«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Тарихтың əдіснамасы мен əдістері

4537
0

Тарихтың методологиясы — əдіснамасы екі ұғымнан тұрады. Методис — грекше, зерттеудің жолы, танып білу, түсіну, таным, логос — жаттығу, оқу немесе тарихтың методологиясы (əдіснамасы) — тарихи танымның теориясы.

Тарихтың əдіснамасы өткенді білудің, ұғудың принциптерін жəне тəсілдерін, амалдарын дайындап, жинап алған мəліметтерді тарихи үрдістің маңызын анықтау жолында оларды айқынырақ, дəлірек, бір тұтастық негізде қайтадан құрастырады. Қоғамдық дамудың негізін, жаратылысын əртүрлі көзқараспен, пиғылмен ұғуға байланысты біртекті, біртұтас тарихтың əдіснамасы болмайды. Тарихтың əдіснамасы ғылыми дəрежеде тарихты ұғудың жəне оған сай əдісті қолданудың нəтижесінде жетеді.

Тарихтың əдіснамасы — тарихи ғылымның бөлінбес бір құрамдас бөлігі, бұрынырақ болған ғылымның дамуының, тарих танымының қорытындысы.

Тарих əдіснамасының түбірлі проблемаларының қатарына жататындар: тарих ғылымының пəні жəне оның шекарасы, білімнің басқа салаларымен арақатынасы; əлеуметтік функциясы (қызметі) жəне тарих ғылымының əрекеті, танымның проблемалары жəне өткенді зерттеуде шындықтың дəлелді, шынайы белгілері, өткенді қалыптастыруда тарихи деректің орны жəне т.б.

Тарих əдіснамасының жеке ғылыми сала ретінде бөлініп шығуы, соңғы кезге, ХІХ ғасырдың ортасына жатады. Ал оның арғы тегі көне заманға кетеді. Оның кейбір ғылыми əдістері гректің, римнің көне заманындағы тарихнамасында кездеседі: айталық, шындықты қиялдан айыру, ішкі көрініс пен сыртқы уақиғалардың арасындағы айырмашылықтардың бар екенін байқау, əртүрлі халықтардың қоғамдық құрылысындағы, тұрмыс-салтындағы, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді салыстыру негізінде баяндау сияқты.

Тарих əдіснамасына натуралдық (табиғи), рационалдық жəне, ағартушылық көзқарастардың əсері үлкен болады.

Гегельдің, сана-сезім, таным-деңгейінде болса да, диалектикалық əдісті қолданудың маңызы зор еді.

Қоғамның дамуында елеулі орын алған бірлік пен қарама-қарсылық заңының ашылуы əдіснаманың айқындалуына айтарлықтай үлес қосты.

Əртүрлі уақиғалардың белгілі бір жүйеге келетіні, олардың арасында байланыстың бар екенін байқатады.

Қоғам дамуының материалдық негізін ашудың тарихи шындықты ұғуда пайдасы мол. Материалдық ұғым бойынша бізді қоршаған дүние қоғамдық санамен салыстырғанда — бірінші, сондықтан, адамзат баласы қоршаған дүниенің заңдылықтарын терең біліп, оны іс-əрекетінде, мəдениетін дамытуда пайдалануда.

Тарихи принцип немесе нық пікір, айнымас көзқарас əдіснаманың бірден бір негізі. Тарихи əдіснама дүниежүзілік тарихи дамуды тоқталмайтын қозғалыс, өзгеріс, төменнен жоғарыға көтерілу жолы ретінде қарастырады.

Тарих ғылымы анықтық, шындық жолында ізденіс жүргізеді. Тарихи танымның өзіне тəн ерекшеліктері бар. Біріншіден, тарихшы өзі қатыспаған, көрмеген оқиғаларды адамдардың қалдырған іс-əрекеттерінің нəтижесі негізінде, жазба деректер немесе ескерткіштер бойынша бағалайды. Сондықтан оны толығырақ шындық деп айту қиынырақ. Екіншіден, жаратылыстану ғылымдары көбінесе табиғи құбылыстарды зерттесе, тарихшы тікелей адамдар жасаған өзгерістерді, оқиғаларды дəлірек айтсақ адамзат қоғамның тарихын зерттейді.

ХІХ ғасырда өмір сүрген көптеген тарихшылар өз отанының тарихын зерттегенде мемлекетті басқару жүйесінің түрін зерттеудің өзекті əдіснамасы ретінде қарастырды.

Кейбір тарихшылар орман халқы мен дала халқын қарастырғанда күрес теориясына сүйенді. Бұл теория бойынша даланы орман жеңіп тұрады, дəлелі аз болса да.

Кеңес дəуірінде қоғамдық формацияларға: алғашқы қауымдық құрылыс, құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік, социалистік құрылыс жəне өндіргіш тəсіліне негізделген марксистік-лениндік методология бойынша қоғамның дамуы еңбек өнімділігін арттыратын техниканың жетілдірілуі, жаңа технологияның қолданылуы, білімнің жетістіктерін пайдалану ғана емес, қоғам дамуының бірден-бір қозғаушы күші — тап күресі болды. Осындай «катехизис» ретінде орын алған методология-əдіснама тарих ғылымының шындық жолында дамуына үлкен кедергі жасады.

Ғалым Джамбатиста Вико тарих тұжырымдамасын (концепциясын) əдетте айналым теориясы негізінде қарастырды. Оның ойынша, адамзат қоғамы үш сатыны немесе үш кезеңді өтеді: тағылық (варварлық) дəуір, батырлар ғасыры, адамзат ғасыры. Адам қоғамының айналыс жолындағы ең жоғарғы саты — адамзат ғасыры немесе дəуірі, одан кейін құлдырау кезеңі басталады, ол тағылықтың, мəдениетсіздіктің немесе варварлықтың жаңа дəуіріне əкеледі.

Д.Виконың ойынша, əрбір құлдырау, адамзатты тағылықтың бұрынғыдан да тереңіне түсіреді, ал əр бір өрлеу, бұрын жетпеген, жаңа биіктікке көтереді. .Виконың ойынша тарихтың жолы тұйық айналыммен жүрмейді, ол спиралды немесе шиыршық жолмен жүреді, яғни түрі əртүрлі болғанымен, жол мəңгілік қайталанады, бірақ жалпы қоғам, адамзат тарихы алға жылжиды.

Л. Н. Гумилевтің пассионарлық теориясы да тарих ғылымына белгілі.

Тарих əдіснамасының көп түрлі екенін есептей отырып, адамзат қоғамын зерттеуде тарихтың барлық кезеңіне сай келетін əдіснаманың ортақ теориясын іздесек, адамзат қоғамының барлық дəуіріне, ғасырларына тиімдісі өркениеттік-цивилизациялық методология.

Ол, тарихи принципке, адамгершілікке, білім мен технологияның жетістіктеріне сүйене отырып, дұрыс, анық, шындыққа негізделген тұжырым жасар. Өркениеттік əдіснама тарихтың қарастырып отырған кезеңдерінің ерекшеліктерімен санасуы қажет.

Метод (гректің сөзі), қазақша əдіс — оқиғаны зерттеудің тəсілі, шындықты анықтау жолында оқиғаны оқып білудің, ғылыми танымның жоспарлы жолы, тəртіпке келтірген ізденістің жүйесі, көздеген мақсатқа жетудің тəсілі. Ғылыми негізделген əдістерді саналы түрде қолдану жаңа мағлұматтар алудың аса маңызды шарты.

Г. В. Гегельдің сөзімен айтсақ, метод немесе əдіс — сыртқы пішін емес, мағынаның жаны мен ұғымы.

Танымның даму үрдісіне ғылыми ойлау жүйесінің индукция (жеке, дара ұғымнан жалпылай қорытынды жасаудың амалы), дедукция (жалпы жағдай арқылы ұғымының жеке бір бөлігін анықтау тəсілі), сұрыптау, талдау (анализ), жинақтау (синтез), аналогия (ұқсастық, үйлестік) салыстыру, эксперимент (сараптау, ғылыми тəжірибе), бақылау жəне басқа да əдістері болады. Олардың зерттеу объектілеріне (нысанына) тəн өзіндік ерекшеліктері бар.

Дидактикалық əдістің объективті негізін материалдық əлем дамуының неғұрлым жалпылама заңдылықтары құрайды.

Жалпылай əдістерді жəне тарих ғылымына тəн əдістерді қоса алып қарағанда тарих ғылымында əдістердің мынандай түрлері қолданыла ды: 1) танымның жалпыға тəн диалектикалық-материалистік əдісі, оның ішінде тарихи принципті немесе ұстанымды негіз алған диалектикалық əдіс; 2) жалпы тарихи əдіс; 3) нақты-тарихи əдіс; 4) логикалық əдіс; 5) зерттеудің салыстырма-тарихи əдісі; 6) тарихи-генетикалық əдіс; 7) тарихи-типологиялық тəсіл; 8) ретроспективтік (латынша, артқа қарау) талдау əдісі; 9) аналитика-синтездік əдіс; 10) тарихи-географиялық əдіс; 11) жүйелі-құрамдас əдісі жəне талдау (системалық-структуралық əдіс); 12) болжамдық статистикалық əдіс; 13) зерттеудің картографиялық əдісі; 14) математикалық жəне электрондық-санақ əдістері; 15) эмпиристік əдіс.

Тарихты зерттеудің негізгі əдістерінің қатарына диалектикалық əдіс жатады. Ол қоғамды зерттеуде тарихтың принципін (ұстанымын) негізге алады.

Тарих, қоғамның, мемлекеттің негізін жасаушы халықтан басқа, жеке, дара тұлғалардың, қоғам қайраткерлерінің рөлін-де жоққа шығармайды жəне тарихи дамудың жалпы, ағымындағы кездейсоқ факторлардың маңызына да көңіл бөледі.

Əрбір халық, көне дəуірден бастап, өзінің отаны, жері, елі, тілі, дəстүрі үшін, жанын аямай ерлік көрсеткен бабаларын, мəңгілік есінде ұстайды. Мысалы, жоңғарлардан жəне Еділ-Жайық қалмақтарынан өз жерін босатып алудағы қазақ хандарының, батырларының ХVІІІ ғасырдағы ерліктері. Жоңғар басқыншыларына қарсы қазақ халқының күресі — Отан соғысы болып табылады. Айталық, Есімханның жоңғрлармен соғыста ерлігі, оларды жеңгеннің белгісі ретінде Есімхан Ыстық — көлге құятын Тупа өзенінің оң жағасында, Санташ қорғанын салған.

Танымның диалектикалық-материалистік əдісі тарих ғылымының барлық саласына ортақ, жалпы əдіс болып табылады. Осы əдістің негізінде əрбір ғылым пəндеріне қолданылатын зерттеудің объективтік əдістері жасалады. Диалектикалық əдіс қоғамды бейне бір тұрақ ты түрде дамуда болатын тірі организм ретінде қарайды. Тарихи зерттеулерде диалектикалық əдістен басқа маңызды орынды тарихи əдісте алады. Тарих шындыққа негізделген нақтылы деректерді (фактілерді), оқиғаларды, болған құбылыстарды түсіндіреді. Тарихи əдіс шынайы болған үдерістерді (процестерді) немесе оқиғаларды хронологияны негіз ала отырып, тарихи-нақтылы зерттеуді талап етеді. Тарихшы үшін диалектикалық жəне тарихи əдістердің өзара қатынастарын білудің үлкен маңызы бар.

Нақтылы-тарихи əдіс (конкретно-исторический) сол тарихи үрдістің даму барысына айтарлықтай əсерін тигізбейтін эмпириялық кездейсоқ мəліметтерге анықтама беріп, тоқталуға ешқандай міндетті емес. (Мысалы, адамның сыртқы бейнесі, пішіні немесе мінген атының түрі, нұсқасы жəне т.б.).

Логикалық əдіс. Ойдың логикалық жүйесі немесе қисынды əдіс, тарихшыларды, зерттеу барысында олардың жолында кездесіп қалатын қателіктерден — субъективтік пікірлерден, кездейсоқ құбылыстардан алдын ала сақтандырады. Логикалық, қисынды əдіс зерттеу негізінде оқиғаның дамуының тек қажетті кезеңін баяндайды. Сондықтан да, қисынды (логикалық) тəсіл болған оқиғаларды жалпылама сипаттау түрінде, бірақ олардың тарихи қалай пайда болуына байланысты ретімен, жүйелі, дəйекті зерттейді. Ал тарихта сол ұғымдар мен санаттар (категориялар) сол тарихи дамудың ретіне сəйкес келеді.

Логикалық əдіс ізденіс барысында абстрактылы, дерексіз ұғымнан нақтылы, дəлелді ұғымға келсе, ал тарихи əдіс өзінің зерттеу жолын нақтыдан бастап нақты, дəлелді шешімге келеді.

Логикалық жəне тарихи əдістердің айырмашылықтары туралы айтқанымызбен, шындығында олар бір-бірімен тығыз, ажыраспайтындай бірлікте. Осы əдістердің бір-бірінен алшақтануы зерттеушілерді қателікке ұшыратады. Мысал келтірейік. Егер зерттеуші тек тарихи əдісті қолданып, жиналған деректердің негізінде ғана оқиғаны баяндаса, теориялық тұжырым жасамаса, оқиғаның мəнін түсіндірмесе, яғни, зерттеуші оқиғаның себептерін ашпаса, онда мұндай зерттеу, ғылыми жағынан таяз, дəлірек айтсақ тұрпайы, эмпириялық болады. Эмпиризм деген зерттеу əдісі оқиғаны деректер негізінде сипаттау, оған пайымдау жасамай, теориялық қорытындыға келмейді. Бұл əдіс бойынша болған оқи ға ны жекелеген деректердің, құбылыстардың негізінде оқу, бірақ жалпы теориялық қорытындыны бағаламау. Керісінше, егер тарихшы тек қисынды (логикалық) əдісті қолданып оқиғалардың маңызын түсіндірсе, бірақ нақтылы-тарихи үрдісті хронологиялық ретімен сипаттамаса, мұндай зерттеулер тарихи емес, теорияға айналып кетеді.

Ф.Энгельс, логиканың тарихта қолданылуының қажеттігін ескере отырып, былай деп пікірін білдірді: «Тарих өзінің қозғалысында өте жиі ирек-ирек, секіре шапқандай жол жүреді, ал егер-де осы барысымен бар лық мəселені қарасақ, онда түкке тұрмайтын көптеген мəліметтерді көтеріп қана қоймай, ой жүрісін-де өте жиі үзуге тура келер еді», — деген (қараңыз: К.Маркс, Ф.Энгельс. Шығармалар жинағы. 13 том. 497).

Шындығында да, нақты тарихи əдіс барлық эмпириялық кездейсоқтықты баяндауға міндетті емес.

Сонымен, тарихтың келелі мəселелерін зерттегенде, тарихшы осы мəселенің ерекшелігін, оған тəн сипатын ескере отырып, зерттеуге тиімді əдістерді таңдап алып, қолданады.

Советхан Игібаев

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, т.ғ.д.,Өскемен қ.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Qazaqstan tarihy порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. mail@e-history.kz 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English