Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қызылорда атауын алғаш ұсынған адам...

2648
Қызылорда атауын алғаш ұсынған адам... - e-history.kz
Биыл қазақтың рухани-мәдени өмірінде ерекше із қалдырған тұлға, қоғам қайраткері Қоңырқожа Қожықовқа 140 жыл.

Осыған орай  С.Сейфуллин атындағы  Қазақ агротехникалық университетінің  оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Бауыржан Бердіқожаұлымен  осыбір  беймәлім  тұлға хақында  әңгімелескен  едік.  Алғашқы сұхбатымыз  "Тұңғыш  «Әліппені»  шығарған тұлға..." деген атпен порталымызда жарияланған еді.   Бұл  енді сол әңгіменің  екінші жалғасы екендігін  де естеріңізге сала кетсек дейміз.    

- Бұл кісі қателеспесем «Ақ жол» газетінің редакция мүшесі болды емес пе?

- 1917 жылдың желтоқсан айының басында Орынборда өткен ІІ жалпықазақ съезінің шешімі бойынша 1918 жылы қаңтарда 72 өкіл қатысқан Сырдария қазақтарының съезі шақырылып, онда Алаш автономиясына бұл өңір қазақтарының қосылуы немесе қосылмауы мәселесі талқыға түседі. Съезде егер Алаш автономиясы Түркістан автономиясымен одақ құрған жағдайда Түркістан қазақтарының Алаш автономиясының енетіндігі жөнінде шешім қабылдайды. Бұл жиынға Қ.Қожықовта қатысты.

Жалпы алғанда, елімізде кеңестік билік толық орнағанға дейін Қ.Қожықов көптеген қоғамдық-саяси және ағартушылқ үдерістерге белсене араласып, Орта Азия халықтары мен Қазақстанда танымал қайраткер бола білді.

Басы:   Тұңғыш қазақ  «Әліппесін»  шығарған тұлға...     

Қоқан автономиясы жеңіліске ұшырағаннан кейін ол, күннен күнге күшейіп келе жатқан билеуші тәртіпке қарсы күрес жүргізу қажетсіз, тіпті зиян екенін түсінді. Сондықтанда, қазақтың алдыңғы қатарлы зиялыларымен тізе қосып, кеңес өкіметі мен коммунистік идеологияға қарсы күресті рухани салаға ауыстырып, күрестің «бейбіт» жолдарын таңдайды. Қоңырқожа Қожықов Кеңестік билікке қызметке кіріп, Ташкенттегі шағын банкте инспектор міндетін атқарды. Осы қызметте жүрген Қ.Қожықов сол кездегі кеңес қайраткері Полторацкийден қазақ зиялыларын Совет жұмысына қызметке тарту жөнінде тапсырма алады.

1918 жылы Түркістан автономиялық кеңестік социалистік республикасы құрылғаннан кейін өлкенің рухани өмірінде жаңа бетбұрыстар болды. Әсіресе, 1918 жылдың 12 қарашада өткен Түркістан Республикасы Ағарту халкомы алқасының мәжілісінде Ташкент қаласында Қазақ педагогикалық курстарын ашу жөнінде қаулы қабылданды. 1918 жылы 22 қарашада жаңадан ашылған өлкелік қазақ педагогикалық курсына (курс меңгерушісі И.Тоқтабаевтың ұсынысымен) мұғалімдікке Хиуадан Әбділазиз Байсейтов, Шымкенттен Сегізбай Айзунов, Перовскіден Қоңырқожа Қожықов шақырылды. Қысқа мерзімде оқытушылар құрамы мен тыңдаушылар санын жинақтай алған оқу орнында нақты оқу-тәрбие ісін жолға қою мақсатында 1918 жылы 2  желтоқсан күні арнайы «Педагогикалық алқа» құрылып, оның мүшелігіне Хайретдин Болғанбаев, Сұлтанбек Қожанов, Фазыл Құлтасов, Емберген Табынбаевтар мен бірге Қоңырқожа Қожықов сайланды.

Түркістан коммунистік партиясының Орталық Комитеті Атқару бюросы 1920 жылы 19 қазанда өткен мәжілісінде «Ақ жол» газетін шығаруға шешім қабылдайды. Соның негізінде 1920 жылы 7 желтоқсанда газеттің алғашқы саны жарық көріп, оның редакция коллегиясына Иса Тоқтыбаев, Хасан Алиев, Абдулла Байтасов, Хади Илаевтар мен бірге Қоңырқожа Қожықовта болды. Жалпы  Қ.Қожықов  қазақтың басқа да зиялылары мен бірге, «Ақ жол» газеті мен «Шолпан» журналының төңірігіне топтасып, өлкедегі ұлт мүддесіне қатысты істерге бастамашыл болып, оны ел арасына жеткізуде елеулі ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізді.

1920 жылы  Ташкент қаласында құрылған Қазақ халық ағарту институтында тарих пен география пәндерінен тұңғыш болып дәріс оқыды ғой?

- Иә. Түркістан басшылығы уақыт талабына сәйкес, 20 жылдардың басында-ақ республиканың ұлттық мектептері үшін білікті мұғалім кадрларын дайындауға арналған ірі педагогикалық оқу орнын (Қазақ ағарту институты) ұйымдастыру шараларын қолға алады. Бірақ жаңа оқу орнын ашу билік құрылымдары мен қаржы мекемелерінің қалыптасып бітпеген жағдайында аса ауыр болды. Осыған байланысты 1920 жылы 15 тамызда уақытша комитеттің алғашқы мәжілісі өтіп, онда Қ.Қожықовтың «Қазақ халық ағарту институтының Ережесіне сәйкес қайта құрылатын Қазақ педучилищесі мен оның жанындағы еңбек мектептерін тарату мерзімі мен тәртібі туралы» баяндамасы тыңдалды. Баяндаманы талқылағаннан кейін Қазақ ағарту институтының жұмысын жақсарту мен күшейту туралы қаулы қабылданды. Қ.Қожықовтың төрағалығымен өткен осы мәжілісте комитет мүшесі Х.Досмұхамедовтың Қазақ педагогикалық училищесі ғимаратының санитарлық жағдайы бойынша жасаған баяндамасы тыңдалды. Ағарту комиссариатының Алқасы 21 тамызда Ағарту институтын құру жөніндегі ұйымдастыру комитетінің құрамын өзгертіп, төрағалыққа И.Тоқтыбаевты бекітеді де, оның орынбасарлығына Есенов, мүшелігіне Х.Досмұхамедов, Н.Көшербаев, Қ.Қожықовтар тағайындалады. 1920 жылы 20 тамызында Қ.Қожықов, Н.Көшербаев, Х.Досмұхамедов сынды зиялылардың бас қосуымен болған ұйымдастыру комитетінің кезекті отырысында Қазақ ағарту институтының оқу бағдарламасы туралы мәселе қаралып талқыланады. Нәтижесінде 1920 жылы 1 қазанда Ташкент қаласында Қазақ халық ағарту институты ашылды. Міне Қ.Қожықов осы Қазақ ағарту институтында тарих, география пәндерінен дәріс берумен қатар, Өлкелік Халық ағарту комиссариаты құрған Мемлекеттік ғылыми комиссияның жанындағы «Талап» қоғамының мүшесі ретінде халық ағарту ісіне белсене араласады. Сонымен қатар, мемлекеттік банк меңгерушісі қызметін қоса атқарды. Өлкедегі «Қосшы» одағын ұйымдастырушылардың және басшыларының бірі болды. Сонымен бірге, Қ.Қожықов Жетісу облыстық революциялық комитетінің мүшесі ретінде 1921 жылы басталған жер реформасының бақылау міндеті жүктеліп, сол жылы ол Түркістан өлкелік Кеңестер съезінде сол аймақтың Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болып сайланды.  Міне осы кезден бастап  Қоңырқожа жер бөлу, су пайдалану және шаруа қожалықтарын ұйымдастыру жұмыстарына да белсене араласты.

1922 жылы Қытайдан оралған қазақтарды Жетісуға орналастыру және аштыққа ұрынған қазақтарға жәрдем көрсету жөніндегі төтенше өкілдік жұмысын атқару тапсырылды. Оған өз ісінің білгірі, жер жағдайын, халықтың  тұрмыс-тіршілігін жетік білген маман ретінде жауапты міндеттер жүктеліп, осының бәрін бейбіт түрде әділ шешіп отырды. К.Алтайский мен М.Қаратаевтың авторлығымен жарық көрген «Гудок в степи» атты кітапта Жасанкөлге қатысты тығырыққа тірелген шиеленістің шешімін тапқаны үшін бұл жиын «Қоңырқожаның съезі» деген атау алғаны жазылады. Сонымен қатар ол аймақтанушы-сарапшы ретінде Қазақстандағы шекарасын белгілеу жұмыстарына қатысқан. Молотов жазбаларында: «Қазақстанның шекарасы сауатты жасалғаны сонша Ленин оған ешқандай түзету енгізбеді, тек құжат Тәшкенге қатысты сұраққа байланысты тартпада жатып қалды» делінген. 1922 жылы ол  Әулиеатада уездік жер басқармасында істеді. Жетісу өңіріне жиі экспедицияға шығып, көне қорғандар мен ескерткіштерді зерттеумен айналысты. Орхон жазуы, Қозы Көрпеш - Баян сұлу, Келіншектас, Ақтас мазарлары туралы ғылыми еңбектер жариялады. Араб, парсы, шағатай тілдерін жете меңгерген ол осы тілдердегі тарихи және әдеби шығармаларды қазақшаға аударды.

- Қоңырқожа Қожықов  Ақмешітке  Қызылорда атауын ұсынған алғашқы адам дегені рас па?

- Ол былай. 1925 жылы Түркістан АКСР-і тарап, еліміздің оңтүстік аймақтары Қырғыз (Қазақ) АКСР-інің құрамына енді. Сол жылы көктемде Қ.Қожықов жаңа астана Ақмешіт қаласында еліміздің бүкіл еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қырғыз (Қазақ) АКСР кеңестерінің бес күнге созылған Ү съезіне қатысып, Ақмешітті Қызылорда деп өзгертуге тікелей ықпал жасайды. Бұны тарихшы-ғалым Х.М.Тұрсын өзінің «Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты» атты еңбегінде Дінше Әділовтың 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне берген жауабынан алады. Онда «Қожанов, мен, Есболов Табынбаевтың үйінде түскі ас іштік. Съезд аяқталуға таяған еді. Сол кезде үкімет көшіп келіп Ақметшіт қаласының атын өзгерту мәселесі көтерілген болатын. Жаңа астананы қалай атау жөнінде ойластық. Қызылорда атауын алғаш ағартушы-ғалым Қоңырқожа Қожықов ойлап тапты. Одан неге? деп сұрадық. Бұл қос қатпарлы атау, ол екі жақты да қанағаттандыруы тиіс екенін айтты. «Қызыл» - демек большевиктерге ұнайды, ал «Орда» - ұлттық атау. Демек, ол жақ та, бұл жақ та кінә арта алмайды. Бұл ұсыныспен келістік. Сұлтанбек Қожанов съезд төралқасынан кезектен тыс сөз алып ұсыныс жасады: бірінші ұсыныс Қырғыз республикасын Қазақ республикасы деп атау керек десе, екіншісі Ақмешіт қаласын Қызылорда деп атау жөнінде. Съезд екі ұсынысты да бірауыздан қабылдады» дейді.

- Бұл кісі сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорын жинауды алғаш рет  ұйымдастырған да қайраткер екен ғой?

1928 жылы Қ.Қожықовтың «Опроблемеоседлости казахов» атты кітабы жарық көрді. 

Қоңырқожа Қожықов Алматыдағы тұңғыш ұлттық мәдениет институты, өлкетану мұражайы мен өнер училищесінің ашылуына тікелей ықпал жасаған. Сол уақытта ол Қорқыт ата кесенесін, Қожа Ахмет Яссауи мазарын, Сауран, Отырар қалаларының орнын мемлекет қарауына алу туралы да бастаманы көтерген. Тарихи мұралар Атласын жасауға атсалысқан. 1935 жылы «Жетісудің ежелгі ескерткіштері» атты кітап шығарған. КСРО Ғылым Академиясының қазақ филиалында еңбек етіп жүріп С. Асфендияров пен  П.А.Кунтенің редакциясымен 1936 жылы жарық көрген «Прошлое Казакстана в источниках и материалах» жинағын құрастырушылардың бірі болды. 1938 жылы жылы тұтқындалғанға дейін ҚР Ұлттық кітапханасының Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар бөлімінде ғылыми қызметкер, ориенталист қызметін атқарып, сирек қорды толықтыру бағытында жұмыс жасаған. 1936 жылы кітапхана қорын сирек басылымдармен толықтыру мақсатында арнайы бригада құрылып, Түркістан, Сайрам, Қарабұлақ, Ташкент, Орал, Қазан қалаларына іс-сапар ұйымдастырылған. Сол іс-сапарға сол кездегі кітапхана директоры Б.М.Жұмабаев, Қ.Қожықов қатысқан. Сол іс-сапардың нәтижесінде 1936 жылы Қ.Қожықов  «Шахнаманың» шағатай тіліндегі нұсқасын мен Саураннан Қожа Ахмет Яссауидің шәкірті Сүлеймен Бақырғанидың «Хикмет Хазірет сұлтан әл-гарифин» қолжазбаларын іздеп-тауып тапсырған. 1938 жылы Алматы қаласында тұтқындалып, халық жауы деп атылған. Хрущев жылымығы кезінде 1957 жылы 23 желтоқсанда ол халық жауы деген жаладан толық ақталып шығады.

Жалпы жоғарыда келтірілген мәліметтерден кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі Қоңырқожа Қожықов қызметінің көрнісі қоғамдық-саяси жұмыстардан гөрі ғылыми-ағартушылық салаға көбірек ден қойғанын байқамыз. Өйткені әкімшілік аппаратын нығайтқан кеңестік тар-таптық жүйеде мемлекеттік маңызы бар салаларда жұмыс істеу әрине еш мүмкін емес-тұғын. Сондықтан, кеңес үкіметінің алғашқы жылдарындағы педагогикалық курс пен қазақ ағарту институтын ұйымдастырып дәріс берді.  Ғылым жолындағы ізденістері мен табыстары соның айғағы болып мәңгі қалды.

- Әйгілі «Қыз жібек» фильмінің режиссері Сұлтан Қожықов осы кісінің ұлы екен ғой?

- Қоңырқожаның үлкен ұлы Қожаахмет 1910 жылы Қызылорда да өмірге келген. Қазақтың ұлттық бейнелеу өнерінің қарлығашы, 1953 жылы Алматыда қайтыс болды. Екінші ұлы Құлахмет 1914 жылы Түркістанда туып, 1986 жылы Алматыда қайтыс болған. Белгілі театр, кино суретшісі, графикші. Үшінші ұлы Нұрахмет 1916 жылы туылып, 1990 жылы Алматыда қайтыс болған. Скульптор-монументалист. Қ.Қожықовтың сүт кенжесі Сұлтанахмет 1923 жылы Таразда туып, 1988 жылы Алматыда дүниеден озды. Атақты кинорежиссер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Қыз-Жібек» фильмінің қоюшы режиссері болды.

Бұл кісі жайлы әлі де көп зерттелуі керек деген ойдамын.

Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы ғалым Қоңырқожа Қожықовтың қоғамдық-саяси және ағартушылық қызметін сол кездегі әлеуметтік үдерістермен байланыстыра отырып жан-жақты ашып көрсетіп, шығармаларын жарыққа шығару қажет. Ол үшін Қоңырқожа Қожықовқа қатысты Өзбекстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты мен, Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты қорларындағы құжаттармен жан-жақты танысып, ғылыми негізде  үлкен саралау жұмысын жүргізу керек.

- Әңгімеңізге көп-көп рахмет.

 

 


 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?