Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Коммунарка» қабырғасындағы қара дақ

2325
«Коммунарка» қабырғасындағы қара дақ - e-history.kz
ХХ ғасырдың алғашқы жартысында ССРО аумағында көптеген ату полигондары болған

Сондай полигондардың ішіндегі ең танымалы болған «Коммунарка» арнайы объектісі, бұл жерде өлім жазасы ату арқылы жүзеге асырылды. Мұрағаттардағы дереккөздерге сәйкес советтік Ресей империясының соңғы жылдарында «Коммунарка» арнайы объектісінің аумағында Мәскеу қаласының жанында тұрған эстондықтардың, латвиялықтардың және ингерманландтықтардың қолымен салынған усадьба болған. Қазан революциясы аяқталып, совет үкіметі орнасымен усадьбаның қожайындары жер аударылды да, 1930-шы жылдары усадьба чекистердің қолына өтті.

Усадьбаның жанында көршілес орналасқан ОГПУ-дің қосалқы шаруашылығына ұқсас етіп НКВД қызметкерлері усадьбаға «Коммунарка» деген атау береді. Усадьба мемлекет меншігіне өткізілгеннен кейін, оның орнында ОГПУ-дің төрағасы Генрих Ягоданың жеке саяжайы салына бастағанын Ресей Федерациясы ФСБ-ның (Федералдық Қауіпсіздік қызметі) Орталық мұрағаты ұсынған құжаттар көрсетеді.

Усадьбаның қалай қатаң күзетілгені туралы «Коммунаркаға» жақын жерде тұрған тұрғындардың естеліктері сақталған: оның жанында мал жаюға және қоршауға жақын келуге тыйым салынған. ССРО НКВД халық комиссарының жиені В.Знаменская «Коммунарка» Г. Ягода мен оның отбасының жеке меншігі болған жоқ дегенді айтады.

Оның естелігі бойынша усадьба халық комиссарының жоғары басшылықпен кездесуге арналған қала сыртындағы резиденциясы болған. «Коммунаркаға» жақын жерде ату жазасына кесілген тұтқындар легін сыйдыра алмай жатқан Бутов полигоны жұмыс істеп тұрған1937 жылғы 28 наурызда Генрих Ягоданың тұтқындалуы оның ізбасары Николай Ежовқа бұрынғы халық комиссарының саяжайын ату полигоны ретінде қолдануға мүмкіндік берді. Н. Ежовтың жазбаларында халық комиссарының «Ягоданың саяжайы чекисттерге берілсін» деген бұйрығы да сақталған.  

Ягоданың саяжайын НКВД қажеттіліктеріне қарай жабдықтау 1937 жылдың 2 қыркүйегіне қарай аяқталады. Осы күннен бастап «Коммунарка» ССРО НКВД-ның арнайы объектісі деген атауға ие болып, оның қабырғасында мемлекеттің жоғары басшыларын ату жүргізілді. ССРО азаматтарынан басқа бұл жерде Болгария, Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Польша, Румыния, Түркия, Финляндия мен Франция Коминтерн басшылары, сонымен қатар 1941 жылдың шілдесінде атылған Моңғолияның саяси элитасының көпшілігі осы жерде жерленген.

ССРО Жоғарғы Сотының Әскери коллегиясының үкімі шығарылғаннан кейін Совет Одағының жоғары лауазымды тұлғалары бірден «Коммунарка» арнайы объектісінің ату полигонына әкелінетін. Қырымдағы жаппай өлім жазасын ұйымдастырушысы Бела Куннің, Саяси бюро мүшелері Николай Бухарин мен Алексей Рыковтың, Я. Свердловтың жиені, Г. Ягоданың әйелі Ида Авербухтың, одақтас жеті республиканың бірінші хатшыларының, обкомдардың жиырмадан астам басшыларының, екі жүзден астам чекистердің және тағы басқылардың соңғы көргендері де осы «Коммунарканың» қабырғалары.

«Коммунарка» арнайы объектісінде РСФСР ХКК төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов та ажал құшқан. 1937 жылдың мамырында Т.Рысқұлов отбасымен бірге Кисловодскіге демалысқа келеді, ал 21 мамырда НКВД қызметкерлері келіп Тұрар Рысқұловты тұтқындап, «ұлтшыл», «түрікшіл» деген айып тағады. Түрмеге жабылған 8 айдан кейін Сталин, Ворошилов, Каганович және Молотов оны ату туралы бұйрыққа қол қояды. Оның қысқа ғұмыры 1938 жылдың 10 ақпанында «Коммунарка» ату полигонында қиылды.

1938 жылғы 29 тамызда ату полигонында Қазақ ССР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Ораз Исаев атылады. Ораз Исаев 1936 жылғы 5 желтоқсаннан 1938 жылғы 31 мамырға дейін Қазақ ССР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы лауазымын атқарған. 1938 жылдың мамырында ол Мәскеуге шақыртылып, сол жерде тұтқындалып, сол жылдың тамыз айында атылған.

Оның өлімі туралы тіпті аңыз да болған, ол И. Нұрмағамбетұлы «Казахстанская правда» газетінде (2010 ж. 12 ақпан) былай дейді: «Сталин Ежовтан: «Исаев қайда? Көптен бері көрмей жүрмін ғой» деп сұрайды, оған Ежов ату туралы бұйрыққа өзі қол қоя тұра «Автокөлік апатында қаза тапты» деп жауап береді. Сталин басқа сұрақ қоймайды».

ССРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті өкілі Нәзір Төреқұлов одақтас Қазақ Республикасының көрнекті тұлғасы болған адамның бірі. Ол төрт жыл (1932-1936) Меккеде дипломатиялық қызметте болған. 1936 жылдың басында ол Мәскеуге шақыртылып, Мәскеудегі Шығыс халықтарының тілдері мен жазуы институтында және БКП (б) ОК-де жұмыс істейді. 1937 жылдың 15 шілдесінде Н. Төреқұлов тұтқындалып, революцияға қарсы әрекет етті деген айып тағылады. 1937 жылғы 3 қазанда Жоғарғы Соттың Әскери комиссиясы оны ату туралы үкім шығарып, ол сол сәтте орындалады. Н. Төреқұловтың өлімі туралы хабар Сауд Арабиясының королін қатты толқытқаны сонша, ол ССРО-дан басқа өкілетті өкілдерді қабылдаудан бас тартып, ССРО мен Мекке арасындағы дипломатиялық қатынас үзіледі.

Тарихшылардың бағамдауы бойынша «Коммунарка» арнайы объектісінің аумағында 11 400-ге тарта адам жерленген, ал 2010 жылғы жай-күй бойынша мемориалдық кітаптарға 1937 жылғы 2 қыркүйек пен 1941 жылғы 16 қазан аралығында атылғандардың 4 527 қысқаша өмірбаяндық анықтамасы мен 2 187 фотосуреттері енгізілген. Мұндай ату полигондарры қатты күзетілген.

Кейінгі жылдары арнайы осындай полигондар үшін куратор лауазымдары әзірленіп, оған полковник лауазымындағы сенімді тұлғалар тағайындалған. Олардың міндеті – аумақтың сақтығын қамтамасыз ету.

Қазір «Коммунарка» аумағында мемориалдық зират орналасқан, алайда бүкіл аумақ мәскеу патриархиясының иелігіне берілген, бұл өз кезегінде жерлеу орындарын толыққанды зерттеуге қиындық туғызады.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?