезде, осы сөздің мағынасын нақтылап алуымыз керек. Кеңес Одағында автономиялық республика, автономиялық облыс шектеулі уәкілеттіліктерге ие еді, бірақ Ресей революциясы кезінде қол жеткізу ұмтылған автономия, Ресей Федерациясы құрамына кіретін, федерацияның басқа субъектілерімен тең құқылы мемлекетті құру дегенді білдірді. Мысалы, әзірбайжандық «Мусават» партиясы Әзірбайжанның барлық ішкі сұрақтарын жүргізуді көздеді. Тек дипломатия, әскер, салықпен ғана орталық билік айналасуы керек болды. Алаш партиясы да «Милиция» деп аталатын қарулы күштерін құруға және сол үшін салық жинауға, сотта, мектептерде қазақ тілін қолдануға ұмтылды. Сондықтан да, қазақтар, әзірбайжандар, татарлар мен башқұрттар құруға ұмтылған автономия советтік автономияға мүлде ұқсамайтын еді.  

Әзірбайжан парламенті, 1918 жыл  

Екіншіден, әзірбайжандардың, татар, башқұрт, қазақтардың, Түркістан автономияларының арасында біршама үлкен айырмашылықтар болды.  Татарлар ұлттық-мәдени автономияға ұмтылса, басқалары ұлттық-аймақтық автономияға ұмтылды. Бірақ, бұл, татарлар автономияның біршама төмен деңгейін қанағат тұтты деген сөз емес, керісінше, олар автономияға жылдам жүзеге асыруға және біршама кең өкілеттікке қол жеткізуге тырысты.  Сол кезде Алаш партиясының өкілдері, әсіресе Әлихан Бөкейхан 1917 жылдың күзіне дейін тіпті асыққан да жоқ. Ол Қазақ автономиясына көшудің әлі уақыты келген жоқ, әзірге уақытша, Сібір автономиясына қосыла тұру керек деп санады.

Тек 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін ғана олар Қазақ автономиясын құруды шешті.

Бірақ, тіпті 1917 жылғы желтоқсандағы Бүкілқазақ съезінде де олар автономияны дереу жариялаудан тартынып, алдымен милицияны, әскерді қалыптастыру қажет, Далалық өлкедегі орыстармен, Түркістандағы қазақтармен келіссөздер жүргізу керек деп санады. Яғни, олар автономия мәселесіне өте абайлап жақындады. Осыдан соң, 1918 жылы, Азаматтық соғыс жүріп жатқан кезде, олар автономияны құруға шешімді түрде кірісіп, алдымен советтік билікпен, сосын ақгвардияшылар үкіметімен қарқынды келіссөздер жүргізді. Олардың тәсілдері өте прагматикалық болды және олар сол кездегі ахуалға өте жақсы  бейімделе алды.

 

Жалғасы бар...

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?