1880-1957 жылдары өмір сүрген.
Сергей Ефимович Малов – түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, профессор, КСРО ҒА мүше-корреспонденті. Ресей Федерациясының Қазан қаласында туған. Қазан рухани академиясын, Санкт-Петербор университетін бітірген. С. Малов 1909-1911 мен 1913-1914 жылдарында Батыс және Орталық Қытайда болып, ұйғыр, сары ұйғыр, лобнор және салар халықтарының тілі мен этнографиясы, фольклоры туралы мол деректер жинады, сондай-ақ, Қытайдағы түркі тілдеріне алғаш рет сипаттама берді. Ол көне түркі жазба нұсқаларын, Орхон-Енисей жазу ескерткіштерін зерттеп, очерктер, сөздіктер жазып, аударма жұмыстарымен де айналысып жүрді. Сондай-ақ, В. Радловпен бірге көне ұйғыр жазба ескерткіші «Алтын ярұқты» (Х-ХІІІ ғасыр) анықтап, жарыққа шығарды. 1918-1919 жылдары Қазан қаласындағы Халыққа білім беру институтының, 1923-1927 жылдары Ташкенттегі Орта-Азиялық мемлекеттік университетінің, 1927-1938 жылдары Санкт-Петербордағы Шығыс (тірі) тілдері институтының, Қызыл профессура институтының, Солтүстік халықтары институты аспирантурасының, Материалдық мәдениет тарихы мемлекеттік академиясының оқытушысы, 1938-1957 жылдары КСРО Ғылым академиясы Тіл және ойлау институты (КСРО ҒА Тіл білімі институты) түркі тілдері секторының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1943-1945 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) және Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) оқытушысы болған. Ленин және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған.