Қазақстанда музыкалық субмәдениеттерді жіктеу мәселесі зерттелді
Музыкалық талғам, киім үлгісі мен өмір салты жастарды біріктіретін негізгі белгілердің біріне айналған. Алайда ғылыми ортада музыкалық субмәдениеттерді жіктеудің ортақ жүйесі әлі қалыптаспаған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің PhD докторанты Әсел Шерубайқызы қазақстандық ғалымдардың еңбектеріне талдау жасап, музыкалық субмәдениеттерді жіктеудің негізгі тәсілдері мен қағидаттарын анықтады. Зерттеу ф.ғ.д., профессор Ажар Қуанышбекқызы Жолдубаеваның ғылыми жетекшілігімен жүргізілген. Ал зерттеу практикасының жетекшісі – филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мира Рашидқызы Балтымова.
Зерттеу авторының мәліметінше, ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасырдың басында музыка жастар субмәдениеттерінің қалыптасуына ықпал еткен маңызды факторлардың біріне айналды. Мұндай топтардың өкілдерін тек музыкалық талғамына қарап емес, сыртқы келбеті, сөйлеу мәнері және жүріс-тұрысы арқылы да ажыратуға болады.
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін музыкалық субмәдениеттер жаһандық бұқаралық мәдениеттің ықпалымен және жаңа ұлттық бірегейлікті іздеу үдерісі аясында дами бастады. Бүгінде жастар арасында түрлі бейресми бірлестіктер болғанымен, оларды ғылыми тұрғыдан жүйелеу мәселесі әлі де жеткілікті зерттелмеген.
Зерттеу барысында соңғы 15 жылда жарық көрген қазақстандық ғалымдардың еңбектері қарастырылған. Атап айтқанда, А. Н. Сбитнева мен А. Кудрявцева, Е. Завьялова мен А. Н. Сбитнева, Э. Э. Каримова мен Л. И. Шулунова, М.-А. Сыдықназаров, Б. Е. Әлімжанова, А. М. Қанағатова және А. С. Мағауованың ғылыми жұмыстарына тақырыптық әрі салыстырмалы талдау жасалған.
Ғалымдар субмәдениеттерді қалай жіктейді?
Зерттеуде ғалымдардың жастар субмәдениеттерін әртүрлі белгілеріне қарай топтастыратыны көрсетілген.
Мәселен, А. Н. Сбитнева мен А. Кудрявцева субмәдениеттерді музыкалық жанрларға, әдебиет пен киноға қызығушылығына, киім үлгісі мен жүріс-тұрысына, қоғамдық көзқарасына және өмір салтына қарай жіктейді. Бұл санаттарға готтар, металлистер, панктер, эмо өкілдері, хиппилер мен байкерлер сияқты топтар енгізілген.
Е. Завьялова мен А. Н. Сбитнева ұсынған жіктеме бұдан да кең. Онда музыкалық бағыттармен қатар белгілі бір дүниетаным мен өмір салтын ұстанатын, спортқа, компьютерлік технологияларға, ойындар мен қиял әлеміне қызығатын топтар жеке қарастырылады. Сонымен бірге діни бірлестіктер, заманауи өнер қауымдастықтары, элиталық және әлеуметтік белсенді топтар да қамтылған.
Ал Э. Э. Каримова мен Л. И. Шулунова субмәдениеттерді жастардың қызығушылықтарына қарай бірнеше санатқа бөледі. Олардың ішінде музыкалық, интеллектуалдық, діни-философиялық, спорттық, компьютерлік, контрмәдени және деструктивті бағыттар бар. Музыкалық субмәдениеттер қатарына рейверлер, рокерлер, брейк-данс өкілдері, битломандар, металлистер мен рэперлер жатқызылған.
Зерттеуде М.-А. Сыдықназаровтың өзгеше ұстанымы да қарастырылған. Ол экологиялық, қоғамдық, идеологиялық және символдық субмәдениеттерді, сондай-ақ шығармашылық авангард топтарын бөліп көрсетеді. Соңғылары музыка, би және спорт салаларындағы жаңа мәдени үрдістерді іздеуге, инновациялық құралдарды қолдануға және өзіндік ерекшелігін көрсетуге бағытталған.
Бұдан бөлек, Б. Е. Әлімжанова, З. В. Синкевич және А. М. Қанағатованың ғылыми тұжырымдары да талданған. Мәселен, З. В. Синкевич субмәдениеттерді бос уақытты өткізу ерекшеліктеріне қарай жіктеп, музыка фанаттарын жеке топ ретінде қарастырады. Ал музыканттарды альтернативті шығармашылық санатына жатқызады.
А. С. Мағауованың оқу құралында жастар субмәдениеттерінің жіктелуі барынша кең қамтылған. Автор өзге зерттеушілердің көзқарастарын жүйелеп қана қоймай, музыкалық бейресми ұйымдарға да назар аударған. Оның анықтамасы бойынша, мұндай бірлестіктер мүшелерінің өздері ұнататын музыканы тыңдауға, зерттеуге және таратуға бағытталған.
Музыкалық субмәдениеттерді жеке зерттеу неге маңызды?
Зерттеу қорытындысы бойынша, музыкалық жанрлар төңірегінде көптеген субмәдениет қалыптасқанымен, «музыкалық субмәдениеттер» ұғымы ғылыми әдебиетте әлі толық орнықпаған. Бұл құбылыс әртүрлі терминдермен аталып, зерттеушілер көбіне музыка фанаттары немесе жекелеген музыкалық ұжымдар сияқты нақты топтарға басымдық береді.
Соның салдарынан музыкалық субмәдениеттер кейбір жіктемелерде дербес санат ретінде қарастырылмайды немесе мүлде ескерілмейді. Зерттеу авторы мұны әлеуметтанулық тәсілдің басымдығымен байланыстырады. Өйткені бұл бағыттағы еңбектерде жастардың қоғамдағы орнына көбірек назар аударылып, субмәдениеттердің мәдени ерекшеліктері екінші қатарда қалып қояды.
Осыған байланысты музыкалық субмәдениеттерді мәдениеттану тұрғысынан зерттеу, олардың өзіндік ерекшеліктерін және жастар мәдениетінің дамуына қосқан үлесін ашып көрсету маңызды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің PhD докторанты Әсел Шерубайқызы қазақстандық ғалымдардың еңбектеріне талдау жасап, музыкалық субмәдениеттерді жіктеудің негізгі тәсілдері мен қағидаттарын анықтады. Зерттеу ф.ғ.д., профессор Ажар Қуанышбекқызы Жолдубаеваның ғылыми жетекшілігімен жүргізілген. Ал зерттеу практикасының жетекшісі – филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мира Рашидқызы Балтымова.