Қазақ халқы тұтынған маталар мен олардың атаулары

Автор:
175
Материалға сурет: Қазақ халқы тұтынған маталар мен олардың атаулары

Қазақ тілінде матаны «мата», «бұл», «кездеме» деген атаулармен атайды. 

«Мата» сөзі парсы тіліндегі «мауты» (ماهوت) деген мата атауынан шыққан. Қазақ пен түрікпен тілдерінде «мата», өзбек пен тәжік тілдерінде «мато» деп аталуы осы матаның Түркістан топырағында таралуымен байланысты.

Ал «бұл» атауы қытай тіліндегі матаны білдіретін «бу» (布) немесе «буляо» (布料) сөздерінен шыққан. Қытайдың «бу» сөзі бурят тіліне әсер етіп, олар матаны «бүд» деп атап кеткен. Қытайдың «буляо» сөзі тибет тіліне де әсер етіп, қой жүнінен тоқылған матаның «пулу» деген атауы қалыптасқан. Қазақ тіліндегі «бұл» атауы да осы қытайлық «буляо» сөзінен тараған. «Бау» деген де мата түрі болған деп жазады кейбір мырзалар. Алайда қазақта мұндай жеке мата түрі жоқ. Бұл — қытай тіліндегі жалпы мата атауы болған бу (布) сөзінің қазақ тіліндегі айтылымы. Сондай-ақ қытайлар жібек матаны ертеде бо (帛) деп атаған. Осы екі сөздің дыбыстық ұқсастығы «бау» атауының төркінін зерттеуде көңіл аударуға тұрарлық.

Қазақ пен қырғыздың матаны «кездеме», ал қарақалпақтың «гезлеме», өзбектердің кейде «газлама» деп атауы Пәкістан тарапынан келетін, біз «кез» деп атаған матамен байланысты. Пәкістанда бұл мата «кес» (کھیس) деп аталған.

Матаны кезбен өлшеп сату дәстүрінен қазақ тілінде «кез» деген өлшем бірлігі қалыптасқан. Пәкістанда осы дәстүрлі өлшем бірлігі «газ» (گز) деп аталады. Бір газ шамамен 0,9 метрге тең.

Матаны кездеп, өлшеп сатудан қазақ тіліндегі «кездеме» атауы туындаған. 

Масаты мен Борлат — мата атаулары емес 

Біздің алашамыз секілді арабтардың да төсеніш кілемшелері болған. Арабтардың төсеніштері қазақ даласына сауда арқылы жеткенде, біз оларды масаты деген атаумен қабылдағанбыз. Арабтар бұл төсеніш кілемді бисат (بِسَاط), ал оның көпше түрін, яғни төсеніштер дегенді бусут (بُسُط) деп атаған.

Қазақ халқы жерге төселген бусуттың сәнді өрнектері мен көктемде құлпырған табиғаттың, түрленген жер жүзінің көрінісін өзара ұқсатқан. Абайдың «Жазғытұры (Көктем)» өлеңіндегі:

Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,

Масатыдай құлпырар жердің жүзі, —

деген жолдары осы ұғыммен сабақтасып жатыр. Түрленген масаты алашасының атауы қазақ арасында ерлер мен әйелдерге есім ретінде қойылған. Әсіресе Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде Масатбай, Масаткүл, Масат есімдері жиі ұшырасады.

Қазақтың шығыс өңірінде жекетті күрме деп атауы моңғолдың хүрэм деген киім атауымен байланысты болғаны секілді, моңғолдардың қалың орамалды ороолт деуі де қазақ тіліндегі кейбір атаулардың қалыптасуына ықпал еткен. Қызыл түсті сәнді ороолт байлаған қыздарды Алтай әншілерінің «Қызылдан орлат-ай» деп әнге қосуы бірте-бірте «Қызылдан борлат-ай» түрінде өзгеріп, борлат сөзін жеке мата атауы ретінде түсінуге негіз болған тәрізді. Алайда бұл қолданыстың өзі борлат атты матаның болғанын дәлелдемейді. Демек, борлатты жеке мата атауы деп тану жаңсақ түсінік болып отыр. Шын мәнінде, бұндай атауға ие мата түрі болған емес. 

1. Ақсұп — грек матасы

Орыс тілінде аксамит деп аталады. Жібектен күрделі өріммен тоқылатын, кейбір түрлері түкті болып келетін тығыз әрі сәнді мата. Ертеде бетіне зерлі жіптермен өрнек салынып, салтанатты киімдер тігуге қолданылған. 

2-3. Бал Барқыт немесе Қой Мақпал — ағылшын және қытай матасы

Бетінде бұйра түктері бар, көбінде жүннен немесе мақтадан тоқылатын, барқытқа ұқсас мата түрі. Сыртқы жұмсақ әрі қалыңдау келген сипатына, жүннен тоқылуына байланысты Бал Барқыт немесе Қой Мақпал деп аталған. Орыс тілінде плис деген атаумен белгілі. 

4-6. Барқыт немесе мақпал, кілең — қытай матасы

Барқыт — бетінде қысқа түктері бар, тығыз әрі қалыңдау жібек мата. Осы түктер оған жұмсақтық пен ерекше өң береді.

Қазақ пен қырғыз арасында барқыт деп аталатын бұл матаның мақпал деген атауы да кең қолданылады. Қызыл барқытты — қырмызы мақпал, қара барқытты — қара мақпал деп атайды. Мақпал есімі қыз балаларға 1970 жылдардан бастап жиі қойыла бастаған. Матаның кілең деген атауы да кездеседі. Барқыт көбінде біркелкі түсті, өрнексіз болып келетіндіктен, кілең сөзі де біркелкі, бірыңғай деген мағынада жұмсалады. Моңғол тілінде бұл мата хилэн деп аталады. Бұл атау да матаның біркелкі түсін білдіретін ұғыммен байланыстырылады.

Барқыт атауы орыс тілінде бархат түрінде қолданылады. Ал мақпал атауы барқыттың баламасы ретінде басқа халықтардың тілдерінде кездеседі: түрікпен және тәжік тілдерінде — махмал, ұйғыр тілінде — мәхмәл, парсы тілінде — мохмел, өзбек тілінде — бахмал. 

7-8. Батсайы немесе Бәтес — француз матасы

Орыс тілінде батист деп аталады. Зығырдан немесе мақтадан жіңішке жіп иіріліп, жайпақ өріммен тоқылатын жеңіл әрі жұқа мата. Көбінде бозғылт түсті болған. Тоқымасының арасындағы өте ұсақ саңылаулар ауаны жақсы өткізеді. 

9. Берік — парсы матасы

Парсы тілінде «бәрек» деп аталады. Хорасанда түйе жүнінен немесе ешкінің түбітінен қолмен тоқылатын жұмсақ, денеге қонымды әрі қалың мата. Одан қысқы киімдер, әсіресе ерлердің шапаны мен күпісіне ұқсас сырт киімдер тігіледі.

Бәрек ерекше жұмсақтығымен және беріктігімен ерекшеленеді. Қазақтар тігісі мықты, киюге төзімді киімді «берік» деп сипаттап, бұл ұғымды осы мата атауымен байланыстырған. 

10. Биқасап — француз матасы

Орыс тілінде пике деп аталады. Көбінде мақтадан тоқылатын тығыз мата. Беті бұдыр-бұдыр, біркелкі түске боялған, өрнексіз келеді. 

11-13. Бөз немесе Биязы — боялмаған мақтадан тоқылатын жеңіл әрі жұқа мата.

Бұл матаның тарихы Оспан түріктері империясына қарасты болған кезеңдегі Одесса өңірімен байланыстырылады. Ол заманда қазіргі Одесса қаласы әлі қалыптаспаған еді. Оның орнында Қажыби деген кент болған. Бұл өңірде Қырым татарлары өмір сүрген.

Түріктер бұл матаны бөз десе, Қырым татарлары биязы деп атаған. Қазақ арасында мата бөз атауымен кең таралып, биязы деген атауы да белгілі болған.

Қазақ — жауынгер, тәуекелшіл халық. Қазақтар жорыққа немесе алыс сапарға аттанғанда, қойнына бөз матасын салып алып жүрген. Егер жолда қаза тапса, сол матаны өлім жөнелтушілер кебін ретінде пайдаланған. Осыған байланысты ынжық, болбыр ер адамдарға қатысты «Қойнынан бөзі, аузынан сөзі түскен» деген тіркес қалыптасқан. 

Қазақ тілінде «бөз орамал» тіркесі де кең тараған. 

Бөздің жұқалығы мен жұмсақтығына байланысты адамның мінезін сипаттайтын биязы сөзі де қолданылады. Мәселен, жұмсақ мінезді адамды «биязы мінезді» десе, қойдың жұмсақ жүнін «биязы жүн» деп атайды.

Бөз матасының табиғи түсі көбінде ақшыл сарғыш немесе сұрғылт болған. Ал ағартылған бөздің имамдар сәлдесіне пайдаланылуына байланысты, ағартылған бөзді білдіретін «Сәлдебөз» атауы қалыптасқан. 

14. Бояқ — поляк матасы

Беті түтеленген, жұмсақ әрі жылы, көбінде мақтадан тоқылатын қалыңдау мата. Орыс тілінде байка деп аталады. 

15. Бомази — қытай және ағылшын матасы

Орыс тілінде бумазея, ал ағылшын тілінде бомбазине деп аталады. Екі беті де түкті, жұмсақ әрі тығыз тоқылған мата. Алғашында мақтадан өндірілген. Қытай тіліндегі мяньбу (棉布) сөзі мақта матаны білдіреді. XVI ғасырдың екінші жартысында Англияда өндірісі жолға қойылған. Сапалы бомазидің жібек арқауы мен тарақты өрімі болған. 

16-17. Бұйра немесе Бояр — парсы матасы ретінде қаралады. Орыс тілінде объярь деп аталған

Алтын және күміс жіптермен, бұйра өрнектермен безендірілген, бір түсті жібек мата. Жарық түсуіне қарай беті әртүрлі рең беріп, құбылып тұрады. Әйелдер киімін тігуге қолданылған. Көгілдір, алқызыл, алтын түстес, күміс түстес және ақ түстері кең тараған. 

18. Бүлде — француздың нәзік матасы

Орыс тілінде фуляр деп аталады. Бастапқыда жібектен, кейінірек жүн мен мақтадан тоқылған. Бір түсті немесе көп өрнекті болып келеді. Әйелдердің көйлегін тігуге, жаулық пен мойынсал жасауға пайдаланылған 

19. Дамбал — үнді матасы

Жұқа әрі тегіс, жаймалық өріммен тоқылып, бетіне түрлі өрнектер басылады. Ауа өткізгіштігі жоғары. Жібектен де, мақтадан да тоқылатын түрлері бар. Орыс тілінде туаль деп аталады. XVIII ғасырда Францияда toile атауымен танымал болған. Жеңілдігі мен ауа өткізгіштігіне байланысты ішкиім тігуге қолайлы. 

20. Діке — қытай матасы

Қытай тілінде тихуа (提花) деп аталады. Бұл атау «гүл тиеу» деген мағынаны білдіреді. Мұндай матаның гүлді өрнегі бетіне басылмайды, тоқу барысында жіптерді айқастыру арқылы жасалады. Нәтижесінде мата бетінде бедерлі өрнектер пайда болады. 

21-23. Дөрекі немесе Дөкір, Дағар — бұлғар матасы

Қалың, сирек әрі дөрекі тоқылатын, көбінде кендірден немесе зығырдан жасалатын арзан тұрмыстық мата. Одан қап, төсеніш секілді бұйымдар тігілген. Орыс тілінде дерюга деп аталатын бұл матаның атауы қазақ тілінде дөрекі, дөкір түрінде сақталған. Матаның сирек әрі дөрекі тоқылымы оның дөрекі (дерюга) деген атауымен мағыналық жағынан үйлесіп тұр. Қазақтың шығыс өңірінде дөрекі сөзінің дөкір түрінде айтылуы мен бұл матадан тігілетін қаптың дағар деп аталуы назар аударуға тұрарлық. 

24. Дүрия — үнді матасы

Үнділерде дориа деп аталатын бұл мата өндірілетін ауданына байланысты «Кота-дориа» деген қосарлы атаумен де белгілі. Ол Үндістанның Раджастхан аймағындағы Кота ауданы мен оның маңындағы елді мекендерде өндіріледі.

Дориа — мақтадан немесе мақта мен жібек жіптерін араластырып тоқылатын жұқа, жеңіл әрі ауа өткізгіш мата. Оның беті ұсақ шаршы өрнектерге толы.

Дүрия атауы қазақтың халық әндерінде жиі кездеседі. «Сары беткей», «Бұраң бел», «Құрбым-ай», «Екі қалқам», «Дидәку», «Айнам-ау», «Ахау, Бүрлен», «Гүл-Дәриға» әндерінің бәрінде осы мата атауы айтылады. «Сары беткей» әнінде Дүрия қыздың есімі ретінде қолданылса, қалған әндерде «дүрия мешпет» тіркесі кездесіп, мешпеттің сыртқы матасын білдіреді. 

25. Жалаң — француз матасы

Орыс тілінде шалон деп аталады. Екі бетінде де қиғаш бағытта созылған бедері бар, жеңіл әрі босаң тоқылған мата. Ерлердің жұқа киімдерін тігуге пайдаланылған. Шалоннан тігілген бомбер мен овершерт қазақ арасында шалон атауының дыбыстық өзгеріске ұшырауы нәтижесінде жалаң деп аталған. 

26-28. Жібек немесе Шұлғау, Шылғи — Нанкинның бұлтты жібегі

Қытай тілінде иүнжин (云锦) деп аталады. Цзянсу өлкесінің Нанкин қаласында өндірілетін бұл жібек түрі бұлт тәрізді күрделі өрнектерімен ерекшеленеді.

Қазақ арасында жібек матасы шұлғау, шылғи деген атаулармен де белгілі болған. Түгі сыпырылмаған теріні шылғи тері, түгі сыпырылмаған шикі қайысты шылғи қайыс деу де осы түкті жібекпен байланысты. Аяққа орайтын жібек матаның шұлғау аталуы да жібектің бір атауы болып табылады. Кейін аяққа басқа маталар оралса да, жібекті білдіретін осы шұлғау атауы сақталған.

Шылғи, шұлғау сөздері мен орыс тіліндегі жібекті білдіретін шёлк сөзінің арасындағы тарихи-тілдік сабақтастық назар аудартады. Шұлғаудың аяққа оралу дәстүрімен байланысты байпақтың бір түрі қазақ тілінде шұлық, орыс тілінде чулок, көпше түрде чулки деп аталған. 

1008 жылы Солтүстік Сұң әулеті тұсында құрастырылған «Кеңейтілген сөздікте» («广韵») жібек маталарды білдіретін Жилиң кесіні (疾陵切) көрсетілсе, 1037 жылы құрастырылып, 1039 жылы аяқталған «Жинақталған сөздікте» («集韵») жалпы маталарды білдіретін Сылиң кесінінің (慈陵切) аты берілген.

Қарақалпақ құрамындағы Қытай руы мен Манжулы руының тармақтарында кездесетін Бек Сыйық, Қара Шыйық, Ақ Шыйық атауларының ішіндегі сыйық, шыйық тұлғаларын қытай тіліндегі жиң, шиң сөздері ретінде қарауға болады. Осы тұрғыдан алғанда, Жилиң (疾陵) мен Сылиң (慈陵) атауларындағы дыбыстардың түркі тілдеріне бейімделуі арқылы Сүлгі, Шылғи, Шұлғау тәрізді сөздеріміздің қалыптасуына негіз болғанын біле аламыз. 

Бет орамалды білдіретін қазақ тіліндегі сүлгі сөзі қырғыз тілінде сүлгү, татар тілінде сөлге түрінде айтылады. Ал жібек атауының Қытаймен көршілес корейлердің тілінде 실크 (сілкыу) түрінде қолданылуы, оларман сауда қатынасын жасаған якуттердің жібекті солко деуі алғашқы сүлгілердің жібектен болғанын көрсетіп қана қоймай, шёлк, шұлғау, шұлық ұғымдарының да шырайын ашады. Бұдан тыс, ағылшын тілінің әлеміне жібектің силк (silk) сөзі ретінде жеткені белгілі. 

Қазақтар ертеде аяқтарын шұлғаумен (шёлкпен) ораған. 1850 жылдары Зайсан көлінде Айдауылдың асы атты үлкен ас өтіп, Найман-Керей мен Тобықты-Уаққа сауын айтылған осы аста салдық бәйгенің жүлдесін Молқы руынан шыққан Бөстек сал Тәкейұлы жеңіп алып, жүлдеге тігілген 300 қой мен 100 сиырды айдап қайтады.

Бұл салдық бәйгеге Бөстек сал атасының қалың көкала жылқысынан таңдап мінген көкала жорғасына жібек кежім жауып, төрт аяғына алтын қоңыраулы білезік салдырған. Бес тұрманын алтынмен аптап, күміспен күптеген. Салтанаты келіскен Бөстекті Найманның салдары өз сән-салтанатымен жеңбек болғанда, оның аяғына ораған жібек атласы шешуші рөл атқарған. Бөстек сал бұл қымбат жібек шұлғауды бір биенің құнына сатып алған екен. Төрде отырып шұлғауын жазғанда, оның ұшы сегіз қанат үйдің есігінен шығып кеткен деседі. Ал басқа салдардың етік ішіне ораған шұлғаулары арзан жібектен жасалған екен. Сөйтіп, Бөстек салдың сәнді киімі мен жібек шұлғауы өзге салдардан оқ бойы озып, бәйгеде жеңіске жеткізген.

Бөстек салдың бүгінгі ұрпақтары да денесін тік ұстап, ырғала басып, аяғын әдемі алып жүреді. 

Бұл талдаудан кейін шежіре түгендегенде Шұлғаубай есімді аталарын атауға ұялатын кісілердің түсінігі түбегейлі өзгеріп, аталарының есімі «Жібекбай» деген мағынаға ие екенін білгенде, бойларын мақтаныш сезімі кернейтін. 

Жібек атауының жұмбағы 

Жібекті қазақ жібек, қырғыз жибек дейді. Енді жібек сөзіне дыбыстық жағынан жақын келетін қытай тіліндегі төрт сөзді атап өтейік.

Жоба — киімнің алғашқы пішімі. Жобаны киім тігілетін адамға кигізіп көрген соң, оның артық-кем жерлерін реттеп, соңғы нұсқасын тігіп шығады. Жоба — ұқсатпа пішім болса, киім жобалау дегеніміз — киім үлгісін жасау. Қытай тілінде айрықша ерекшелігі жоқ, бірыңғай үлгідегі киім жыфу (制服) деп аталады.

Жұпыны — қарапайым киім. Қытай тілінде бамбук талшығынан тоқылған мата жубу (竹布) деп аталады. Жұпыны сөзі мен жубу сөзін салыстыра қарауға болады. 

Шып — тердің жайылып кетпей, түйіршіктенген күйде тұруын білдіретін сөз. «Маңдай тері шып-шып етті», «Тер шып-шып тамып тұр» деген тіркестерде қолданылады. Қытай тілінде беті түйіршікті болып келетін мата жоубу (绉布) деп аталады.

Қытай тілінде тоқыма бұйымдарын білдіретін жыву (织物) деген сөз бар. Алайда бұл атау жібекті емес, тоқылған бұйымдарды сипаттайды.

Біздің аналарымыз той-төкінге барғанда сыйға апаратын маталары жұқа, гүлді өрнекті болса, сыйлық тізіміне «көйлек» деп, ал қалың, өрнексіз болса, «шапан» деп жазылған. Яғни киім атауы кейде матаның атауына айналса, шалоннан тігілген бомбер мен овершерттің қазақ ішінде жалаң атаумен қолданылуы сияқты, кейде мата атауы киімнің атауына айналып отырған.

Сол секілді қытай тілінде киімді ифу (衣服) дейді. Киім атауынан гөрі мата атауының ертерек қалыптасатынын ескерсек, ифу әуелде мата атауы болып, одан тігілген киімдер сол матаның атымен аталған болуы керек. Бұл тұспалға сүйенсек, ифу — жібек матаның дәл өзі болуы ықтимал. 

Олай болса, бұл атау түрік пен қырымтатар тілдеріндегі жібекті білдіретін ипек сөзімен, түрікпеннің йүпек сөзімен, ұйғыр мен әзербайжанның ипәк сөзімен, өзбектің ипак сөзімен ұштасады. Мұндағы и дыбысын е дыбысына алмастыратын татарлар мен башқұрттар бұл атауды ефәк, ебәк деп айтса, и дыбысын ж дыбысына алмастыратын қазақ пен қырғыздар жібек, жибек деп қолданады.

Алтайдағы Пазырық қорғандары б.з.д. V–III ғасырларға, яғни шамамен 2400–2500 жыл бұрынғы кезеңге жатады. Сол қорғандардың бірінен қой жүнінен тоқылған, шаршы өрнектерге бай кілем табылған. Оның өрнектік құрылымы Қытайдың Цзянсу (江苏) өлкесінің Сучжоу қаласында өндірілетін, сужин (苏锦) деп аталатын шаршы өрнекті жібек матасының дизайнымен ұқсас. Бұл ұқсастық бабаларымыздың жібек тоқыма бұйымдарымен ерте кезден таныс болғанын пайымдауға негіз береді.

Жібек сөзі қазақ пен қырғыз халықтарының арасында қыз есімі ретінде кеңінен қойылады. Қазақ мәдениетінде бұл есімнің орны ерекше. Бұған дәлел — халық жанында ғасырлар бойы сақталып келе жатқан «Қыз Жібек» ғашықтық эпосы. Осы эпостың негізінде түсірілген «Қыз Жібек» көркем фильмі де қазақ кино өнерінің көрнекті туындыларының біріне айналған. 

29. Зеріп — парсы матасы. Орыс тілінде зарбаф деп аталады

Екі беті де бірдей, теріс жағы болмайтын жібек мата. Ол таспа тәрізді зер жіптер мен иірілген зер жіптерді пайдалану арқылы тоқылады. Зер жіптермен тоқылған мата жарық түскенде алтын балықтай құлпырып, матаның өн бойынан көздің жауын алатын жарқыл байқалады. Алтын жіптердің жылтыры матаның бетіне ерекше сән беріп, оның сән-салтанатын арттырады. Зеріп сөзі әйел есімдеріне де қойылған. 

30. Зипуын — француз матасы

Орыс тілінде шифон, үнділер тілінде сифон деп аталады. Өте жұқа, жеңіл, жұмсақ әрі жартылай мөлдір жібек мата. Жіптері қатты бұралып тоқылғандықтан, сусымалы болғанымен, сипағанда сәл бүртікті сезіледі. Жазғы көйлек пен жейде, жаулық пен мойынсал тігуге пайдаланылған. 

31. Кәнуа — француз кестелік матасы

Орыс тілінде канва деп аталады. Мақтадан, кейде зығырдан тор көзді етіп тоқылатын мата. Кесте тігуге пайдаланылған. Көбінде бозғылт, сұрғылт немесе қоңырқай түсті болған. 

32. Кез — Пәкістан матасы

Кез — жуан мақта жіптерден қолмен тоқылатын мата. Одан жамылғы мен көрпе жасалады.

Пәкістанда кез матасы Пенджаб өлкесінің оңтүстік бөлігінде, атап айтқанда Бахавалпур мен Мултан қалаларында, сондай-ақ Чолистан шөліндегі ауылдарда өндіріледі. Бұған қоса, Синд өлкесінің Насырпур, Сехван-Шариф және Татта қалаларында да тоқылады.

Үндістанда кез матасы Пенджаб аймағының оңтүстігінде, Уттар-Прадеш аймағындағы Рампур қаласында және Мадхья-Прадеш аймағының тарихи Малва өңірінде өндіріледі. 

33. Кеңауыз — ағылшын матасы

Орыс тілінде гомеспун деп аталады. Үй жағдайында қолдан иірілген жіптен, қолдан тоқылған қарапайым мата. Ресейде жергілікті жерде өндірілгендіктен, шеттен әкелінбеген. Тоқылуы біркелкі емес, беті сәл кедір-бұдыр келеді. Жіптердің арасындағы ашық саңылауларға байланысты, орыс шаруаларының қолынан осы матаны көрген қазақтар оны гомеспун деген атауымен үйлестіре Кеңауыз деп атаған. 

34-36. Көнпіс немесе Кенеп, Ләмбек — нидерланд матасы

Зығыр өсімдігінің сабағынан алынатын талшықтан тоқылатын мата. Көбінде жайма өріммен тоқылады. Берік, ауа өткізгіш, ылғалды жақсы сіңіреді әрі ыстықта салқын сезіледі. Орыс тілінде канифас деп аталады. Бұл атау қазақ тілінде көнпіс және кенеп түрінде орныққан. Қазақ тілінде төзімді, шыдамды адамды көнпіс деп те атайды. Матаның беріктігі мен төзімділігі оның осы атауымен мағыналық жағынан үндесіп тұр.

Зығыр өсімдігі орыс тілінде лён деп аталатындықтан, бұл матаны кейде лен деп те атаған. Оның қазақ тіліндегі нұсқасы ләмбек болып орныққан. 

37-38. Күлдір немесе Гүлдари — француз матасы

Орыс тілінде гродетур деп аталады. Гүлді өрнегі бар, тығыз, берік әрі оңай тозбайтын жібек мата. XX ғасырдан бастап қазақ арасына бұл матаның келуі тоқтағанымен, Күлдір және Гүлдари есімдерін қыз балаларға қою дәстүрі жалғасып келеді. 

39. Күліңгір — үнді матасы

Орыс тілінде коленкор деп аталады. Мақтадан тоқылып, арнайы өңдеу арқылы қатайтылып, беті тегістелетін тығыз мата. Көбінде біркелкі түске боялады, өрнекті түрлері де кездеседі. Діни кітаптардың мұқабасын қаптауға пайдаланылған. 

40. Қаламы — қытай матасы

Түрлі-түсті жүннен тоқылатын жолақты мата. Ресейде бұл мата коломянка немесе каламянка деп аталған. Атауы қытай тіліндегі коулуомяньляо (口罗棉料) сөзімен байланыстырылады. Кейін Ресейде зығырдан, кейде кендір талшығы қосылып тоқылатын тығыз әрі тегіс түрі пайда болған. Қаламы орыс әйелдерінің шалғышын тігуге пайдаланылған. 

41-42. Қамар немесе Қамыр — Ханчжоу жібегі

Қытай тілінде хаңлуо (杭罗) деп аталады. Қытайдың Чжэцзян өлкесіндегі Ханчжоу қаласында таза тұт жібегінен тоқылатын жұқа, ауа өткізгіш мата. Жіптерді айқастыра тоқу нәтижесінде мата бетінде көлденең немесе тік бағытта біркелкі ұсақ саңылаулар пайда болады. Қазақ арасында бұл өрнекті, тұтқырлау матадан белдік жасалып, ол «қамар белдік» деп аталған. Көк қамыр матадай жайылған жайлауды Құлжа ауданында Көкқамыр жайлауы деп атаған. 

43-44. Қамқа немесе Қымқап — араб матасы

Өрнегі тоқу тәсілі арқылы жасалатын, көбінде жібектен тоқылған сәнді әрі тығыз мата. Кейбір түрлері зер жіптермен безендіріліп, жағымды сән-салтанатымен көзге түскен.

Қазақ арасында қамқа, түріктерде кемха, ал қырғыздарда қымқап деп аталады. Қамқа сөзі бұрынғы замандарда қазақ қыздарына есім көп ретінде қойылған. Бұл мата тонның сыртын қаптауға ерекше жарасқандықтан, қазақта «қамқа тон», қырғызда «қымқап тон» деген атаулар қалыптасқан. 

Шам өңіріндегі арабтар өндірген маталардың бірі болғандықтан, орыстар оны дамаст деп атаған. 

45-46. Құлпы немесе Күнтүн — Пәкістан және парсы матасы

Көбінде мақтадан, кейде жүн немесе жібек араластырып тоқылған, беті сәл кедір-бұдырлы, тығыздау мата.

Пәкістанда бұл матаны хаддар десе, ал арабтар қутн деп атаған. Оспан түріктері империясы тұсында арабтың қутн атауы арқылы бізге жеткен бұлматаның атыа қазақ тілінде Күнтүн түрінде сақталған. Кейін пайда болған Құлпы атауы орыстардың бұл матаны хлопок деп атауын қазақтардың өз тілінің дыбыстық ерекшелігіне бейімдеп айтуынан шыққан. 

47. Құмаш — қытай матасы

VII–X ғасырларда Қытайда жұқа, беті тегіс, нәзік жылтырлы, жеңіл әрі мап-майда қызыл түсті жібек мата кеңінен танымал болған. Бұл мата Таң дәуірінің әдеби шығармаларында хұңшяо (红绡) деген атпен аталады. 

Кейінгі дәуірлерде оның жалғасы ретінде хұңша (红纱) деп аталатын жеңіл, сирек тоқылған, жұқа әрі мөлдір қызыл маталар қолданылған. Алдыңғысы сирек тоқылған жұқа матаны білдірсе, соңғысы жұқа мөлдір матаны білдірген.

Араб саудагерлері арқылы араб және түрік жұрттарына құмаш деген атаумен тараған бұл сөз кейін араб тілінде тек жұқа, мөлдір матаны ғана емес, бірте-бірте жалпы матаны білдіретін ұғымға айналған. Түрік тілінде де жалпы матаны білдіріп, кумаш түрінде сақталған. 

48. Қыжым — қытай матасы

Қытай тілінде хыйжин (黑锦) делінеді. Бұл атау «қара өрнекті жібек мата» деген мағынаны білдіреді. 

49. Ләстік — ағылшын матасы

Орыс тілінде ластик деп аталады. Бетінде жіңішке бойлық бедерлері бар, мақтадан немесе жүннен тоқылатын мата. Киімнің жеңін, жағасын және белдігін тігуге көп пайдаланылған. 

58. Манат — өзбек матасы

Тығыз әрі қалың болып тоқылатын бұл мата жүннен немесе жүнге басқа талшықтарды араластыру арқылы жасалған. Бұхарада өндірілген. Оның қызыл манат және ақ манат деген түрлері әйгілі болған. 

51. Мауты — парсы матасы

Мауты — жүннен тоқылатын тығыз әрі жұмсақ, сырт киім тігуге арналған мата. Иранның Семнан аймағындағы Шақұрт ауданында өндірілген. Бұл өңірдің тұрғындары мауты тоқуды әуелде Үндістаннан үйренген екен.

Кенесары ханның кіші әйелінің аты да Мәуті болған. Семейде тұратын Абайдың сыйлас адамының есімі де Мәуіті еді. Бұл есімдер мауты матасының атауынан алынған. 

Ертеде мауты матасы Иран, Ауғанстан, Түрікпенстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстан жерлеріне кеңінен тараған. 

52. Пайы — француз матасы

Орыс тілінде фай деп аталады. Ұсақ тоқылу бедері байқалатын, тығыз тоқылған, жылтырлау әрі біркелкі түске боялған мата. 

53. Парша — Парсы матасы

Парша — жібектен тоқылатын ауыр мата. Оның бетіне зерлі жіптер зығыр, жібек немесе мақта жіптерінен жасалған арқау жіптің айналасына оралып, күрделі өрнектер түсіріледі.

Осы матаның атауынан шыққан «парче» сөзі парсы тілінде жалпы мата ұғымында қолданылса, әзербайжан тілінде «парша» түрінде айтылады. 

54. Пүліс — француз матасы

Орыс тілінде плюш деп аталады. Бетінде жұмсақ түгі бар, үлпілдек мата. Барқытқа ұқсайды, бірақ одан жұмсағырақ әрі жұқалау келеді.

Пүліс түкті өріммен, кейде арнайы түк жіптерін қосу арқылы тоқылады. Жылы әрі қалың түрі жүннен, берік әрі жұмсақ түкті түрі мақтадан, ал жұмсақ, жылтыр әрі қымбат түрі жібектен тоқылады. 

54-56. Рәсім немесе Баршын — үнді жібегі

Үнділерде решам деп аталатын бұл жібектің атауы түрлі дыбыстық өзгерістерге ұшырап, бенгал, непал, тибет, синдхи, пенжаб, пуштун, тәжік, парсы, күрд және гүржі қауымдары арасында әртүрлі нұсқаларымен тараған.

Матаның бетіне түрлі өрнектер мен көріністер кестеленген. Қазақ арасында ол рәсім деген атаумен орныққан. Кейінгі ғасырларда осы матаның атауының ықпалымен алғашқы фотосуретке түсуді «рәсімге түсу», ал сурет салушыларды «рәсім сызушы» деп атау дағдысы қалыптасқан.

Тәжіктер үнді жібегі — решамды қазақ даласына абрешим атауымен саудалағандықтан, қазақ арасында матаның баршын деген екінші атауы да қалыптасқан. Баршын сөзі қыз есімі ретінде де қолданылған. 

57. Сарпөңке — парсы және түрік матасы

Орыс тілінде серпянка деп аталады. Жіптері сирек айқасып тоқылатын, жеңіл әрі торлы құрылымды мата. 

58. Сәтен — қытай матасы

Орыс тілінде сатин деп аталады. Беті тегіс, жылтыр әрі жұмсақ, тығыз тоқылатын мата. Сәтеннің атауы Қытайдың Фуцзянь өлкесіндегі Цюанчжоу (泉州) қаласының орта ғасырлардағы арабша Зайтун атауымен байланыстырылады. Бұл қалада өндірілген жібек маталар араб саудагерлері арқылы Таяу Шығысқа, одан әрі Еуропаға таралған. 

59. Сылаң — туцзя матасы

Қытайдың Хубэй, Гуйчжоу өлкелері мен Чунцин қаласында тұратын, халық саны 10 миллионнан асатын туцзя халқының дәстүрлі тоқыма бұйымы силанкап (西兰卡普) деп аталады. Түрлі-түсті жіптерден күрделі өрнектер салып тоқылатын бұл мата туцзя халқының ұлттық қолөнер мұрасына жатады. Оның термебау тәрізді жіңішке түрлері де, кілем секілді көлемді түрлері де бар. 

60. Сіндіп — француз матасы

Орыс тілінде синель немесе шенилл деп аталады. Беті қысқа, үлпілдек түктермен көмкерілген жұмсақ мата. Диван мен креслоларды қаптауға пайдаланылған. 

61. Сұпы — грек матасы

Орыс тілінде зефир деп аталады. Мақтадан тоқылатын жұқа әрі жеңіл мата. Қолға жұмсақ, ауа өткізгіштігі жоғары, денеге жайлы. 

62. Сұрып — неміс матасы

Орыс тілінде сарпинка деп аталады. Мақта жібінен жайма өріммен тоқылатын жұқа әрі жеңіл мата. Көбінде жолақты немесе торкөзді болып келеді.

Бұл мата Германияның өзінде емес, Еділ бойындағы Сарытау аймағындағы неміс қоныстарында өндірілген. Сондықтан ол қазақтарға да етене таныс болған.

Сарытау аймағында қазақтар шоғырланған он бір ауданның болғанын ескерсек, сұрып матасының атауын қазақтың сұрып, сұрыптау сөздерімен байланыстыра қарауға болады. Қазақ тілінде бұл сөздер қатарға тізу, екшеу мағыналарын білдіреді. Матаның қаз-қатар орналасқан жолақтары мен атауының арасындағы осы ұқсастық назар аударуға тұрарлық. 

63-65. Сыңсыма немесе Сусыма, Сым — Пәкістан матасы

Өз отанында сусси деп аталады. Пәкістанның Синд өлкесінде, сондай-ақ Пенжаб өлкесінде өндірілген. Мақтадан, жібектен немесе осы екі талшықтың қоспасынан тоқылатын жұқа мата. Бетінде сымдай тартылған тік жолақтары болады. Сымдай тартылған тік жолақтары үзік сызықтардан құралады. Көбінде шалбар тігуге қолданылған. 

66. Тайғақ — түрік матасы

Орыс тілінде дымка деп аталған бұл матаны түріктер дима деп атаған көрінеді. Көбінде жібектен тоқылатын жұқа, жеңіл әрі жартылай мөлдір мата. Әйелдердің сәнді көйлектерін, орамалдарын және бас киім әшекейлерін жасауға қолданылған. Жібектей сусылдап, қолға ұстатпай сырғитын қасиетіне байланысты қазақ арасында тайғақ деп аталған екен. 

67. Тапта — парсы матасы

Орыс тілінде тафта деп аталады. Жібектен немесе мақтадан иірілген тығыз бұралған жіптерден тоқылатын жұқа болғанымен қатқыл көрінетін, тығыз әрі жылтыр мата. Қарапайым тоқу әдісімен дайындалады. Түрлі жапқыштар мен сәнді киімдер тігуге қолданылған. 

68. Терме — қазақтың күрделі өрнекті тоқыма бұйымы

Терме атауы қазақ арасында ғана емес, парсы және кашмир қауымдарының тоқыма өнерінде де кездеседі.

Парсы жерінде терме деп аталатын матаның қазақтың термебауына ұқсас жіңішке түрлері, сәндік төсеніштерге арналған нұсқалары, сондай-ақ шапан мен орамал тігуге лайық маталары да өндірілген. Бұл бұйымдар Иранның Йезд, Керман және Мешһед қалаларында тоқылған.

Ал Кашмирде жұқа жүннен тоқылған өрнекті маталар орамал жасауға қолданылған. 

69. Тептік — ағылшын матасы

Орыс тілінде твид деп аталады. Көбінде қой жүнінен тоқылатын қалыңдау, тығыз, берік әрі жылы мата. Беткі қабаты сәл бұдырлы келеді. 

70. Тібек — француз матасы

Орыс тілінде демикотон деп аталған. Мақтадан тоқылатын, өте тығыз әрі жемірілуге төзімді қатты мата. Беті тегіс, ашық түсті, біркелкі әрі өрнексіз болған. 

71. Тібен — француз матасы

Орыс тілінде деним деп аталады. Мақтадан тоқылатын, жемірілуге төзімді етіп өте берік тоқылған тығыз мата. 

72. Тіке — нидерланд және ағылшын матасы

Тығыз, берік, оңай түтеленбейтін, көбінде мақтадан немесе мақта мен басқа талшықтардың қоспасынан тоқылатын мата. Көрпе-жастық пен текемет қаптарын тігуге кеңінен қолданылады. 

Орыс тілінде тик деп аталатын бұл матаны қазақтың «Тіке» деп атауы оның бетіне тіке тартылған таспа жолақтармен мағыналық жағынан үйлеседі. Дари тілінде сөйлейтіндер таспа матаны, яғни мата кесінділерін, «таке» деп атайды. 

73. Торқа — Сучжоу жібегі

Қытай тілінде сужин (苏锦) деп аталады. Қытайдың Цзянсу өлкесінің Сучжоу қаласында өндірілетін бұл жібек мата шаршы өрнектерімен ерекшеленеді. Оны қазақ жеріне саудалаған моңғолдар шаршы өрнегіне байланысты торхээ деп атаған. Мұндағы тор — тор немесе шаршы, хээ — оқа, өрнек деген мағынаны білдіреді. Осы сөз қазақ тілінде торқа, қырғыз тілінде торхо, тыва тілінде торгу, моңғол тілінде торго түрінде қалыптасқан. 

74. Торғын — Сычуань жібегі

Қытай тілінде шужин (蜀锦), моңғол тілінде торгон деп аталады. Бұл — Қытайдың Сычуань өлкесіндегі Чэнду қаласында өндірілетін, түрлі-түсті жібек жіптерден өрнектеліп тоқылатын сәнді мата. Өрнектері көбінде шаршы және дөңгелек пішіндерден, гүлдер мен жануарлар бейнелерінен тұрады. 

75-76. Тұқаба немесе Доқаба — түрік матасы

Түріктер арасында докума деп аталған, бұл сөздің мағынасы — «тоқыма». Татар саудагерлері арқылы тукума атауымен саудаланған.

Шу өңірінде «тұқаба пәлте», ал Меркі өңірінде «доқаба пәлте» деген атаулардың қолданылуы бұл матаның сырт киім, әсіресе пальто тігуге пайдаланылғанын аңғартады. Тығыз әрі дөрекілеу тоқылған бұл мата жылы сырт киімдерге қолайлы болған. 

77. Ұштап — неміс матасы

Орыс тілінде штоф деп аталады. Көбінде жібектен, кейде басқа талшықтар қосылып тоқылған қалың, тығыз, өрнекті сәндік мата. Өрнегі тоқу барысында жасалған. Диван мен кресло қаптауға, шапан мен камзол тігуге пайдаланылған. Ақ түсті түрі ақ ұштап деп аталып, бұл атау қыз бала есіміне де негіз болған. Қазақ арасында кездесетін Ақұштап есімі осымен байланысты. 

78. Үлде — француздың нәзік матасы

Орыс тілінде вуаль деп аталады. Мақтадан тоқылатын өте жұқа, жеңіл, жартылай мөлдір мата. Көбінде бозғылт түсті болған. Жаулық ретінде және шашқа тағатын жемелек тігуге пайдаланылған. 

79. Үлдірік — француз матасы

Орыс тілінде велюр деп аталады. Беті қысқа, қалың түкті қабатпен көмкерілген, жұмсақ мата. Көбінде өрнексіз, біркелкі түске боялған. 

80~81. Шағи немесе Шайы 

Тәжік, ұйғыр және өзбек халықтарына ортақ өрнекті атластың атауы. Табиғи жібектен тоқылатын, беті тегіс, жұмсақ әрі жылтыр мата. Оның бетінде алашаға тән өрнктер жосылады.

Тәжіктерде шохи, өзбектерде шойи деп аталатын бұл мата қазақ арасында шағи немесе шайы деген атаулармен белгілі болған. Қазақтың оңтүстік өңірлерінде шағи жаулықтар шайы орамал деп те аталған.

Мұның халық әндерінде де ізі бар. «Ақжайнақ» әнінде:

«Мен келгенде, Ақжайнақ,

Шайы орамал ұстайды-ақ», —

деген жолдар кездеседі. Кейін «Шайы орамал» атты ән де тараған.

Шайы орамалдың халық тұрмысындағы орнынан оның мақал-мәтелдерге де арқау болғанын байқауға болады. Мәселен:

«Ақылдының ашуы — шайы орамал кепкенше,

Ақымақтың ашуы — басы көрге жеткенше», —

деген мақал адамның ашуын тежей білуі мен сабыр сақтауының маңызын бейнелейді. 

82. Шәйі — қытай матасы

Жібектен сирек өріліп тоқылатын, мөлдір әрі өте жұқа мата. Қытай тілінде ша (纱) деп аталатын бұл мата қазақ тілінде шәйі деп аталған. Қазақтар тау басына шөккен жұқа тұманды осы мөлдір матаға ұқсатып, кейде «шәйі тұман» деп те атайды. Ша (纱) атауы Еуропаға жетіп, француз тілінде жібек матаны білдіретін soie (оқылымы «суа») атауы қолданыла бастады. Шәйі атауын шағи атластың шайы деген атауымен шатастырмау керек.

Мұндай мата араб жерінде де өндіріліп, арабтарда хазз деген атаумен белгілі болса, орыс тілінде газ деп аталған. 

83-84. Ши барқыт немесе Қатипа — ағылшын және араб матасы

Орыс тілінде вельвет деп аталады. Бетінде ұзыннан созылған жіңішке бедері бар, мақтадан тоқылатын түкті мата. Алдымен мата арнайы түкті өріммен тоқылып, кейін түк жіптері кесіліп, бетінде ұзынша бедерлер қалыптастырылады. Біркелкі түске боялған бұл матаны түріктер кадифе, ал Қырым татарлары қадифа деп атаған. Қазақ жеріне жеткенде ол ши барқыт және қатипа деген атаулармен белгілі болған.

Ши барқыт атауы осы матаның бетінде ши тәрізді жіңішке, қаз-қатар бедерлердің болуына байланысты қалыптасқан. 

Түрік және қырымтатар тілдерінде кадифе мен қадифа атаулары қазіргі кезде барқыттың жалпы атауы ретінде де қолданылады. 

85. Шөжін — қытай алашасы немесе термебау. Қытай тілінде жыжин (织锦) деп аталады

Жыжин — түрлі-түсті негізгі және арқау жіптерін термебау тәсілімен тоқу арқылы өрнек түсірілетін Қытайдың дәстүрлі жібек тоқымасы.

Қытайдың жыжин деп аталатын дәстүрлі термебауына ұқсас, парсы жерінде дамыған тоқыма бұйымы жажин деп аталады. Бұл өнім Кавказды аралық өңір етіп, орыс және украин, белорус қауымдарына тараған. Парсылардың жажин деп атаған тоқыма бұйымының атауы славян халықтарының тілдерінде өзгеріске ұшырап, сажень, сажань түрлеріне айналып, ол бірте-бірте сол халықтар арасында ұзындық өлшемі ретінде белгілі болған. 

Орыс, украин тілдерінде сажень, ал белорус тілінде сажань түріндегі бұл ұзындық өлшемі бір адамның екі қолын екі жаққа созғандағы аралыққа, яғни қазақтың құлаш өлшеміне тең болған. 

86. Шұға — түрік матасы

Бұл атау сырт киім тігуге арналған сукно мен драп маталарының түрікше баламасы ретінде қолданылады. Көбінде жүннен тығыз тоқылып, біркелкі түстерге боялады. Қалың әрі жылы болғандықтан, пальто және басқа да сырт киімдер тігуге пайдаланылады.

Шұға атауы қазақ арасында қыз есімі ретінде де кеңінен қолданылған. Соның бір дәлелі — жазушы Бейімбет Майлиннің 1914 жылы жазылған «Шұғаның белгісі» атты әңгімесі. Шығармадағы Шұға есімді кейіпкердің сұлулығын баяндаушының «Шұға десе, шұға еді ғой» деп сипаттауы оның көркін шұға матасының әсемдігімен, сапасымен астастыра елестетеді. Бұл тіркес шұға матасының қазақ арасында жоғары бағаланып, әдемілік пен көркемдіктің нышанына айналғанын аңғартады. 

87-88. Шыт немесе Сиса — үнді матасы. Орыс тілінде ситец деп аталады

Оның бетіне арнайы тәсілмен түрлі өрнектер басылады. Түрлі-түсті гүлді өрнектермен безендірілген, жеңіл әрі жұқа мақта мата. 

Ертеде қазақ арасында бұл мата «шыт» деп аталса, XIX ғасырда сиса атауы да қолданыла бастаған. Қазақ тілінде «шыт көйлек» тіркесінің кең таралуы қыз-келіншектердің осы матадан көйлек тіккенін көрсетеді. Сондай-ақ, қазақтар алақандай мата бетіне гүлді өрнек кестеленсе, оны да осыған ұқсатып «шыт» деп атады. Осыған байланысты қазақтың халық әндерінде де шыт атауы жиі кездеседі. «Ақ көйлек» әнінде «шыт орамал» деген тіркес айтылса, «Әридай», «Бағила-ау», «Құдеке-ай», «Құрбылар», «Угай-жар», «Үкілім-ай» әндерінде «орамал шыт» сөзі ұшырасады. Сәнді киінген адамды «шыттай болып құлпырып» десе, жап-жаңа дүүиені «шыттай жаңа» деседі. 

Жаяу Мұса Байжанұлының «Ақ сиса» әні де осы мата атауымен байланысты. Әннің «Ақ сиса, қызыл сиса, сиса-сиса, Қалмайды кімдер жаяу зорлық қылса» деген жолдары халық жанында сақталған. Бұл деректер шыт пен сиса атауларының қазақтың тұрмыс-тіршілігіне, киім мәдениетіне және ән өнеріне сіңісіп кеткенін аңғартады. 

Ал, кейбір кісілер қазақта «Дабы» деген де мата болған екен деп жүр. Бұл — моңғолдармен іргелес отырған Шығыс Қазақстанда кездесетін сөз. Моңғолдар матаны даавуу деп атайды. Сол сөздің жаңғырығы қазақ тіліне «дабы» болып жеткен.

Қытай тілінде киім-кешекке қатысты тауфу (套服) деген атау бар. Моңғол тіліндегі даавуу сөзінің қалыптасуына осы атау негіз болған.

Қазақтың тойға мата апарып, оны той сыйларының тізіміне матаның жұқалығы мен қалыңдығына қарай «көйлек» не «шапан» деп жазатыны секілді, кейбір маталардың атауы киім түрлеріне ауысқан. Сол сияқты киім-кешек ұғымын білдіретін сөздер де мата атауларына айналып отырған.

«Маңлық» деген де мата түрі болған деп жазады кейбір кісілер. Алайда маңлық — арнайы бір мата түрінің атауы емес, қытай тіліндегі «мяньляо» (面料) сөзінің қазақтың жалпақ тіліндегі айтылымы. Бұл сөз белгілі бір матаны емес, жалпы мата ұғымын білдіреді.

«Саң» және «Зон» деген мата түрлері болған деп жазылады ішінара жерде. Бұлар қытай тіліндегі жалпы жібек маталарды білдіретін зың (缯) атауынан ұшқындаған сөздер. 

«Міндала» деген мата түрі болған деп жазады. Алайда миндаль — бадамның атауы, ал миндаль түсі бадамның өңіне ұқсас ашық қоңыр түсті білдіреді. Сондықтан, бұл атау жеке мата түрін емес, матаның түсін білдірген.

«Кініпас» деген мата түрі болған деп жазады. «Кініпас» атауы жазармандардың канифас сөзін өз бетінше қазақшалауынан туған. Қазақ халқы бұл матаны әлдеқашан кенеп немесе көнпіс деп атап кеткен. 

«Қойқын» деген мата түрі бар деп жазады. Алайда бұл да жеке мата атауы емес, «қара мақпал» немесе «ақ ұштап» тіркесіндегідей, матаның түсін білдіретін атау. Қытай тіліндегі хуохұң (火红) сөзі «нарт қызыл» деген мағына береді. Қойқын атауы осы түсті білдіретін қытайша атаумен байланысты туындаған. 

Қырмызы деген мата бар деп жазады. Бұл да жаңсақ түсінік. қырмызы — матаның жеке түрінің емес, қызыл түсінің атауы. Бұл сөз бізге Қырым татарлары, түріктер, әзербайжандар сияқты Оспан түріктері империясындағы маталарды жеткізетін халықтардың қолданысынан ауысқан. 

«Ләңке» деген мата болған деп жазады. Бұл атауды лаке матасымен байланыстырады. Алайда лаке — көне заманнан келе жатқан үйреншікті мата емес, қазіргі кезде қолданылатын, көзіміз үйренбеген мата атауы. Бұл арада қазақтың мата атауларын көбейткісі келген кейбір адамдардың лаке сөзін «ләңке» деп қазақшалап, оны дербес мата атауы ретінде енгізгені байқалады. 

Қазақтың тоқымашылық өнеріндегі көне атаулар 

Қазақтар әртүрлі талшықтан немесе таспадан қосып тоқыған тоқыманы, сондай-ақ өрімді ызба деп атайды. Мысалы, мақта мен зығыр талшығын қосып тоқуға немесе тері таспа мен жүн жіпті қосып өруге болады.  Бір бума мата бір бау мата деп те аталған. Мұндағы бау — байлауға арналған жуан жіп. Ал матаның жіңішке кесіндісі таспа деп аталған.

Қазақтың кесте тігу өнерінің атауындағы кесте (кес) сөзі мен өрмек тоқу ісіндегі күзу (күзі) ағаш, күзу (күзі) жіп атауларын қытай тіліндегі кесте өнерін білдіретін кісы (缂丝) сөзімен салыстырып, оның түркілік төркінін тексеруге болады. 

Жіп атауларының көне қабаттары 

Қазақтың жіптің жіңішкелігіне қатысты қалыптасқан жіп-жіңішке, жып-жылмағай (жіп-жылмағай), еп (епті, ебін табу), сып-сидам, жымсыма, сып (сып етіп кіріп кетті, сып-сидам) сөздеріне назар аударсақ, олардың өзге түркі және шығыс тілдеріндегі жіп атауларымен сабақтастығын зерттеуге болады. Мәселен, еп сөзі башқұрт тіліндегі жіпті білдіретін еп сөзімен, сып сөзі якут тіліндегі жіпті білдіретін сап сөзімен, сидам сөзі моңғол тіліндегі жіпті білдіретін сэдев сөзімен, жіп-жылмағай тіркесі корей тіліндегі жіптің атауы — сіл (실) сөзімен, жымсыма сөзі чуваш тіліндегі жіңішкені білдіретін чинче сөзімен салыстыруға келеді. Сондай-ақ қытай тіліндегі шикі жібек жіпті білдіретін шыңсы (生丝) және жібек қалдықтарын иіру арқылы алынатын жіпті білдіретін жуансы (绢丝) атаулары да жымсыма сөзімен салыстырылады. 

Парсы жібі де сол заманда қазақ жеріне молынан келіп жатқанға ұқсайды. Парсы тіліндегі жіңішкелікті білдіретін назак сөзі қазақ тіліндегі нәзік сөзімен үндеседі. Қазақта бұл сөз жіңішке, биязы аруларға қатысты қолданылады. Парсының зеріп деп аталатын зерлі матасында жиі кездесетін алтын жіпті қазақтар зер жіп деп атаған әрі кеңінен пайдаланған. Зер сөзі алтын ұғымын білдіретіндіктен, қазақ халқы алтыннан түрлі әшекей бұйымдар жасайтын шеберді зергер деп атаған. 

Көкбөрі Мүбарак, зерттеуші