Ойрат тұтқынындағы Абылайды кім, не үшін босатты?
20.02.2017 2153
Абылай Ресеймен де, Қытаймен де қитұртқы, алдау саясатын ұстанды. Бұл ең дұрыс саясат еді. Осы саясаттың арқасында Абылай орыстардың ішкері енуін аз болса да тежеді

Қазақ қоғамындағы Абылай ханның рөлі

Дәл  осы  тұста Қазақ Ордасының жағдайы қандай болды? Орта жүздің ханы Әбілмәмбет (1771 жылы) қайтыс болып, Үш орда (үш жүз) өкілдері Ұлытауда Абылайды хан сайлады. Әрине, ақ патша болса Абылайдың хан сайлануына келіскен жоқ. «Оны жай бір қатардағы Орта жүздің сұлтаны ретінде танимыз» десті.

Онымен қоймай Абылайға орыстар: «Егер қазаққа хан болғысы келсе, Петерборға немесе Орынборға келіп бодандық шартына қол қойсын да, ІІ Екатерина патшайым мөр басқан «қазаққа хан болу туралы» грамотасын алсын» деп шарт тастайды. Абылай болса, мына жақта өзін «қазақтың ханы» деп таныған Цинь әулетіне арқа сүйеп, екі империяның арасында еріксіз қоянбұлтаққа салды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Абылай ханның саяси көреген ұстанымы жайлы: «Өзіміздің айбынды ханымыз – Абылай. Оның басқа еңбегін былай қойып, тек Ресей мен Қытай арасында жүргізген дипломатиясын дұрыстап айта алсақ та, кім-кімді де қайран қалдырар едік. Екі жақпен де тіл табыса жүріп өз елін ондаған жылдар бойы   іс жүзінде, «де-факто» дейміз ғой, тәуелсіз ұстап тұра алғаны, ақыр аяғында өзінің дұшпанын, яғни, жоңғарларды олардың өзінің дұшпанының, яғни, Цинь империясының қолымен қырғызып салғаны, сөйтіп Жоңғар мемлекетін жер бетінен жойып жібергені (аман қалған аз бөлігі қазақ даласы арқылы Еділ бойына жетіп, Ресейдің құрамына қосылып, қалмақ күйінде сақталды ғой) әлемдік дипломатия тарихындағы ғажайып құбылыстардың бірі деп сеніммен айтуға болады. Тек соны тарихшы ғалымдарымыз жеріне жеткізіп жаза алмай жүр» дейді Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбат  барысында.

Сол сияқты тарихшы Өжетбек Өмірзақов мырза да «Абылай Ресеймен де, Қытаймен де қитұртқы, алдау саясатын ұстанды. Бұл ең дұрыс саясат еді. Осы саясаттың арқасында Абылай орыстардың ішкері енуін аз болса да тежеді. Ойраттарды қытаймен одақтасу арқылы әлсіретті. Екі ортада бейбіт өмірге қол жеткізді. Көршілермен сауда-саттық жасауға жол ашты» дегенді алға тартады (Өмірзақов Ө. Ресейге қосылғаннан не ұттық? – Алматы: Санат, 1999. – 55-б).

Орыс ғалымы А. Левшин: «Ақылды да, айлакер Абылай жоңғар билеушілері арасындағы алауыздықты шебер пайдалана алды. Олардың өзара талас-тартысына дем беріп, өз елінің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтап, ежелгі жауының іштей ыдырауын күтті», – деп жазады  (Левшин  А.И.  Описание киргиз-казачьих  или  киргиз-кайсацких орд и степей. – СПб. 1832, 4 ч. – Стр. 210).

Сұлтан Абылай өзімен замандас хан-сұлтандардың қай-қайсысынан болсын қулығы мен ақылы жағынан басым, оның бойында қуатты билеушіге тән қасиеттің бәрі бар. Ол Орыс императорымен де, Қытай боғдыхандарымен де, тіл табысып, іс жүзінде тәуелсіз билеуші болды (Левшин А.И. Қырғыз-қазақ, немесе қырғыз-қазақ ордалары мен даласының сипаттамасы. – Алматы, 1996. – 254-б).

Төніп келе жатқан отаршылықтан бәрібір құтыла алмасын білген Абылай өзінің жауынгерлік қуатын бағамдай алды, яғни, орыс пен қытайға қарсы тұру үшін аса қуатты қауқар керек екенін ұғынды. Ендігі қолдан келер шаруа мәмілегерлік екенін білген Абылай жолындағы башқұрт-ноғайды қынадай қырып келе жатқан орыс шапқыншылығын, мына жақтағы қытай мен ойрат экспанциясынан уақытша болса да мәмілемен тоқтата тұруды ғана ойлады.

Абылайды ойрат тұтқынынан босатудағы Ресейдің көздеген мақсаты

1742 жылы жоңғарлардың қолына түскен Абылай сұлтанды құтқарып қалу үшін Ресей Сыртқы істер коллегиясы майор Миллерді Түркістан қаласына жібереді. Ол жоңғарлармен келісім жасау барысында «Бұдан былай қазақтарды қорғау орыс патшасының міндеті болмақ» дегенді атап өтті. Осындай аса алдамшы сылтауларды негіз етіп 1742 жылдың 2 мамыр күні Сенат «Қазақтарды жоңғардан қорғау» туралы деген қаулы қабылдады. Нәтижесінде Гурьев, Орал, Орск, Жоғарғы Орал, Тройцк, Звериноголовская, Омбы, Өскемен бекіністерін салып үлгерді.

Жазушы Софы Сматай 1992 жылы жарық көрген «Қазыбек би» атты көлемді монографиясында «Абылайды қалмақтардың қолынан босатып алу үшін орыстардың атсалысуы, оған жаны ашығандық емес, халық арасында үлкен беделге ие Абылайды босаттыру арқылы қазақтар арасына ақ патшаның беделін көтеру және сендердің ата жауларың қалмақтар бізді тыңдайды, бізбен санасады һәм қорқады деген түсінік қалыптастыру екені анық» дейді.

Сол сияқты келесі бір мақсат – қазақты қорғаудан бұрын олар ақ патшаның боданы екенін Ойрат хандығына мойындату саясаты жатқаны белгілі.

Абылай ханға патшалық Ресейдің көзқарасы

Абылай өз заманында тәуелсіз саясат ұстанды. Онысы орыс отарлаушыларына ұнай қойған жоқ. Мәселен, Орынбор губернаторы И. Рейнсдорп өзінің Сыртқы істер коллегиясына жолдаған хатында: «Абылай патшамыз тарапынан жіберілген сый-құрметті қабылдамайды», – деп жазады.

Шын мәнінде, Абылай хан орыс ғалымы И. Крафттың қортындысында айтылғандай, қалыптасқан жағдайға байланысты бірде Ресейге, бірде Қытайға, енді бірде Жоңғарияға шын берілген сыңай танытты, шын мәнінде ол ешкімге бас иген жоқ. Оның бұл қасиеті 1771 жылдан соң айқын көрінеді.

Себебі, 1771 жылы Орта жүздің ханы Әбілмәмбет қайтыс болған соң Үш орда (үш жүз) өкілдері Абылайды хан сайлайды. Ақ патша болса Абылайдың хан болуына келіспейді. Оны жай бір қатардағы Орта жүздің сұлтаны ретінде таниды. Патша шенеуніктері Абылайға: «Егер қазаққа хан болғысы келсе Петерборға немесе Орынборға келіп бодандық шартына қол қойсын да, ІІ Екатерина патшайым мөр басқан «қазаққа хан болу туралы» громатасын алсын» дейді.

1779 жылы 4 қазан күні патшайым ІІ Екатеринаға сарай қызметкерлері жазған жоғары дәрежелі баяндау хатта: «Абылай сұлтанды Петропавловск қорғанысына шақырып, ақ патшаның құзырына бағынуға бас идіру керек, соңғы кездері шақыруға,  грамоталарымызға және марапаттарға әр түрлі сылтау айтып келмей жүр және жіберген елшілермен дөрекі қатынасады, оларды қабылдамайды. Барлау мәліметтеріне қарағанда Абылай сұлтан Қытаймен жақын қарым-қатынаста болғандығы анықталды. Өз адамдарына орыс көпестерін тонауға рұқсат беріп отыр. Патшалықтың құзырына кірмеу арқылы ол орыстарға қарсы әрекет жасап, қазақ халқының азаттығын қорғап қалмақшы. Сондықтан да Абылайға грамоталар, хандық марапаттар және де тағы басқа сыияпаттарды бермеу керек. Бұдан былай Абылайдың ордадағы дәрежесін төмендетіп, оған тең боларлықтай қарсылас табу керек. Қазақ ордасындағы осы жағдайлар түзелгенше орыстарға ордаға баруға тыйым салынсын!» делінген («Оян. Намыс kz» журналы №1, 2010. – 33-б).

Абылай хан кезінде қазақтың әлі де бірқатар жерлері қалмақ-моңғол қолында, әрі олармен әр уақыт соғыс жағдайында болып, орыстардың Есіл-Ертіс бойына сырғуына көңіл бөле алмады (Халид Қ. Тауарих хамса. – Алматы: Қазақстан, 1992.– 162-б). Ресей қазақтардың қарсылығын әлсірету үшін Жоңғар хандығын айдап салу әрекетін өте шебер ұйымдастырды. Мына жақтан қырғыздардың шабуылын күшейтті.

1781 жылы Абылай хан дүниеден өтті. Абылайдың әрбір әрекетін көз алмай бақылап отыру міндеті жүктелген Сібір шебі әскерилерінің әміршісі генерал-майор Огарев Ресей Сыртқы істер коллегиясына 1781 жылы маусым айында жазған құпия жабасында: «...маусым айының 23-і күні Абылай 69 жасында жорық үстінде дүние салды» деп баяндапты. Орысшасы: «будучи в походе, от приключившейся ему болезни умер на шестьдесят девятом году». Нақпа-нақ аударғанда: «жасы алпыс сегізден асқан шағында».

Абылай мұрагерлерінің ақыры

Абылай  дүниеден  өткен соң ресейлік отарлаушылар қазақ қоғамын әлсірете түсу үшін әрі халық ішіндегі хандық биліктің ықпалын азайту мақсатында Ресей мүддесіне қызмет етуге лайық тұлғаларды билікке көтеру, хандыққа тағайындау ісіне кірісті.

Абылайдан кейін мұрагерлерлік билік Бөкей мен Убайдуллаға ойысты. Осы екі ханның билігін Ресей мен Қытай өздерінің мақсаты үшін пайдаланып қалуды көздеді. Қытай императоры Убайдулланың хандығын растап хат жіберсе, Бөкейді орыстар қолдады.

Қытайлардан қолдау тапқан Убайдулла ханнан орыстар әдейі Көкшетау өңірінен бекініс салуға жер сұрады. Оған Убайдулла  көне қоймады. Егер орыстар күш қолданса, қарсы тұруға бел байлады. Убекеңнің ниетін білген орыстар оны алдап қонаққа шақырып, қолға түсірді. Бұл оқиға жайлы Құрбанғали Халиди Убайдулланың орыстар қолына түсуіне Абылайдың орысты жақтағыш балаларының сатқындығы себеп деген ой айтады (Халиди Қ. Тауарих хамса. – Алматы: Қазақстан, 1992. – 162-б).

Осы Убайдулланың орнына орыстардың ықпалымен Уәли хан сайланды. Ол Көкшетау жеріне ресейліктер бекініс салуына ұлықсат берді. Ол атасы Абылайдың жолын ұстанып, Қытаймен қарым-қатынасын үзбеді және орысты қолдайтын рубасылар мен қазақ шонжарларына қысым жасады.

1795 жылы Уәлидің басқаруындағы халықтан 2 сұлтан, 19 старшын бастап ақ патшаның атына өтініш жазып, өздерін Уәлидің қысымынан құтқаруын және орыстың құзырында тыныш өмір сүруді қалайтыны жайлы арыз түсіреді (Құл-Мұхамед М. Орыс энциклопедиясындағы  қазақ  шежіресі. – Алматы: Атамұра, 1994. – 174-б).

Уәлидің билік құрған дәуірі жайлы жазушы Сәбит Мұқановтың «Кенесары – Наурызбай» туралы мақаласында: «Орыстар босбелбеу Уәлиді «сен хансың, билік сенде» деп ұзын арқан, кең тұсаумен шырмап қойды да, отаршылық саясатын қарқынды жүргізді. Іс жүзінде Уәли патшаның билігі орыстарда болды», – дейді. («Жұлдыз» журналы, 1992.  № 8).

Ресей патшалығы жұмсақ Уәлиді де жарылқай қоймады, оның беделін әлсірету үшін патша үкіметі бірқатар сұлтандарға қолдау көрсете бастайды. 1815 жылы Уәлиге қарсы патша жансыздары бүлік ұйымдастырып, оның орнына ақ патшаға жағымды Барақтың ұрпағы Бөкейді хандыққа сайлайды («Оян. Намыс kz» журналы, № 1, 2010. – 34-б). Бұрын бір ғана хандыққа бағынып келген байырғы халықтық басқару жүйесін бұзды.

1818-1819 жылдар шамасында Уәли хан өледі. Ақ патша оның орнына әйелі Айғанымды хан деп таныды. Әйел адам хан болу бұған дейін қазақ тарихында болмаған құбылыс еді. Қазақша айтқанда: «Қатын бастаған көш оңбайды». Бұл да сол қазақтың басқару жүйесін кемсітудің бір түрі болатын.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, зерттеуші журналист, ҚР мәдениет қайраткері