Чянлұң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1755 жылы 17 маусым

Бөлісу

11.03.2026 473

Іле халық баспасынан 2009 жылы жарық көрген, Қаһарман Мұқашұлы мен Кәкеш Қайыржанұлы аударған «Чиң әулеті сарай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» атты кітап негізінде беріліп келе жатқан желілес мақаламызды жалғастырамыз. Бұл жолы 1755 жылғы 17 маусымға қатысты сарай жазбасына сүйеніп, Чиң империясының Жоңғарияны бағындыру сәтіндегі қазаққа қатысты ұстанымы қалай өзгергенін, Іле–Тарбағатай өңіріндегі ахуалдың неліктен жаңа саяси кезеңге өткенін талдап көрейік. 


Чянлұңның 20-жылы 5-айдың 8-күні

(1755 жылы 17 маусым)

Жарлықта тағы да былай делінген: Бандилар Ұсұнғұжыр, Чағанғұжыр деген жерлердің қазақ жеріне апаратын жолдың торабы екенін, қорғаныс үшін, қазір Талмашан, Залханалардың тәйжі Кепкі және жайсаң Уижиндармен бірге шеріктерін алып қарауыл құруға барғанын хабарлады. Егер қазақ қосыны ол жерге аяқ басса бір жағынан жоғарыға мәлімдеп, бір жағынан Ғекып, Лабрың Жисайларға жаумен айқасуға әскер топтап дайын тұру жөнінде бұйрық беріңдер. Сонымен бірге қазақтарға пайда-зиянды ұғындырып жасағын қайтартыңдар. (Бандилар) нақты жағдайды ескеріп, істі жан-жақты ойлапты. Мына әзірде қазақтар ол араға бара қоймайды. Бір барса, Әмірсананың ағасы Бадым Черің ғана барады. Әмірсана алдын ала ағасына алдын ала ағасына хат жазып адам жіберген. Бадым Черің келсе олардың сол жердегі нақты жағдайын білетін боласыңдар. Қазір екі бағыттағы қосынымыз түйісті. Біз үшін зор жеңістің ауылы алыс емес. Меніңше, мына тұста қазақтарға елші шаптырып жарлық жөнелтудің сәті түсіп тұр. Банди, Әмірсана, Сарылдар араларынан лайықты біреуді жіберіп, оларға былай деп ашық айтсын: ұзақ жылдарға созылған жаугершілік пен қырқыстан ел-жұрт соңғы жылдары қабағат күйзелді. Мен аспан астының әміршісі ретінде қаймана халықтың тұрмыс тірлігін орнықтыру ниетімен, олардың соғыс зобалаңынан арылып, алаңсыз харекет жасауы, баршамыздың бейбіт, бақытты өмір кешуіміз үшін, Жоңғар үстіне жаза жорығын жасауға қосын аттандырдым. Жоңғарлар қазақтармен қас жау болса да, жөнге салынғаннан соң, олар ендігәрі өз беттерімен әрекет жасамау, қазақ жұртын шашпау туралы жарлық шаштым. Қазақтар, сіздер бағынасыздар ма, жоқ па? Мұны өз еріктеріңізге саламыз. Алайда, екі жағымыз да өз шекарамызды міндетті түрде берік сақтауға тиіспіз. Шекараны бұзып жоңғарларды бұлап-талауға рұқсат етілмейді.  Егер жарлығыма құлақ аспасаңыздар, онда, сөз жоқ құдіретті қосынымызды аттандырып жазалайтын боламыз. Ол кезде өкініп жүрмеңіздер. Бұл жарлығымды көшіріп апарып қазақтарға жариялаңдар. Елшіні оларға қашан жіберу ісіне келсек, оны жарлығымды тоспай, нақты ахуалға қарай ұйғарым жасасаңдар болады. Қазақтарға жариялағаннан кейін ондағы жағдайды сарайға табанда егжей-тегжейлі мәлімдеңдер. 

(488-бума, 15-16-беттер) 

***

Жеңіс таяған тұстағы шекара, сақтық және қазаққа жолданған ескерту

1755 жылғы 17 маусымға тиесілі бұл жазба алдыңғы наурыз айындағы жарлықтардың табиғи жалғасы сияқты көрінеді. Егер 29 ақпаннан 10 наурызға дейінгі сарай жазбаларында Чиң билігінің басты назары Давачиды қалай тезірек талқандау, қазақ жасағының Іле мен оған жалғас өңірлерде қандай рөл атқарып жүргенін барлау, сондай-ақ қазақтардың Давачиды не Жоңғарияның шет аймақтарын өз ықпалына түсіріп жіберу ықтималдығына алаңдау болса, 17 маусымдағы құжатта жағдай мүлде жаңа сатыға көтерілгені аңғарылады. Енді Чиң сарайы тек жорық барысын бақылап отырған жоқ, жеңістен кейінгі кеңістікті кім қалай иеленеді, шекара қалай белгіленеді, қазақпен қатынас қандай шартпен реттеледі деген мәселелерді тікелей күн тәртібіне шығарып отыр. Бұл – өте маңызды бетбұрыс.

Жарлықтың алғашқы бөлігінде Бандидың Ұсұнғұжыр мен Чағанғұжыр атты жерлердің қазақ жеріне апаратын жол торабы екенін хабарлағаны айтылады. Бұл деректің өзі көп нәрсені аңғартады. Чиң қолбасшылығы Жоңғарияны жай ғана әскери нысана ретінде емес, оның сыртқы шығу жолдарын, шекаралық өткелдерін, қазақ даласына жалғас бағыттарын қоса есепке алып отырған. Демек, бұл кезде Іле маңы мен оған іргелес аймақтарда әскери жеңіс қанша маңызды болса, сол жеңістен кейін қазақ жасақтарының қай жақтан кіруі мүмкін екенін, қай жерлер бақылауға алынуы керек екенін анықтау да соншалықты маңызды болған. Ұсұнғұжыр мен Чағанғұжыр секілді өткелдік нүктелердің аталуынан-ақ Чиң тарапы енді географияны жай фон ретінде емес, саяси бақылау құралы ретінде қарастыра бастағанын көреміз.

Осы тұста Талмашан, Залхана жақтың тәйжісі Кепкі мен жайсаң Уижиннің қарауыл құруға жіберілуі де кездейсоқ емес. Бұл – Чиң әскерінің Жоңғария ішіне тереңдей енген сайын, бұрынғы ойрат ақсүйектері мен жергілікті билік иелерін шекаралық қызметке пайдалана бастағанының белгісі. Яғни империя тек сырттан келген әскери күшке сүйеніп отырған жоқ, жаңа бағындырылып жатқан кеңістікті сол жердің өз ішіндегі адамдар арқылы бақылауға көшкен. Мұндай тәсіл Чиң саясатына тән: тікелей жаулап алумен қатар, жергілікті элиталарды жаңа тәртіпке икемдеп, оларды империялық бақылау тетігіне айналдыру. Бұл арада Кепкі мен Уижиннің қарауылға жіберілуі – әскери ғана емес, саяси ишара. Себебі шекараны күзетіп тұрған адам сол жердің жаңа билік жүйесіне кім қызмет етіп жатқанын да білдіреді.

Жарлықта қазақ қосыны ол жаққа аяқ басса, бір жағынан жоғарыға мәлімдеп, бір жағынан Ғекып, Лабрың Жисайларға жаумен айқасуға әскер әзірлеу бұйырылған. Мұнда екі қабатты саясат бар. Біріншісі – қазаққа қатысты әрбір қозғалысты дереу сарайға хабарлау, яғни қазақтар енді Чиң үшін кездейсоқ сыртқы күш емес, тұрақты бақылауды қажет ететін саяси субъект. Екіншісі – жергілікті әскери топтарды дайын ұстау. Бірақ қызығы, жарлық бірден соғыс ашыңдар демейді. Қайта: қазақтарға пайда-зиянды ұғындырып, жасағын қайтартыңдар дейді. Мұндағы реңк өте маңызды. Чиң империясы 1755 жылдың маусымына қарай қазақпен бірден ашық соғысқа барудан тартынған. Бұл әлсіздіктен емес, есептен туған сақтық. Өйткені дәл осы сәтте Жоңғария толық тыныштандырылып болған жоқ, ал қазақпен соғыс ашу – жаңа майдан деген сөз. Сондықтан Чиң үшін ең тиімді жол: қазақты дипломатиялық ескертумен шегіндіру, ал қажет болса ғана күш көрсету.

Бұл тұс алдыңғы наурыздағы жазбалармен өте жақсы қабысады. 1 наурыздағы жарлықта император “қазақтардың арзан олжа тауып кетуі даусыз” деп қауіптенсе, 6 наурызда қазақ жасағының Іле өңіріне кіріп, тараншылардың астығын алып кеткені айтылады. 8 және 9 наурызда қазақтардың Давачиға ықпал етуі, тіпті оны тұтқындауы мүмкін екені сөз болады. Ал 10 наурызда Чянлұң үшін Давачиды қазақтар емес, Сарылдың ұстағаны абзал екені ашық жазылады. Енді, міне, 17 маусымдағы жазбада осының бәрі нақты шекаралық саясатқа айналған: қазақты әскери бәсекелес әрі шекаралық тәуекел көзі ретінде ұғыну, бірақ оны әзірше дипломатиялық жолмен тоқтату. Яғни наурыз айындағы күдік маусымға келгенде нақты нұсқаулыққа ұласқан.

Жазбадағы «мына әзірде қазақтар ол араға бара қоймайды, бір барса, Әмірсананың ағасы Бадым Черің ғана барады» деген жолдар да ерекше назар аударады. Мұнда Чиң сарайының қазақ мәселесін Әмірсана әулетімен байланыстыра ойлап отырғаны байқалады. Бұған дейінгі жазбалардан Әмірсананың қазақпен шекаралас болуға, Тарбағатай алқабын мекен етуге ұмтылғаны, қазақтармен қатынасын өз мүддесіне пайдаланғысы келгені сезілетін. Енді маусымдағы жазбада оның ағасы Бадым Черіңнің аты аталады. Демек, Чиң билігі қазақ даласына қарай өтетін жолдарда Әмірсана жақындарының ықпалын да назарда ұстаған. Бұл өте қисынды. Себебі Әмірсана – Чиңге әзірше серіктес болғанымен, император оған толық сенбеген. Ал оның ағасы сияқты тұлғалар қазақпен арадағы кеңістікте өз алдына дербес рөл ойнап кетуі мүмкін еді. Сондықтан Бадым Черің келсе, “сол жердегі нақты жағдайды білетін боласыңдар” деуі – жай ақпарат емес, қазақпен шекаралық аймақта ықпалды адамдар арқылы барлау жүргізу амалы.

Жарлықтағы “қазір екі бағыттағы қосынымыз түйісті. Біз үшін зор жеңістің ауылы алыс емес” деген тұжырым да осы құжаттың мәнін ашатын кілттің бірі. Наурыздағы жазбаларда солтүстік және батыс бағыттағы қосындардың қашан, қалай түйісетіні, қайсысы бұрын жететіні, шабуылды қалай үйлестіретіні ұзақ талқыланса, маусымға келгенде бұл міндет іс жүзінде орындалған. Демек, Давачидың жағдайы тіпті мүшкіл, Жоңғар мемлекетінің тағдыры шешіліп қалған шақ. Осындай сәтте қазаққа арнайы елші жіберіп, жарлық жариялау туралы ойдың тууы тегін емес. Яғни Чиң империясы ең шешуші әскери артықшылыққа ие бола бастаған мезетте, сол жеңісті халықаралық-саяси тәртіпке айналдыруға ұмтылған. Бұл жерде “елші шаптырып жарлық жөнелту” – жай хабар беру емес, жаңа үстемдікті жариялау.

Жарлықта қазақтарға арналған мәтіннің мазмұны тіпті айқын. Чянлұң өзін “аспан астының әміршісі” ретінде сөйлетіп, Жоңғарға қарсы жорықты бүкіл аймақтағы “қаймана халықтың тұрмыс-тіршілігін орнықтыру”, соғыс зобалаңын тоқтату үшін жасалған іс ретінде түсіндіреді. Бұл – империялық риторика. Яғни Чиң патшасы өзін тек жаулап алушы емес, тәртіп орнатушы, бейбітшіліктің иесі ретінде көрсеткісі келеді. Мұндай тіл империяларға тән: әскери экспансия моральдық миссия кейпінде беріледі. Жоңғарға қарсы жаза жорығын “бейбіт өмір үшін” аттандырдым деу – шын мәнінде, жаңа саяси кеңістікті заңдастыру тәсілі.

Бірақ дәл осы жарлықтағы ең маңызды түйін – шекара мәселесі. Қазақтарға: “екі жағымыз да өз шекарамызды міндетті түрде берік сақтауға тиіспіз; шекараны бұзып, жоңғарларды бұлап-талауға рұқсат етілмейді” деп ашық ескертіледі. Бұл сөздер өте салмақты. Себебі осыған дейінгі жазбаларда қазақтардың Іле өңіріне кіріп, астық алып кеткені, Давачиге жақын жүргені, олжа табуы мүмкін екені айтылған. Ал енді Чиң бұл әрекеттерді түбірімен тоқтатуға ниетті екенін көрсетіп отыр. Басқаша айтқанда, Жоңғария толық құламай тұрып-ақ Чиң сарайы оны өз бақылау аймағы деп қарап, қазақтың ол жерде өз бетінше әрекет жасауына шек қоюға көшкен. Бұл – кейінгі қазақ–қытай шекара қатынастарының бастауындағы өте маңызды ой.

Мұндағы “қазақтар, сіздер бағынасыздар ма, жоқ па? Мұны өз еріктеріңізге саламыз” деген сөйлемнің де сыртқы жұмсақтығына алданбау керек. Бұл – толық еркіндік ұсыну емес. Керісінше, Чиң билігі қазаққа формалды таңдау ұсынғандай көрінеді: бағынсаң – бейбіт қатынас, бағынбасаң – әзірше сабыр, бірақ шекарадан аспау міндет. Ал егер жарлыққа құлақ аспаса, “құдіретті қосынымызды аттандырып жазалайтын боламыз” деп тікелей сес көрсетіледі. Демек, бұл құжатта дипломатия мен қоқан-лоқы қатар жүр. Чиң империясы қазақты бірден бағындырып алуға асықпайды, бірақ өз талабын орындатуға әзір тұрғанын көрсетеді. Бұл – классикалық империялық ескерту формуласы.

Осы жерден тағы бір маңызды нәрсе байқалады: 9 наурыздағы жазбада “қазақтар өз аяғымен келіп бағынып жатса, олардың ағамандарын Бейжіңге аттандырсын, шен-лауазым беріледі, қонысынан көшірілмейді” деген мазмұн айтылған еді. 17 маусымдағы жарлық сол ойды одан да қатқылдау әрі нақтылау түрде жалғастырып тұр. Яғни көктем бойы Чиң сарайының қазаққа қатысты саясаты біртіндеп айқындалған. Яғни алдымен  барлау мен күдік, кейін сақтық пен уақытша жұмсақтық, содан соң – шекараны мойындатуға бағытталған ресми талап. Осылайша, 17 маусым жазбасы Чиң билігінің қазаққа қатысты алғашқы жүйелі шекаралық-саяси ұстанымын көрсететін құжаттардың бірі деуге болады.

Жарлықта елшіні қашан жіберу ісіне келсек, “жарлығымды тоспай, нақты ахуалға қарай ұйғарым жасасаңдар болады” деуі де назар аударарлық. Бұл сөйлем императордың жергілікті қолбасшыларға едәуір еркіндік бергенін аңғартады. Неге? Өйткені шекарадағы ахуал күн сайын өзгеріп отырған. Давачидың тағдыры шешілер шақта, қазақтың қимылы, Әмірсана тобының бағыты, жергілікті ойрат ақсүйектерінің әрекеті – бәрі бірдей құбылып тұрды. Сондықтан Банди, Сарыл, Әмірсана секілді қолбасшыларға оқиға орнының нақты жағдайына қарай шешім қабылдау құқығы берілген. Бұл да Чиң империясының жорықтағы икемді саясатының көрінісі.

Жалпы алғанда, 1755 жылғы 17 маусым жазбасы – жай әскери нұсқаулық емес. Бұл құжаттан Чиң империясының Жоңғарияны басып алу сәтінде қазақпен шектесудің саяси салдарын анық түсінгенін көреміз. Наурыздағы жазбаларда қазақтар Давачидың төңірегіндегі әскери фактор ретінде көрінсе, маусымға келгенде олар жаңа шекара тәртібінің негізгі адресатына айналған. Чиң үшін ендігі мәселе – Жоңғарды жеңу ғана емес, Жоңғарияның орнына орнайтын жаңа кеңістікте қазақтың орнын шектеу, оны шекаралық тәртіпке бағындыру, Іле мен оған жалғас өңірлерді империялық бақылауда ұстау. Бұл құжаттың тарихи маңызы да осында.

Сондықтан 17 маусымдағы жарлықты Чянлұң сарайының қазаққа жолдаған алғашқы ашық саяси ескертулерінің бірі ретінде қарауға болады. Мұнда әскери күш те бар, дипломатиялық сөз де бар, бейбітшілік туралы ұран да бар, қоқан-лоқы да бар. Бірақ бәрінің түпкі мақсаты біреу: Жоңғардан кейінгі кеңістікте жаңа ережені Чиңнің өзі белгілеу. Ал қазаққа ұсынылған таңдау – сол ережені мойындау немесе шекаралық қысымға ұшырау. Осы тұрғыдан алғанда, 1755 жылғы 17 маусым жазбасы қазақ–қытай қатынастарының кейінгі кезеңін түсінуде аса маңызды құжат саналады.

***

Мәртебелі мансаптарЧянлуң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1755 жылы 29 ақпанЧянлұң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1755 жылы 1 наурызЧянлұң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1755 жылы 6 наурызЧянлұң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1755 жылы 10 наурызЧянлұң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1755 ж 8 наурызЧянлұң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1755 жылы 9 наурыз 

Бөлісу