Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қоқиқазды Қорғалжын

2822
Қоқиқазды Қорғалжын - e-history.kz
Ақмола өңіріндегі туристік аймақтардың бірі – Қорғалжын өңірі. Бұл өңір көркем табиғатымен ғана емес сырға толы тарихымен, тарихи орындарымен де танымал

Қорғалжын ауданында көне мазарлар өте көп. Сақ және көне түрік дәуіріне тән барлығы оншақты нысан бар екен. Солардың ішінде Батығай (ХІІІ-ХIV ғ.) мазары, Қаныкей (XVI-XVII ғ.), Әліптомар (XIX ғ.) және Беспақыр (XIX ғ.) секілді кесенелерді айтуға болады.

Батығай кесенесі Қорғалжын қаласының іргесінде ағып жатқан Нұра өзенінің сол жақ жағасында жатыр. Бұл жерде кезінде айналасы жанға, мыңғырған малға толған өркениетті Батығай және Татығай деген қалалар болған. Өкінішке қарай бұл қалалардың бізге бір сілемі ғана жетіп отыр. Сол Батығай қаласы өз заманында атақты Тәуке ханның ордасы болған. Бұл жерде Ұлы Жібек жолымен жүретін көптеген керуен жолдары түйісетін болған.

Батығай қаласын зерттеп алғаш картаға түсірген Тәуке ханға Ресейден келген елшілер Ф. Скибин мен М. Трошин еді. Олар 1694 жылы қаланың көркіне таң қалып, 20 парақтан тұратын карта-құжат жасап оны «Қазақ ордасының картасы» деп атаған. Сонымен қатар, Батығай туралы деректерді Императорлық ғылым академиясының алқалық кеңесшісі Петр Рычковтың 1762 жылы жариялаған еңбектерінен де кездестіруге болады: «Батығай – Қорғалжын көліне құятын Нұра өзеніндегі қырғыз-қайсақ ордасындағы ұлы қаланың орны. Бұл қала өзеннен шамамен он шақырым жерде орналасқан. Бұл жерден сарай түріндегі төрт бұрыштыалып құрылыстар көп.  Сонымен қатар, бір мешіт пен көптеген қираған тас құрылыстарды көруге болады». Одан басқа да осы өңірде Сұлу там, Сырлы там, Хан сүйегі, Бозақ секілді қалалар болған екен.

Қаныкей мазары

Тарихшылардың айтуынша, бұл жерде XVII-XVIII ғасырдағы қазақ-жоңғар соғысы кезінде жаудың қолында қаза болған қазақтың батыр қызы Қаныкей жерленген. Жұрт аузындағы аңыз бойынша 15 жасар Қаныкейдің құралайды көзге атқан қырық нөкері болыпты. Бұл мерген қыздар соғысқа тікелей араласпай жебе жетер жерден жаудың қолбасшыларын көзден атып, қалмақтарды көп шығынға ұшыратып отырса керек.

Қол бастайтын батырлары бірінен соң бірі ат жалын құшып жатқан соң, қалмақ ханы арнайы жасақ құрып, қырық қыздан тұратын мергендер тобын біржола құртуды көздейді. Сай тасындай іріктелген жүз жігіттен тұратын жау жасағы соғыстың бір қызған кезінде қазақ қолын айналып өтіп, мерген қыздарға тұтқиылдан тарпа бас салады. Күтпеген жерден тап берген жауға қыздар жасағы қарсылық көрсетіп, оңайшылықпен алдыра қоймайды. Дегенмен, саны көп жау жасағымен қоян-қолтық ұрыс барысында Қаныкей қыздың аты жау найзасынан ауыр жараланып, иесін жаяу қалдырады. Қазақ қызына тән қайсарлықпен жауға ұмтылған Қаныкейдің өліспей беріспейтініне көзі жеткен қалмақтар, өжет қызды садақпен атқылап мерт қылады. Жау әскерінің айналып өткенін біліп жеткен қазақ қолы Қаныкейдің кегі үшін қалмақтарды бірін де қалдырмай жер жастандырады. Қазақ елінің намысы жолында жанын берген Қаныкей қызды арулап, батырға лайық құрметпен жер қойынына тапсырады. Басына биік қылып саз балшықтан зират көтереді. Бұл мазардың да бізге мүжілген бөлшегі ғана жетті. Зерттеушілердің айтуынша, нысан XVIII ғасырдың аяғы XIX ғасырдың басында салынған.  Нұра өзенінің оң жағалауында Өркендеу кентінен солтүстікке қарай 4 шақырым жерде жатыр.

Әліптомар мазары

Жиырмасыншы ғасырдың басында салынған ғибадаттық сәулет ескерткіші. Биіктігі алты метр сфералық күмбезді  дөңгелек ғимарат. Көнекөз қариялардың айтуынша, мазар он саусағынан өнері тамған Әліптомар атты шебердің құрметіне қойылған. Тағы бір деректерде сол өңірге аты шыққан атақты Құспек байдың ұлы Балтабайға арнап салдырғаны айтылады. Әліп сол мазарды салған шебердің аты болса керек.

Беспақыр мазары

Он тоғызыншы ғасырда салынған. Биіктігі үш метрге жуық. Сақиналап қалау әдісімен саз балшықтан салынған. Есік ойығы шығысқа бағытталған және бұрыштап қалаумен безендірілген. Жалпы  көлемі 30х22(23)х10 см және 50х25х10 см шикі өңделген кірпіштен қаланған. Кіру есігі көлемі күмбезінің үстіңгі бөлігі опырылған, кіру аркасының жан-жағындағы қабырғада бұзылған жерлері бар. Күмбезді есігі бар саған түрінде орындалған мазардың өзгешіл түрін сипаттайды. Екі бөлмелі композиция көлденең осінде шығыстан батысқа қарай созылған. Шағын көлем пропорциялары қасбет қабырғаларының бірқалыпты формаларымен ерекшеленеді. Шығыс жағындағы аласа екі тірек аралығының доға тәрізді жабыны бар есік диаметрі 2,8 м сопақ бөлменің ішіне апарады, ал шығыңқы кірпіштен қаланған күмбезбен жабылған. Есік осі бойынша - диаметрі 6,5 метр, қабырғаларының биіктігі 3 метр саған түріндегі негізгі дөңгелек бөлімге апаратын аласа екі тірек аралығының доға тәрізді жабыны бар ойық (Ақмола облысының тарихи және мәдени мұрасы. Ескерткіштер жиынтығы. Алматы, 2008.).

Ақ Еділ қожа мазары

Аталмыш нысан Қорғалжын ауданына қарасты Жұмай ауылында жатыр. Кесене Еділ қожа атты ислам дінін таратушы адамның құрметіне тұрғызылған. Сонымен қатар, бұл кесенені Жалмағанбет қажының мазары деп білетіндер де бар. Олардың айтуынша, Еділ қожа (негізгі есімі Ақ Еділ деп аталыпты) Жалмағанбет қажының ұлы болып келеді. Мазар ХІХ ғасырға жататын ірі діни сәулет өнерінің туындысына жатады. Бұл дөнкелекше келген мазар өзіміздің киіз үй сияқты тұрғызылған. Биіктігі бес метрге жететін мазардың жалпы көлемі 7,8х7,6 метр. Шығыс тұстан бөлмелерге қарай кіретін биіктігі үш жарым метрге жететін тік бұрышты есік бар.

Жәнібек-Шалқар кесенесі

ХV ғасырда тұрғызылған бұл кесені Қорғалжын ауданында орын тепкен. Бұл тарихи ескерткішті салу үшін кезінде Орта Азиядағы ең мықты шеберлер мен қолөнершілер шақырылған делінеді. Сондай-ақ, ескеркішті тұрғызу үшін арнайы пештер дайындалып, 50 мың кірпіш күйдірген деген деректер айтылады. Кесенің орнынан табылған материалдар Қожа Ахмет Яссауидің кесенесінде қолданған тақташаларға өте ұқсастығымен ерекшеленеді. Кесене  порталды-күмбезді үлгіде салынған. Алдыңғы бөлігі зерленген тақта, өсімдіктер мен геометриялық өрнектермен қиыннан қиыстырылып оюланған. Сондай-ақ, кесене сол кездегі ақсүйектердің ғана шамасы жететін полихромды жапқышпен көмкерілген.

Мұндай көне ғимараттардың қатарында аталып жүрген тағы бір тарихи нысан бар. Ол – қазақ жігіті Дүйсен (Дудар) мен орыс қызы Мәриямның құрметіне қойылған «Дударай» стелласы. Қос ғашықтың махабатына арналған бұл ескерткіштің іргесі 1980 жылы қаланған. Ескерткіш Қорғалжын ауылына кіре берісте орналасқан.

Сонымен қатар бұл өңір Қорғалжын мемлекеттік табиғат қорығымен де ерекшеленеді. Қорғалжын қорығы Астана қаласының оңтүстік-батысына қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Қорықтың басты мақсаты – табиғи комплексті қорғау және табиғатты аялау ниеттерін халыққа жеткізу. Қорықтың жалпы ауданы 259,9 мың гектарды құрайды, оның 198 мыңы акватории. Мұнда 340 түрлі құс түрі мекендейді. 126 құс түрі ұя басып балапан өргізеді. Қорық аумағындағы Теңіз және Қорғалжын көлдерінен өте сирек кездесетін құстар түрін көруге болады.

Өсімдіктің де сан түрі өседі. Табиғат зерттеуші мамандардың дәйектері бойынша мұнда өсімдіктің 500-ге жуық түрі бар. Олардың ішінде кейбірі ерекше қорғауға алынған. Солардың бірі – Қызғалдақ гүлдері. Табиғаттың, даланың органикалық тепе-теңдігін сақтауға әсер ететін қызғалдақ гүлдерін қорғау және көбейту мақсатында қорық аумағында «Қызғалдақтар фестивалін» ұйымдастыру дәстүрі қалыптас­қан.

Қорғалжын қорығының басты байлығы – қоқиқаздар. Айрықша сұлулығымен ерекшеленетін қоқиқаздар Африканың шығыс-батысынан, Иран, Үндістан және Пәкістан елдерінен ұшып келіп, осында ұя басып, балапандарын қанаттандырып, қара күздің салқыны түсе бергенде келген жолдарымен жылы жаққа бет түзейді. Жыл сайын бұл жерде «Қоқиқаздар фестивалі» өтіп тұрады.

Өкініштісі, табиғат қорғаушы мамандарының айтуынша, ертеректе Теңіз көліне келіп қонатын қоқиқаздар саны 100 мыңнан асып жығылатын болса, соңғы жылдары 25-30 мыңнан аспайтын болыпты. Бұған басты себеп ретінде Азия құрлығындағы кейбір елдерде орын алатын әскери іс-қимылдар аспан кеңістігіндегі құстардың миграциялық жолдарын тарылта түскен.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?