Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тұңғыштар. Қазақ боксының атасы

2849
Тұңғыштар. Қазақ боксының атасы  - e-history.kz
Шоқыр Бөлтекұлы туралы деректер тым аз, қазақ боксының атасы туралы жай оқырман түгілі, оның ісін жалғастырушы боксшылардың өздері көп біле бермейді

Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында біз бұған дейін жиналған қолымыздағы ақпараттарды жариялаймыз. Қазақстан боксы қазіргі әлемдік рейтинг бойынша алдыңғы қатарда. Бокс державасына айналып келеді. Мұндай мерейлі сәтке жету жолында қазақтың сүйікті перзенті Шоқыр Бөлтекұлының сіңірген еңбегі өлшеусіз. Себебі «қазақ жеріне бокс қолғабын әкелген» деген теңеу осы кісінің есімімен тікелей байланысты. 

Шоқыр Бөлтекұлы бұдан 100 жылдай уақыт бұрын, яғни 1916 жылдың 29 қазанында Маңғыстау облысының Жармыш ауылына қарасты Сарқауақ деген жерде дүниеге келген. Оның есімі тұмсығы тасқа тимей қайтпайтын бекіре тұқымдас шоқыр атты балықпен орайлас қойылған. Қарт Каспийдің жағасындағы балықшы әулетінде өмір есігін ашқан оның балалық шағы бақытты бола қоймады.

 

2b9615f13784dd08962eb9409a13d1dc.jpg

Шоқырдың жас кезіндегі фотосуреті 

Әке-шешесінен ерте айырылған Шоқыр сол бір қиын-қыстау шақтарда туған қарындасынан да көз жазып қалады. Ашаршылық нәубеті қарсаңында Форт-Шевченкодағы балалар үйіне тапсырылып, сонда өсіп ер жетеді. Кейін таудай талабының арқасында Киевтегі Көркемсурет академиясын және Дене тәрбиесi институтын бітіреді. 

Бокспен 1936 жылдан бастап айналысып, өзінің соңынан шәкірттер ерткен. Сол уақытта құрылған «ТЕМП» спорт қоғамының қабырғасында өзі де бокс қолғабын киіп үйрене бастайды әрі өзгелерге де үйретеді. Бокс спортының тарихында бұл қоғам кейін кең өріс алып, «Динамо», «Спартак», т. б. аталып үлкен кеңістіктерге шығады. Алғаш рет 1937 жылы Алматы қаласында бокстан ел біріншілігін ұйымдастырып, қазақ боксының тарихын бастап береді. 

 

3f3d024408af602a93f448a77cba4961.jpg

Өмірінің жігіттік шағы соғыс уақытымен сәйкес келіп, майдан алдында «Жанкештілер мектебіне» (Смерш школ) қабылданған. Бұл туралы өзі және оның өмірін зерттеуші спорт журналистері жазбаса да, кейінгі кездері әкесі туралы естеліктерді Тоты Шоқырқызы баяндап берген. Бұл кісінің баяндауы бойынша, көптеген құнды деректерді, әсіресе батыр өмірінің қалтарыс тұстарын, суретшілік қабілетін, жадысының, зердесінің мықты болғанын аңғардық. 

1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, одан жараланып оралған соң, Алматы қаласында жаттықтырушылық қызметін жалғастырады. Ол еңбек еткен «Спартак» қоғамы ССРО чемпионатында топ жарып, қазақ жастары арасында бiрiншi болып спорт шеберi деген дәрежеге жеттi. Шоқыр Бөлтекұлы тәрбиелеп, баптаған 800-дей шәкірттің ішінде Е. Хасанов, А. Үсенов, Н. Титов, Махмұт, Махсұт Омаровтар, Х. Ахметов, Ә. Нұрмаханов, С. Әбдiнәлиев, Виктор, Владимир Каримовтар, А. Құлыбаев секiлдi талантты шәкірттері республикадан тысқары аймақтарда мәлім болды. Қазақстанның 3 дүркін чемпионы болған оның өзі рингке 223 рет шығып, соның 119-ын нокаутпен аяқтаған екен. 

 

52c85013042806307bd8a60f7c7576fd.jpg

Қытай еліне жасырын барған саяхаты үшін құқық қорғау орындарының аңдуында жүрсе де, ол қуғын-сүргінге ұшырап, лагерлерде жүрген жаттықтырушылар: неміс Кирштейн мен балқар Дәулеткерей Мулаевты түрмеден босатып, Алматыға әкеліп жаттықтырушы қызметіне орналасуына көмектесіп, азаматтық танытқан. Шоқыр соғыстың кезінде фамилиясына «ұлы» деп жаздыртқан. Тегін ұлы деп жаздыртқаны үшін талай жеңілдіктерден айырылып, сан мәрте соққы жеген. Кабанов деген тергеушімен сөзге келіп қалғанда «Себебі мен қабанның емес, Бөлтектің ұлымын» деп жауап бергені аңыз сияқты тарап кеткені болмаса, бұл өмірде болған оқиға. 

Шоқырдың талантты жан болғанын дәлелдейтін ерекшеліктердің бірі – суретшілігі еді. Бакудегі сурет училищесін тәмамдай алмаса да, қабілетінің арқасында салған суреттерімен де айналасын тамсандырған. Атақты жазушы Бейімбет Майлин басқа емес, осы Шоқыр атамызға қолқалаумен, татар жазушы Ғабдолла Тоқайдың суретін арнайы салдыртыпты. Сондай-ақ қазіргі Ғ. Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының фойесі, М. Горький атындағы демалыс паркінің аллеясы атақты боксшының суреттерімен безендірілген. Екінші бір қыры – 1940 жылдардың ортасынан бастап «Социалистік Қазақстан» секілді іргелі басылымдарға спорт теориясы мен практикалық нәтижелері, жаттықтырушы әдістері мен баулыған шәкірттерінің шеберліктері хақында түрлі жанрда материалдар жазып отырған. Ал үшіншісі – әдеби батырлық дастандарды жатқа айтуы. Белгілі қаламгер, спорт журналисі Сейдахмет Бердіқұлов «Бастау барын мұхит та біледі» деген мақаласында Шоқырдың әйгілі 1899 жолдық «Ер Қосай» жырын көз алдында зулата жөнелгенін сүйсініспен жазады. 

Атақты боксшының жары Нұрсұлу Тапалова – қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы балерина. 1936 жылдан Қазақ академиялық опера және балет театрында соло-биші болған Нұрсұлу Тапалова 1947 жылы Қазақ ССР еңбек сіңірген артисі атағын 24 жасында алған. 

 

97397c63f84e1fb4b617589b84cef5ac.jpg

Заманында Б. Момышұлы, Б. Майлин, Ш. Айманов, К. Кенжетаев және басқа да ұлт қаймақтарымен араласып-құраласқан Шоқыр атамыздың аңызға бергісіз ақиқат өмірі туралы С. Төребеков, С. Қаратаев, Ө. Жолымбетов, Ә. Нұрмаханов, Б. Манкенов, Ә. Бимағамбетов, т. б. естеліктер жазды. Бүгінгі күні журналист Б. Берікұлының бастамасымен республикалық «Шоқыр» спорттық-танымдық журналы екі айда бір рет жарияланып тұрады. 

 

7fe827afba94742cca61cf17476f1633.jpg

Шоқыр Бөлтекұлы 1994 жылдың 6 сәуірінде Алматы қаласында қайтыс болды. Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңіне тап келген оқыс оқиға салдарынан даңқты боксшының денесі жер қойнына үш күндей кеш тапсырылды дейді сол қайғының ортасында болған жанашырлары. 

Шоқыр Бөлтекұлының елін шексіз сүйген ұлтшылдығы, асқан патриоттығы, өте қарапайымдылығы, қолы ашық жомарттығы, тағдырдың талай тауқыметін көрсе де қайыспаған қайсарлығы – қазір бәрі жыр-аңыз. 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?