Қазақстан қалаларының көне атаулары

Бөлісу

05.09.2025 5538

Қазақ даласының әрбір қаласы – ғасырлар қойнауынан жеткен тарихтың айғағы. Бүгінгі Алматы, Астана, Атырау немесе Қызылорда секілді ірі шаһарлардың атаулары талай мәрте өзгеріп, әр дәуірдің таңбасын сақтап қалды. Бұл атаулардың түп-тамырына үңілсек, халқымыздың өткені мен бүгініне тереңірек бойлай аламыз.


АЛМАТЫ

Алматы – тарихы тереңде жатқан, қазақ даласының ежелгі мәдени әрі сауда орталықтарының бірі. Қала ежелгі деректерде Алмату атауымен белгілі. Ол туралы Рашид ад-Дин, Мұхаммед Хайдар Дулати, Шараф ад-Дин Йезди еңбектерінде айтылады. Сондай-ақ Бабыр да өз жазбаларында Алмалық пен Алмату қалаларының тағдыры жайлы сөз еткен.

Орта ғасырларда Алмату Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі қала ретінде дамып, саяси әрі мәдени байланыстардың торабында орналасқан. Кейін Шыңғыс хан шапқыншылығы кезінде қала қирап, орны босап қалады. XIX ғасырда патша өкіметі бұл жерде Заилийское қорғаныс бекінісін салады. Ол Верный бекінісі аталып, біртіндеп қалаға айналады. Кеңес дәуірінде қала Алма-Ата атауын алып, Қазақстан астанасы ретінде де қызмет атқарды. Ал 1993 жылдан бастап тарихи әрі қазақы атауы Алматы ресми түрде бекітіліп, бүгінгі күні еліміздің ең ірі мегаполисіне айналды.

АСТАНА

Қазіргі Астананың тарихы 1830 жылы Есіл өзенінің бойында салынған Ақмола бекінісінен бастау алады. XIX ғасырда қала Ақмола атауымен белгілі болды. 1960-жылдары тың игеру науқаны кезінде өңірдің әлеуметтік-саяси маңызы артып, 1962 жылы қала Целиноград деп аталды. Кеңес дәуірінде Целиноград ауқымды ауыл шаруашылығы орталығына айналды. Ал Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылы ел астанасы Алматыдан Ақмолаға көшірілді. 1998 жылы жаңа елорданың атауы ресми түрде Астана болып бекітіліп, халықаралық деңгейде тұсауы кесілді. 2019 жылы қаланың аты Нұр-Сұлтан болып өзгертілгенімен, 2022 жылы жұртшылықтың ұсынысы мен тарихи дәстүрді ескере отырып, қайтадан Астана атауы берілді. 

ТАРАЗ

Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласы қазақ жеріндегі ең көне шаһарлардың бірі саналады. Оның тарихы мыңжылдықтар қойнауынан бастау алады. Қала Ұлы Жібек жолының бойында орналасып, ертеден-ақ сауда-саттық пен мәдениеттің орталығына айналған. Ежелгі қытай деректерінде Талас өңіріндегі қала ретінде аталады, ал ортағасырлық жазбаларда Тараз аты жиі кездеседі.

Тараздың тарихында атаулар бірнеше рет өзгерген. XVIII ғасырда қала Әулие-Ата деп аталды. 1936 жылы ол Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Левон Мирзоянның құрметіне Мирзоян деп өзгертілді. Арада бір-ақ жыл өткен соң, 1938 жылы қалаға халық ақыны Жамбыл Жабаевтың есімі берілді. Кеңестік кезеңнің соңына дейін қала Жамбыл атымен белгілі болды. Тәуелсіз Қазақстанда тарихи әділеттілік орнап, 1997 жылы қалаға ежелгі атауы Тараз қайта берілді. Бұл шешім халықтың ықыласын тудырып, көне шаһардың бай мұрасын жаңғыртуға жол ашты.

АТЫРАУ

Атыраудың тарихы XVII ғасырдан бастау алады. Алғашында бұл өңір Усть-Яицк/Төменгі Жайық деп аталды. 1640 жылдары орыс көпесі Гурий Назаров Жайық бойына ағаш бекініс тұрғызып, кейін оның ұрпақтары қала іргесін кеңейткен. Осыған байланысты шаһар XIX ғасырда Гурьев атауымен белгілі болды және ұзақ уақыт бойы солай сақталды. Кеңес дәуірінде де қала атауы өзгермей келді. Тек 1991 жылы тәуелсіз Қазақстанның алғашқы қадамдарымен бірге тарихи әділет орнап, қалаға Атырау атауы берілді. «Атырау» сөзі өзеннің сағасы мен тармақтарға бөлінген жерді білдіреді. 

ҚЫЗЫЛОРДА

Қызылорда қаласының тарихы XVIII ғасырдан бастау алады. 1818 жылы Қоқан хандығы Сырдарияның жағасына қорған тұрғызып, ішіне ақ кірпіштен мешіт салған. Осыған байланысты қала Ақмешіт аталды. Бұл бекініс сол кезеңде өңірдегі әскери-стратегиялық маңызы зор нысанға айналды. 1853 жылы орыс әскерлері Ақмешіт қамалын басып алып, қаланың атын Перовск деп өзгертті. Кейін ол Сырдария уезінің орталығына айналды. Кеңес дәуірінің алғашқы жылдарында, 1922–1925 жылдары қала атауы қайтадан Ақмешіт болып қалпына келтірілді. 1925 жылы Қазақстан астанасы Орынбордан осында көшіріліп, Ақмешіт елдің жаңа орталығына айналды. Дәл осы жылы қалаға Қызылорда атауы берілді. Бұл атау кеңестік дәуірдің идеологиялық сипатына сай таңдалғанымен, уақыт өте келе халықтың санасына сіңіп, қала есімі ретінде орнығып қалды.

ҚОСТАНАЙ

Қостанай қаласының тарихы XIX ғасырдың екінші жартысынан бастау алады. Алғашында бұл шаһар Николаевка аталып, Ресей империясының қоныстандыру саясаты аясында пайда болған. 1893 жылы қалаға ресми түрде Қостанай атауы беріліп, ол Торғай облысының уездік орталығы дәрежесіне ие болды.

Қала атауының шығу тарихына қатысты халық арасында бірнеше аңыз таралған. Солардың ішіндегі ең кең тарағаны – «Қос Танай» туралы әңгіме. Ел аузындағы дерекке сүйенсек, бұл өңірде Танай есімді екі қыз өмір сүрген. Екеуі де жас күнінде өмірден өтіп, қатар жерленген. Халық олардың бейітін «қос Танайдың моласы» деп атап кеткен. Уақыт өте келе бұл атау жергілікті елді мекенге беріліп, Қостанай атауына айналған.

АҚТАУ

1959 жылы бұрынғы балықшылар қонысының орнында жаңа елді мекен салынып, кейін Ақтау қаласына айналды. 1964 жылдан бастап қала XIX ғасырдың ортасында Қазақстанға жер аударылып келген украин ақыны Тарас Шевченконың құрметіне Шевченко аталып, 1991 жылға дейін осы атаумен белгілі болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін тарихи атауы қайта беріліп, қала Ақтау атанды.  Бұл атау қаланың географиялық ерекшелігіне байланысты қойылған. Каспий теңізінің жағалауындағы мүйіс ақ түсті бор жыныстарынан тұрады. Теңіз жақтан қарағанда биік жартас ақ таудай көрінетіндіктен, халық оны Ақтау деп атаған.

Қазақстан қалаларының атаулары – халық тарихының айнасы. Әрбір өзгеріс елдің тағдыр-талайын, замана тынысын, саяси кезеңін ғана емес, сонымен бірге мәдени-рухани болмысын да бейнелейді. Қалаларға берілген әрбір атау – белгілі бір дәуірдің таңбасы, ұлт жадында сақталған тарихи із.

Суреттер ашық дереккөздерінен алынды

Бөлісу