«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қазақстандағы ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру мен қазақ шаруаларын отырықшыландыру

34188
Тәуелсіздігімізді алғаннан бері халқымыздың басынан кешкен зұлматты кеңестендіру жылдарының ақиқаттарын ашық айтуға мүмкіндік алдық.

Тәуелсіздігімізді алғаннан бері халқымыздың басынан кешкен зұлматты кеңестендіру жылдарының ақиқаттарын ашық айтуға мүмкіндік алдық. Тарихшы ғалымдарымыз, зерттеушілеріміз бен ізденушілеріміз, ұжымдастыру кезеңіне бірқатар құнды — құнды зерттеулер жасап, осы зұлматтың ақиқаттарына жету үшін жан — жақты ізденістер жасауда. Сол зерттеулердің әсерінен көптеген шындық беті ашылуда. Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі даму жолымен келе жатқан қазақ ауылы, осы ауылдың тіршілік көзі болған мал шаруашылығын күйрету 1925 жылғы қыркүйек айында Қазақ өлкелік партия комитетіне Ф.И. Голощекиннің жауапты хатшы қызметіне келуімен тығыз байланысты.

Кеңес үкіметінің негізгі мақсаты жеке меншіктегі ұсақ шаруашылықтардың басын қосып, қоғамдасқан ортақ шаруашылық құру еді. Басқаша айтқанда, шаруаларды кооперациялау болып табылады. Осы кезге дейін партияның ХV сьезі (1927 жылдың желтоқсаны) ауыл шаруашылығын ұжымдастыру сьезі, деревняны ұжымдастыруға бағыт сілтеген сьезд аталып келді. Ал, шындығында сьезд тек ұжымдастыруға ғана емес, кооперацияның барлық түрлерін қалыптастыра дамыту керек деп нұсқаған. Кулакты тап ретінде жою мәселесінде де сьезд: бұл іс бірте—бірте жүргізіліп, онда да кулак шаруашылығы зорлықпен емес, керісінше, экономикалық әдістермен жойылатын болсын деген. Осының бәрін сьезд жалпы әлеуметтік — экономикалық өзгерістер шеңберінде тындырылатын көп міндеттің бірі ретінде атап көрсеткен. Бірақ сьезден кейін партия, үкімет басшылары ұжымдастыру мәселесін даралап алға шығара бергені шындық. Ұжымдастыру Қазақстанда өте тез қарқынмен жүргізілді. 1929 жылдың 1 қазанынан 1930 жылдың 1 қаңтары аралығында 100 мың кедей және орташалардың шаруашылықтары ұжымдастырылды [1, 4 б.]. Саяси және экономикалық сипаттағы ұжымдастыру науқанын тез арада жүргізу үшін шаруашылықтарды жаппай ірілендіру басталды. Кулактар мен байларды тап ретінде жерлерінен қуып, ұсақ шаруалар шаруашылықтарын бір—біріне қосып, ірілендіріп, ұжымдастырды және егіндік жерлердің мөлшерін кеңейтті.

Қазақстандағы жаппай ұжымдастырудың тез қарқынмен жүруі шаруалардың өз еркімен болмай, күштеу, зорлау, жазалау әдістері арқылы жүзеге асырылып отырды. Ауқаттының малын еріксіз ортаға алып, енді жекешенің күн көрісіне жарап отырған азын — аулақ малды да сыпыра бастады. Сол тұста «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын», «Қайдан тапсаң одан тап — қаптың түбін мықтап қақ» деген ұрандар тарады. Зорлаумен ортаға түскен мал күтімсіздіктің салдарынан жаппай қырыла бастады. 1929 жылы 1 қаңтардағы архив құжаттарындағы мәлімет бойынша 47 миллионға жуық мал болса, 1934 жылы 1 қаңтарда не бары 4,5 миллионы қалды [2, 170 б.]. Жаппай ұжымдастыру саясатын жүргізу Қазақстан шаруашылығы үшін орны толмас қайғылы оқиғаларға алып келді. Оның шаруашылығының қалыптасқан құрылысын бұзды, елдің әлеуметтік — демографиялық дамуына өзгерістер әкелді. Көшпелілердің рухани — мәдени дамуына бөгет жасады. Басшылық көбінесе әкімшілік әдістермен жүргізілді. Ұжымдастыру принципін өрескел бұзушылық жаппай сипат алды.

1927 жылы желтоқсанда ірі бай шаруашылығын тәркілеу жөніндегі заң жобасын әзірлейтін арнайы комиссия құрылды. 1928 жылы наурызда Қазақстан Өлкелік комитетінің бюросы ол заң жобасын бірнеше рет қарап, нақтылады. Осы жылдың тамыз айында Өлкелік комитет тәркілеу науқанына тікелей басшылық жасайтын комиссия ұйымдастырды. Комиссияның төрағасы болып Е. Ерназаров тағайындалды, оның құрамына О. Исаев, Н. Нұрмаков, Г. Тоғжанов, О. Жандосов және т. б. кірді. 1928 жылдың 27 тамызында Орталық Атқару комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінде тәркілеу жөніндегізаң жобасы қабылданды.Республиканың барлық аудандарынатәркілеуді өткізу жөнінде нұсқаулар жіберілді. Заң бойынша малы, дүние—мүлкі тәркіленіп, өзі жер аударылуға тиісті ірі байларға: көшпелі аудандарда ірі қараға шаққанда400—ден астам малы бар,жартылай көшпелі аудандарда 300—ден астам малыбар, отырықшы аудандарда 150—ден астам малы барлар және бұрынғы сұлтандар мен хандардың ұрпақтарыжатқызылды [3, 35 б.].

1928 жылы тамыздың 30—да Қазақ АКСР ХКК—нің «Қазақстанның көшпелі, жартылай көшпелі және отрықшы аудандарын белгілеу туралы» арнайы қаулысы қабылданып, соған сәйкес аудандар белгіленді.Науқанды 1928 жылдың 1 қарашасында аяқтау жоспарланды, яғни бір ай ішінде бітіру керек деп шешті. Кейінірек ол тағы 10 күнге ұзартылды. 1928 жылғы 30 тамыздағы қаулыға сәйкес сонымен қатартәркіленгендерді жер аударуға тиісті аудандар да анықталды.

Тәркілеуге байланысты декретте әсіресе, көшпелі аудандардағы шаруа қожалықтарына деген қаталдық айқын болды. Осы көшпелі аудандағылардың малы тәркілеу мөлшерінен аз болған күннің өзінде де, егер бұл адамдар ауылда ықпалды болса, кеңестендіруге қауіпті элемент ретінде жер аударылуға тиіс болды. Тәркілеу туралы ереже бойыншажер аударылғандардың бәрі сайлау құқығынан айырылды.

Байларды тәркілеуді жүзеге асыру үшін комиссиялар құрылды. Уәкілдер бастаған комиссия мүшелері тәркілеу барысында кеңес үкіметінің нұсқауларын, яғни байларды тәркілеу туралы ережені өрескел бұрмалады. Ауыл белсенділері жоғарыдан келген уәкілдің қолдауымен тіпті ауқатты адамдарды да қыспаққа түсірді.

Республика көлемінде барлығы 696 «бай—феодалдар» тәркіленді. Қазақ қоғамында ірі байлардың көп болмағанын осы 1928 жылғыжүргізілген тәркілеу барысы мен оның нәтижелері көрсетіп берді. Алдын—ала жасалған жоспар бойынша үкімет жоғарыдағы байлардан 225972 бас малды тәркілейміз деп үміттенген еді. Бірақ үміт ақталмады, барлығы 144474 бас мал ғана тәркіленді: бұл белгіленген жоспардың 64%—і ғана. Оның себебі алдын—ала жасалынған малдың есебі дұрыс емес еді.Қазақстан басшылығы кейіннен оны мойындауға мәжбүр болды. Барлық тәркіленген малдың 10,2%отрықшы аудандардан, 83,3% жартылай көшпелі аудандардан және 6,5% көшпелі аудандардан еді. Тәркіленген малдың 118919 басы жекешаруашылықтарға (74,3%) және колхоздарға (25,7%) таратылып берілді. Тәркіленген малдар негізінде жаңадан 292 колхоз құрылды [4, 7 б.]

Көптеген қазақ партия—кеңес қайраткерлері тәркілеуге қарсы шықты. Олар қазақ қоғамынның экономикалық деңгейінің төмен екенін, сондықтан да әлеуметтік сілкіністерге бармай, ауқатты шаруа қожалықтарына салық мөлшерін көбейту шаралары арқылы реттеуді ұсынды. Ал большевиктер болса бұл пікірлерге құлақ аспай, таптық принциптерінен ауытқымай, сол мақсатқа жету жолында күшпен тәркілеу идеясын жүзеге асырды. Қазақ байларын тәркілеу Қазақстандағы күшпен ұжымдастыру саясатының бастамасы болды. Байларды тәркілеуден қазақ кедейлері материалдық жағынан да, рухани жағынан да ештеңе ұтқан жоқ. Керісінше, байлардың малын тәркілеу «қайыршыланған» ауылдар халқының өсуіне әкелді. Қазақстандағы ауқатты шаруа қожалықтарын тәркілеу мал шаруашылығының даму қарқынын тежеді.

1930 жылы 5 қаңтарда БК(б)П Орталық Комитеті «Ұжымдастыру қарқыны және мемлекеттің колхоз құрылысына көмек шаралары туралы» қаулы қабылдады.Қаулыда Орталық комитет жаппай ұжымдастыруды жүзеге асыру үшін елдің аудандарын үш топқа бөлді: Бірінші топқа осы ұжымдастыруға белгілі мөлшерде даяр деп есептелінген таза астықты аудандар жатты. ОларғаОрта және төменгі Волга, Солтүстік Кавказ аудандары кірді. Ол аудандардашаруа қожалықтарын социалистік жолмен қайта құруды 1931 жылдың көктемінде аяқтау белгіленді; Екінші топқаелдің Украина, Орталық қара топырақты облыстар, Сібір, Орал, Қазақстанныңастықты аудандары жатты.Бұл аудандарда ұжымдастыруды аяқтау мерзімі бір жылға ұзартылды, яғни шаруа қожалықтарын ұжымдастыруды1932 жылдың көктемінде аяқтау қажет болды; Елдің бүкіл басқа өлкелері мен облыстары үшінші топқа енді. Бұл жерлерде шаруа қожалықтарын ұжымдастыруды 1933 жылдың көктемінде, яғни бірінші бесжылдықтың аяғына қарай аяқтау жоспарланды. Көшпелі қазақ ауылдары осы үшінші топқа жатқызылды.

Алайда Қазақстанда ұжымдастыру елдің басқа аймақтарымен салыстырғандабаяу жүргізілуі тиіс деген пікірге Ф.И.Голощекин мүлде қосылмады. Ол Қазақстанның кенже дамыған аймақ екеніне қарамай,ұжымдастырудың жоғары қарқынын мақтаныш етті. ГолощекинЖер халық комиссариатының комиссары Яковлевке (ол Бүкілодақтық ауылшаруашылық ұжымдары кеңесінің төрағасы) және РКФСР ХКК төрағасының орынбасары Т. Рысқұловқа жібергенжеделхатында 1929–1930 жылдары республикада ұжымдастырудыкүшейту үшінжоспардың қайта қаралғанын,сөйтіп 1930 жылдың күзіне қарай ұжымдастырумен 350 мың шаруашылықтыңқамтылатынынкөрсетті. Осыған байланысты бүкіл республикадағы ұжымдастыру жоспары қайта қаралды [5, 9 б.].

Қазақстанда 1928 жылы шаруа қожалықтарының тек 2 проценті ғана ұжымдастырылса, 1930 жылы50 проценті, 1931 жылдың қазанында 65 проценті ұжымдастырылды, яғни ұжымдастыру қарқыны жеделдетілді. 1931 жылы республикадағы 122 ауданның 78 ауданында ұжымдастырумен 70—тен 100 процентке дейін шаруа қожалықтары қамтылды [6, 302 б.].

Алайда ұжымдастыруды жүзеге асыру барысындажіберілген зорлық—зомбылықтар Орталық Комитеттің 1930 жылы 14 наурызда қабылдаған «Колхоз қозғалысындағы партия бағытын бұрмалаушылықпен күрес туралы» қаулысында партия бағытын бұрмалаудеп қана бағаланды. Большевиктік орталық билік ауыл шаруашылығында жүргізіліп жатқан шаралардың бәрін дұрыс деп есептеп, кемшіліктерді жіберіп отырғандармен күресу қажет деді. Ол кемшіліктердің жалпы жүргізіп отырылған саясаттың қателігінен екендігі, яғни үкіметтің шешімдері мен солақай нұсқаулары нәтижесінде болып жатқаны мойындалмады.

Күштеп ұжымдастыру науқаны кезінде ауылда әлеуметтік жіктеу саясаты өте жоғары қарқынмен жүргізілді. КСРО ОАК мен ХКК—нің 1930 жылы 1 ақпанда қабылдаған «Жаппай ұжымдастыру аудандарындағы ауыл шаруашылығын социалистік қайта құруды нығайту және кулактармен күрес шаралары туралы» қаулысынегізінде ауқатты шаруа қожалықтарына қарсы ашық террор басталды.Шаруа қожалықтарынан бай—кулактарды бөліп алып,оларды тап ретінде жою жүзеге асырылды. Бай—кулактарды үш топқа бөліп жазалады. Бірінші топқа контрреволюцияшыл белсенділер жатқызылды. Ондай топқа енген шаруалар бірден тұтқындалып, олардың ісі сотқа берілді. Екінші топқа ірі кулактар жатқызылды. Бұл топқа енген шаруаларды да бірден ұстап, солтүстікке немесе жаппай ұжымдастыру аудандарынан алыс аудандарға жер аударды. Ал, үшінші топқа кулактар отбасылары жатты. Оларды сол ұжымдастыруаудандарындағыколхоздар бөлген жерлергеқоныстандырды.

Енді осы шаралардың жүзеге асырылуы барысында жазалануға белгіленген топтармен қатар сол үкім шығарылып, жазаға тартылғандарарасында орташалар,тіптен кедейлер деболған. 1928–1929 жылдарда бай—кулактар есебіне алынып жазаға тартылғандар, яғни қудаланғандар есебі 54 625 болды.1931 жылы 5500 шаруабай—кулак ретінде аласталды. Ал енді 1928 жылғы тәркілеу кезіндегі қазақ қоғамындағы бай—феодалдар саны тек 696 ғана болғанын ескерсек, бұлардың да кімдер екені белгілі. Бұл сандарды нақты деп айту қиын, себебі жауапқа тартатын органдардың саны өте көп болды. Мысалы, 1932 жылы Юстиция Халық Комиссары өзінің өте құпия хатында барлық жауапқа тартылғандардың бар болғаны 37,3 проценті кулактар екенін, ал қалғанықатардағы еңбекшілер екенін мойындаған [7, 36 б.].

Қазақ байларын тәркілеу Қазақстандағы күшпен ұжымдастыру саясатының беташары іспетті болды. Қазақ байларының малдарын тәркілеуден материалдық жағынан да, рухани жағынан да кедейлер еш нәрсе ұтпады. Бұл науқан қазақ даласындағы дәстүрлі мал шаруашылығын күйретуге әкелді. Дәстүрлі мал шаруашылығының табиғи ортаға бейімделген түрі — ірі байлар қожалықтарын күйрету Қазақстандағы мал шаруашылығының даму қарқынының тежелуіне, тауарлылығының күрт төмендеуіне негіз жасады.

Күштеп ұжымдастыру саясаты халықтың наразылығын тудырды. Сол жылдары өлке басшыларының Сталинге жазған хаттары қазақ даласында осы наразылықтың өте зор көлем алғанын, Алтайдан Маңғыстауға дейінгі аймақты түгел қамтығанын, бұл туралы Кеңес өкіметі басшыларының хабардар болғанын көрсетеді. Бір ғана 1929 жылдың өзіндеҚазақстанда 30—дан астам үлкенді—кішілі халық наразылығы болды. Олардың ішінде өте кең көлемде болған көтерілістерге Тақтакөпір, Бостандық, Батпаққара көтерілістері жатады.1929—1930 жылдар аралығындағы қыс айларында наразылық өте күшті өршіді. Ол туралы Ф. Голощекин Сталинге хабарлауға мәжбүр болды. 1929–1931 жж. өлкеде барлығы 372 көтеріліс болып, оларға 80 мыңдай адам қатысты. Большевиктер бұл наразылықтардың негізгі себебін байлар мен дін басыларының кеңес үкіметіне қарсы халықты ұйымдастыруынан деп көрсетті. Кеңес үкіметі бұл көтерілістерді әскери күшпен басып жаншыды [8, 53 б.].

Сондай—ақ, отырықшыландыру науқаны дажаппай ұжымдастыру науқанымен қатар жүргізілді. Отырықшыландыру барысында жеделдету мақсаты қойылып, қазақ ауылының ерекшеліктері ескерілмей, екі жолмен жүргізілді. Оның біреуі — жүздеген шаруашылықты бір жерге иіріп әкеліп, шоғырландыра орналастырып, малын өнім дайындау қорына өткізу. Екіншісі — әлгіндей көп халықтың киіз үйлерін қар үстіне көше секілдендіріп тігіп, поселкелер құру, бұлардан ұжымшар жасау. Осылайша Ресей секілді егіншілік өңірлердің ұжымдасу формасы малшы өңірге күштеп таңылды. Көшпелілер мен жартылай көшпелілерді отырықшылыққа сталиндік күштеп көшіру саясаты қазақ этносының тіршілік ету жүйесін мықтап бұзды. Отырықшыландырудың алғашқы жылының қорытындылары бұл бағыттың қате екендігін көрсетіп берді. Бірде — бір бағдар бойынша міндеттер мен жоспарлар орындалмады. Салықтық қысымдар мен ет дайындау науқандарынан күйзелген қазаққа өз қаржысымен отырықшыландыру оларды босқынға ұшыратты.

Большевиктер жүргізген күштеп ұжымдастыру мен солақай отырықшыландыру саясаты қазақ ауылына үлкен соққы болды. Әсіресе, мал шаруашылығы қатты күйзеліске ұшырады. Ұжымдастыру мен отырықшыландыру кезінде дәстүрлі мал шаруашылығының ерекшелігі есепке алынбай, түгел қауымдастырылған мал шығынға ұшырады. Сонымен қатар, малдыңкөп бөлігіүкіметтің ет салығын орындауға жұмсалды. О. Исаев Қазақстан өлкелік комитетінің VІ Пленумында1929 жылы Қазақстанда 40 млн. бас мал болғанын, содан 1933 жылы 4млн. ғана мал қалғанын мойындауға мәжбүр болды [9, 208 б.].

Сонымен, ұжымдастырудың айқын тарихы — «тәжірибе жасау мен қателіктердің», аяусыз да ымырасыз идеологиялық айқастың, саяси, оның ішінде қарулы қақтығыстардың тарихы.Қазақ даласында ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылықтың дәстүрлі мәдениетін күйреткен ХХ ғасырдың 20–30 жылдары — Қазақстан тарихының күрделі беттерінің бірі. Осы «ақтаңдақ» беттердің ақиқатын ашуға Қазақстан Орталық Комитеті мен Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1928 жылғы 27—тамыздағы «Бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы», 1928 жылғы 13—қыркүйектегі «Аса ірі және жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аударуға қарсы әрекет жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық туралы» және 1930 жылғы 19—ақпандағы «Жаппай ұжымдастыру аудандарында ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құруды нығайту жөніндегі және кулактар мен байларға қарсы күрес жөніндегі шаралар туралы» қаулыларын зерттеу жөніндегі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы комиссиясының қорытындылары және «Жаппай саяси қуғын—сүргіндер құрбандарын анықтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жол ашып берді.

Сонымен, осы жылдарда Қазақстанда жүзеге асырылған әлеуметтік—экономикалық процестер қазақ халқының дәстүрлі даму жолын талқандап қана қоймай, ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының халықтық салт — дәстүрлерін аяқ асты етті. Нәтижесінде адамзат өркениетінде өзіндік орны бар, бірегей қазақ ұлтының өзінің рухани тамырларынан қол үзу, өзінен үлкен ұлттың жетегінде кету процесі белең алды.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. 1.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев —Алматы"Қазақ энциклопедиясы" Бас редакциясы, 1998 — 4б.
2. Сабыров С. Қазақстан тарихы. 2—ші басылым Алматы: Ғылым, 2002–170 б.
3. Омарбеков Т. Қазақ шаруаларын жеке меншік қожалықтарынан айыру және ұжымдастыру: тарихы мен тағылымы". // Тарих ғыл. докторы. дисс. авторефераты.— Алматы, 1994 — 35 б.
4. Омарбеков Т. Атабаев Қ. "Кооперативтендіру сабақтары.// Лениншіл жас, 1988—№ 31, 3–4 тамыз, 7б.
5. Төлепбаев Б.А. Осипов В.П.. Асырмай да, жасырмай айтылар шындық.// Социалистік Қазақстан, 1989— № 4, 14 қаңтар, 9б.
6. Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы /Мәтін/ ерте дәуірден бүгінге дейін. 2—ші басылым.Алматы: Қазақстан, 2005–302 б
7. Қозыбаев М.Қ., Алдажұманов Қ.С., Әбілғожин Ж.Б. Қазақстандағы күштеп коллективтендіру: қорлық пен зорлық. —Алматы, 1992. —36 б.
8. Қойгелдиев М. Қ. Тұтас Түркістан идеясы және Мұстафа Шоқайұлы. —Алматы: Қазақ университеті, 1997. —53 б.
9. Қойгелдиев М., Омарбеков Т. Тарих тағылымы не дейді? —Алматы: Ана тілі, 1993. —208 б.

Өскембаев Қ.С. т.ғ.к., доцент, Искакова Ж.А., магистрант
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қарағанды қ.