Кеңестік саясаттың құрбандары – Бөкейхановтар
Қазақтың дәстүрлі ел басқару жүйесінде хандар жоғарғы саяси биліктің иелері болды. Алайда ХІХ ғасырда Ресей империясы қазақ даласындағы хандық билікті жойып, кейінгі саяси-әкімшілік реформалар нәтижесінде сұлтандардың қоғамдық-саяси ықпалын біртіндеп шектеді. Бұл үрдіс кеңес өкіметі тұсында да жалғасып, социалистік идеологияға сәйкес қоғамдағы «үстем тапты» жою көзделді.
Соның аясында 1920-1930 жылдардағы кеңес өкіметінің репрессиялық саясаты бұрынғы хан әулеттерінің өкілдеріне де қарсы бағытталды. Зұлматты кезеңде Ордадағы Бөкей ханның ұрпақтары да саяси қуғын-сүргін құрбандарына айналды. Бөкей ханның Тәуке, Әділ, Жәңгір, Меңдігерей атты төрт ұлы болғаны белгілі. Солардың ішінде Тәуке мен Әділ сұлтандардың ұрпақтары кеңестік кезеңде саяси қуғын-сүргінге ұшырады.
2021-2022 жылдары Батыс Қазақстан облысы бойынша 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның мүшесі ретінде Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архивінде сақталған Махамбет Бөкейханов пен Сұлтангерей Бөкеевтің жеке істерімен танысуға мүмкіндік туды. Осы құпия құжаттардағы деректер негізінде мақалада Бөкей хан ұрпақтарының саяси қуғын-сүргін жылдарындағы тағдыры қарастырылады. Дегенмен, Сұлтангерей Бөкеевке қатысты кейбір мәліметтердің бұған дейін Бөкей Ордасының тарихына арналған ғылыми еңбектерде [1, 131 б.] және өлкетанушы Талғат Шәріпқалиевтің зерттеу мақалаларында жарық көргенін атап өткен жөн [2, 211 б.]. Сонымен қатар өткен жылы қазақтың дарынды күйші-домбырашысы, әрі ұлттық аспаптар оркестрінің негізін қалаушылардың бірі Махамбет Бөкейхановтың туғанына 135 жыл толуына орай жас зерттеуші Ерсұлтан Нұрқисаұлының «Дәулескер домбырашы» атты мақаласы жарық көрді [3].
1925 жылы қыркүйекте Қазақ өлкелік партия комитетінің басшылығына Ф. Голощекин келгеннен кейін Қазақстанда «ауылды кеңестендіру», жайылымдық және шабындық жерлерді қайта бөлу, ірі байларды тәркілеу, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру сияқты саяси-шаруашылықтық шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бастады. Бұл науқандар Бөкей Ордасы өңірін де қамтып, Бөкей хан әулеті өкілдерінің шаруашылықтарына да тікелей әсер етті. Мәселен, 1926-1927 жылдары жайылымдық және шабындық жерлерді қайта бөлу кезінде Шоңай ауылы маңындағы Бөкейхановтарға тиесілі жерлер тартып алынды [4, 26 п.].
1928 жылы 27 тамызда қабылданған Қазақ АКСР-ның ОАК мен ХКК-нің «Ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару туралы» қаулысына сәйкес Орал округінде 71 бай шаруашылығы тәркіленді. Оның ішінде Орда ауданынан бес шаруашылық тәркілеуге ұшырады. Тәркіленген шаруашылықтардың қатарында Мұхамбет Бөкейхановтың жеке шаруашылығы болды [5]. Байларды тәркілеуге қатысты құжаттарда Махамбет Бөкейхановтың аты-жөні көбіне Мұхамбет Бөкейханов деп жазылды.

Орал округі Орда ауданы Шоңай ауылының тұрғыны Мұхамбет Бөкейхановтың 1928 жылғы ірі байларды тәркілеу науқаны қарсаңындағы шаруашылығы мен тәркіленген мал саны туралы мынадай деректер бар. Ол отырықшы өмір сүріп, 370 бас ірі мал, 500 бас ұсақ мал ұстаған [6, 50 б.]. Ал айыптау ісінің материалдарында Бөкейхановтың иелігінде 750 десятина шабындық жер болғаны және 1927 жылғы тексеріс кезінде шаруашылығында барлығы 966 бас мал тіркелгені келтірілген. Сондай-ақ құжатта 1928 жылы мал санының азайғаны және шаруашылығының едәуір қысқарғаны айтылады [4, 22-31 пп.]. Бұдан басқа, округтік комиссияның қорытынды есебінде Бөкейхановтардың тәркілеуге дейін 116 бас малын сатып жібергені, ал 120 бас малының тәркіленгені нақты көрсетілген [7, 155 б.]. Бұл ретте ұсақ малдың жалпы мал санына біріктіріліп есептелгенін, кейін шаруашылықтың таратылмай, совхоз ретінде сақталғанын да ескерген жөн.
1928 жылы 17 қыркүйекте өткен округтік тәркілеу комиссиясының отырысында ҚазКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің телеграммасына сәйкес Орал округінде бір совхоз құру мүмкіндігі қаралып, соның негізінде Орда ауданындағы Бөкейхановтың үлгілі шаруашылығын совхоз ретінде ұйымдастыру туралы қаулы қабылданған. Аталған совхозды асыл тұқымды малмен қамтамасыз ету мақсатында өңірлердегі уәкілдерге тиісті хабарламалар жіберіліп, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілген. Сонымен қатар, құжатта округ аумағында әзірге бұдан басқа совхоз құрылмайтыны атап көрсетілген.
Ал Бөкейхановтар өз шаруашылықтарын тәркілеуден және жер аударудан босату туралы Орал округтік тәркілеу комиссиясына екі рет өтініш берген. Алайда комиссия олардың өтініштерін қанағаттандырудан бас тартқан. Себебі Бөкейхановтардың шаруашылығы мүліктік және әлеуметтік жағынан Қазақ өлкелік Орталық Атқару Комитеті декретінде белгіленген бірінші және екінші санат талаптарына сәйкес келеді деп танылған [8].
Орал округінде тәркілеу жұмыстары жүріп жатқан кезеңде ОГПУ өкілдері тәркіленген байлардың бірқатарын кеңес өкіметіне қарсы әрекеттер жасады деген айыппен тергеуге алды. Орда ауданынан 1928 жылы 22 қыркүйекте Шынтай Жүсіпов [9], ал 24 қыркүйекте Махамбет Бөкейханов тұтқындалды [10].
Махамбет Бөкейханов пен Шынтай Жүсіповтың істері бірге қаралып, оған «Дело №67644 по обвинению гр. Шунгайского аула Урдинского района Уральского округа Букейханова Махамбета и Юсупова Шинтая по ст. 58-10 и 58-13 УК» деген атау берілді.
Құжатта Махамбет Бөкейханов 37 жаста, Орал округі Орда ауданы Шоңай ауылының тұрғыны, әлеуметтік жағдайы бойынша ірі бай, Бөкей ханның тұқымы, малшы, шала сауатты, партияда тіркелмеген, отбасылы, 9 жан, сотталмаған және тергеуде болмаған деген жеке басына қатысты деректер бар.
Айыптау ісінде Махамбет Бөкейхановтың Бөкей Ордасының негізін қалаушы Бөкей ханның ұрпағы ретінде революцияға дейін де, кеңес өкіметі орнағаннан кейін де халық арасында зор беделге ие болғаны атап көрсетілді. Махамбет Бөкей ханның төрт ұлының бірі Тәукеден, одан Нұрқаттан, яғни Нұрмұхамедтен тарайтын еді. Оны патша заманында ресми лауазымды қызмет атқармаса да, ықпалының күшті болуына байланысты Шоңай төңірегіндегі жерлерді иеленіп, кедей шаруаларды қанады деп негізсіз айыптады.
1917 жылғы төңкеріс тұсында буржуазиялық құрылысты белсенді қорғады, Құрылтай жиналысына Алаш қайраткерлері Бақтыгерей Құлмановты, Сәлімгерей Нұралыхановты және Уәлитхан Танашевты өткізу мақсатында ауылдарды аралап үгіт-насихат жүргізді. Ордадағы большевиктер Генералов, Темірәлиев, Варламов және земство нұсқаушысы, эсер Куликовтармен өз иелігіндегі жерлерді сақтап қалу үшін күрес жүргізді деген бағытта кінә тағылды.
Қазан революциясы кезеңінде Махамбет Бөкейханов кеңес өкіметінің бітіспес қарсыластарының бірі болды. 1918 жылдың басында Бөкей губерниясында кеңес өкіметінің берік орнығуына қарсы шықты, Астрахань жақтан Шоңай ауылына келген ақ гвардияшыларға қолдау көрсетті және оларды Ордаға дейін шығарып салып, одан әрі Оралға қарай кетулеріне ықпал етті. Мұстафа Көкебаев және Шынтай Жүсіповтермен бірге кеңес билігіне қарсыласу қозғалысын ұйымдастырды, азамат соғысынан кейін 1920-1921 жылдары «бандылық топтарға» ат-көлікпен көмек көрсетті деп те ашық айыптады.
1926-1927 жылдары жайылымдық және шабындық жерлерді қайта бөлу шаралары кезінде қарсылық білдірді, 1928 жылғы ірі байларды тәркілеу қарсаңында өз иелігіндегі малдың бір бөлігін сатып жіберу арқылы науқанға қарсылығын танытты, билік органдарының нұсқауларын орындаудан бас тартты деп жазықсыз айыптады [4, 22-31 пп.].
Махамбет Бөкейханов өзіне тағылған айыптардың ешқайсысын мойындамады. Шын мәнінде, ол аталған тарихи кезеңдерде өзінің азаматтық ұстанымын еркін білдіру және дүние-мүлкін сақтап қалу үшін күрескен болатын. Сондықтан оған тағылған айыптар оның нақты іс-әрекеттерінен гөрі сол кезеңдегі саяси ахуалдың ықпалымен қалыптасқан деген тұжырым жасауға болады.
Дегенмен, 1929 жылғы 18 қаңтардағы ОГПУ Алқасы жанындағы Ерекше Кеңестің шешіммен РСФСР ҚК-нің 58-10 бабы бойынша «БУКЕЙХАНОВА МАХАМБЕТ и ЮСУПОВА ШИНТАЙ – из под стражи ОСВОБОДИТЬ, лишив их права прож. в Москве, Ленинграде, Киеве, Харькове, Одессе, Ростове на Дону, означ. губ. и округах, Средней Азии и Казахстане, сроком на ТРИ года», - деген үкім шықты. Аталған үкімнің негізінде 1929 жылы 20 наурызда Махамбет Бөкейханов пен Шынтай Жүсіпов Пенза өңіріндегі кулактарға арналған қонысқа жер аударылды [4, 43-45 пп.]. Осы кезеңде Азғыр ауданының тәркіленген байлары Бектілеу Алғазиев, Соқыр-Латып Омаров, Мұхамедияр Мұқатов та Пензаға айдалды [11].
Махамбет Бөкейханов өзін жер аударудан босату туралы бірнеше рет өтініш берген. Алайда оның өтініштері құзырлы органдар тарапынан қанағаттандырылмады. Керісінше, 1932 жылы 2 сәуірде жаза мерзімі аяқталғаннан кейін Бөкейхановты ОГПУ-дың Уәкілетті Өкілдігі арқылы Батыс Сібірдегі кулактар қонысына жер аудару туралы қаулы шығарылған. Осыдан кейін ол қайтадан шағымданып, аталған қаулының күшін жойғызды. Нәтижесінде, 1932 жылы 27 қарашада Махамбет Бөкейхановқа Қазақстаннан басқа КСРО аумағында жазаның қалған мерзімінде еркін жүріп-тұруға рұқсат берілген[4, 47-58 пп.]. Қазақстанда тұруға қойылған шектеуге қарамастан, Махамбет Бөкейханов Алматы қаласына келіп, кейінгі өмірін осы қалада өткізді. Бұл оған қатысты қабылданған соңғы қаулының кейіннен өзгертілгенін көрсетеді.
Махамбет Бөкейханов 1933 жылдың көктемінде Алматыдағы Музыка және драма техникумы жанынан құрылған Қазақ музыкасы кабинетіне қызметке қабылданады. Бөкей Ордасынан шыққан дарынды күйші-домбырашы ретінде ол Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский және басқа да өнер қайраткерлерімен бірге қазақ музыка өнерін дамытуға және ұлттық аспаптар оркестрін құру ісіне елеулі үлес қосты [3]. Алайда белгілі домбырашы, импровизатор әрі өнер саласы қызметкерлері одағының мүшесі болған Махамбет Бөкейханов 1937 жылы 20 қарашада тұтқындалып, сол жылдың 1 желтоқсанында Алматы облыстық НКВД басқармасы үштігінің шешімімен ату жазасына кесілді [12]. Осылайша, Махамбет Бөкейханов сталиндік саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбанына айналып, қазақтың дәстүрлі музыка өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі ретінде өмірі қасіретті жағдайда үзілді. Тек кейінірек, 1957 жылы 10 қазанда және 1999 жылы 19 сәуірде екі іс бойынша ол толық ақталып, тарихи әділеттілік қалпына келтірілді.
1937-1938 жылдары кеңес өкіметінің репрессиялық саясаты күшейе түсті. Осы «Үлкен террор» кезеңінде Сұлтангерей Бөкеев НКВД-ның назарына ілігіп, 1937 жылы 20 желтоқсанда тұтқындалды [13].
Тергеу ісінің бірінші парағындағы сауалнамаға сәйкес, Сұлтангерей Бөкеев 1873 жылы Батыс Қазақстан облысы Орда ауданының Шоңай ауылдық кеңесіне қарасты Қасымтау ауылында дүниеге келген. Ол Орда ауданының №88 түйе зауытының маңында тұрған және сол зауытта жұмыс істеген.
1929 жылға дейін шаруашылығында 10 бас ірі қара, 8 жылқы, 1 түйе және 20 қой болған. Тұтқынға алынған кездегі әлеуметтік және мүліктік жағдайы туралы бағандарда оның нақты кәсібінің болмағаны және ешқандай мүлікке иелік етпегені жазылған. Патша және ақтар әскерінің қатарында болмағанын, ешқандай шен-шекпені жоқтығын мәлімдеген. Қызыл әскер құрамында да қызмет атқармаған.
Тұтқын сауалнамасында Сұлтангерей Бөкеев туралы өзге де мәліметтер бар. Әлеуметтік тегі – орта шаруа. 1929 жылы мал-мүлкі тәркіленіп, сайлау құқығынан айырылған. Ұлты – қазақ, КСРО азаматы, партияда тіркелмеген. Білімі – шала сауатты, әскери міндеткерлігі болмаған. 1929 жылы Орда халық сотының шешімімен бес жыл мерзімге жер аударылған. Отбасы құрамында әйелі Қанша, ұлдары Сейіт, Ержан және қызы Рәзия көрсетілген [14, 1 п.]. Ал архив құжаттарын зерделеп қарағанымызда, оның Даниял, Ергенбек есімді ұлдары мен Бәтес есімді қызы да болғаны анықталды. Тергеу барысында Сұлтангерей Бөкеев ұлы Даниялдың Алма-Ата қаласында оқитынын, туған ағасы Науша Бөкейхановтың 1929 жылы бай ретінде тәркіленіп, жер аударылғанын және қазіргі уақытта Алма-Атада тұрып жатқанын айтқан [14, 7-9 пп.]. Науша Бөкейханов Сұлтангерей Бөкеевтің туған ағасы екенін ескерсек, Сұлтангерей Бөкеевті Әділ сұлтаннан тарайтын ұрпақ деп есептеуге негіз бар. Құжаттарда Сұлтангерей Бөкеевтің аты-жөні кейде Сұлтан Бөкейханов деп жазылады.
Шоңай ауылдық кеңесі берген мәлімет бойынша да Сұлтангерей Бөкеев хан әулетінен тараған төре тұқымына жатады. Революцияға дейін оның шаруашылығында 30 жылқы, 6 түйе, 20 бас ірі қара және 100 қой болған. Сонымен қатар, иелігінде 28 га шабындық пен 16 га жайылымдық жер, екі шөп шабатын құрал, бір соқа, киіз үй және жер үй болған. Шаруашылығында екі тұрақты және төрт маусымдық жалдамалы жұмысшы еңбек еткен [14, 7 п.].
Сұлтангерей Бөкеев өз жауабында 1929 жылы тәркіленіп, бес жылға жер аударылғанын, жазасын Ақтөбе облысында 1934 жылға дейін өтегенін және Орда ауданына 1937 жылдың шілдесінде оралғанын мәлімдеген. Ауданға келген соң туысы Хафиз Ақбаевтың көмегімен №88 түйе зауытына күзетші болып қабылданып, қазан айының ортасына дейін сол қызметте істеген. Алайда оны құзырлы органдар қатаң бақылауға алғанға ұқсайды.
1937 жылы қарашада Астрахань қаласынан келе жатқан жолда, одан Сайхында болған кезінде Сұлтангерей Бөкеев кездескен адамдарға былай деген: «Кеңес өкіметі жазықсыз адамдарды көп тұтқындап жатыр. Мәселен, Ақбаев пен Сейтековті ешбір айыпсыз қамауға алды...
Сайлауда жұмысшылар кімге дауыс беретінін білмейді. КСРО Жоғары Кеңесіне депутаттыққа кандидаттарды ұсыну тек көзбояушылық үшін ғана, шартты түрде жүргізіледі, оларды бәрібір бюллетеньнен алып тастауға немесе сызып тастауға болмайды, өйткені онда өзге кандидатуралар жоқ...
Иә, кеңес өкіметі еңбекшілердің жағдайын жақсартуға тырысады, бірақ бұл тек сөз жүзінде ғана, ал іс жүзінде ешқандай жақсару байқалмайды, керісінше жағдай барған сайын нашарлап барады. Колхозшылардың жағдайы тіпті нашар».
Бұл сөздер жансыздар арқылы НКВД өкілдеріне жеткізілген. Соның кесірінен Сұлтангерей Бөкеевтің әртүрлі орындарда айтқан пікірлері кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат ретінде бағаланып, оған РСФСР ҚК-нің 58-10 бабы бойынша айып тағылған. Тергеу қорытындысында Сұлтангерей Бөкеев 1937 жылы қараша айында Астрахань қаласына барғанын және Сайхында болғанын растағанымен, кеңес билігіне қарсы үгіт-насихат жүргізді деген айыппен келіспеген.
1937 жылғы 25 желтоқсандағы Батыс Қазақстан облысы бойынша УНКВД Үштігі отырысының қаулысына сәйкес Сұлтангерей Бөкеев 10 жыл мерзімге еңбекпен түзеу лагеріне қамау жазасына кесілді. 1938 жылы ақпан айының басында ол Сухобезводная станциясындағы ЕТЛ-ға жеткізілген. Бұл қазіргі Ресей Федерациясының Нижегород облысындағы елді мекен, онда әлі күнге түзету мекемесі бар. Өкінішке қарай, Сұлтангерей Бөкеевтің бұдан кейінгі тағдыры туралы мәлімет жоқ. Қайта құру кезеңінде ол 1989 жылғы 13 сәуірдегі Орал облысы прокуратурасының шешімен толық ақталған [14, 9-18 пп.].
Бөкей ханның репрессияға ұшыраған ұрпақтарының бірі – Ғабдол-Хәкім Бөкейханов. Ол 1896 жылы 15 сәуірде Батыс Қазақстан облысы Орда ауданының Шоңай ауылында дүниеге келген. Белгілі күйші Махамбет Бөкейхановтың туған інісі.
Ғабдол-Хәкім алдымен бір жылдық ауыл мектебінде оқып, кейін қалалық төрт сыныптық училищеде білім алды. 1917 жылы Орал әскери реалдық училищесін тәмамдады. 1917-1919 жылдары Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясында оқыды.
Ғабдол-Хәкім Бөкейханов 1919 жылы Ордадағы қазақ атты әскер полкінде қызмет атқарды. 1920 жылы РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы Қазақ өлкесін басқару бөлімінің төрағасы, Казревком мүшесі және ҚазОАК-тің жауапты хатшысы болды. 1921 жылы Ақмола және Семей губерниялық атқару комитеттерінің төрағасы қызметін атқарды.
1925-1937 жылдары Орынборда, Қызылордада Жерге орналастыру басқармасының бастығы, Нүкісте Қарақалпақ облыстық жоспарлау комитетінің төрағасы, Алматыда Қазақ мақта комбинатының бастығы, Шымкентте мақта-трактор орталығының және облыстық жерге орналастыру басқармасының бастығы қызметтерін атқарды.
1937 жылы 7 қазанда Оңтүстік Қазақстан облыстық НКВД органдары Ғабдол-Хәкім Бөкейхановты тұтқындады. Оған «халық жауы» деген жала жабылып, РСФСР ҚК-ның 58-7, 58-8, 58-9, 58-10, 58-11 баптары бойынша кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық ұйымның мүшесі болды, Мұстафа Шоқаймен байланыс орнатты және Смағұл Сәдуақасов тобына қатысты деген айыптар тағылды. 1938 жылы 25 ақпанда КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының көшпелі сессиясы оны ату жазасына кесті. Үкім шыққан күні атышулы «Горячев тізімі» бойынша С. Сейфуллин, Қ. Жұбанов, Т. Жүргенов, С. Меңдешев, Ғ. Тоғжанов, С. Аспандияров секілді 39 ұлт қайраткерімен бірге атылды. 1957 жылы 21 желтоқсанда қылмыс құрамының болмауына байланысты КСРО Жоғарғы Сотының Әскери алқасы Ғабдол-Хәкім Бөкейхановты ақтады [15, 205 б.].
Қорыта айтқанда, Махамбет Бөкейхановтың өнер саласындағы еңбегі, Сұлтангерей Бөкеевтің қарапайым еңбек адамы ретіндегі өмірі, Ғабдол-Хәкім Бөкейхановтың ел басқару ісіне қосқан үлесі ескерілмей, олардың барлығы саяси террордың құрбаны болды. Олардың бар кінәсі – хан тұқымынан шыққаны еді. Кеңес өкіметі хан ұрпақтары өз беделдерін пайдаланып, халыққа ықпал етеді және билікке қауіп төндіреді деп қауіптенді. Оларды қуғын-сүргінге ұшыратудың басты себебі де осы еді.
Тәуелсіздік жылдарында Бөкей хан әулетінің есімі қайта жаңғырып, олардың ел тарихындағы орны мен еңбегіне лайықты баға беріле бастады. Бұл тұлғалардың өмір жолы мен қиын тағдырын архив құжаттары негізінде ғылыми тұрғыдан зерделеу – тарихи әділеттілікті қалпына келтірудің маңызды қадамы. Сонымен бірге бұл зерттеу мақала аталған тарихи тұлғалардың өміріндегі белгісіз тұстарды тың деректермен толықтыруға мүмкіндік береді.
Есқайрат Хайдаров,
Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті «Қазақстан Республикасының тарихы» кафедрасының
аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты
Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер
1. Бөкей Орда тарихы /Құрастырт. Рысбеков Т.З., Орал: 2001. – 197 бет.
2. Шәріпқалиев Т. Нарынның – сырты дала, іші – пана. Орал: «Шұғыла Принт» баспасы, 2025. – 284 бет.
3. Нұрқисаұлы Е. Дәулескер домбырашы. Ана тілі газеті. 21 тамыз, 2025. URL: // https://anatili.kazgazeta.kz/news/64425
4. Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архиві. 18-қор, П-760-іс, 61-п.
5. Постановление Уральского Окружного Исполнительного Комитета Советов Рабочих, Крестьянских, Казачьих и Красноармейских Депутатов и Казакского трудового народа. От 20-го сентября 1928 г. гор. Уральск. О конфискации // Красный Урал. №147. 21 сентября. С. 1.
6. Шарафутдинов З. Байлар қалай тәркіленді. Орал: «Шұғыла принт», 2024. – 88 бет;
Бөкейханов Мұхамбет. Батысмұра.kz – тарихи-танымдық, ғылыми-зерттеу порталы. URL: https://emura.kz/bizdin-zhobalar/sayasi-kugyn-surgin-kurbandaryn-aktau/03/batys-kazakstan-oblysy-bojynsha-tarkilingen-bajlar/1928/3779-bokejkhanov-mykhambet
7. Ижанов З. Тәркілеу қасіреті. Алматы: «Өлке» баспасы, 2017. – 400 бет.
8. Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архиві. 992-қор, 1-тізім, 1-іс. 15-16-пп., 24-25-пп.
9. Юсупов Шинтай (1883). Открытый список. URL: https://ru.openlist.wiki/Юсупов_Шинтай_(1883)
10. Букейханов Махамбет (1891). Открытый список. URL: https://ru.openlist.wiki/Букейханов_Махамбет_(1891)
11. Хайдаров Е. Азғырдың Пензаға айдалған азаматтары. // Егемен Қазақстан. 22 мамыр, 2022. URL: https://egemen.kz/article/311872-azghyrdynh-penzagha-aydalghan-azamattary
12. Букейханов Мухамбет (1890). Открытый список. URL: https://ru.openlist.wiki/Букейханов_Мухамбет_(1890)
13. Букеев Султангирей (1873). Открытый список. URL: https://ru.openlist.wiki/index.php?search=Букеев%20Султангирей%20(1873)
14. Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архиві. 18-қор, П-2768-іс, 20-п.
15. Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедя. Толықтырылған 2-ші басылымы. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2010. – 580 бет.
Букейханов Габдул-Хаким Нурмухамедович (1896). Открытый список. URL: https://ru.openlist.wiki/index.php?search=Букейханов%20Габдул-Хаким%20Нурмухамедович%20(1896)