Қазақ дипломатиясының ұмыт қалған беттері: Бішкек кітапханаларындағы ғылыми ізденіс
Қазақ мемлекеттілігінің тарихы ел ішіндегі саяси оқиғалардың ғана емес, көршілес халықтармен қалыптасқан сан ғасырлық дипломатиялық байланыстардың да тарихы. Ұлы даладағы саяси үдерістерді Орталық Азияның тұтас тарихи кеңістігінен бөліп қарастыру мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда, шетелдік ғылыми қорларда сақталған еңбектер мен тарихи материалдарды зерттеу ұлттық тарихтың әлі де терең зерделеуді қажет ететін қырларын ашуға жол береді.
Қазақ хандығының сыртқы саясаты туралы сөз қозғағанда, көбіне Ресей империясымен, Жоңғар хандығымен немесе Цин мемлекетімен қалыптасқан байланыстарға назар аударылады. Алайда қазақ билеушілерінің қырғыздармен, Бұхара және басқа да Орталық Азиядағы саяси құрылымдармен қарым-қатынасы, олардың өзара елшілік алмасуы, саяси келісімдері мен сауда байланыстары да қазақ дипломатиясы тарихының ажырамас бөлігі саналады.
Әсіресе XVI ғасырдың соңы мен XVIII ғасыр аралығы Орталық Азиядағы саяси күштердің арақатынасы өзгеріп, мемлекетаралық байланыстар жаңа сипат алған күрделі тарихи кезеңдердің бірі болды. Аталған дәуірдегі оқиғаларды толық түсіну үшін Қазақстан аумағындағы тарихи деректермен шектелмей, көршілес елдердің ғылыми мұрасы мен тарихнамалық еңбектеріне де жүгіну қажет.
Осы мақсатта 2026 жылғы 26–29 қазан аралығында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Оразгүл Мұхатова және Ежелгі және ортағасырдағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің кіші ғылыми қызметкері, PhD докторант Елдос Сауырқан Қырғызстанның Бішкек қаласында ғылыми ізденіс жұмыстарын жүргізді. Іссапар AP26194453 «XVI ғасырдың соңы – XVIII ғасырлардағы Қазақстанның сыртқы саясаты тарихының беймәлім беттері (шетелдік архив материалдары негізінде)» атты гранттық қаржыландыру жобасы аясында жүзеге асырылды.
Көршілес елдің кітапханаларындағы тарихи мұра
Бішкектегі ғылыми ізденіс үш ірі кітапхана қорын қамтыды. Атап айтқанда, А. Осмонов атындағы Қырғызстан Республикасының Ұлттық кітапханасы, К. Баялинов атындағы республикалық балалар және жастар кітапханасы және Қырғызстан Республикасы Ғылым академиясының кітапханасында Қазақстан мен Орталық Азияның саяси тарихына қатысты еңбектер зерттелді. Ізденіс барысында қазақ-қырғыз қатынастарының тарихи сипатын, Орталық Азия халықтарының дипломатиялық тәжірибесін, көшпелі және отырықшы мемлекеттер арасындағы саяси әрі экономикалық байланыстарды зерделеуге мүмкіндік беретін ғылыми әдебиеттер анықталды.
Солардың ішінде Г.Е. Катанаевтың XIX ғасырдың соңында жарық көрген «Киргизские степи, Средняя Азия и Северный Китай в XVII и XVIII столетиях» атты еңбегі ерекше назар аудартады. Батыс Сібір казактары мен сол кезеңдегі қызмет адамдарының мәліметтеріне сүйеніп құрастырылған бұл зерттеу қазақ даласы, Орталық Азия және Солтүстік Қытай арасындағы тарихи байланыстарды зерделеуге арналған маңызды тарихнамалық еңбектердің қатарында. Сондай-ақ шығыстанушы В.П. Юдиннің «Центральная Азия в XIV–XVIII веках глазами востоковеда» еңбегі қарастырылды. Бұл зерттеу Орталық Азияның ортағасырлық және ерте жаңа дәуірдегі тарихын шығыс деректері арқылы пайымдауға мүмкіндік беретін ғылыми еңбектердің бірі ретінде құнды.
Ал Ю.С. Худяковтың «История дипломатии кочевников Центральной Азии» атты зерттеуі көшпелі қоғамдардың дипломатиялық дәстүрлерін түсіндіру тұрғысынан назар аудартады. Өйткені көшпелі мемлекеттердің сыртқы саясаты тек әскери жорықтар мен қақтығыстардан тұрмаған. Елшілік алмасу, келіссөз жүргізу, саяси одақ құру, сауда жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді қатынастар да аймақтық дипломатияның маңызды құрамдас бөліктері болған.
Қазақ-қырғыз қатынастары — ортақ тарихтың маңызды арнасы
Қазақ пен қырғыз халықтарының тарихи байланыстары Орталық Азиядағы саяси қатынастар жүйесінде айрықша орын алады. Географиялық жақындық, көшпелі шаруашылықтың ортақ белгілері, саяси мүдделердің тоғысуы мен аймақтық қауіп-қатерлер екі халықтың өзара қатынастарына әр кезеңде ықпал етіп отырған. Бішкек кітапханаларында қарастырылған Д.Б. Сапаралиевтің «Взаимоотношения кыргызского народа с русским и соседними народами в XVIII в.» және Т. Джуманалиевтің қырғыздардың саяси тарихына арналған еңбектері осы қатынастарды көршілес халықтың тарихнамалық көзқарасы тұрғысынан салыстыра зерттеуге мүмкіндік береді.
Бұл ретте бір тарихи оқиғаның әртүрлі ұлттық тарихнамаларда қалай түсіндірілетіні де ғылыми тұрғыдан маңызды. Қазақ-қырғыз қатынастарының тарихын тек бір тараптың деректерімен шектеу тарихи құбылыстардың күрделі сипатын толық ашып бере бермейді. Сондықтан қырғыз зерттеушілерінің еңбектерін қазақстандық және басқа да шетелдік деректермен салыстыру тарихи пайымдаулардың деректік негізін кеңейте түседі.
Орталық Азия дипломатиясы: өзара ықпалдастықтар кеңістігі
Ғылыми іссапар барысында Бұхара хандығының саяси жағдайына, Ташкент өңірінің XVIII ғасырдағы тарихына, қазақ-жоңғар және жоңғар-қоқан қатынастарына арналған еңбектер де қарастырылды. Атап айтқанда, А. Зияевтің «Силсилат ас-салатин» дерегі негізінде Бұхара хандығының XVII ғасырдың орта шеніндегі саяси жағдайын зерттеген мақаласы, В.А. Моисеевтің қазақ-жоңғар қатынастарына арналған ғылыми жарияланымдары және Н.Б. Голикованың XVIII ғасырдағы Ташкент өңірі жөніндегі зерттеуі назарға алынды. Аталған еңбектер қазақ даласындағы саяси оқиғалардың көршілес хандықтар мен мемлекеттер арасындағы қатынастардан тыс қалыптаспағанын тереңірек пайымдауға негіз болады.
Шын мәнінде, ерте жаңа дәуірдегі Орталық Азияны өзара оқшауланған саяси құрылымдардың жиынтығы ретінде емес, дипломатиялық келісімдер, сауда қатынастары, саяси бәсекелестік және мәдени ықпалдастықтар тоғысқан кеңістік ретінде қарастыру тарихи шындықты неғұрлым кешенді түсіндіруге мүмкіндік береді.
Тарихи деректерді салыстыру — жаңа ғылыми тұжырымдардың негізі
Шетелдік ғылыми кітапханаларда жүргізілетін зерттеулердің маңызы тек бұрын белгісіз болып келген еңбектерді анықтаумен шектелмейді. Олардың басты ғылыми құндылығы әртүрлі тарихнамалық дәстүрлерде қалыптасқан көзқарастарды өзара салыстыруға, бұрынғы тұжырымдарды қайта пайымдауға және тарихи мәселелерді кеңірек деректік негізде зерттеуге жағдай жасауында.
Бішкек іссапары барысында жинақталған материалдар да осы тұрғыдан маңызды. Олар Қазақстанның XVI ғасырдың соңы – XVIII ғасырлардағы сыртқы саясатына қатысты зерттеулерді толықтыруға, қазақ-қырғыз байланыстарының тарихи ерекшеліктерін нақтылауға және аймақтық дипломатиялық қатынастардың даму заңдылықтарын тереңірек талдауға пайдаланылмақ. Алдағы уақытта анықталған ғылыми әдебиеттер мен тарихнамалық материалдар жүйеленіп, ғылыми мақалалар мен ұжымдық монография әзірлеу барысында ғылыми айналымға енгізіледі.
Ұлттық тарихтың толыққанды ғылыми бейнесін қалыптастыру үшін тарихи оқиғаларды тек қазіргі мемлекеттік шекаралар аясында қарастыру жеткіліксіз. Қазақ хандығының сыртқы саяси тарихы көршілес елдердің тарихымен, Орталық Азиядағы дипломатиялық дәстүрлермен және аймақтық саяси өзгерістермен тығыз сабақтасып жатыр. Сондықтан Бішкек кітапханаларындағы ғылыми ізденісті Қазақстанның сыртқы саясаты тарихын кеңірек аймақтық контексте зерттеуге бағытталған жұмыстың бір кезеңі ретінде бағалауға болады. Мұндай зерттеулер өткен дәуірдегі мемлекетаралық байланыстарды тереңірек түсінуге және қазақ дипломатиясының тарихи тәжірибесін ғылыми негізде пайымдауға мүмкіндік береді.
О.Х. Мұхатова
Елдос Сауырқан
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институты