Қазақтың көптеген салт-дәстүрі бүгінге дейін жеткенімен, олардың бастапқы мәні мен мазмұны уақыт өте өзгеріп кеткен. Этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Зылиха Өмірбекқызы Ибадуллаева біздің сұхбатымызда осындай дәстүрлердің бірі – тойбастар туралы айтып берді.
Бүгінде «тойбастар» дегенде көпшіліктің ойына тойда қонақтарға таратылатын сыйлық келеді. Алайда этнографтың айтуынша, бұл ұғымның дәстүрлі мағынасы мүлде басқа болған.
Ертеде тойбастар – тойды ән-күймен бастап, думанның шырайын кіргізетін өнерлі жандарға қатысты айтылған. Ауылдың әнші, күйші, өнерпаз жеңгелері ортаға шығып, ән айтып, күй тартып, тойдың басталуына сән-салтанат берген. Яғни тойбастар заттай сыйлық емес, ең алдымен тойды өнермен бастау дәстүрі болған.
Зылиха Ибадуллаеваның айтуынша, уақыт өте келе көптеген салттың мазмұны өзгеріп, кейбірі бастапқы мәнінен алыстап кеткен. Сондықтан оның не үшін пайда болғанын, қандай тәрбиелік және қоғамдық мағына бергенін жастарға дұрыс түсіндіру маңызды.