Алтай-Тарбағатай қазақтарының шешендік өнері
07.10.2024 1522

Қазақтың туада сүйегіне біткен ерекше өнері – шешендігі. Халқымыздың бұл өнеріне шетелдік саяхатшылар мен зерттеуші-этнографтар тамсана таңданып, бастарын шайқаған. Мысалы, 1846 жылы қазақ даласына аралаған поляк зерттеушісі Адольф Янушкевичтің «Қазақ даласына жасаған саяхаттан күнделіктер мен хаттар» («Дневник и письма из путешествия по казахским степям») атты еңбегінде: «...Бірнеше күн бұрын өзара дауласқан екі партияның қақтығысына куә болдым. Сонда Демосфон мен Цицерон туралы өмірі естімеген шешендерге таң қалып, қол соққанмын. Имандай сырым! Тәңірім бойына осыншама қабілет дарытқан халық өркениетке жат болып қалуы мүмкін емес» деп жазса, атақты түрколог ғалым Василий Радлов «Сибирские древности» атты монографиясында: «Басқаларға қарағанда қазақтар арасында шешендік өнері ерекше дамыған. Әрі сөзі ойнақы, әуезді, ырғақты. Тілі өлеңнің өрнегі іспеттес. Бейнелі сөз төркіні айқын да дәлме-дәл мағына береді» деген екен.


Сол сияқты қазақ даласын аралаған ағылшын инженері Д.У.Уарделл болса, «Қазақтар – ер жүрек, еркіндікті сүйетін халық.  Оларға табиғат шешендік пен әзіл-мысқыл сезімін молынан сыйлаған» депті. Осы орайда Қазақ елінің шығыс пұшпағын жайлап жатқан Алтай-Тарбағатай қазақтарының шешендік өнері жайлы жинақтаған бір бөлім жазбаны портал оқырмандарына ұсынып отырмыз.

Ақтан мен Бұрқасын

Моңғолия қазақ әдебиетінің ақсақалы Ақтан Бабиұлы (1897-1972) ақындығымен қоса суырыпсалма айтыскерлегі бар адам екен. Бір жолы мал санағын жауаптанған өкіл ретінде Алтай сұмынына барыпты. Ауылдың атқамінерлері жақын маңда тойда екен. Ақаңда солай тартады. Тойшы қауым қымызға енді-енді қызып, өлең де басталып қалған кез. «Кеме келсе, қайық судан шығады» дегендей, Ақтанды көрген ауыл ақындары тыйылып қалады. Ақтан ақын қызды-қыздымен «Маған тең келер ақындарың болса әкеліңдер» дегендей емеурін білдіреді. Ел ағалары «Ойбай, сізге кім шақ келсін» деп қолпаштайды. Осы кезде төмендеу отырған көзі отты, қара торы келіншек: «Ұлықсат болса ана кісімен мен айтысайын» деп жұлқынып тұрып келеді. Бұл адам Бұрқасын атты ақын келіншек екен. Ақтан ақын аяқ астынан белсеніп шыққан Бұрқасынды елемегендей сыңай танытып:

Жиналып тойға келген үлкен-кіші,

Дегендей алтын бесік елдің іші,

Менімен айтысам деп жетіп келген,

Мынауың жүрек жұтқан неткен кісі, – 

деп маңындағы адамдарға төңкеріле қарайды. Сол жерде Бұрқасын іліп әкетіп:

Ауылға Ақтан келді судылменен,

Жан екен судыраған қу тілменен,

Мен дағы қатарымнан қалыспаспын,

Айқассаң айқасып көр бұлбұлменен,

Көрейін мен де сенің өнеріңді,

Шақпа шөп тең келе егер қыр гүлменен.

Манадан азулы ақынның мысы басып отырған көпшілік дүр сілкініп Бұрқасынды қоштай жөнеледі. Мұндай кесек жауап күтпеген Ақтан ақын сасып қалып, өлеңмен сұмынның малының санын сұрап жібереді. Қарсыласының мүлт кеткенін сезе қойған ақын келіншек:

Сен тұр ғой танымаймын өз шалымды,

Білмеймін сұмын тұр ғой өз малымды,

Ақын деп атағыңды естуші едім,

Білдім-ау осы жерде қал-жайыңды, – деп сүріндірген екен. 

Судылжеңіл машинаны деген моңғол сөзі.

Шәмел мен Қампиттың қақтығысы

Шәмел Қалқаұлы – Шығыс Қазақстанның Марқакөл жерінде туып-өскен адам. Қиын-қыстау заманда, яғни өткен ғасырдың 30-ыншы жылдары Қытай өтіп, одан Моңғолияға келіп тұрақтап қалған. Шәмең бір тойда Қампит деген замандасымен кездесіп қалады. Қампиттың күйеуі Құмыш көзі жіпсиген, сығыр адам екен. Соны тілге тиек еткен Шәмел замандасына:

Мінгенім жылқы ішінде қара тайым,

Шұлғиды қара тайым жүрген сайын.

Жалғанның кең жарығын көре алмаған 

Жарай ма ештемеге жаман байың? – депті. Сонда Қампит:

Сөртінің көш асады  жотасынан,

Кете алмас түйе жеріп ботасынан,

Таптырған алты ұлды бірдей қылып,

Құмаштың садаға кет тотасынан, – депті іркілместен. Онымен қоймай Шәмелдің мұрнымен сөйлейтін маңқалығын әжуалап:

Шәмел маңқа,

Әкең Қалқа,

Мұрныңа қашан кірген,

Жарған жаңқа, – деп өлеңнің аяғын желдірте қайырады. Отырғандар қыран-топан күлкіге кенеліп, Шәмелдің жеңілгенін мойындатады.

Сары мен Бақыш

Алтай бетінде ХІХ ғасырдың орта шенінде Бықыш және Сары атты тұрғылас шешендер өмір сүрген екен. Бір күні Бықыштың ауылына сау етіп бір топ қонақ келіп түседі. Бұлар Бықышты іздеп келген Сарының тобы екен. Сары шүңкиген арық адам екен. Жөн сұраса келе Сарының атын естіген Бықыш шешен: «Сары, Сары дегенге таудай  екен десем, сабаның піспегіндей, сақалдың іскегіндей екен» депті. Сонда Сары шешен: 

Сабаның піспегі болсам,

Үйдегі жиғаның емеспін бе?

Сақалдың іскегі болсам,

Аузыңдағы иманың емеспін бе? – депті жұлып алғандай. Сөзден тосылған Бықыш Сарының қолын алып, құдайы қонақ етіп жіберген екен.

Тауданбек пен Аманбай

Қобда беті қазақтары арасынан шыққан ірі айтыс ақыны Тауданбек Қабанұлы (1830-1908) – Шығыс Қазақстан жері Үлкен Нарында туған адам. 1870 жылары тағдыр айдауымен Қобда бетіне асып барған екен. Бірде Таудакеңнің үйіне Аманбай деген жас жігіт кіріп келеді. Оның да ақындығы барын сырттай білетін Тауданбек:

Базардан алып келген темір кетпен,

Бала жоқ Биғадайда сенен өткен,

Қояндай қаршыға ілген дал-дұл болған,

Аманның етек-жеңі қайда кеткен, –  

депті. Сонда Аманбай:

Базардан алып келген темір кетпен,

Найман-керейде ақын жоқ сенен өткен,

Тозған соң ескі киім қайтушы еді,

Ақылы Таудакеңнің қайда кеткен, – деген екен. Сонда Таудакең «аһ бәрекелді» деп оң тізесінен орын беріпті. 

Ыбыштың балдыздарына айтқаны

1940 жылдары Моңғолияның Бай-Өлке жерінде өмір сүрген Ыбыш ақын (Ыбырайхан) шашы түскен қасқа бас адам екен. Соны тілге тиек еткен балдыздары:

Айтамыз айт дегенде ырғанақты,

Ойнаймыз жіпке тізіп құмалақты,

Жездеміздің бұл басы неткен жылтыр,

Тебеміз отыра қап сырғанықты, – 

деп күліседі. Сонда Ыбыш ақын:

Таз емес менің басым тағаң тиген,

Жүргенде бөкен аулап күнге күйген,

Жездеміздің басы неткен жылтыр ед деп,

Сен сияқты балдыздар талай сүйген, – деген екен. 

Мешел ақынның жолдасына айтқаны

Ертеректе Алтай бетінде Мешел Қожакеұлы (1858-1928)  атты ақын өмір сүрген. Жарықтық кедей адам екен. Әрі насыбай атады. Бір күні жолдасының шақшасын сұраса, қолма-қол өлең айт әйтпесе бермеймін деген соң:

Жігіттің бір өнері насыбайы,

Әркімнің бір жары бар басыбайлы,

Көргенсіз шарқаядан қатын алсаң,

Арқаңды ол да жөндеп қасымайды, – деп шақшасын алыпты.

Отарбайдың әкесіне айтқаны

Отарбай (1882-1953) – ертеректе өмір сүрген Алтай қазақтарының күшті ақыны. Бала кезінде әнге әуес, той-томалаққа құмар болыпты. Әкесі онысын құптай қоймаған. Баласын «жын-жыпырға құмарлан ба?» деп қой соңына салып қояды. Бір күні көрші ауылда той болып жатқанны естіп Отарбай қойды тастай салып кері өгізін қамшылап тойға тартады. Әкесі біліп қойып тойдағы Отарбайды қойға қарай қуады. Жолда келе жатып бала өгізінен құлап түседі. Әкенің айбынынан сасқалақтап асау өгізге міне алмай қиналып жатса, әкесі келіп қамшымен тартып жібереді. Сонда Отарбай:

Отарбай өзі сары, бойы қысқа,

Мінгізбейді асау өгіз асығыста,

Әкем-ай, қамшың жаман батып кетті,

Аттан түсіп, мына өгіздің басын ұста! – депті. 

***

Бірде Отарбай қой жайып жүріп көк ешкіні қасқырға алдырады. Сол күні әкесінен ұрыс естиді. Содан кешікпей дәндеген қасқырға бір қойды тағы алдырып, әкесіне келіп:

Қойды жайып жүргенде бөрі көрдім,

Бөрінің қорықпайтын ерін көрдім.

Көк ешкіге мұншама назалансаң,

Келепандай ақ тұсақ және бердім, – деген екен. Қатаң әке осыдан кейін батасын беріп ақын үлын еркіне жіберген екен. 

Отарбайдың Мәлім төрге айтқаны

Ертеде Алтай бетінде Мәлім атты төре өмір сүріпті. Осы кісі жолаушылап келе жатып, бір үйде түстеніп отырған Отарбай ақынның үстіне түседі. Мейманасы тасып жүрген төре Отарбай ақынға «мені мақтап өлең айтшы» дейді. Сонда Отарбай:

Мәлімді мақтамаймын қорламасам,

Көргем жоқ, тиын пайда сорламасам.

Арғын мен найманға да жамандар ем,

Түбіңді төре екен деп ойламасам, – деген екен. 

Қатипа мен Ыбырайхан

Қатипа мен Ыбырайхан – Алтайдың теріскейі Қобда өлкесінде өткен ғасырдың орта шенінде өмір сүрген адамдар. Бірде Ыбыш ақын (Ыбырайхан) Қатипаның үйіне келе қалады. Сол кезде Қатипаның шылаушы желбіреп сыртта жаюлы тұрыпты. Соны көрген Ыбыш ақын:

Өлеңді баста десе бастағандай,

Сауыры шұбар аттың тостағандай,

Шылаушы Қатипаның желп-желп етеді,

Біз сүртіп құйрығымызды тастағандай, – 

деген екен. Сонда Қатипа:

Бедірейтіп айтасыз бетімізге,

Кисек көйлек жарасар етімізге,

Бар еді шылауышта үш-төрт тебен,

Кіріп кетсе қайтесіз көтеңізге, – деген екен. 

Төлебай ақынның кемпіріне айтқаны

Төлебай ақын Бөжекұлы (1858-1924) – Алтай-Қобда өлкесіне танымал ақын болған адам. Осы Төкең бір күні кемпірін түйеге мінгізіп өзі жетелеп келе жатады. Түйе жырадан қарғып аттап өткенде үстінде қалғып келе жатқан кемпірі құлап кетіп, жамбасын екінші рет сындырып алыпты. Бұрында бір рет аттан жығылып жамбасы сынған көрінеді. Сонда Төлебай ақынның айтқаны:

Кемпір-ау, бір жамбасты екі жедің,

Өзіңде бошалаңдау секілді едің.

Жырадан түйе қарғи бергенінде,

Өркештен ұстап неге бекімедің?

***

Ел арасында осы Төлебай ақын айтқан:

Жан қызығын көргенің жарыңменен ойнаған,

Мал қызығын көргенің қия кесіп шайнаған,

Бұл жалғанның қорлығы өз үйіңнен тоймаған, – дегені де үлгі тұтарлық нақыл.

Төлебайдың жездесіне айтқаны

Төлебай ақын малға жарлы адам екен. Бір жылы соғымы болмай Байғанбай атты жамағайын жездесінен төрт бас қой қарыз алып сойыпты. Жездесі болса, Төкеңді көрген сайын «қарызды қайтар» деп тақауырлай беріпті. Біз кездескенде шыдамы таусылған Төлебай ақын:

Барып едім Байғанға,

Басқа құдай салғанда,

Төлеусіреп қалыппыз,

Алақаққа барғанда,

Тәубе қылып отырмын,

Шыбын жаным қалғанға,

Сұр жыландай қадалдың,

Төрт қойыңды алғанға,

Желді көрік мен едім,

Жездей күйеу сен едің,

Төрт қойыңды жеп едім,

Қинамашы, жездеке,

Бұйырса бір күн беремін, – депті. 

Төлебайдың Жантұрсын ұстаға айтқаны

Төлебай ақын замандасы Жантұрсын ұстаға үзеңгі соқтырады. Барып алса үзеңгінің бірі үлкен, бірі кіші екен. Үзеңгіні беріп тұрып Жантұрсын ұста «Менің өнерімді өлеңге қосшы» дейді. Сонда Төлебай:

Үзеңгіңнің бірі үлкен, бірі кіші,

Осындай алақорсақ қылған ісің,

Күмістеп, алтындатып жасатар ем,

Келмейді әттеген-ай малдың күші, – депті. 

Ожырай ақын

Тарбағатай өңірінде ертеректе өмір сүрген Ожырай ақынның үйіне бірде екі жолаушы қоналқы келіп түседі. Олар сәлем беріп орныққан соң Ожырай ақын: «Е, амандасқандарың жөн» дей келіп: 

Шайдың билігі келінімде,

Қататын сүт сиырдың желінінде,

Екі қатын өлтірген сорлы Ожырай,

Шай қайнат деп айтпайды келініне, – деген екен. 

***

Бірде атақты найман-байжігіт Бұтабай бидің балалары Ожырайдың туыстарының жерін тартып алыпты. Ожырайдың ағайындары келіп: «Бас қалқамыз сен едің Ожеке, айтар ақылың бар ма?» – депті. Іле көкшолақ атына мініп Бұтабайға келген Ожырай:

Шапсам атым сүрінер қара жерге,

Жерден бе, ойпаңнан ба, тұрықтан ба?

Ұмтылсам қашағанға жете алмадым,

Аттан ба, адамнан ба, құрықтан ба?

Шашқан егін шықпайды жер бетіне,

Аттан ба, ұрықтан ба, бұлықтан ба?

Ақиқат іс жүзіне бір шықпайды,

Заңнан ба, әдеттен бе, ғұрыптан ба?

Әлде сендей жемеңқор ұлықтан ба? – 

дегенде Бұтабайдың бір ұлы қамшысын білеп шошаңдайды. Сұрланған Бұтабай ұлына ақырып:

– Тарт қамшыңды! «Ерке бала әкесінің басын жейді, кедей болатын ел ауылдың қасын жейді» деген, сенің кеселіңнен Ожырайдың оқтай сөзі маған атылды. Ол айтуға, мен естуге тиіспін, қайтар жерін! – деген екен. 

Қоңыз бен Құнанбай

Шыңғыстауда арғын-керей-найман бас қосып жиын ашқан екен. Осы жиынға Тарбағатайдан 1840 жылы дүниеге келген атақты Құрбан қажы (Қоңыз батыр) да барған көрінеді. Осындай ұлы сияз үш жылда бір өтіп, рулы ел арасындағы дау-шарлар шешіледі екен. Ел жиналып болған соң пар ат жеккен күймемен Құнанбай қажы келіп түседі. Құнекең билік айтатын биік тасқа беттей бергенде оның алдын орап Құрбан қажы қонжиып отыра кетіпті. 

Жиылған жұрт абыржып істің ақырын күтіп тына қалады. Құрбан қажы: «Бұл Құнанбайдың Арапа тауынан көтеріп келген тасы емес, Шыңғыстаудың тасы. Соқыр отырған тасқа пұшық отырса құлап кетпейтін шығар» деген екен. Сонда Құнанбай: «Е, Қоңыр батыр отырып қалған екен, қозғамаңдар, маған кілем әкеп төменірек жайыңдар. Осы жолғы бітім-билікті осы айтсын!» депті. 

Бұтабай мен Жанұзақ

Атақты Бұтабай би бір күні ақын Жанұзақ Шыңанұлын шақырып алып, «Ей, Жәке, ақын болсаң жұмық атаның балаларын бір ауыз сөзбен сипаттап берші» депті. Сонда Жанұзақ ақын:

Көрсең көзің тояды,

Мал мен басы тең өскен,

Саты менен Сайболат,

Сырт дұшпан келіп қараса,

Қарғыс алып атадан,

Болат болды-ау аласа,

Аздап ғана өсті ғой,

Болаттың тілін алған соң,

Қожан менен Қараша,

Тоқалдан туды демесең,

Алдындағы екеумен,

Тәуке де өсті таласа, – деген екен.

Бұтабай мен Қонжа

ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде Еңсе мен Қонжа жұмықтың бір тобын бастап Тарбағатай тауының теріскей беті Еміл бойы Құлыстайға көшіп келіп, жергілікті билікке (манжы-қытай) бой ұсынып тұрады. Елді бөліп алып кеткеніне ренжіген Бұтабай би Қонжаның елу жылқысын айдатып алады. Қыс өтіп, жазға салып жылқысын іздеп Қонжа келеді. Сол тұста жұмықтың жуандары қожан Мәжит қажының ауылында жиналып отырады. Бұтабай да осында екен. Қонжа кеуделі, шайқылау адам екен. Оның келгенін естіген жуандар елең етеді. Бұтабай айтады: «Есерлеу адам бұл елді бөліп жүрген, сәлемін алмаңдар, орын да бермеңдер» дейді. 

Қонжа кіріп келіп томсырайған жұртты көріп: «Әй, Бұтабай, жылқымды әкел!» дейді. Бұтабай: «Қонжа сенің маған бақтырған жылқың бар ма еді?» дейді. Сонда Қонжа: 

– Әй, әттеген-ай!

Жылқының жүні қалың түбіті жоқ,

Түлкінің жүрісі көп, дыбысы жоқ,

Құлдың мойыны жуан, туысы жоқ, деген осы екен-ау! – деп аттанып кетеді. Қонжаның сөзін аңдай алмаған Бұтабай би қасындағы қожан Райымбекке қарап:

 – Реке, әлгі жынды не деп кетті? – деп сұрайды. Райымбек би:

 – Ол білген адамға жылқысын алып кетті, – дейді. Бұтабай болса: «Онда әлгі жұмбақталған сөзін тарқатып беріңізші» дейді. Аз ойланып, сақалын сипап Райымбек былай деген екен: 

 – «Жылқының жүні қалың, түбіті жоқ» дегені жылқының жүніндей жұмықтың баласы едік, түбітіміз (жақсымыз) қалмаған екен дегені, «түлкінің жүрісі көп, дыбысы жоқ» дегені қусың деп мені меңзеп айтқаны, «құлдың мойыны жуан, туысы жоқ» деп сені  айтып кетті. Менің тілімді алса,ң Қонжаны шақырып, үйіңе түсір, бұлай етпесең жұмық бүлінеді. Ертең Қонжа өкіріп Еңсеге барады. Еңсе шабарманын Қоңырға жібереді. Сөйтіп, саты мен сайболат жанжалдасады. Оған біздің қожандар да қосылып кетуі кәдік. Қарашадан Шал мен Қызайбай да Қонжаны қолдайды. Ел бүлінбесін десең, жылқысын тез қайтар! 

Осы сөзден кейін Бұтабай би үлкен ұлы Әзібайды жіберіп Қонжаны шақырып қонақ болдарып, жылқысын берген екен. 

 

Ожырай мен Көтбай

Бұрымбет Ожырай ақын мен қараша Көтбай ақынды бір жиында Бұтабай би шақырып алып: «Екеуің топқа қаратып бір-бір ауыз өлең айтыңдар. Ал Ожырай баста, Көтбай сен аяқта» дейді.

Ожырай ақын:

Кеңес қайдан шығады би болмаса,

Билер қайда түседі  үй болмаса...

Көтбай ақын:

Сегіз бенен тоғызды матар едің,

Ауызыңда жылтылдаған тіл болмаса, – дегенде, Бұтакең отырған орнынан аунап түсіпті. 

Жанұзақ ақынның айтқаны

Тарбағатайдан қызылаяқтарды қуған соғыста (1864 жыл) Қоңыз батыр қол бастап, шотайдан Қойеке, қазақбайдан Көмеш, дәулетбайдан Тұрар батырлар бар қызылаяқтарды (қытай әскері) Манас-Сауан асырып тастайды. Сол тұста жаусоқты болған сайболаттардың тірлігі басқа жұмық балаларынан кемшін екен. Бұтабай би осыны тілге тиек етіп өлең айтшы деп өтінеді Жанұзақ ақыннан. Сонда Жәкеңнің айтқаны:

Ит байлаған тақия жыңнан аман-есен оралды сайболатым,

Ішінде үш Құлыстай кең қолатым,

Жібектің үш баласы үш сеңгір тау,

Жұмықта басқа кім бар тең болатын?! – деген екен. 

 

Жинақтаған Бекен Қайратұлы